Лицензиялау туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2200 заңы

Жаңартылған

      ЕСКЕРТУ. Мәтiннен сөздер алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.12.08. N 200 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. Бас тақырыбы жаңа редакцияда, кіріспе алып тасталды, мәтініндегі сөздер ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

I тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      1. Осы Заң лицензиялауға жататын қызметтi немесе белгiлi бiр iс-әрекеттi мемлекет тарапынан лицензиялауға байланысты қатынастарды реттейдi.
      2. Бұл Заң азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың арасында жасалған лицензиялық шарт аясында лицензия беруге байланысты қатынастарды реттемейдi.

      2-бап. Лицензия ұғымы

      Азаматқа немесе заңды тұлғаға белгiлi бiр қызмет түрiмен айналысуға немесе белгiлi бiр iс-әрекет жасауға құзырлы мемлекеттiк орган беретiн рұқсат лицензия деп ұғылады.

      3-бап. Лицензиялаудың негiзгi принциптерi

      1. Лицензиялар беру лицензияның осы түрi үшiн белгiленген талаптарға сай келетiн барлық адамдар үшiн бiрдей негiздер мен тең шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк кәсiпорындарға басым лицензиялар беру құқығына тыйым салынады, бұған заң актiлерiмен мемлекеттiк монополияға жатқызылған қызмет түрлерi кiрмейдi.
      2. Заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын азаматтар (жеке кәсiпкерлер) лицензияны заңды тұлғалар үшiн белгiленген тәртiппен алады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне лицензия берудiң оңайлатылған тәртiбiн белгiлеуге хақылы.
      3. Бәсекелестiктi шектеу немесе кәсiпкерлердiң қандай да бiр топтарына олардың меншiк нысандарына, ведомстволық мүдделерiне не болмаса орналасқан жерiне қарай артықшылықтар беру мақсатында лицензия беруге тыйым салынады.
      Лицензия беру монополизмнiң күшеюiне немесе кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiн шектеуге себепшi болмауға тиiс.
      4. Лицензиялар иелiктен алынбайды, яғни, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, лицензиат оларды басқа жеке немесе заңды тұлғаларға бере алмайды.
      5. Лицензиялар алу осы Заңда лицензиялау көзделген қызмет түрлерiн ғана жүзеге асыру және iс-әрекет түрлерiн ғана атқару үшiн қажет.
      6. Қызмет түрлерi бойынша лицензиялық тәртiп енгiзу немесе оны жою осы Заңмен белгiленедi және мемлекеттiк қауiпсiздiк, мемлекеттiк монополияны iске асыру, құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, айналадағы ортаны, азаматтардың меншiгiн, өмiрi мен денсаулығын қорғау тұрғысынан орын алуы мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 3-баптың 4-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан  Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 Жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 3-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.02. N 144-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 3-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 3-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

      4-бап. Лицензиялардың түрлерi

      Лицензиялар мынадай белгiлерi бойынша ажыратылады:
      1. Субъектiлер бойынша:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына берiлетiндер;
      2) шетелдiк заңды тұлғаларға, шетелдiк азаматтарға, азаматтығы жоқ адамдар мен халықаралық ұйымдарға берiлетiндер.
      2. Қызмет көлемi бойынша:
      1) бас - қызметтiң белгiлi бiр түрiмен айналысуға, мерзiмiне шек қойылмай, егер олар бірыңғай технологиялық кешенге енетін болса, қызметтің бірнеше түріне бас лицензия беруге жол беріледі;
      2) бiр жолғы - рұқсат етiлген көлем, салмақ немесе мөлшер (заттай немесе ақша түрiнде), сондай-ақ капиталдың қозғалысына байланысты, тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) үшін 180 күннен артық мерзімге төлемді кейінге қалдыруды не аванстық төлемді көздейтін экспорт-импорттық мәмілелер бойынша жүргізілетін операциялар үшін Қазақстан Республикасының валюталық заңдарында белгіленген мерзім шегiнде белгiлi бiр шаруашылық операциясын жүргiзуге берiлетiндер. <*>
      3) операциялық - банк қызметiнде белгiлi бiр операциялар жасауға және валюталық заңдармен белгiленген валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операциялар берiлетiндер.
      3. <*>
      4. Қолданылатын аумақтық аясы бойынша:
      1) қолданылуы Қазақстан Республикасының белгiлi бiр аумағымен шектелетiн;
      2) Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылатын;
      3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қолданылатындар.
      Ескерту. 4-баптың 2-тармағы толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.08.31. N 2447 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 4-баптың 3-тармағы алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 4-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 4-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      Ескерту. 4-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 411 Заңымен.

      5-бап. Лицензиялауды жүзеге асырушы органдар

      1. Лицензия алушыға (лицензиатқа) лицензия берудi Қазақстан Республикасының заң актiлерi мен Үкiметi белгiлеген мемлекеттiк органдар (лицензиарлар) жүргiзедi.
      2. <*>
      2. Белгiлi бiр кәсiпкерлiк қызмет түрiмен айналысуға, мұндай қызметтi жүзеге асыратын субъектiлерге қарамастан заңмен көзделгеннен басқа жағдайларда лицензиялар берудi бiр орган жүргiзедi.
      3. Мемлекеттiк органдарға (лицензиарларға) лицензиялау жөнiндегi өкiлеттiктерiн тиiстi аумақтық бөлiмшелерге беруге рұқсат етiледi. Мемлекеттiк функцияларды жүзеге асыруды мемлекеттiк емес ұйымдарға, соның iшiнде қоғамдық бiрлестiктерге бергенi үшiн мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары заңдарда белгiленгендей жауапты болады.
      Ескерту. 5-баптың 3-тармағы сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.08.31. N 2447 жарлығымен.
      Ескерту. 5-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.12.08. N 200 Заңымен.
      Ескерту. 5-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.01. N 259 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 5-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 заңымен.

      6-бап. Лицензиялардың нысандары

      Лицензиялардың берiлетiндерiнiң нысандарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Банк операцияларын және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жасауға арналған лицензиялар нысандарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
      Сақтандыру рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензиялар нысандарын сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      Ескерту. 6-бап 2-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының Президентінің 1995.08.31. N 2447 жарлығымен.
      Ескерту. 6-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.12.08. N 200 Заңымен.
      Ескерту. 6-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.   

      7-бап. Лицензия және басқа да құқық белгiлеушi
             құжаттар

      1. Қандай да бiр қызметтi немесе белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыру үшiн лицензиядан басқа өзге де рұқсат алу талап етiлетiн болса (жер учаскесiн бөлiп беру және басқалар), мұндай рұқсаттар лицензия алғаннан кейiн берiледi.
      Лицензия болмаған жағдайда рұқсат жарамсыз деп есептеледi.
      2. Лицензиялау талап етiлетiн қызметтi жүзеге асыруға лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етiледi.
      3. Лицензия болмаған жағдайда жасалған мәмiлелер жарамсыз деп есептеледi.
      Егер лицензия алу талабы мәмiле жасалғаннан кейiн қойылса, заңда басқадай көзделмегендiктен бұл мәмiленiң күшi сақталады.
      Лицензияның қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату немесе қайсыбiр өнiмдi белгiлi бiр мемлекеттерге шығаруға эмбарго (тыйым) салу, егер заңдарда басқадай көзделмесе, осыған дейiн жасалған мәмiлелерге қолданылмайды.
      ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

      8-бап. Шетелдiк заңды немесе жеке тұлғаларға берiлетiн
             лицензиялар

      Шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар лицензияны, егер заң актiлерiнде басқадай көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларына қойылатын шарттар бойынша және нақ сондай тәртiппен алады.

II тарау. Мiндеттi түрде лицензиялауға
жататын қызмет түрлерi

      9-бап. Аса қауiптi объектiлерге байланысты және
            (немесе) ерекше маңызды мемлекеттiк мәнi
             бар қызметтi лицензиялау

      1. Кәсiпкерлiк қызметтiң мынадай түрлерi үшiн лицензияның болуы талап етiледi:
      1) егер олар басқа салаларда пайдаланылмайтын болса, қару-жарақ пен оның оқ-дәрiсiн, ақпарат қорғаудың криптографиялық құралдарын, арнайы жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге арналған арнайы техникалық құралдарды, әскери техниканы, босалқы бөлшектердi, оларды құрастыратын элементтер мен приборларды, сондай-ақ монтажды, ретке келтіруді, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, оларды өндiруге арналған арнайы материалдар мен жабдықтарды әзiрлеу, өндiру, жөндеу және сату;
      2) жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзiрлеу, өндiру және сату;
      3) <*>
      4) ғарыш кеңiстiгiн пайдалану жөнiндегi барлық қызмет түрлерi, оның iшiнде ракета-ғарыш техникасын жасау, өндiру, пайдалану, жөндеу мен жетiлдiру, оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн жер үстi инфрақұрылымдары (полигон, командалық-өлшеу кешенi, стендiлiк база және басқалар) пайдалану;
      5) почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы өндіріс пен қызмет көрсету, телевизиялық және дыбыстар (радио хабарлар тарату) бағдарламаларды тарату жөнінде қызмет көрсету, байланыстың жалпы республикалық магистральдық халықаралық желілерін жобалау, салу, пайдалану және радиожиілік спектрін пайдалану;
      6) атом энергиясын пайдалануға байланысты қызмет түрлерi, соның iшiнде:
      а) атом энергиясын пайдалану объектiлерiн орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, қайта құру, консервациялау және пайдаланудан шығару;
      б) радиоактивтiк қалдықтарымен жұмыс iстеу;
      в) ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау;
      г) ядролық және радиациялық қауiпсiздiктi бақылау жөнiндегi қызметтер;
      д) радиоэкологиялық зерттеулер мен радиациялық сауықтыру жөнiнде жұмыстар жүргiзу;
      е) ядролық жарылыстар өткiзiлетiн орындардағы қызметтiң барлық түрлерi;
      ж) ядролық материалдар мен радиоактивтi заттарды Қазақстан  Республикасы аумағының шегiнде тасымалдау (транзиттiк тасымалдауды қоса);
      з) атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметке арнап қызметкерлер, мамандар даярлау және оларды аттестаттау;
      7) құрамында оларды арнайы қорғану құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға жол берiлетiн нормадан артық мөлшерде радиоактивтiк заттар болатын өнiмдi дайындау және сату;
      8) электр және жылу қуаттарын өндiру, беру және бөлу;
      9) <*>
      10) босаған әскери-техникалық құралдарды жою (құрту, кәдеге жарату, көму) және ұқсату;
      11) жарылу-өртену қаупi бар және тау-кен өнеркәсiбi өндiрiстерiн, электр станцияларын электр желілері мен көмекші станцияларын, гидротехникалық құрылыстарды, магистральды газ-мұнай өнiмдерi құбырларын, көтергiш құрылғыларды, сондай-ақ қысым күшiмен жұмыс iстейтiн қазандықтар, сауыттар мен өткiзгiш құбырларды жобалау, салу және пайдалану;
      12) химиялық, бұрғылау, мұнай-газ кәсiпшiлiгi, геологиялық барлау, кен-шахта металлургиялық, энергетикалық жабдықтарын, жарылыстан қорғалған электротехникалық жабдықтарды, бақылау, аварияға қарсы қорғау және белгi беру аппаратуралары мен жүйелерiн, көтергiш құрылғыларды, сондай-ақ қысым күшiмен жұмыс iстейтiн қазандықтарды, сауыттар мен өткiзгiш құбырларды және мұнай мен газ бұрғылау жұмыстарын жобалау, дайындау, монтаждау және жөндеу;
      12-1) мұнай өнімдерін өткізу; <*>
      13) <*>
      14) азаматтық және қызметтік атыс қаруы мен оның патрондарын, жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын суық қаруды, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданатын бұйымдарды, сондай-ақ химиялық өзін-өзі қорғау құралдарын жасау, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу, коллекциялау, экспонаттау;
      15) тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық объектiлерге газ жүргiзу, жөндеу және құрылыс жұмыстары;
      16) күзет, өрт белгiсiн беру құралдары мен өртке қарсы автоматиканы жобалау, монтаждау, ретке келтiру және техникалық күтiм жасау, өртке қарсы техниканы, жабдықтарды және өрттен қорғану құралдарын өндіру мен сату;
      17) жолаушылар лифтiлерiн монтаждау, жөндеу және оларға күтiм жасау;
      18) дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын дайындау, өндiру, өңдеу және көтерме өткiзу, сондай-ақ оларды пайдалануға байланысты жұмыстар мен қызметтер түрлерi;
      19) рентген жабдығын, радиоактивтi заттар мен изотоптар пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтарды әзiрлеу, өндiру және сату;
      20) жолаушыларды және жүктердi темiр жол, өзен, теңiз, әуе көлiгiмен тасымалдау; жолаушыларды және жүктердi автомобиль көлiгiмен халықаралық тасымалдау; қауiптi жүктердi барлық көлiк түрлерiмен тасымалдау; авиациялық жұмыстар;
      21) <*>
      22) авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөнiндегi қызметтер; әуежай қызметi, соның iшiнде:
      а) азаматтық әуе кемелерiн, жолаушыларды қабылдау, шығару және оларға қызмет көрсету, багажды, жүктi, почтаны өңдеу, оларды тексерiп қарау және бақылау;
      б) аэродром, әуежай, аэронавигация объектiлерiн ұстау, жөндеу және пайдалану;
      в) әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметi, бақыланатын аймақта бақылау-өткiзу режимiн қамтамасыз ету және өртке қарсы қызметтi қамтамасыз ету;
      г) азаматтық әуе кемелерінің ұшуын Жарық түсiру-техникалық қамтамасыз ету және әуежай, аэродром, аэронавигация объектілерін энергиямен жабдықтау;
      д) азаматтық әуе кемелерiн, әуежай объектiлерi мен қызметтерiн жанар-жағармай материалдарымен және арнаулы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;
      е) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларға және басқа тұтынушыларға арнаулы автокөлiк құралдарын беру;
      ж) әуежайлар мен азаматтық әуе кемелерiнде жолаушылар мен экипаждарды тағаммен қамтамасыз ету;
      з) жолаушыларға, экипаждарға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажеттi деректер жөнiнде ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету.
      23) <*>
      24) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын техникалық жағынан қорғау, соның iшiнде ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын, ақпаратты өңдеудiң қорғалған техникалық құралдарын әзiрлеу, дайындау, монтаждау, ретке келтiру, пайдалану, сақтау, жөндеу және оларға сервистiк күтiм жасау жөнiндегi қызметтiң барлық түрлерi;
      25) <*>
      26) жерге орналастыру, топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргiзу мен топография-геодезиялық және картографиялық өнiмдердi сату;
      27) <*>
      28) емдiк препараттар дайындау және сату (малдың, есiрткi және психотроптық заттары жоқ өсiмдiк пен шөптiң емдiк өнiмдерiн өсiру, жинау және сатудан басқасы);
      29) минералдық шикiзатты ұқсату;
      30) жобалау-iздестiру, сарапшылық, құрылыс-монтаж жұмыстары, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiру жөнiндегi жұмыстар.
      31) өлшем құралдарын тексеру, өндіру және жөндеу;
      32) этил спиртiн және алкоголь өнiмiн өндiру, этил спиртiн сақтау және сату, сондай-ақ алкоголь өнімін (сырадан басқа) сақтау, көтерме және бөлшек саудада сату;
      33) <*>
      35) <*>
      36) <*>
      34) жекелеген кеден режимдерi шеңберiнде, Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын қызмет, сондай-ақ кеден қызметтерiн көрсету.
      35) бағалы қағаздар бланкiлерiн жасау, сондай-ақ гербтi қағаздар, чек кiтапшаларының бланкiлерi және депозиттiк сертификаттар;
      36) шетел жұмыс күшiн тарту, сондай-ақ жұмыс күшiн Қазақстан Республикасынан шет елдерге шығаруға байланысты қызмет;
      37) заңды тұлғалардың түстi және қара металл қалдықтары мен сынықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, ұқсатуы және өткiзуi;
      38) сот-сараптама қызметi;
      39) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн бейнелейтiн Конституцияда айқындалған материалдық-бейнелеу заттарының өндiрiсi;
      40) <*>
      41) <*>
      42) археология және тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қалпына келтiру жұмыстары.
      43) есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымымен байланысты қызмет:
      әзiрлеу, өндiру, қайта өңдеу, тасымалдау, жөнелту, сатып алу, сақтау, бөлу, сату, пайдалану, жою;
      құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктер мен шөптердi өсiру, жинау, дайындау;
      44) электр энергиясын қайта сату мақсатында сатып алу;
      45) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жөнелту;
      46) туроператорлық, турагенттік, экскурсиялық қызмет, туризм нұсқаушысының қызметтер көрсетуі;
      47) темiр жолдың жылжымалы составын, қауiптi жүктердi тасымалдау үшiн қолданылатын арнайы контейнерлердi дайындау және жөндеу;
      48) жол қозғалысын реттеудiң техникалық құралдарын орнату, монтаждау, жөндеу және пайдалану;
      49) iздестiру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, атқыламаға қарсы жұмыстар;
      50) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша оларды өндiру, өңдеу, тасымалдау, сатып алу, сақтау, өткiзу, пайдалану, жою;
      51) банкроттық процедураларында төлем қабiлетi жоқ борышкерлердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi қызмет;
      52) теңіз кемелеріне, жолаушыларға және жүктерге қызмет көрсетуге байланысты теңіз порттарының қызметі;
      53) пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану жөніндегі қызмет;
      54) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерді дайындау. <*>
      2. Табиғи ресурстарды пайдалану мен айналадағы ортаны қорғау, сондай-ақ этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiру және оның айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау жөнiндегi қызметтi лицензиялаудың ерекшелiктерi арнайы заңдармен белгiленедi.
      Ескерту. 9-бап 2-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 Жарлығымен.
      Ескерту. 9-баптың 34-тармақшасы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.07.20. N 2375 жарлығымен.
      Ескерту. 9-баптың 37-тармақшасы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.07.20. N 2370 жарлығымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан
Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 жарлығымен.
      Ескерту. 9-баптың 1-тармағы 40-тармақшамен толықтырылды -
Қазақстан Республикасының 1996.06.10. N 5-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-баптың 1-тармағы 41-тармақшамен толықтырылды -
Қазақстан Республикасының 1997.01.21. N 68-I Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-баптың 1-тармақтың 6)-тармақшасы жаңа редакцияда берiлген және 42-тармақпен толықтырылған - Қазақстан Республикасының 1997.04.07. N 89 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-баптың 1-тармағының 32)-тармақшасы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.06.13. N 121-I Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-баптың 1-тармағының 35)-тармақшасы толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-баптың 1-тармағының 27),33)-тармақшалары алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1998.07.09. N 277 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 9-баптың 1-тармағы өзгертiлдi және 43)-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.09. N 280 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.12.09. N 307 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.12.30. N 343 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 430 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N 488 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгерді және 47-51-тармақшалармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.01.15. N 141 Заңымен.
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.13. N 212 Заңымен.
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.01.17. N 285 Заңымен.
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.07.10. N 342 Заңымен.
      Ескерту. 9-бап 12-1)-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.04.07. N 403 Заңымен.  (бұл өзгеріс 2003 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді)
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 410 Заңымен.

      10-бап. Азаматтарға және заңды тұлғаларға қызмет
              көрсетуге байланысты қызметтi лицензиялау

      Азаматтарға және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуге байланысты мынадай қызмет түрлерi лицензиялауға жатады:
      1) жалпы бастауыш, жалпы негiзгi немесе жалпы орта бiлiм; кәсiптiк бастауыш бiлiм, оның iшiнде кәсiптер бойынша; кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары, жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм, оның iшiнде мамандықтар бойынша бiлiм беретiн заңды тұлғалардың бiлiм беру қызметі, сондай-ақ мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдардың қызметi;
      2) медициналық, дәрiгерлiк және мал дәрiгерлiк қызметiмен айналысу;
      3) мемлекеттiк емес субъектiлердiң iз кесу (детективтiк) қызметiне байланысты заң қызметiн көрсетуi;
      4) адвокаттық қызмет;
      5) адвокаттық қызметпен байланысы жоқ ақылы заң қызметiн көрсету;
      6) нотариустардың қызметі;
      6-1) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру жөніндегі, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растау жөніндегі қызмет; <*>
      7) лотереялар (мемлекеттiк (ұлттық) лотереядан басқа), тотализаторлар, казинолар ұйымдастыру және оларды өткiзу;
      8) <*>
      9) <*>
      10) мүлiктi бағалау жөнiндегi қызмет;
      10-1) заңды және жеке тұлғалардың күзет қызметін жүзеге асыруы.
      10-2) бiлiм беру ұйымдары үшiн оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендер, электронды оқулықтар мен қосымша оқу әдебиетiн басып шығару жөнiндегi қызмет; 
      Ескерту. 10-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1995.12.23. N 2720 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-баптың атауы, бiрiншi бөлiгi сөздермен толықтырылды, 3)-тармақшадан сөздер алынып тасталды, 4), 5), 6)-тармақшалармен толықтырылды, 4),5)-тармақшалар тиiсiнше 7),8)-тармақшалар болып саналды, 8)-тармақша жаңа редакцияда берiлдi және 9), 10)-тармақшалармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.04.07. N 89-I Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-баптың 7-тармақшасы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.06.09. N 116-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.12.09. N 307 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2003.01.08. N 371 Заңымен.

      11-бап. Қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты
              қызметтi лицензиялау

      1. Қаржы қызметi мен қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметтiң мынадай түрлерi мiндеттi түрде лицензиялауға жатады;
      1) банк операцияларын, сондай-ақ банк заңдарына сәйкес банктер жүзеге асыратын өзге де операцияларды жүзеге асыру, клирингтiк және есеп айырысу ұйымдарының қызметi, банк қызметiне аудит.
      2) аудиторлық қызмет;
      3) "өмiрдi сақтандыру" саласындағы және "жалпы сақтандыру" саласындағы қызмет, қайта сақтандыру жөнiндегi қызмет, сақтандыру брокерлерiнiң қызметi, сақтандыру рыногындағы актуарийлiк қызмет, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын аудиторлық тексеру.
      4) бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет, бағалы қағаздармен сауда ұйымдастырушылардың және бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарының қызметi;
      5) зейнетақы жарналарын тарту жөнiндегi қызмет;
      6) зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызмет;
      7) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызмет;
      8) инвестициялық қордың қызметi.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы
Президентінің 1995.08.31. N 2447 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134-I Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгертiлдi және 8) тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 заңымен.
      Ескерту. 11-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.12.18. N 128 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.03.02. N 162 Заңымен.

      11-1-бап. Валюталық құндылықтарды пайдалануға
               байланысты операцияларды лицензиялау

      Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операциялардың мынадай түрлері лицензиялауға жатады:
      1) бөлшек сауда-саттықты жүзеге асыру және қолма-қол шетел валютасына қызмет көрсету;
      2) өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша тиісті құқығы бар шетелдік банктерде, өзге де қаржы институттарында резиденттердің:
      банктер;
      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін, рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингін алған елдердің шетелдік банктерінде резидент жеке тұлғалар, сондай-ақ жұмыс, оқу, емделу немесе демалу мақсатымен уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген адамдар ашатын шоттарды қоспағанда, шоттар (Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ашылған шоттарды қоса алғанда) ашуы;
      3) резиденттердің:
      банктердің дилерлік қызметін;
      Қазақстан Республикасының валюталық және банктік заңдарында белгіленген талаптарға сай келетін резидент еместердің бағалы қағаздарына инвестицияларды;
      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін елдердің және (немесе) Қазақстан Республикасы инвестицияларды өзара ынталандыру және қорғау туралы халықаралық шарттар жасасқан және оларды бекіткен елдердің заңды тұлғаларының жарғылық капиталына инвестицияларды, нәтижесінде инвестицияларды жүзеге асыратын резидентке инвестиция жұмсалатын объектінің дауыс беретін акцияларының елу және одан көп проценті (қатысушылар дауысының елу және одан көп проценті) тиесілі болатын инвестицияларды қоспағанда, шет елдерге инвестициялары;
      4) жылжымайтын заттарға теңестірілген мүлікті қоспағанда, мүліктік құқықтарды жылжымайтын мүлікке ауыстыруды көздейтін мәмілелер ақысын төлеу үшін резиденттердің резидент еместер пайдасына аударымдары;
      5) 180 күннен артық мерзімге тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) үшін, сондай-ақ тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) экспорты күнінен бастап резиденттердің тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) экспортының төлемақысы ретінде валюталық түсім алу мерзімін 180 күннен асырып жібергені үшін аванстық төлемді көздейтін импорттық мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін резиденттердің резидент еместердің пайдасына аударымдары;
      6) егер тауар экспортталған күн мен экспорттық түсімді алу арасындағы мерзім 365 күннен асып кетсе, резиденттердің резидент еместерден тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жекелеген тауарлар экспорты бойынша төлемдер алуы;
      7) резиденттердің (банктерден басқа) резидент еместерге 180 күннен астам мерзімге кредиттер беруі;
      8) резиденттің резидент еместен кредит ретінде алатын шетел валютасын, Қазақстан Республикасының валюта заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғалардың шоттарына есептеу;
      9) резиденттің резидент емеске валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқаруға беруі.
      Рейтингтік агенттіктердің тізбесін және талап етілетін ең төменгі рейтингті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
      Қазақстан Республикасының валюта заңдарында лицензиялауға жататын валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операциялардың ең төменгі сомасы белгіленуі мүмкін.
      ЕСКЕРТУ. 11-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      Ескерту. 11-1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 411 Заңымен.

III тарау. Тауарлар (жұмыс пен қызмет) экспорты
мен импортын лицензиялау

      12-бап. Жалпы ережелер

      1. Жекелеген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) экспорты мен импорты лицензиялар бойынша жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк қауiпсiздiк, құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету айналадағы ортаны, азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғау тұрғысынан алғанда лицензиялауға жататын тауарлардың (жұмыстың, қызметтiң) тiзбесiн, сондай-ақ экспорт-импорт операцияларын жасауға лицензиялар беру мен ресiмдеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. <*>
      3. Лицензия өтiнiш жасаушыға әрбiр жекелеген мәмiле бойынша экспорт немесе импорт операцияларын жүзеге асыру үшiн күнтiзбелiк бiр жыл кезеңге берiледi. Лицензияның иесi лицензия берген органдарға ескерте отырып, одан бас тартуға құқылы.
      4. Өтiнiш жасаушының дәлелдi тiлегi бойынша бiр жолғы лицензияның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
      5. Бiр жолғы лицензия оларда көрсетiлген мерзiмде тауарлардың (жұмыс, қызмет) экспорты мен импортына берiлген рұқсат болып табылады және өнiмдi кедендiк ресiмдеу үшiн негiз болады.
      6. Лицензия контрактыға енгiзiлген тауарлар атауларының санына қарамастан тауардың ( жұмыстың, қызметтiң) бәр түрiне берiледi.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 12-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

      13-бап. Тауарлар (жұмыс, қызмет) экспортын
              лицензиялау ерекшелiктерi

      1. Экспорт операциялары мынадай жағдайларда лицензияланады:
      1) экспортқа шығарылатын зат iшкi нарықта сатылуы (өткiзiлуi) лицензия негiзiнде жүзеге асырылатын тауарлар (жұмыс, қызмет) болса;
      2) сол тауарды (жұмысты, қызметтi) өндiру мен сату мемлекет монополиясы болса. Қызмет түрiн мемлекет монополиясына жатқызу Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен жүзеге асырылады.
      2. Тауарлар (жұмыс, қызмет) экспортын өзге негiздер бойынша, соның iшiнде iшкi тауар және азық-түлiк нарығын тұтынушылардың мүдделерiн қорғау және соған байланысты тапшы тауарларды шетелге шығаруды шектеу себептерi бойынша лицензиялау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi енгiзедi.
      3. Тауарды (жұмысты, қызметтi) бiр мемлекетке шығару үшiн берiлген лицензияларды сол тауарды (жұмысты, қызметтi) басқа мемлекетке шығару үшiн пайдалануға болмайды.
      4. Белгiленген тәртiптi бұзып берiлген лицензия жарамсыз деп саналады.
      ЕСКЕРТУ. 13-баптың 4-тармағының бірінші бөлігі алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

      14-бап. Тауарлар (жұмыс, қызмет) импортын лицензиялау

      Қазақстандық тауар өндiрушiлердiң iшкi нарықтағы мүддесiн қорғау мақсатымен тауарлар (жұмыс, қызмет) импортын лицензиялау тәртiбiн енгiзудi Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық қауіпсіздікті, құқық тәртібін және мемлекеттің жоғары лауазымды адамының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарды олардың құзыреті шегінде тауарлардың (жұмыстар мен қызмет көрсетулердің) импортын лицензиялау тәртібінен босатуға құқылы.
      ЕСКЕРТУ. 14-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

IV тарау. Лицензия берудiң шарттары мен тәртiбi

      15-бап. Лицензия беру шарттары

      Лицензияланатын қызметпен айналысу құқығына лицензия қызметтiң осы түрiне қойылатын талаптарға бiлiктiлiк деңгейi сай келетiн субъектiге берiледi.
      Лицензияланатын қызмет түрлерiне бiлiктiлiк талаптарын, сондай-ақ осы Заңға сәйкес лицензияланатын, санитариялық, экологиялық кен-техникалық қадағалау және мемэнергияқадағалау органдарының қорытындысын қажет ететiн қызмет түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Лицензия берген кезде қоғамның, айналадағы ортаның, азаматтардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн, сондай-ақ өндірілетін өнім, орындалатын жұмыс, көрсетілетін қызмет сапасының кепiлдiгiн қамтамасыз ететiн өндiрiс жағдайлары ескерiледi. Субъектінің (өтініш берушінің және (немесе) лицензиаттың) біліктілік деңгейіне сәйкестігі белгіленген тәртіппен тіркелген заңды, жеке тұлғалар жүргізетін тәуелсіз сараптамалық бағалау негізінде белгіленуі мүмкін.
      Банк қызметiн жүзеге асыруға және банк операцияларын жасауға арналған лицензияларды беру үшiн қажеттi шарттар банк заңдарымен белгiленедi.
      Лицензиялар берудің, олардың қолданылуын тоқтатудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүзеге асыру жөніндегі біліктілік талаптары валюталық заңдармен белгіленеді. <*>
      Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң түрлерi бойынша лицензиялар берудiң шарттары мен тәртiбi бағалы қағаздар рыногi туралы заңдармен белгiленедi.
      Азаматтық және қызметтік атыс қаруы мен оның патрондарын, жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын суық қаруды, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданатын бұйымдарды, сондай-ақ химиялық өзін-өзі қорғау құралдарын жасау, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу, коллекциялау, экспонаттау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беру үшін қажетті шарттар жекелеген қару түрлерінің айналымына бақылау жасау туралы заңдармен белгіленеді.
      Сақтандыру рыногының кәсiпқой қатысушыларына лицензиялар беру шарты мен тәртiбi сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарда белгiленедi.
      Зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыруға және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға лицензия берудің шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарымен белгіленеді. <*>     
      Лицензиясын жоғалтқан жағдайда лицензиаттың дубликат алуға құқығы бар. Лицензиаттың жазбаша өтініші бойынша лицензиар лицензияның дубликатын беруді он күн ішінде орындайды. Бұл орайда лицензиат жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым төлейді.
      Жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты өзгерген жағдайда ол бұл туралы көрсетiлген мәлiметтердi растайтын тиiстi құжаттарды қоса тiркей отырып, бiр ай мерзiм iшiнде лицензиарға жазбаша хабарлауға мiндеттi.
      Заңды тұлғаның атауы өзгерген (соның ішінде Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген), тұрған жері (егер ол лицензияда көрсетілген болса) өзгерген жағдайда, ол бір айдың ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса тіркей отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті. <*>
      Лицензиар лицензиат тиiстi жазбаша өтiнiшiн берген күннен бастап он күннiң iшiнде лицензияны қайта ресiмдейдi.
      Лицензияны қайта ресiмдеу және көрсетiлген құжатты беру кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде қызметтің жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым төленедi.
      Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға байланысты қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензия жұмыс берушi Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерден Республика аумағында жұмыс iстеу үшiн жалдайтын шетел азаматтарын тартуға арнап, Қазақстан Республикасының Үкiметi тұтастай және кәсiптiк топтар бойынша белгiлейтiн квота ескерiле отырып берiледi.
      Ескерту. 15-бап жаңа бөлiкпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.08.31. N 2447 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап 5 бөлiкпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап 6 бөлікпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.12.30. N 343 Заңымен.
      Ескерту. 15-бап 7-ші бөлікпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап 5,11,12,13-бөліктермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.12.18. N 128 Заңымен.
      Ескерту. 15-бап жаңа бөлiкпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.03.16. N 164 Заңымен.
      Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.
      Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.11.14. N 352 Заңымен.
      Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.03.13. N 394 Заңымен.
      Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 411 Заңымен.

      16-бап. Лицензия алу үшiн қажеттi құжаттар

      Лицензия алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
      1) нысанын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн белгiленген үлгiдегi арыз;
      2) лицензиаттың осы Заңның 15-бабының талаптарына сәйкес келетiндiгiн растайтын құжаттар;
      3) қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның бюджетке төленгенiн растайтын құжат (осы Заңның 18-бабы).
      Бұдан басқа заңды тұлғалар үшін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі табыс етілуі қажет.
      Заң актілерінде лицензияланатын қызметтің жекелеген түрлері жөніндегі құжаттар тізбесіне қосымша және арнаулы талаптар белгіленуі мүмкін.
      Лицензиат (субъект) құжаттарда берілген ақпараттың дұрыстығы, толықтығы және уақтылы берілуі үшін заңдарда белгіленген тәртіппен жауапты болады.
      ЕСКЕРТУ. 16-баптың 3-тармақшасы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.02. N 144-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 16-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 16-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      Ескерту. 16-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.

      17-бап. Лицензия (патент) беру туралы арызды
              қарау мерзiмi

      Егер заң актiлерiнде өзгеше мерзiм белгiленбесе, лицензиялар барлық қажеттi құжаттарымен қоса арыз берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмнен, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн - он күн мерзiмнен кешiктiрмей берiледi.
      ЕСКЕРТУ. 17-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 Заңымен.

      18-бап. Қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы
              үшiн төленетiн лицензиялық алым

      Қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның бюджетке төленетiн ставкалары, есептеу мен төлеу және төленген сомаларды қайтару тәртiбi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне  сәйкес белгiленедi.
      Қызметтiң тиiстi түрiмен айналысатын бүкiл кезеңге лицензия беру лицензия берген кезде лицензиялық алымды бiр жолғы төлеумен қоса жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.02. N 144-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап толықтырылды  - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      Ескерту. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.

      19-бап. Лицензия беруден бастарту

      1. Егер:
      1) субъектiлердiң осы санаты үшiн белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыруға заң актiлерiмен тыйым салынса;
      2) осы Заңның 16-бабына сәйкес немесе басқа заң актiлерiмен талап етiлетiн барлық құжаттар табыс етiлмесе. Арыз берушi көрсетiлген кедергiлердi жойған жағдайда арыз жалпы негiздер бойынша қаралады;
      3) қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн төленетiн лицензиялық алым төленбесе (осы Заңның 18-бабы);
      4) арыз берушi осы Заңның 15-бабына сәйкес белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай келмесе;
      5) арыз берушi жөнiнде оған қызметтiң осы түрiмен айналысуға тыйым салатын сот шешiмi болса, лицензия берiлмейдi.
      Банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензиялар беруден бас тарту үшiн өзге негiздер банк заңдарымен белгiленуi мүмкiн.
      Сақтандыру және қайта сақтандыру қызметi туралы заңдарда сақтандыру рыногының кәсiпқой қатысушыларына лицензия беруден бас тартудың өзге де негiздерi белгiленуi мүмкiн.
      Банк операцияларын және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты жасалатын операцияларды жүзеге асыруға лицензия беруден бас тартуға арналған өзге де негiздер банк және валюта заңдарымен белгiленуi мүмкін.
      2. Мына себептер бойынша:
      1) арыз берушiге лицензияланатын қызметтi жүзеге асыру құқығын берудiң жөнсiздiгi;
      2) өндiруге не сатуға лицензия талап етiлетiн тауарлардың (жұмыстың, қызметтiң) нарықта мол болуы;
      3) нарықта монополиялық жағдайдың қамтамасыз етiлуi;
      4) арыз берушiнiң жеке басына және iскерлiк беделiне күмәндану, соның iшiнде бұрын сотталғандығы, егер тыйым салу мен қайтарып алу заңда белгiленген тәртiпке сәйкес өзiнiң қолданылуын тоқтатқан (өтелген) деп есептелсе кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға бұрын тыйым салынғандығы, мұның алдындағы лицензиялардың қайтарып алынуы себептерiмен күмәндану бойынша лицензия беруден бастартуға тыйым салынады.
      3. Лицензия беруге мынадай талаптарды:
      1) мемлекет мұқтажына мiндеттi түрде өнiм сатып алу туралы;
      2) алынған лицензияға сәйкес өндiрiлген тауарларды (жұмысты, қызметтi) белгiлi бiр тұтынушыларға өткiзу не оларды республиканың белгiлi аймақтарына жеткiзу туралы, соның iшiнде белгiлi бiр әкiмшiлiк-аймақтық бөлiнiстен тыс жерге немесе экспортқа шығарудан бастарту туралы талапты;
      3) өндiрiлетiн тауарға (жұмысқа, қызметке) белгiлi бiр баға (тариф, нарық) белгiлеу туралы, соның iшiнде оларды белгiлi бiр тұтынушыларға алдын ала белгiленген бағамен сату туралы талаптарды шарт етiп қоюға тыйым салынады.
      4. Лицензия беруден бастартылған жағдайда арыз берушiге лицензия беру үшiн белгiленген мерзiмде жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтарылады.
      Ескерту. 19-баптың 1-тармағы толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.08.31. N 2447 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 19-баптың 1-тармағының 3-тармақшасы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.02. N 144-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.12.30. N 343 Заңымен.
      Ескерту. 19-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.12.18. N 128 Заңымен.
      Ескерту. 19-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.

      20-бап. Лицензия беруден бастартқаны үшiн шағым
              жасау

      1. Егер лицензия осы Заңда немесе басқа да заң актiлерiнде белгiленген мерзiмде берiлмесе немесе бастарту арыз берушiге дәлелсiз болып көрiнсе, ол бiр ай мерзiмде бұл әрекеттерге сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.
      2. Лицензия беруден негiзсiз бас тарту немесе белгiленген мерзiмде бермеу фактiсiн анықтағаннан кейiн сот лицензия органын сот шешiмi заңды күшiне енген сәттен бастап он күн мерзiмде лицензия беруге мiндеттейтiн шешiм шығарады.
      Ескерту. 20-бап екiншi тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 жарлығымен.   

      21-бап. Лицензия қолданудың тоқтатылуы

      1. Лицензияның қолданылуы, тек мынадай жағдайларда:
      1) лицензия берiлген мерзiм аяқталғанда;
      2) лицензия берiлген iс-әрекеттер жасалып, толық көлемiнде жүзеге асырылғанда;
      3) лицензия  қайтарып алынғанда;
      4) лицензиялар берудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес белгіленетін жағдайлардан басқа, азаматтық кәсіпкерлік қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлғаның бір түрінің заңды тұлғаның екінші бір түрі болып қайта құрылуын (ұйымдық-құқықтық нысаны өзгеруін) қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда;
      5) лицензияны лицензиарға ерікті түрде қайтарғанда тоқтатылады. <*>
      2. <*>
      3. Лицензияны қолданудың тоқтатылуына байланысты дауларды соттар шешедi.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 жарлығымен.
      ЕСКЕРТУ. 21-баптың 2-тармағы алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.
      Ескерту. 21-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.11.14. N 352 Заңымен.
      Ескерту. 21-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 411 Заңымен.

      22-бап. Лицензияны қайтарып алу және оның
              қолданылуын тоқтату

      1. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сот тәртiбiмен лицензияны мынадай жағдайларда:
      1) лицензиядағы талаптарды лицензиат орындамаса;
      2) лицензия алған қызмет түрiмен лицензиаттың айналысуына сот тыйым салса;
      3) лицензиар лицензияның қолданылуын кiдiртiп қойған себептер жойылмаса;
      4) лицензиат лицензия алу кезінде көрінеу жалған ақпарат берсе, қайтарып алуы мүмкін.
      2. Лицензия осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша сотқа беру жолымен қайтарылып алынуы мүмкiн.
      3. Лицензиар кiдiрте тұру себебiн көрсете отырып, лицензияның (патенттiң) қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсi лицензиясының қолданылуын тоқтата тұруды лицензиардың, бақылау және қадағалау мiндеттерiн жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өтiнiшi бойынша сот жүргiзедi.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсi лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы өтiнiштi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа жiбередi.
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда шағын кәсіпкерлік субъектiсi лицензиясының қолданылуын сот шешiмiнсiз тоқтата тұруға талап арызды 3 күннен аспайтын мерзiмде сотқа табыс ету мiндеттелiп, аталған мерзiмге рұқсат етiледi. Бұл орайда тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады.
      4. Лицензиат лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмге сотқа беру жолымен шағым жасауға құқылы. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың заңдылығы туралы сот шешімі болған жағдайда оны тоқтата тұру мерзімі лицензиар осындай шешім қабылдаған күннен бастап есептелсін.
      5. Лицензияның қолданылуын тоқтату себептерi жойылғаннан кейiн лицензия қайтадан қолданылады.
      6. Жекелеген қызмет түрлерiн реттейтiн заң актiлерiнде лицензияны қайтарып алу мен оның қолданылуын тоқтата тұрудың өзге негiздерi мен тәртiбi көзделуi мүмкiн.
      Ескерту. 1-шi тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.23. N 2720 жарлығымен.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.12.08. N 200 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 22-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 22-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N 488 Заңымен.

V-тарау. Лицензиялау туралы заңдарды
бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      23-бап. Шығындардың орнын толтыру

      Лицензия беруден орынсыз бас тартудан немесе лицензиаттың құқығын бұзудан туындайтын шығындардың орнын толтыру азаматтық заңдарда белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

      24-бап. Лицензиялауға жататын қызметтi лицензиялау
              туралы заңдарды бұзып жүзеге асырғаны үшiн
                жауапкершiлiк

      1. Тиiстi лицензиясыз не лицензиялау нормалары мен ережелерiн бұза отырып қызметпен айналысу заңдарда белгiленген әкiмшiлiк және қылмыстық жауапқа әкелiп соқтырады.
      2. Лицензиялық тәртiп белгiленген қызметтi лицензиясыз жүзеге асырудан алынған табысты мынадай жағдайларды қоспағанда, салық қызметі органдары тиiстi бюджетке алуға тиiс:
      1) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі осы Заңның 17-бабында көзделген мерзiмдер өтiп кеткен соң жүзеге асырылғанда;
      2) тиiстi лицензиясыз лотерея өткiзуден алынған табыстар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен алынуға және республикалық бюджетке есептелуге тиiс.
      3. Мемлекеттiк органдар (лицензиарлар) және олардың лауазымды адамдары лицензиялау туралы заңдарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген жауаптылықта болады.
      ЕСКЕРТУ. 24-баптың 2-тармағы жаңа азатжолмен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.06.09. N 116-1 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 24-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 283 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 24-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 24-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N 488 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 24-бап 3-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 79 Заңымен.

      25-бап. Есепке алу және бақылау

      Лицензияларды есепке алуды, сондай-ақ лицензиялық ережелердiң сақталуын бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
      Біліктілік талаптары мен белгіленген ережелердің сақталуын тексеруді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензиар жүргізеді.
      ЕСКЕРТУ. 25-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.08. N 471 Заңымен.

      26-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi