Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы N 127 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - VI" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 6" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк өкiмет органдарының, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмылдыру шараларын жүзеге асырудағы тәртiбiн, өкiлеттiгiн, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн белгiлейдi. 

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 
      жұмылдыру дайындығы - агрессия жасалған жағдайда қорғану және жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытында мемлекет экономикасының кiдiрiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, ұйымдарын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларын, халқы мен аумағын алдын ала дайындауды қамтитын бейбiт уақытта жүргiзiлетiн жалпымемлекеттiк шаралар кешенi; 
      жұмылдыру - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, ұйымдарын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларын, халқын, аумағы мен экономикасын (жалпы жұмылдыру) немесе олардың қайсыбiр бөлiгiн (iшiнара жұмылдыру) соғыс жағдайы режимiне көшiрумен байланысты жалпымемлекеттiк шаралар кешенi. 

       2-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
               заңдар

      Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

       3-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың негiзгi
               принциптерi

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды өткiзудiң мiндеттiлiгi; 
      2) жоспарланатын шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге орталықтандырылған басшылық ету;
      3) белгiленетiн шаралардың алдын ала жүргiзiлуi, жоспарлылығы және қамтамасыз етiлуi;
      4) салалық және аумақтық шаралардың кешендiлiгi және өзара үйлестiрiлгендiгi;
      5) шараларды ұйымдастыру мен өткiзуді ұдайы бақылап отыру.

       4-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi
               шаралардың мазмұны

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi шараларға мыналар кiредi:
      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау; 
      2) жұмылдыру кезеңiнде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумағын, экономикасын дайындау және мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың жұмыс жағдайларын белгiлеу; 
      3) Қазақстан Республикасының халқын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларын жұмылдыруға дайындау; 
      4) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларын жасақтау үшiн азаматтарды әскери-есеп мамандықтары бойынша жұмылдыруға дайындау; 
      5) соғыс уақытында мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың кiдiрiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және еңбек ресурстарын сақтау үшiн оларға запаста (резервте) тұрған азаматтарды: басшыларды, бiлiктi жұмысшылар мен қызметшiлердi бекiтiп қою; 
      6) Қазақстан Республикасы ұйымдарының, Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларының жұмылдыру жоспарларын әзiрлеу; 
      7) қару-жарақ пен әскери техниканың бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнiмдерге арналған құжаттамаларды, сондай-ақ қатерлiлiгi жоғары объектiлерге, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйелерi мен ұлттық игiлiк болып табылатын объектiлерге арналған жобалық құжаттамаларды сақтандыру қорын жасау және сақтау; 
      8) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларына беруге немесе олардың мүдделерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының мүдделерiне пайдалануға арналған арнаулы құрамалар мен техниканы дайындау; 
      9) Қазақстан Республикасының экономикасы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларының жұмылдыру жоспарларын жұмылдыруды өрiстету мен орындау жөнiндегi әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқуын (жаттығуларын) өткiзу;
      10) жұмылдырудың және мемлекеттiк резервтiң азаймайтын запасының материалдық құндылықтар қорын жасау, жинақтау, сақтау және жаңарту;
      11) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығының жай-күйiне баға беру;
      12) жұмылдыру органдары қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру; 
      13) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ғылыми және әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету;
      14) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өкiмет органдарын, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарын соғыс жағдайына көшiру;
      15) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларының жұмылдырылуын өрiстетудi жүргiзу;
      16) күш пен қаражатты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларына берудi қоса алғанда, экономиканы, ұйымдарды соғыс жағдайына көшiру;
      17) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мiндеттерiн шешу мүдделерiнде халықаралық ынтымақтастық жасау.

  2 тарау. Қазақстан Республикасының Президентi мен
мемлекеттiк органдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру
саласындағы өкiлеттiгi

       5-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Президентi:
      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша
жарлықтар, өкiмдер шығарады; 
      2) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiссөздер жүргiзедi және халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) қол қояды; 
      3) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қауiп төнген ретте республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзедi, iшiнара немесе жалпы жұмылдыру жариялайды және бұл туралы дереу республика Парламентiне хабарлайды; 
      4) жұмылдыру кезеңiнде және соғыс уақытында мемлекеттiк өкiмет органдарының, жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың жұмыс режимiн белгiлейтiн нормативтiк актiлердi күшiне енгiзедi, сондай-ақ олардың қолданылуын тоқтатады; 
      5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республиканың жұмылдыру дайындығы мәселелерi жөнiндегi жыл сайынғы баяндамасын қарайды; 
      6) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында мемлекеттiк органдардың үйлесiмдi жұмыс iстеуi мен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi; 
      7) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша мемлекеттi қорғау үшiн қажеттi өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады. 

       6-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Парламентi: 
      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша заңдар мен қаулылар қабылдайды; 
      2) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды қаржыландыру бөлiгiнде республикалық бюджеттi бекiтедi, оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi; 
      3) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарын (келiсiмдерiн) бекiтедi және олардың күшiн жояды; 
      4) соғыс және бiтiм мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдайды. 

       7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi: 
      1) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында республикада жалпы басшылықты жүзеге асырады, негiзгi бағыттарды әзiрлеп, бiртұтас мемлекеттiк саясат жүргiзудi қамтамасыз етедi. Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне табыс етедi;
      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы өкiлеттiгiн белгiлеп, олардың қызметiне басшылық жасайды; 
      3) Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын әзiрлеу мен орындауды ұйымдастырады, жұмылдыру жоспарының мемлекеттiк тапсырмаларын қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлейдi; 
      4) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру кезеңiнде ұйымдардың мемлекет тапсырыстарын орындауына арналған шарттардың жасалу тәртiбiн белгiлейдi; 
      5) <*> 
      6) <*> 
      7) жұмылдырудың жариялануына байланысты және соғыс уақытында қабылдануға тиiстi заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады; 
      8) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарындағы (келiсiмдерiндегi) мiндеттемелердi орындау шараларын әзiрлеп, олардың орындалуын ұйымдастырады; 
      9) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша үкiметаралық келiссөздер жүргiзедi; 
      10) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ғылыми және әдiстемелiк жағынан қамтамасыз етудi ұйымдастырады; 
      11) жұмылдыру органдары қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады; 
      12) жұмылдыру дайындығын бақылауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру әзiрлiгiнiң деңгейiне баға бередi және бұл жөнiнде Қазақстан Республикасының Президентiне жыл сайын баяндап отырады; 
      13) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларын жұмылдыруды өрiстету жөнiндегi шаралардың және оның экономикасын соғыс жағдайы режимiне көшiру туралы шешiмдердiң орындалуын және жүргiзiлуiне бақылау жасауды ұйымдастырады; 
      14) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету жөнiнде тапсырмалар белгiлейдi; 
      15) жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытында бекiтiп қою жөнiндегi жұмыстар тәртiбiн белгiлейдi және оны жүргiзудi ұйымдастырады; 
      16) Қазақстан Республикасының ұйымдарында, Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларында жұмылдыруды өрiстету және жұмылдыру шараларын орындау жөнiндегi әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар (жаттығулар) өткiзудi ұйымдастырады; 
      17) жұмылдыру резервi мен мемлекеттiк резервтегi материалдық құндылықтарды қалыптастыру, жинақтау мен пайдалану тәртiбiн белгiлейдi; 
      18) қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнiмдерге арналған құжаттаманың, сондай-ақ қатерлiлiгi жоғары объектiлерге, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйелерi мен ұлттық игiлiк болып табылатын объектiлерге арналған жобалық құжаттаманың сақтандыру қорын жасау, сақтау мен пайдалану тәртiбiн белгiлейдi; 
      19) мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi тапсырмалар мен шараларды орындау жұмысының тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi. 
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       8-бап. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы
               органдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру
               саласындағы өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары бiрiншi басшыларының атынан Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген құзыретi шегiнде:
      1) тиiстi мемлекеттiк басқару саласында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру үшiн жауап бередi, сондай-ақ жұмылдыру органдарының қызметкерлерiне олардың өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды; 
      2) жұмылдыру дайындығы жөнiндегi шараларды қаржыландырудың қажеттi көлемiн белгiлейдi; 
      3) ұйымдардың жұмылдыру дайындығын жоспарлайды, ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, жұмылдыру тапсырмалары мен шараларын орындауға қажеттi жағдайларды белгiлейдi; 
      4) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып экономиканы жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындық жөнiндегi шараларды жүргiзедi; 
      5) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi; 
      6) жұмылдыру жарияланған кезде Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, ұйымдарды соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi; 
      7) Қазақстан Республикасының Үкiметiне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi; 
      8) қарамағындағы ұйымдарда жұмылдыру шараларын орындау жөнiндегi әскери-экономикалық, командалық-штабтық оқулар (жаттығулар) өткiзудi ұйымдастырады.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       9-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
               астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
               органдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру
               саласындағы өкiлеттiгi

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде: 
      1) жұмылдыру жарияланған кезде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шегiнде басқару органдары мен ұйымдарын соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiндегi шаралар кешенiн қамтамасыз етедi, жұмылдыру органдарының қызметкерлерiне олардың өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды; 
      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шегiнде шақырылуға тиiстi азаматтарды дер кезiнде хабардар етудi және жеткiзудi, жиналу орындарына немесе әскер бөлiмдерiне техника жеткiзудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында жер учаскелерiн, үйлердi, ғимараттарды, коммуникацияларды, көлiк және басқа материалдық құралдарды Қазақстан Республикасының шешiмiмен қорғаныс мұқтаждарына бередi; 
      3) республиканың орталық атқарушы органдарына жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi. 
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары өз құзыретi шегiнде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуы мен орындалуын, Қазақстан Республикасының Президентi актiлерiнiң, Үкiметi қаулыларының орындалуын қамтамасыз етедi. 
      3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары бiрiншi басшыларының атынан: 
      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң, соның iшiнде сол аумақта орналасқан ұйымның жұмылдыру дайындығының жай-күйi үшiн жауап бередi; 
      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шегiнде жұмылдыру жоспарларын әзiрлейдi, жұмылдыру дайындығы жөнiнде шаралар жүргiзедi; 
      3) республиканың орталық атқарушы органдарымен бiрлесiп экономиканы жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындау жөнiнде шаралар жүргiзедi; 
      4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң жұмылдыру дайындығы мүддесiн көздеп, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру кезеңiнде өнiмдер беруге, қызмет көрсетуге ұйымдармен шарттар (келiсiм-шарттар) жасасады; 
      5) бейбiт уақытта және жұмылдыру жарияланған кезде әскери комиссариаттардың жұмысына жәрдем көрсетедi, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық жаттығулар өткiзуге қатысады; 
      6) запаста (резервте) тұрған азаматтарды, соның iшiнде басшыларды, мамандарды, бiлiктi жұмысшылар мен қызметшiлердi жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арнап өздерiнiң қарамағындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдарға бекiтiп қою жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  3 тарау. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
ұйымдар басшыларының мiндеттерi, Қазақстан Республикасы
азаматтарының құқықтары мен мiндеттерi

       10-бап. Ұйымдар басшыларының мiндеттерi

      1. Ұйымдардың басшылары: 
      1) жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арналған жұмылдыру дайындығының жай-күйi, жұмылдыру дайындығы мүдделерiнде жасалған шарттар (келiсiм-шарттар) мен тапсырыстардың (тапсырмалардың) орындалуы үшiн жеке жауап бередi, сондай-ақ жұмылдыру органдарының қызметкерлерiне өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды; 
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң сақталуын және оларға ешкiмнiң тимеуiн ақылы негiзде қамтамасыз етедi; 
      3) өндiрiстi жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арналған тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындау жөнiндегi шарт мiндеттемелерiн орындау мақсатына дайындауды жүзеге асырады; 
      4) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мүдделерiнде шарттарға (келiсiм-шарттарға) сәйкес өнiм беруге, жұмыс жүргiзуге, қызмет көрсетуге арналған тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындайды; 
      5) жұмылдыру жарияланған кезде жұмылдыру жоспарларына сәйкес өндiрiстi соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiнде шаралар жүргiзедi; 
      6) әскери комиссариаттардың жұмысына жәрдем көрсетедi, өздерiмен еңбек қатынастарында тұрған және шақырылуға тиiстi азаматтардың есебiн алуды ұйымдастырады, оларға мерзiмiнде хабар берудi және жиналу орындарына немесе әскер бөлiмдерiне азаматтарды жеткiзудi, техника берудi қамтамасыз етедi, жұмсалған шығындарды кейiн өндiре отырып, жер учаскелерiн, үйлердi, ғимараттарды, коммуникацияларды, көлiктi және жұмылдыру жөнiндегi басқа да материалдық құралдарды қорғаныс мұқтаждарына бередi; 
      7) басшыларды, мамандарды, әскери мiндеттi азаматтар арасынан бiлiктi жұмысшылар мен қызметшiлердi жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арнап бекiтiп қою жөнiндегi жұмыстарды атқарады; 
      8) жұмылдыру дайындығы жөнiндегi мiндеттердi орындау үшiн тиiстi құрамалар ұстайды. Оларды ұстау жөнiндегi шығындар тиiстi органдар мен ұйымдар арқылы мемлекеттiк бюджеттен толықтырылады. 
      2. Ұйымдардан жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытында арналған мемлекеттiк қорғаныс мүдделерi көзделген мемлекеттiк тапсырмаларды орындаудан бас тартуға құқығы жоқ. 

       11-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
                мен мiндеттерi

      1. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтар әскери комиссариаттарға келген кезден бастап Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының әскери қызметшiсi құқықтарын пайдаланады. 
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттiң жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету мақсатында: 
      1) тұрғылықты жерi бойынша әскери есепте тұруға; 
      2) өзiнiң әскери қызметке қатыстылығын анықтау үшiн шақыру бойынша әскери комиссариаттарға келуге; 
      3) соғыс уақытында қорғаныс мұқтаждарына жер учаскелерiн, үйлердi, ғимараттарды, көлiк құралдарын және өздерiнiң меншiгiндегi басқа да мүлiктi оларға келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен кейiн мемлекет тең мөлшерде өтейтiндей етiп беруге мiндеттi. 
      3. Әскери комиссариаттың жұмылдыру ұйғарымдамасын немесе шақыру қағазын алған Қазақстан Республикасының азаматтары оларда айтылған талаптарды орындауға мiндеттi.
      4. Қазақстан Республикасының азаматтары жұмылдыру кезеңiнде және соғыс уақытында мемлекеттiң қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды орындауға тартылады, сондай-ақ белгiленген тәртiппен арнаулы құрамаларға қосылады.
      5. Әскери есепте тұрған азаматтарға жұмылдыру жарияланған кезден бастап тұрғылықты жерiнен әскери комиссардың рұқсатынсыз кетiп қалуға тыйым салынады.

  4 тарау. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ұйымдастыру,
оны қаржыландыру тәртiбi

       12-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ұйымдастыру
                және оның тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарын, экономикасы мен аумағын жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру мен оның тәртiбi осы Заңмен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi. 
      2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскер құрамаларының жұмылдыру дайындығы мен оларды жұмылдыруды ұйымдастыру және оның тәртiбi осы Заңмен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi. 

       13-бап. Жұмылдыру органдары

      1. Бейбiт уақытта мемлекеттiк өкiмет органдары, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары аппараттарында және жұмылдыру дайындығы жөнiнде тапсырмасы бар ұйымдарда жұмылдыру дайындығы жөнiндегi шаралардың өткiзiлуiн ұйымдастыру, үйлестiру және бақылау жұмылдыру органдарына (бөлiмшелерiне немесе жекелеген қызметкерлерiне) жүктеледi. Жұмылдыру органдарының (бөлiмшелерiнiң немесе жекелеген қызметкерлерiнiң) құрылымы, штат саны, өкiлеттiгi осы тапсырмалардың сипаты мен ауқымына қарай айқындалады. Жұмылдыру органдары (бөлiмшелерi немесе жекелеген қызметкерлерi) тiкелей орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарыныың, ұйымдардың бiрiншi басшысына бағынады. 
      2. Орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдардың жұмылдыру органдары туралы үлгi ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       14-бап. Әскери-көлiктiк мiндет

      1. Жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арнап Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскер құрамаларын көлiк құралдарымен қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының аумағында әскери-көлiктiк мiндет белгiленедi. 
      2. Әскери-көлiктiк мiндет Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарына, көлiк құралдары бар ұйымдар мен азаматтарға, сондай-ақ көлiк құралдарының жұмысын қамтамасыз ететiн өзге де ұйымдарға қолданылады. 
      3. Әскери-көлiктiк мiндеттiң орындалу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 

       15-бап. Жұмылдыру дайындығын, жұмылдыру органдары мен
                жұмылдыруды қаржыландыру

      1. Жұмылдыру дайындығын, жұмылдыру органдары мен жұмылдыруды қаржыландыру бюджет қаражаты мен ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 
      2. <*>
      3. <*>
      4. Ұйымдардың өз бастамасы бойынша олардың тұрақты жұмыс iстеуi мен жұмылдыру дайындығын арттыру мақсатында жүргiзiлетiн жұмылдыру дайындығы жөнiндегi жұмыстар ұйымдардың қаражаты есебiнен қаржыландырылуға тиiс.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       16-бап. Жұмылдыру дайындығы жөнiндегi жұмысты
                орындайтын ұйымдарға жасалатын экономикалық
                және басқа да жеңiлдiктер

      Жұмылдыру дайындығы жөнiндегi жұмысты орындайтын ұйымдарға экономикалық және басқа да жеңiлдiктер беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

  5 тарау. Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмылдыру
кезеңi мен соғыс уақытына арнап бекiтiп қою және шақыру

       17-бап. Азаматтарды жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына
                арнап мемлекеттiк өкiмет органдарына, орталық
                және жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдарға
                бекiтiп қоюдың құқықтық негiзi

      1. Қазақстан Республикасының запаста (резервте) тұрған азаматтарын бекiтiп қою (бекiтiп беру) жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арнап мемлекеттiк өкiмет органдарының, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының, ұйымдардың кiдiрiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi. 
      2. Азаматтарды жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арнап мемлекеттiк өкiмет органдарына, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына, ұйымдарға бекiтiп қою осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүргiзiледi. 
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       18-бап. Азаматтарды жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына
                арнап бекiтiп қоюдың ұйымдастырылуы мен тәртiбi

      1. Азаматтарды бекiтiп қоюдың ұйымдастырылуы мен тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытына арнап бекiтiп қою жөнiндегi нұсқаумен белгiленедi. 
      2. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтарды бекiтiп қою жөнiндегi жұмысқа басшылықты Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын Жұмыс күшiн бекiтiп қою жөнiндегi республикалық комиссия жүзеге асырады. 
      3. Азаматтарды бекiтiп қою шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Республикасының Жұмыс күшiн бекiтiп қою жөнiндегi республикалық комиссиясы бекiтетiн қызметтер мен мамандықтар тiзбесi белгiлейдi.
      4. Мемлекеттiк өкiмет органдарына, орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдарға бекiтiлiп қойылған Қазақстан Республикасының азаматтары кейiнге қалдырылған мерзiм iшiнде жұмылдыру бойынша шақырудан және кейiннен соғыс уақытындағы шақырудан босатылады.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       19-бап. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында
                азаматтарды әскери қызметке шақыру

      Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында азаматтарды әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің iшiнара немесе жаппай жұмылдыруды жариялау туралы жарлығына сәйкес жүргiзiледi.

  6 тарау. Қорытынды ережелер

       20-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы
                халықаралық ынтымақтастық

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа Қазақстан Республикасы мемлекеттердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты әскери мәселелер жөнiнде жасалған шарттар шеңберiнде, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi өзара мүдделi шараларға әзiрлеп және iске асыра отырып, өзара тиiмдi әскери және шаруашылық байланыстарды сақтай отырып қатысады.

       21-бап. Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды ұйымдастыру
                және өткiзу режимi

      Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды ұйымдастыру мен жұмысты жүргiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

       22-бап. Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы
                мен жұмылдыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн
                жауапкершiлiк

      Заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы заңдарын бұзған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi