Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы N 2529 Конституциялық заңы

Қолданыстағы

  МАЗМҰНЫ

      Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
       Ескерту. Тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

  I тарау
Жалпы ережелер

       1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi

      Парламент - заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

       2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi

      1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Мәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
      2. Парламенттiң өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының  Конституциясында  көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
       Ескерту. 2-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң құқықтық
               негiздерi

      Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы

      1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан:
      Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
      2. Сенат әр облыстан, Республикалық маңызы бар қаладан және Республиканың астанасынан екi адамнан, тиісiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланып тұрады.
      3. Сенаттың жетi депутатын Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне Республика Президентi тағайындайды әрi олар әр үш жыл сайын қайтадан сайлануға тиiс емес.
      4. Мәжілiс жетпiс жеті депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық  бөлінісі ескеріле отырып құрылатын және сайлаушылар саны шамамен тең бір мандатты аумақтық  сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкілдiк жүйесi бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдердің негізінде сайланады.
      5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
      6. Сенат пен Мәжiлiс депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

  II тарау
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны
жүзеге асырудың ұйымдық нысандары

       5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi

      Парламенттiң Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен және бөлек отырыстарындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.

       6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары

      1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
      2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
      3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжiлiс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжiлiс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.
      4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.
      5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжiлiстiң Төрағасы ашады.
      6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Палаталардың кезектен тыс бiрлескен отырысын шақыра алады. Онда отырысты шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.

       7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум

      Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.

       8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы

      1. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
      2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттiк Хатшысы мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.
      3. Мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.

       9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары

      1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған Төрағалар басқарады.
      2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгiзудi Республика Президентi жүзеге асырады.
      3. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
      4. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
      5. Парламент Палаталарының төрағалары:
      1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
      2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
      3) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      4) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
      5) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
      6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң екi-екiден мүшелерiн тағайындайды;
      7) өздерiне Парламент Регламентiмен жүктелетiн басқа да мiндеттердi атқарады.
      6. Егер тиiстi палатада дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары екiге тең бөлiнген жағдайда Палаталардың төрағалары шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
      7. Мәжiлiс Төрағасы:
      1) Парламент сессияларын ашады;
      2) Палаталардың бiрлескен кезектi отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
      8. Сенат пен Мәжiлiс Төрағаларының Палата төрағасының ұсынуымен Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен тиiстi Палата сайлаған бiр-бiрден орынбасарлары болады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының уәкiлдiк беруiмен олардың жекелеген функцияларын атқарады, сондай-ақ төрағалар орнында болмаған немесе өз мiндеттерiн жүзеге асыруы мүмкiн емес жағдайда олардың орнын басады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының ұсынысы бойынша, егер бұл үшiн тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
      9. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.

       10-бап. Республика Парламентiнiң үйлестірушi органдары

      1. Парламенттiң үйлестiрушi органдары Палаталар төрағаларының жанынан құрылатын Сенаттың Бюросы және Мәжiлiстiң Бюросы болып табылады.
      2. Бюролардың құрамына Палаталар төрағаларының орынбасарлары, Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағалары кiредi.
      3. Палаталардың Бюролары:
      1) Палаталардың комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
      2) Палаталар үшiн заңдардың жобаларын және Парламент пен оның Палаталарының өзге де шешiмдерiн қараудың кезектiлiгi жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
      3) бiрнеше комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитеттердiң бiрлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетедi;
      4) Осы Конституциялық заңмен Парламенттiң басқа органдары мен лауазымды тұлғаларының құзыретiне жатқызылмаған Палаталар жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерiн шешедi.
      4. Палаталар Бюроларының отырыстарын Палаталардың төрағалары қажетiне қарай шақырады және олар өз мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары

      1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжiлiстің тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
      2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжiлiс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
      3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
      4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
      5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
      6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
      7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртiбi заңмен белгiленедi.

       12-бап. Парламенттiк тыңдаулар

      1. Парламент Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
      2. Парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюроларының шешiмдерi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi әрi олар ашық және жабық нысанда өткiзiлуi мүмкiн.
      3. Палаталардың бiрлескен немесе бөлек пленарлық отырыстары болатын күндерi Парламенттiк тыңдаулар өткiзiлмейдi.

       13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актiлерi

      1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде Конституциялық заңдар, Парламенттiң жеке қаулылары түрiндегi заң актiлерiн қабылдайды. Сенат пен Мәжiлiс өз құзыретiндегi мәселелер бойынша дара сипатты қаулыларды қабылдайды.
      2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      3. Парламент Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
      4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
      5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, заң күшiне енгiзу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының
                Регламентi

      1. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжiлiстiң регламенттерi Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстарын өткiзудiң, олардың органдарын жасақтау мен қызметiн ұйымдастырудың, сондай-ақ Парламент депутаттары мен лауазымды тұлғаларының өкiлеттiктерiн жүзеге асыруының шарттары мен тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжiлiстiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекiтiледi.
      3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.

  III тарау
Республика Парламентiндегi заң шығару процесi

       15-бап. Заң шығару бастамашылығы

      1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
      2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжiлiсте ғана жүзеге асырылады және ол:
      1) заң құжатының жобаларын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн тиiстi ұсынысымен ресiмдеген Парламент депутаттарына;
      2) заң құжатының жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкiметiне берiледi.
      3. Депутаттар және Үкiмет енгiзген заң актiлерiнiң жобалары Мәжiлiс қаулысымен Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
      4. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн.
      5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртiбiне байланысты өзге мәселелердi Мәжiлiс Регламентi шешедi.

       16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөнiндегi құзыретi

      1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
      1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
      2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
      3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;
      4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
      5) республикалық бюджетке;
      6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;
      7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
      8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
      9) айналадағы ортаны қорғауға;
      10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
      11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
      2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.

       17-бап. Республика Парламентiнiң заң актiлерi жобаларын
                қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу

      1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актiлерiнiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
      2. Республика Президентi Парламентке арнаулы жолдауы арқылы:
      1) заң жобаларының қаралу басымдығын белгiлеуге;
      2) Заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламенттiң осы жобаны енгiзiлген күнiнен бастап бiр ай iшiнде қарауы қажет екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаған ретте Республика Президентi Парламент Конституция мен заңдарда белгiленген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылатын Заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы.

       18-бап. Заңдарды қабылдау

      1. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк дауысымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда жобаны Сенат алған күннен бастап әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылау және дауысқа салу үшiн берiледi. Сенат қайта қабылдамаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.
      2. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп саналады. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.
      3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағат өтпейiнше өткiзiлмейдi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс Конституциямен белгiленген қажеттi дауыс санын ала алмаған ретте, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.

       19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне
                қол қоюға ұсыну

      1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
      2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысының төрағаларының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын-ала бекiтiлiп, Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынылады, ол он бес жұмыс күнiнiң iшiнде ұсынылған заңға қол қойып оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.
      4. Егер Парламент сессиясы заңды Президенттiң қайтаруы ықтимал мерзiм бiткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттiң кезектi сессиясының алғашқы күнi қайтарады.

       20-бап. Республика Парламентiнiң Республика
                Президентiнiң қарсылықтарын қарауы

      1. Республика Президентiнiң қарсылықтарын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайтадан талқылау және дауысқа салу қарсылықтар жiберiлген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде өткiзiледi. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi.
      2. Республика Президентiнiң қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе заңның баптары Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитетiнiң қарауына берiледi, ол Республика Президентi өкiлiнiң қатысуымен тұжырым әзiрлеп, оны заңмен немесе оның тиiстi баптарымен және Президенттiң қарсылықтарымен қоса толығымен Мәжiлiстiң қарауына енгiзедi. Осы мәселе жөнiндегi Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қабылданған оның шешiмi Президенттiң қарсылықтарымен және Мәжiлiстiң тұрақты комитетiнiң тұжырымымен қоса Сенаттың зерделеуiне жiберiледi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен отырысында қарауға берiледi.
      3. Республика Президентi Мәжiлiстiң тұрақты комитетiнде және Мәжiлiстiң отырысында қарсылықтарды қараудың қорытындылары бойынша депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, қарсылықтардағы өзi ұсынған заңның тұтастай не тиiсiнше оның жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге хақылы.
      4. Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланып, дауысқа салынған ретте, егер Президенттiң қарсылықтары заңға тұтастай қатысты болса - тұтасымен заңды не Республика Президентiнiң қарсылықтарын туғызған баптарды дауысқа салу өткiзiледi.
      5. Егер Парламент әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен тұтасымен заң бойынша немесе тиiсiнше оның жекелеген баптары бойынша өзi бұрын қабылданған шешiмдi қуаттайтын болса, Республика Президентiнiң қарсылықтары еңсерiлдi деп саналады. Бұл ретте заң немесе тиiсiнше оның баптары Парламент оны алғашқы рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп саналады әрi осы заңның қол қоюға ұсынылған сәтiнен бастап жетi күн мерзiм iшiнде Президент оған қол қояды.
      6. Егер Парламент дауыс беру нәтижесiнде Президент қарсылықтарын еңсере алмаса заң қабылданбаған болып саналады не, егер Республика Президентiнiң қарсылықтарында тиiсiнше заңның, заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясы ұсынылған болса, ол осы редакцияда қабылданған болып саналады.

  IV тарау
Парламенттiң Республиканың лауазымды тұлғаларын қызметке тағайындауға, қызметке сайлап, қызметтен босатуға Президентке келiсiм беру жөнiндегi өкiлеттiгiн жүзеге асыруы

       21-бап. Парламенттiң келiсiмімен Президент қызметке
                тағайындайтын, Парламент қызметке сайлап,
                қызметтен босататын лауазымды тұлғалар

      Республика Парламентiнiң келiсiмiмен Президент қызметке тағайындайтын, Парламент қызметке сайлап, қызметтен босататын Республиканың лауазымды тұлғаларының тiзбесi  Конституцияның  53-бабының 5)-тармақшасымен, 55-баптың 1), 2)-тармақшаларымен, 56-баптың 3) тармақшасымен белгiленедi.

       22-бап. Парламенттiң Республиканың лауазымды
                тұлғаларын қызметке тағайындау, қызметке
                сайлап, қызметтен босату жөнiнде Республика
                Президентiне келiсiм беру тәртiбi

      1. Республика Президентi Республиканың Премьер-Министрi мен Ұлттық Банкiнiң Төрағасын қызметке тағайындауға Парламенттiң келісiмiн, сондай-ақ Республиканың Бас Прокуроры мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке сайлап, қызметтен босатуға Сенаттың келiсiмiн алу үшiн, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьяларын қызметке сайлап, қызметтен босатуы үшiн, Мәжiлiстiң Республика Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, хатшысы мен мүшелерiн қызметке сайлап, қызметтен босатуы үшiн Парламентке тиiстi жазбаша ұсыныс енгiзедi, солардың негiзiнде тиiстi мәселенi Парламент Палаталарының таяудағы бiрлескен отырысының не тиiстi Палата отырысының күн тәртiбiне енгiзу туралы шешiм қабылданады.
      2. Республика Президентiнiң аталған лауазымды тұлғаларды тағайындауына берiлетiн Парламенттiң келiсiмi алдын-ала не соңыра сипатта болады және тiкелей Палаталардың бiрлескен отырысында не тиiсiнше Сенаттың отырысында берiледi.
      3. Парламенттiң қызметке сайлап, қызметтен босатуы үшiн ұсынылған кандидатуралары мәселе Сенаттың немесе тиiсiнше Мәжiлiстiң отырысында қаралғанға дейiн Сенат немесе Мәжiлiс Бюросының шешiмiмен белгiленетiн Сенат пен Мәжiлiстiң тиiстi комитеттерiнiң отырыстарында талқылануға тиiс. Кандидатураларды қараудың нәтижелерi бойынша комитеттер әрбiр талқыланған кандидатура бойынша Сенаттың немесе Мәжiлiстiң отырысында жария етілетiн тұжырымдар жасайды.
      4. Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында, тиiстi Палатаның отырысында келiсiм беру, қызметке сайлап, қызметтен босату туралы мәселе қаралған кезде лауазымдарға кандидатураларды Республика Президентi немесе Республиканың ол уәкiлдiк берген лауазымды тұлғасы таныстырады.
      5. Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында, тиiстi Палатаның отырысында:
      1) кандидатқа және кандидатты ұсынушы адамға сұрақтар берiлуi;
      2) депутаттар ұсынылған кандидатураны жақтап немесе қарсы пiкiрлер айтуы мүмкiн.
      6. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура жөнiнде жарыссөз ашуды талап етпесе, ол өткiзiлмеуi мүмкiн.
      7. Егер Парламент не тиiсiнше Сенат немесе Мәжiлiс Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға келiсiм беру туралы шешiмдер қабылдамаған жағдайда, Президент Парламентке не тиiстi Палатаға нақ осы тұлғалар немесе жаңа кандидатуралар жөнiнде жазбаша ұсыныстар енгiзедi.
      8. Егер Сенат немесе Мәжiлiс сайланған лауазымды тұлғаны қызметтен босату жөнiнде шешiм қабылдамаған жағдайда, Президент тиiсті Палатаға осы мәселе бойынша қайтадан жазбаша ұсыныс енгiзуге хақылы.

       23-бап. Парламенттiң ұсынылған кандидатуралар бойынша
                шешiмдер қабылдауы

      1. Парламент, оның Палаталары қызметке тағайындауға, қызметке сайлап, қызметтен босатуға келiсiм беру туралы шешiмдердi тиiсiнше әр Палата депутаттарының, Парламенттiң тиiстi Палатасы депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
      2. Егер Парламент немесе тиiстi Палата дауыс берудiң өзгеше тәртiбiн белгiлемесе, шешiмдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру жолымен қабылданады.
      3. Шешiмдер тиiсiнше Парламенттiң, тиiстi Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресiмделедi.
      4. Қызметке сайлап, қызметтен босатуға келiсiм беру үшiн Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда Парламенттiң не оның тиiстi Палатасының шешiмiнде қабылдамаудың толық дәлелдемесi болуға тиiс.

  V тарау
Республика Парламентi депутаттарының мәртебесi

       24-бап. Республика Парламентiнiң депутаты

      1. Парламент депутаты қандай да болсын аманатты мандатпен, соның iшiнде аманатпен немесе тапсырмамен байланысты емес және Парламентте өз нанымы бойынша дауыс бередi.
      2. Депутаттың өкiлеттiгi оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретiнде тiркеген сәттен басталады. Парламенттiң бiрiншi сессиясында оның Палаталарының бiрлескен отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант бередi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсiздiгiн нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзiме жүктелген депутаттың мәртебелi мiндетiн абыроймен атқаруға ант етемiн". Антты Президент қабылдайды және ант беру Республика Үкiметi, Конституциялық Кеңесi мүшелерiнiң, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерiнiң қатысуымен салтанатты жағдайда өткiзiледi.
      3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
      4. Парламент депутатының өкiлеттiгi ол орнынан түскен, депутат iс-әрекетiне қабiлетсiз деп танылған, Парламент таратылған жағдайларда және Конституциямен көзделген өзге де реттерде тоқтатылады. Парламент депутаты оған қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енгiзiлген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударған кезде өз мандатынан айрылады. Депутаттық өкiлеттiктi тоқтату немесе одан айыру туралы шешiмдi Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен Парламенттiң тиiстi Палатасы өз депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       25-бап. Республика Парламентi депутатының өкiлеттiгi

      1. Депутат Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
      2. Парламент депутаты:
      1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
      2) сессияның күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгiзуге;
      3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент пен оның Сенаты тағайындауға келiсiм беретiн лауазымды тұлғалардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;
      4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палаталар Бюросына ұсыныстар енгiзуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың пленарлық отырыстарының қарауына енгiзуге;
      5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;
      6) Парламент Палаталарына есептi лауазымды тұлғалардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзуге;
      7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сұрау салуға;
      8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сауалдар беруге;
      9) дауысқа салу себептерi бойынша өзiнiң ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;
      10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгiзуге;
      11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;
      12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
      13) осы Конституциялық заңға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.
       Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       26-бап. Депутаттың Парламент сессияларына, оның
                Палаталарының отырыстарына қатысуы

      1. Депутат Парламенттiң және өзi құрамына сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте дауыс берудi депутаттың жеке өзi ғана жүзеге асырады.
      2. Палатаның Төрағасы, не тиiсiнше депутат мүшесi болып табылатын органның басшысы регламентпен белгiленген мерзiмде депутатқа сессиялардың, орган отырыстарының өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутатқа хабарлайды, оған осы мәселелер бойынша қажеттi материалдарды бередi.
      3. Депутат мәжiлiске келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Палатаның Төрағасына не тиiсiнше Парламент органының немесе оның Палатасының басшысына күнiбұрын хабарлайды.
      4. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға беруi депутатқа осы Конституциялық заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
      5. Палаталар Бюроларының, олардың тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды қарауға енгiзуге, мәселелердi қарауға әзiрлеуге, олар бойынша шешiмдердi талқылап, қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға хақылы.
      6. Өзi құрамына кiретiн Парламент органының шешiмiмен келiспеген депутат Парламент сессиясында өз көзқарасын баяндауға немесе ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға хақылы.
      7. Палаталар Бюроларының, олардың тиiстi тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiрмейтiн депутат аталған органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiмдердi қабылдауға қатыса алады. Депутат Палаталар Бюроларының, тұрақты комитетiнiң немесе комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады. Депутат енгiзген түзетулер Парламент сессиясында қаралады әрi оларды дауысқа салу өткiзiледi.
       Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       27-бап. Депутаттық сұрау салу мен сауалдар

      1. Депутаттық сұрау салу Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
      2. Парламент депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас Прокурорға салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған сұрау Палаталардың жабық отырысында қаралады.
      3. Сұрау салу жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс.
      4. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы.
      5. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның тиiстi Палатасының қаулысы қабылданады. Сұрау салу мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.
      6. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiметi мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сауалдар қоюға хақылы. Сауалға жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.

       28-бап. Депутаттың лауазымды тұлғалармен кiдiрiссiз
                қабылдану құқығы

      1. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша депутат мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттiк ұйымдарға бөгетсiз кiру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады.
      2. Қызметi мемлекеттiк құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттың кiрiп-шығу тәртiбi заңмен белгiленедi.

       29-бап. Депутаттардың қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Палаталар Бюролары депутатты Парламент қабылдаған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдарымен қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.

       30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық
                және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз
                ету

      1. Депутаттар жалақысын Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында көзделген тәртiппен Республика Президентi белгiлейдi.
      2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттiк тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
      3. Парламент депутатының өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
      1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
      2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика  Конституциясы  44-бабының 9) тармақшасында белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
      4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
      5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторийлік-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      5-1. Парламенттің депутатына оның өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бiрақ өкілеттігі тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.
       Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1997.04.11.  N 91-I , 1999.03.12.  N 348-І , 1999.05.06.  N 377  Заңдарымен.

       31-бап. Депутаттың өкiлеттiгiн жүзеге асыруының
                кепiлдiктерi

      1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      2. Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.

       32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеу құқығы

      1. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерден өзге, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
      2. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе сот тәртiбiмен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжiлiске ұсыныс енгiзедi, оны Палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзiрлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыныс депутатқа айып тағудың, оны қамауға алуға санкция берудiң немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi. Бас Прокурордың ұсынысы мен Орталық сайлау комиссиясының тұжырымы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды тұлғалар мен органдардың қосымша ақпарат тапсыруын талап етуге хақылы. Палата дәлелдi шешiм қабылдап, оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттiк органының басшысына үш күн мерзiм iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеу құқығы туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға хақылы.
      3. Депутатқа қатысты қылмыстық iстi анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттiк органының басшысы ғана қозғай алады және ол iс жүргiзу аяқталысымен қадағалауды жүзеге асыру үшiн Бас Прокурорға тапсырылуға тиiс.
      4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкiмi шығарылған жағдайда тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру жөнiнде ұсыныс енгiзедi.

       33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары

      1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1, 3, 4, 5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөнiндегi шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
      2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
      3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
      1) парламенттiк мiнеу;
      2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
      3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
      4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
      5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
      6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
      7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
      4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
       Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       34-бап. Республика Парламентiндегi депутаттық
                бiрлестiктер

      1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бiрлестiктер, депутаттық топтар түрiнде депутаттық бiрлестiктер құруға хақылы. Палаталардың Төрағалары мен олардың орынбасарлары, Палаталар Жоғары Сот Кеңесiнiң және Әдiлет бiлiктiлiк алқасының құрамына жiберген депутаттар депутаттық бiрлестiктердiң құрамына кiре алмайды.
      2. Фракция - саяси партияның немесе заңмен белгiленген тәртiппен тiркелген өзге де қоғамдық бiрлестiктiң атынан өкiлдiк ететiн депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол Парламентте тиiстi саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бiрлестiктiң мүдделерiн бiлдiру мақсатында құрылады. Фракция Парламенттiң кемiнде он депутатын бiрiктiруге тиiс. Фракцияның құрамына Парламенттiң екi Палатасының депутаттары да кiре алады. Депутаттың бiр ғана депутаттық фракция құрамында болуға құқығы бар.
      3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру, сайлау округтерiндегi бiрлескен жұмыс үшiн құрылатын депутаттар бiрлестiгi. Депутаттық топтың құрамында кемiнде Парламенттiң он бес депутаты болуға тиiс.
      4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тiркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады, бұл келiп тiркелу ретiмен жүргiзiлiп, тек қана ақпараттық сипатта болады.
      5. Парламенттегi депутаттық фракциялар мен топтардың өкiлеттiгiн, ұйымдастырылуы мен қызметiн, олардың жұмысын қамтамасыз ету Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленедi.

       35-бап. Депутаттық куәлiк және депутаттың омырауға
                тағатын белгiсi

      1. Депутаттың депутаттық куәлiгi және депутаттың омырауға тағатын белгiсi болады, бұларды оған сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бередi. Депутат депутаттық куәлiк пен омырауға тағатын белгiнi өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде пайдаланады.
      2. Республика Парламентi депутатының куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi, олардың үлгiлерi мен сипаттамасы туралы ережелердi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.

  VI тарау
Қорытынды ережелер

       36-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен
                бұрын тоқтату

      1. Республика Президентi мынадай:
      1) Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiрген;
      2) Парламент Премьер-Министрдi тағайындауға келiсiм беруден екi мәрте бас тартқан;
      3) Парламент Палаталары немесе Парламент пен мемлекеттiк билiктiң басқа тармақтары арасында еңсерiлмейтiн келiспеушiліктер нәтижесiнде саяси дағдарыс туындаған жағдайларда Парламенттi тарата алады.
      2. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңiнде, Республика Президентi өкiлеттiгiнiң соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейiн бiр жыл өтпейiнше Парламенттi таратуға болмайды.

       37-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс тiлдерi

      Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

       38-бап. Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру

      Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

       39-бап. Республика Парламентiнiң Аппараты

      1. Парламент Аппаратын Сенат пен Мәжiлiстiң бөлек аппараттары құрайды, олар Парламент қызметiн ұйымдық, құқықтық, ақпараттық-талдау және өзгедей қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
      2. Сенат пен Мәжiлiс аппараттарының құрылымы мен штат санын белгiлеудi, оларды жасақтауды Парламент қызметiн қаржыландыруға бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде Палаталардың Бюролары жүзеге асырады.
      3. Аппараттың қызметi мемлекеттiк қызмет туралы Республиканың нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуымен, Парламент таратылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайда Парламент Аппаратындағы мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысы доғарылмайды.
      5. Парламент Аппаратының қызметкерлерi жалақы мөлшерi, материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз етудiң өзге жағдайлары жөнiнде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тиiстi қызметкерлерiне теңестiрiледi.
       Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       40-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
       Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377  Заңымен .

       Қазақстан Республикасының
      Президентi