Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1997 жылғы 6 наурыз N 82

Қолданыстағы

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлардың құқықтық мәртебесiн айқындайды, оларды құру ерекшелiктерiн белгiлеп, қызметiн реттейдi.
      Инвестициялық қорлар инвесторлардың бағалы қағаздар рыногындағы құқықтарын қорғау және ақшаны тарту мен кейiннен олардың бағалы қағаздарға диверсификациялық инвестициялау арқылы инвестициялау қаупiн төмендету мақсатымен құрылып, жұмыс iстейдi.
      ЕСКЕРТУ. Кiрiспе өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

I тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Инвестициялық қор ұғымы

      1. Ашық акционерлiк қоғам нысанында құрылатын және тартылған қаражатты кейiннен бағалы қағаздарға диверсификациялық инвестициялау мақсатында өз акцияларын шығару мен ашық орналастыру арқылы ақшаны тарту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға инвестициялық қор деп танылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған қызмет тек қана инвестициялық қорларға тән болып табылады. Кез келген заңды тұлғаның мазмұны мен бағыттары бойынша осы баптың 1-тармағында аталған қызметке сай келетiн қызметтi осы Заңның нормаларымен реттелуге тиiс.
      Активтерiндегi өзге эмитенттердiң эмиссиялық бағалы қағаздарының құны оның таза активтерi құнының қырық процентiне тең инвестициялық қор ретiнде тiркелмеген ашық акционерлiк қоғамның бағалы қағаздарды одан әрi сатып алу жөнiндегi операцияларды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 1-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      2-бап. Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар
             қызметiнiң заңдық негiзi

      Инвестициялық қорлар туралы заңдар осы Заңнан, Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнен, сондай-ақ бағалы қағаздардың шығарылуы мен оның айналысы саласындағы қатынастарды реттейтiн мемлекеттiк органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

II тарау. Қазақстан Республикасында инвестициялық қорлардың құрылуы мен қызметi

      3-бап. Инвестициялық қорды құру және оның
             қызметiн ұйымдастыру

      1. Инвестициялық қордың құрылуы мен қызметi осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында ашық үлгiдегi акционерлiк қоғамдар үшiн көзделген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
      2. Инвестициялық қор акциялары белгiлi бiр инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелiне кiретiн акционерлiк қоғамдарды басқаруға қатысуға құқылы. Мемлекеттiк органдар мен өзге де тұлғалар инвестициялық қордың сол инвестициялық қор портфелiндегi бағалы қағаздар эмитенттерiн басқаруға қатысу жөнiндегi заңдарда белгiленген құқықтарын шектей алмайды және осы құқықтар бұзылған жағдайда олар кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласқаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      3. Инвестициялық қордың басқару органдарының құрылымы мен құзыретi Қазақстан Республикасының шаруашылық серiктестiктер туралы заңдарымен белгiленедi. Инвестициялық қордың басқару органдарының қосымша құзыретi осы Заңмен белгiленедi.
      4. Кез келген заңды және жеке тұлғалар инвестициялық қордың акционерлерi бола алады.
      5. Инвестициялық қор Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.

      4-бап. Инвестициялық қорлардың үлгiлерi

      1. Акционерлермен өзара қатынастарына қарай инвестициялық қорлар:
      өзi эмиссиялаған акцияларды осы Заңмен белгiленген баға және ережелер бойынша акционерлерден сатып алуға мiндеттi ашық инвестициялық қор - өзара қорға;
      акционерлер қорынан өзi эмиссиялаған акцияларды сатып алуға мiндеттi емес жабық инвестициялық қор - инвестициялық компанияға бөлiнедi.
      2. Инвестициялық қордың жарғысында инвестициялық қордың үлгiсi: ашық немесе жабық екенi көрсетiлуге тиiс.
      Инвестициялық қор Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен қордың үлгiсiн өзгертуге құқылы.

      5-бап. Инвестициялық қордың жарғылық қоры

      1. Инвестициялық қордың жарғылық қоры мемлекеттiк тiркеу кезiнде:
      а) инвестициялық компанияға арналған есеп айырысу көрсеткiштерiнiң отыз мыңнан;
      б) өзара қорға арналған есеп айырысу көрсеткiштерiнiң елу мыңнан кем болмауға тиiс.
      2. Инвестициялық қордың жарғылық капиталын қалыптастыру ерекшелiктерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      6-бап. Инвестициялық қордың атауы

      1. Инвестициялық қордың атауына оның үлгiсiне қарай "өзара қор" немесе "инвестициялық компания" деген сөздер енгiзiлуге тиiс.
      2. Инвестициялық қордың атауы оның қандай да болсын әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдарға, министрлiктерге, ведомстволарға немесе қоғамдық бiрлестiктерге жататындығын бiлдiрмеуге немесе танытпауға тиiс.

      7-бап. Инвестициялық декларация

      1. Инвестициялық декларация инвестициялық қор мен оның басқарушысының инвестициялық қызметiне негiз болатын негiзгi құжат болып табылады.
      Инвестициялық декларация инвестициялаудың мақсаттары, стратегиясын, бағыттарын, әр алуан түрдегi бағалы қағаздар бойынша бағалы қағаздар портфелiн диверсификациялау, инвестициялық қор қызметiн шектеу нормаларын белгiлейдi.
      Инвестициялық қордың инвестициялық декларация мазмұнын бұза отырып бағалы қағаздар портфелiн жасауға құқығы жоқ.
      2. Өзара қордың инвестициялық декларациясында бұған қоса бағалы қағаздар портфелiнiң өтiмдiлiгi жөнiндегi шектеу болуға тиiс. Өзара қордың бағалы қағаздар портфелiне тиiстi мәмiле жасалар кезде орын алып отырған, бағасы олардың рыноктық құнының он процентiнен аспайтын мөлшерде төмендеген кезде, он күннен аспайтын мерзiмде сатуға болатын бағалы қағаздар ғана енгiзiлуi мүмкiн.
      3. Инвестициялық декларацияны инвестициялық қордың құрылтай жиналысы әзiрлеп, бекiтедi.

      8-бап. Инвестициялық қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы

      1. Инвестициялық қор акционерлерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ережелерге қоса мыналар жатады:
      а) инвестициялық қордың үлгiсiн өзгерту туралы шешiм қабылдау;
      б) инвестициялық декларацияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм қабылдау;
      в) инвестициялық қордың басқарушысымен бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы жасасқан шартты бекiту;
      г) инвестициялық қордың басқарушысымен жасасқан шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм қабылдау;
      д) инвестициялық қордың басқарушысымен жасасқан шартты мерзiмiнен бұрын бұзу туралы шешiм қабылдау;
      е) бағалы қағаздардың тiркеушiсiмен және кастодианымен жасасқан шартты бекiту;
      ж) инвестициялық қордың басқармасы директорлар кеңесi мен мүшелерiне сыйақы төлеудiң шектi мөлшерiн белгiлеу.
      2. Өзара қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы осы баптың 1-тармағында белгiленген құзыретке қосымша директорлар кеңесiнiң ұсынысы бойынша осы өзара қор акцияларын аралық сатып алу iсiн жүзеге асыру кезiнде өтiнiм жинау жүзеге асырылатын есептi кезеңдердiң ұзақтығын белгiлейдi.
      3. Осы қордың басқарушысын қоспағанда, басқа акционер немесе ол уәкiлдiк берген өзге де адам инвестициялық қор акционерiнiң жалпы жиналысындағы өкiлi бола алады.
      ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      9-бап. Инвестициялық қордың директорлар кеңесi

      1. Инвестициялық қор директорлар кеңесiнiң құзыретiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ережелердi қоспағанда:
      а) басқарушысымен бағалы қағаздар портфелiне басқару туралы шарт жасасу;
      б) инвестициялық қордың өзге де барлық тұлғалармен қатынастарын орнату, өзгерту және тоқтату, оның iшiнде тәуелсiз тiркеушiмен және кастодианмен шарт жасасу;
      в) инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелiн басқаруға байланысты қызметтi жүзеге асырудың кез келген мәселелерi бойынша инвестициялық қордың басқарушысынан ақпарат талап ету және оны алу;
      г) басқарушы қызметiнiң нәтижелерi туралы жалпы жиналыс бекiткен жыл сайынғы есептердi, сондай-ақ инвестициялық қордың қызметi мен қаржылық жағдайына қатысты өзге де ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында үнемi жариялап отыру жатады;
      2. Өзара қор директорлар кеңесi осы баптың 1-тармағында белгiленген құзыретке қосымша оның акцияларын сатып алу процесiнде өзара қордың таза активтерiнiң құнын күнделiктi бағалап отыруды қамтамасыз етедi.
      3. Инвестициялық қордың басқарушысы (оның уәкiлеттi өкiлi) директорлар кеңесi шешiмдерiн қабылдау кезiнде басқарма мәжiлiстерiне шешушi дауыс құқығынсыз қатысады.
      4. Уәкiлеттi орган мен инвестициялық қордың басқарушысына инвестициялық қор директорлар кеңесiнiң құрамы туралы ақпаратты директорлар кеңесi мүшелерiнiң сайланған кезiнен не сол директорлар кеңесi құрамында қандай да бiр өзгерiстер жасалған кезден бастап он төрт күннен аспайтын мерзiм iшiнде мiндеттi түрде берiледi.

      5. <*>
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      10-бап. Инвестициялық қордың бағалы қағаздары

      1. Инвестициялық қор акциялар эмиссиясы арқылы ақша тартады.
      2. Инвестициялық қордың барлық акциялары атаулы жай акциялар болып табылады.
      3. Инвестициялық қорлар акцияларының эмиссиясын шығару, тiркеу және оларды орналастыру тәртiбi мен ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен және уәкiлеттi органының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      11-бап. Өзара қордың өз акцияларын сатып алуы және сатуы

      1. Өзара қордың акцияларды сатып алуы жарғылық капиталдың тiркелген мөлшерiн толық төленгеннен кейiн жүзеге асырылады.
      2. Акциялар өзара қордың таза активтерiнiң құнын есептеу негiзiнде белгiленген баға бойынша сатып алынады. Өзара қор акцияларының құнын есептеу өзара қордың таза активтерiнiң құны мен оның сол кездегi айналыстағы акцияларының жалпы санының арақатынасын айқындауға негiзделедi. Өзара қордың таза активтерiнiң құнын есептеу әдiстемесi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
      3. Акцияларды сатып алу акцияларды сатып алуға өтiнiм берiлген кезден бастап он күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.
      4. Өзара қор акцияларының белгiленген сату бағасын бiр күннiң iшiнде өзгертуге болмайды.
      5. Өзара қордың акцияларды сатып алуы осы қор акционерлерiнiң акцияларды сатып алуға берген өтiнiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
      Өзара қор өзiнiң акцияларын сатып алуға өтiнiм берiлген күннiң соңындағы жай-күйi бойынша айқындалатын бағамен сатып алуға тиiс. Өзара қор акционерiнiң өзара қордың өзiне тиесiлi акцияларын сатып алуға бұрын берген өтiнiмiнен бас тартуға құқығы жоқ.
      6. Сатып алынатын акциялардың бағасы, ұзақтығын директорлар кеңесiнiң ұсынысы бойынша сол өзара қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы белгiлейтiн белгiлi бiр есептi кезең iшiнде сатып алуға (аралық сатып алу) берiлген барлық өтiнiмдер алынғаннан кейiн белгiленуi мүмкiн. Аталған есептi кезеңдердiң ұзақтығы 60 күннен кем болмауы керек.
      7. Өзара қор акцияларын сатып алу процесiнде өзара қордың таза активтерiн оның жарғылық капиталының тiркелген бастапқы мөлшерiнен кемiтуге жол бермеуге болмайды.
      8. Өзара қордың акцияларын сатуы оның таза активтерi құнының негiзiнде айқындалатын баға бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      12-бап. Инвестициялық қордың бағалы қағаздар эмиссиясы
              проспектiсiнiң мазмұнына қойылатын қосымша
              талаптар

      Акционерлiк қоғамдардың бағалы қағаздар эмиссиясы проспектiсiнiң мазмұнына Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында қойылатын талаптардан басқа, инвестициялық қор акциялары эмиссиясының проспектiсi мынадай мәлiметтердi:
      а) инвестициялық қордың инвестициялық декларациясының мазмұнын;
      б) бухгалтерлiк есеп жөнiндегi заңдардың талаптарына сәйкес қаржылық ақпаратты;
      в) инвестициялық қордың басқарушысы, кастодианы, тiркеушiсi және басқармасының төрағасы кем екенiн көрсетудi;
      г) инвестициялық қордың басқарушысымен, кастодианмен және тiркеушiмен жасасқан шарттарында айтылған елеулi ережелердi, соның iшiнде тараптардың мiндеттерiн, олардың жауапкершiлiгiн, өзара құқықтары мен мiндеттерiн, шарттардың қолданылу мерзiмдерiн, сыйақылар мен көрсетiлген қызмет ақысын төлеудiң мөлшерi мен шарттарын көрсетудi қамтуға тиiс.

      13-бап. Инвестициялық қорлардың қызметiн шектеу

      1. Инвестициялық қордың:
      а) акциялардан басқа бағалы қағаздардың өзге де түрлерiн шығаруға;
      б) алты айдан астам мерзiмге инвестициялық қордың тұрақты негiзде түрде есептелетiн таза активтерi құнының он процентiнен асатын мөлшерiнде банктерден заем қаражатын тартуға;
      в) қабылдау шарттары мен тәртiбi, сондай-ақ олардың болу мақсаттары инвестициялық қордың жарғысына және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн мiндеттемелерi өзiне қабылдауға;
      г) бiр эмитенттiң бағалы қағаздары болып табылатын эмиссиялық бағалы қағаздары инвестициялық қордың өзiнiң таза активтерiнен:
      өзара қор үшiн он процент;
      инвестициялық компания үшiн жиырма процент мөлшерiнде инвестициялауға;
      д) аффилиирленген тұлғалардың бағалы қағаздарын сатып алуға;
      е) инвестициялық қор тиiстi шарттар жасасқан кастодиан мен тiркеушiнiң бағалы қағаздарын сатып алуға;
      ж) кез келген әдiспен заемдар беруге;
      з) өздерiне тиесiлi бағалы қағаздарды қайтып сатып алу мiндеттемесi шарттарымен сатуға;
      и) маржа бойынша кез келген бағалы қағаздарды сатып алуға;
      к) инвестициялық қорға тиесiлi емес бағалы қағаздарды сату туралы ("қысқа мерзiмдi сату"), сондай-ақ эмиссиялық емес бағалы қағаздарды сатып алу туралы шарттар жасасуға;
      л) кез келген түрде кепiлдiк беруге, бағалы қағаздармен жеке таза активтер құнының он процентiнен аспайтын мөлшерде кепiлдiк мәмiлелерiн жасасуға;
      м) инвестициялық қорлардың қосылған және/немесе бiрiккен реттерiн қоспағанда, өзге де инвестициялық қорлардың акцияларын сатып алуға және олардың өз активтерiнде болуына;
      н) инвестициялық қордың мүлкiне байланысты, сол қордың аффилиирлендiрiлген тұлғаларымен мәмiлелер жасасуға;
      о) инвестициялық қордың еншiлес кәсiпорындарын құруға;
      п) өз акцияларын сату мен сатып алудың пирамидалық схемасын пайдалануға;
      р) инвестициялық қордың акциялары бойынша кiрiстер кепiлi немесе уәдесi бар ақпаратты жариялауға;
      с) инвестициялық қордың "алтын акциясын" тағайындауға;
      т) материалдық өндiрiс пен сауда саласында бағалы қағаздар мен қаржы құралдарын қоспағандағы өзге де мүлiкпен қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Өзара қордың бiр эмитенттiң заңдарда белгiленген тәртiппен тiркелген бағалы қағаздарының жалпы мөлшерiнiң он бес процентiнен астамын сатып алуға құқығы жоқ.
      3. Қаржылық құралдар тұтыну құны айналыс және/немесе төлем құралы ретiнде пайдалану мүмкiндiгiмен анықталатын және ұлттық валютаға айырбасталатын қабiлетi бар активтiң түрлерi болып табылады.
      Инвестициялық қордың меншiгiнде болуы мүмкiн қаржы құралдарының тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      4. Инвестициялық қорды тарату немесе қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
      5. Инвестициялық қордың лауазымды адамдары мен қызметкерлерi бiр мезгiлде оның басқарушысының, кастодианының, тiркеушiсiнiң және бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың лауазымды адамдары немесе қызметкерлерi бола алмайды.
      6. Инвестициялық қордың оның активтерiн басқаруға және қордың акционерлерiмен жүргiзiлетiн жұмысқа байланысты жыл iшiндегi шығыстары осы кезеңге дивидендтердi төлеудi қоса алғанда, оның таза активтерiнiң жылдық орташа құнының он процентiнен аспауға тиiс.
      ЕСКЕРТУ. 13-бап өзгертiлдi және 5-6-тармақтармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

III тарау. Инвестициялық қордың басқарушысы

      14-бап. Инвестициялық қордың басқарушысы

      1. Инвестициялық қордың басқарушысы - бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын және инвестициялық қормен оны басқару туралы жасалған шарт негiзiнде жұмыс iстейтiн заңды тұлға.
      Бағалы қағаздар портфелiн басқару - инвестициялық қор басқарушысының эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен иелiктен айыру және аталған бағалы қағаздармен басқарылатын инвестициялық қордың инвестициялық декларациясына сәйкес өзге де мәмiлелер жасау туралы шешiмдер қабылдау болып табылатын нысаналы қызметi.
      2. Инвестициялық қордың басқарушысы коммерциялық ұйымның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кез келген ұйымдық-құқылық нысанында жұмыс iстейдi.
      Инвестициялық қор басқарушысының мүлкi инвестициялық қордың мүлкiнен оқшауланған болады.
      3. Банктердiң инвестициялық қор басқарушысының қызметiн жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      15-бап. Инвестициялық қор мен оның басқарушысының
              өзара қатынастары

      1. Инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелiн басқаруды тек басқарушы ғана жүзеге асырады.
      2. Инвестициялық қор осы инвестициялық қор активтерiнiң басқарушыға басқару үшiн берiлген барлық активтерiнiң (ақша мен бағалы қағаздарының) меншiк иесi болып табылады және инвестициялық қордың қызметiн қамтамасыз ету мен жүзеге асыруға байланысты барлық шығындар сол қордың қаражаты есебiнен жасалады.
      3. Бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы шарт арқылы тараптардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi; шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және шартты тоқтату ережелерi; инвестициялық қор басқарушысының қызметiне ақы төлеудiң тәртiбi, мерзiмi және мөлшерi; бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларымен өзара қатынастардағы инвестициялық қордың мүдделерiн бiлдiру ережелерi; бағалы қағаздар портфелiн басқару процесiнде жасалған шығындарды төлеу жөнiндегi мiндеттердiң тараптар арасында бөлiнуi белгiленедi.
      Шарт Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тараптардың бiреуiнiң талап етуi бойынша бұзылуы мүмкiн.
      4. Инвестициялық қордың басқармасы басқарушыға инвестициялық қордың қызметiне қатысты толық қаржылық және өзге де құжаттамалар беруге мiндеттi.
      5. Уәкiлеттi орган белгiлеген пруденциялық нормативтер сақталған және тиiстi қорлардың инвестициялық декларациялары принциптi әртүрлi мазмұнда болған жағдайда инвестициялық бағалы қағаздар портфельдерiн басқару үшiн басқарушы бiр мезгiлде екi және/немесе одан да көп инвестициялық қорлармен шарттар жасауға құқылы. Басқарылатын инвестициялық қорлардың қаражаты өз қызметiн экономиканың әртүрлi салаларында жүзеге асыратын эмитенттердiң бағалы қағаздарын сатып алу үшiн пайдаланатын инвестициялау бағыттарын бекiту инвестициялық қорлардың инвестициялық декларацияларының мазмұны айырмашылығының негiзгi өлшемi болып табылады.
      6. Инвестициялық қордың лауазымды адамдары, басқарушы, оның лауазымды адамдары және басқа да қызметшiлерi өздерiнiң заңсыз әрекеттерi үшiн, соның iшiнде инвестициялық қорға келтiрiлген залалы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мүлiктiк, тәртiптiк әкiмшiлiк және қылмыстық жауапқа тартылады.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      16-бап. Инвестициялық қордың басқарушысының қызметi
              мен мiндеттерi

      1. Инвестициялық қордың басқарушысы мынадай қызметтi жүзеге асырады:
      а) инвестициялық қор тартқан ақшаны бағалы қағаздарға инвестициялау туралы шешiм қабылдайды және осы бағалы қағаздармен әртүрлi азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасайды;
      б) бағалы қағаздар портфельдерiн басқару туралы шарттың және басқарылатын қордың инвестициялық декларациясының негiзiнде инвестициялық шешiмдердi жүзеге асыру процесiнде инвестициялық қордың өз кастодианы мен брокер-дилерлерi арасындағы өзара iс-қимылын жүзеге асырады;
      в) Қазақстан Республикасының заңдарында жол берiлетiн және бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы тиiстi шартта белгiленген басқа да қызметтi жүзеге асырады.
      Инвестициялық қордың басқарушысы өз қызметiн инвестициялық қордың жарғысы мен инвестициялық декларациясына және басқарушы мен инвестициялық қордың арасында жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырады.
      Басқарушының өзi қабылдаған инвестициялық шешiмдерi iске асыру жөнiндегi тапсырмалары инвестициялық қордың тиiстi шарттар негiзiнде сол инвестициялық қорға қызмет көрсеткен кастодиан мен брокер-дилерлердiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
      2. Басқарушының мiндеттерiне:
      а) инвестициялық қор саясатын сол инвестициялық қордың атынан және мүддесi үшiн бағалы қағаздармен әртүрлi мәмiлелердi жасау және жүзеге асыру туралы шешiмдер қабылдауды қамтитын инвестициялық қордың инвестициялық декларациясы негiзiнде жүзеге асыру;
      б) өз қызметiнiң нәтижелерi туралы инвестициялық қор мен уәкiлеттi орган алдында үнемi есеп берiп отыруды жүзеге асыру;
      в) инвестициялық қормен жасалған шартта белгiленген шекте барлық үшiншi тұлғалармен қатынастарды инвестициялық қордың мүдделерiн бiлдiру;
      г) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы жасалған тиiстi шартта белгiленген басқа да мiндеттер жатады.
      3. Инвестициялық қордың басқарушысы, оның лауазымды адамдары мен басқа да қызметшiлерi қатысқан бағалы қағаздармен барлық мәмiлелер жасау туралы ақпарат мәмiле жасалғаннан кейiн бiр ай мерзiмде есеп беру ретiнде инвестициялық қор басқармасына жеткiзiлуге тиiс. Бұл талаптар инвестициялық қордың өзiнiң бағалы қағаздармен және өзiне тиесiлi бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерiне де қойылады.
      ЕСКЕРТУ. 16-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      17-бап. Инвестициялық қордың басқарушысының
              қызметiн лицензиялау

      1. Осы Заңның 16-бабында аталған мiндеттер мен өкiлеттiктi жүзеге асыру үшiн инвестициялық қор басқарушысының бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға уәкiлеттi органның алған лицензиясы болуға тиiс.
      2. Бағалы қағаздар портфелiн басқару туралы инвестициялық қормен шарт жасасқаннан кейiн басқарушының Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң бағалы қағаздар топтамасын басқару жөнiндегi қызметтен басқа өзге түрлерiн жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      3. Басқарушыға лицензия беру ережелерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарымен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      4. Басқарушы лицензиясының қолданылуы осы Заңның 16 және 22-баптарына сәйкес ақпаратты уәкiлеттi органға белгiленген мерзiмде бермеген жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      5. Басқарушының лицензиясы уәкiлеттi орган анықтаған кемшiлiктердi жою жөнiндегi талаптар белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда қайтарылып алынуы мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 17-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      18-бап. Инвестициялық қор басқарушысының сыйақысы

      1. Инвестициялық қордың басқарушысына төленетiн сыйақының мөлшерi тараптардың бағалы қағаздар топтамасын басқару туралы шартта жасалған келiсiмiмен белгiленедi.
      Бағалы қағаздар топтамасын басқару туралы шартта басқарушыға төленетiн сыйақының мөлшерi проценттiк қатынаста тиiстi инвестициялық қордың белгiлi бiр кезеңдегi орташа құнының инвестициялық қордың таза активтерi құнының өсуiнен, инвестициялық қордың алған пайдасынан немесе өзге жолмен айқындалатыны белгiленуi мүмкiн.
      2. Басқарушыға төленетiн сыйақының жылдық ең жоғары мөлшерi осы төленген дивидендтердi қоса есептегенде, инвестициялық қордың таза активтерiнiң жылдық орташа құнының бес процентiнен аспауға тиiс.
      3. Инвестициялық қордың бағалы қағаздар топтамасын басқару жөнiндегi басқарушының шығыстары басқарушының сыйақысына қосылады.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      19-бап. Инвестициялық қордың аффилиицияланған адамдары

      Инвестициялық қордың аффилиицияланған адамдары мыналар танылады:
      а) оның басқарушысы және басқарушының аффилиицияланған адамдары;
      б) инвестициялық қордың лауазымды адамдары;
      в) құрылтайшылар және инвестициялық қордың барлық акцияларының бес процентiнен астамын иеленетiн акционер;

      г) <*>
      Басқарушының лауазымды адамдары мен қатысушылары, сондай-ақ бағалы қағаздар портфелi басқарушының басқаруында болатын өзге де субъектiлер басқарушының аффилиицияланған адамдары болып табылады.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

IV тарау. Инвестициялық қорлар мен олардың басқарушылары қызметiне мемлекеттiк бақылау жасау

      20-бап. Инвестициялық қорлар мен олардың басқарушылары
              қызметiн мемлекеттiк бақылау

      1. Инвестициялық қорлар мен олардың басқарушылары қызметiне мемлекеттiк бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк бақылау инвестициялық қорларды құру мен олардың және оларды инвестициялық қорлардың және олардың басқарушыларының қызметiн заңдар негiзiнде жүзеге асырылатын нормативтiк тұрғыдан реттеудi, оның iшiнде инвестициялық қор акцияларының эмиссияларын мемлекеттiк тiркеудi, басқарушылардың қызметiн лицензиялауды, сондай-ақ инвестициялық қордың, оның басқарушысының және инвестициялық қордың жұмысына қызмет көрсететiн бағалы қағаздар рыногына басқа да кәсiпқой қатысушылардың қызметiн жүзеге асыру процесiнде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарын орындау жөнiндегi бақылау шараларын жүзеге асыруды қамтиды.
      ЕСКЕРТУ. 20-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      21-бап. Инвестициялық қорлардың қызметiн лицензиялау

      1. Инвестициялық қор инвестициялық қор ретiнде жұмыс iстеуге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарымен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген тәртiппен және шарттарда уәкiлеттi органның лицензиясын алуы тиiс.
      Инвестициялық қордың қызметiн уәкiлеттi органның лицензиялауы инвестициялық қорлардың қызметiне мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасында жұмыс iстейтiн инвестициялық қорлардың бiрыңғай тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асыру мақсатында берiледi.
      2. Лицензиялауға ұсынылған құжаттардағы кез келген өзгерiстер мен толықтырулар туралы инвестициялық қор тиiстi шешiм қабылданған кезден бастап он күн iшiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес уәкiлеттi органнан лицензия алмаған инвестициялық қорлардың инвестициялық қорлар ретiндегi қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      4. Бағалы қағаздар рыногындағы инвестициялық қызмет субъектiсi ретiнде қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияны қайтарып алу инвестициялық қорды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруға немесе таратуға әкеп соғады.
      ЕСКЕРТУ. 21-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      22-бап. Инвестициялық қордың қызметi туралы есеп беру

      1. Инвестициялық қор уәкiлеттi органға өз қызметiнiң нәтижелерi туралы тоқсан сайын ақпарат берiп отыруға және мiндеттi түрде акционерлер мен инвесторлардың осы ақпаратты еркiн пайдалануын қамтамасыз етуге мiндеттi. Бұл ақпарат уәкiлеттi органға есеп берiлiп отырған кезеңнен кейiнгi айдың жиырмасынан кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
      Аталған ақпаратты беру және оны жариялау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      2. Инвестициялық қорлар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша қор қызметiне қатысты құжаттардың сақталуын жүзеге асырады.
      3. Тiркеушiмен, кастодианмен және басқарушымен жасалған шарт мазмұнына елеулi өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногының аталған кәсiпқой қатысушылары ауыстырылған жағдайда инвестициялық қор уәкiлеттi органға аталған өзгерiстер туралы отыз күн iшiнде ресми түрде хабарлауға мiндеттi.

      23-бап. Уәкiлеттi органның инвестициялық қордың
              қызметiне бақылау жасау жөнiндегi өкiлеттiгi

      1. Уәкiлеттi орган инвестициялық қордың қаржылық құжаттары мен бухгалтерлiк есептi жүргiзу мен мазмұнының дұрыстығына, сондай-ақ инвестициялық қор мен оның басқарушысы қызметiнiң Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына, инвестициялық қордың жарғысы мен инвестициялық декларацияға сәйкестiгiн тексеру жүргiзедi.
      2. Уәкiлеттi орган инвестициялық қордың қызметiн мынадай себептер бойынша:
      а) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарының үнемi (бiрiнен кейiн бiрi келетiн он екi күнтiзбелiк ай iшiнде үш және одан да көп рет) бұзылуы;
      б) оның басқарушысының, кастодианының немесе тiркеушiсiнiң лицензиясын тоқтата тұру немесе қайтарып алу;
      в) өзара қордың өз акцияларын сатып алуды жүзеге асыруға қабiлетсiз болуы себептi тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      Аталған себептердiң алты айдан асатын мерзiмде жойылмауы сол инвестициялық қордың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен таратылуына немесе қайта ұйымдастырылуына әкеп соғады.
      3. Инвестициялық қор мен оның басқарушысы уәкiлеттi органның iс-әрекетi жөнiнде сотқа шағымдануға құқылы.
      ЕСКЕРТУ. 23-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

V тарау. Басқа да ережелер

      24-бап. Терiс ақпарат жариялауға тыйым салу

      1. Инвестициялық қорлардың қызметi туралы терiс ақпарат жариялауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
      2. Кез келген адамның инвестициялық қордың қызметi туралы ақпаратты оның қызметiне уәкiлеттi органнан лицензия алғанға дейiн жариялауына тыйым салынады.

      25-бап. Инвестициялық қордың кастодианы

      1. Инвестициялық қор басқармасы инвестициялық қордың атынан кастодианмен шарт жасасады, инвестициялық қор осы шарт негiзiнде инвестициялық қорға тиесiлi ақша мен бағалы қағаздарын уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен кастодианға бередi.
      2. Инвестициялық қор бiр ғана кастодианы болуға құқылы.
      3. Инвестициялық қордың аффилиицияланған тұлғасын оның кастодианы тағайындай алмайды.
      ЕСКЕРТУ. 25-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      26-бап. Инвестициялық қордың аудиторы

      1. Инвестициялық қордың қаржы құжаттамалары мен есеп беруiне мезгiл-мезгiл тексеру жүргiзу үшiн инвестициялық қор аудит тартады.
      2. Инвестициялық қордың аффилиирлендiрiлген адамын оның аудиторы тағайындай алмайды.

      27-бап. Инвестициялық қорды тiркеушi

      1. Инвестициялық қор акционерлерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу қызметiн тiркеушi жүзеге асырады.
      2. Инвестициялық қордың аффилиицияланған адамын оның тiркеушiсi тағайындай алмайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi