Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 208 Кодексі

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Қазақстан Республикасының 1997.12.13. N 209  Заңының  4-7-баптарын қараңыз.
      Ескерту. Мәтiнде "бөлiм" деген сөздiң алдындағы "I - VIII" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 8" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

  ЖАЛПЫ БӨЛIМ

  1-БӨЛIМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЗАҢДАРЫ

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару
               заңдары

      Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарынан, сондай-ақ жазаны және сотталғандарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқару мен өтеудiң тәртiбiн және жағдайларын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 

       2-бап. Қазақстан Республикасының  қылмыстық-атқару
               заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу болып табылады. 
      2. Аталған мақсаттарға сәйкес қылмыстық-атқару заңдарының мiндетi жазаларды өтеудiң тәртiбi мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау, олардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғау, оларға әлеуметтiк бейiмделуге көмек көрсету деп саналады. 

       3-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару
               заңдарының сотталған әскери қызметшiлерге
               қатысты қолданылуы

      1. Сотталған әскери қызметшiлердi жазалау осы Кодекске, өзге де заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi бекiткен сотталған әскери қызметшiлердiң қылмыстық жазаларды өтеу ережелерiне сәйкес атқарылады. 
      2. Сотталған әскери қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жазасын өтейдi және әскери қызметтен өтедi. Оларға осы баптың 1-тармағында аталған нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген шектеулер қолданылады. 

       4-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару
               заңдарының кеңiстiк пен уақыт тұрғысында
               қолданылуы

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеушi сотталғандарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары қолданылады. 
      2. Сотталғандардың қылмыстық жазаларды атқаруы, сондай-ақ оларға түзеу амалдарын қолдану мен босатылатындарға көмек көрсету жазаның осы түрiн атқару кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. 

       5-бап. Жазаны атқару негiздемесi

      Соттың заңды күшiне енген үкiмi немесе қаулысы, сондай-ақ рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi жазаны атқару негiздемесi болып табылады. 

       6-бап. Қылмыстық-атқару заңдарының принциптерi

      Қылмыстық-атқару заңдары заңдылық, баршаның заң алдындағы теңдiгi, гуманизм, демократизм және жариялылық, жазаларды атқарудың саралануы мен жеке-даралығын, жазаны түзеу ықпалымен бiрiктiрудi қамтамасыз ететiн принциптерге негiзделедi. 

       7-бап. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары

      1. Сотталғанды түзеу - оның бойында құқық ұстанушылық мiнез-құлықты, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, адамзат қоғамының нормаларына, ережелерi мен дәстүрлерiне оң көзқарастарды қалыптастыру. 
      2. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары мыналар: жазаны атқару мен өтеудiң белгiленген тәртiбi (режимi), тәрбие жұмысы, қоғамдық-пайдалы еңбек, орта бiлiм алу, кәсiптiк даярлық пен қоғамдық ықпал ету. 
      3. Түзеу құралдары жазаның түрiн, жасалған қылмыстың сипатын, қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, кiнә нысаны мен себептерiн, сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып қолданылады. 

  2-тарау. СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

       8-бап. Сотталғандардың құқықтық жағдайының негiздерi

      1. Қазақстан Республикасы сотталғандардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн құрметтейдi және қорғайды, олардың түзелуiне қажеттi жағдайларды, әлеуметтiк әдiлеттiлiк кепiлдiгiн, олардың жазаларды атқару кезiнде жеке басының әлеуметтiк, құқықтық және өзге де қорғалуын қамтамасыз етедi. 
      2. Сотталғандар жазаның нақты түрiн атқарудың тәртiбi мен жағдайларын негiзге ала отырып, Республика Конституциясында, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында белгiленген шектеулермен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары болады және солардың мiндеттерiн атқарады. 
      3. Сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жазаның нақты түрiн атқарудың тәртiбi мен жағдайларын негiзге ала отырып, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жағдайы туралы Конституцияға, халықаралық шарттарға, заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясында қылмыстық, қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында көзделген шектеулерi бар құқықтары болады және олар сондай мiндеттер атқарады. 

       9-бап. Сотталғандардың негiзгi мiндеттерi

      1. Сотталғандар осы Кодекспен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және үкiммен белгiленген құқықтық шектеулерден туындайтын талаптарды сақтауға мiндеттi. 
      2. Сотталғандар жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiктерiнiң өздерiнiң мiнез-құлқына арнап белгiлеген заңды талаптарын орындауға мiндеттi. 
      3. Сотталғандардың өздерiне жүктелген мiндеттердi, сондай-ақ жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарын орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. 

       10-бап. Сотталғандардың негiзгi құқықтары

      1. Сотталғандардың сот тағайындаған жаза түрiн өтеудiң тәртiбi мен жағдайлары, өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпарат алуға құқығы бар. Ақпаратты жазаны атқарушы мекеме немесе орган бередi. 
      2. Сотталғандар жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгiне, жазаны атқарушы мекемелер мен органдардан жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, мемлекеттiк өкiмет органдарына, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын қорғау жөнiндегi халықаралық ұйымдарға ауызша және жазбаша ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға құқылы. 
      3. Сотталғандар түсiнiктеме беруге және хат алысуға, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталғанындай ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн кез келген басқа тiлде ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға, қажет болған жағдайларда аудармашының қызметiн пайдалануға құқылы. Сотталғандарға жауап өтiнiш жасаған тiлiнде қайтарылады. Өтiнiш жасаған тiлде жауап қайтаруға мүмкiндiк болмаған жағдайда ол Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiнде немесе ресми қолданылатын орыс тiлiнде берiледi. Жауапты өтiнiш жасаған тiлге аударуды жазаны атқарушы мекеме немесе орган қамтамасыз етедi. 
      4. Сотталғандар адвокаттардың, сондай-ақ осындай көмек беруге уәкiлеттi басқа адамдардың заң көмегiн пайдалануға құқылы. 
      5. Сотталғандардың әлеуметтiк қамтамасыз етiлуге, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақы алуға құқығы бар. 
      6. Қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталғандар өздерiнiң денсаулығын сақтау үшiн қажеттi материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қамсыздандырылу құқығын пайдаланады. 
      7. Соттың үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарды қоспағанда, сотталғандардың мемлекеттiк органдарды және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар. 
      8. Жазасын өтеген және сотталуына байланысты атқарып жүрген қызметiнен босатылған адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуға, әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн алуға құқығы бар. 
      9. Жазасын өтеп жүрген адамдардың қызметкерлер тарапынан сыпайылық көру құқығы бар. Олар қатаң немесе адамшылық қасиетiн қорлайтындай қарауға ұшыратылмауға тиiс. Сотталғандарға мәжбүрлеу шараларын заң негiзiнен өзгеше қолдануға болмайды. 
      10. Қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдiктердiң өз мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдерiмен және консулдық мекемелерiмен, ал Қазақстан Республикасында дипломатиялық және консулдық мекемелерi жоқ елдердiң азаматтарының - олардың мүдделерiн қорғауды өз мойнына алған мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен немесе оларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға құқығы бар. 
      11. Сотталғандардың құқықтарын iске асыру тәртiбi осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, Қазақстан Республикасы бекiткен мемлекетаралық шарттармен белгiленедi.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       11-бап. Сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне
                құқығы

      1. Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупi туындаған кезде ол қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны атқарушы мекеменiң кез келген лауазымды адамына өзiн мұндай қатер жоқ қауiпсiз орынға ауыстыру туралы өтiнiш жасауға құқылы. Бұл жағдайда лауазымды адам сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру жөнiнде дереу шаралар қолдануға мiндеттi. 
      2. Мекеменiң бастығы сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру туралы шешiм, сотталушының жеке басына қарсы қылмыстың жасалу мүмкiндiгiн болғызбайтын өзге де шаралар қолданады, оның жазасын одан әрi өтеу орны туралы мәселенi шешедi.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       12-бап. Сотталғандардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз
                ету

      1. Сотталғандарға ар-ождан бостандығы мен дiн ұстану бостандығына кепiлдiк берiледi. 
      2. Қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын өтеп жүрген адамдарға олардың өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелген дiни бiрлестiктердiң қызметшiлерi шақырылады. Жазаны атқарушы мекемелерде сотталғандарға заңда тыйым салынбаған дiни ғұрыптарды орындауына, табыну заттары мен дiни әдебиеттi пайдалануына рұқсат етiледi. Мекеме әкiмшiлiгi ол үшiн тиiстi үй-жай бөледi. 
      3. Ерекше режимдегi колониялардың карцерлерiнде, жалғыз адамдық камераларында, айыптық және тәртiптiк оқшаулау орындарында, сондай-ақ камералық үлгiдегi үй-жайларда ұсталатын сотталғандарға дiни қызметшiлер жiберiледi, бұл орайда олардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарт. 
      4. Ауыр науқасты сотталғандарға, сондай-ақ өлiм жазасына кесiлгендерге үкiмдi орындау алдында олардың өтiнiшi бойынша дiни қызметшiлер шақырылып, осы жағдайда қажеттi барлық дiни ғұрыптарды жасау мүмкiндiгi қамтамасыз етiледi. 
      5. Дiни ғұрыптарды орындау ерiктi болып табылады. Ол iшкi тәртiптi бұзбауға, сондай-ақ жазасын өтеушi басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс. 

       13-бап. Сотталғандардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi

      1. Сотталғандардың ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi қарайды. 
      2. Қамауға, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың осы Кодекстiң 10-бабының 2-тармағында аталған органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi. Жазаның өзге түрлерiне сотталғандар ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын өздерi жiбередi. 
      3. Қамауға, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырушы органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары цензураға жатпайды және бiр тәулiктен кешiктiрiлмей (демалыс және мереке күндерiн қоспағанда) тиiстi жерiне жiберiледi. 
      4. Сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң шешiмдерi мен iс-әрекеттерi жөнiндегi ұсыныстары, арыздары мен шағымдары бұл шешiмдер мен iс-әрекеттердiң атқарылуын тоқтатпайды. 
      5. Органдар мен лауазымды адамдар өздерiне сотталғандар жолдаған ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмдерде қарап, қабылданған шешiмдердi сотталғандардың назарына жеткiзуге тиiс. 

  3-тарау. ЖАЗАНЫ АТҚАРУШЫ МЕКЕМЕЛЕР МЕН ОРГАНДАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ
ҚЫЗМЕТIНЕ БАҚЫЛАУ ЖАСАУ

       14-бап. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар

      1. Айыппұл салу немесе мүлiктi тәркiлеу түрiндегi жазаны үкiм шығарған сот, сондай-ақ мүлiктiң орналасқан жерi бойынша және сотталушының жұмыс орны бойынша сот атқарады. 
      2. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны атқаруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы, түзеу мекемесi немесе тәртiптiк әскери бөлiм жүзеге асырады. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкiмiнiң талаптарын сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi, сондай-ақ лицензиатты жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына берілген лицензиясынан айыруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықты органдар атқарады. 
      3. Құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден және бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы сот үкiмiнiң талаптарын атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi және бiлiктiлiк сыныбын берген лауазымды тұлға атқарады. 
      4. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаларды сотталған адамның тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады.
      5. Қамау, бас бостандығынан айыру және өлiм жазасы түрiндегi жазаларды қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелері атқарады.
      6.  алып тасталды
      7. Әскери қызметшiлерге жазаларды: тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды - осы үшiн арнайы арналған тәртiптiк әскери бөлiмдер; қамауды - сотталған әскери қызметшiлерге арналған гауптвахталарда гарнизондардың командованиесi немесе гарнизон гауптвахталарының тиiстi бөлiмшелерi; әскери қызмет бойынша шектеудi - аталған әскери қызметшiлер қызметтен өтiп жүрген әскери бөлiмдердiң, мекемелердiң, органдар мен әскери құрамалардың командованиесi (бұдан әрi - әскери бөлiмдердiң командованиесi) атқарады. 
      8.  алып тасталды
      9. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында болады. Шартты сотталған әскери қызметшiлерге бақылау жасауды әскери бөлiмдердiң командованиесi жүзеге асырады.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       15-бап. Жазаны өтеу орны туралы хабарлау

      Сотталушының жазасын өтеу орнына келгенi туралы жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкiлдерiнiң бiрiне 10 тәулiк iшiнде хабарлауға мiндеттi. 

       16-бап. Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу
                шараларын қолдану

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталған, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ есiнiң кемiстiгi болуы мүмкiн, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға атқарушы мекемелер соттың шешiмi бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады. 
      2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған жазаларды өтеу кезiнде сотталушының алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратыны анықталса, жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi сотқа мұндай сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыныс жiбередi. 
      3. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған және осы баптың 1-тармағында аталған сырқаттармен ауыратын адамдарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 88-95-баптарына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады. 
      4. Қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға және туберкулезбен ауыратын немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ЖҚТБ-мен ауыратын сотталғандарға жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеме медициналық комиссияның шешiмi бойынша мiндеттi емдеу қолданады.
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       17-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың бақылауы

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан түзеу мекемелерiнiң, қамау үйлерiнiң қызметiне бақылау жасауды осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.
      2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан қылмыстық-атқару инспекцияларының қызметiне бақылау жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
       Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       18-бап. Сот бақылауы

      1. Жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiне ауыстыру туралы, сотталушының ауыруына байланысты жазадан босату туралы, адамның жеке басына қарсы жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн бес жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қоспағанда, жүктi әйелдердiң және он төрт жасқа дейiн балалары бар әйелдердiң жазаларын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы мәселелердi шешу кезiнде жазалардың атқарылуын сот бақылайды. 
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сотталғандар мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың iс-әрекетiне жасаған шағымдарын сот қарайды. 
      3. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар үкiм шығарған сотқа сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды, түзеу жұмыстарын, бас бостандығын шектеудi, қамауды, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды, бас бостандығынан айыруды өтеуiнiң басталғаны және оның орны, айыппұл салу, белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнайы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, әскери қызмет бойынша шектеу, мүлкiн тәркiлеу, өлiм жазасы түрiндегi жазалардың атқарылуы туралы хабарлайды.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       19-бап. Ведомстволық бақылау

      Жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiне жоғары тұрған басқару органдары мен лауазымды адамдардың тарапынан ведомстволық бақылау жүзеге асырылады. Ведомстволық бақылауды жүзеге асыру тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.

       19-1-бап. Қоғамдық бақылау

      1. Қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ұстау жағдайлары, медициналық-санитарлық қамтамасыз ету, еңбегiн, бос уақытын және оларды оқытуды ұйымдастыру бөлiгіндегi құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырады.
      2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртiппен облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) қоғамдық байқау комиссиялары құрылады.
      3. Қоғамдық байқау комиссиялары түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiктерiне түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн жәрдемдесуге құқылы.
      4. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторлары әкiмшіліктерiнiң қызметiн қоғамдық бақылау және қоғамдық байқау комиссияларының оларға жәрдемдесуi ерiктiлiк, тең құқықтық, өзiн-өзi басқару және заңдылық принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      5. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырған кезде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiне, сондай-ақ жедел-iздестiру, қылмыстық iс жүргiзу қызметi мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу жөнiндегi қызметiне араласуға жол берiлмейдi.
       Ескерту. 19-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.29.  N 25  Заңымен.

       19-2-бап. Қоғамдық байқау комиссиясының өкiлеттiгi

      1. Қоғамдық байқау комиссиясы, сондай-ақ қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi:
      1) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларына қоғамдық байқау комиссиясының кемiнде екi мүшесi құрамында қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен кедергiсiз кiруге;
      2) сотталғандармен олардың келiсiмi болған кезде әңгiмелесуге, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылу мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерi мен шағымдарын қабылдауға;
      3) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларындағы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мәселелер жөнiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiгiне және (немесе) прокуратура органдарына өтiнiш жасауға құқылы.
      2. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ерекше режим енгiзiлген кезеңде қоғамдық байқау комиссиясының аталған мекемелерге бару жөнiндегi өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады.
      3. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi өз өкiлеттiктерiн орындау кезiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiн қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн сақтауға, сондай-ақ аталған мекемелер әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарына бағынуға мiндеттi. Қоғамдық бақылау iс-шараларын өткiзу iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыруға кедергi келтiрмеуге тиiс.
      Ескерту. 19-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.29.  N 25  Заңымен.  

       20-бап. Қылмыстық-атқару iсiн жүргiзудегi қадағалау

      Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңдарды сақтауын қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады. 

       21-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнде болу

      1. Жазаларды атқарушы мекемелерде, тергеу изоляторларында арнаулы рұқсатсыз болуға мыналардың құқығы бар: 
      1) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, сондай-ақ тиiстi аумақтардың шегiнде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының әкiмдерi; 
      2) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар; 
      3) Қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының қызметкерлерi. 
      2. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелерге, тергеу изоляторларына сол мекемелер әкiмшiлiгiнiң немесе қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының арнаулы рұқсаты бойынша қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен болуға құқығы бар. 
      3. Сезiктiлердiң, айыпталушылардың және сотталғандардың қауiпсiздiгi мен олардың күзетiн қамтамасыз етушi объектiлердi кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру түзеу мекемесi, тергеу изоляторы әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жүзеге асырылады.
      4. Сотталғандарды кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру, олармен сұхбат жүргiзу, соның iшiнде аудиобейнетехника құралдарын пайдаланып жүргiзу сотталғандардың өз келiсiмiмен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.29.  N 25  Заңымен.

  ЕРЕКШЕ БӨЛIМ

  2 БӨЛIМ. СОТТАЛУШЫНЫ ҚОҒАМНАН ОҚШАУЛАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС
ЖАЗАЛАРДЫ АТҚАРУ

  4-тарау. АЙЫППҰЛ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

       22-бап. Айыппұл түрiндегi жазаны атқару тәртiбi

      1. Сотталушы үкiм заңды күшiне енген соң бiр айдан кешiктiрмей айыппұл төлеуге мiндеттi.
      2. Сотталушының айыппұлды бiр жолғы төлеуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, сотталушының өтiнiшi бойынша төлемнiң мерзiмiн ұзартуға немесе алты айға дейiн бөлiп-бөлiп төлетуге жол берiледi. 
      3. Сотталушы айыппұлды ерiктi түрде төлемеген кезде жазаны атқару сот берген атқару парағының негiзiнде мәжбүрлеп жүргiзiледi. Айыппұл сотталушының мүлкiнен, соның iшiнде оның сотта айқындалған ортақ меншiк құқықтарындағы мүлiктегi үлесiнен өндiрiп алынуы мүмкiн. 
      4. Айыппұлды өндiрiп алу кезiнде осы Кодекске қосымшамен белгiленген тiзбеге сәйкес тәркiлеуге жатпайтын мүлiктi алып қоюға болмайды. 

       23-бап. Айыппұл төлеуден қасақана жалтару

      1. Айыппұлды осы Кодекстiң 22-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмде төлемеген және өзiнiң кiрiстерi мен мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасырушы сотталушы айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы деп танылады.
      2. Айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде сот атқарушысы сотқа айыппұлды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс жiбередi.

  5-тарау. БЕЛГIЛI БIР ЛАУАЗЫМДА БОЛУ НЕМЕСЕ БЕЛГIЛI БIР
ҚЫЗМЕТПЕН АЙНАЛЫСУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

       24-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр
                қызметпен айналысу түрiндегi жазаның атқарылуын
                ұйымдастыру

      1. Негiзгi жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi, сондай-ақ негiзгi жазаға қосымша ретiнде айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi, сондай-ақ шартты соттау кезiндегi жазаның атқарылуын ұйымдастыруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады. 
      2. Қамау, бас бостандығынан айыру немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi негiзгi жазаға қосымша ретiнде тағайындалған бұл жазаның атқарылуын ұйымдастыруды негiзгi жазаны атқарушы орган, ал негiзгi жазаны өтеген соң - сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады. 
      3. Қылмыстық-атқару инспекциясы: 
      сотталғандардың есебiн жүргiзедi; 
      сотталғандардың сот үкiмiнде көзделген белгiлi бiр лауазымда болуына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына тыйым салудың сақталуын бақылайды; 
      сотталушының жұмыс орны бойынша ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталушыға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрлерiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқығы бар органдардың үкiмдi орындауын тексередi; 
      жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы iздестiру іс-шараларын жүргiзедi және сотқа iздестiру жариялау туралы ұсыным енгiзедi.
      3-1. Тұратын жерi үш күннен астам уақыт iшiнде анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жалтарған деп танылады.
      4. Өзiнде жазаның негiзгi түрiн өтеп жүрген, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi қосымша жазаға сотталған адамды мекеменiң (ұйымның) әкiмшiлiгi сотталушының орындауына тыйым салынған жұмыстарға тарта алмайды. 
      5. Сотталғандар әскери қызметке шақырылған немесе олар баламалы арнайы мемлекеттiк қызметке кiрген жағдайларда қылмыстық-атқару инспекциялары әскери комиссариатқа немесе сотталғандардың тұрғылықты жерi бойынша қызмет өткеру кезiнде сол жазаны атқаруға арналған сот үкiмiнiң көшiрмесiн жiбередi.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       25-бап. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң сот үкiмiн атқару
                жөнiндегi мiндеттерi

      1. Белгiлi бiр лауазымдарда болу құқығынан айыру туралы сот үкiмiнiң талаптары мемлекеттiк мекемелер мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының әкiмшiлiктерi үшiн мiндетті. Белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкiмшiлiгі үшiн мiндеттi.
      2. Сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi: 
      сот үкiмiнiң көшiрмесiн не қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыны лауазымынан немесе ол айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға; қылмыстық-атқару инспекциясына сот үкiмiнiң талаптарын орындау туралы хабарлауға; 
      қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша жазаны атқаруға байланысты құжаттарды табыс етуге; 
      сотталушымен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайда бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
       Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       26-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген
                рұқсатты қайтып алуға құқықты органдардың
                мiндеттерi

      1. Сотталғандарды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкiмiнiң талаптары қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдар үшiн мiндеттi. 
      2. Аталған органдар сот үкiмiнiң көшiрмесiн немесе қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысуға құқық беретiн тиiстi құжатты қайтарып алуға және бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлама жiберуге мiндеттi. 

       27-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр
                қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi
                жазаны атқару мерзiмдерiнiң есептелуi

      1. Негiзгi жаза ретiнде немесе айыппұлға, қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ шартты соттау кезiнде қосымша жаза түрi ретiнде тағайындалған белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзiмi, егер бұл жағдайда қосымша жазаның атқарылуы кейiнге қалдырылмаса, сот үкiмi заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi. 
      2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға, бас бостандығынан айыруға немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жаза қолдану кезiнде ол жазаның аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң бүкiл уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi оларды өтеу кезiнен бастап есептеледi.

       28-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр
                қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi
                жазаға сотталушының мiндеттерi

      Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаға сотталғандар сот үкiмiнiң талаптарын орындауға, қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша аталған жазаны атқаруға байланысты құжаттарды беруге, жұмыс орны және тұрғылықты жерi мен олардың өзгергенi және одан босағаны туралы инспекцияға хабарлауға, сондай-ақ шақыру бойынша инспекцияға келуге мiндеттi. Сотталушы келмей қалған жағдайда оған ерiксiз келтiру қолданылуы мүмкiн.
       Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       29-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр
                қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот
                үкiмiн орындамаудың салдары

      Соттың белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкiмiнiң орындалмауына кiнәлi өкiмет өкiлдерi, мемлекеттiк қызметшiлер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының қызметшiлерi, мемлекеттiк мекемелердiң, коммерциялық немесе өзге де ұйымдардың қызметшiлерi, сондай-ақ сот үкiмiнiң талаптарын бұзушы сотталғандар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.

  6-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТАРТУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

       30-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
                атқару тәртiбi

      1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен  облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқару органдары, республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi белгiлейтiн объектiлерде қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.  
      2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза жөнiндегi сот үкiмi соттың тиiстi өкiмi үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесiмен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келiп түскен күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей атқарылады.
      3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
      сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
      оларға жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн түсiндiредi;
      аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарында қоғамдық жұмыстардың объектiлерiн сұратып алады; 
      сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды;
      жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және сотқа iздестiру жариялау туралы ұсыным енгiзедi;
      олардың атқарған уақытының жиынтық есебiн жүргiзедi және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшiн қаржы қаражатының тиiстi бюджеттерге уақытылы түсуiн бақылайды.
       Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       31-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
                атқару ережелерi

      1. Сотталғандар:
      жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбi мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға;
      өздерiне белгiленген объектiлерде жұмыс iстеуге және сот белгiлеген қоғамдық жұмыстардың мерзiмiн атқаруға; 
      тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға мiндеттi. 
      2. Сотталушыға негiзгi жұмыс орны бойынша кезектi демалыстың берiлуi қоғамдық жұмыстар орындауды тоқтатпайды. 
      3. Сотталушы бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек деп танылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын одан әрi өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел жүктi болған жағдайда - оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды. 

       32-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза
                мерзiмiнiң есептелуi

      1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаның мерзiмi сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттармен есептеледi. 
      2. Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндерi мен сотталушы негiзгi жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндерi - төрт сағаттан; жұмыс күндерi - жұмыс немесе оқу аяқталған соң екi сағаттан, ал сотталушының келiсiмiмен - төрт сағаттан аспауы керек. Қоғамдық жұмыстар уақыты апта iшiнде, әдетте, он екi сағаттан кем болмауы керек. Дәлелдi себептерi болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушыға апта iшiнде саны аз сағат жұмыс iстеуге рұқсат беруге құқылы. 

       33-бап. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту
                түрiндегi жазаны өтеу орны бойынша ұйымдар
                әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi

      1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеу орны бойынша ұйымдардың әкiмшiлiгiне сотталғандардың өздерiне белгiленген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс iстелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлау жүктеледi. 
      2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаға сотталған адамдардың еңбегiн ұйымның пайдалануы өтеусiз негiзде жүзеге асырылады. Сотталған адамдар орындаған жұмыстың көлемi мен құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша бөлек есептеледi және есептелген ақшалай қаражат тиiстi бюджетке аударылады.
       Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.

       34-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
                өтеуден қасақана жалтару

      Сотталушы: 
      қоғамдық жұмыстарға дәлелдi себептерсiз бiр айдың iшiнде екi реттен астам шықпаса; 
      еңбек тәртiбiн бiр айдың iшiнде екi реттен артық бұзса; 
      жазаны өтеуден жалтару мақсатымен жасырынса, қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарған деп танылады. 

       35-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны
                өтеушi адамдардың жауаптылығы

      1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзғаны үшiн қылмыстық-атқару инспекциясы оған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапты болатынын ескертедi. 
      2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды. 

  7-тарау. ТҮЗЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

       36-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны атқару тәртiбi

      1. Түзеу жұмыстары сотталушының негiзгi жұмыс орны бойынша өтеледi.
      2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеуге қылмыстық-атқару инспекциясына үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесi мен соттың тиiстi өкiмi келiп түскен күннен бастап он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тартылады. 
      3. Қылмыстық-атқару инспекциялары: 
      сотталғандардың есебiн жүргiзедi; 
      жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн түсiндiредi; 
      сотталғандардың жазаны өтеу ережелерiн сақтауын және сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң үкiм талаптарын атқаруын бақылайды; 
      сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзедi; 
      сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды, қажет болған жағдайда оларды еңбекке орналастыру үшiн жұмыспен қамту орталықтарына жiбередi; 
      шақыру бойынша немесе тiркелуге дәлелдi себептерсiз келмеген сотталғандарды ерiксiз келтiру туралы шешiм қабылдайды; 
      жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және сотқа iздестiру жариялау туралы ұсыным енгiзедi;
      жазаны өтеу кезеңiнде өз қалауы бойынша жұмыстан босауға рұқсат бередi.
       Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       37-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеу ережелерi

      1. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбi мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға, өздерiне қылмыстық-атқару инспекциясы жүктеген мiндеттердi орындауға және оның шақыруы бойынша тiркелу үшiн айына екi рет келуге мiндеттi. 
      2. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың табысынан сот үкiмiмен белгiленген мөлшерде ақы ұсталып қалады. 
      3. Жазаны өтеу мерзiмi iшiнде сотталғандарға қылмыстық атқару инспекциясының жазбаша рұқсатынсыз өз қалауы бойынша жұмыстан босауына тыйым салынады. Рұқсат жұмыстан босау себептерiнiң негiздiлiгiн тексерген соң берiлуi мүмкiн. Жұмыстан босауға рұқсат беруден бас тарту дәлелденуге тиiс. Бас тарту туралы шешiмге заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн. 
      4. Сотталушы қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс орны мен тұратын жерiнiң өзгергенi туралы он күн мерзiмде хабарлауға мiндеттi. 
      5. Сотталушы жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi жазаны өтеу уақытында қылмыстық-атқарушы инспекцияның келiсiмi бойынша кезектi демалыс, сондай-ақ он күнге және одан да көп күнге қосымша демалыс бередi. Сотталғандарға еңбек заңдарында көзделген демалыстың өзге түрлерi жалпы негiздерде берiледi. 

       38-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жаза мерзiмiнiң
                есептелуi

      1. Түзеу жұмыстарының мерзiмi сотталушы жұмыс iстеген және оның табысынан ақы ұсталып қалған жылдармен және айлармен есептеледi. Сотталушының жұмыс iстеген күндерiнiң саны соттың жаза мерзiмiн белгiлеген әрбiр айындағы жұмыс күндерiнiң санынан кем болмауға тиiс. Егер сотталушы көрсетiлген күндер санында жұмыс iстемесе және жұмыс iстелмеген күндердi жаза мерзiмiне есептеу үшiн осы Кодексте белгiленген негiздеме болмаса, түзеу жұмыстарын өтеу сотталушының тиiстi жұмыс күндерiнiң санында толық жұмыс iстегенге дейiн жалғастырылады. 
      2. Ұйым әкiмшiлiгiнiң сот үкiмiнiң (қаулысының) көшiрмесiн алған күнi жазаны өтеу мерзiмiнiң басталуы болып табылады. 
      3. Сотталушының дәлелдi себептермен жұмыс iстемеген уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Бұл мерзiмге сотталушы ресми түрде жұмыссыз деп танылған уақыт та есептеледi. 
      4. Сотталушы қатарынан төрт айдан астам ұзақ ауырған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын өтеуден босату туралы ұсыныс жасайды. 
      5. Жазаны өтеу кезiнде сотталушы әйел жүктi болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жүктiлiгi бойынша демалыс берiлген кезден бастап оның жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды. 
      6. Жұмыс уақытының жиынтық есебi қолданылатын ұйымдарда жұмыс iстейiн сотталғандардың жазасын өтеу мерзiмi есептi кезең үшiн белгiленген жұмыс сағатының санынан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы негiзге ала отырып есептеледi. 
      7. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының жұмыс iстемеген уақыты; алкогольдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаңданудан болған немесе соларға байланысты iс-әрекеттерден болған ауыру уақыты; қамау түрiндегi әкiмшiлiк жазаны өтеу, сондай-ақ жазаны өтеу кезеңiнде басқа iс бойынша тыйым салу шарасы тәртiбiнде қамау уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептелмейдi. 

       39-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны
                бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi

      Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiне: 
      сотталушының табысынан ұсталып қалатын ақыны дұрыс және уақтылы жүргiзу мен ұсталған сомаларды белгiленген тәртiппен аударып отыру; 
      сотталғандардың өндiрiстегi мiнез-құлқына бақылау жасау және сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзуде инспекцияға жәрдемдесу; 
      осы Кодексте көзделген жазаны өтеудiң ережелерiн сақтау; 
      қылмыстық-атқару инспекциясына сотталушыға қолданылған көтермелеу және жазалау шаралары туралы, оның жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлап отыру, сондай-ақ басқа қызметке ауыстырылуы мен босатылуы туралы алдын ала хабарлау жүктеледi. 

       40-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың жалақысынан
                ұстап қалуды жүргiзу тәртiбi

      1. Қылмыстық-атқару инспекциясы, сотталушының өзi немесе ол жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi оның материалдық жағдайы нашарлаған ретте жалақысынан ұстап қалу мөлшерiн кемiту туралы сотқа өтiнiш жасауға құқылы. Ұстап қалу мөлшерiн кемiту туралы шешiм сотталушының барлық табыстары ескерiле отырып шығарылады. 
      2. Ұстап қалу жалақы төлеу кезiнде әрбiр жұмыс iстелген ай үшiн атқару құжаттары бойынша, сотталушыға талаптардың болуына қарамастан, негiзгi жұмыс орны бойынша жалақының барлық түрiнен жүргiзiледi. 
      3. Сотталғандардың жалақысынан ұстап қалуды жүргiзу кезiнде оның ақшалай және заттай бөлiгi ескерiледi. Ұсталған ақша сомалары ай сайын мемлекет кiрiсiне аударылып отырады. 
      4. Ұстап қалу әлеуметтiк сақтандыру және әлеуметтiк қамсыздандыру тәртiбiмен алатын жәрдемақылардан, бiр жолғы сипаттағы төлемдерден жүргiзiлмейдi. 
      5. Түзеу жұмыстарына сотталғандарға еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы сот үкiмiмен тағайындалған ұстап қалу шегерiлiп тасталғандағы жалақысынан есептеледi. 
      6. Iстiң қысқартылуымен сот үкiмiнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда сотталушының жалақысынан артық ұсталған сомалар оған толық қайтарылады.
      7. Қылмыстық-атқару инспекциясы сотталғандардың жалақысынан дұрыс және мерзiмiнде ұстап қалуға және ұсталып қалған соманың мемлекет кiрiсiне аударылуына бақылау жасауды жүзеге асырады.

       41-бап. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеушi
                адамдарға қолданылатын көтермелеу шаралары

      Тәрбиелiк іс-шараларға белсендi қатысатын және жәбiрленушiнiң денсаулығына және мүлкiне келтiрген залалды, мемлекетке келтiрген материалдық залалды өтеу жөнiнде шаралар қолданатын және сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейтiн сотталған адамдарды сот осы Кодексте көзделген тәртiппен шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
       Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       42-бап. Еңбекпен түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны
                өтеудiң тәртiбi мен шарттарын бұзғаны үшiн және
                жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны үшiн
                жауаптылық

      1. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзу мыналар болып табылады:
      жазбаша ескертуден кейiн дәлелдi себептерсiз қылмыстық-атқару инспекциясына келмеу;
      жазбаша ескертуден кейiн осы Кодексте белгiленген мiндеттердi бұзу;
      жұмысқа келмеуi немесе мас күйiнде немесе нашақорлық не уытқұмарлық масаң күйде келу.
      2. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзғаны үшiн сотталушыларға түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн. 
      3. Осы баптың 2-тармағында аталғандардың кез келгенiн бұзғаны үшiн жазбаша ескерту хабарланған соң түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн қайталап бұзуға жол берген, сондай-ақ тұратын жерiнен жасырынған, жүрген жерi белгiсiз адам түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы деп танылады. 
      4. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды. 

  8-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУДЫҢ ТӘРТIБI МЕН ШАРТТАРЫ

       Ескерту. 8-тарау жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.

       43-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу
                орны

      1. Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдар жазаны оларға қадағалауды қылмыстық-атқару инспекцияларының жүзеге асыруы жағдайында тұратын жерi бойынша өтейдi.
      2. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары қылмыстық-атқару инспекцияларына бас бостандығын шектеуге сотталған адамдардың еңбекке орналастырылып, тұрмыстық жайластырылуына жәрдемдесуге мiндеттi. 
       Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       44-бап. Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдарды
                жазасын өтеу орнына жiберу

      1. Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлiгi бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға ауыстырылған сотталған адамдар күзетте ұстаудан босатылады және жазасын өтеу орнына мемлекет есебiнен өздерi барады. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталған адамға оны есепке қою үшiн қылмыстық-атқару инспекциясына бару бағыты мен уақытын көрсете отырып, жазаны өтеу орнына бару туралы нұсқама бередi.
      2. Сотталған адам жазасын өтеу орнына белгiленген мерзiмде барып жетпеген жағдайда iшкi iстер органдары оны iздестiрудi жүзеге асырады.
      3. Сотталған адам ұсталғаннан кейiн бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселенi шешу үшiн материалдар оның ұсталған жерiндегi сотқа берiледi.

       45-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаның
                мерзiмiн есептеу

      1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаның мерзiмi қылмыстық-атқару инспекциясының үкiмдi орындауға қабылдаған кезiнен бастап есептеледi.
      2. Сотталған адамның жұмыста немесе тұрғылықты жерiнде бiр тәулiктен артық өз бетiмен болмаған уақыты жаза мерзiмiне есептелмейдi.

       46-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу
                тәртiбi

      1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтейтiн адамдар қадағалауда болады және:
      қылмыстық-атқару инспекцияларының Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен бекiтiлген жазаны өтеудiң тәртiбi мен шарттарынан туындайтын талаптарды орындауға;
      қылмыстық-атқару инспекциясының рұқсатынсыз жұмыс, оқу орнын және тұрғылықты жерiн ауыстырмауға;
      оқудан және жұмыстан бос уақытта тұратын жерiнде болуға;
      қылмыстық-атқару инспекциясы белгiлеген мерзiмде тiркелу және тәрбиелiк iс-шаралар өткiзуге қатысу үшiн қылмыстық-атқару инспекциясына келуге;
      жұмыс немесе оқу кестесiнiң өзгеруi туралы қылмыстық-атқару инспекциясын жиырма төрт сағат iшiнде хабардар етуге;
      жеке басын куәландыратын құжатты өзiмен бiрге алып жүруге мiндеттi.
      2. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi сотталған адамдарға жазаны өтеу орны бойынша облыс шегiнде орналасқан жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқуға рұқсат етiледi. Сотталған адам қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен өзге жерде орналасқан жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқи алады.
       Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       47-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
                адамдардың еңбек жағдайлары

      1. Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдардың еңбегi, осы Кодекспен белгiленген ережелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен реттеледi.
      2. Сотталған адамды басқа жұмысқа, оның iшiнде басқа жерге ауыстыру қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       48-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
                адамдармен тәрбие жұмысы

      1. Қылмыстық-атқару инспекциясы бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi адамдармен тәрбие жұмысын жүргізеді.
      2. Сотталған адамдардың тәрбиелiк сипатта жүргiзiлетiн iс-шараларға белсендi қатысуы көтермеленедi және түзелу деңгейiн анықтаған кезде ескерiледi.
       Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       49-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуші
                адамдарға қолданылатын көтермелеу шаралары

      1. Қылмыстық-атқару инспекциясы жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн адал орындағаны үшiн сотталған адамдарға мынадай көтермелеу шараларын:
      алғыс жариялау;
      бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу;
      демалыс және мереке күндерiн тұратын жерiнiң шегiнен тыс жерлерде өткiзуге рұқсат беру;
      демалысын тұратын жерiнiң шегiнен шығып өткiзуге рұқсат беру шараларын қолдана алады.
      2. Тәрбиелiк iс-шараларға белсендi қатысатын және жәбiрленушiнiң денсаулығына, мүлкiне келтiрген залалды және мемлекетке келтiрген материалдық залалды өтеу жөнiнде шаралар қолданатын және сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейтiн сотталған адамдарды сот осы Кодексте көзделген тәртiппен шартты түрде мерзiмiнен бұрын босата, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыруға ұсына алады.
       Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       50-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегі жазаны өтеушi
                адамдарға қолданылатын жазалау шаралары

      1. Қылмыстық-атқару инспекциясы жазаны өтеу тәртiбiн бұзушы сотталған адамдарға мынадай жазалау шараларын:
      сөгiс беру;
      демалыс және мереке күндерiнде тұратын жерiнiң шегiнен шығуға бiр айға дейiнгi мерзiмге тыйым салу;
      бас бостандығын шектеудiң бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкiн екендiгi туралы ескерту шараларын қолдана алады.
      2. Қылмыстық-атқару инспекциясы жазасын өтеуден қасақана жалтарушы адамдарға қатысты бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы мәселелердi шешу үшiн сотқа материалдарды табыс етедi.
       Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       51-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi
                адамдарға көтермелеу және жазалау шараларын
                қолдану тәртiбi

      1. Көтермелеу және жазалау шаралары жазбаша түрде қолданылады.
      2. Жазалау шараларын қолдану кезiнде құқық бұзушылық жасалған мән-жайлар, сотталған адамның жеке басы мен оның терiс қылық жасағанға дейiнгi мiнез-құлқы ескерiледi. Тағайындалатын жаза сотталған адам жасаған терiс қылықтың сипаты мен ауырлығына сәйкес болуға тиiс. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал егер терiс қылыққа байланысты тексеру жүргiзiлсе - оның аяқталған күнiнен бастап, бiрақ терiс қылық жасалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей тағайындалады. Жаза жиырма төрт сағат iшiнде, ал ерекше жағдайларда - ол тағайындалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей атқарылады.
      3. Осы Кодексте көзделген көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын қылмыстық-атқару инспекциясының бастығы немесе оның орнында қалған адам толық көлемде пайдаланады.

       52-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуден
                қасақана жалтару және бас бостандығын шектеу
                түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен шарттарын
                бұзу

      1. Кейiн жасалған әрбiр тәртiп бұзушылық алдыңғысына жаза тағайындалғаннан кейiн жасалған жағдайда тұрғылықты жерiне, жұмыс немесе оқу орнына келудiң белгiленген кестесiн бұзу, өзiне сот жүктеген мiндеттердi орындаудан жалтару, сондай-ақ сол үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған сотталған адамның қоғамдық тәртiптi бұзуы жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзушылық болып табылады.
      2. Еңбек демалысынан немесе демалыс және мереке күндерi демалыс өткiзу орнынан дәлелсiз себептермен дер кезiнде келмеу, қылмыстық-атқару инспекциясы қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындаудан бас тарту, сондай-ақ тұрғылықты жерiнен, жұмыс немесе оқу орындарынан өз бетiнше кетiп қалу бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтару болып табылады.
      3. Тұрғылықты жерiнен, жұмыс немесе оқу орындарынан өз бетiнше кетiп қалған сотталған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару инспекциясы бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және сотқа iздеу жариялау туралы ұсыным енгiзедi.
       Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       53-бап. Сотталған адамдарды қадағалау және бас
                бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу
                тәртiбiн бұзушылықтың алдын алу шаралары

      1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушiлердi қадағалауды қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады және сотталған адамдарға олардың тұратын жерi мен жұмыс орны бойынша, сондай-ақ жұмыстан бос уақытында байқау мен бақылау жасауды қамтамасыз етедi. Қадағалауды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
      2. Сотталған адамға бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселенi шешу кезiнде оны iшкi iстер органдары прокурордың санкциясымен жазаны өтеуден жалтарудың жолын кесу және материалдарды сотқа беру мақсатында он тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстауы мүмкiн.
      3. Жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталған адамды iшкi iстер органы жалтару себептерiн анықтау үшiн прокурордың санкциясымен он тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұстауы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iшкi iстер органы ұсталған адамды жазаны өтеу орнына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар үшiн белгiленген тәртiппен жiбередi және жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны туралы деректер болған жағдайда, сотталған адамның бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмiн бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселенi шешу үшiн материалдарды сотталған адамның ұсталған жерi бойынша сотқа бередi.
       Ескерту. 53-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

  9-тарау. ҚОСЫМША ЖАЗАЛАРДЫ АТҚАРУ

       56-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан,
                сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден,
                бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк
                наградалардан айыру туралы сот үкiмiн атқару

      1. Сотталушыны арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы үкiм шығарған сот үкiм заңды күшiне енген соң оның көшiрмесiн сотталушыға атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi, бiлiктiлiк сыныбын берген лауазымды адамға жiбередi. 
      2. Лауазымды адам белгiленген тәртiппен тиiстi құжаттарға сотталушыны арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы жазба жасайды, сондай-ақ оны тиiстi атағы, шенi, дәрежесi, сыныбы бар адамдар үшiн көзделген құқықтар мен жеңiлдiктерден айыру жөнiнде шаралар қолданады. 
      3. Запастағы әскери қызметшi жөнiндегi сот үкiмiнiң көшiрмесi оның әскери есепке алынған орны бойынша әскери комиссариатқа жiберiледi. 
      4. Лауазымды адам үкiмнiң көшiрмесiн алған күннен бастап бiр айдың iшiнде үкiмдi шығарған сотқа оның орындалғаны туралы хабарлайды. 
      5. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң  50-бабының  екiншi бөлiгiне сәйкес сотталушыны құрметтi атақтан, әскери, арнаулы немесе өзге де атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан немесе мемлекеттiк наградадан айыру туралы шешiм қабылдаған кезде тиiстi мемлекеттiк орган осы баптың 2-тармағында көрсетiлген шараларды қабылдайды. Мемлекеттiк наградаларды оларға қоса берiлген құжаттармен бiрге алып қоюды уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен олар болатын жердегi қылмыстық-атқару инспекциясы жүргiзедi. 
       Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.09.  N 10 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       57-бап. Мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн атқару
                тәртiбi

      1. Сотталушының мүлкiн тәркiлеу туралы үкiм шығарған сот ол заңды күшiне енген соң атқару парағын, мүлiк тiзiмiнiң көшiрмесiн және үкiмнiң көшiрмесiн атқару үшiн сот атқарушысына жiбередi, бұл туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлайды. Iсте сотталушы мүлкiнiң тiзiмi болмаған жағдайда мүлiк тiзiмi жүргiзiлмегенi туралы анықтама жiберiледi.
      2. Мүлiктi тәркiлеу түрiндегi жазаны орындауды мүлiктiң тұрған жерi бойынша сот атқарушысы жүргiзедi.
       Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.06.23.  N 57 , 2001.12.24.  N 276  Заңдарымен. 

       58-бап. Тәркiлеуге жататын мүлiк

      1. Сотталушының мүлкi, соның iшiнде оның ортақ немесе бiрлескен меншiктегi үлесi, ақшасы мен бағалы қағаздары, сотталушының банктердегi салымдары мен кез келген меншiк нысанындағы активтерге өзге де салымдары сот үкiмi бойынша тәркiленуге жатады. Сондай-ақ қылмыстық iс-әрекет объектiсi, қылмыс жасау қаруы немесе құралы, айналымнан алынып қойылған зат болып табылатын мүлiк сот үкiмi бойынша тәркiленуге жатады. 
      2. Сотталушының сот үкiмi бойынша тәркiленуге жатпайтын мүлiктiң Тiзбесiнде аталған мүлкi тәркiленуге жатпайды (қоса тiркеледi). 
      3. Соттың үкiмi бойынша тәркiленуге жататын мүлiктiң кiмге тиесiлi екендiгi туралы даулар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешiледi.
       Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.

       59-бап. Сот атқарушысының мүлiктi тәркiлеу туралы сот
                үкiмiн атқару жөнiндегi iс-әрекетi

      1. Сот атқарушысы атқару парағын алған соң дереу тiзiмде көрсетiлген мүлiктiң бар-жоғын тексередi, тәркiлеуге жататын басқа мүлiктi анықтайды, сөйтiп оны тiзiмге кiргiзедi. Егер мүлiктiң тiзiмi жүргiзiлмеген болса, сот атқарушысы сотталушының тәркiленуге жататын мүлкiн анықтауға шара қолданады, сөйтiп оны тапқан жағдайда қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мүлiктiң тiзiмiн жасайды. 
      2. Тiзiмде әрбiр заттың толық және дәл атауы, оның айырым белгiлерi, соның iшiнде түсi, мөлшерi, тозу дәрежесi мен жеке сипаттамасы көрсетiледi. Тiзiмделген заттар сүргiленедi, мөрленедi және сақтауға берiледi, бұл туралы тiзiмге белгi соғылады. 
      3. Сот атқарушысы тәркiленуге жататын және тiзiмге алынған мүлiктi сақтауға қажеттi шаралар қолданады. 
      4. Мүлiктiң сот атқарушысы жасаған тiзiмiн судья бекiтедi. 
      5. Сотталушының ортақ және бiрлескен меншiктегi үлесiн сот атқарушысының ұсынуы бойынша сот атқарушысының өзi тұратын сот азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен анықтайды.       

       60-бап. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк
                органға беру

      1. Сотталушының тәркiленген мүлкiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған қойылатын барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн жүргiзiледi. Тәркiленген мүлiк есебiнен қанағаттандыруға жататын талаптар жөнiнде мемлекет оны сатудан немесе одан әрі пайдаланудан алынған қаражат шегiнде жауап бередi.
      2. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 60-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.06.23.  N 57 , 2001.12.24.  N 276 , 2006.06.22. N  147  Заңдарымен. 

       61-бап. Тәркiленуге жататын мүлiкке байланысты үшiншi
                тұлғалардың мiндеттерi

      1. Өзiнде сот үкiмiмен тәркiленуге жататын мүлiк бар ұйымдар мен азаматтар бұл туралы сотқа немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға мiндеттi.
      2. Аталған мүлiктiң жасырылуына, бүлiнуiне немесе ұрлануына кiнәлiлер заңға сәйкес жауапқа тартылады.
       Ескерту. 61-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.06.23.  N 57 , 2001.12.24.  N 276  Заңдарымен. 

       62-бап. Үкiмдi атқарудан кейiн анықталған мүлiктi
                тәркiлеу

      Үкiм барлық мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде атқарылып, бiрақ айыптау үкiмiн атқарудың заңмен белгiленген өтеу мерзiмдерi бiткенге дейiн сотталушының оған үкiм шығарылғанға дейiн немесе үкiм шығарылғаннан кейiн ол тәркiлеуге жататын қаражатқа сатып алған тәркiленбеген мүлкi табылған жағдайларда, үкiм шығарған сот немесе үкiмдi атқару орны бойынша сот, егер мүлiк заң бойынша тәркiленуi мүмкiн болса, сот атқарушысының ұсынуымен табылған мүлiктi тәркiлеудi атқаруға жiберу туралы қаулы шығарады.

  3 БӨЛIМ. ҚАМАУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

  10-тарау. ҚАМАУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУДЫҢ ТӘРТIБI МЕН ЕРЕЖЕЛЕРI

       63-бап. Қамау түрiндегi жазаны өтеу орындары

      1. Қамауға сотталған адамдар жазаны соттау орны бойынша қамау үйлерiнде өтейдi.
      2. Сотталушы жазаның бүкiл мерзiмiн, әдетте, бiр қамау үйiнде өтейдi.
      3. Қамауға сотталушы бiр қамау үйiнен екiншiсiне көшiруге ол ауырған жағдайда не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ сотталушының сол қамау үйiнде одан әрi болуына кедергi жасайтын өзге де ерекше мән-жайлар кезiнде жол берiледi. 

       64-бап. Қамау түрiндегi жазаны атқарудың тәртiбi мен
                ережелерi

      1. Қамауға сотталғандар қатаң оқшаулау жағдайында ұсталады. Күзетпен ұсталатын адамдардың өзге санаттарынан еркектер, әйелдер, кәмелетке толмағандар, сондай-ақ бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және соттылығы бар адамдар бөлек орналастырылады. 
      2. Сотталғандарға түрмеде жалпы режим жағдайында бас бостандығынан айыруды өтеушi адамдар үшiн осы Кодексте белгiленген ұстау жағдайлары қолданылады. Адвокаттармен кездесулердi қоспағанда, сотталғандардың кездесуiне болмайды; посылка, сәлемдеме, бандерольдер алуға рұқсат етiлмейдi, бұған олардың бiрiншi кезекте қажеттi заттары мен маусымдық киiм-кешек салынғаны қосылмайды. Сотталғандарды жалпы және кәсiптiк оқыту жүзеге асырылмайды; күзетсiз жүруiне рұқсат етiлмейдi. Сотталғандар жеке шотында бар қаражатына ай сайын бiр айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сомаға тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға құқығы бар. 
      3. Сотталғандар күн сайын ұзақтығы бiр сағаттан кем емес, ал кәмелетке толмағандар - бiр жарым сағаттан кем емес сейiлдеудi пайдаланады.
      4. Ерекше жеке мән-жайлар кезiнде қамауда ұстауға сотталғандарға жақын туыстарымен /жұбайымен, зайыбымен/ телефон арқылы сөйлесуге рұқсат етiлуi мүмкiн. 

       65-бап. Қамау түрiндегi жазаны өтеушi адамдарды еңбекке
                тарту

      Қамауды атқарушы қамау үйiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарды ұзақтығы аптасына төрт сағаттан аспайтын уақытқа қамау үйлерiне шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындауға ақы төлемей тартуға құқылы.

       66-бап. Қамауға сотталған адамдарға қолданылатын
                көтермелеу және жазалау шаралары

      1. Жақсы мiнез-құлқы үшiн сотталғандарға алғыс, бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу, телефон арқылы сөйлесуге рұқсат ету түрiнде көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
      2. Жазаны өтеу тәртiбiн бұзғаны үшiн қамауда ұстауға сотталғандарға сөгiс немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге айыптылық, оқшаулау орнына шығару түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн.
      3. Қамауда ұстауға сотталғандарға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану тәртiбi осы Кодекстiң 110 және 113-баптарымен реттеледi.

       67-бап. Қамауға сотталған адамдарды
                материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету
                және оларға медициналық қызмет көрсету

      1. Қамауға сотталғандарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жазасын жалпы режимдегi түрмелерде өтеушi адамдар үшiн - белгiленген нормаларға сәйкес, ал кәмелетке толмағандар үшiн тәрбиелеу колониялары үшiн белгiленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қамауға сотталғандар медициналық көмекпен қамтамасыз етiледi.

  4 БӨЛIМ. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

  11-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУДЫҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРI

       68-бап. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны атқару
                орындары

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазаны қамалғанға дейiн өздерi тұрған немесе өздерi сотталған облыстың Қазақстан Республикасының түзеу мекемелерiнде өтейдi. Сотталғандардың денсаулық жағдайы бойынша немесе олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн ерекше жағдайларда, сондай-ақ өздерiнiң келiсiмi бойынша олар жазаларын өтеу үшiн басқа облыстың тиiстi түзеу мекемесiне жiберiлуi мүмкiн. 
      2. Қамалғанға дейiн тұрған жерi бойынша немесе сотталған орны бойынша тиiстi түрдегi түзеу мекемесi болмаған жағдайда сотталғандар жақын маңайдағы түзеу мекемелерiне жiберiледi. 
      3. Қылмыстарды өте қауiптi қайталау жағдайында сотталғандар, өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, жазаны түрмеде өтеуге сотталғандар, өлiмге кесу түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар, сотталған әйелдер, сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар жазаны өтеу үшiн тұратын жерi бойынша тиiстi түзеу мекемелерiне жiберiледi. 

       69-бап. Түзеу мекемелерiнiң түрлерi

      1. Түзеу колониялары, тәрбиелеу колониялары, түрмелер түзеу мекемелерi болып табылады. Тергеушiлiк оқшаулау орындары шаруашылықтық қызмет көрсету жөнiндегi жұмысты орындауға қалдырылған сотталғандар жөнiндегi түзеу мекемелерiнiң мiндетiн атқарады (осы Кодекстiң 72-бабы). 
      2. Түзеу колониялары кәмелетке толып сотталғандардың бас бостандығынан айыру жазасын өтеуiне арналған. Олар жалпы, қатаң және айрықша режимдегi колония-қоныстар, колониялар болып бөлiнедi. 
      3. Колония-қоныстарда абайсызда жасаған қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ сотталғандардың осы Кодекстiң 73-бабының 2-тармағы негiзiнде және сонда белгiленген тәртiп бойынша жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан ауыстырылғандары жазасын өтейдi. 
      4. Жалпы режимдегi түзеу колонияларында әдейi жасаған кiшiгiрiм немесе орта ауырлықтағы қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу алты айға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар жазасын өтейдi. 
      5. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған, сондай-ақ сотталушы бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстар қайталанған жағдайда сотталған еркектер мен қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда әйелдер жазасын өтейдi. 
      6. Айрықша режимдегi түзеу колонияларында қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда еркектер, өмiр бойы бас бостандығынан айырылғандар, сондай-ақ өлiмге кесу түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар жазасын өтейдi. 
      7. Мәжбүрлеп және міндетті емдеудi жүзеге асыратын түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 16-бабының 1 және 4-тармақтарында аталып өткен сотталғандар жазасын өтейдi. 
      8. Түрмелерде ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшiн, қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда бес жылдан астам мерзiмге сотталған, сондай-ақ жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзып, түзеу колонияларынан ауыстырылған адамдар жазасын өтейдi, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгенге дейін немесе мораторий қолданылған уақытта өздеріне қатысты өлім жазасы туралы үкім күшіне енген адамдар ұсталады. 
      9. Тәрбиелеу колонияларында бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ жиырма жасқа жеткенге дейiн тәрбиелеу колонияларында қалдырылған сотталғандар жазасын өтейдi. 
       Ескерту. 69-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05.  N 47 , 2004.03.10.  N 529 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.  

       70-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
                жазасын өтеуге жiберу

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi соттың үкiмi заңды күшiне енгенi туралы хабарламаны алған күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей жазасын өтеуге жiберiледi. Осы мерзiм iшiнде сотталушының туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесуге құқығы бар. Сотталғандарды түзеу мекемелерiне жiберу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлейдi. 
      2. Тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша туыстарының бiрiн не заңды өкiлiн оның жазасын өтеу үшiн қайда жiберiлiп отырғаны туралы хабардар етуге мiндеттi. 
       Ескерту. 70-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.29.  N 25  Заңымен.

       71-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың орнын
                ауыстыру

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына жiберiледi және бiр жазасын өтеу орнынан екiншiсiне айдап апару арқылы ауыстырылады. 
      2. Сотталғандарды айдап апару арқылы орнын ауыстыру ұстау ережелерi сақтала отырып: еркектер әйелдерден бөлек, кәмелетке толмағандар - ересектерден бөлек; өлiм жазасына кесiлгендер - сотталғандардың басқа санаттарынан бөлек; бiр қылмыстық iс бойынша өтушi тергелiп-сотталғандар - бөлек-бөлек, туберкулезбен ауыратындар немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпегендер, жүйкесi ауыратындар - бiр-бiрiнен бөлек және денi саулардан бөлек, қажет болған жағдайда дәрiгердiң қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерiнiң ерiп жүруiмен жүзеге асырылады. 
      3. Сотталғандарды айдап апару арқылы орнын ауыстыру кезiнде олар қажеттi тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етiледi. 
      4. Сотталғандарды орнын ауыстыру кезiнде оларды мекеме (жөнелтушi орган) маусымдық киiммен, аяқ киiммен, сондай-ақ жолдағы бүкiл кезеңде сотталғандар үшiн белгiленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етедi. 
      5. Сотталғандардың орнын ауыстыру мемлекет есебiнен жүзеге асырылады. 
      6. Сотталғандардың орнын ауыстыру тәртiбi осы Кодекске сәйкес қабылданатын нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
      7. Сотталған адамды жазаны өтеу орнына жiберу немесе жазасын өтейтiн бiр орыннан екiншiсiне ауыстыру кезiнде оның жеке шотындағы ақшалары сотталған адам жiберiлген не ауыстырылған мекемедегі оның жеке шотына аударылады.
       Ескерту. 71-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       72-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
                тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде
                қалдыру

      1. Жазасын өтеу жалпы режимдегi түзеу колониясына тағайындалған, бес жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар ерекше жағдайларда өздерiнiң келiсiмiмен шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн. 
      2. Сотталғандарды шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қалдыру сотталушының жазбаша келiсiмi болған жағдайда тергеушiлiк оқшаулау орны немесе түрме бастығының қаулысымен жүргiзiледi. 
      3. Тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қалдырылған сотталғандар жалпы режимдегi түзеу колониялары үшiн осы Кодексте көзделген жағдайларда өзге адамдардан оқшау жабылмайтын жалпы камераларда ұсталады. 
      4. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша тергеу iс-әрекетiн жүргiзу қажет болған жағдайда жазасын түзеу колониясында немесе тәрбиелеу колониясында өтеумен бас бостандығынан айыруға сотталушы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген мерзiмге тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн. 
      5. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша сот қарауына қатысу қажет болған жағдайда сотталушы соттың қаулысы бойынша iстi сотта қарау уақытында тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн. 
      6. Егер сотталушы басқа iс бойынша қылмыстық жауапқа тартылып, ол жөнiнде қамауға алу түрiнде тыйым салу шарасы таңдап алынған болса, оны тергеушiлiк оқшаулау орнында ұстау мерзiмдерi Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарына сәйкес белгiленедi. 
      7. Сотталушы түзеу мекемесiнен тергеушiлiк оқшаулау орнына немесе түрмеге осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында аталған негiздер бойынша ауыстырылуы мүмкiн. 

       73-бап. Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға мiнез-құлқына және еңбекке көзқарасына қарай түзеу мекемесiнiң түрi өзгертiлуi мүмкiн. 
      2. Өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн: 
      сотталғандар түрмеде сот үкiмi бойынша тағайындалған мерзiмiнiң кемiнде жартысын өтегеннен кейiн түрмеден түзеу колониясына; 
      ұстаудың жеңiлдетiлген жағдайларындағы сотталғандар ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн, ауыр қылмыстар жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтегеннен кейiн, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде екiден бiрiн, ал бас бостандығын айыруды өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған және жазаның өтелмей қалған кезеңiнде жаңа қылмыстар жасаған сотталғандар жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейiн жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан колония-қонысқа ауыстырылуы мүмкiн. 
      3. Мыналар: 
      қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар; 
      өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар; 
      өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар; 
      мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ жабық үлгiдегi медицина мекемелерiнде арнайы емдеудi талап ететiн сотталғандар; 
      колония-қонысқа ауыстыруға жазбаша түрде келiсiм бермеген сотталғандар колония-қонысқа көшiрiлуге жатпайды. 
      4. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар болып табылатын сотталғандар: 
      колония-қоныстан бұрын сот айқындаған түрдегi түзеу колониясына; 
      сот үкiмi бойынша өздерi жiберiлген колония-қоныстан жалпы режимдегi түзеу колониясына; 
      жалпы, қатаң және айрықша режимдегi түзеу колонияларынан түрмеге өздерi жiберiлген режим түрiндегi түзеу колониясында жазаның қалған мерзiмiн өтеуге үш жылдан аспайтын мерзiмге түрмеге ауыстырылуы мүмкiн. 
      5. Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгертудi түзеу мекемесi бастығының ұсынуы негiзiнде сот жүзеге асырады. 
       Ескерту. 73-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       74-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу
                мекемелерiне қабылдау

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу мекемелерiне Iшкi тәртiп ережелерiнде белгiленген тәртiппен түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қабылдайды. 
      2. Түзеу мекемелерiне келген сотталғандар он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге карантин бөлiмшесiне орналастырылады. Сотталғандар карантин бөлiмшесiнде болған кезеңiнде әдеттегi жазаны өтеу жағдайларында болады. 

       75-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу
                мекемелерiнде бөлек ұстау

      1. Түзеу мекемелерiнде бас бостандығынан айыруға сотталған еркектер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленедi. 
      2. Осы баптың 5-тармағында көрсетiлген адамдарды қоспағанда, бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген сотталғандардан бөлек ұсталады. Бiр түзеу мекемесiнде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған әйелдер бұл жазаны бұрын өтеген әйелдерден бөлек ұсталуы мүмкiн. Қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда сотталғандар; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар; өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар басқа сотталғандардан оқшау, сондай-ақ бөлек ұсталады. 
      3. Сотталған бұрынғы сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлерi бөлек түзеу мекемелерiнде ұсталады. Бұл мекемелерге өзге де сотталғандар жiберiлуi мүмкiн. 
      4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары мәжбүрлеп және мiндеттi емдеудi жүзеге асыру мекемелерiне, сондай-ақ балалар үйлерi бар түзеу мекемелерiне қолданылмайды. Сотталғандар аталған мекемелерге жiберiледi, сот тағайындаған колонияның түрi үшiн заңмен белгiленген жағдайларда ұсталады. 
      5. Әртүрлi жұқпалы аурулармен ауырған сотталғандар жеке-жеке және денi сау сотталғандардан бөлек ұсталады. Емдеу-профилактикалық мекемелерiнде (ауруханаларда, арнайы психиатриялық және туберкулездi емдеу ауруханаларында) сотталған ер адамдар сот белгiлеген режим түрiне қарамастан бiрге ұсталады. Туберкулездi емдеу ауруханаларында және емдеу құқығы бар түзеу мекемелерiнде сотталған адамдарды бөлек ұстау медициналық айғақтамалармен айқындалады.
       Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       76-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бүкiл
                жаза мерзiмiн бiр түзеу мекемесiнде өтеуi

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталушы жазаның бүкiл мерзiмiн, әдетте, бiр түзеу колониясында, түрмеде немесе тәрбиелеу колониясында өтеуге тиiс. 
      2. Сотталушыны жазасын одан әрi өтеу үшiн бiр колониядан сондай түрдегi басқа колонияға көшiруге ол ауырған жағдайда не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, түзеу мекемесiн қайта ұйымдастыру немесе тарату кезiнде, өндiрiске қажет болған жағдайда сотталушының келiсiмiмен, сондай-ақ сотталушының сол түзеу мекемесiнде одан әрi болуына кедергi жасайтын өзге де ерекше мән-жайлар кезiнде жол берiледi. 

  12-тарау. ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРIНДЕГI РЕЖИМ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ

       77-бап. Түзеу мекемелерiндегi режимнiң негiзгi талаптары

      1. Түзеу мекемелерiндегi режим - сотталғандарды күзету мен оқшаулауды қамтамасыз ететiн заңда және заңға сәйкес нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген жазаны атқару мен өтеу тәртiбi; оларды ұдайы қадағалау; өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару; олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыру; сотталғандар мен қызметкерлердiң қауiпсiздiгi; сотталғандардың түрлi санаттарын бөлек ұстау; сот тағайындаған түзеу мекемесiнiң түрiне қарай ұстаудың түрлi жағдайлары; жазаны өтеу шарттарын өзгерту. 
      2. Режим сотталғандарды түзеудiң басқа құралдарын қолдануға жағдайлар жасайды. 
      3. Түзеу мекемелерiнде Әділет министрлiгi бекiтетiн iшкi тәртiп ережелерi қолданылады. 
      4. Түзеу мекемелерiнде сотталғандар нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалатын белгiленген үлгiдегi киiмдi киiп жүредi. 
      5. Сотталғандар, олардың заттары мен киiм-кешегi, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң үй-жайы тiнтiледi және тексерiледi. Жеке тiнтудi сотталғандармен бiр жыныстағы адамдар жүргiзедi. Тұрғын үй-жайды оларда сотталғандар болған кезде тiнтуге кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда жол берiледi. 
      6. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi мекеменiң аумағындағы және оған жапсарлас режимдiк талаптар белгiленген аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлiк құралдарына тексеру жүргiзуге, сондай-ақ тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарымен және түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленетiн тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға құқылы. 
      6-1. Түзеу мекемесiне iргелес аумақтың шекарасын оның әкiмшiлiгi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiм бойынша белгiлейдi. 
      7. Тексерулер жүргiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi. 
      8. Сотталғандардың өзiнде болуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердiң тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. Сотталғандардың ақшаны, бағалы қағаздар мен бағалы заттарды, сондай-ақ тiзбеде көрсетiлмеген нәрселердi өзiнде сақтауына жол берiлмейдi. 
      9. Сотталғандардан табылған ақша, бағалы қағаздар мен өзге де бағалы заттар алынып, түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiне сәйкес түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушы босатылғанға дейiн жазасын өтеу кезiнде оларды пайдалану және билiк ету құқығынсыз сақтап қояды. Сотталғандардан алынған және тыйым салынған нәрселер, заттар мен тамақ өнiмдерi сақтауға өткiзiледi не соттың шешiмi бойынша жойып жiберiледi. 
      10. Сотталғандардың белгiленген тәртiппен сатып алған бағалы қағаздарын сақтауды түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қамтамасыз етедi. 
       Ескерту. 77-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244 , 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       78-бап. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдары

      1. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қашып шығу мен басқа қылмыстардың, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыстық-бейнелiк, электронды және өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқылы. 
      2. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарға қадағалау мен бақылаудың бiр мезгiлде қорғау мiндетiн атқаратын, бұзылған жағдайда сотталғандардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiруi ықтимал техникалық құралдары қолданылатыны туралы хабарлауға мiндеттi. 
      3. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдарының тiзбесi және оларды пайдаланудың тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi. 

       79-бап. Түзеу мекемелерiндегi жедел-iздестiру қызметi

      1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес түзеу мекемелерiнде жедел-iздестiру қызметi жүзеге асырылады, оның мiндетi мыналар болып табылады: 
      жазаларды атқарудың тәртiбi мен ережелерiн, сотталғандардың, түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi мен өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; 
      түзеу мекемелерiндегi әзiрленiп жатқан және жасалмақшы қылмыстар мен жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзуды анықтау, ашу, жолын кесу және алдын алу; 
      түзеу мекемелерiнен қашып кеткен сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыруды өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды белгiленген тәртiппен iздестiру; 
      сотталғандардың түзеу мекемесiне келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтау мен ашуға жәрдемдесу. 
      2. Жедел-iздестiру жұмысын түзеу мекемелерiнiң оралымды қызметтерi жүзеге асырады. 

       80-бап. Түзеу мекемелерiндегi айрықша жағдайлар режимi

      1. Табиғи апат, түзеу мекемесi орналасқан ауданға төтенше, ерекше жағдай немесе соғыс жағдайы енгiзiлген, сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде түзеу мекемесiнде ерекше жағдайлар режимi енгiзiлуi мүмкiн. 
      2. Ерекше жағдайлар режимi қолданылған кезеңде түзеу мекемесiнде сотталғандардың осы Кодексте көзделген кейбiр құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзет пен қадағалаудың күшейтiлген нұсқасы, объектiлерге жiберудiң ерекше тәртiбi енгiзiлуi, күн тәртiбiнiң өзгертiлуi, өндiрiстiк, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық, медициналық-санитариялық және өзге қызметтердiң жұмысы шектелуi мүмкiн. 
      3. Ерекше жағдайлар режимi Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрiнiң шешiмi бойынша отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге енгiзiледi. Айрықша реттерде ерекше жағдайлар режимiнiң қолданылу уақыты осы бапта белгiленген тәртiппен қосымша отыз тәулiкке ұзартылуы мүмкiн. 
       Ескерту. 80-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244  Заңымен. 

       81-бап. Қауiпсiздiк шаралары және оларды қолдану
                негiздерi

      1. Егер сотталғандар түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерiне қарсылық көрсетсе, олардың заңды талаптарына қасақана бағынбаса, бой бермеушiлiк танытса, жаппай тәртiпсiздiктерге, аманаттар басып алуға қатысса немесе осы секiлдi өзге де iс-әрекеттер жасаса, азаматтарға шабуыл жасаса, сондай-ақ түзеу мекемелерiнен қашып шығу немесе қашқандарды ұстау кезiнде сотталғандарға аталған құқыққа қарсы әрекеттердi тыю, сондай-ақ бұл адамдардың айналасындағыларға немесе өздерiне өздерi зиян келтiруiне жол бермеу мақсатында дене күшi, арнаулы құралдар мен қару қолданылады. 
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
      3. Өмiрiне нақты қатер төнгенi туралы деректер түскен сотталушылардың сазайын тарттырудан қорғау қажет болған жағдайда мұндай адамдарды жалпы негiздерде бiр айға дейiнгi мерзiмде жеке камераларда ұстауға рұқсат етiледi. 

  13-тарау. ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРIНДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

       82-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                жазасын өтеу жағдайлары

      1. Жалпы немесе қатаң режимдегi бiр түзеу колониясының, сондай-ақ тәрбиелеу колониясының шектерiнде сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларында болуы мүмкiн. 
      2. Ерекше режимдегi түзеу колониясында сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларында болуы мүмкiн. 
      3. Түрмеде ұсталатын сотталғандар үшiн режимнiң жалпы және қатаң түрлерi белгiленедi. 
      4. Сотталғандарды осы Кодекстiң 116, 118, 120, 123, 126-баптарында аталған негiздер бойынша бiр жағдайдан екiншiсiне ауыстыру түзеу мекемесi комиссиясының шешiмiмен жүргiзiледi, оның жұмысына облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының өкiлдерi қатыса алады. Түзеу мекемесiнiң комиссиясы түрмеде отырған сотталғандарды режимнiң жалпы түрiнен қатаң және қатаңынан жалпы режимге ауыстыру туралы мәселенi де шешедi. Тәрбиелеу колонияларында сотталған адамдарды бiр жағдайдан екiншi жағдайға ауыстыру осы кодекстiң  128-бабына  сәйкес жүргiзiледi.
      5. Сотталушы түзеу колониясындағы жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына немесе түрмедегi режимнiң қатаң түрiне ауыстыруға келiспеген жағдайда ол ауыстыру туралы заңда белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.
       Ескерту. 82-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       83-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ
                өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды
                сатып алуы

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды жазасын өтеу кезеңiнде тапқан ақшасына, сондай-ақ алатын зейнетақылары мен әлеуметтiк жәрдемақыларының есебiнен шектеу қоюсыз қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына болады. 
      2. Осы баптың 4-тармағында көрсетiлген адамдарды қоспағанда, сотталған адамдардың жұмсауына рұқсат етiлетiн ақшаның жалпы сомасы, олардың жазасын өтеу кезiнде тапқанын қоспағанда, осы Кодекстiң 117, 119, 121, 127, 129-баптарымен реттеледi. 
      3. Рұқсат етiлген ақша сомасы ағымдағы айда жұмсалмаған жағдайда сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды жұмсалмаған сомаға кейiнгi айларда сатып алуына болады. 
      4. Жүктi әйелдердiң, жанында балалары бар әйелдердiң, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер мен емдеу түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталған адамдардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттың есебiнен шектеусiз сатып алуына болады.
      5.  алып тасталды
      6. Сотталғандарға сатуға тыйым салынған тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттардың тiзбесi және олардың саны түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
       Ескерту. 83-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       84-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                кездесулерi

      1. Сотталғандарға түзеу мекемесiнiң аумағында ұзақтығы екi сағаттан төрт сағатқа дейiн қысқа мерзiмдi, ұзақтығы бiр тәулiктен үш тәулiкке дейiн ұзақ кездесулер берiледi. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотталғандарға түзеу мекемесiнен тыс тұру арқылы ұзақтығы бес тәулiк болатын ұзақ мерзiмдi кездесулер берiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда кездесудiң тәртiбi мен өтетiн жерiн түзеу мекемесiнiң бастығы белгiлейдi. 
      2. Туған-туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi. Ұзақ кездесулер жұбайымен /зайыбымен/ және жақын туыстарымен /ата-аналар, балалар, асырап алғандар, асырап алынғандар, ағалы-iнiлiлер, апалы-сiңлiлер, атасы, әжесi, немерелерi/, ерекше жағдайларда түзеу мекемесi бастығының рұқсаты бойынша өзге адамдармен бiрге тұру құқығымен берiледi. 
      3. Сотталғандарға өздерiнiң өтiнiшi бойынша ұзақ кездесудi қысқа мерзiмдiсiмен, ал тәрбиелеу колонияларында мекемеден тыс бiрге тұратын ұзақ кездесудi - колониядан тысқары шығатын қысқа мерзiмдiсiмен ауыстыруға рұқсат етiледi. Ауыстыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi. 
      4. Сотталғандарға заң көмегiн алу үшiн олардың арызы бойынша адвокаттармен кездесуге рұқсат берiледi. Сотталушы мен адвокаттың қалауы бойынша кездесудi оңаша беруге болады. 
       Ескерту. 84-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       85-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен
                бандерольдер алуы

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 117, 119, 121, 123, 129-баптарында белгiленген мөлшерде посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуға рұқсат етiледi. Бiр посылканың немесе бандерольдың ең жоғары салмағы почта ережелерiмен айқындалады. Бiр сәлемдеменiң салмағы бiр посылкаға белгiленген салмақтан аспауға тиiс. 
      2. Ауру сотталғандардың, I және II топтағы мүгедектердiң, жүктi сотталған әйелдер мен балалары түзеу мекемесiнiң балалар үйлерiнде жүрген сотталған әйелдердiң мөлшерi мен түр-түрi медициналық қорытындыда белгiленген қосымша посылкалар мен сәлемдемелер алуына болады. 
      3. Сотталғандардың медициналық қорытындыға сәйкес алатын дәрiлiк заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдары осы баптың 1-тармағында айқындалған посылкалардың, сәлемдемелер мен бандерольдердiң санына қосылмайды. Олар сол сотталғандарды емдеу үшiн түзеу мекемесiнiң медициналық бөлiмiне жiберiледi. 
      4. Посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер тексерiледi. 
      5. Сотталғандардың посылкаларды, сәлемдемелер мен бандерольдердi алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi.
      6. Сотталғандар түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен посылкалар мен бандерольдер жөнелте алады.
       Ескерту. 85-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244  Заңымен. 

       86-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың хат
                алысуы, ақша аударымдарын жiберуi мен алуы

      1. Сотталғандарға хаттар мен жеделхаттарды санына шек қоймай өз есебiнен алуға және жiберуге рұқсат етiледi.
      2. Сотталғандардың жiберген және алған хат-хабарын цензура уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен тексередi.
      3. Туыстар болып табылмайтын, бас бостандығынан айыру орындарында ұсталушы сотталғандардың арасында хат алысуға түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жол берiледi.
      4. Сотталғандар ақша аударымдарын алуға, сондай-ақ жақын туыстарына, ал әкiмшiлiктiң рұқсатымен ақша аударымын өзге адамдарға жiберуге құқылы.
       Ескерту. 86-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       87-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                телефон арқылы сөйлесуi

      1. Сотталған адамның телефон арқылы әр сөйлескенде ұзақтығы он бec минутқа дейiн сөйлесуге құқығы бар. Телефон арқылы сөйлесу ақысы сотталғандардың немесе олардың жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының жеке қаражатынан төленедi.
      2.  (алып тасталды)
      3. Қатаң ұстау жағдайындағы сотталғандарға, сондай-ақ жазалау шарасын айыптылық, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда және жалғыз адамдық камераларда өтеушiлерге телефон арқылы сөйлесуге ерекше жеке жағдайлар кезiнде ғана рұқсат етiлуi мүмкiн. 
      4. Түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандардың арасында телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады. 
      5. Сотталғандардың телефон арқылы сөйлесуiн түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi бақылайды.
        Ескерту. 87-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       88-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                әдебиеттер және жазу керек-жарағын сатып алуы
                мен сақтауы

      1. Сотталғандардың бандерольдарда, посылкалар мен сәлемдемелерде жазу керек-жарақтарын алуына, сауда желiсi арқылы әдебиеттер сатып алуына, сондай-ақ жеке шотындағы қаражат есебiнен газеттер мен журналдарға шек қоюсыз жазылуға рұқсат етiледi. 
      2. Сотталғандарға конституциялық құрылысты күштеп өзгертудi, Республиканың тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, дiни, әлеуметтiк және рулық артықшылықты, сондай-ақ қаталдық пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттайтын басылымдарды, сондай-ақ әдепсiздiк сипаттағы басылымдарды алуға, сатып алуға, оларға жазылуға, сақтауға және таратуға тыйым салынады. 
      3. Сауда желiсi арқылы сатып алынатын әдебиет сотталушы алуға құқылы посылкалар мен бандерольдардың санына кiрмейдi. 
      4. Сотталушыға өзiнде он данадан аспайтын кiтап пен журнал ұстауына рұқсат етiледi. 
      5. Саны осы баптың 4-тармағында аталған мөлшерден артық әдебиеттi сотталушы сақтауға өткiзедi не оның келiсiмiмен түзеу мекемесi кiтапханасының пайдаланылуына берiледi. 

       89-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                сейiлдеуi

      1. Жабылатын үй-жайларда, айыптылық оқшаулау орындарында, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда, жалпы және жалғыз адамдық камераларда бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандардың, егер олар ашық жерде жұмыс iстемейтiн болса, ұзақтығы осы Кодекстiң 114, 117, 119, 121, 123, 127-баптарымен белгiленген уақытта сейiлдеуге құқығы бар. 
      2. Сотталғандардың сейiлдеуi күндiзгi уақытта түзеу мекемесi аумағының арнайы жабдықталған бөлiгiнде өткiзiледi. Сейiлдеу сотталғандар түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiн бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. 

       90-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                кинофильмдер мен телехабарлар көруi,
                радиохабарлар тыңдауы

      1. Жазасын түрмеде өтеушiлердi қоспағанда, бас бостандығынан айыруға сотталғандарға, сондай-ақ айыптылық оқшаулау орындарына, камералық үлгiдегi үй-жайларға және жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандарға аптасына кемiнде бiр рет кинофильмдер көрсетiледi. 
      2. Айыптылық оқшаулау орындарына, камералық үлгiдегi үй-жайларға және жалғыз адамдық камераларға көшiрiлгендердi қоспағанда, сотталғандарға күн тәртiбiмен түнгi демалыс үшiн бөлiнген уақыттан басқа жұмыстан бос сағаттарда телехабарлар көруге рұқсат етiледi. 
      3. Сотталғандар мен сотталушылар топтарының өз қаражаттарының есебiнен сауда желiсi арқылы теледидар қабылдағыштары мен радиоқабылдағыштар сатып алуына немесе оларды туған-туыстарынан және өзге адамдардан алуына болады. 
      4. Сотталғандарға күн тәртiбiмен түнгi демалысқа бөлiнген уақыттан басқа жұмыстан бос сағаттарда радиохабарлар тыңдауға рұқсат етiледi. Тұрғын үй-жайлар, тәрбие жұмысы бөлмелерi, демалыс бөлмелерi, жұмыс үй-жайлары, айыптылық оқшаулау камералары, камералық үлгiдегi үй-жайлар, жалғыз адамдық камералар түзеу мекемесiнiң қаражаты есебiнен радионүктелермен жабдықталады. 

       91-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруi

      1. Бас бостандығынан айыруды түзеу және тәрбиелеу колонияларында өтеушi, сондай-ақ тергеушiлiк оқшаулау орындары мен түрмелерде шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмысқа қалдырылған, өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандарға, егер бұл олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша қажет болса, күзетiлетiн аумақтан тыс жерде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруiне рұқсат етiлуi мүмкiн. 
      2. Қайталап аса қауiптi қылмыс жасап сотталғандарға; өлiм жазасы түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандарға; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; белгiлi бiр түзеу мекемесiнде кемiнде алты ай болған сотталғандарға; жазалары алынбаған немесе өтелмеген сотталғандарға; аса ауыр қылмыстары үшiн сотталғандарға; сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға; ұстаудың қатаң жағдайларындағы сотталғандарға; жазасын өтеу кезеңiнде қасақана жасаған қылмыстары үшiн сотталғандарға; алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген сотталғандарға күзетiлетiн аумақ шегiнен айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруге жол берiлмейдi.
       Ескерту. 91-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       92-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығын
                беру тәртiбi

      1. Сотталушыға түзеу мекемесiнiң аумағынан тысқары айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығы түзеу мекемесi бастығының дәлелдi қаулысымен берiледi. 
      2. Айдауылсыз немесе қосып ертпей жүру құқығын пайдаланушы сотталғандар бөлек тұрғын үй-жайларда орналастырылуға тиiс. Оларға түзеу мекемесiнiң шегiнен тысқары, бiрақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының келiсiмiмен түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi белгiлеген шекте жатақханаларда тұруға рұқсат етiлуi мүмкiн.
      3. Түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс жерде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүруге рұқсат берiлген сотталғандардың iс-қылығы түзеу мекемесiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен реттеледi. 
      4. Сотталушы iс-қылық ережелерiн бұзған жағдайда не жұмысының сипаты өзгерген кезде айдауылсыз немесе қосып ертпей жүрудiң түзеу мекемесi бастығының қаулысымен күшi жойылады.
       Ескерту. 92-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       93-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың түзеу
                мекемелерiнiң шегiнен тысқары жол жүруi

      1. Түзеу және тәрбиелеу колонияларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмысты жүргiзу үшiн белгiленген тәртiппен тергеушiлiк оқшаулау орындары мен түрмелерде қалдырылған сотталғандарға түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары: ерекше жеке жағдайларға байланысты (жақын туысының өлуi немесе науқастың өмiрiне қатер төндiрiп ауыр сырқаттануы; сотталушыға немесе оның отбасына елеулi материалдық залал келтiрген табиғи зiлзала); сондай-ақ босатылғаннан кейiнгi еңбек және тұрмыстық жайласу мәселелерiн алдын ала шешу үшiн бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге - қысқа мерзiмдi; жыл сайынғы ақылы демалыс уақытында, ал жұмыс iстемейтiн адамдарға заңға сәйкес демалыс мерзiмiне тең мерзiмге - ұзақ мерзiмдi жол жүруiне рұқсат етiлуi мүмкiн. 
      2. Түзеу колонияларының балалар үйлерiнде балалары бар сотталған әйелдерге балаларын туған-туыстарына не балалар үйiне орналастыру үшiн бару-қайту жолына қажет уақытты есептемегенде, түзеу мекемелерiнiң шегiнен тысқары жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмге қысқа мерзiмдi жол жүруге, түзеу колониясынан тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар сотталған әйелдерге олармен кездесуi үшiн жылына дәл сондай мерзiмге бiр рет қысқа мерзiмдi жол жүруге рұқсат етiлуi мүмкiн. 
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған негiздер бойынша жол жүруге аса қауiптi қайталап қылмыс жасап сотталғандарға; өлiмге кесу түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегушi деп танылғандарға; алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден, соз ауруынан емделудi аяқтамағандарға рұқсат берiлмейдi. 
      4. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегушi сотталғандарға, I және II топтардағы мүгедектер болып табылатын және денсаулық жағдайына қарай үнемi күтiмдi қажет етушi сотталғандарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандарға түзеу мекемесiнiң шегiнен тысқары жол жүруге туысының ерiп жүруiмен немесе өзге адамның ерiп жүруiмен рұқсат етiледi. 
      5. Сотталушының ерекше жеке жағдайларға байланысты қысқа мерзiмдi жол жүруi туралы өтiнiшi бiр тәулiктен кешiктiрiлмей қаралуға тиiс. Қысқа мерзiмдi жол жүруге арналған рұқсатты сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып, түзеу мекемесiнiң бастығы бередi. 
      6. Сотталушының түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс болған уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. 
      7. Сотталушының бас бостандығынан айыру орнынан тыс жолының шығындары оның жеке шотында бар қаражатынан төленедi не өзге адамдар төлейдi. Сотталушының түзеу мекемесiнен тыс болған уақыты үшiн оған табыс есептелмейдi. 
      8. Сотталушының белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын күтпеген жағдайлар туындаған ретте сотталушының болған жерiндегi iшкi iстер органы бастығының дәлелдi қаулысымен түзеу мекемесiне оралу мерзiмi түзеу мекемесi әкiмшiлiгiне қабылданған шешiм туралы мiндеттi түрде шұғыл мәлiмденiп, бес тәулiкке дейiн ұзартылуы мүмкiн. 
      9. Сотталғандарға бас бостандығынан айыру орнынан тыс қысқа мерзiмдi жол жүрудiң тәртiбi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. 
      10. Сотталушы түзеу мекемесiне белгiленген мерзiмде оралудан жалтарған кезде оны жазасын өтеу орнына айдап апару немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн болған жерi бойынша прокурордың санкциясымен оны отыз тәулiктен аспайтын мерзiмге iшкi iстер органы ұстауға тиiс. 
      11. Сотталғандардың басқа мемлекеттiң аумағына жол жүруiне тиiстi мемлекеттермен келiсiмдерде көзделген тәртiп пен жағдайларда рұқсат етiледi.
      Ескерту. 93-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       94-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
                мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру әлеуметтiк
                және зейнетақымен қамтамасыз ету

      1. Еңбекпен айналысушы бас бостандығынан айыруға сотталғандар мiндеттi мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыруға жатады, ал әйелдер жүктiлiгi мен тууы бойынша жалпы негiздерде жәрдемақылармен қамтамасыз етiледi. 
      2. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әлеуметтiк және зейнетақымен қамтамасыз етiлуге құқығы бар. 
      3. Бас бостандығынан айыруға дейiн зейнетақы тағайындалған, сондай-ақ жазасын өтеу кезiнде еңбек қабiлетiн жоғалтқан адамдарды әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi. 
      4. Сотталғандардың зейнетақылары мен жәрдемақыларынан ұсталынып қалады. Зейнетақылар мен жәрдемақылардан ұстап қалудың негiзi, түрлерi мен тәртiбi, сондай-ақ ұсталып қалғанның бәрiне қарамастан сотталушының жеке шотына есептелетiн зейнетақылар мен жәрдемақылардың ең төменгi процентi осы Кодекстiң 103-бабымен белгiленедi. 
      5. Бас бостандығынан айыруды түзеу мекемелерiнде өтеушi сотталғандар жөнiнде ерiктi медициналық сақтандырудың қолданылуы түзеу мекемелерiнде болу мерзiмi аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады. 

       95-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                материалдық-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етiлуi

      1. Бiр сотталушыға шаққандағы тұрғын алаңның нормасы түзеу колонияларында - екi шаршы метрден, түрмелерде - екi жарым шаршы метрден, әйелдердi ұстауға арналған колонияларда - үш шаршы метрден, тәрбиелеу колонияларында - үш жарым шаршы метрден, мәжбүрлеп түзеудi жүзеге асыратын түзеу мекемелерiнде үш шаршы метрден кем болмауы керек. 
      2. Сотталғандарға жеке жатын орындары мен төсектiк керек-жарақтар берiледi. Олар жынысы және климат жағдайлары ескерiлiп, маусымдық киiммен, iш киiммен және аяқкиiммен қамтамасыз етiледi. 
      3. Сотталғандарды тамақпен және материалдық-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. Сотталған адамдар мемлекет есебiнен тамақпен, киiммен және бiрiншi кезекте қажеттi заттармен қамтамасыз етiледi. Сотталғандарды еңбекке тартушы кәсiпорындардың қаражаты есебiнен оларға белгiленген нормадан тыс қосымша тамақтандыру ұйымдастырылуы мүмкiн. 
      4.  алып тасталды
      5. Жүктi әйелдерге, бала емiзушi аналарға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ аурулар мен I және II топтағы мүгедектерге жақсартылған тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасалады және тамақтың көтерiңкi нормасы белгiленедi. 
      6.  алып тасталды
      7. Тамақ өнiмдерiн және бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға жұмсауға рұқсат етiлетiн, осы Кодекстiң 83, 117, 119, 121, 127, 129-баптарында белгiленген ақша сомасынан тыс сотталғандардың жеке шоттарындағы қаражаттан түзеу мекемелерiнде пайдалануға рұқсат етiлген аяқкиiм мен киiмдi, оның iшiнде спорттық киiмдi қосымша сатып алуына, қосымша емдеу-профилактикалық және өздерiнiң қалауы бойынша нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген өзге де қосымша қызметтерге ақы төлеп, медициналық көрсету бойынша қажеттi диеталық тамақ алуына болады.
       Ескерту. 95-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       96-бап. Сотталған жүктi әйелдердi, бала емiзушi
                сотталған аналарды және балалары бар сотталған
                әйелдердi материалдық-тұрмыстық жағынан
                қамтамасыз етудiң ерекшелiктерi

      1. Балалары бар сотталған әйелдер жазасын өтеп жатқан түзеу мекемелерiнде балалар үйлерi ұйымдастырылуы мүмкiн. Түзеу мекемелерiнiң балалар үйлерiнде балалардың қалыпты тұруы мен дамуы үшiн қажеттi жағдайлар қамтамасыз етiледi. Сотталған әйелдер түзеу мекемелерiндегi балалар үйлерiне өздерiнiң үш жасқа дейiнгi балаларын орналастырып, олармен жұмыстан бос уақытында шек қоюсыз бiрге бола алады. Оларға балаларымен бiрге тұруға рұқсат берiлуi мүмкiн. 
      2. Сотталған әйелдердiң келiсiмiмен олардың балалары туған-туыстарына немесе қорғаншы және қамқоршы органдардың шешiмi бойынша өзге адамдарға берiлуi не балалары үш жасқа толған соң тиiстi балалар мекемелерiне жiберiлуi мүмкiн. 
      3. Егер түзеу мекемесiнiң балалар үйiндегi бала үш жасқа толса, ал анасының жазасын өтеу мерзiмiнiң аяқталуына бiр жылдан аспайтын уақыт қалса, емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi баланың балалар үйiнде болу уақытын анасының жазасын өтеу мерзiмi аяқталған күнге дейiн ұзарта алады. 
      4. Сотталған жүктi әйелдер мен бала емiзушi сотталған аналардың саны мен түр-түрi медициналық қорытындыда айқындалған қосымша азық-түлiк посылкалары мен сәлемдемелерiн алуына болады. Сотталған жүктi әйелдер, сотталған әйелдер тууы уақытында және туғаннан кейiнгi кезеңде мамандандырылған көмек алуға құқылы. 

       97-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                медициналық-санитариялық жағынан қамтамасыз
                етiлуi

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға санитариялық-індетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралар жүргiзу және медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады және берiледi.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесiнде сотталған адамдарға медициналық қызмет көрсету үшiн емдеу-профилактика мекемелерi (ауруханалар, арнаулы психиатрия және туберкулездi емдеу ауруханалары; медициналық бөлiмдер, медициналық пункттер), ал туберкулезбен ауыратын сотталған адамдарды ұстау және емханада емдеу үшiн емдеу құқығындағы түзеу мекемелерi ұйымдастырылады. Алкогольге салынумен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын сотталған адамдарды мәжбүрлеп емдеу түзеу колонияларының медициналық бөлiмiнде жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталғандардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ететiн, белгiленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың орындалуы үшiн жауапты болады. 
      4. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жеке және жалпы гигиена ережелерiн, санитария талаптарын орындауға мiндеттi. 
      5. Сотталғандарға медициналық көмек көрсетудiң, санитариялық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргiзудiң, денсаулық сақтау органдарының емдеу-профилактикалық және санитариялық-профилактикалық мекемелерiн пайдаланудың және осы мақсаттар үшiн олардың медицина қызметкерлерiн тартуының тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi мен уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      6. Қылмыстық-атқару жүйесi мекемесiнде жазасын өтеп жүрген шетелдiк қайтыс болған жағдайда мекеменiң әкiмшiлiгi бас бостандығынан айыру орындарында заңдардың қолданылуын қадағалауды жүзеге асыратын прокурорға, сондай-ақ қайтыс болған адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң елшiлiгiне немесе өзге өкiлдiгiне дереу жазбаша түрде хабарлайды. 
       Ескерту. 97-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05.  N 47 , 2001.07.16.  N 244 , 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       98-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                материалдық жауаптылығы

      1. Жазасын өтеу уақытында мемлекетке, түзеу мекемесiне немесе заңды және жеке тұлғаларға материалдық залал келтiрген жағдайда сотталғандар заңда белгiленген тәртiппен материалдық жауапты болады. 
      2. Сотталушы мемлекетке, түзеу мекемесiне келтiрген залалын, қашып шығушыны тыюға, сондай-ақ өзiнiң денсаулығына қасақана зиян келтiрiлген жағдайда өзiн емдеуге байланысты қосымша шығындарды өтеуге тиiс. 
      3. Келтiрiлген материалдық залал үшiн дұрыс ұсталмаған сома сотталушының жеке шотына есептелiп, оған қайтарылуға жатады. 

  14-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГI, КӘСIПТIК БIЛIМI ЖӘНЕ КӘСIПТIК ДАЯРЛЫҒЫ

       99-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегi

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бәрi түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi белгiлеген орындар мен жұмыстарда еңбек етуге мiндеттi. Сотталғандар өздерiн тиiстi күзетпен және оқшаулаумен қамтамасыз еткен жағдайда түзеу мекемелерiнiң кәсiпорындарында, мемлекеттiк кәсiпорындарда немесе өзге де меншiк нысанындағы кәсiпорындарда жұмысқа тартылады. Сотталғандар дербес еңбек қызметiмен айналысуға құқылы. 
      2. Сотталғандарға еңбек жанжалдарын шешу мақсатында жұмысты тоқтатуға тыйым салынады. Жұмыстан бас тарту немесе жұмысты тоқтату жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылық болып табылады және жазалау мен материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғуы мүмкiн. 
      3. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарды жынысын, жасын, еңбекке қабiлетi мен мүмкiндiгiнше мамандығын ескере отырып, еңбекке орналастырады. 
      4. Сотталған еркектер мен әйелдер, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер еңбекке Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес тартылады. 
      5. Жазасын түрмеде өтеушi сотталғандардың еңбегi түрме аумағында ғана ұйымдастырылады. 
      6. Сотталғандар тартылатын өндiрiстiк қызмет оларды оқшаулау мен күзету талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылады және түзеу мекемелерiнiң негiзгi мiндетiн - сотталғандарды түзеудi орындауына кедергi келтiрмеуге тиiс. 
      7. Сотталғандарды пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар мен қызметтер тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. 
      8. Түзеу мекемелерiнiң ұйымдарында еркiн жалданатын инженер-техника қызметкерлер мен бiлiктi жұмысшылардың еңбегiн пайдалануға жұмыс iстеушi сотталғандар санының 15 процентiне дейiнгi шекте жол берiледi. 

       100-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар
                 еңбегiнiң жағдайлары

      1. Түзеу мекемелерiнде жазасын өтеушi адамдар үшiн апталық жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарында белгiленген нормадан аспауы керек. Жұмыстың (ауысымның) басталу және аяқталу уақыты әкiмшiлiк белгiлейтiн ауысымдылық кестесiмен айқындалады. Сотталғандар еңбек туралы заңдарға сәйкес демалыс және мереке күндерi жұмыстан босатылады. 
      2. Сотталғандарды демалыс және мереке күндерi жұмысқа тарту қажет болған кезде оларға ай iшiнде басқа күндерi демалыс берiледi. 
      3. Сотталғандардың орындайтын жұмысының сипаты ескерiлiп, тәрбиелеу колонияларын қоспағанда, жұмыс уақытын жинақтап есептеуге жол берiледi. Есептi кезеңдегi жұмыс уақытының орташа ұзақтығы заңмен белгiленген күн сайынғы жұмыс ұзақтығынан аспауға тиiс. 
      4. Тәрбиелеу колонияларында жазасын өтеушi сотталғандардың жұмыс күнiнiң ұзақтығы, оларға апта сайынғы демалыс күндерiнiң, сондай-ақ өндiрiстен қол үзбей жалпы бiлiм беретiн мектепте үлгерiмдi оқушы адамдарға жеңiлдiктердiң берiлуi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес белгiленедi. 
      5. Сотталғандардың ақы төленетiн еңбекке тартылу уақыты олардың еңбек стажына есептеледi. Жұмыс iстелген уақыттың есебiн жүргiзу жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгiне жүктеледi және ол күнтiзбелiк жылдың қорытындысы бойынша жүргiзiледi. Сотталушы белгiленген тапсырмаларды атқарудан ұдайы жалтарған жағдайда уақыттың тиiстi кезеңi жазаны атқарушы мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынысы бойынша сот шешiмiмен оның жалпы еңбек стажынан алынып тасталады. 
      6. Сотталғандардың жыл сайын ақы төленетiн демалыс алуға құқығы бар: оның жазасын тәрбиелеу колонияларында өтеушiлер үшiн - ұзақтығы он сегiз жұмыс күнiне, жазасын өзге де түзеу мекемелерiнде өтеушiлер үшiн - ұзақтығы он бес жұмыс күнiне тең. Демалыстар осы Кодекстiң 93-бабына сәйкес түзеу мекемесiнiң шегiнен тыс жолға шығумен немесе жолға шықпайтын етiп берiледi. 
      7. Зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда немесе ауыр климат жағдайындағы жерлерде орналасқан мекемелердегi жұмыстарда жұмыс нормасын асыра орындаған немесе белгiленген тапсырмаларды үлгiлi орындаған сотталғандарға демалысының ұзақтығын түзеу колониясының әкiмшiлiгi он сегiз жұмыс күнiне дейiн көбейтуi мүмкiн. 
      8. Сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен белгiленген еңбектi қорғау, қауiпсiздiк техникасы және өндiрiстiк санитария ережелерiн сақтай отырып ұйымдастырылады. 

       101-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                 еңбегiне ақы төлеу

      1. Сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбегiне ақы төленуге құқығы бар. 
      2. Жұмыс уақытының сол кезеңге белгiленген нормасын толық iстеген және өздерiнiң еңбек мiндеттерiн (еңбек нормаларын) орындаған сотталғандардың айлық жалақысы белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен төмен болмауы керек. 
      3. Толық емес жұмыс күнiнде немесе толық емес жұмыс аптасында еңбекке ақы төлеу жұмыс iстеген уақытқа пропорциялы түрде немесе iстелген жұмысқа қарай жүргiзiледi. 

       102-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
                 еңбегiне ақы төленбейтiн жұмыстарға тарту

      1. Сотталғандар тек түзеу мекемелерiн және оларға жапсарлас аумақтарды көркейту жөнiндегi, сондай-ақ мәдени-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөнiндегi жұмыстарға ғана еңбегiне ақы төленбей тартылады. Аталған жұмыстардан бас тарту осы Кодекстiң 111-бабында көзделген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
      2. Сотталғандар бұл жұмыстарға әдетте жұмыс уақытынан тыс кезде кезектiлiк тәртiбiмен тартылады және оның ұзақтығы аптасына екi сағаттан аспауға тиiс. Сотталғандардың қалауы бойынша жұмыстың ұзақтығы арттырылуы мүмкiн.
       Ескерту. 102-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       103-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың
                 кiрiсiнен ұстап қалу

      Сотталған адамдардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақысынан және өзге де кiрiстерiнен атқару парақтары немесе басқа да атқару құжаттары бойынша сомаларды ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
      Түзеу мекемелерiнде сотталған адамдардың жеке шотына ұстап қалғаннан кейiн оларға есептелген жалақының, зейнетақының немесе өзге де кiрiстерiнiң кемiнде елу процентi аударылады.
       Ескерту. 103-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       104-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 кәсiптiк бiлiм беру және оларды кәсiптiк
                 даярлау

      1. Түзеу мекемелерiнде кәсiбi (мамандығы) жоқ сотталғандарды сол мекемеде немесе босанған соң сотталушы жұмыс iстей алатын бастапқы кәсiптiк бiлiм беру немесе кәсiптiк даярлау жүзеге асырылады. 
      2. Жұмыс iстеуге тiлек бiлдiрген I және II топтағы мүгедектер, 60 жастан асқан еркектер мен 55 жастан асқан әйелдер кәсiптiк даярлауға тартылуы мүмкiн.
      3. Сотталғандардың кәсiптiк бiлiм алу мен кәсiптiк даярлауға көзқарасы олардың түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде ескерiледi.
      4. Сотталғандарға кәсiптiк бiлiм беру мен оларды кәсiптiк даярлау бiлiм мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша Әділет министрлiгi белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 104-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244  Заңымен. 

  15-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА ТӘРБИЕЛIК ЫҚПАЛ ЕТУ

       105-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен
                 тәрбие жұмысы

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысы оларды түзеуге, сотталғандардың қоғамдық пайдалы қызметпен айналысуға ұмтылысын, еңбекке адал көзқарасын қалыптастыруға, заңдардың талаптарын және қоғамда қабылданған басқа да мiнез-құлық ережелерiн сақтауға, сотталғандардың бiлiмiн, олардың бiлiм және мәдени деңгейiн арттыруға және одан әрi дамытуға бағытталған. 
      2. Сотталғандардың жүргiзiлген тәрбие шараларына қатысуы олардың түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезiнде ескерiледi. 
      3. Түзеу мекемесiнiң күн тәртiбiнде сотталғандардың қатысуы мiндеттi тәрбие шаралары көзделуi мүмкiн. 
      4. Сотталғандармен тәрбие жұмысы түзеу мекемесiнiң түрi, жазалау мерзiмi, ұстау жағдайлары, олардың жеке басының дара ерекшелiктерi және олардың жасаған қылмыстарының мән-жайлары ескерiле отырып, саралап жүргiзiледi. 

       106-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен
                 тәрбие жұмысының негiзгi бағыттары, нысандары
                 мен әдiстерi

      1. Түзеу мекемелерiнде адамгершiлiк, құқықтық, еңбек, дене тәрбиесi, сондай-ақ оның сотталғандарды түзеу мақсатына жетуге жағдай тудыратын басқа түрлерi жүргiзiледi. 
      2. Сотталғандармен тәрбие жұмысы психологиялық-педагогикалық әдiстер негiзiнде дара, топтық және жаппай нысандарда ұйымдастырылады. 

       107-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                 өздiгiнен қызмет ету ұйымдары

      1. Сотталғандардың өзiн-өзi басқару элементтерiн дамыту мақсатында түзеу мекемелерiнде сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдары ерiктi негiзде құрылады, олар түзеу мекемелерi әкiмшiлiгiнiң бақылауымен жұмыс iстейдi. 
      2. Сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдарына қатысуы түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде ескерiледi. 
      3. Өздiгiнен қызмет ету ұйымдарының мiндеттерi мыналар болып табылады: қоғамға пайдалы бастамаларды ынталандыру және сотталғандардың түзелуiне ықпал жасау; еңбектi, тұрмысты және бос уақытты ұйымдастыру мәселелерiн шешуге қатысу; тәртiп пен реттiлiктi қолдауда әкiмшiлiкке жәрдемдесу, сотталғандар арасында салауатты өзара қатынасты қалыптастыру; сотталғандарға және олардың туған-туысқандарына әлеуметтiк көмек көрсету. 
      4. Сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдарының мүшелерi қосымша жеңiлдiктер мен артықшылықтарды пайдаланбайды. Өздiгiнен қызмет ету ұйымдары мен олардың мүшелерi түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң өкiлеттiктерiне ие бола алмайды. 
      5. Сотталғандардың өздiгiнен қызмет ету ұйымдарын құру мен олардың жұмысының тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi белгiлейдi. 
      6. Түзеу мекемелерiнде өзiн жақсы көрсеткен сотталғандардың арасынан мекеме ұжымдары мен топтарының кеңестерi құрылады. Түзеу мекемелерiнде қызметi жазаны атқарудың мақсатына, тәртiбi мен ережелерiне қайшы келмесе, сотталғандардың өзге де өздiгiнен қызмет ету ұйымдары құрылуы мүмкiн. 
      7. Түрмелерде және камералық үлгiдегi үй-жайларда ұсталатын сотталғандар арасында өздiгiнен қызмет ету ұйымдары құрылмайды. 
       Ескерту. 107-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       108-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың орта
                 бiлiм алуын ұйымдастыру

      1. Түзеу мекемелерiнде 30 жасқа толмаған сотталғандардың мiндеттi орта бiлiм алуы ұйымдастырылады. 
      2. Отыз жастан асқан сотталғандар мен I және II топтағы мүгедектер орта бiлiмдi өздерiнiң қалауы бойынша алады. 
      3. Емтихан тапсыру үшiн оқушылар Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес жұмыстан босатылады. 
      4. Сотталғандардың орта бiлiм алуға ұмтылысы көтермеленедi және олардың түзелу дәрежесiн анықтау кезiнде ескерiледi. 
      5. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандар орта бiлiм алуға тартылмайды. Оларға өздiгiнен бiлiмiн көтеру үшiн жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiне қайшы келмейтiн жағдайлар жасалады. 
      6. Мектептердiң педагогикалық ұжымдары тәрбие жұмысында түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгiне көмек көрсетедi.
      7. Сотталғандардың орта бiлiм алуын ұйымдастыру бiлiм беру мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша Әділет министрлiгi белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 108-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244  Заңымен. 

       109-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 қолданылатын көтермелеу шаралары

      1. Сотталғандарға жақсы мiнез-құлқы, еңбекке, оқуға адал қарағаны, өзiне-өзi қызмет ету ұйымдарының жұмысына және тәрбие шараларына белсене қатысқаны үшiн мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкiн:
      алғыс жариялау;
      сыйлықпен марапаттау;
      сыйақы беру;
      қосымша посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат беру;
      қосымша қысқа мерзiмдi немесе ұзақ мерзiмдi кездесуге рұқсат беру;
      жүктi әйелдердi, жанында балалары бар әйелдердi, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер мен емдеу түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталған адамдарды қоспағанда, мереке күндерi тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi сомада қосымша ақша жұмсауға рұқсат беру; 
      бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау. 
      2. Колония-қоныстарда жазасын өтеушi сотталғандарға, осы баптың 1-тармағында аталған көтермелеу шараларынан басқа, демалыс және мереке күндерiн колония-қоныстың шегiнен тыс жерде өткiзуге рұқсат беру түрiнде көтермелеу шарасы қолданылуы мүмкiн. 
      3. Жақсы мiнездемелi сотталғандарға осы Кодекстiң 73-бабының 2-тармағында және 82-бабының 4-тармағында көзделген шаралар да қолданылуы мүмкiн.
      4. Құқық бұзбайтын мiнез-құлқы, еңбекке (оқуға) адал қарағаны, көркемөнерпаздар ұйымдарының жұмысына және тәрбиелiк iс-шараларға белсендi қатысқаны, жәбiрленушiнiң денсаулығы мен мүлкiне, мемлекетке келтiрген залалды өтеу жөнiнде шаралар қолданғаны үшiн, сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейтiн сотталған адамдарды сот жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыруға ұсынуы мүмкiн.
      5. Жақсы мiнездемелi сотталғандар жөнiнде кешiрiм жасау туралы өтiнiш қозғалуы мүмкiн.
       Ескерту. 109-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       110-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 көтермелеу шараларын қолдану тәртiбi

      1. Алғыс түрiндегi көтермелеу ауызша немесе жазбаша, қалған көтермелеу - тек жазбаша қолданылады.
      2. Сотталғандарға көтермелеу ретiнде жыл iшiнде қосымша төрт посылкаға немесе сәлемдемеге дейiн алуға рұқсат етiлуi және қосымша төрт қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесулер берiлуi мүмкiн.
      3. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алуға осы Кодекстiң 111-бабының 1-тармағында аталған жазаларды өтей бастаған күнiнен үш айдан ерте жол берiлмейдi.
      Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған сотталған адамдарға қолданылмайды.
       Ескерту. 110-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       111-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 қолданылатын жазалау шаралары

      1. Сотталғандарға жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
      ескерту немесе сөгiс;
      екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде тәртiптiк айыппұл;
      түзеу колонияларында немесе түрмелерде ұсталатын сотталғандарды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге айыптылық оқшаулау орнына шығару; 
      жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларында ұсталатын, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған еркектердi камералық үлгiдегi үй-жайларға, ал қатаң режимдегi колонияларда - алты айға дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру; 
      жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған әйелдердi үш айға дейiнгi мерзiмге камералық үлгiдегi үй-жайларға ауыстыру. 
      2. Бас бостандығынан айыруды колония-қоныстарда өтеушi сотталғандарға жатақханалардан тыс тұру құқығының күшiн жою және жұмыстан бос уақытта отыз күнге дейiн мерзiмге жатақхана шегiнен шығуға тыйым салу түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн. 
      3. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар болып табылатын сотталғандарға осы Кодекстiң 73-бабының 4-тармағында және 82-бабының 4-тармағында көзделген шаралар да қолданылуы мүмкiн. 

       112-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың
                 жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана
                 бұзуы

      1. Сотталушының еңбекақы төленбейтiн жұмыстан негiзсiз бас тартуы; алкогольдi, есiрткiлердi, басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалануы; ұсақ бұзақылық; түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң өкiлдерiн қорқыту, қорлау немесе оларға бағынбау; түзеу мекемелерiнде пайдалануға рұқсат етiлмеген нәрселердi жасау, сақтау немесе беру (алу); құмар ойындарға қатысу; сот тағайындаған мiндеттi емделуден жалтару; емдеу-алдын алу мекемесiнiң iшкi тәртiп ережесiн бұзу; ереуiлдер немесе өзге де топтық бағынбаулар ұйымдастыру, сондай-ақ оларға белсене қатысу; жыныстық сипаттағы лайықсыз iс-әрекеттердi жасауы; осы бапта аталған жөнсiздiктердi жасауға бағытталған сотталғандар топтарын ұйымдастыру немесе оларға белсене қатысу бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзуы болып табылады. 
      2. Алты ай iшiнде айыптық, тәртiптiк оқшаулау орнына, камералық үлгiдегi үй-жайларға не жалғыз адамдық камераға шығару түрiндегi жазаға тартылған сотталушының жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн өзге қайталап бұзушылығы қасақана бұзушылық деп танылуы мүмкiн. 
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған бұзушылықтарды жасаған сотталушы өзiне осы Кодекстiң 111-бабының 1-тармағында және 132-бабында көзделген сотталған адамдарды айып изоляторына, тәртiп изоляторына орналастыру не сотталған еркектердi камералық үлгідегi үй-жайларға немесе жалғыз адамдық камераларға көшiру, сотталған әйелдердi камералық үлгідегі үй-жайларға көшiру сияқты жазалау шаралары тағайындалған жағдайда жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушы деп танылады.
      4. Сотталушы түзеу мекемесi бастығының қаулысымен, айып салумен бiрге тағайындалған жазаны өтеудiң тәртiбiн қасақана бұзушы деп танылады. 
       Ескерту. 112-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       113-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 жазалау шараларын қолдану тәртiбi

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға жазалау шараларын қолдану кезiнде тәртiп бұзуды жасаудың мән-жайы, сотталушының жеке басы және бұрынғы мiнез-құлқы ескерiледi. Қолданылатын жаза әрекеттiң ауырлығы мен сипатына сәйкес болуға тиiс. Жаза әрекет анықталған күннен бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал тексеру жүргiзiлген болса - оның аяқталған күнiнен бастап, бiрақ әрекет жасалған күннен үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады. Жаза әдетте, дереу орындалады және тек ерекше жағдайларда ғана - оны қолданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей орындалады. Бiр тәртiп бұзушылық үшiн бiрнеше жаза қолдануға тыйым салынады. 
      2. Ескерту немесе сөгiс түрiндегi жаза ауызша немесе жазбаша, ал қалған жазалар - тек жазбаша қолданылады. Жаза түзеу мекемесi бастығының немесе оның орнындағы адамның қаулысымен қолданылады. 
      3. Тәртiптiк айыппұл түрiндегi жаза осы Кодекстiң 112-бабының 1-тармағында келтiрiлген жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн ғана қолданылады. Қаулы сотталушыға қол қойдырылып жарияланады. Айыппұлдың өндiрiп алынған сомасы республикалық бюджетке аударылады. 
      4. Сотталушыны камералық үлгiдегi үй-жайға және жалғыз адамдық камераға көшiру онда ұстаудың мерзiмi көрсетiлiп жүргiзiледi. Сотталған адамдарды айып изоляторына, тәртiп изоляторына орналастыру не камералық үлгідегі үй-жайға немесе жалғыз адамдық камераларға ауыстыру оларды айып, тәртiп изоляторында, камералық үлгідегі үй-жайда немесе жалғыз адамдық камерада ұстау мүмкіндiгіне жасалған медициналық куәландырудан кейiн жүргiзiледi.
      5. Камералық үлгiдегi үй-жайға көшiрiлген сотталушыға камералық үлгiдегi үй-жайға көшiруден басқа жазаның барлық шаралары қолданылуы мүмкiн. 
      6. Колонияның балалар үйiнде емiзулi балалары бар әйелдер, жүктiлiгi және тууы бойынша жұмыстан босатылған әйелдер айыптық оқшаулау орнына және камералық үлгiдегi үй-жайларға көшiрiлмейдi. 
      7. Егер сотталушы тәртiптiк жазаны өтеу күнiнен бастап алты ай iшiнде жаңа жазаға тартылмайтын болса, ол жазасы жоқ деп саналады, ал жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушы деп танылған сотталған адам олай деп саналмайды.
       Ескерту. 113-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       114-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
                 айыптық оқшаулау орындарында, камералық
                 үлгiдегi үй-жайларда және жалғыз адамдық
                 камераларда ұстау ережелерi

      1. Айыптық оқшаулау орнына көшiрiлген бас бостандығынан айыруға сотталғандарға кездесуге, телефон арқылы сөйлесуге, тамақ өнiмдерiн сатып алуына, посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алуға тыйым салынады. Олардың күн сайын ұзақтығы бiр сағат сейiлдеуге құқығы бар. 
      2. Жазалау тәртiбiмен камералық үлгiдегi үй-жайға немесе жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандардың: 
      ай сайын тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға бас бостандығын өтеу кезеңiнде тапқан қаражатынан төрт айлық есептi көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға; 
      алты ай iшiнде бiр посылка немесе сәлемдеме мен бiр бандероль алуға; 
      ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға;
      қажеттi медициналық көмек алуға; 
      түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен алты айдың iшiнде бiр қысқа мерзiмдi кездесуге құқығы бар. 
      3. Айыптық оқшаулау орнына шығарылған, камералық үлгiдегi үй-жайға немесе жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандар басқа сотталғандардан бөлек жұмыс iстейдi.
      4. Сотталғандар айыптық оқшаулау орындарынан, камералық үлгiдегi үй-жайлардан немесе жалғыз адамдық камералардан қылмыстық атқару жүйесiнiң емдеу-профилактикалық мекемелерiне, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының емдеу-профилактикалық мекемелерiне көшiрiлген жағдайда олардың аталған емдеу мекемелерiнде болу мерзiмi жазаның өтеу мерзiмiне есептеледi.
       Ескерту. 114-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       115-бап. Түзеу мекемелерiнiң бас бостандығынан айыруға
                 сотталғандарға көтермелеу және жазалау
                 шараларын қолданатын лауазымды адамдары

      1. Осы Кодекстiң 109 және 111-баптарында атап өтiлген көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын түзеу мекемелерiнiң бастықтары немесе олардың орнындағы адамдар пайдаланады.
      2. Топ бастықтарының мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқығы бар:
      алғыс жариялау;
      жылына қосымша бiр посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат ету;
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қосымша ақша жұмсауға рұқсат ету;
      топ бастығының бұрын қолданған жазасын мерзiмiнен бұрын алу.
      3. Топ бастықтарының мынадай жазалау шараларын қолдануға құқығы бар:
      ескерту немесе сөгiс.

  16-тарау. АЛУАН ТҮРЛI ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРIНДЕГI ЖАЗАЛАРДЫ АТҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

       116-бап. Жалпы режимдегi түзеу колониялары

      1. Жалпы режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда осы түзеу мекемесiне келген сотталғандар, сондай-ақ жазасын өтеудiң қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларынан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi. 
      2. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған және дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде алты айын өтегенi бойынша еңбекке адал қараған жағдайда сотталушы жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      3. Өзiнiң түзелгенiн дәлелдеген және тағайындалған жаза мерзiмiнiң жартысын жеңiлдетiлген жағдайларда кемiнде үш айын өтеген сотталғандар жеңiлдiктi жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      4. Дағдылы, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларда жазасын өтеушi сотталған адамдар - жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар қатаң жағдайға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларда жазасын өтеушi сотталған адамдар - жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзушылар дағдылы жағдайға көшiрiледi.
      5. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмысы үшiн сотталған адамдар да бастапқы кезеңде қатаң жағдайларда ұсталады. 
      6. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына көшiру жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған кезде алты айдан ерте жүргiзiлмейдi. 
      7. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына, дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларына қайта көшiру осы баптың 2, 3 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      8. Жалпы режимдегi басқа түзеу колониясынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өздерiне ауыстырылғанға дейiн белгiленген жағдайларда өтейдi. 
       Ескерту. 116-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       117-бап. Жалпы режимдегi түзеу колонияларында жазаны
                 өтеудiң жағдайлары

      1. Жазасын жалпы режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын төрт айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде төрт қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде алты посылка немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын сегiз есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде алты қысқа мерзiмдi және алты ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде он екi посылка немесе сәлемдеме және он екi бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандарға бостандықтағы өмiрге ойдағыдай бейiмделуi мақсатында түзеу колониясы бастығының қаулысымен түзеу колониясы шегiнен тыс қадағалауда арнаулы жатақханаларда тұруға рұқсат етiледi. Олар түзеу мекемесiне iргелес аумақтар шекаралары шегiнде еркiн жүрiп-тұра алады, туған-туыстарымен кездесу құқықтары шектелмейдi. 
      4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеушi сотталғандар жабық үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға ай сайын бас бостандығынан айыруды өтеу кезеңiнде тапқан қаражатын ғана жұмсауға; 
      жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi және екi ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде үш посылка немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға; 
      ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
       Ескерту. 117-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       118-бап. Қатаң режимдегi түзеу колониялары

      1. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда осы түзеу мекемесiне келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудiң қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларынан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi. 
      2. Сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған және дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде тоғыз айын өтеу бойынша еңбекке адал қараған жағдайда жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      3. Өзiнiң түзелгенiн дәлелдеген және тағайындаған жаза мерзiмiнiң үштен екiсi мен кемiнде үш айын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеген сотталғандар жеңiлдiктi жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
      4. Дағдылы, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларда жазасын өтеушi сотталған адамдар - жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар қатаң жағдайға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларда жазасын өтеушi сотталған адамдар - жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзушылар дағдылы жағдайға көшiрiледi.
      5. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмыстары үшiн сотталған адамдар да бастапқы кезеңде қатаң жағдайларда ұсталады. 
      6. Ұстаудың қатаң жағдайларын дағдылы жағдайларға көшiру жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазалары болмаған кезде тоғыз айдан ерте жүргiзiлмейдi. 
      7. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына немесе дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларына көшiру осы баптың 2, 3 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      8. Қатаң режимдегi басқа түзеу колониясынан ауыстырылған сотталғандар жазаларын өздерiне көшiрiлгенге дейiн белгiленген жағдайларда өтейдi.
       Ескерту. 118-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.  

       119-бап. Қатаң режимдегi түзеу колонияларындағы жазаны
                 өтеудiң жағдайлары

      1. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда жазасын өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде үш қысқа мерзiмдi және үш ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде төрт посылка немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын жетi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде төрт қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде алты посылка немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандарға түзеу колониясы бастығының қаулысымен түзеу колониясының шегiнен тыс жерде қадағалауда арнаулы жатақханаларда тұруға рұқсат етiледi. Олар түзеу мекемесiне іргелес аумақтар шекаралары шегiнде еркiн жүрiп-тұра алады, туған-туысқандарымен кездесу құқығы шектелмейдi. 
      4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеушi сотталғандар жабылатын үй-жайларда тұрады. Оларға:
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға ай сайын бас бостандығынан айыруды өтеу кезеңiнде еңбекпен тапқан қаражатын ғана жұмсауға;
      жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi және бiр ұзақ уақыт кездесуге;
      жыл iшiнде екi посылка немесе сәлемдеме және екi бандероль алуға;
      ұзақтығы бiр жарым сағат күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
       Ескерту. 119-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен. 

       120-бап. Айрықша режимдегi түзеу колониялары

      1. Айрықша режимдегi түзеу колонияларындағы дағдылы жағдайларда осы түзеу мекемесiне келген сотталғандар, сондай-ақ қатаң және жеңiлдетiлген жағдайлардан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi. 
      2. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған, еңбекке адал қараған жағдайда дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде бiр жылын өтеуi бойынша сотталғандар жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      3. Дағдылы және жеңiлдетiлген жағдайларда жазасын өтеушi сотталған адамдар - жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар қатаң жағдайға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдетiлген жағдайда жазасын өтеушi сотталған адамдар - жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзушылар дағдылы жағдайға көшiрiледi. <*> 
      4. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмыстары үшiн сотталған адамдар мен аса ауыр қылмыстары үшiн сотталғандар бастапқы кезеңде қатаң жағдайларда ұсталады. 
      5. Қатаң жағдайлардан дағдылы жағдайларға көшiру жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған жағдайда бiр жылдан ерте жүргiзiлмейдi. 
      6. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына немесе дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлген жағдайларына қайта көшiру осы баптың 2 және 5-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      7. Жалпы режимдегi басқа түзеу колониясынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өздерiне ауыстырылғанға дейiн белгiленген жағдайларда өтейдi. 
       Ескерту. 120-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.  

       121-бап. Ерекше режимдегi түзеу колонияларында жазаны
                 өтеудiң жағдайлары

      1. Ерекше режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда жазасын өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi және екi ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде үш посылка немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      2. Ұстаудың жеңiлдетiлген жағдайларында жазасын өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
      жыл iшiнде үш қысқа мерзiмдi және үш ұзақ уақыт кездесуге;
      жыл iшiнде төрт посылка немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға рұқсат етiледi.
      3. Ұстаудың қатаң жағдайларында жазасын өтеушi сотталғандар камералық үлгiдегi үй-жайларда тұрады. Оларға:
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға бас бостандығынан айыруды өтеу кезеңiнде тапқан қаражатын ай сайын жұмсауға;
      жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi кездесуге;
      жыл iшiнде бiр посылка немесе сәлемдеме және бiр бандероль алуға;
      ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайын сейiлдеуге рұқсат етiледi.
       Ескерту. 121-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       122-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруды өтеушi
                 сотталғандарға арналған ерекше режимдегi түзеу
                 колониялары

      Ерекше режимдегi түзеу колонияларында өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ кешiрiм жасау тәртiбiмен өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар жазасын басқа сотталғандардан бөлек өтейдi.

       123-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруды өтеушi
                 сотталғандарға арналған ерекше режимдегi түзеу
                 колонияларында бас бостандығынан айыруды
                 өтеудiң жағдайлары

      1. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, әдетте, камераларға екi адамнан артық орналастырылмайды. Сотталғандардың өтiнiшiмен және өзге де қажеттi жағдайларда түзеу колониясы бастығының қаулысы бойынша сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда олар жалғыз адамдық камераларда ұсталуы мүмкiн. Аталған сотталғандардың еңбегi сотталғандарды камераларда ұстаудың талаптары ескерiле отырып ұйымдастырылады. 
      2. Сотталғандардың ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайынғы сейiлдеуге құқығы бар. Сотталушының мiнез-құлқы үлгiлi және мүмкiндiк болған жағдайда сейiлдеу уақыты екi сағатқа дейiн арттырылуы мүмкiн. 
      3. Түзеу колониясына келген бойда барлық сотталғандар жазаны өтеудiң қатаң жағдайларында орналастырылады. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларына көшiру жазаны өтеудiң қатаң жағдайларында кемiнде он жылын өтеуi бойынша осы Кодекстiң 120-бабының 5-тармағында аталған негiздер бойынша жүргiзiледi. 
      4. Сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларында кемiнде 10 жылын өтеуi бойынша осы Кодекстiң 120-бабының 2-тармағында аталған негiздер бойынша жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      5. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған, жазасын дағдылы және жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына көшiрiледi. Жазаны өтеудiң дағдылы не жеңiлдетiлген жағдайларына қайта көшiру осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi. 
      6. Сотталғандардың дағдылы, жеңiлдетiлген және қатаң жағдайларда жазаны өтеудiң тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қаражат жұмсауына, кездесулердiң саны мен түрiне, посылкалардың, сәлемдемелер мен бандерольдардың санына қатысты бөлiгiндегi тәртiбi осы Кодекстiң 121-бабымен белгiленедi. 

       124-бап. Колония-қоныстар

      1. Абайсызда жасаған қылмыстары үшiн сотталған адамдар колония-қоныстарда жазасын өтейдi; жақсы мiнездемелi сотталғандарға арналған колония-қоныстарда осы Кодекстiң 73-бабында көзделген тәртiппен жалпы және қатаң режимдердегi колониялардан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi. 
      2. Колония-қоныстардың екi түрiнде де дәл сол жағдайларда бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтейдi. 
      3. Сотталған еркектер мен сотталған әйелдер бiр колония-қоныста ұсталуы мүмкiн. Қатысып қылмыс жасап сотталғандар бас бостандығынан айыруды, әдетте, бөлек өтейдi.
       Ескерту. 124-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       125-бап. Колония-қоныстарда бас бостандығынан айыруды
                 өтеудiң жағдайлары

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар колония-қоныстарда: 
      күзетсiз, бiрақ колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң қадағалауында болады; түзеу мекемесiнiң iшкi тәртiбi ережелерiмен ұйқыға бөлiнген уақыттан басқа кезде колония-қоныс аумағы шегiнде еркiн жүрiп-тұру құқығын пайдаланады; колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен eгep олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша не оқуына байланысты қажет болса, түзеу мекемесiне iргелес аумақ шекаралары шегiнде қадағалаусыз жүрiп-тұра алады; азаматтық киiм киiп жүре алады; өзiнде ақша мен бағалы заттар ұстай алады; ақшаны шек қоюсыз пайдаланады; посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алады; санына шек қойылмай кездесе алады; 
      әдетте өздерiне арналған жатақханаларда тұрады. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзуға жол бермеген және отбасы бар сотталғандарға колония-қоныс бастығының қаулысы бойынша түзеу мекемесiне iргелес аумақта, не колония-қоныс орналасқан елдi мекен шегiнде жалға алған немесе өзiнiң тұрғын алаңында отбасымен тұруына рұқсат етiлуi мүмкiн. Аталған сотталғандар тiркелу үшiн колония-қонысқа айына төрт ретке дейiн келуге мiндеттi. Тiркелу кезеңi колония-қоныс бастығының қаулысымен белгiленедi. Сотталғандар тұратын тұрғын үй-жайларда колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң өкiлi кез келген уақытта бола алады; 
      сотталушының жеке басын куәландыратын белгiленген үлгiдегi құжаты болады. Сотталушының жеке басының куәлiгi, төлқұжаты мен басқа да жеке құжаттары олардың жеке iстерiнде сақталады. 
      2. Сотталғандарға тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленген нәрселер мен заттарды колония-қоныс аумағына әкелуге, пайдалануға және сақтауға тыйым салынады. 
      3. Жұмысқа қабылдаудың, жұмыстан босатудың және басқа жұмысқа көшiрудiң ережелерiн қоспағанда, сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен реттеледi. Сотталған адаммен еңбек шартын жасасуды, тоқтатуды және оны басқа жұмысқа ауыстыруды жұмыс берушi колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жүзеге асыра алады.
      3-1. Колония-қоныс әкiмшiлiгi сотталған адамдарды түзеу мекемесiнiң кәсiпорындарына жұмысқа орналастырады. Ондай мүмкiндiк болмаған жағдайда, сотталған адам әкiмшiлiктiң рұқсатымен колония-қоныс шегiнен тыс, бiрақ колония-қоныс орналасқан тиiстi облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) шегiнде орналасқан ұйымдарға колония-қоныс әкiмшiлiгi мен жұмыс берушi арасындағы шарттардың негiзiнде және сотталған адамдарды тиiсiнше қадағалауды қамтамасыз ету жағдайында жұмысқа орналастырылуы мүмкiн. Сотталған адамдар дара еңбек қызметiмен айналыса алады.
      Колония-қоныс әкiмшiлiгi мынадай жағдайларда:
      қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының жазбаша нұсқауы бойынша;
      оны босату кезiнде;
      төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген кезде;
      сотталған адам жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғанда;
      жұмыс берушi шарт бойынша мiндеттемелерiн орындамағанда сотталған адамды жұмыс объектiсiнен шақыртып алуға мiндеттi.
      4. Сотталғандарға колония-қоныс орналасқан тиiстi облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) аумағының шегiнде орналасқан жоғары және орта кәсiптiк бiлiм беру мекемелерiнде сырттай оқуға рұқсат етiледi.
       Ескерту. 125-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.   

       126-бап. Түрмелер

      1. Түрмелерде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеумен бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ жалпы, қатаң және ерекше режимдердегi түзеу колонияларында жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн үш жылға дейiнгi мерзiмге түрмеге көшiрiлген сотталғандар, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгенге дейін немесе мораторий қолданылған уақытта өздеріне қатысты өлім жазасы туралы үкім күшіне енген адамдар ұсталады. Түрмелерде сондай-ақ осы Кодекстiң 72-бабында көрсетiлген негiздер бойынша сондағы сотталғандар ұсталуы мүмкiн. 
      2. Түрмелерде жалпы және қатаң режимдер белгiленедi. 
      3. Қатаң режимде осы түзеу мекемесiне келiп түскен сотталғандар мен жалпы режимнен көшiрiлген сотталғандар ұсталады. 
      4. Сотталған жүктi әйелдер мен жанында жас балалары бар сотталған әйелдердi, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер болып табылатын сотталғандарды қатаң режимде ұстауға болмайды. 
      5. Қатаң режимге жазалау мерзiмiнiң кемiнде бiр жылын өтеуi бойынша сотталғандар жалпы режимге көшiрiлуi мүмкiн. 
      6. Жалпы режимде жазасын өтеушi, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған сотталғандар қатаң режимге көшiрiледi. Жалпы режимге қайта көшiру осы баптың 5-тармағында көзделген тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 126-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.03.10.  N 529  Заңымен.  

       127-бап. Түрмелерде бас бостандығынан айыруды өтеудiң
                 жағдайлары

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар түрмелерде жабылатын жалпы камераларда ұсталады. Сотталғандар қажет болған жағдайларда түрме бастығының дәлелдi қаулысы бойынша және прокурордың келiсiмiмен жалғыз адамдық камераларда ұсталуы мүмкiн. 
      2. Сотталғандарды камералар бойынша орналастыру осы Кодекстiң 75-бабында көзделген талаптар сақтала отырып жүргiзiледi. Өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгенге дейін немесе мораторий қолданылған уақытта өздеріне қатысты өлім жазасы туралы үкім күшіне енген адамдар басқа сотталғандардан оқшау, жалғыз адамдық камераларда ұсталады. Сонымен бiрге жалпы және қатаң режимдегi сотталғандар бөлек ұсталады. Бiр түзеу мекемесiнен екiншiсiне ауыстырылған сотталғандар, шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн түрмеде қалдырылған сотталғандар басқа сотталғандардан оқшау және бөлек ұсталады. 
      3. Түрмелерде ұсталатын сотталғандардың сейiлдеуi камера бойынша күндiзгi уақытта арнайы жабдықталған түрме аумағы бөлiгiнiң ашық ауласында жүргiзiледi. Сотталғанның сейiлдеуi ол iшкi тәртiп ережелерiн бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. 
      4. Жалпы режимде жазасын өтеушi сотталғандарға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
      жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi кездесуге және екi ұзақ уақыт кездесуге;
      жыл iшiнде екi посылка немесе сәлемдеме және екi бандероль алуға;
      ұзақтығы бiр жарым сағаттық сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
      5. Жазасын қатаң режимде өтеушi сотталғандарға:
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
      жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi кездесуге;
      жыл iшiнде бiр посылка мен бiр бандероль алуға;
      ұзақтығы бiр сағаттық сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
      Ескерту. 127-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.03.10.  N 529 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

  17-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ БАС
БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

       128-бап. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеу тәртiбi

      1. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеудiң дағдылы, жеңiлдетiлген, жеңiлдiктi және қатаң жағдайлары белгiленедi. 
      2. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларына тәрбиелеу колонияларына келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудiң қатаң, жеңiлдетiлген немесе жеңiлдiктi жағдайларынан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi. 
      3. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған және еңбек пен оқуға адал қараған кезiнде сотталғандар: 
      бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны алғаш рет өтеушi еркек жынысты адамдар, сондай-ақ әйел жынысты сотталған адамдардың барлық санаты - дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде үш айын өтеуi бойынша; 
      бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеген еркек жынысты адамдар - дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде алты айын өтеуi бойынша дағдылы жағдайлардан жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      4. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған сотталғандар дағдылы жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдетiлген жағдайларға қайта көшiру осы баптың 3-тармағында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      5. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар шартты-мерзiмiнен бұрын босатылуға әзiрленуi үшiн жеңiлдiктi жағдайларға көшiрiледi. 
      6. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандар жеңiлдетiлген немесе дағдылы жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. Жеңiлдiктi жағдайларға қайта көшiру жеңiлдетiлген жағдайларға оралғаннан кейiн алты айдан ерте жүргiзiлмейдi. 
      7. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылар деп танылған сотталғандар дағдылы және жеңiлдетiлген жағдайлардан үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қатаң жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн. 
      8. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмыстары үшiн сотталғандар жазаның алғашқы алты айын қатаң жағдайларда өтейдi, бұдан соң жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазасы болмаған кезде олар дағдылы жағдайларға көшiрiледi. 
      9. Сотталғандарды жазаны өтеудiң бiр жағдайынан екiншiсiне көшiрудi колонияның оқу-тәрбие кеңесiнiң ұсынуы бойынша колония бастығы жүргiзедi, бұған топ тәрбиешiлерi кеңесiнiң ұсынуы бойынша жүргiзiлетiн дағдылы жағдайдан жеңiлдетiлген жағдайға көшiру қосылмайды. 

       129-бап. Тәрбиелеу колонияларында жазаны өтеудiң
                 жағдайлары

      1. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде алты қысқа мерзiмдi және екi ұзақ уақыт кездесуге; 
      жыл iшiнде сегiз посылка немесе сәлемдеме және сегiз бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда немесе құлыпталатын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын он айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға; 
      жыл iшiнде он екi қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ уақыт кездесуге рұқсат етiледi. Тәрбиелеу колониясы әкiмшiлiгiнiң рұқсаты бойынша ұзақ уақыт кездесулердi тәрбиелеу колониясынан тыс жерде өткiзуге болады; 
      жыл iшiнде он екi посылка немесе сәлемдеме және он екi бандероль алуға рұқсат етiледi. 
      3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандар әдетте күзетсiз, бiрақ қадағаланып, тәрбиелеу колонияларынан тыс жерлерде жақсартылған тұрғын үй-жайларда тұрады. Оларға: 
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға жеке шоттарындағы қаражатты шектеусiз жұмсауға;
      ақшаны пайдалануға;
      посылкаларды, сәлемдемелер мен бандерольдарды шектеусiз алуға;
      шектеусiз қысқа мерзiмдi кездесулерге, сондай-ақ жыл iшiнде колониядан тыс тұрып алты ұзақ уақыт кездесуге;
      азаматтық үлгiдегi киiм мен аяқ киiмдi пайдалануға рұқсат етiледi.
      4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеушi сотталғандар оқудан немесе жұмыстан бос уақытында жабылатын оқшауланған тұрғын үй-жайларда тұрады. Оларға:
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
      жыл iшiнде төрт қысқа мерзiмдi кездесуге;
      жыл iшiнде төрт посылка немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға рұқсат етiледi.
       Ескерту. 129-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       130-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 тәрбиелеу колонияларында қолданылатын
                 көтермелеу шаралары

      Жақсы мiнез-құлқы, оқу мен еңбекке адал қарағаны, өздiгiнен қызмет ету ұйымдарының жұмысына және тәрбиелiк шараларға белсене қатысқаны үшiн осы Кодекстiң 109-бабында көзделгендермен қатар сотталғандарға мынадай көтермелеу шаралары қолданылады: 
      колония қызметкерлерi ертiп жүрiп, тәрбиелеу колониясынан тыс жердегi мәдени ойын-сауық және спорт шараларына бару құқығын беру; 
      ата-аналары немесе басқа жақын туыстары ертiп жүрiп, колониядан тыс жерге шығу құқығын беру; 
      тәртiптiк оқшаулау орнынан мерзiмiнен бұрын босату. 

       131-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 тәрбиелеу колонияларында көтермелеу шараларын
                 қолданудың ерекшелiктерi

      1. Көтермелеу ретiнде колония қызметкерлерi ертiп жүрiп, тәрбиелеу колониясынан тыс жердегi мәдени ойын-сауық және спорт шараларына бару немесе ата-аналары немесе басқа жақын туыстары ертiп жүрiп, колониядан тыс жерге шығу құқығы берiлген сотталғандарға өздерiне тиесiлi азаматтық үлгiдегi киiм берiледi. 
      2. Көтермелеу ретiнде түнгi уақытта өткiзiлетiн мәдени ойын-сауық, спорт және өзге де шараларға баруға жол берiлмейдi.
      3. Колониядан тыс жерге шығудың ұзақтығын колонияның бастығы белгiлейдi, бiрақ бұл сегiз сағаттан аспауы керек.

       132-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 тәрбиелеу колонияларында қолданылатын жазалау
                 шаралары

      Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн сотталғандарға осы Кодекстiң 111-бабында көзделгендермен қатар мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
      бiр ай бойы кинофильмдер көру құқығынан айыру;
      оқуға шығарып, жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмге тәртiптiк оқшаулау орнына орналастыру.

       133-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға
                 тәрбиелеу колонияларында жазалау шараларын
                 қолданудың тәртiбi

      1. Тәртiптiк оқшаулау орнына шығарылған сотталғандарға ұзақ уақыт кездесулерге, телефон арқылы сөйлесуге, тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға, посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алуға, стол ойындарын пайдалануға және темекi тартуға тыйым салынады. Олар ұзақтығы екi сағаттық күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға құқылы. 
      2. Тәртiптiк оқшаулау орнына шығарылған сотталғандарға тәртiптiк оқшаулау орнынан шығарудан басқа барлық жазалау шараларын қолдануға болады.
      3. Сотталушыны тәртiптiк оқшаулау орнынан мерзiмiнен бұрын босатуды көтермелеу шарасы ретiнде осы жазалауды қолданған адам шешедi, сондай-ақ медициналық көрсеткiштер бойынша шешiледi.

       134-бап. Сотталғандарға көтермелеу және жазалау
                 шараларын қолданушы тәрбиелеу колониясының
                 лауазымды адамдары

      1. Көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын тәрбиелеу колониясының бастығы немесе оның орнындағы адам толық көлемiнде пайдаланады.
      2. Топтардың бастықтары мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқылы:
      алғыс жариялау;
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қосымша ақша жұмсауға рұқсат ету;
      топ бастығының бұрын қолданған жазасын мерзiмiнен бұрын алу.
      3. Бөлiмшелердiң тәрбиешiлерi мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқылы:
      алғыс жариялау;
      бөлiмше тәрбиешiсiнiң бұрын қолданған жазасын мерзiмiнен бұрын алу.
      4. Топтардың бастықтары мынадай жазалау шараларын қолдануға құқылы:
      ескерту немесе сөгiс;
      бiр ай бойы кинофильмдер көру құқығынан айыру.
      5. Бөлiмшелердiң тәрбиешiлерi мынадай жазалау шараларын қолдануға құқылы:
      ескерту немесе сөгiс.
       Ескерту. 134-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       135-бап. Кәмелетке толған, бас бостандығынан айыруға
                 сотталғандарды тәрбиелеу колонияларында қалдыру

      1. 18 жасқа толған, бас бостандығынан айыруға сотталғандар, әдетте, тәрбиелеу колонияларында қалдырылады, бiрақ олар әрi дегенде 20 жасқа толғанға дейiн болады. 
      2. 18 жасқа толған және тәрбиелеу колонияларында қалдырылған сотталғандарға сотталған кәмелетке толмағандар үшiн жазаны өтеудiң жағдайлары, тамақтандыру және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету нормалары қолданылады. 18 жасқа толған адамдардың еңбек жағдайлары еңбек туралы заңдарға сәйкес белгiленедi. 
      3. 18 жасқа толған сотталғандарды тәрбиелеу колониясында қалдыруды колония бастығының ұсынысы бойынша сот жүргiзедi. 

       136-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
                 тәрбиелеу колонияларынан түзеу колонияларына
                 ауыстыру

      1. 18 жасқа толған, өзiн терiс жағынан көрсеткен сотталғандар жазаларын одан әрi өтеу үшiн тәрбиелеу колониясынан жалпы режимдегi түзеу колониясына ауыстырылуы мүмкiн. 
      2. 18 жасқа толған сотталушыны түзеу колониясына ауыстыру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен сот қабылдайды. 
      3. 20 жасқа толған барлық сотталғандар жазаларын одан әрi өтеу үшiн тәрбиелеу колониясы бастығының қаулысымен тәрбиелеу колониясынан жалпы режимдегi түзеу колониясына ауыстырылады. 

       137-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру

      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу және оларды өз бетiнше өмiр сүруге даярлау мақсатында сотталғандардың бойында заңды бұзбау мiнез-құлқын, еңбек пен оқуға адал қарауды қалыптастыруға, кәсiптiк даярлауға, бiлiмi мен мәдени деңгейiн көтеруге бағытталған бiрыңғай оқу-тәрбие процесi ұйымдастырылады.
      2. Тәрбие жұмысы әрбiр сотталушының жеке басының дара ерекшелiктерi мен бостандықта өмiрге ойдағыдай үйренiсуi ескерiле отырып жүргiзiледi.
      3. Сотталғандардың орта бiлiм алуы мен кәсiптiк даярлануы тәрбиелеу колониясының кешкi мектептерi мен кәсiпорындары негiзiнде жүзеге асырылады.

       138-бап. Тәрбиелеу колонияларының жұмысына қоғамдық
                 бiрлестiктердiң қатысуы

      1. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру және мекеменiң материалдық-техникалық базасын нығайту iсiне, сотталғандарды әлеуметтiк қорғау, босатылатындарды еңбекке және тұрмыста жайғастыру мәселелерiн шешуде колония әкiмшiлiгiне көмек көрсету үшiн тәрбиелеу колониясының жанынан мемлекеттiк кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың өкiлдерiнен қамқоршылық кеңесi құрылады. Қамқоршылық кеңесiн ұйымдастыру мен оның қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ережемен регламенттеледi.
      2. Сотталғандарға тәрбие ықпалының тиiмдiлiгiн арттыру және колония әкiмшiлiгiне көмек көрсету мақсатында тәрбиелеу колониясында топтардың жанынан сотталғандардың ата-аналары мен басқа да жақын туыстарынан ата-аналар комитетi құрылуы мүмкiн. Ата-аналар комитеттерiнiң қызметi тәрбиелеу колониясының бастығы бекiтетiн ережемен реттеледi.

  5 БӨЛIМ. СОТТАЛҒАН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШIЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ӘСКЕРИ
ҚЫЗМЕТ БОЙЫНША ШЕКТЕУ, ҚАМАУ ЖӘНЕ ТӘРТIПТIК ӘСКЕРИ БӨЛIМДЕ
ҰСТАУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАЛАРДЫ АТҚАРУ

  18-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ БОЙЫНША ШЕКТЕУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ

       139-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаны
                 атқарудың тәртiбi мен ережелерi

      1. Соттың үкiмiне сәйкес әскери бөлiмнiң командирi соттан үкiмнiң көшiрмесi мен оны атқару туралы өкiм келiп түскен соң үш күннен кешiктiрмей бұйрық шығарады, онда сотталған әскери қызметшi қандай негiзде және қандай мерзiм iшiнде лауазымды өсiруге және әскери атақ беруге ұсынылмайтыны, кезектi әскери атақ беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына қандай мерзiм есептелмейтiнi түсiндiрiледi. Сонымен бiрге сот үкiмiне сәйкес сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен әскери қызмет бойынша шектеудi өтеу кезеңiнде тиiстi бюджетке қандай мөлшер ұсталып қалатыны көрсетiледi. Бұйрық әскери бөлiмде жарияланады, сотталған әскери қызметшiнiң назарына жеткiзiледi және атқаруға қабылданады. 
      2. Үкiмнiң келiп түскенi туралы, тиiстi бұйрықтың шығарылғаны туралы және оның атқарылуға қабылданғаны туралы әскери бөлiмнiң командирi үкiмдi шығарған сотқа үш күн мерзiмде хабарлайды. Бұйрықтың көшiрмесi сотқа жiберiледi. 

       140-бап. Сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен
                 ұстап қалу

      Сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен соттың үкiмiмен белгiленген ұстап қалу лауазымдық айлықақысынан, әскери атағы бойынша үстемеақысынан, ай сайынғы және өзге үстемеақылары мен басқа да қосымша ақша төлемдерiнен есептеледi. 

       141-бап. Сотталған әскери қызметшiнiң қызметiн өзгерту

      1. Әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған әскери қызметшiнiң жазаны атқару тәртiбiнде соттың үкiмiмен белгiленген мерзiм iшiнде лауазымын жоғарылатуға болмайды. 
      2. Егер жасаған қылмысының сипаты мен өзге де мән-жайлар ескерiле отырып, сотталған әскери қызметшiнi бағыныштыларға басшылық етуге байланысты қызметте қалдыру мүмкiн болмаса, ол әскери бөлiмнiң тиiстi командирiнiң шешiмi бойынша әскери бөлiмнiң iшiнде де, басқа бөлiмге ауыстырылуына байланысты да басқа лауазымға ауыстырылады, бұл туралы үкiмдi шығарған сотқа хабарланады. 

       142-бап. Сотталған әскери қызметшiмен тәрбие жұмысы

      Сотталған әскери қызметшiмен әскери бөлiмнiң командирi жасаған қылмысының сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, сотталған әскери қызметшiнiң жеке басын, сондай-ақ оның мiнез-құлқы мен әскери қызметке көзқарасын ескере отырып тәрбие жұмысын жүргiзедi. 

       143-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаны
                 атқарудың тоқтатылуы

      Соттың үкiмiмен және әскери бөлiм бойынша жарияланған бұйрықпен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн үш күннен кешiктiрмей әскери бөлiмнiң командирi әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаның атқарылуын тоқтату туралы оның тоқтатылатын күнi көрсетiлген бұйрық шығарады. Бұйрықтың көшiрмесi үкiмдi шығарған сотқа жiберiледi.

       144-бап. Әскери қызметтен босатылатын сотталған әскери
                 қызметшiнi әскери қызмет бойынша шектеу
                 түрiндегi жазадан босату немесе оны ауыстыру

      Соттың үкiмiмен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн сотталған әскери қызметшi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша әскери қызметтен босатылуы мүмкiн.
      Бұл жағдайда әскери бөлiм командирi сотқа жазаның өтелмей қалған бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы не жазадан босату туралы ұсыныс жолдайды.

  19-тарау. СОТТАЛҒАН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШIЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚАМАУДЫ АТҚАРУ

       145-бап. Әскери қызметшiлердiң қамауды өтеу орындары

      Қамауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны гаупвахтада өтейдi. Офицерлер, прапорщиктер, мичмандар, сержанттық, старшиналық және қатардағы құрамдардың әскери қызметшiлерi өзге негiздер бойынша гаупвахтада ұсталатын әскери қызметшiлерден бөлек және жеке ұсталады.

       146-бап. Сотталғандарды гаупвахтаға жiберу тәртiбi

      Қамауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны өтеу үшiн үкiмдi атқару туралы соттың өкiмi алынғаннан кейiн әскери жарғыларда белгiленген тәртiппен үш күн мерзiмде гаупвахтаға жiберiлуге тиiс.

       147-бап. Сотталғандарды гаупвахтада ұстаудың тәртiбi
                 мен жағдайлары

      Гаупвахтада ұсталатын сотталған әскери қызметшiлерге қатысты қамау түрiндегi жазаны атқарудың осы Кодекстiң 64-бабында, сондай-ақ әскери жарғыларда белгiленген тәртiбi мен жағдайлары қолданылады.

       148-бап. Сотталғандарға қолданылатын көтермелеу және
                 жазалау шаралары

      1. Сотталғандарға үлгiлi мiнез-құлқы үшiн алғыс немесе бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу түрiнде көтермелеу шаралары қолданылады.
      2. Жазаны өтеу тәртiбiн бұзғаны үшiн сотталушыға сөгiс немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераға көшiру түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн. 
      3. Көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын гарнизонның бастығы мен әскери коменданты пайдаланады. 

       149-бап. Сотталған әскери қызметшiлердiң құқықтық
                 жағдайының ерекшелiктерi

      1. Қамау түрiндегi жазаны өтеу уақыты әскери қызметтiң жалпы мерзiмiне және кезектi әскери атақ беруге арналған еңбек сiңiрген жылдарына есептелмейдi.
      2. Жазаны өтеу уақытында сотталушыны кезектi әскери атақ беруге, жоғары қызметке тағайындауға, жаңа қызмет орнына ауыстыруға және әскери қызметтен босатуға ұсынуға болмайды, бұған денсаулығы бойынша қызметке жарамсыз деп танылған жағдайлар қосылмайды.
      3. Қамауға сотталған әскери қызметшiлерге жазасын өтеу уақытында ақшалай үлес төленбейдi.

  20-тарау. ТӘРТIПТIК ӘСКЕРИ БӨЛIМДЕ ҰСТАУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУДЫҢ ТӘРТIБI МЕН ЖАҒДАЙЛАРЫ

       150-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмдер

      1. Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жазаны жеке тәртiптiк батальондар немесе жеке тәртiптiк роталар атқарады. Тәртiптiк әскери бөлiмдердiң ұйымдық құрылымы мен олардың санын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi. 
      2. Тәртiптiк әскери бөлiмдерге жалпы басшылықты тиiстi құрылымдық бөлiмшелер арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi жүзеге асырады. 
      3. Сотталғандарды тәртiптiк әскери бөлiмдерге жiберу мен қабылдау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады. 
      4. Тәртiптiк әскери бөлiмдерде ұсталатын сотталғандарға осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес негiзгi түзеу құралдары, сондай-ақ әскери оқу қолданылады. 

       151-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмнiң режимi

      1. Сотталған әскери қызметшiлер осы Кодекстiң 12-тарауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген режим талаптарын сақтауға мiндеттi. 
      2. Тәртiптiк әскери бөлiмде жазаны өтеу кезеңiнде барлық сотталғандар өздерiнiң әскери атағы мен бұрынғы қызметiнiң сипатына қарамастан солдаттардың (матростардың) жағдайында болады және сол бөлiмге белгiленген киiм нысаны мен айырым белгiлерi бiрыңғай болады. 

       152-бап. Сотталғандардың кездесулерi

      1. Сотталған әскери қызметшiлердiң қысқа мерзiмдi және ұзақ кездесулерге құқығы бар. 
      2. Туған-туыстарымен және өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер тәртiптiк әскери бөлiм өкiлiнiң бақылауымен тәртiптiк әскери бөлiм командирi белгiлеген күндер мен сағаттарда жұмыс пен сабақтардан бос уақытта арнайы жадбықталған бөлмеде төрт сағатқа дейiнгi созылатын етiп айына екi рет берiледi. 
      3. Ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң арнайы жабдықталған үй-жайында не бөлiм командирiнiң қалауы бойынша одан тыс жерде ұзақтығы үш тәулiкке дейiн бiрге тұру үшiн жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына ғана бiр жыл iшiнде төрт рет берiледi. 
      4. Ұзақ кездесу уақытында сотталғандар жұмыс пен сабақтардан босатылады. 
      5. Сотталушының өтiнiшi бойынша қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi белгiлеген тәртiппен телефон арқылы сөйлесумен ауыстырылуы мүмкiн. 
      6. Сотталғандар заң көмегiн алу үшiн адвокатымен оңаша кездесуге хақылы. Адвокатпен кездесудi уақыт жағынан шектеуге болмайды. 

       153-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен
                 бандерольдар алуы

      1. Сотталғандар айына бiр посылка, кездесу кезiнде сәлемдемелер, ал бандерольдарды - олардың санына шек қоймай алуына құқығы бар. 
      2. Сотталғандардың атына келген посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар ашылады және оның iшiндегiнi тәртiптiк әскери бөлiм өкiлiнiң бақылауымен олар атына жiберiлген сотталғандар алады. 
      3. Посылкадан, сәлемдемеден, бандерольдан табылған, сотталушыда болуға тыйым салынған нәрселер немесе заттар алып қойылады, сотталушының жеке заттарының тiзiмiне енгiзiледi, сөйтiп жаза мерзiмiн өтегенге дейiн оның басқа жеке заттарымен бiрге сақталады. Бұл орайда атылатын және суық қару, оқ-дәрiлер, улы және есiрткi заттар алып қойылады және сотталушыға қайтарылмайды. Мұндай нәрселер мен заттардың табылғаны туралы тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi дереу прокурорға хабарлайды. 
      4. Сотталғандардың атына келiп түскен ақша олардың жеке шоттарына есептеледi. 

       154-бап. Сотталғандардың хат алысуы

      1. Сотталғандарға санына шек қойылмай хаттар мен жеделхаттар алуына және салуына рұқсат етiледi. 
      2. Келген хаттарды тәртiптiк әскери бөлiмнiң өкiлi бередi, сотталғандар оларды соның бақылауымен ашуға мiндеттi. Бұл орайда табылған тыйым салынғандары алып қойылады. Хаттар мен жеделхаттардың мазмұны тексерiлмейдi. 
      3. Сотталғандардың жiберетiн хаттарын ашуға тыйым салынады. 

       155-бап. Сотталғандардың тәртiптiк әскери бөлiмнiң
                 шегiнен тыс жерге қысқа мерзiмдi жол жүруi

      1. Ерекше мән-жайларға - жұбайының (зайыбының), жақын туысының өлуiне немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретiн ауыр сырқатына, сотталушыға немесе оның отбасына елеулi материалдық залал келтiрген зiлзалаға байланысты оған тәртiптiк әскери бөлiмнiң шегiнен тыс жерге бару-қайту жолына кететiн уақытты есептемегенде, ұзақтығы жетi тәулiкке дейiн қысқа мерзiмдi жол жүруге рұқсат берiлуi мүмкiн. Сотталушының тәртiптiк бөлiмнiң шегiнен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. 
      2. Сотталғандарға мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер үшiн көзделген демалыстар берiлмейдi. 

       156-бап. Сотталғандардың еңбегi

      1. Сотталғандар тәртiптiк әскери бөлiмнiң өндiрiстiк кәсiпорындарына (объектiлерiне) не Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейтiн басқа объектiлерге еңбекке тартылады. 
      2. Сотталғандарды әскери кәсiпорындарда жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкiндiк болмаған жағдайда олар режим талаптары сақталып, басқа мемлекеттiк кәсiпорындар мен ұйымдарға еңбекке тартылуы мүмкiн. 
      3. Сотталғандардың еңбегi еңбек туралы заңда белгiленген еңбектi қорғау, қауiпсiздiк техникасы мен өндiрiстiк санитария ережелерi сақтала отырып, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ұйымдастырылады. 
      4. Сотталғандар орындайтын жұмыстарға қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол кәсiпорында (ұйымда) белгiленген нормалар мен бағалар қолданылады. Сотталғандарға есептелген табыс сомалары төленбейдi. 
      5. Сотталғандардың еңбегi үшiн кәсiпорындардың (ұйымдардың) есептеген сомасының 55 процентi тәртiптiк әскери бөлiмге оны абаттандыру, оның өндiрiстiк базасын құру мен дамыту, сотталғандарды материалдық көтермелеу және олардың әлеуметтiк-тұрмыстық мұқтаждарын шешу қорын құру үшiн аударылады, ал қалған бөлiгi мемлекеттiң кiрiсiне аударылады.

       157-бап. Сотталғандарды әскери оқыту

      Сотталғандарды әскери оқыту Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi әзiрлейтiн арнаулы бағдарлама бойынша ұйымдастырылып, жүргiзiледi. Сабақтарды өткiзу үшiн қажеттi оқу-материалдық база құрылады.

       158-бап. Тәрбие жұмысы

      1. Сотталғандармен тәрбие жұмысын тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесi ұйымдастырып, жүргiзедi. Ол осы Кодекстiң 105, 106-баптарында жазылған принциптерде құрылады. 
      2. Сотталғандар келген әскери бөлiмдердiң командирлерi тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирiмен үнемi байланыс жасап тұруға, бұрынғы бағыныштыларының мiнез-құлқына ден қоюға және олардың түзелуiне жәрдем көрсетуге мiндеттi. 
      3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен қоғамдық бiрлестiктердiң сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзуде тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесiне жәрдем көрсетуiне болады. <*>
       Ескерту. 158-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.  

       159-бап. Сотталғандардың қоғамдық кеңестерi

      1. Сотталғандарды түзеу жұмысында тәртiптiк әскери бөлiмнiң командованиесiне жәрдемдесу мақсатында роталарда өзiн үлгiлi мiнез-құлқымен, еңбекке және әскери қызметке адал қарауымен көрсеткен сотталушылардан қоғамдық кеңестер құрылады. 
      2. Қоғамдық кеңес сотталғандардың жиналыстарында сайланады және оны тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi бекiтедi, оның қызметiне бақылау жасауды сол жүзеге асырады.
      3. Қоғамдық кеңес тәрбие шаралары мен сотталғандардың бос уақытын ұйымдастыруда бөлiм командирiне көмек көрсетедi, сотталғандармен жеке түсiндiру жұмысын жүргiзедi, түзелiп келе жатқандардың қатарына қосуға кандидатураларды немесе жазадан шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынылатын кандидатураларды талқылауға қатысады.

       160-бап. Сотталғандарға қолданылатын көтермелеу

      1. Сотталғандарға мынадай көтермелеу қолданылады:
      алғыс жариялау;
      грамотамен, бағалы сыйлықпен немесе ақшамен марапаттау;
      қосымша бiр қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесуге не туыстарымен телефон арқылы сөйлесуге рұқсат ету;
      бұрын қолданылған тәртiптiк жазаны алу.
      2. Өздерiнiң түзеу жолына түскендiгiн үлгiлi мiнез-құлқымен және еңбек пен әскери қызметке адал қарауымен дәлелдеген сотталғандар жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтегеннен кейiн тәртiптiк әскери бөлiм командирiнiң бұйрығымен түзелiп келе жатқандар қатарына қосылады. 
      3. Түзелiп келе жатқандар қатарына қосылғандар арасынан өзiнiң түзелуiн үлгiлi мiнез-құлқымен және еңбек пен әскери қызметке адал қарауымен дәлелдеген сотталғандарды тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi заңда белгiленген тәртiппен жазадан шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға ұсынуы мүмкiн.

       161-бап. Сотталғандарға қолданылатын жазалар

      1. Сотталғандарға мынадай жазалар қолданылады:
      сөгiс;
      қатаң сөгiс;
      түзелiп келе жатқандар қатарынан шығарып тастау;
      отыз тәулiкке дейiн гаупвахтада ұстап қамау.
      2. Тәртiптiк ретпен қамалып сотталғандар жазаны тәртiптiк әскери бөлiмнiң гаупвахталарындағы жалғыз адамдық камераларда өтейдi.

       162-бап. Көтермелеу мен тәртiптiк жазаларды қолдану
                 тәртiбi

      Командирлердiң көтермелеу мен жазаларды қолдану жөнiндегi құқықтарын, оларды қолдану тәртiбiн, сондай-ақ оларды есепке алуды әскери жарғылардың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi. 

       163-бап. Сотталғандарды материалдық-тұрмыстық және
                 медициналық жағынан қамтамасыз ету

      1. Сотталғандарға әскери жарғылардың талаптарына сәйкес қажеттi тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасалады. 
      2. Сотталғандар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нормалар бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi. 
      3. Сотталғандар заттай мүлiкпен өздерi үшiн белгiленген нормалар бойынша қамтамасыз етiледi. 
      4. Сотталғандарды медициналық жағынан қамтамасыз ету әскери жарғылардың талаптарына сәйкес жүргiзiледi. 
      5. Стационарлық жағдайда емделуге мұқтаж сотталғандар емделу үшiн госпитальға күзетпен жiберiледi және онда арнайы жабдықталған палаталарда ұсталады. Сотталғандарды госпиталь шегiнде күзету госпиталь орналасқан жерi бойынша гарнизон бастығының күштерiмен және құралдарымен жүзеге асырылады. 
      6. Сотталғандарға ақшалай үлес олардың жеке шоттарына лауазымдық айлықақылардың есебiнен немесе шақыру бойынша қызметтiң бiрiншi жылындағы солдаттар мен матростарға арналған бiрiншi тарифтiк разряд бойынша ай сайын есептелiп отырады. Темекi үлесiнiң орнына ақшалай өтемақы тәртiптiк әскери бөлiмнен босату кезiнде қолына берiледi.
      7. Сотталғандарда болуына, қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына немесе посылкалармен, бандерольдармен және сәлемдемелермен алуына рұқсат етiлетiн бiрiншi кезекте қажеттi нәрселер мен тамақ өнiмдерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi анықтайды.

       164-бап. Әскери қызметке жарамсыз деп танылған
                 адамдарды жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын
                 босату

      Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жазаны өтеушi және денсаулық жағдайы бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссия есептен шығара отырып әскери қызметке жарамсыз немесе бейбiт уақытта жарамсыз деп таныған адамды сот жазадан мерзiмiнен бұрын босатуы не жазасының өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыруы мүмкiн.

  6 БӨЛIМ. ӨЛIМ ЖАЗАСЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ

  21-тарау. ӨЛIМ ЖАЗАСЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУДЫҢ ТӘРТIБI
МЕН ЖАҒДАЙЛАРЫ

       165-бап. Жалпы ережелер

      1. Өлiм жазасына сотталған адамды ұстаудың жағдайы оны күшейтiлген күзетпен және жалғыз адамдық камерада оқшаулаумен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      2. Сотталушы кешiрiм жасау туралы өтiнiш берген жағдайда үкiмнiң орындалуы Қазақстан Республикасының Президентi шешiм қабылдағанға дейiн тоқтатыла тұрады. 
      3. Сотталушы кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқан жағдайда тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi прокурордың қатысуымен тиiстi акт жасайды. <*> 
      4. Сот үкiмiнiң заңды күшiне енуi, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының қадағалау тәртiбiмен соттың үкiмiне қарсылық жасау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы және iстi қадағалау тәртiбiмен қарау үшiн негiздердiң жоқтығы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қорытындылары, сондай-ақ кешiрiм жасау туралы өтiнiштiң қабылданбағаны туралы хабарлама немесе сотталушының кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруден бас тартқаны туралы акт өлiм жазасы түрiндегi жазаны орындау үшiн негiз болып табылады. 
      5. Өлiм жазасы туралы үкiм ол күшiне енген кезден бастап ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады. 
       Ескерту. 165-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363 , 2004.03.10.  N 529  Заңдарымен. 

       166-бап. Өлiм жазасына сотталған адамның құқықтық
                 жағдайы

      1. Үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн сотталушының заңда белгiленген тәртiппен кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруге құқығы бар. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген жағдайда, сотталғанның мораторий енгізілгенге дейін не ол қолданылған уақытта өтініш бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, мораторийдің күші жойылғаннан кейін де бір жыл ішінде кешірім жасау туралы өтінішпен жүгінуге құқығы бар.
      2. Ол:
      заңда көзделген тәртiппен қажеттi азаматтық-құқықтық және неке-отбасылық қатынастарды ресiмдеуге;
      заң көмегiн алуға және ұзақтығы мен санына шек қойылмай адвокатпен кездесуге;
      қажеттi медициналық көмек алуға;
      хаттарды шек қойылмай алуға және жiберуге;
      зайыбымен, жақын туыстарымен ай сайын бiр қысқа мерзiмдi кездесуге;
      дiн қызметшiсiмен кездесуге;
      күн сайын ұзақтығы отыз минут болатын сейiлдеудi пайдалануға;
      тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қатаң режимдегi түзеу колониясында ұсталатын сотталғандар үшiн көзделген мөлшерде ақша жұмсауға құқылы. 
      3. Өздерi жөнiндегi сот үкiмi заңды күшiне енген, бiрақ кешiрiм жасау мәселесi шешiлмеген не кешiрiм жасау туралы өтiнiшi қанағаттандырылған өлiм жазасына сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн түзеу мекемесiне жiберiлгенге дейiн осы Кодекстiң 123-бабында көзделген жағдайларда ұсталады. 
      4. Өздерi жөнiндегi кешiрiм жасау туралы өтiнiш қабылданбаған өлiм жазасына сотталғандар үкiмдi орындау үшiн тиiстi мекемелерге жiберiлгенге дейiн осы Кодекстiң 127-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда ұсталады. 
       Ескерту. 166-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.03.16.  N 163 , 2004.03.10.  N 529  Заңдарымен. 

       167-бап. Өлiм жазасын орындау тәртiбi

      1. Өлiм жазасы жария етпей ату жолымен орындалады. Бiрнеше адамға қатысты өлiм жазасын орындау әрбiреуiне қатысты жеке және өзгелерi жоқта орындалады. 
      2. Өлiм жазасын орындау кезiнде прокурор, өлiм жазасы атқарылатын мекеменiң өкiлi және дәрiгер болады. 
      3. Сотталушының өлгенiн дәрiгер куәландырады. Сот үкiмiнiң орындалғаны туралы хаттама жасалады, оған осы баптың 2-тармағында аталған адамдар қол қояды.
      4. Жазаны атқарған органның әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа, сондай-ақ сотталушының жақын туыстарының бiрiне өлiм жазасының атқарылғаны туралы хабарлауға мiндеттi. Өлiктiң жерленген жерi туралы туыстарына жерленген кезден екi жыл өткен соң хабарланады.
      5. Азаматтық хал актiлерiн жазу органына әкiмшiлiк белгiлеген үлгiде хабарлама жiбередi және туыстарына олардың өлуi туралы куәлiктi қайдан алуына болатын орынды хабарлайды.

   7 БӨЛIМ. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТУ. ЖАЗАСЫН ӨТЕУДЕН БОСАТЫЛҒАН
СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨМЕК ЖӘНЕ ОЛАРҒА БАҚЫЛАУ ЖАСАУ

  22-тарау. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТУ

       168-бап. Жазаны өтеуден босатудың негiздерi

      Жазаны өтеуден босатудың негiздерi мыналар болып табылады:
      сот үкiмi бойынша тағайындалған жаза мерзiмiн өтеу;
      iс бойынша ақтау үкiмi шығарылған немесе iс жүргiзудiң қысқартылуына байланысты сот үкiмi күшiнiң жойылуы;
      жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату;
      жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру;
      кешiрiм жасау немесе рақымшылық жасау;
      сотталған адамның мүгедектiгi немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы бекiтетiн тiзбеде көзделген сырқаты;
      заңда көзделген өзге де негiздер.
       Ескерту. 168-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       169-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босатуға ұсыну
                 тәртiбi

      1. Шартты-мерзiмiнен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыру қолданылуы мүмкiн сотталушы жөнiнде жазаны атқарушы мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа сотталушыны жазасын өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы не жазасының өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс енгiзедi. 
      2. Кешiрiм жасауға ұсынылатын сотталушы жөнiнде жазаны атқарушы мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi өтiнiш енгiзедi. 
      3. Жазасын өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыру және кешiрiм жасау туралы ұсыныста сотталушының жеке басын сипаттайтын деректер, сондай-ақ оның мiнез-құлқы, жазасын өтеу кезiндегi еңбек пен оқуға көзқарасы баяндалуға тиiс. 
      4. Рақымшылық жасауды қолдану тәртiбiн рақымшылық жасау туралы актiнi шығарушы орган белгiлейдi. 
      5. Жүйке бұзылуы салдарынан жазаны өтеуден босату туралы ұсынысты сотқа жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсыныспен бiрге медициналық комиссияның қорытындысы және сотталушының жеке iсi жолданады. 
      6. Ауыр сырқатқа байланысты жазаны өтеуден босату туралы ұсынысты сотқа жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсыныспен бiрге сотқа медициналық немесе медициналық-әлеуметтiк сараптау комиссиясының қорытындысы мен сотталушының жеке iсi жолданады. Ұсыныста сотталушының жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқын сипаттайтын деректер болуға тиiс. 
      7. Қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталған адамдар I және II топтағы мүгедек деп танылған жағдайда жазаны атқарушы мекеме немесе орган оны жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босату туралы ұсыныс енгiзедi. 
      8. Қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталған әйелдердiң жүктiлiгi анықталған жағдайда жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның бастығы сотқа жүктiлiгi мен тууы бойынша демалыс берген күннен бастап оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс енгiзедi. 
      9. Сотталушы заңмен белгiленген жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн өтеген кезде жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату, не одан бас тарту, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы мәселенi бiр ай мерзiмде қарауға және өтiнiшхат шығаруға мiндеттi, ол кейiннен сотқа енгізу үшiн прокурорға жiберiледi. Жазасын өтеу мерзiмiнiң заңмен белгiленген бiр бөлiгiн өтеген сотталған адамды шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату мүмкiндігі туралы жәбiрленушiнi не оның өкiлiн мекеменiң немесе жазаны орындаушы органның әкiмшiлiгi үкiм шығарған сот берген мекен-жай бойынша почта арқылы тапсырыс хатпен хабардар етедi.
      10.  алып тасталды
      11. Сот шартты-мерзiмiнен бұрын босатудан, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстырудан бас тартқан жағдайда, осы негiздердiң кез келгенi бойынша қайта ұсыныс енгiзу бас тарту туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап алты айдан ерте орын алмауы керек. 
      12. Шартты-мерзiмiнен бұрын босатылғандар, сондай-ақ бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталғандар, егер олар заңда көзделген жағдайларда түзеу мекемелерiне жiберiлген болса, жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағына ауыстыруды шартты-мерзiмiнен бұрын босатудан бас тарту туралы сот шешiмi шығарылған күннен бастап ерте дегенде бiр жыл өткен соң қайта ұсынуға болады. 
       Ескерту. 169-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05.  N 47 , 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       170-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруға
                 сотталғандарды шартты-мерзiмiнен бұрын
                 босатуға ұсынудың ерекшелiктерi

      1. Өмiр бойы бас бостандығынан айырудан шартты-мерзiмiнен босату сотталушының алдыңғы үш жылдың iшiнде жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қасақана бұзушылығы болмаған жағдайда ғана қолданылады. 
      2. Өмiр бойы бас бостандығынан өтеу кезеңiнде жаңадан ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандар шартты-мерзiмнен бұрын босатуға ұсынылмайды. 
      3. Сот сотталушыны шартты-мерзiмнен бұрын босатудан бас тартқан жағдайда сот бас тарту туралы шешiм қабылдаған күннен бастап ерте дегенде үш жыл өткен соң қайталап ұсыныс енгiзу орын алуы мүмкiн. 

       171-бап. Жүктi әйелдер және жас балалары бар әйелдер
                 жөнiнде жазаның атқарылу мерзiмiн кейiнге
                 қалдыру

      1. Түзеу колониясында жазасын өтеушi жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдерге сот тиiсiнше бiр жылға дейiнгi мерзiмге немесе бала он төрт жасқа толғанға дейiн жазаның атқарылуын кейiнге қалдыруы мүмкiн. 
      2. Жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бес жылдан артық мерзiмге сотталған әйелдерге қолданылмайды. 
      3. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотқа сотталған әйелге жазаны қолдануды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс немесе оның тиiстi өтiнiшiн жолдайды. Оған қылмыстық-атқару инспекциясы жасаған әйелдiң мiнездемесi, әйелдi және баланы қабылдауға, оларға тұрғын үй беруге және тұруы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға келiскен туысқандарының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру актiсi, жүктiлiгi туралы медициналық қорытынды не баласының бар екендiгi туралы анықтама, сондай-ақ сотталушының жеке iсi қоса тiркеледi. 
      4. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотталған әйел жөнiнде жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру туралы сот қаулысын алған соң оны босатады. Сотталушыдан өзiнiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына барып жеткен күнiнен бастап үш күн мерзiмде баруы туралы қолхат алынады. 
      5. Сотталған әйел тұратын жерiне мемлекет есебiнен өзi барады. 
      6. Босатылған күнiнде сотталған әйелдiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына босатылған күнi көрсетiлiп, жазаның атқарылу мерзiмiн кейiнге қалдыру туралы сот ұйғарымының көшiрмесi жiберiледi. 
      7. Қылмыстық-атқару инспекциясы сотталған әйел келген соң үш тәулiк iшiнде оны есепке алуға, босатылған орны бойынша түзеу колониясынан жеке iсiн сұратуға мiндеттi және бұдан әрi оның жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асырады. 
       Ескерту. 171-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05.  N 47 , 2002.12.21.  N 363   Заңдарымен. 

       172-бап. Сотталған әйелдiң жазасын атқаруды кейiнге
                 қалдыру не баласы он төрт жасқа толуы
                 ережелерiн сақтамауының салдары

      1. Сотталған әйел, осы Кодекстiң 171-бабында көрсетiлгенiндей, босаған күнiнен бастап екi апта мерзiмде келмеген жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы белгiленген тәртiппен iздеу жариялайды. 
      2. Қоғамдық тәртiптi бұзуға жол берген, өзiне жазаны атқаруды кейiнге қалдыру қолданылған сотталған әйел, егер өзi жөнiнде мерзiмiн кейiнге қалдыру кезеңiнде әкiмшiлiк жазалары не тәртiптiлiк немесе қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылған болса, не егер ол баланы тәрбиелеуден немесе оны күтiп-бағудан жалтарса, қылмыстық атқару инспекциясы жазбаша ескерту жасайды. 
      3. Егер сотталған әйел баласынан бас тартса, не жасырынса немесе баланы тәрбиелеуден, немесе қылмыстық-атқару инспекциясы шығарған екi мәрте жазбаша ескертуден кейiн қоғамдық тәртiптi бұзуды жалғастырса, инспекция сотқа оның тұрғылықты жерi бойынша жазаны атқаруды кейiнге қалдырудың күшiн жою және сотталушыны сот үкiмiмен тағайындалған жазаны өтеуге жiберу туралы ұсыныс енгiзедi. Ұсынысқа жазаны атқаруды кейiнге қалдыру туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi қоса тiркеледi. 
      4. Бала он төрт жасқа толғаннан кейiн немесе ол өлген жағдайда не жүктiлiк үзiлген ретте қылмыстық-атқару инспекциясы әйелдiң тұратын жерi бойынша оның мiнез-құлқын ескере отырып, сотталған әйелдi жазасының қалған бөлiгiн өтеуден босату туралы не жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыру туралы, не оны түзеу мекемесiне жiберу туралы сотқа ұсыныс жолдайды. 
       Ескерту. 172-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.  

       173-бап. Жазаны өтеудiң тоқтатылуы және босату тәртiбi

      1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу, қамау, бас бостандығынан айыру, сондай-ақ әскери қызмет бойынша шектеу және тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жазаны өтеу заңға сәйкес жазаның мерзiмiне енгiзiлуi мүмкiн өзгерiстер ескерiле отырып, жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнде тоқтатылады. 
      2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға және бас бостандығынан айыруға сотталғандар жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнiң бiрiншi жартысында босатылады. Егер жаза мерзiмi демалыс немесе мереке күнi бiтетiн болса, сотталушы жазаны өтеуден демалыс алдындағы немесе мереке алдындағы күнi босатылады. Жазаның мерзiмi айлармен есептелген жағдайда ол соңғы айдың тиiстi күнiнде, ал егер бұл айда тиiстi күн болмаса - сол айдың соңғы күнiмен бiтедi. 
      3. Сотталушыға босатылған кезде оған тиесiлi заттары мен құндылықтары, оның жеке шотында сақтаулы ақшасы мен жеке құжаттары, сондай-ақ жазасын өтегенi туралы немесе жазадан босатылғаны туралы құжат берiледi. 
      4. Бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан босатылатын сотталушы адамның жеке iсiнде сақтаулы тұрған төлқұжаты немесе жеке басының куәлiгi, еңбек кiтапшасы мен зейнеткерлiк куәлiгi оған босатылған кезде қолына берiледi. Сотталушының жеке iсiнде төлқұжаты, жеке басының куәлiгi, еңбек кiтапшасы мен зейнеткерлiк куәлiгi болмаған жағдайда жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi олардың алынуына алдын-ала шаралар қолданады. 
      5. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босату тиiстi құжаттар түскен күнi, ал егер құжаттар жұмыс күнi аяқталған соң алынса - келесi күнi таңертең жүргiзiледi. 
      6. Қылмыстық-атқару инспекциясы түзеу жұмыстары түрiндегi жазаның аяқталған күнiнде, ал бұл жазадан басқа негiздер бойынша босатылған жағдайда тиiстi құжаттарды алған соң келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей сотталушы жазасын өтеп жатқан кәсiпорынның, мекеменiң немесе ұйымның әкiмшiлiгiне оның жалақысынан ұсталып қалатындарды тоқтатуды ұсынуға мiндеттi. Сотталушыға жазасын өтегенi туралы құжат берiледi. 
      7. Ақтау негiздерi бойынша қылмыстық iстiң қысқартылуына, ақтау үкiмiнiң шығарылуына байланысты үкiмнiң күшi жойылуы себептi жазаны өтеуден босатылған адамға жазаны атқарушы органның бастығы оның мүлiк, еңбек, тұрғын үй және айрылған өзге де құқықтарын қалпына келтiру құқығын түсiндiредi. Босату туралы құжатта сотталушыға мемлекет атынан ресми кешiрiм сұратылады. 

       174-бап. Сотталған әскери қызметшiлердi жазасын өтеуден
                 босату

      1. Әскери қызмет бойынша шектеудi, қамауды не тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды өтеушi сотталған әскери қызметшiлер жазаны одан әрi өтеуден оларды әскери қызметке жарамсыз ететiн ауру болған жағдайда босатылады. Жазаның өтелмеген бөлiгi оларға жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. 
      2. Әскери қызметтен өту кезiнде жазаны өтеушi сотталған әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әскери қызметтен босату үшiн өзге де негiздер туындаған жағдайда жазадан сот жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстырып немесе онсыз белгiленген тәртiппен мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.

       175-бап. Жазасын өтеген адамдардың құқықтық жағдайы

      Жазасын өтеген адамдар соттылығы бар адамдар үшiн көзделген шектеулермен Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген мiндеттердi орындап, құқықтарды пайдаланады. Мұндай шектеулер тек заңда ғана көзделуi мүмкiн.

  23-тарау. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТЫЛҒАН АДАМДАРҒА КӨМЕК ЖӘНЕ
ОЛАРДЫ БАҚЫЛАУ

       176-бап. Жазаны атқарушы мекемелер әкiмшiлiгiнiң
                 босатылатын сотталғандарды еңбекке және
                 тұрмыста орналастыру жөнiндегi мiндеттерi

      1. Жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi қамау мерзiмi бiткенге дейiн екi айдан не бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру мерзiмi бiткенге дейiн алты айдан кешiктiрмей, сотталушы таңдап алған тұрғылықты жерi бойынша республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарына оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоқтығы, оның еңбек қабiлетi мен алған мамандығы туралы хабарлайды. 
      2. Сотталушыны босатуға әзiрлеу мақсатында онымен жiтi тәрбие жұмысы жүргiзiледi, оған құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. 
      3. I және II топтағы мүгедектердi, сондай-ақ 60 жастан асқан еркектер мен 55 жастан асқан әйелдердi олардың өтiнiшi мен жазаны атқарушы мекеменiң ұсынуы бойынша әлеуметтiк қорғау органдары мүгедектер мен қарттар үйiне жiбередi. 
       Ескерту. 176-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       177-бап. Жазаны өтеуден босатылатын сотталғандарға
                 көмек көрсету

      1. Қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаларды өтеуден босатылатын адамдар тұратын жерлерiне немесе жұмысына дейiн тегiн жолақымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жолда жүргенде азық-түлiкпен немесе ақшамен қамтамасыз етiледi. 
      2. Қажеттi маусымдық киiмi, аяқкиiмi мен оларды сатып алуға қаражаты болмаған жағдайда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдар мемлекеттiк қаражат есебiнен киiммен және аяқкиiммен қамтамасыз етiледi. Оларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде бiр жолғы ақшалай жәрдемақы берiлуi мүмкiн. 
      3. Жазадан босатылатын адамдарды тамақпен, киiммен, аяқкиiммен қамтамасыз етудi, бiр жолғы ақшалай жәрдемақы берудi, сондай-ақ жолына ақы төлеудi жазаны атқарушы мекеме жүзеге асырады. 
      4. I және II топтағы мүгедектердi, жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдердi, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден босату кезiнде жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi олардың туыстарын не өзге адамдарды алдын ала хабардар етедi. 
      5. Түзеу мекемелерiнен босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұратын жерiне туыстарына немесе алып кетуге келген өзге адамға не түзеу мекемесi қызметкерiне ертiп жiберiледi.
       Ескерту. 177-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       178-бап. Жазаны өтеуден босатылған адамдарға жұмысқа
                 орналасуда және тұрмысын жайластыруда,
                 әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн көрсетуде
                 жәрдемдесу

       Аудан (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдiгi жазаны өтеуден босатылған адамдарға жұмысқа орналасуда және тұрмысын жайластыруда, сондай-ақ әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн көрсетуде жәрдемдеседi.
       Ескерту. 178-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       178-1-бап. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған
                 адамның жүрiс-тұрысын бақылау

      1. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамның жүрiс-тұрысын бақылауды босатылған адамның тұрғылықты жерi бойынша Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгі айқындайтын тәртiппен - iшкi iстер органдары, ал әскери қызметшiлерге қатысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi айқындайтын тәртiппен әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi (бұдан әрi - уәкiлетті органдар) жүзеге асырады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген органдар шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамдарды жазасының өтелмеген қалған бөлiгi iшiнде жеке есепке алуды жүзеге асырады, оларға жүктелген мiндеттердiң орындалуын бақылайды.
      3. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адам бақылаудан жалтарған жағдайда уәкiлеттi орган оның тұратын жерiн және жалтару себептерiн анықтау бойынша бастапқы iс-шараларды жүргiзедi.
      4. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамның осы Кодекстiң 178-2-бабында көрсетiлген мiндеттердiң бiрiн дәлелдi себепсiз екi реттен артық орындамауы оның мiндеттердi орындаудан қасақана жалтаруы болып табылады.
      5. Егер, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылған адам жазасының өтелмеген қалған бөлiгi iшiнде бiрнеше мәрте әкiмшiлiк құқық бұзушылық не сол үшiн оған әкiмшiлiк қамау қолданылған құқық бұзушылық жасаса немесе мiндеттердi орындаудан қасақана жалтарса, уәкiлеттi орган сотқа шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою және жазасының өтелмеген қалған бөлiгiн атқару туралы ұсыным енгiзедi.
       Ескерту. 178-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.
 

       178-2-бап. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен
                 бұрын босатылған адамдардың мiндеттерi

      1. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамдар:
      1) тұрғылықты жерiндегi iшкi iстер органдарында белгiленген тәртiппен тiркеуден өтуге;
      2) iшкi iстер органдары белгiлеген уақытта тұрғылықты жерiнен кетпеуге;
      3) iшкi iстер органдарын жазбаша хабардар етпей тұрғылықты жерiн, жұмыс және оқу орнын ауыстырмауға;
      4) жұмыстан және оқудан бос уақытта iшкi iстер органдары белгiлеген жерлерге бармауға;
      5) iшкi iстер органдарының жазбаша рұқсатынсыз басқа жерлерге шықпауға;
      6) жәбiрленушiнiң денсаулығына, мүлкiне келтiрген залалды немесе мемлекетке келтiрген материалдық залалды өтеу жөнiнде шаралар қолдануға;
      7) iшкi iстер органдарының талабы бойынша шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамның жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға қажеттi түсiнiктер мен өзге де құжаттарды беруге;
      8) iшкi iстер органдарына шақырту бойынша келуге мiндеттi. Дәлелдi себептерсiз келмеген кезде, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адам күштеп әкелiнуi мүмкiн;
      9) тұрғылықты жерiндегi салық органына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын кiрiстерi туралы декларация және салық салу объектiсi болып табылатын, соның iшiнде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi мүлкi туралы өзге де мәлiметтер беруге мiндеттi, бұл туралы iшкi iстер органына анықтама ұсынылады.
      2. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамға сот оның түзелуiне септiгiн тигiзетiн басқа да мiндеттердi орындауды:
      1) алкоголизмге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан емделу курсынан өтудi;
      2) жыныс жолдары арқылы жұғатын аурулардан емделу курсынан өтудi;
      3) отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктей алады.
      3. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған әскери қызметшiлердiң мiндеттерi Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңдарымен белгiленедi.
      Ескерту. 178-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       179-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған
                 адамдарды әкiмшiлiк қадағалау

      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, аса қауiптi қайталап жасаған қылмысы үшiн, сондай-ақ экстремизмнiң белгілерi бар қылмыстары үшін, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн жазаларын өтеушi немесе қасақана жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға екi және одан да көп рет сотталған адамдарға, егер олардың жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқы өздерiнiң түзелу жолына қасақана түскiсi келмейтiндiгiн және қоғам үшiн қауiптi болып қала беретiндiгiн дәлелдесе, әкiмшiлiк қадағалау тағайындалады. 
       Ескерту. 179-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67 (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз)  Заңымен

       180-бап. Iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын
                 белгiлеу қажет адамдар жөнiндегi материалдарды
                 әзiрлеу және ресiмдеу

      1. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi жазалау мерзiмi аяқталуына дейiн бiр айдан кешiктiрмей iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын тағайындау қажет адамдарды анықтайды. 
      2. Түзеу мекемесiнiң бастығы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын осы Кодекстiң 179-бабында аталған адамдар жөнiнде әкiмшiлiк қадағалау тағайындау туралы сотқа ұсыныс жолдайды. 
      3. Бас бостандығынан айыру орындарынан босату алдында әкiмшiлiк қадағалау тағайындалған адамдар жөнiнде түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қадағалауға алынушының өзi таңдаған тұратын жерi бойынша iшкi iстер органына сотталушының барып жететiн уақытын көрсете отырып, әкiмшiлiк қадағалау тағайындау туралы судьяның қаулысын жiбередi.

       180-1-бап. Туберкулездiң төңiрегiндегiлерге қауiп
                 туғызатын, жұқпалы түрiмен ауыратын
                 адамдарды қылмыстық-атқару жүйесi
                 мекемесiнен босату

      1. Егер қылмыстық-атқару жүйесi мекемесiнен босатылатын, туберкулездiң төңiрегiндегiлерге қауiп туғызатын, жұқпалы түрiмен ауыратын адамдар жазаны өтеу кезеңiнде емдеудiң толық курсынан өтпесе, олар босатылғаннан кейiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәжбүрлеп емделуге жатады.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi мекемесiнiң әкiмшiлiгi осы баптың 1-тармағында көрсетiлген адамдарға қатысты жаза мерзiмi аяқталардан кемiнде бiр ай бұрын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәжбүрлеп емдеудi тағайындау туралы мекеменiң орналасқан жерi бойынша сотқа ұсыныс жiбередi.
      3. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын, сот шешiмiмен мәжбүрлеп емдеу белгiленген адамдарды қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнен босату туралы хабарлама туберкулездi емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық ұйымына және мекеменiң орналасқан жерi бойынша iшкi iстер органдарына жiберiледi.
      Ескерту. 180-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.03.26. N  240  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

  8 БӨЛIМ. ШАРТТЫ СОТТАЛҒАН АДАМДАРҒА БАҚЫЛАУ ЖАСАУ

  24-тарау. ШАРТТЫ СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ЖҮРIС-ТҰРЫСЫНА БАҚЫЛАУДЫ
ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

       181-бап. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды
                 жүзеге асырушы органдар

      1. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды сынақ мерзiмi iшiнде сотталғандардың тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары, ал шартты сотталған әскери қызметшiлер жөнiнде - олардың әскери бөлiмдерiнiң командованиесi жүзеге асырады. 
      2. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен iшкi iстер органдарының қызметкерлерi тартылады. 
       Ескерту. 181-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244  Заңымен. 

       182-бап. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды
                 жүзеге асыру тәртiбi

      1. Қылмыстық-атқару инспекциялары сынақ мерзiмi iшiнде сотталғандардың жеке есебiн жүргiзедi, iшкi iстер органдарының қызметкерлерiнiң қатысуымен сотталғандардың қоғамдық тәртiптi сақтауын бақылайды. 
      2. Сотталушыға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы осы Кодекстiң 24-29-баптарында көзделген шараларды толық көлемiнде жүзеге асырады. 
      3. Сотталушы мiндеттi әскери қызметке шақырылған жағдайда әскери комиссариатқа үкiмнiң көшiрмесi, қажет болған жағдайларда қызметтен өту орны бойынша сотталушының жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға керектi өзге де құжаттар жiберiледi. Әскери бөлiмнiң командованиесi он күн мерзiмде қылмыстық-атқару инспекциясына шартты сотталғандарды есепке қойғаны, қызмет аяқталған соң - әскери бөлiмнен кеткенi туралы хабарлауға мiндеттi. 
      4. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекцияларының және әскери бөлiмдер командованиелерiнiң алдында өзiнiң жүрiс-тұрысы туралы есеп беруге, шақыру бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына келiп тұруға мiндеттi. Дәлелдi себептерсiз келмеген жағдайда шартты сотталушы ерiксiз келтiрiлуi мүмкiн. 
      5. Шартты сотталушы бақылаудан жалтарған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы оның жүрген жерi мен жалтару себептерiн анықтау жөнiнде алғашқы шараларды қолданады.
       Ескерту. 182-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16.  N 244 , 2002.12.21.  N 363   Заңдарымен. 

       183-бап. Сынақ мерзiмiнiң есептелуi

      1. Сынақ мерзiмi сот үкiмi заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
      2. Сынақ мерзiмi бiткен соң шартты сотталушының жүрiс-тұрысын бақылау тоқтатылады, сөйтiп ол қылмыстық-атқару инспекциясының есебiнен шығарылады. 

       184-бап. Шартты сотталушылардың жауаптылығы

      1. Сотталған адам қоғамдық тәртiптi бұзған, ол үшiн әкімшілік жаза қолданылған жағдайда, қылмыстық-атқару инспекциясы оған шартты сотталудың күшi жойылуы мүмкін екендiгi туралы жазбаша нысанда ескертедi. 
      2.  <*>
      3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа сынақ мерзiмiн бiр жылға дейiн ұзарту туралы ұсыныс жiбередi. 
      4. Шартты сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде қоғамдық тәртiптi үнемi бұзған жағдайда, не егер сотталған адам бақылаудан жасырынса, сотқа шартты жазаның күшiн жою туралы ұсыныс жiберiледi.
      5. Шартты сотталған адамға бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жазаның қолданылуы оның қоғамдық тәртіпті үнемі бұзуы болып есептеледі. 
      6. Тұратын жерi отыз күннен астам уақыт iшiнде анықталмаған шартты сотталушы бақылаудан жасырынған деп танылады.
       Ескерту. 184-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.12.21.  N 363   Заңымен.  

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қосымша 

Сот үкiмi бойынша тәркiленуге жатпайтын мүлiктер
ТIЗБЕСI

      Сотталушы мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, оған жеке меншiк құқығында тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын мынадай мүлiк түрлерi мен нәрселер тәркiленуге жатпайды: 
      1. Егер сотталушы мен оның отбасы тұрақты тұрып жатса, тұрғын үйi, пәтерi немесе олардың жекелеген бөлiктерi. 
      2. Тәркiленуге жатпайтын үй мен шаруашылық құрылыстары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргiзуге қажеттi жер учаскелерi. 
      3. Негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болып табылатын адамдарда - шаруашылық құрылыстары мен саны оның отбасының қажеттерiн қанағаттандыруға қажеттi үй малы, сондай-ақ малға арналған жемшөп. 
      4. Кезектi ауыл шаруашылық дақылдарын егуге қажеттi тұқым. 
      5. Үй жабдығы заттары, керек-жарақтар, киiмдер: 
      а) киiлiп жүрген киiм, аяқкиiм, iшкиiм, қолданылатын көрпе-төсек, ас үй және асхана заттары. Мех және басқа қымбат киiм-кешек, асхана сервизi, қымбат металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк жағынан құнды нәрселер тәркiленуi мүмкiн; 
      б) сотталушы мен оның отбасы мүшелерi үшiн қажетi шамалы жиhаз; 
      в) балалардың барлық керек-жарақтары. 
      6. Сотталушы мен оның отбасы мүшелерi үшiн, егер сотталушының негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, жаңа өнiмге дейiн қажеттi мөлшердегi азық-түлiк, ал қалған жағдайларда - азық-түлiк өнiмдерi мен жалпы сомасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшердегi ақша.
      7. Ас дайындауға және отбасының тұрғын-жайын жылытуға арналған отын.
      8. Сотталушының кәсiптiк iсiн жалғастыруға қажеттi мүкаммал (оның iшiнде оқулықтар мен кiтаптар), бұған сотталушы тиiстi қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе мүкаммал оның қылмыс жасауы үшiн пайдаланылған жағдайлар қосылмайды.
      9. Мүгедектердiң жүрiп-тұруына арнайы арналған көлiк құралдары.
      10. Сотталушы марапатталған халықаралық, мемлекеттiк және өзге де сыйлықтар.