Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы N 127 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - VI" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 6" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), тақырыбына өзгерту енгізілді, бүкiл мәтiн бойынша "әскери комиссариаттардың", "әскери комиссариаттарға", "әскери комиссариаттың", "әскери комиссардың" деген сөздер тиiсiнше "жергiлiктi әскери басқару органдарының", "жергiлiктi әскери басқару органдарына", "жергiлiктi әскери басқару органдарының", "жергiлiктi әскери басқару органы басшысының" деген сөздермен, "жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытында", "жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына", "жұмылдыру кезеңiнде және соғыс уақытында" деген сөздер тиiсiнше "жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында", "жұмылдыру, соғыс жағдайы бойынша және соғыс уақытында" деген сөздермен ауыстырылды - 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк өкiмет органдарының, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмылдыру шараларын жүзеге асырудағы негiзгi принциптерiн, тәртiбiн, өкiлеттiгiн, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн белгiлейдi.
     Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
 

      жұмылдыру - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, ұйымдарын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын, халқын, аумағы мен экономикасын (жалпы жұмылдыру) немесе олардың қайсы бiр бөлiгiн (iшiнара жұмылдыру) соғыс жағдайы режимiне көшiруге байланысты жалпымемлекеттiк шаралар кешенi;
 

      жұмылдыру дайындығы - бейбiт уақытта жүргiзiлетiн және соғыс уақытында мемлекеттi тұрақты басқаруға бағытталған iс-шаралар кешенi, ел экономикасын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарының және халқының қажеттiлiктерiн қамтамасыз етуге, елдi қарулы қорғауға және оның қорғанысына, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында әкімшілік аумақтық бiрлiктердiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге ұйымдасқан түрде көшiру;
 

      жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы уәкiлеттi орган - жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
 

      жұмылдыру қуаттары - жұмылдыру тапсырыстарын орындауға арналған өндiрiстiк алаңдар, технологиялық жабдықтар, инженерлiк-техникалық және өзге де құжаттама;
 

      жұмылдыру резервi - мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау үшiн қажеттi және жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдар ағымдағы өндiрiстiк қызметiнде пайдаланбайтын шектеулi номенклатура бойынша материалдық құндылықтар запасы, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
 

      жұмылдыру тапсырмасы - жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында мемлекеттiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешуге бағытталған iс-шараларды орындауға мемлекеттiк органдарға берiлетiн тапсырма;
 

      жұмылдыру тапсырысы - ұйымдарға жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында белгiлi бiр номенклатурада, мөлшерде және сапада тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өндiруге, арнаулы құралымдар құруға берiлетiн мемлекеттiк тапсырыс;
 

      Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспары - Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жұмылдыра өрiстету жөнiндегi шараларды iске асыруға, Қазақстан Республикасының экономикасын, мемлекеттiк органдарын, ұйымдарын, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерi мен халқын жұмылдыру тапсырыстарын (тапсырмаларын), сондай-ақ жұмылдыру дайындығының өзге де iс-шараларын орындау жолымен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында жұмыс істеу режимiне көшiруге бағытталған iс-шаралар жоспары.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

       2-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
              заңдар

      Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың негiзгi
              принциптерi

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
 

      1) жұмылдыру дайындығын өткiзудiң мiндеттiлiгi;
 

      2) жоспарланатын шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге орталықтандырылған басшылық ету;
 

      3) белгiленетiн шаралардың алдын ала жүргiзiлуi, жоспарлылығы және қамтамасыз етiлуi;
 

      4) салалық және аумақтық шаралардың кешендiлiгi және өзара үйлестiрiлгендiгi;
 

      5) шараларды ұйымдастыру мен өткiзуді ұдайы бақылап отыру.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

      4-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi
              шаралардың мазмұны

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi шараларға мыналар кiредi:
 

      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау;
 

      2) жұмылдыру, соғыс жағдайы бойынша және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумағын, экономикасын дайындау және мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың жұмыс жағдайларын белгiлеу;
 

      3) Қазақстан Республикасының халқын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларын жұмылдыруға, соғыс жағдайына және соғыс уақытына дайындау;
 

      4) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларын жасақтау үшiн азаматтарды әскери-есеп мамандықтары бойынша жұмылдыруға дайындау;
 

      5) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың кiдiрiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және еңбек ресурстарын сақтау үшiн оларға запаста (резервте) тұрған әскери мiндеттi азаматтарды: басшыларды, бiлiктi жұмысшылар мен қызметшiлердi бекiтiп қою;
 

      6) Қазақстан Республикасының, мемлекеттiк органдардың, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң, ұйымдардың жұмылдыру жоспарларын әзiрлеу;
 

      7) қару-жарақ пен әскери техниканың бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнiмдерге арналған құжаттамаларды, сондай-ақ қатерлiлiгi жоғары объектiлерге, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйелерi мен ұлттық игiлiк болып табылатын объектiлерге арналған жобалық құжаттамаларды сақтандыру қорын жасау және сақтау;
 

      8) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларына беруге немесе олардың мүдделерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының мүдделерiне пайдалануға арналған арнаулы құрамалар мен техниканы дайындау;
 

      9) Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын, мемлекеттiк органдардың, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң және ұйымдардың жұмылдыру жоспарларын жұмылдыруды өрiстету мен орындау жөнiндегi әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқуын (жаттығуларын) өткiзу;
 

      10) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтар қорын жасау, жинақтау, сақтау және жаңарту;
 

      11) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығының жай-күйiне баға беру;
 

      12) жұмылдыру органдары қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру;
 

      13) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ғылыми және әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету;
 

      14) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарды соғыс жағдайына және соғыс уақытына көшiру;
 

      15) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларының жұмылдырылуын өрiстетудi жүргiзу;
 

      16) күш пен қаражатты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларына берудi қоса алғанда, экономиканы, ұйымдарды соғыс жағдайына көшiру;
 

      17) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мiндеттерiн шешу мүдделерiнде халықаралық ынтымақтастық жасау;
 

      18) жұмылдыру органдарын құру және ұстау;
 

      19) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау;
 

      20) аумақтық қорғанысты ұйымдастыру;
 

      21) Азаматтық қорғаныс iс-шараларын жүргiзу;
 

      22) жұмылдыру iс-шараларын қаржылық қамтамасыз ету.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

2 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi мен
мемлекеттiк органдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру
саласындағы өкiлеттiгi

      5-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Президентi:
 

      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша
жарлықтар, өкiмдер шығарады;
 

      2) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiссөздер жүргiзедi және халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) қол қояды;
 

      3) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қауiп төнген ретте республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзедi, iшiнара немесе жалпы жұмылдыру жариялайды және бұл туралы дереу республика Парламентiне хабарлайды;
 

      4) жұмылдыру, соғыс жағдайы бойынша және соғыс уақытында мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың жұмыс режимiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi күшiне енгiзедi, сондай-ақ олардың қолданылуын тоқтатады;
 

      4-1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын бекiтедi;
 

      4-2) Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру ережелерiн бекiтедi;
 

      4-3) жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстары бар мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың жұмылдыру әзiрлiгiн бағалау ережелерiн белгiлейдi;
 

      4-4) жұмылдыру туралы жариялау тәртiбiн бекiтедi;
 

      5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республиканың жұмылдыру дайындығы мәселелерi жөнiндегi жыл сайынғы баяндамасын қарайды;
 

      6) соғыс уақытында мемлекеттiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;
 

      7) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттi қорғау үшiн қажеттi өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Парламентi:
 

      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша заңдар мен қаулылар қабылдайды;
 

      2) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды қаржыландыру бөлiгiнде республикалық бюджеттi бекiтедi, оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;
 

      3) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарын (келiсiмдерiн) бекiтедi және олардың күшiн жояды;
      4) соғыс және бiтiм мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдайды.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
 

      1) мемлекеттiк органдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы қызметiн ұйымдастыру жөнiндегi жалпы басшылықты жүзеге асырады;
 

      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын табыс етедi;
 

      3) Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын әзiрлеу мен орындауды ұйымдастырады;
 

      4) ұйымдардың Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарында белгiленген жұмылдыру тапсырыстарын орындау тәртiбiн белгiлейдi;
      5) алып тасталды
      6) алып тасталды
 

      7) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы саласындағы, сондай-ақ жұмылдыруды, соғыс жағдайын жариялауға байланысты және соғыс уақытында қабылдануға тиiстi заңнамалық актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
 

      7-1) ұйымдар банкрот болған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, жұмыс бейiнiн өзгерткен жағдайда жұмылдыру тапсырыстарын (тапсырмаларын) алып тастау, басқаға беру тәртiбiн айқындайды;
 

      7-2) соғыс уақытында Қазақстан Республикасының халқын жабдықтау нормаларын бекiтедi;
 

      7-3) соғыс уақытында тамақтандыруды және сауда-саттықты ұйымдастыру тәртiбiн бекiтедi;
 

      8) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарындағы (келiсiмдерiндегi) мiндеттемелердi орындау шараларын әзiрлеп, олардың орындалуын ұйымдастырады;
 

      9) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша үкiметаралық келiссөздер жүргiзедi;
      10) алып тасталды
      11) алып тасталды
 

      12) жұмылдыру дайындығын бақылауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру әзiрлiгiнiң деңгейiне баға бередi және бұл жөнiнде Қазақстан Республикасының Президентiне жыл сайын баяндап отырады;
 

      13) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларын жұмылдыруды өрiстету жөнiндегi шаралардың және оның экономикасын соғыс жағдайы режимiне көшiру туралы шешiмдердiң орындалуын және жүргiзiлуiне бақылау жасауды ұйымдастырады;
 

      14) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету, аумақтарды жедел жабдықтау және Азаматтық қорғаныс жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу жөнiнде тапсырмалар белгiлейдi;
 

      15) жұмылдыру, соғыс жағдайы бойынша және соғыс уақытына бекiтiп қою жөнiндегi жұмыстар тәртiбiн белгiлейдi және оны жүргiзудi ұйымдастырады;
 

      16) Қазақстан Республикасының ұйымдарында, Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларында жұмылдыруды өрiстету және жұмылдыру шараларын орындау жөнiндегi әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар (жаттығулар) өткiзудi ұйымдастырады;
 

      17) мемлекеттiк материалдық резервтегi материалдық құндылықтарды қалыптастыру, жинақтау мен пайдалану тәртiбiн белгiлейдi ;
 

      18) қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнiмдерге арналған құжаттаманың, сондай-ақ қатерлiлiгi жоғары объектiлерге, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйелерi мен ұлттық игiлiк болып табылатын объектiлерге арналған жобалық құжаттаманың сақтандыру қорын жасау, сақтау мен пайдалану тәртiбiн белгiлейдi .
      19) алып тасталды
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

       7-1-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
               уәкiлеттi органның өкiлеттiктерi

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы уәкiлеттi орган:
 

      1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қатысуымен Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын әзiрлейдi, мемлекеттiк органдардың, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жұмылдыру жоспарларын келiседi;
 

      2) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау номенклатурасы мен көлемi жөнiндегi ұсыныстарды қалыптастыруға қатысады;
 

      3) мемлекеттiк органдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы қызметiн үйлестiредi;
 

      4) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында ғылыми зерттеулер мен әдiстемелiк қамтамасыз етудi, сондай-ақ жұмылдыру органдары мамандарының бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
 

      5) жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдар банкрот болған, қайта ұйымдастырылған, таратылған және олардың жұмыс бейiнi өзгертiлген кезде мемлекеттiк органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметiне белгiленген жұмылдыру тапсырыстарын алып тастау және басқаға беру туралы ұсыныс енгiзедi;
 

      6) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қатысады.
      Ескерту. 7-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

      8-бап. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы
              органдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру
              саласындағы өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары бiрiншi басшыларының атынан Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде   белгiленген құзыретi шегiнде:
 

      1) тиiстi мемлекеттiк басқару саласында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру үшiн жауап бередi, сондай-ақ жұмылдыру органдарының қызметкерлерiне олардың өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды;
 

      2) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы уәкiлеттi органға жұмылдыру дайындығы жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру көлемi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
 

      3) ұйымдардың жұмылдыру дайындығын жоспарлайды, ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстарын орындауға қажеттi жағдайларды белгiлейдi;
 

      3-1) ұйымдармен жұмылдыру тапсырыстарын орындауға арналған шарттар жасасады, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы уәкiлеттi органға жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдар банкрот болған, таратылған, жұмыс бейiнiн өзгерткен жағдайда жұмылдыру тапсырыстары мен жұмылдыру қуаттарынан босату туралы ұсыныс енгiзедi;
 

      4) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындық жөнiндегi шараларды жүргiзедi;
 

      5) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi;
 

      6) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, ұйымдарды соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
 

      6-1) өз құзыретi шегiнде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысады;
 

      7) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы уәкiлеттi органға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
 

      8) қарамағындағы ұйымдарда жұмылдыру шараларын орындау жөнiндегi әскери-экономикалық, командалық-штабтық оқулар (жаттығулар) өткiзудi ұйымдастырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

      9-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
              органдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру
              саласындағы өкiлеттiгi

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде:
 

      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде басқару органдары мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында жұмыс iстеуге көшiру жөнiндегi iс-шаралар кешенiн iске асыруды қамтамасыз етедi;
 

      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шегiнде шақырылуға тиiстi азаматтарды дер кезiнде хабардар етудi және жеткiзудi, жиналу орындарына немесе әскер бөлiмдерiне техника жеткiзудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, жұмылдыру, соғыс жағдайы бойынша және соғыс уақытында жер учаскелерiн, үйлердi, ғимараттарды, коммуникацияларды, көлiк және басқа материалдық құралдарды Қазақстан Республикасының шешiмiмен қорғаныс мұқтаждарына бередi;
 

      3) республиканың орталық атқарушы органдарына жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
 

      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары өз құзыретi шегiнде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуы мен орындалуын, Қазақстан Республикасының Президентi актiлерiнiң, Үкiметi қаулыларының орындалуын қамтамасыз етедi.
 

      3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары бiрiншi басшыларының атынан:
 

      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң, соның iшiнде сол аумақта орналасқан ұйымның жұмылдыру дайындығының жай-күйi үшiн жауап бередi;
 

      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шегiнде жұмылдыру жоспарларын әзiрлейдi, жұмылдыру дайындығы жөнiнде шаралар жүргiзедi;
 

      3) республиканың орталық атқарушы органдарымен бiрлесiп экономиканы жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындау жөнiнде шаралар жүргiзедi;
 

      4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң жұмылдыру дайындығы мүддесiн көздеп, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру кезеңiнде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында өнiмдер беруге, қызмет көрсетуге ұйымдармен шарттар (келiсiм-шарттар) жасасады;
 

      5) бейбiт уақытта және жұмылдыру жарияланған кезде жергiлiктi әскери басқару органдарының жұмысына жәрдем көрсетедi, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық жаттығулар өткiзуге қатысады;
 

      6) запаста (резервте) тұрған әскери мiндеттi азаматтарды, соның iшiнде басшыларды, мамандарды, бiлiктi жұмысшылар мен қызметшiлердi жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында арнап өздерiнiң қарамағындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдарға бекiтiп қою жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

3 тарау. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
ұйымдар басшыларының мiндеттерi, Қазақстан Республикасы
азаматтарының құқықтары мен мiндеттерi

      10-бап. Ұйымдар басшыларының мiндеттерi

      1. Ұйымдардың басшылары:
 

      1) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытына арналған жұмылдыру дайындығының жай-күйi, жұмылдыру дайындығы мүдделерiнде жасалған шарттар (келiсiм-шарттар) мен тапсырыстардың (тапсырмалардың) орындалуы үшiн жеке жауап бередi, сондай-ақ жұмылдыру органдарының қызметкерлерiне өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды;
 

      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң сақталуын және оларға ешкiмнiң тимеуiн ақылы негiзде қамтамасыз етедi;
 

      3) өндiрiстi жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытына арналған тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындау жөнiндегi шарт мiндеттемелерiн орындау мақсатына дайындауды жүзеге асырады;
 

      4) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мүдделерiнде шарттарға (келiсiм-шарттарға) сәйкес өнiм беруге, жұмыс жүргiзуге, қызмет көрсетуге арналған тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындайды;
 

      5) жұмылдыру жарияланған кезде жұмылдыру жоспарларына сәйкес өндiрiстi соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiнде шаралар жүргiзедi;
 

      6) жергiлiктi әскери басқару органдарының жұмысына жәрдем көрсетедi, өздерiмен еңбек қатынастарында тұрған және шақырылуға тиiстi азаматтардың есебiн алуды ұйымдастырады, оларға мерзiмiнде хабар берудi және жиналу орындарына немесе әскер бөлiмдерiне азаматтарды жеткiзудi, техника берудi қамтамасыз етедi, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында олардың құнын кейiннен Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен өтеу арқылы жер учаскелерiн, үйлердi, ғимараттарды, коммуникацияларды, көлiктi және басқа да материалдық құралдарды қорғаныс мұқтаждарына бередi;
 

      7) басшыларды, мамандарды, әскери мiндеттi азаматтар арасынан бiлiктi жұмысшылар мен қызметшiлердi жұмылдыру, соғыс уақыты, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында арнап бекiтiп қою жөнiндегi жұмыстарды атқарады;
 

      8) жұмылдыру дайындығы жөнiндегi мiндеттердi орындау үшiн арнаулы құрамалардың қызметiн ұйымдастырады және қамтамасыз етедi. Оларды ұстау жөнiндегi шығындар тиiстi органдар мен ұйымдар арқылы мемлекеттiк бюджеттен толықтырылады;
 

      9) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi уәкiлеттi органға, орталық атқарушы органдардың жұмылдыру органдарына мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi ақпарат беруге мiндетті.
 

      2. Ұйымдардан жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында арналған мемлекеттiк қорғаныс мүдделерi көзделген мемлекеттiк тапсырмаларды орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

       11-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
               мен мiндеттерi

      1. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында шақырылған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы әскери қызметшiсiнiң құқықтарын пайдаланады.
 

      2. Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттiң жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету мақсатында:
 

      1) тұрғылықты жерi бойынша әскери есепте тұруға;
 

      2) өзiнiң әскери қызметке қатыстылығын анықтау үшiн шақыру бойынша жергiлiктi әскери басқару органдарына келуге;
 

      3) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында қорғаныс мұқтаждарына жер учаскелерiн, үйлердi, ғимараттарды, көлiк құралдарын және өздерiнiң меншiгiндегi басқа да мүлiктi олардың құнын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен кейiн мемлекет тең мөлшерде өтейтiндей етiп беруге мiндеттi. К941000
 

      3. Жергiлiктi әскери басқару органдарының жұмылдыру ұйғарымдамасын немесе шақыру қағазын алған Қазақстан Республикасының азаматтары оларда айтылған талаптарды орындауға мiндеттi.
 

      4. Қазақстан Республикасының азаматтары соғыс жағдайы бойынша және соғыс уақытында мемлекеттiң қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды орындауға тартылады, сондай-ақ  белгiленген тәртiппен арнаулы құрамаларға қосылады.
 

      5. Әскери есепте тұрған азаматтарға жұмылдыру жарияланған кезден бастап тұрғылықты жерiнен жергiлiктi әскери басқару органы басшысының рұқсатынсыз кетiп қалуға тыйым салынады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан  Республикасының 2006.07.07 N 183, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді - 2007.05.22 N 255 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  4 тарау. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ұйымдастыру,
оны қаржыландыру тәртiбi

      12-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ұйымдастыру
               және оның тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарын, экономикасы мен аумағын жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру мен оның тәртiбi осы Заңмен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
 

      2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларының жұмылдыру дайындығы мен оларды жұмылдыруды ұйымдастыру және оның тәртiбi осы Заңмен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.

      13-бап. Жұмылдыру органдары

      1. Бейбiт уақытта жұмылдыру тапсырыстары (тапсырмалары) бар мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда жұмылдыру дайындығы жөнiндегi шаралардың өткiзiлуiн ұйымдастыру, үйлестiру және бақылау жұмылдыру органдарына (бөлiмшелерге немесе жекелеген қызметкерлерге) жүктеледi. Жұмылдыру органдарының (бөлiмшелерiнiң немесе жекелеген қызметкерлердiң) құрылымы, штат саны, өкiлеттiгi осы тапсырыстардың (тапсырмалардың) сипаты мен ауқымы тұрғысынан айқындалады.
      Жұмылдыру органдары (бөлiмшелер немесе жекелеген қызметкерлер) мемлекеттiк органдардың және ұйымдардың тiкелей бiрiншi басшысына бағынады.
 

      1-1. Жұмылдыру тапсырыстары (тапсырмалары) бар мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың бiрiншi басшылары жұмылдыру органдарына (бөлiмшелерге немесе жекелеген қызметкерлерге) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды.
 

      2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың жұмылдыру органдары туралы үлгi ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

      14-бап. Әскери-көлiктiк мiндет

      1. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытына арнап Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскер құрамаларын көлiк құралдарымен қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының аумағында әскери-көлiктiк мiндет белгiленедi.
 

      2. Әскери-көлiктiк мiндет Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарына, көлiк құралдары бар ұйымдар мен азаматтарға, сондай-ақ көлiк құралдарының жұмысын қамтамасыз ететiн өзге де ұйымдарға қолданылады.
 

      3. Әскери-көлiктiк мiндеттiң орындалу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

      15-бап. Жұмылдыру дайындығын, жұмылдыру органдары мен
               жұмылдыруды қаржыландыру

      1. Жұмылдыру дайындығын, жұмылдыру органдары мен жұмылдыруды қаржыландыру бюджет қаражаты мен ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      2. алып тасталды
      3. алып тасталды
 

      4. Ұйымдардың өз бастамасы бойынша олардың тұрақты жұмыс iстеуi мен жұмылдыру дайындығын арттыру мақсатында жүргiзiлетiн жұмылдыру дайындығы жөнiндегi жұмыстар ұйымдардың қаражаты есебiнен қаржыландырылуға тиiс.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      16-бап. Жұмылдыру резервi

      Жұмылдыру резервiнiң материалдық құндылықтары Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету, экономиканың жұмылдыру мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында ғана пайдаланылады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

5 тарау. Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмылдыру
кезеңi мен соғыс уақытына арнап бекiтiп қою және шақыру

       17-бап. Азаматтарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен
              соғыс уақытына арнап мемлекеттiк өкiмет
              органдарына, орталық және жергiлiктi атқарушы
              органдар мен ұйымдарға бекiтiп қоюдың құқықтық
              негiзi

      1. Қазақстан Республикасының запаста тұрған азаматтарын бекiтiп қою жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытына арнап мемлекеттiк өкiмет органдарының, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының, ұйымдардың кiдiрiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
 

      2. Азаматтарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытына арнап мемлекеттiк өкiмет органдарына, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына, ұйымдарға бекiтiп қою осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

      18-бап. Азаматтарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен
              соғыс уақытында арнап бекiтiп қоюдың
              ұйымдастырылуы мен тәртiбi

      1. Азаматтарды бекiтiп қоюдың ұйымдастырылуы мен тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытына арнап бекiтiп қою жөнiндегi нұсқаумен белгiленедi.
 

      2. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтарды бекiтiп қою жөнiндегi жұмысқа басшылықты Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын Жұмыс күшiн бекiтiп қою жөнiндегi республикалық комиссия жүзеге асырады.
 

      3. Азаматтарды бекiтiп қою шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Республикасының Жұмыс күшiн бекiтiп қою жөнiндегi республикалық комиссиясы бекiтетiн қызметтер мен мамандықтар тiзбесi белгiлейдi.
 

      4. Мемлекеттiк өкiмет органдарына, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдарға бекiтiлiп қойылған Қазақстан Республикасының азаматтары кейiнге қалдырылған мерзiм iшiнде жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiндегі және соғыс уақытындағы шақырудан босатылады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.07.07. N 183 Заңдарымен.

      19-бап. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында
               азаматтарды әскери қызметке шақыру

      Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында азаматтарды әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің iшiнара немесе жаппай жұмылдыруды жариялау туралы жарлығына сәйкес жүргiзiледi.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

6 тарау. Қорытынды ережелер

      20-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
               халықаралық ынтымақтастық

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа Қазақстан Республикасы мемлекеттердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты жасалған шарттар шеңберiнде, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi өзара мүдделi шараларға әзiрлеп және iске асыра отырып, өзара тиiмдi әскери және экономикалық байланыстарды сақтай отырып қатысады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 183 Заңымен.

      21-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ұйымдастыру
               және өткiзу режимi

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды ұйымдастыру мен жұмысты жүргiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      22-бап. Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы
               мен жұмылдыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн
               жауапкершiлiк

      Заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы заңдарын бұзған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi