Мемлекеттiк статистика туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 7 мамыр N 98-1

Қолданыстағы
      Осы Заң статистика қызметi саласындағы құқықтық қатынастарды реттейдi, уәкiлеттi органның және статистика қызметiн жүргiзушi өзге де орталық атқарушы органдардың өкiлеттiгi мен мiндеттерiн айқындайды.

                 I тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Заң, меншiк нысаны мен ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан, өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiне (бұдан әрi - заңды тұлғалар), барлық заңды тұлғаларға, сондай-ақ заңдарда белгiленген жағдайларда жеке тұлғаларға қолданылады және Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтiк салаларында болып жатқан құбылыстар мен процестер туралы деректердi жинаудың, сақтаудың, талдаудың, қорытындылаудың, беру мен жариялаудың негiзгi принциптерiн айқындайды. <*>
      Ескерту. 1-бап өзгерді - ҚР Президентінің 2001.01.30. N 154 Заңымен.
               Z010154_

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      бiрыңғай статистикалық ақпараттық жүйе - статистикалық ақпаратты жинаудың, жинақтаудың, өңдеудiң, талдаудың және берудiң ғылыми негiзделген жүйесi негiзiнде статистикалық қызмет жүргiзетiн уәкiлеттi орган мен өзге де орталық атқарушы органдар деректерiнiң бiрiккен ақпараттық базасы;
      статистикалық байқау - алдын ала әзiрленген бағдарлама бойынша тiркеу арқылы әлеуметтiк-экономикалық өмiр құбылыстары мен процестерi туралы деректердi жоспарлы әрi ғылыми ұйымдастырылған жолмен жинау;
      Мемлекеттiк статистикалық байқауларды уәкiлеттi орган жүргiзедi. Мемлекеттiк статистикалық байқаулардың толық тiзбесiн уәкiлеттi орган жыл сайын статистикалық жұмыстардың жоспары түрiнде жасап, оны Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi;
      Салалық статистикалық байқауларды статистикалық қызмет жүргiзетiн тиiстi орталық атқарушы органдар жүргiзедi.
      Статистикалық байқау нысандары - мемлекеттiк статистикалық есептiлiк және арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқаулар (сауалнамалық, декларациялық, корреспонденттiк және инспекциялық байқаулар, есепке алулар, санақтар);
      статистикалық байқау бағдарламасы - деректердi жинау жүзеге асырылатын көрсеткiштердiң (мәселелердiң) тiзбесi, осы көрсеткiштердiң мазмұны мен құрамын айқындайтын әдiстеме, оларды есептеу, статистикалық есептiлiк нысаны және статистикалық байқау жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық;
      мемлекеттiк статистика - мемлекеттiк органдардың сандық ақпарат жинауы мен өңдеуiнiң орталықтандырылған жүйесi;
      уәкiлеттi орган - мемлекеттiк статистикаға басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, оның өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен анықталады;
      статистикалық қызмет - қоғамдағы жалпылық сипаты бар құбылыстардың сандық деректерiн статистикалық стандарттар негiзiнде жинауға, өңдеуге және таратуға байланысты қызмет;
      статистикалық есептiлiк - мемлекеттiк статистикалық байқау нысаны, бұл орайда уәкiлеттi органдар заңды және жеке тұлғалардан өздерiне қажеттi хабарланатын деректердiң берiлуi мен растығына жауапты адамдар қол қойған мәлiметтердi, есептiк құжаттарды заңда белгiленген тәртiп бойынша алады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының статистика саласындағы
             мемлекеттiк саясаты

      Қазақстан Республикасының статистика саласындағы мемлекеттiк саясаты ғылыми әдiстеме және халықаралық стандарттар негiзiнде бiрыңғай статистикалық ақпараттық жүйенi құрылуына, жұмыс iстеуiне және жетiлдiрiлуiне бағытталған.
      Бiрыңғай статистикалық ақпараттық жүйе барлық заңды және жеке тұлғалардың республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйi мен тенденцияларын сипаттайтын статистикалық деректерге деген қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға тиiс.
      Статистика саласындағы мемлекеттiк саясат бастапқы есеп жүргiзу мен статистика жүйесiн басқарудың бiрлiгi принципiне негiзделген.
      Заңды тұлғалардың мемлекеттiк статистикалық байқаулардың барлық түрлерi мен нысандарында мемлекеттiк статистикалық есеп беруi мiндеттi болып табылады және өтеусiз негiзде жүзеге асырылады. Жеке тұлғалар мемлекеттiк статистикалық есептi қолданылып жүрген заңдарда белгiленген реттерде бередi.

      4-бап. Статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк
             органдарға қойылатын негiзгi талаптар

      Статистикалық қызмет жүргiзетiн уәкiлеттi орган мен өзге де орталық атқарушы органдар:
      статистикалық көрсеткiштердiң тұтастығын, дұрыстығын және жеткiлiктiлiгiн;
      Қазақстан Республикасында болып жатқан экономикалық және әлеуметтiк процестердiң және олардың даму тенденцияларының жан-жақты және дұрыс зерделенуiн, қорытындылануы мен талдануын;
      статистикалық ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген шектерде қол жететiндей және ашық болуын;
      қолданылатын әдiстеменiң және есептелген негiзгi көрсеткiштердiң халықаралық тәжiрибеде пайдаланылатын статистикалық стандарттармен салыстырмалығын қамтамасыз етедi.

      5-бап. Қазақстан Республикасының статистика саласындағы заңдары

      Қазақстан Республикасының статистика саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделген және осы Заң мен соған сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының заң актiлерiндегiден өзге ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

     6-бап. Статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастық

     Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер немесе халықаралық
ұйымдар арасындағы статистика саласындағы өзара қарым-қатынастар
екiжақты және көпжақты халықаралық шарттар, заңдарда белгiленген
тәртiппен тең құқылық және өзара мүдделер принциптерiнде Қазақстан
Республикасының уәкiлеттi органы мен басқа мемлекеттердiң статистика
органдары және халықаралық ұйымдар арасында тiкелей жасасылған
шарттар негiзiнде айқындалады.

                II тарау. Мемлекеттік статистиканы ұйымдастыру

        7-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика
               органдары

     Статистикалық қызметтi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
статистикасын қалыптастыратын органдар:
     уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi;
     статистикалық қызметтi жүзеге асыратын өзге де орталық атқарушы
органдар жүзеге асырады.

     8-бап. Уәкiлеттi орган



      Уәкiлеттi орган статистика саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және жүзеге асырады, Қазақстан Республикасында статистиканы жетiлдiру жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлейдi және жүзеге асырады. Статистикалық есеп жүргiзудiң әдiснамасы мен әдiстемесi мәселелерiнде тәуелсiз болады, бөлiнген қаржы шегiнде өзiнiң аумақтық бөлiмшелерiнiң желiсiн құрады, оларға және ведомстволық бағыныстағы басқа да ұйымдарға басшылық жасайды.
      Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Уәкiлеттi орган туралы ережеге сәйкес статистикалық жұмыстар жоспарын басшылыққа алады.
      Уәкiлеттi органның бастапқы есеп пен статистиканы ұйымдастыру мен жүргiзу жөнiндегi нормативтiк актiлерi барлық заңды тұлғалар үшiн мiндеттi.
      Уәкiлеттi орган статистика саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру мақсатында:
      салалық статистикалық байқау бағдарламаларын бекiту негiзiнде статистикалық қызмет жүргiзетiн орталық атқарушы органдардың статистикалық қызметiн үйлестiредi;
      шет елдермен және халықаралық ұйымдармен статистика саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады, олармен мемлекеттiк статистиканы дамытуға бағытталған келiсiмдер мен шарттар жасасады;
      мемлекеттiк статистика мәселелерi бойынша қаулылар мен нұсқаулар

шығарады.

     9-бап. Мемлекеттiк статистикалық тiзiлiм

     Мемлекеттiк статистикалық тiзiлiм статистикалық есеп жүргiзудiң
құралы болып табылады және онда статистикалық есеппен қамтылған
барлық заңды және жеке тұлғалар туралы қысқаша әкiмшiлiк және
экономикалық ақпарат болады. Оны мемлекеттiк әкiмшiлiк тiзiлiмi,
салық қызметiнiң деректерi және басқа да ақпарат көздерi негiзiнде
уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жүргiзедi.

                III тарау. Мемлекеттік органдардың статистика
                     саласындағы құқықтары мен міндеттері

     10-бап. Уәкiлеттi органның құқықтары



      Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi өз өкiлеттiктерi шегiнде және статистикалық жұмыстар жоспарын орындау мақсатында:
      заңды тұлғалардан статистикалық жұмыстар жоспарында белгiленген көлемде және мерзiмде өтеусiз дұрыс мемлекеттiк статистикалық есеп алуға;
      заңдарда белгiленген реттерде статистикалық жинақтау және талдау үшiн жеке тұлғалардан олардың экономикалық және әлеуметтiк-демографиялық жай-күйi, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметi туралы дұрыс ақпарат алуға;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен ұйымдардың лауазымды адамдарын мемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзу iсiне тартуға;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Уәкiлеттi орган туралы ережеге сәйкес басқа да функциялар орындауға құқылы.

      11-бап. Уәкiлеттi органның мiндеттерi

      Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi өз құзыретi шегiнде:
      халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдiснама әзiрлеуге;
      статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес мемлекеттiк статистикалық байқаулар жүргiзуге және мемлекеттiк органдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен статистикалық және талдау ақпаратымен қамтамасыз етуге;
      жиынтық статистикалық ақпараттың заңды және жеке тұлғалар үшiн ашық болуын қамтамасыз етуге;
      қолданылып жүрген шарттар бойынша мiндеттемелерге сәйкес халықаралық ұйымдарға статистикалық ақпарат беруге, сондай-ақ шет елдермен статистикалық ақпарат алмасуға;
      мемлекеттiк статистика органдарына ақпарат беретiн заңды және

жеке тұлғаларды статистикалық есептiлiк мөрқағаздарымен және оларды
толтыру жөнiндегi нұсқаулармен қамтамасыз етуге;
     республиканың және оның аймақтарының әлеуметтiк-экономикалық
жағдайы туралы ақпараттық-статистикалық деректер базасының
жинақталуын, жүргiзiлуiн және өзектiлiгiн қамтамасыз етуге;
     қолданылып жүрген заңдарға сәйкес мемлекеттiк статистика
органдары қызметкерлерiнiң дербес жауапкершiлiгi негiзiнде
мемлекеттiк және коммерциялық құпияны, бастапқы статистикалық
ақпараттың жасырын болуын сақтауға мiндеттi.

     12-бап. Статистикалық қызмет жүргiзетiн өзге де орталық атқарушы
             органдардың құқықтары мен мiндеттерi

     Статистикалық қызмет жүргiзетiн орталық атқарушы органдар:
     салалық статистикалық байқаулар жүргiзуге;
     салалық статистикалық байқаулардың бағдарламаларын әзiрлеуге;
     өз өкiлеттiктерi шегiнде заңды және жеке тұлғалардан
статистикалық ақпарат алуға;


      өз өкiлеттiктерi шегiнде ұйымдарда бастапқы есеп пен статистикалық есептiлiктiң жолға қойылуына бақылау жасауға, өздерi алған деректердiң растығын тексеруге құқылы.
      Статистикалық есептiлiк жүргiзетiн орталық атқарушы органдар:
      мемлекеттiк және коммерциялық құпияларды, бастапқы статистикалық ақпараттың жасырын болуын сақтау принципiне орындауға;
      статистика органдарына салалық статистикалық байқау бағдарламаларын келiсу мен бекiтуге беруге мiндеттi.

      13-бап. Заңды және жеке тұлғалар құқықтарының кепiлдiктерi

      Заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттiк статистика органдарына берiлген барлық бастапқы статистикалық ақпараттың жасырын болатындығына кепiлдiк берiледi. Статистикалық ақпаратты тек ақпарат берген заңды және жеке тұлғалардың келiсiмiмен немесе құпия таратуға болады.

      14-бап. Статистикалық жұмыстарды қаржыландыру және
              материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн статистикалық жұмыстар жоспарларына және статистиканы дамыту бағдарламаларына сәйкес мемлекеттiк статистика органдары атқаратын статистикалық жұмыстар мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылады.

     Статистикалық жұмыстарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету
мемлекеттiк органдар үшiн белгiленген тәртiппен және шарттармен
жүзеге асырылады.
     Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдарының қаржы негiзiн
республикалық бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң нормативтiк актiлерiмен белгiленген шарттық және ақылы
негiздегi статистикалық қызметтер көрсетуден алынатын кiрiстер
құрайды.

                IV тарау. Заңды бұзғаны үшін жауаптылық

     15-бап. "Мемлекеттiк статистика туралы" Қазақстан
              Республикасының Заңын бұзғаны үшiн жауаптылық

     "Мемлекеттiк статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңын
бұзу заңдарда белгiленген тәртiп бойынша жауаптылыққа әкелiп соғады.

     Қазақстан Республикасының
          Президентi
     
     
     
     оқығандар:
     Багарова Ж.
     Икебаева А.