ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1994 жылғы 5 қазан N 176-XIII

Жаңартылған

       1-бап.  Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) жасырын тексеру - адамның жеке басын анықтамай, АҚТҚ жұқтыруын медициналық тексеру;
      2) АҚТҚ - адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы;
      3) АҚТҚ инфекциясы - АҚТҚ-дан туындаған ауру;
      4) АҚТҚ инфекциясын жұқтырушы - АҚТҚ жұқтырған адам;
      5) ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеудi жүзеге асыратын ұйымдар - негiзгi қызметi халыққа медициналық көмек пен медициналық қызмет көрсету болып табылатын медициналық ұйымдар;
      6) ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу жөнiндегi iс-шаралар ұйымдастыруды жүзеге асыратын органдар - өз құзыретiндегi мәселелер бойынша ЖҚТБ-ның алдын алу жөнiндегi мемлекеттiк, салалық және өңiрлiк бағдарламаларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары;
      7) ЖҚТБ - жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгiсi - адамның қорғаныш жүйесiнiң АҚТҚ-дан қатты зақымдануынан болған патологиялық белгiлер байқалатын АҚТҚ инфекциясының соңғы сатысы;
      8) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - денсаулық сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       2-бап. <*>

       Ескерту. 2-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         2-1-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң АҚТҚ
               инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен
               емдеу саласындағы құзыретi

       Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын айқындайды;
      2) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы бағдарламаларды бекiтедi;
      3) орталық атқарушы органдардың АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу мәселелерi бойынша қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады.
       Ескерту. 2-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       2-2-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

       Уәкiлеттi орган:
      1) ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметiне республикада ЖҚТБ iндетi таралуынан сақтандыру жөнiндегi ұсыныстар енгiзедi;
      3) ЖҚТБ ауруының алдын алу саласында нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) ЖҚТБ ауруының алдын алу мен емдеу бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiредi;
      5) салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды iске асыру бойынша қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара ic-қимылды жүзеге асырады;
      6) АҚТҚ инфекциясын тiркеу, ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу мәселелерi бойынша есепке алудың, есептiлiктiң тәртiбiн және құжаттама нысандарын айқындайды;
      7) ЖҚТБ-ға қарсы күрес саласындағы мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды iске асыру мониторингiн ұйымдастырады;
      8) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      9) AҚTҚ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалауды және алдын алу мен емдеу iс-шараларының мониторингiн жүзеге асырады;
      10) АҚТҚ-ның жұғуын құпия медициналық куәландыру тәртiбiн айқындайды.
       Ескерту. 2-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       2-3-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
               астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
               органдарының құзыретi

       1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
      1) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы өңiрлiк бағдарламаларды бекiтедi;
      2) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы жұмыстың жай-күйi туралы жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдардың ақпаратын тыңдайды.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi;
      2) ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      3) өңiрде ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеудi қамтамасыз ету жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
      4) өңiрлiк бағдарламаларды iске асыру мониторингiн ұйымдастырады;
      5) салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ өңiрлiк бағдарламаларды iске асыру бойынша қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
      6) мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдардың АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 2-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       3-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы
             күрес жөнiндегi орталықтар

      ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi республикалық, облыстық, қалалық орталықтар ЖҚТБ ауруын уақтылы анықтауға, емдеуге және оның таралуының алдын ала сақтандыруға бағытталған емдеу-анықтау, алдын алу, iндетке қарсы шаралар кешенiн орындайтын ерекше үлгiдегi мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемелерi болып табылады. 

       3-1-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес
              жөнiндегi республикалық орталықтың құзыретi

       ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi республикалық орталық:
      1) республикада АҚТҚ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалауды және алдын алу iс-шараларын жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлердi, есепке алу мен есептiлiк нысандарын әзiрлеуге қатысады;
      3) ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтардың қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
      4) бағдарламаларды iске асыру бойынша қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды ұйымдастырады;
      5) ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi өңiрлiк орталықтарға, республикалық медициналық ұйымдарға ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеудi ұйымдастыруға қатысты өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
      6) АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзедi;
      7) АҚТҚ инфекциясын зертханалық зерттеулердiң сапасын тексерудi жүзеге асырады;
      8) дәрiгерлердi, орта медицина қызметкерлерiн мамандандыру мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыруға қатысады;
      9) АҚТҚ инфекциясы мен ЖҚТБ-ға ұқсас инфекцияларды зертханалық зерттеулердi жүзеге асырады.
       Ескерту. 3-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       3-2-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес
              жөнiндегi өңiрлiк орталықтардың құзыретi

       ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi өңiрлiк орталықтар:
      1) халықтың түрлi топтары үшiн алдын алу жұмыстарын ұйымдастырады және жүргiзедi;
      2) АҚТҚ-ны жұқтырған адамдарға, ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға, халықтың түрлi топтарына медициналық, консультациялық көмек көрсетедi;
      3) мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдарға ЖҚТБ-ның алдын алу мәселелерi бойынша әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
      4) АҚТҚ инфекциясын диагноз қоюды, иммунологиялық, басқа да зертханалық зерттеу түрлерiн жүзеге асырады;
      5) ЖҚТБ iндетiнiң алдын алу жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеуге қатысады;
      6) өңiрлiк бағдарламаларды iске асыру мониторингiн жүргiзедi;
      7) өңiрде АҚТҚ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асырады;
      8) халық арасында ЖҚТБ-ның алдын алу жөнiндегi санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргiзудi жүзеге асырады.
      Ескерту. 3-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       4-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес
             жөнiндегi шараларды қаржыландыру

      ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты, сондай-ақ меншiк нысандарына қарамастан кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың ерiктi жарналары, қайырмалдық қаржылар, қайырымдылық көмектер, сондай-ақ халықаралық қорлар қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.   N 13   (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк
            азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың ЖҚТБ-ға
            медициналық куәландырудан өту құқығы

      Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ республика аумағында тұратын немесе жүрген шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырғандығын анықтау үшiн мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде ерiктi, оңаша, жасырын медициналық куәландырудан өтуге құқығы бар.

       6-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел
            азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың ЖҚТБ-ға
            медициналық тексеруден өту мiндеттiлiгi

      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар өздерi қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтыруы мүмкiн деген жеткiлiктi негiздер болған ретте медициналық куәландырудан өтуге мiндеттi. 
      Азаматтарды тексеру мен емдеуге жiберу негiздерi мен тәртiбi "Қазақстан Республикасында халық денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. 
      Қазақстан Республикасы аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен тиiспеушiлiктi пайдаланатын шет мемлекеттердiң дипломатиялық, өкiлдiк және консулдық мекемелерiнiң қызметкерлерi мен басқа да адамдары адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырғандығына куәландырудан тек өздерiнiң келiсiмдерiмен ғана өтедi. Оларды куәландырудан өткiзу қажеттiгi туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен алдын ала келiседi. 
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған адамдарға жұқтыру жәйтiн анықтаған денсаулық сақтау мекемесi бұл туралы жазбаша хабарлайды. Көрсетiлген адамдар жұқпалы аурудың таралып кетпеуiнен сақтандыру жөнiнде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi белгiлеген шараларды сақтауға мiндеттi. 
      Куәландырудан өтуден немесе алдын алу бақылауынан жалтарған, сондай-ақ адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған жағдайда республика аумағында тұратын шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге аластатылады. 
      Күйеуi немесе әйелi Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын шетелдiк азаматтар аластатылуға жатпайды. 

       7-бап. Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын
             жұқтырған адамдарды әлеуметтiк қорғау

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырып алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етiлуге, амбулаторияда және тұрақты көмек алуға әрi емдеу орнына барып, қайтуымен байланысты шығындарды тұрғылықты жерi бойынша денсаулық сақтау мекемелерi есебiнен өтеуге құқығы бар.
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған 16 жасқа дейiнгi балаларды күтуге байланысты ата-аналардың бiрi еңбек шартын бұзған жағдайда оның үзiлiссiз еңбек стажы сақталады. 
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған балалар мен жеткiншектердiң мектепте және басқа оқу орындарында оқуы қамтамасыз етiледi. 
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды жұмыстан шығаруға, жұмысқа, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiне және оқу орындарына қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ олардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге, сонымен қатар олардың туысқандары мен жақындарының тұрғын үй және өзге де құқықтарына қысым жасауға жол берiлмейдi. 
       ЕСКЕРТУ. 7-баптың екінші бөлігі алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N 477  Заңымен.

       8-бап. Жекелеген адамдар мен кәсiптер жөнiнде
             ЖҚТБ-ны жұқтырудың алдын алу шаралары

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған медицина және фармацевтика қызметкерлерi мен тұрмыстық қызмет көрсету саласының қызметкерлерi қызмет мiндеттерiн орындаудан босатуға әрi басқа жұмысқа ауыстырылуға жатады. 
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған адамдардың қан, ұлпа еттер және мүшелер берушi болуына тыйым салынады. 

       9-бап. Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын
             жұқтырғаны үшiн жауаптылық

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы өзiнде барын бiле тұра басқа адамды көрiнеу осы ауруды жұқтыру қатерiне қойған не жұқтырған адам қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауапты болады. 

       10-бап. Кәсiби мiндеттерiн үстiрт орындағаны
              үшiн адамдардың жауаптылығы

      Өзiнiң кәсiби мiндеттерiне үстiрт қараудан адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын басқа адамдардың жұқтыруына жол берген медицина қызметкерлерi мен тұрмыстық қызмет көрсету саласының қызметкерлерi заңдармен белгiленген жауаптылыққа тартылады. 

       11-бап. Дәрiгерлiк құпияны сақтау

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауырған адамдар туралы мәлiметтердi өздерiнiң қызмет мiндеттерiн орындаумен байланысты бiлетiн медицина қызметкерлерi мен басқа да адамдар заңмен қорғалатын осы мәлiметтердi құпия сақтауға мiндеттi.

       12-бап. ЖҚТБ-мен кәсiби ауыру туралы

      Медицина және фармацевтика қызметкерлерi, сондай-ақ медицина, ғылыми-зерттеу институттарының және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерiнiң қызмет және кәсiби мiндеттерiн атқару үстiнде адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтыруы кәсiби ауруларға жатады.

       13-бап. Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын кәсiби
              жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауырған жағдайда
              медициналық және басқа қызметкерлердi
              сақтандыру

      Қызмет мiндеттерiн атқару ЖҚТБ-мен кәсiби ауруға шалықтыруы мүмкiн медициналық және басқа да қызметкерлер мiндеттi мемлекеттiк сақтандыруға жатады. ЖҚТБ-ны жұқтырған, онымен ауырған, содан мүгедек және қайтыс болған жағдайда оларға "Еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бiр жолғы жәрдемақы төленедi. 
      Медицина қызметкерлерi мен тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерiнiң өз мiндеттерiн тиiсiнше атқармауы салдарынан адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдардың да аталған жәрдемақыны алуға құқығы бар. 

       14-бап. ЖҚТБ ауруының алдын алу және емдеумен
             айналысатын медицина қызметкерлерiнiң
              жеңiлдiктерi

      ЖҚТБ-ның алдын алу, емдеу-анықтау және ғылыми-зерттеу жұмысымен тiкелей айналысатын ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтар, басқа да денсаулық сақтау мекемелерi мен ведомстволары, медицина және ғылыми-зерттеу институттары медицина қызметкерлерiнiң, қызметшiлерi мен техник қызметкерлерiнiң қысқартылған 6 сағаттық жұмыс күнiне, ұзақтығы 24 жұмыс күн төленетiн қосымша демалысқа, кәсiби зияндылық үшiн белгiленген жалақының 60 процентi мөлшерiнде қосымша еңбекақы алуға құқығы бар.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi