Адвокаттық қызмет туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Адвокатураның мақсаты

      1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге арналған.
      2. Адвокатура қылмыстық iстер бойынша қорғау, азаматтық, әкiмшiлiк, қылмыстық және басқа да iстер бойынша өкiлдiк ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мен iске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегiнiң өзге де түрлерiн көрсету жөнiндегi адвокаттардың қызметiн ұйымдастырады.
      Адвокаттық қызмет шеңберiнде адвокаттар көрсететiн заң көмегi кәсiпкерлiк қызмет болып табылмайды.

      2-бап. Адвокаттық қызмет туралы заңдар

      1. Адвокаттық қызмет туралы заңдар осы Заңнан және адвокаттық қызметтi реттейтiн өзге де заңдардан тұрады.
      2. Жеке және заңды тұлғалардың iстерi бойынша қорғау мен өкiлдiк етудi жүзеге асырған кездегi адвокаттардың iс жүргiзу құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.

      3-бап. Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметiнiң
              принциптерi

      Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметi:
      1) адвокаттардың өз қызметiн жүзеге асыру кезiндегi тәуелсiздiгi;
      2) адвокаттық қызметтi заңдарда тыйым салынбаған әдiстерiн және құралдармен жүзеге асыру;
      3) заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, прокуратура, соттар, анықтау және алдын ала тергеу органдары, басқа мемлекеттiк органдар, өзге ұйымдар мен лауазымды адамдар тарапынан адвокаттардың қызметiне араласуға жол бермеу;
      4) кәсiби мiнез-құлық нормаларын ұстану және адвокаттық құпияны сақтау принциптерiне негiзделедi.

      4-бап. Адвокаттар көрсететiн заң көмегiнiң түрлерi

      1. Заң көмегiн көрсете отырып, адвокаттар:
      1) шешiлуi кәсiби заң бiлiмдерiн қажет ететiн мәселелер бойынша консультациялар, түсiндiрмелер, кеңестер мен жазбаша қорытындылар бередi;
      2) талап қою арыздарын, шағымдар мен құқықтық сипаттағы басқа құжаттарды жасайды;
      3) анықтау, алдын ала тергеу органдарында, соттарда, мемлекеттiк және өзге де органдарда, ұйымдарда және азаматтармен қарым-қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың өкiлдiгi мен оларды қорғауды жүзеге асырады.
      2. Адвокаттар заңдарда тыйым салынбаған өзге де заң көмегiн көрсетедi.
      3. Көмек сұрап келген адам адвокатты таңдап алуға ерiктi, бұған адвокат оған тегiн заң көмегiн көрсету үшiн /осы Заңның 6-бабы/ сондай-ақ, егер қорғалушы өзiне адвокат таңдап алмаса немесе таңдай алмаса, оның қатысуы мiндеттi болатын қылмыстық iстер бойынша қорғаушы ретiнде тағайындалатын жағдайлар қосылмайды.
      4. Қылмыстық iстер жөнiндегi кәсiби қорғауды тек адвокаттар ғана жүзеге асырады.

      5-бап. Адвокаттар көрсеткен көмекке ақы төлеу, қорғау
              және өкiлдiк етумен байланысты шығындарды өтеу

      1. Адвокаттар көрсеткен заң көмегiне ақы төлеу мөлшерi, қорғаумен және өкiлдiк етумен байланысты шығындарды өтеу көмек сұрап келген адаммен адвокат жасасатын жазбаша келiсiмде белгiленедi. <*>
      Келісім жасасу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. <*>
      2. Заңдарда көзделген жағдайларда, адвокат көрсеткен заң көмегiне ақы төлеу, iссапар, көлiк және оның басқа да шығындарын төлеу, анықтау, алдын ала тергеу органдарының қаулылары және сот ұйғарымдары бойынша бюджет қаражатынан жүргiзiледi.
      3. Адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеудің және осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеудің мөлшері мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді . <*>
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

      6-бап. Заң көмегiне ақы төлеуден босату

      1. Адвокаттар сенiм бiлдiрушiлердiң өтiнiштерi бойынша:
      1) алимент өндiрiп алу туралы, асыраушысының қайтыс болуына, жұмыспен байланысты мертiгуiне немесе денсаулығының өзгедей бұзылуы арқылы келтiрiлген зиянды өтеу туралы iстердi жүргiзу кезiнде бiрiншi сатыдағы соттарда талап қоюшыларға;
      2) Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестiрiлген адамдарға, мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге, I және II топтағы мүгедектерге, жасы жөнiнен зейнеткерлерге, егер бұл кәсiпкерлiк қызмет мәселелерiне байланысты болмаса, консультациялар беру кезiнде;
      3) зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындау туралы өтiнiштердi дайындау кезiнде азаматтарға;
      4) ақтау мәселелерi жөнiнде кеңестер беру кезiнде адамдарға заң көмегiн тегiн көрсетедi.
      2. Адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртiбi адвокаттар алқасының жарғысында белгiленедi.
      3. Азаматтарды олардың материалдық жағдайы ескерiле отырып, адвокаттар алқасының төралқасы, заң консультациясының меңгерушiсi, адвокат кеңсесiнiң иесi (иелерi) және өз қызметiн заңды тұлғаны тiркемей жеке дара жүзеге асыратын адвокат заң көмегiне ақы төлеуден босата алады.
      4. Осы бапта көзделген жағдайларда адвокаттың көрсеткен заң көмегiне ақы төлеу тиiсiнше адвокаттар алқасының, адвокат кеңсесiнiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

2-тарау. АДВОКАТТЫҢ МӘРТЕБЕСI

      7-бап. Қазақстан Республикасындағы адвокат

      1. Адвокат - жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы. <*>
      2. Қасақана қылмыс жасағаны үшiн сотталған, белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған, адвокаттар алқасынан шығарылған, тәртіптік жағымсыз әрекет жасағаны үшін құқық қорғау органдарынан босатылған адам - босатылған күнінен бастап бір жыл бойы, сондай-ақ лицензиясының қолданылуы осы Заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылған адам адвокат бола алмайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен.

      8-бап. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағлымдамадан
              өтушiлерi

      1. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағлымдамадан өтушiлерi болуы мүмкiн.
      2. Адвокаттың көмекшiлерi еңбек шартының негiзiнде заң консультациясында, адвокат кеңсесiнде немесе адвокаттық қызметпен жеке-дара айналысатын адвокаттың жанында жұмыс iстей алады.
      Адвокаттың көмекшiлерi адвокаттың нұсқаулары бойынша және соның жауапкершiлiгiмен адвокаттың тапсырмаларын орындауға құқылы.
      3. Жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары ғана адвокаттың тағылымдамадан өтушілері бола алады.
      Тағылымдамадан өтушілер адвокаттар алқасы төралқасы қаулысының негізінде кемінде бес жыл адвокаттық қызмет стажы бар адвокаттарда үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге тағылымдамадан өтеді. Тағылымдамадан өту адвокаттар алқасы мен тағылымдамадан өтуші арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
      Тағылымдамадан өтуші ретіндегі жұмыс кезеңі заң мамандығы бойынша жұмыс стажына есептеледі.     
      4. Тағлымдаманың тәртiбiн, мерзiмi мен шарттарын адвокаттар алқасы белгiлейдi.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен , 2007.05.15. N 253 Заңдарымен.

      9-бап. Адвокаттың лицензиясы

      1. Әділет аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі берген адвокат лицензиясы лицензияда көрсетілген адамның адвокаттық қызметпен айналысуына рұқсат беру болып табылады.
      2. Лицензия адвокаттар алқасында үш айдан бір жылға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өткен адамдарға олар аттестаттаудан өткен жағдайда беріледі . Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдардың аттестаттаудан өту ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттiк тiзiлiмi туралы ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі осы тізілімді   жүргізеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына тарайтын мерзімді баспа басылымдарында адвокаттар лицензияларын беру, лицензияларының қолданылуын тоқтата тұру, лицензияларынан айыру және қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерді жариялайды.
      3. Аттестаттаудан өтпестен адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алуға:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет біліктілік алқасында немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған адамдардың;
      2) тұрақты судьялардың және өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңды бұзғаны үшін судья қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдардың құқығы бар.
      Прокуратура, тергеу және анықтау органдарында кемінде он жыл жұмыс істеген прокурорлар, тергеушілер мен анықтаушылар, жағымсыз себептер бойынша босатылғандарды қоспағанда, адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткеннен кейін емтихан тапсырудан босатылады.
      4. Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қабылдайды.
      5. Лицензия негізгі, тұрақты болып табылады және оның күші Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады.    
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 , өзгерту енгізілді - 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.04.29. N 154-IV Заңдарымен.

      10-бап. Лицензия беруден бас тарту

      Лицензиялау туралы заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша лицензия беруден бас тартылуы мүмкiн.

      11-бап. Лицензияның күшiн тоқтата тұру

      Лицензияның күшi адвокаттың мемлекеттiк қызметке тұруы, оның Парламент депутаты болып сайлануы (тағайындалуы), мерзімді әскери қызметте болуы, осы Заңның 31-бабы 1-тармағының 4), 7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ лицензиялау туралы заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша адвокаттар алқасының мүшелiгiнен шығарылуы кезеңiнде тоқтатыла тұрады.
      Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Әділет министрі қабылдайды, ол бұйрық түрінде ресімделеді.
      Лицензиясының күші тоқтатылған адам, тиісті сот, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы қабылданған шешім туралы хабардар етіледі.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 , 2007.05.22. N 255 Заңдарымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      12-бапқа өзгерту қарастырылған - ҚР 2009.08.28. N 192-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      12-бап. Лицензиядан айыру және оның қолданылуын
              тоқтату

      1. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актілерінде көзделген жалпы негіздерден басқа, адвокатты лицензиясынан айыру Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап-арызы бойынша:
      1) адвокат өз кәсіби міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары мен нормаларын, адвокатураны ұйымдастыру және оның қызметі принциптерін өрескел не бірнеше рет бұзған;
      2) адвокаттың қасақана қылмыс жасағаны үшін ақтамайтын негіздемелер бойынша оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған;
      3) адвокат қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған;
      4) адвокатқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
      5) адвокат әрекет қабілеті жоқ немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;
      6) адвокат хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе ол қайтыс болды деп жарияланған;
      7) адвокат Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылған;
      8) біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіби міндеттерін орындауы мүмкін болмаған жағдайларда сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      2. Аумақтық әділет органының ұсынымы осы баптың 1-тармағының 1)-7) тармақшаларында көзделген жағдайларда адвокатты лицензиясынан айыру туралы талап-арыз дайындау үшін негіз болып табылады.
      Тиісті адвокаттар алқасы төралқасының өтініші осы баптың 1-тармағының 1), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда адвокатты лицензиясынан айыру туралы талап-арыз дайындау үшін негіз болып табылады.
      Лицензияны кері қайтарып алу лицензияның қолданылуын тоқтатуға әкеп соғады. Қазақстан Республикасының Әділет министрі тиісті сот шешімінің негізінде лицензияның қолданылуын тоқтату туралы бұйрық шығарады.
      Лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адам, тиісті сот, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы қабылданған шешім туралы хабардар етіледі.
      Лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешімге сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен , өзгерту енгізілді - 2007.01.12. N  222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Адвокаттың өкiлеттiктерiн куәландыру

      1. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттігі ордермен куәландырылады. Ордердің нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі  бекітеді. Ордерлердің берілуін бақылау мен есепке алуды адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.
      Өзінің қызметін Қазақстан Республикасы бекіткен тиісті халықаралық шарт негізінде жүзеге асыратын шетелдік адвокаттың өкілеттігі жеке басын, адвокат мәртебесін және заң көмегін көрсету өкілеттігін белгілейтін құжатпен расталады.
      2. Адвокат Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында, сондай-ақ, егер бұл қабылдаған тапсырманы орындау үшiн қажет болса және тиiстi мемлекеттердiң заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қайшы келмесе, оның аумағынан тыс жерлерде адвокаттық қызметпен айналысуға құқылы.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

      14-бап. Адвокаттың құқықтары

      1. Адвокат көмек сұрап келген адамға ол мұқтаж болған кез келген заң көмегiн көрсетуге құқылы.
      2. Адвокат өзiне өтiнiш жасаған адаммен заң көмегiн көрсету туралы өз атынан жазбаша келiсiм жасасады. <*>
      3. Адвокат, қорғаушы немесе өкiл ретiнде әрекет жасай отырып, iс жүргiзу заңына сәйкес:
      1) барлық соттарда, құзыретiне тиiстi мәселелердi шешу кiретiн мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға және бiлдiруге;
      2) барлық мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк емес ұйымдардан адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтердi сұратуға;
      3) заң көмегiн көрсету үшiн қажет нақты мәлiметтердi дербес жинауға және дәлелдер табыс етуге;
      4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамға қатысты материалдармен, соның iшiнде iс жүргiзу құжаттарымен, тергеу және сот iстерiмен танысуға және олардағы ақпаратты заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен белгiлеп алуға;
      5) iске қатысуға жiберiлген сәттен бастап жолығулар санын, олардың ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялығын қамтамасыз ететiн жағдайларда өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға;
      6) заң көмегiн көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер мен басқа да қызмет салаларында арнайы бiлiмдi қажет ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн шарттық негiзде мамандардың қорытындыларын сұратуға;
      7) өтiнiштер мәлiмдеуге, әдiлет, прокуратура, анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттың лауазымды адамдарының, сондай-ақ көмек сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтарына және заңдармен қорғалатын мүдделерiне қысым жасайтын өзге де лауазымды адамдардың әрекеттерiне белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
      8) мемлекеттiк құпияларды құрайтын ақпаратпен, сондай-ақ әскери, коммерциялық, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратпен, егер бұл анықтау, алдын ала тергеу кезiнде және сотта қорғау немесе өкiлдiк ету үшiн қажет болса, заң   актiлерiнде көзделген тәртiппен танысуға;
      9) заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың заңдарда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға;
      10) заңдарға қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жасауға құқылы.
      4. Мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам адвокаттың заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамның мүддесiн бiлдiру құқығын танудан бас тарта алмайды.
      5. Адвокаттың мемлекеттiк органдардың, соттардың, прокуратураның, анықтау және алдын ала тергеу органдарының әкiмшiлiк үйлерiне кiруi осы органдар мен соттар белгiлеген тәртiппен өзiнiң адвокаттық куәлiгiн көрсетуi бойынша жүзеге асырылады.
      Адвокаттың ұсталғандар, тұтқынға алынғандар және жазасын өтеп жатқандар отырған орындарға кiруi белгiленген рұқсаттық режимге сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Адвокат мiндеттi сақтандыру қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын мемлекет кепiлдiк берген әлеуметтiк қорғалуға құқылы.
      Әлеуметтiк сақтандыруға арналған жарналарды адвокаттар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес төлейдi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

       15-бап. Адвокаттың мiндеттерi

      1. Адвокат заң талаптарын сақтауға, адвокатураны ұйымдастыру мен оның қызметiнiң принциптерiн басшылыққа алуға, кәсiптiк мiнез-құлық нормаларының талаптары мен адвокаттық құпияны сақтауға мiндеттi.
      2. Егер адвокат осы iс бойынша мүдделерi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның (тараптардың өзара келiсiмi бойынша ара ағайын болған жағдайларды қоспағанда) мүдделерiне қайшы келетiн адамдарға заң көмегiн көрсетiп жүрсе немесе бұдан бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, анықтауды жүргiзушi адам, тергеушi, сарапшы, маман, аудармашы, куә, жәбiрленушi немесе куәгер, азаматтық талап қоюшы немесе азаматтық жауапкер ретiнде iске қатысқан жағдайларда, сондай-ақ егер iстi тергеуге немесе қарауға адвокатпен жақын туыстық қатынастағы лауазымды адам қатысса, ол заң көмегiн көрсету туралы тапсырмадан бас тартуға мiндеттi.
      3. Адвокат заң көмегiн көрсетуге байланысты өзiне мәлiм болған мәлiметтердi құпия сақтауға мiндеттi және көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз оларды жария етуге құқығы жоқ.
      4. Iс бойынша адвокаттың көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық позиция ұстануына тыйым салынады.
      5. Адвокаттың қылмыстық iс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ және ол қорғалатын адамның немесе адвокаттың өзiнiң көзқарасы бойынша әдiлетсiз үкiм шығарылған жағдайда оған белгiленген тәртiппен шағым жасауға мiндеттi.
      6. Адвокатқа мемлекеттiк қызметте болуға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысуға тыйым салынады.

      16-бап. Адвокаттың кәсiби мiнез-құлық нормалары

      Адвокат заң көмегiн көрсету кезiнде мынадай кәсiптiк ережелердi сақтауға тиiс:
      1) көп күш-жiгер не уақыт жұмсауды талап ететiн қажеттi әрекеттер жасаудан жасқанбай ыждағаттылық пен құлшыныс бiлдiру;
      2) заң мәселелерiн қарап жатқан органдар мен лауазымды адамдарға қатысты өзiн әдептi ұстау;
      3) өз кәсiби мiнез-құлқын көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне сәйкес қалыптастыра және тежей отырып, iстi негiзсiз сөзбұйдаға салуға, заң көмегiн көрсетудiң заңсыз әдiстерiне, алдауға жол бермеу;
      4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның мүдделерiне адал болу және оның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасамау.

      17-бап. Адвокаттық қызметтiң кепiлдiктерi

      1. Мемлекеттiк органдардың, саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және өзге де ұйымдардың лауазымды адамдарының адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға тiкелей немесе жанама түрде кедергi жасауға құқығы жоқ.
      2. Адвокатты ол заң көмегiн көрсетiп отырған адаммен теңдестiруге тыйым салынады.
      3. Адвокаттан өз кәсiби мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты оған мәлiм болған мән-жайлар туралы куәгер ретiнде жауап алуға тыйым салынады.
      4. Адвокаттардан, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультацияларының, адвокаттық кеңселердiң басшылары мен қызметкерлерiнен, заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, белгiлi бiр адамға заң көмегiн көрсетуге байланысты қандай да болмасын мәлiметтер берудi талап етуге тыйым салынады.
      5. Адвокаттық iс жүргiзу және адвокаттың соған байланысты өзге де материалдары мен құжаттары, заң актiлерiнде тiкелей көзделгеннен басқа жағдайларда, тексеруге, қарауға, алуға, алып қоюға және тексерiске жатпайды.
      6. Адвокатқа өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығудың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда осылайша жолығуына рұқсат беруден бас тартуға, сондай-ақ олардың саны мен ұзақтығына шек қоюға тыйым салынады.
      7. Анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттар адвокатты iске қатысуға жiберген сәттен бастап оған өзi қорғайтын адам қамауда болатын бүкiл кезеңге iске қатысуға жiберiлгені туралы дереу жазбаша растау беруге мiндеттi.
      8. Анықтау және алдын ала тергеу органдары, iс жүргiзу заңында көзделген жағдайларда, адвокатпен келiсiлген мерзiмде тергеу және өзге iс жүргiзу әрекеттерiне оның қатысуы қажеттiгi туралы адвокатқа хабарлауға мiндеттi.
      9. Мемлекеттiк қызметшiлер мен мемлекеттiк емес ұйымдардың басшылары адвокаттың нақты iс бойынша заң көмегiн көрсетуiне байланысты өтiнiшiне он күн мерзiмнен кешiктiрмей жазбаша жауап беруге мiндеттi. <*>
      10. Адвокаттардың қызметiне заңсыз араласуға жол берген немесе осындай қызметтi жүзеге асыруға кедергi келтiретiн адамдар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

      РҚАО-ның ескертуі!
      18-бапқа өзгерту қарастырылған - ҚР 2009.08.28. N 192-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      18-бап. Адвокат құпиясы

      1. Адвокат құпиясын адвокатқа жүгiну фактiсi, көмек сұрап өтiнiш жасаған адаммен және басқа да адамдармен жасалған ауызша және жазбаша келiссөздердiң мазмұны туралы, көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның мүдделерiнде жасалатын әрекеттердiң сипаты мен нәтижелерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ заң көмегiн көрсетуге қатысты өзге ақпарат құрайды.
      2. Адвокаттардың, адвокаттар алқасы төралқасы, заң консультациясы, адвокат кеңсесi қызметкерлерiнiң заң көмегiн көрсетуге байланысты алынған мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ өз мүдделерi немесе үшiншi бiр адамдардың мүдделерi үшiн пайдалануға құқығы жоқ.
      3. Адвокат құпиясына жататын мәлiметтердi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз жария еткен адвокат заңға сәйкес жауапты болады.

3-тарау. АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТI ҰЙЫМДАСТЫРУ

      19-бап. Адвокаттық қызметтi ұйымдастыру нысандары

      Адвокат өз қызметiн заң консультациясы арқылы жүзеге асыруға не дербес немесе басқа адвокаттармен бiрлесiп, сондай-ақ заңды тұлғаны тiркемей-ақ жеке дара адвокаттық кеңсе құруға құқылы.
      Адвокат тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында құрылған және әрекет ететін адвокаттар алқасының мүшесі болуға тиіс.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

      20-бап. Адвокаттар алқасы

      1. Адвокаттар алқасын адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар адамдар құрады.
      2. Адвокаттар алқасы жеке және заңды тұлғаларға бiлiктi заң көмегiн көрсету үшiн, адвокаттардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, осы Заңда белгiленген өзге де мiндеттердi орындау үшiн құрылатын адвокаттардың коммерциялық емес, кәсiби, өзiн-өзi басқаратын және өзiн-өзi қаржыландыратын ұйымы болып табылады.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттардың бiр ғана алқасы құрылып, жұмыс iстеуi мүмкiн, оның басқа облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) құруға құқығы жоқ. <*>
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттар алқасы болмаған жағдайда, ол осы Заңның 7-бабының талаптарына сәйкес келетiн кемiнде он құрылтайшының бастамашылығымен құрылады.
      Адвокаттар алқасын құруға мемлекеттiк органдардың арнайы рұқсаты талап етiлмейдi.
      Адвокаттар алқасының атауы аумағында өзi құрылған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң атауын қамтуға тиiс.
      4. Адвокаттар алқасының негiзгi мiндеттерi:
      1) адвокаттық қызметтi жүзеге асыру кезiнде алқа мүшелерiне жәрдемдесу, кәсiби көмек көрсету және оларды қорғау;
      2) алқа мүшелерiнiң қызметiн материалдық-техникалық және анықтамалық-ақпараттық қамтамасыз ету;
      3) адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға кәсiптiк бақылауды ұйымдастыру;
      4) алдын ала тергеу және сот органдарының белгiлеуi бойынша тегiн заң көмегiн көрсету (осы Заңның 6-бабы) мен қорғауды ұйымдастыру болып табылады.
      5. Адвокаттар алқасы заң консультацияларын құрады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

      21-бап. Адвокаттар алқасының жарғысы

      1. Адвокаттар алқасының жарғысы:
      1) адвокаттар алқасының атауын, қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын;
      2) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн;
      3) адвокаттар алқасына мүшелiкке қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру мен тоқтату тәртiбiн;
      4) адвокаттар алқасының құрылымын, оның органдарының қалыптасу тәртiбi мен құзыретiн;
      5) заң консультацияларын құру мен олардың жұмыс iстеу тәртiбiн;
      6) мүлiк жинау көздерi мен оған иелiк ету тәртiбiн;
      7) мүшелiк жарнаны төлеу тәртiбiн;
      8) адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртiбiн және адвокаттар арасында сот, анықтау және алдын ала тергеу органдарының тағайындауы бойынша заң көмегiн бөлу тәртiбiн;
      9) адвокаттарды аттестациялауды өткiзу тәртiбiн;
      10) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң және адвокаттардың тағлымдамадан өтушiлердiң тәртiптiк жауапкершiлiгi мен оған тарту тәртiбiн;
      11) адвокатты лицензиясынан айыру туралы өтiнiш жасау тәртiбiн;
      12) адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбiн;
      13) адвокаттар алқасы таратылған жағдайда мүлiктiң тағдырын көздеуге тиiс.
      2. Адвокаттар алқасының жарғысы заңдарға қайшы келмейтiн өзге ережелердi де қамтуы мүмкiн.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Адвокаттар алқасының органдары

      1. Адвокаттар алқасының жоғары органы алқа мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы); оның атқарушы органы - төралқа; бақылаушы органы - тексеру комиссиясы болып табылады.
      2. Жарғыда көзделген реттерде адвокаттар алқасында адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы) қабылдайтын ережелер негiзiнде жұмыс iстейтiн басқа органдар құрылуы мүмкiн.

      23-бап. Адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысы
               (конференциясы)

      1. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы қызметiнiң кез келген мәселелерiн шешуге құқылы.
      2. Жалпы жиналыстың (конференцияның) ерекше құзыретiне мыналар жатады:
      1) адвокаттар алқасының Жарғысын және Жарғыға өзгерiстер енгiзу туралы шешiмдер қабылдау;
      2) төралқаны, төралқа төрағасын, тексеру комиссиясын, тексеру комиссиясының төрағасын сайлау;
      3) Жарғыда көзделген басқа органдарды және олардың басшыларын сайлау, осы органдар туралы ережелердi бекiту;
      4) адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерiнiң қызметi туралы есептердi тыңдау және бекiту;
      5) адвокаттар алқасының мүлкiне иелiк жасау тәртiбiн белгiлеу;
      6) есептi көрсеткiшке еселенетiн мөлшердегi мүшелiк жарна ставкаларын белгiлеу;
      7) органдардың және адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерiнiң шешiмдерiне адвокаттардың шағымдарын қарау;
      8) адвокаттар алқасының басшылары мен қызметкерлерiн мерзiмiнен бұрын керi шақыру.
      3. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi немесе, тиiсінше, конференция сайлаған делегаттар құрамы болған жағдайда шешiмдер қабылдауға құқылы.
      4. Жалпы жиналысты (конференцияны) жылына кемiнде бiр рет адвокаттар алқасының төралқасы шақырады. Тексеру комиссиясының немесе алқа мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде төрттен бiрiнiң талап етуi бойынша алқа төрағасы отыз күн iшiнде жалпы жиналысты (конференцияны) шақыруға мiндеттi.
      5. Адвокаттар алқасының Жарғысында жалпы жиналыстың (конференцияның) ерекше құзыретiне жататын өзге мәселелер көзделуi мүмкiн.

      24-бап. Адвокаттар алқасының төралқасы

      1. Адвокаттар алқасының төралқасы мен төралқа жасырын дауыспен төрт жыл мерзiмге сайланады.
      2. Адвокаттар алқасының төралқасы:
      1) адвокаттар алқасының жеке және заңды тұлғаларға заң көмегiн, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен адвокаттар көрсететін заң көмегін көрсету жөнiндегi жұмысын ұйымдастырады; <*>
      2) жалпы жиналыстың (конференцияның) шешiмдерiн орындауды ұйымдастырады, жалпы жиналысты (конференцияны) шақырады;
      3) адвокаттардың кәсiби және өзге де құқықтарын қорғайды;
      4) адвокаттар алқасының мүшелiгiне қабылдауды жүзеге асырады, алқа мүшелiгiнен шығарады, адвокаттардың тағлымдамадан өтушiлерiн даярлауды ұйымдастырады;
      5) адвокаттың әрекеттерiне жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдарды (ұсыныстарды) тексеру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      6) адвокаттардың тәртiптiк терiс қылықтары туралы материалдарды қарайды және кiнәлi адамдарға тәртiптiк жаза қолданады;
      7) адвокаттарды аттестациялауды өткiзудi және олардың кәсiби бiлiктiлiгін арттыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      8) осы Заңда (12-бап) көзделген реттерде адвокатты лицензиясынан айыру туралы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне өтiнiш жасайды;
      9) адвокаттардың кәсiби деңгейiн көтеру жөнiндегi шараларды жүргiзедi, оң жұмыс тәжiрибесiн талдайды, қорытады және таратады;
      10) кодификациялық-анықтамалық жұмысты жүргiзудi ұйымдастырады, дербес немесе Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiмен бiрлесiп адвокаттық қызмет мәселелерi бойынша әдiстемелiк құралдар мен ұсынымдар әзiрлейдi және басып шығарады;
      11) заң консультацияларын құрады, олардың меңгерушiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      12) адвокат куәлiгiн бередi, оның нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтедi;
      13) адвокаттар алқасының қаражатына Жарғы мен жалпы жиналыс (конференция) белгiлейтiн тәртiппен иелiк жасайды;
      14) адвокаттар есептi, қаржы және статистикалық есептiлiктi және iс жүргiзудi ұйымдастырады;
      15) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысының (конференциясының) ерекше құзыретiне жатқызылғандарды қоспағанда, адвокаттар алқасы қызметiнiң өзге де мәселелерiн шешедi.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 , 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       25-бап. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы

      1. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болып, сайланған күнiне дейiн кемiнде екi жыл тiкелей адвокаттар алқасының мүшесi болған адвокат сайлана алады.
      2. Алқаның Жарғысына сәйкес адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы:
      1) төралқаның жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етедi және төралқаның, алқа мүшелерiнiң жалпы жиналыстары (конференциялары) шешiмдерiнiң орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      2) төралқа аппаратының жұмысын басқарады, алқа аппаратының қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
      3) мемлекеттiк органдарда, қоғамдық бiрлестiктерде, басқа да ұйымдар мен мекемелерде адвокаттар алқасының атынан өкiлдiк етедi, олармен және азаматтармен хат жазысады.
      3. Адвокаттар алқасының төралқасы төрағасының басқа өкiлеттiктерi Адвокаттар алқасының жарғысымен белгiленедi.

      26-бап. Адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы

      1. Адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы оның бақылау-тексеру органы болып табылады.
      2. Тексеру комиссиясы, оның төрағасы алқа мүшелерiнiң жалпы жиналысында (конференциясында) төрт жыл мерзiмге сайланады.
      3. Тексеру комиссиясы адвокаттар алқасының, заң консультацияларының, адвокаттық кеңселердiң қаржы-шаруашылық қызметiне, сондай-ақ жеке дара жұмыс iстейтiн адвокаттардың қаржылық қызметiне тексеру жүргiзедi.

      27-бап. Адвокаттар алқасына мүшелiк

      1. Адвокаттар алқасына мүшелiк мiндеттi болып табылады. Адвокат лицензиясы болған және алқа Жарғысын мойындаған жағдайда алқаға қабылдаудан бас тартылмауға тиiс. Адвокаттар алқасына мүшелiкке қабылдаудан бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
      2. Кiсi алқадан шығарылған, бiрақ адвокат лицензиясын сақтап қалған жағдайда ол шығарылған сәттен бастап кемiнде алты ай өткеннен кейiн алқаға қайта қабылдануы мүмкiн. Бұл кезеңде адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға жол берiлмейдi.

      28-бап. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң құқықтары

      1. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң:
      1) алқаның, оның органдары мен лауазымды адамдарының жәрдемiн, кәсiби көмегiн және қорғауын пайдалануға;
      2) адвокаттар алқасының органдарына сайлауға және сайлануға;
      3) адвокаттар алқасы органдары алдына алқа қызметiне қатысты мәселелер қоюға, алқа мен оның органдарының жұмысын жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге, шешiмдердi талқылау мен қабылдауға қатысуға, адвокаттар алқасы органдарынан олардың қызметi туралы құжаттар мен материалдар берудi талап етуге;
      4) алқа органдары оның қызметiн немесе мiнез-құлқын тексерген және талқылаған барлық жағдайларда өзi қатысуға;
      5) алқаның жарғысында белгiленген тәртiп пен шарттарда адвокаттар алқасының мүлкiн пайдалануға;
      6) өз бастамасымен алқа құрамынан шығуға құқығы бар.
      2. Адвокаттар алқасының мүшелерi өзiнiң құқықтары мен мiндеттерi жөнiнен тең болады.

      29-бап. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң мiндеттерi

      Адвокаттардың жалпы мiндеттерiне қоса (осы Заңның 15-бабы) адвокаттар алқасының мүшесi:
      1) адвокаттар алқасы Жарғысының талаптарын сақтауға;
      2) адвокаттар алқасы мен оның органдарының жалпы жиналысының шешiмдерiн орындауға;
      3) мүшелiк жарналар төлеуге;
      4) адвокаттар алқасының төралқасына өз жұмысы туралы есепті табыс етуге міндетті. <*>     
      Адвокаттар алқасының мүшесi адвокаттар алқасының алдында мүшелiк жарналар төлеу мiндеттемесiнен басқа өзгедей бiржақты мүлiктiк мiндеттемелердi мойнына алмайды.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

      30-бап. Адвокаттар алқасы мүшелерінiң тәртiптiк
               жауапкершiлiгi

      1. Осы Заңның, басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң, алқа Жарғысының талаптарын бұзғаны үшiн адвокаттар алқасының мүшелерi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкiн.
      2. Тәртiптiк iс жүргiзу адвокаттар алқасы төралқасының құзыретiне жатады.
      3. Тәртiптiк жаза шаралары, оларды қолдану, алып тастау мен шағымдану тәртiбi адвокаттар алқасының Жарғысымен белгiленедi.
      4. Осы баптың ережелерi тағлымдамадан өтушi адвокаттарға да қолданылады.

      31-бап. Адвокаттар алқасынан шығару

      1. Адвокатты алқадан адвокаттар алқасының төралқасы мынадай жағдайларда:
      1) адвокаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиясынан айырылған немесе қолданылуы тоқтатылған;
      2) адвокат өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары мен нормаларын бірнеше рет бұзған;
      3) бiлiктiлiгiнiң жеткiлiксiздiгi салдарынан адвокаттың өз кәсiби мiндеттерiн орындай алмайтыны анықталған;
      4) мүшелiк жарнаны ұдайы төлемеген;
      5) кәсiпкерлiк қызметпен, сондай-ақ өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысқан;
      6) өз тiлегi бойынша;
      7) алқа Жарғысында көзделген өзге де жағдайларда шығарады.
      2. Осы баптың 1-тармағының 2), 3)-тармақшаларында көзделген негiздер бойынша адвокатты алқадан шығару адвокатты лицензиясынан айыруға әкеп соғады.
      3. Алқадан шығаруға алқа төралқасының шығару туралы қаулысының көшiрмесi адвокатқа берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 , 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       32-бап. Заң консультациясы

      1. Заң көмегiн көрсету жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру үшiн адвокаттар алқасының төралқасы заң консультацияларын құрады.
      2. Заң консультациясы орналасатын жердi адвокаттар алқасының төралқасы белгiлейдi.
      3. Заң консультациясы адвокаттар алқаларының құрылымдық бөлiмшесi (филиалы) болып табылады. Оның өз атауы мен тиiстi адвокаттар алқасына тиесiлiлiгi белгiленген мөрi мен мөртаңбасы, заң көмегiн көрсетудi ұйымдастыру үшiн қажеттi өзге де атрибутикасы болады. Заң консультациясы адвокаттар алқасының жалпы жиналысы (конференциясы) бекiткен Ереже негiзiнде iс-қимыл жасайды.
      4. Заң консультациясын адвокаттар алқасының төралқасы тағайындайтын меңгерушi басқарады.

      33-бап. Адвокат кеңсесi

      1. Адвокат кеңсесi мекеме нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      2. Адвокат кеңсесi адвокаттардың заң көмегiн көрсетуiнiң материалдық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында құрылады /ұйымдастырылады/.
      3. Адвокат кеңсесiн адвокаттар алқасының мүшесi (мүшелерi) құрады.
      Адвокат тек бiр ғана адвокат кеңсесiнiң құрылтайшысы (тең құрылтайшысы) бола алады.
      4. Бiр адвокат құрған адвокат кеңсесi өз қызметiн Жарғының негiзiнде жүзеге асырады.
      Адвокат кеңсесiн бiрнеше адвокат құрған жағдайда Құрылтай шарты да құрылтай құжаты да болуы мүмкiн.
      Адвокат кеңсесiнiң құрылтайшысы (құрылтайшылары) мемлекеттiк тiркеуден өткен соң он күн мерзiмде бұл туралы тиiстi адвокаттар алқасына жазбаша хабарлауға және оның қарамағына адвокат кеңсесiнiң құрылтай құжаттарын беруге мiндеттi.
      5. Адвокат кеңселерiн құруға мемлекеттiк органдардың арнайы рұқсаты талап етiлмейдi.
 

       33-1-бап. Адвокаттық қызметті жеке-дара жүзеге асыру <*>

      1. Кәсіби қызметті жеке-дара жүзеге асыруға шешім қабылдаған адвокат бұл туралы адвокаттар алқасын хабардар етеді. Хабарламада адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты, оның тұрақты тұратын жері көрсетіледі.
      2. Кәсіби қызметті заңды тұлға құрмай жеке-дара жүзеге асыратын адвокат банктерде есеп айырысу және өзге де шоттар, жеке мөр, мөртабандар, жеке бланкілер иеленуге құқылы.
      Ескерту. 33-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 425 Заңымен .

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

      34-бап. Осы Заңның орындалуын қамтамасыз ету

      1. Осы Заңның күшiне енуi сәтiнде адвокаттық қызметпен айналысуға арналған патенттерi адвокаттарды Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген мерзiмде Әдiлет министрлiгiнiң шешiмiмен құрылатын комиссиялар аттестациялауға тиiс.
      Аттестациялық комиссияның құрамына:
      Әдiлет министрлiгiнiң өкiлдерi;
      Адвокаттар одағының өкiлдерi;
      құқықтанушы ғалымдар кiредi.
      2. Аттестациялаудан өткен адвокаттарға жүргiзу аяқталған күннен бастап үш ай iшiнде осы Заңға сәйкес адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиялар берiледi. Осы Заңда белгiленген лицензияларды ресiмдеу мен беру кезеңiнде осы Заң күшiне енгенге дейiн адвокаттық қызметпен айналысуға арналған патенттер осы Заңда көзделген ережелер негiзiнде өз күшiн сақтайды.
      3. Комиссиялардың аттестациялауынан өтпеген адвокаттар патенттерiнiң күшi аттестациялау күнiнен не комиссия шешiмiне Әдiлет министрлiгiне шағым жасалған кезде, шағым бойынша шешiм қабылданған күннен бастап тоқтатылады.
      4. Осы Заң күшiне енгiзiлуiне байланысты бұрын жұмыс iстеп келген адвокаттар алқалары облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана аумағында адвокаттардың бiрыңғай алқасы құрылғанға дейiн өз жұмысын жалғастыра бередi. Адвокаттардың бiрыңғай алқалары осы Заң күшiне енген кезден бастап алты ай iшiнде құрылуға тиiс. Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн бiр өзi ғана жүзеге асырып жүрген адвокаттар алқалары осы Заң күшiне енген кезден бастап алты ай iшiнде өз жарғыларын осы Заңның талаптарына сәйкес келтiретiн болсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi