Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегi N 28 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын әкiмшiлiк қадағалаудың мазмұнын айқындайды және оны қолдану кезiндегi заңдылықтың құқықтық кепiлдiктерiнiң жүйесiн баянды етедi.
       Ескерту. Заңның бүкіл мәтіні бойынша "еңбекпен түзеу мекемелерінің", "еңбекпен түзеу мекемесінен", "еңбекпен түзеу мекемесі", "еңбекпен түзеу мекемесінің" деген сөздер "түзеу мекемелерінің", "түзеу мекемесінен", "түзеу мекемесі", "түзеу мекемесінің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.

  I тарау
Жалпы ережелер

      1-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудың мазмұны, ұғымы және 
              мақсаттары 

      Әкiмшiлiк қадағалау кәнiгi қылмыстың алдын алу нысаны болып табылады, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерiн сақтау негiзiнде iске асырылады және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заңдармен белгiлi бiр шектеулер қойылған осындай адамдардың мiнез-құлқын байқау түрiндегi мәжбүр ету шарасы ретiнде судьяның қаулысы негiзiнде iшкi iстер органдары жүзеге асырады. 

      2-бап. Өздерiне әкiмшiлiк қадағалау орнатылатын адамдар

      Әкiмшiлiк қадағалау:
      а) экстремистік және (немесе) террористік қылмыстар үшiн;
      б) егер жазаны өтеу кезiнде олардың мiнез-құлқы түзелу жолына мүлдем түскiсi келмейтiнiн және қоғам үшiн қауiптi күйiнде қалып отырғанын дәлелдесе, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін немесе қасақана қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға екі немесе одан да көп мәрте сотты болған;
      в) егер жазаны өтегеннен кейiн iшкi iстер органдарының ескертулерiне қарамастан қоғамдық тәртiптi және басқа азаматтардың құқықтарын үнемi бұзатын болса, өзге де құқық бұзушылықтар жасаса, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін немесе қасақана қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға екі немесе одан да көп мәрте сотты болған жазасын өтеген адамдарға орнатылады.
       Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350, 2005.07.08 № 67 (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.03.26 № 240; 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      3-бап. Әкiмшiлiк қадағалау орнатудың негiздемелерi

      Әкiмшiлiк қадағалау орнатуға:
      а) осы Заңның 2-бабының "а" тармақшасында аталған адамдарға қатысты заң күшiне енген сот үкiмi;
      б) осы Заңның 2-бабының "б" тармақшасында аталған адамдарға қатысты түзеу мекемелерiнiң материалдары;
      в) осы Заңның 2-бабының "в" тармақшасында аталған адамдарға қатысты iшкi iстер органдарының материалдары негiздемелер болып табылады.

  II тарау

  Әкiмшiлiк қадағалау орнату, оны жүзеге
асыру және тоқтату тәртiбi

      4-бап. Әкiмшiлiк қадағалау орнату мерзiмi мен орны

      Әкiмшiлiк қадағалау: 
      а) осы Заңның 2-бабының "а" және "б" тармақшаларында аталған адамдарға - түзеу мекемесiнен босатылған кезде; 
      б) осы Заңның 2-бабының "в" тармақшасында аталған адамдарға - түзеу мекемесiнен босатылған сәттен бастап үш жыл бойы тұрғылықты жерi бойынша орнатылады. 

      5-бап. Әкiмшiлiк қадағалау орнату тәртiбi 

      Әкiмшiлiк қадағалауды: 
      Заңның 2-бабының "а" және "б" тармақшаларында аталған адамдарға түзеу мекемесi бастығының дәлелді ұсынуы бойынша түзеу мекемесi орналасқан жердегi аудандық (қалалық) соттың судьясы жеке өзi сот мәжiлiсiнде;
      осы Заңның 2-бабының «в» тармақшасында аталған адамдарға iшкi iстер органдарының жергілікті полиция қызметі бастығының уәжді ұсынуы бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның тұрғылықты жерiндегi аудандық (қалалық) соттың судьясы жеке өзi сот отырысында белгiлейдi.
      Ұсыныспен бiрге сотқа үкiмнiң көшiрмесi және тиiстi адамға әкiмшiлiк қадағалау орнату қажеттiгiн дәлелдейтiн материалдар жiберiледi. 
      Сот мәжiлiсiне өзiне қатысты әкiмшiлiк қадағалау орнату туралы ұсыныс енгiзiлген адам, ал өтiнiш бойынша - қорғаушы да, сондай-ақ бастығы ұсыныс енгiзген органның өкiлi шақырылады. 
      Мәселенi қарау ұсыныстың және сонымен бiрге келiп түскен материалдардың мазмұны туралы баяндамадан басталады, содан соң сот мәжiлiсiне келген адамдардың түсiнiктемелерi тыңдалады. 
      Iс қаралып болғаннан кейiн судья шешiм қабылдау үшiн кеңесу бөлмесiне шығады, содан соң мәжiлiс залына қайта оралып, қаулыны жария етедi. 
      Cудьяның қаулысы өзiне қатысты қадағалау белгіленген адамның тұрғылықты жерiндегi ішкі істер органдарының аудандық (қалалық) жергілікті полиция қызметінің бастығына, ал осы Заңның 2-бабының «а» және «б» тармақшаларында көзделген жағдайларда түзеу мекемесiнiң бастығына орындау үшiн жiберiледi.
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350, 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудың қолданылу мерзiмi 

      Әкiмшiлiк қадағалау алты айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге белгiленедi. 
      Қадағалауға алынған адам әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн немесе өзiне жарияланған шектеулердi бұзған, сондай-ақ ол құқық бұзушылық жасаған жағдайларда iшкi iстер органдарының дәлелдi ұсынысы бойынша судьяның қаулысымен қадағалау мерзiмi әр жолы алты айға ұзартылады, бiрақ ол екi жылдан аспауға тиiс.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      7-бап. Қадағалауға алынған адамдарға қатысты
              қолданылатын шектеулер

      Әкiмшiлiк қадағалау орнатылатын адамдарға қатысты тұрмыс салтына, отбасындағы және тұрғылықты жерiндегi мiнез-құлқына, қадағалауға алынған адамның жеке басын сипаттайтын басқа да жағдайларға байланысты мынадай шектеулер толық көлемiнде немесе жеке-жеке қолданылуы мүмкiн: 
      а) iшкi iстер органдары белгiлеген уақытта тұрған үйiнен кетуге тыйым салу; 
      б) iшкi iстер органдары белгiлеген аудан (қала) мекендерiнде болуға, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асырушы iшкi iстер органына хабарламай аудан (қала) шегiнен тыс жерлерге кетуге тыйым салу; 
      в) жергiлiктi iшкi iстер органына тiркелу үшiн айына бiр реттен төрт ретке дейiн мiндеттi түрде келу. 

      8-бап. Қадағалауға алынған адамға белгiленген
              шектеулердi өзгерту

      Шектеулер тiзбесiн судья iшкi iстер органының дәлелді ұсынысы бойынша қадағалауға алынған адамның тұрмыс салты мен мiнез-құлқын ескере отырып, бiрақ осы Заңның 7-бабында көзделген шектеулер шегiнде қысқартуы немесе толықтыруы мүмкiн.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

       9-бап. Еңбекпен түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң
               қадағалауға алынған адамның тұрғылықты жерi
               бойынша әкiмшiлiк қадағалау орнату туралы
               қаулыны жiберу тәртiбi

      Өздерiне әкiмшiлiк қадағалау орнатылған адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылар алдында түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қадағалауға алынған адам қалап алған тұрғылықты жердегi iшкi iстер органына сотталған адамның келетiн уақытын хабарлай отырып судьяның әкiмшiлiк қадағалау орнату туралы қаулысын жiбередi.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.

      10-бап. Әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту немесе
               шектеулерді өзгерту туралы қаулыны қадағалауға
               алынған адамға хабарлау
      Әкiмшiлiк қадағалауды белгілеу не қадағалауды жүзеге асырған кезде мерзiмді ұзарту немесе шектеулердi өзгерту туралы судьяның қаулысын қадағалауға алынған адамға қолын қойғыза отырып, iшкi iстер органдарының жергілікті полиция қызметінің бастығы, ал бас бостандығынан айыру орындарындағы адамға түзеу мекемесiнiң бастығы хабарлайды. Бұл ретте, қадағалауға алынған адамға оның мiндеттерi, әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылығы, ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылар алдында өзіне қатысты қадағалау белгіленген адамға таңдаған тұрғылықты жерiне айқындалған мерзiмде келмегенi үшiн жауаптылығы түсiндiрiледi.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.11.2015 № 388-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      11-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудағы адамдарды есепке алу

      Әкiмшiлiк қадағалаудағы адамдарды есепке алу Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      12-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асырушы лауазымды
               адамдардың мiндеттерi

      Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде:
      а) қадағалауға алынған адамдардың тұрғылықты жерi мен жұмыс орнындағы мiнез-құлқын жүйелi түрде байқауға;
      б) қадағалауға алынған адамның қоғамдық тәртiптi, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылығының алдын алуға және оны болғызбауға;
      в) әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн бұзушылық туралы белгiленген тәртiппен хаттамалар жасауға және оларды қарау үшiн сотқа жiберуге мiндеттi.

      13-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асырушы iшкi iстер
              органдары қызметкерлерiнiң құқықтары

      Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң: 
      а) қадағалауға алынған адамның жұмыс орны мен тұрғылықты жерi бойынша, меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдардың әкiмшiлiгiнен, сондай-ақ азаматтардан оның мiнез-құлқы туралы мәлiметтер сұратуға және алуға; 
      б) қадағалауға алынған адамды iшкi iстер органына әңгiмелесуге шақыруға, әңгiмелесудi оның туған-туыстары келiсiм берген жағдайда солардың қатысуымен өткiзуге; 
      в) әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша қадағалауға алынған адамнан ауызша және жазбаша түсiнiктемелер талап етуге; 
      г) қадағалауға алынған адамның мiнез-құлқын және белгiленген шектеулердi сақтауын байқау мақсатында оның үй-жайына тәулiктiң кез келген уақытында баруға құқығы бар. Бұл ретте Заңмен белгiленген жағдайлар мен тәртiптен өзгеше тексеру, тiнту жүргiзуге жол берiлмейдi. 

      14-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату негiздемелерi 

      Әкiмшiлiк қадағалау: 
      а) егер әкiмшiлiк қадағалау орнатылған мерзiмдi ұзарту үшiн негiздемелер болмаса, сол мерзiм өткен соң; 
      б) егер қадағалауға алынған адамның түзелу жолына бет бұрғаны анықталса, тұрғылықты жерi немесе еңбек қызметi бойынша жақсы мiнездеме берiлсе, мерзiмiнен бұрын; 
      в) қадағалауға алынған адамның соттылығы өтелген немесе алынып тасталған жағдайда; 
      г) қадағалауға алынған адамның арнаулы емдеу-алдын алу мекемесiне ерiксiз емделуге жiберiлуiне байланысты; 
      д) қадағалауға алынған адамның бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты; 
      е) қадағалауға алынған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Әкімшілік қадағалауды тоқтату тәртібі

      Осы Заңның 14-бабының «а», «в», «г», «д» және «е» тармақшаларында көзделген жағдайларда әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыратын iшкi iстер органының қызметкерi әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығарып, оны iшкi iстер органдарының жергілікті полиция қызметінің бастығы бекiтедi.
      Осы Заңның 14-бабының «б» тармақшасында көзделген жағдайда iшкi iстер органдарының жергілікті полиция қызметінің бастығы әкiмшiлiк қадағалауды мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы сотқа уәждi ұсыну жiбередi, ол он күн мерзiмде қаралуға тиiс.
      Судьяның немесе iшкi iстер органының әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулысы қадағалауға алынған адамға қолын қойғыза отырып хабарланады.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.11.2015 № 388-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

  III тарау
Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдардың мiндеттерi
мен құқықтары және қадағалау ережелерiн бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк

      16-бап. Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдардың
               мiндеттерi

      Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдар:
      а) өзiне қатысты белгiленген, осы Заңның 7-бабында көзделген шектеулердi сақтауға; 
      б) шақыру бойынша iшкi iстер органдарына көрсетiлген мерзiмде келуге, әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге; 
      в) әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асырушы iшкi iстер органының қызметкерлерiн жұмыс орны мен тұрғылықты жерi өзгергенi туралы, сондай-ақ қызмет бабындағы және жеке iстерi бойынша аудан (қала) шегiнен тысқары кететiнi туралы бiр тәулiк iшiнде хабардар етуге; 
      г) iшкi iстер органының рұқсатымен басқа елдi мекенге барып, онда бiр тәулiктен астам уақыт болған кезде өзiнiң мiнез-құлқын бақылауды жүзеге асыру үшiн жергiлiктi iшкi iстер органына тiркелуге мiндеттi. 

      17-бап. Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдардың
               құқықтары

      Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамның: 
      а) сотта әкiмшiлiк қадағалау белгiленуi және шектеулер қолданылуы туралы iс материалдарымен танысуға; 
      б) түсiнiктемелер беруге, дәлелдемелер табыс етуге; 
      в) әкiмшiлiк қадағалауды мерзiмiнен бұрын тоқтату, өзiне қатысты белгiленген шектеулердi алып тастау, тұрғылықты тұратын жерiнен қысқа мерзiмге кететiнi туралы өтiнiш беруге; 
      г) iшкi iстер органында әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулымен танысуға құқығы бар. 

      18-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды бұзғаны үшiн
               жауапкершiлiк

      Әкiмшiлiк қадағалау орнатылған адам қадағалау ережелерiн немесе өзiне қатысты белгiленген шектеулердi бұзған жағдайда Қазақстан Республикасы заңымен белгiленген тәртiп бойынша жауапқа тартылады.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.

  IV тарау

  Заңдылықты қадағалау

      19-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде 
               заңдылықтың қамтамасыз етiлуiн қадағалау 

      Заңдылықтың қамтамасыз етiлуiн қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады. 

      20-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудың күшiн жою немесе оны
               өзгерту 

      Судьяның әкiмшiлiк қадағалау орнату туралы қаулысын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен прокурордың наразылығы бойынша немесе тiкелей жоғары тұрған сот жоюы немесе өзгертуi мүмкiн.
       Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi