Шаруа (фермер) қожалығы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1998 жылғы 31 наурыздағы N 214

Жаңартылған

      Осы Заң Қазақстан Республикасына шаруа (фермер) қожалықтарын құрудың және олардың жұмыс iстеуiнiң құқықтық, ұйымдық және экономикалық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Шаруа (фермер) қожалығы

      1. Адамдардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығына арналған жерлердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрумен, сондай-ақ осы өнiмдi ұқсатумен және өткiзумен тығыз байланысты отбасылық-еңбек бiрлестiгi шаруа (фермер) қожалығы деп танылады.
      Заңды тұлға құрмай және заңды тұлға белгiлерi болмаған жағдайда кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар шаруа (фермер) қожалығы субъектiлерi болып табылады.
      2. Шаруа (фермер) қожалығының мүшелерi ортақ шаруашылықты бiрлесiп жүргiзетiн жұбайлар, балалар, асырап алынған балалар (қыздар), ата-аналар және басқа да жақын туыстар болып табылады.
      3. Шаруа (фермер) қожалығы мынадай нысандарда болуы мүмкiн:
      кәсiпкерлiк қызмет бiрлескен ортақ меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа қожалығы;
      өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермер қожалығы;
      бiрлескен шаруашылық қызметi туралы шарт негiзiнде, жалпы үлестiк меншiк базасында жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығы.
      4. 18 жасқа толған, Қазақстан Республикасының iс-әрекетке қабiлеттi кез келген азаматы шаруа (фермер) қожалығының басшысы бола алады.
      Шаруа (фермер) қожалығының басшысы ұйымдармен, азаматтармен және мемлекеттiк органдармен қарым-қатынаста оның мүдделерiн бiлдiредi және заңмен тыйым салынбаған азаматтық-құқықтық мәмiлелердi жүзеге асырады.
      5. Ауырған немесе ұзақ уақыт орнында болмаған жағдайда шаруа (фермер) қожалығының басшысы шаруашылық мүшелерiнiң бiрiне өз қызметiн атқаруға уәкiлеттiк бере алады.
      Шаруа (фермер) қожалығының басшысы ауысқан жағдайда оның мүшелерi қожалықты тiркеген органға бұл туралы ортақ өтiнiш берiп хабарлайды. Құқық мұрагерi атына жер туралы заңдарға сәйкес жер пайдалану құқығына мемлекеттiк акт берiледi.

      2-бап. Шаруа (фермер) қожалығын құру

      Шаруа (фермер) қожалығы ерiктi негiзде құрылады және жер пайдалану құқығын мемлекеттiк тiркеуден өткiзген кезден бастап құрылды деп есептеледi.

      3-бап. Шаруашылық жүргiзу нысаны ретiндегi шаруа
             (фермер) қожалығы

      1. Шаруа (фермер) қожалығы Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығының тең құқықтық өндiрiстiк бiрлiгi болып табылады.
      2. Шаруа (фермер) қожалығы өз қызметiнiң бағытын, өндiрiсiнiң құрылымы мен көлемдерiн дербес айқындайды, өнiмдi өсiредi, ұқсатады және сатады, сондай-ақ шаруашылық жүргiзумен байланысты басқа да мәселелердi шешедi.

      4-бап. Шаруа (фермер) қожалығының меншiгi

      1. Шаруа (фермер) қожалығының мүлкi ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк меншiк құқығында оның мүшелерiне тиесiлi болады.
      2. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң меншiгiнде жер учаскесiндегi екпелер, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнiм беретiн және жұмысқа жегiлетiн мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлiк құралдары, керек-жарақтар және қожалық үшiн оның мүшелерiнiң ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлiк болады.
      3. Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде алынған жемiсi, өнiм мен табыс шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк мүлкi болып табылады және олардың арасындағы келiсiм бойынша пайдаланылады.
      4. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң мүлiктiк қатынастары азаматтық және жер туралы заңдардың тиiстi нормаларымен реттеледi.

      5-бап. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң мүлкiн
             мұраға алу және олардың жер пайдалану құқығы

      Шаруа (фермер) қожалығының мүлкi мен жер пайдалану құқығы заң немесе өсиетхат бойынша азаматтық заңдарда көзделген тәртiппен мұраға алынады. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзудi жалғастыратын мұрагерлер мұраға алынған мүлiкке және жер пайдалану құқығын мұраға алған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.

II тарау. Шаруа (фермер) қожалығының жер
пайдалану құқығы

      6-бап. Шаруа (фермер) қожалығына жер учаскесiн беру

      1. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзуге тiлек бiлдiрген азаматтарға жер учаскелерi тұрақты немесе уақытша тегiн жер пайдалану құқығымен ұсынылады (берiледi).
      2. Жер (шартты жер) үлесiне құқығы бар және ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамнан шыққан азаматтарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн осы ұйымдардың жерiнен жер учаскелерi берiледi, олардың кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша орташа деңгейде болуға тиiс.
      3. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың ауладағы жер учаскесi меншiк құқығында сақталады, ол шаруа (фермер) қожалығы жер пайдалануының құрамына енгiзiлмейдi.
      4. Жер (шартты жер) үлесiне құқығы жоқ азаматтарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қоры мен запастағы жерден берiледi.
      Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi елдi мекендердiң жерi - ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлер құрамынан де берiлуi мүмкiн.
      5. Жерi бөлiнуге жатпайтын ауыл шаруашылығы ұйымдарынан шыққан азаматтар шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн арнаулы жер қорының жер құрамынан жер учаскесiн бiрiншi кезекте алуға құқылы.
      6. Арнаулы жер қорының, елдi мекендердiң және запастағы жер учаскесiн алудың басым құқығын арнаулы ауыл шаруашылық бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында практикалық жұмыс тәжiрибесi бар және сол ауданда, қалада, ауылда (селода), поселкеде тұратын азаматтар пайдаланады.
      7. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн уақытша тегiн жер пайдалануға:
      орман қоры жерлерi мен запастағы жерлердегi орман шаруашылығы мұқтаждары үшiн пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық алқаптарынан заңдарда белгiленген тәртiппен және шарттарда;
      ақысыз берудiң белгiленген нормаларынан тыс жер берiлген жағдайда жер учаскелерi берiлуi мүмкiн.

      7-бап. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер
             учаскесiн беру нормалары

      1. Жер учаскелерi шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты пайдалануға мынадай мөлшерде:
      ауыл шаруашылығы ұйымдарының (кәсiпорындарының) жерлерiнен - осы ұйым бойынша отбасының жер (шартты жер) үлесiне құқығы бар әрбiр мүшесiне орташа жер (шартты жер) үлесi мөлшерiнде;
      арнайы жер қорындағы жерлерден - отбасының қожалық ұйымдастыруға тiлек еткен еңбекке қабiлеттi әрбiр мүшесiне орташа аудандық жер (шартты жер) үлесi мөлшерiнде ақысыз берiледi.
      2. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн тұрақты пайдалануға болуы мүмкiн жер учаскесiнiң шектi (ең үлкен) мөлшерiн жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге байланысты облыстық атқарушы орган белгiлейдi.
      Осы учаскелердiң шектi мөлшерiне дейiн азаматтарға тұрақты пайдалануға ақысыз берiлетiн нормадан тыс қосымша жер учаскелерiн оларды ақы төлеп алуы мүмкiн.

      8-бап. Шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшiн жер
             учаскесiн беру тәртiбi

      1. Шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшiн жер учаскесiн алғысы келетiн азаматтар жердi пайдалануға беру құқығы бар жергiлiктi атқарушы органға жер пайдалану құқығын беру туралы өтiнiш жасайды.
      Жер (шартты жер) үлесiне құқығы бар азаматтар жергiлiктi атқарушы органға және өздерi құрамынан бөлiнiп шығатын ауыл шаруашылығы ұйымына өтiнiш жасайды.
      Өтiнiште сұрап отырған жер учаскесiнiң тұрған жерi, шаруа (фермер) қожалығының құрамы, жер (шартты жер) үлесiнiң саны, олардың жалпы көлемi, балл-гектармен бағалануы көрсетiледi.
      Аталған шаруашылықтың басшысы мен мүшелерi шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер пайдалану құқығын беру туралы өтiнiшке қол қояды.
      Өтiнiшке ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзудiң қысқаша бағдарламасы, жер (шартты жер) үлесiне (олар бар болса) құқығы туралы куәлiктердiң және қосымша жер (шартты жер) үлесiн алу үшiн жасалған шарттардың көшiрмелерi, шаруашылық басшысының ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi жұмыс тәжiрибесiн растайтын еңбек кiтапшасынан көшiрме не тиiстi бiлiмi туралы немесе арнаулы дайындықтан өткенi (жер (шартты жер) үлесiне құқығы жоқ азаматтар үшiн) туралы құжат қоса тiркеледi.
      2. Жергiлiктi атқарушы орган өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей жерге орналастыру жобасы негiзiнде жер пайдалану құқығын беру туралы шешiм қабылдайды.
      Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануынан жер (шартты жер) есебiне жер учаскесiн берген кезде өтiнiш берiлген күннен бастап он күн мерзiм iшiнде жер (шартты жер) үлесi иелерiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң жиналысы өтуге тиiс, ол жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы хаттамамен ресiмделетiн шешiм қабылдайды.
      Жер (шартты жер) үлесi иелерiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50 процентi қол қойған хаттама жергiлiктi атқарушы органға берiледi және жер (шартты жер) есебiне жер пайдалану құқығын беру туралы шешiм қабылдау үшiн негiз болып табылады.
      3. Жер учаскесiн беру мүмкiн болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен дәлелдi бас тарту жасалады, оның көшiрмесi өтiнiш берушiге шешiм қабылданған соң жетi күн мерзiм iшiнде табыс етiледi.
      Жер учаскесiн беруден бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
      4. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын беру туралы жергiлiктi атқарушы органның шешiмiне сәйкес жерде жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу және жер пайдалану құқығына құжат беру жүргiзiледi.
      Жерде жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу, шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығына құжаттар дайындау мен берудi жерге орналастыру қызметi бюджет қаржысы есебiнен жүзеге асырады.
      5. Әрбiр жер учаскесiне берiлген тұрақты жер пайдалануға арналған акт (уақытша жер пайдалану туралы шарт) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен шаруа (фермер) қожалығының басшысына берiледi.
      6. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен ол тiркелген сәттен бастап пайда болады.

      9-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалануы

      1. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi бiрыңғай алқап болып берiледi, бұған жекелеген жер учаскелерi мен ауыл шаруашылық алқаптары топырақ сапасы бойынша құндылығы жағынан салғастыруға келмейтiн (азық дайындау шектеулi болатын, мал жайылымдарын пайдаланудың маусымдылығы айқын бiлiнетiн суармалы жер аймағындағы) және тегiн жер пайдалануға уақытша берiлетiн жерлер қосылмайды.
      2. Шаруа (фермер) қожалығына берiлетiн жер учаскесi, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк жер пайдалану құқығында болады. Мүлiктiң тиесiлi бөлiгi (салымы, үлесi, жарнапұлы) ақшалай өтеледi. Төлеу мен өтемақы жасау тәртiбi, мерзiмi қожалықтың барлық мүшелерiнiң өзара уағдаласуы бойынша белгiленедi.
      3. Тұрақты жер пайдалану құқығына ие шаруа (фермер) қожалығы осы құқыққа: сатуға, сыйға тартуға, қайталама жер пайдалануға тапсыруға, айырбастауға, басқа нысандарда өзгеге беруге, кепiлге тапсыруға, мұраға қалдыруға, сондай-ақ осы құқыққа қатысты азаматтық және жер туралы заңдарда тыйым салынбаған өзге де мәмiлелердi жасауға мемлекеттiк органдардың қандай да бiр рұқсатынсыз иелiк ете алады.
      4. Тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы шаруа (фермер) мүлкiнiң құрамына кiредi, онымен ол өз мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.

      10-бап. Жер пайдаланушы ретiндегi шаруа (фермер)
              қожалықтарының құқықтары

      1. Шаруа (фермер) қожалығының:
      1) жердi ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру мақсатында пайдалана отырып, онда дербес шаруашылық жүргiзуге;
      2) ауыл шаруашылығы дақылдары мен өзге де екпе-көшеттердi егу мен отырғызуға, жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде өндiрiлiп алынған ауыл шаруашылық өнiмiн және оны сатудан түскен табысты меншiктенуге;
      3) жер учаскесiнде бар құм, саз, қиыршық тас және басқа да көп кездесетiн пайдалы қазбалар, шымтезек, орман алқаптары, жер үстi және жер асты суларын өз шаруашылығының мұқтаждары үшiн белгiленген тәртiпте пайдалануға, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн кәдеге жаратуға;
      4) жер учаскесi мемлекет мұқтажына алып қойылған (сатып алынған) жағдайда шығындардың толық көлемде өтелуiне;
      5) жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн құрылыстар мен ғимараттарды меншiк құқығымен тұғызуға;
      6) жердi суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстарды жүргiзуге, белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарға сай келетiн тоғандар мен өзге де суаттарды сатуға құқығы бар.
      2. Уақытша жер пайдалану кезiнде осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерге шартпен шектеу жасалуы мүмкiн.
      3. Шаруа (фермер) қожалығына бекiтiлiп берiлген жер учаскесiнде аң аулауға, балық аулауға, дәрiлiк шөп, жидек, саңырауқұлақ және басқа да табиғат өнiмдерiн жинау мен өзге де қызметке осы шаруашылық басшысының келiсiмiмен ғана рұқсат берiледi.
      4. Шаруа (фермер) қожалығы өз өнiмiн дербес пайдаланады, оны iшкi және сыртқы рыноктарда сатады.

      11-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану
              жөнiндегi мiндеттемелерi

      Шаруа (фермер) қожалығы:
      1) өзiне берiлген жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға;
      2) топырақ құнарлылығының төмендеуiне жол бермеуге;
      3) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрудiң табиғат қорғау технологияларын қолдануға және жер қорғау жөнiндегi шаралар кешенiн жүзеге асыруға;
      4) өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге;
      5) жер учаскесiнде құрылыс салуды жүзеге асыру кезiнде қолданылып жүрген сәулеттiк-жоспарлау, құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) басшылыққа алуға;
      6) басқа жер пайдаланушылар мен жер учаскелерi меншiк иелерiнiң құқығын бұзбауға;
      7) сервитуттарды жер туралы заңдарда белгiленген тәртiппен берудi қамтамасыз етуге мiндеттi.

      12-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану
              құқығын тоқтату

      1. Жер учаскесiн немесе оның бiр бөлiгiн пайдалану құқығы:
      жер пайдалану құқығынан бас тартылғанда;
      жер пайдалану құқығын басқа адамдарға бергенде;
      шаруа (фермер) қожалығының мiндеттемелерi бойынша жер пайдалану құқығына төлеттiрiп алу қолданылғанда;
      жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн алынғанда (сатып алынғанда);
      жер учаскесi берiлген мерзiм бiткенде;
      мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заңдарды бұза отырып пайдаланылған жер учаскесi алынып қойылғанда;
      жерлер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда алынып қойылғанда;
      жер учаскесi тәркiленгенде тоқтатылады.
      2. Жер учаскесiн шаруа (фермер) қожалығынан тиiстi нысанасына орай мақсатқа сай пайдаланылмаған жер ретiнде жер пайдалану құқығы берiлген сәттен бастап үш жыл iшiнде алып қоюға болмайды. Бұл кезеңге жердi игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей апаттарға немесе мұндай пайдалануға жол берiлмейтiн басқа да жағдайларға байланысты мақсатына сай пайдаланыла алмайтын уақыт кiрмейдi.

III-тарау. Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң
негiздерi

      13-бап. Шаруа (фермер) қожалығындағы еңбек

      1. Шаруа (фермер) қожалығындағы жұмыстарды орындауға жалдау (еңбек келiсiмi немесе шарты, келiсiм-шарты) бойынша жұмыс iстейтiн азаматтар тартылуы мүмкiн.
      2. Шаруа (фермер) қожалығында жалдау туралы шарт жасасу тәртiбi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен белгiленедi.
      3. Шаруа (фермер) қожалығының мүшелерi мен қожалықта жалданып жұмыс iстейтiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады.
      4. Шаруа (фермер) қожалығының басшысы Қазақстан Республикасының тиiстi әлеуметтiк және медициналық сақтандыру, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау органдарында өзiнiң тұрғылықты жерi бойынша сақтандырушы ретiнде тiркеледi және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қорына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына және басқа органдарға қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өз табысынан белгiленген тәртiппен қаржы енгiзедi.
      5. Шаруа (фермер) қожалығында жұмыс iстеген уақыт еңбек кiтапшасы не Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн жүзеге асырылған сақтандыру жарналарының төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жалпы және үздiксiз жұмыс стажына есептеледi.
      6. Шаруа (фермер) қожалықтарының мүшелерiне, сондай-ақ жалданып жұмыс iстеген азаматтарға зейнетақы тағайындау мен төлеу Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша жүргiзiледi.

      14-бап. Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң шарттары

      1. Шаруа (фермер) қожалығы өз шығындарын алынатын табысының есебiнен жабады.
      2. Шаруа (фермер) қожалығының өндiрiстiк, коммерциялық және өзге де қатынастары шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Шаруа (фермер) қожалығының қызметiне, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда, мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар тарапынан араласуға тыйым салынады.

      15-бап. Шаруа (фермер) қожалығының банк шоттары

      Шаруа (фермер) қожалығы банк шоттарын ашуға және банктегi өз ақшаларына иелiк етуге құқылы.

      16-бап. Шаруа (фермер) қожалығына салық салу

      Шаруа (фермер) қожалығына салық салу Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.

      17-бап. Шаруа (фермер) қожалығына кредит беру және
              оны сақтандыру

      1. Шаруа (фермер) қожалығы қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiп пен ережелер бойынша мүлкi мен жер пайдалану құқығын кепiлге салып кредит алуға құқылы.
      2. Шаруа (фермер) қожалығы сақтандыру туралы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жалға алынған және жеке меншiк өндiрiс құрал-жабдықтарын, сондай-ақ ауыл шаруашылық дақылдарының егiсiн (екпелерiн), көпжылдық екпелердi, шығарған өнiмдерiн, шикiзатты, материалдарды жойылуы немесе зақымдануы жағдайынан сақтандыруды жүзеге асырады.

      18-бап. Шаруа (фермер) қожалықтарын мемлекеттiк қолдау

      1. Қызметкерлерiнiң жылдық орташа саны 50 адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың мәрте есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа (фермер) қожалығы:
      1) мемлекеттiк тiркеу кезiнен бастап үш жыл iшiнде жылжымайтын мүлiкке құқығын тiркеу үшiн ақы төлеуден босатылады.
      Шаруа қожалықтарын мемлекеттiк тiркеу тiркелу үшiн ақы төлемей, келiп тiркелу сипатында болады;
      2) табиғи монополист кәсiпорындардың қызметiн монополияға қарсы реттеудi қолдана отырып, электр энергиясымен, жылумен, сумен жабдықтау жөнiнде қосылатын қуаттар үшiн ақы төлеуден заңдарда көзделген тәртiп пен жағдайда босатылады;
      3) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы алынбай шот ашады;
      4) бухгалтерлiк және статистикалық есептердi жеке кәсiпкерлер ретiнде оңайлатылған тәртiппен бередi;
      5) <*>
      6) шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тапсырыстар орналастыру кезiнде басым құқықты пайдаланады;
      7) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде тиiстi жылға арналған мемлекеттiк бюджетте белгiленген шекте жеңiлдiктi жағдайларда статистикалық және ақпараттық қызмет (қаражат), сондай-ақ ғылыми-техникалық талдамалар мен технологиялар;
      8) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру iсiн жүргiзедi.
      1-1. Шаруа (фермер) қожалықтары жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес оңайлатылған не жалпы белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.
      2. Ауыл шаруашылығын дамытуға қаражат жұмсайтын инвесторлар үшiн тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдау туралы заңдарда көзделген тәртiп пен жағдайда мынадай жеңiлдiктер мен преференциялар қолданылуы мүмкiн:
      1) мемлекеттiк нақты гранттар;
      2) келiсiм-шарт жасалған кезден бастап табыс салығының, жер салығының және мүлiкке салынатын салықтың ставкасын 5 жылға дейiнгi мерзiмге негiзгi ставканың 100 процентiне дейiн кемiту, сондай-ақ одан кейiнгi 5 жылға дейiнгi кезеңге табыс салығының, жер салығының және мүлiкке салынатын салықтың ставкасын негiзгi ставканың 50 процентiнен аспайтын шекте кемiту;
      3) инвестициялық жобаны iске асыру үшiн қажеттi жабдықтар, шикiзат пен материалдар импортына кеден бажын салудан толық немесе iшiнара босату.
      3. Жеңiлдiктер мен преференциялардың мөлшерi тiкелей инвестициялардың көлемiне, инвестордың жобаны iске асыру мерзiмi жөнiндегi мiндеттемелерiне, оның өзiн-өзi өтеуiне, экономика секторының басымдығына және басқа жағдайларға байланысты айқындалды.
      4. Мемлекет отандық шаруа (фермер) рыногын дамыту мен қорғауға жәрдемдеседi.
      5. Шаруа (фермер) қожалықтарын дамытуды мемлекеттiк қолдаудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
      Ескерту. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.

      19-бап. Шаруа (фермер) қожалықтарының бiрлескен қызметi

      1. Шаруа (фермер) қожалықтары ерiктi негiзде кооперативтерге, қоғамдарға және басқа да бiрлестiктерге бiрiгiп, кооперативтiк, шаруашылық серiктестiктерiнiң және басқа да ұйымдардың қызметiне қатыса алады.
      2. Шаруа (фермер) қожалығы өз қалауы бойынша кез келген ұйымнан шығуға құқылы.

      20-бап. Шаруа (фермер) қожалығының қызметiн тоқтатудың
              ережелерi мен тәртiбi

      1. Егер қожалықтың қызметiн жалғастырғысы келетiн бiрде-бiр қожалық мүшесi, мұрагер немесе басқа адам қалмаса, сондай-ақ банкрот болған және жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайларда шаруа (фермер) қожалығының қызметi тоқтатылады.
      2. Шаруа (фермер) қожалықтарының қызметi тоқтатылған кезде ортақ мүлiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiне үлес бөлiп беру ортақ мүлiк құқығындағы әрбiр қатысушылардың үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.
      3. Үлестiк меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасында бiр-бiрiмен келiсiм бойынша бөлiнуi мүмкiн.
      4. Шаруа (фермер) қожалығының қызметiн тоқтату кезiнде мүлiктi және жер пайдалану құқығын бөлудiң шарттары мен тәртiбi азаматтық заңдармен реттеледi.
      5. Шаруа (фермер) қожалығының қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде туатын мүлiктiң, жер даулары мен өзге де даулар сот тәртiбiмен қаралады.

      21-бап. Шаруа (фермер) қожалығы туралы заңдардың
              бұзылғаны үшiн жауаптылық

      Шаруа (фермер) қожалығы туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi