ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1994 жылғы 5 қазан N 176-XIII

Қолданыстағы

      1-бап. ЖҚТБ ұғымы

      ЖҚТБ (СПИД) - жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгiсi, адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтыруымен байланысты аса қауiптi жұқпалы ауру.

      2-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеудi жүзеге
            асырушы органдар, мекемелер мен ұйымдар

      Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық бiрлестiктердiң қолдауымен ЖҚТБ ауруының алдын алу мен емдеудi жүзеге асырушы органдарға, мекемелер мен ұйымдарға: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, денсаулық сақтау бөлiмдерi мен басқармалары (департаменттерi), ЖҚТБ ауруының алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтар, қан құю стансалары, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, басқа да министрлiктер мен ведомстволар жатады.
      Мемлекет осы Заңды iске асыру жөнiндегi қажеттi шаралар кешенiн жүзеге асыру мен азаматтарды құқықтық қорғауды өз мiндетiне алады.
      Осы Заңды бұзуға кiнәлi адамдар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауапты болады.

      3-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы
             күрес жөнiндегi орталықтар

      ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi республикалық, облыстық, қалалық орталықтар ЖҚТБ ауруын уақтылы анықтауға, емдеуге және оның таралуының алдын ала сақтандыруға бағытталған емдеу-анықтау, алдын алу, iндетке қарсы шаралар кешенiн орындайтын ерекше үлгiдегi мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемелерi болып табылады.

      4-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес
             жөнiндегi шараларды қаржыландыру

      ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi шараларды қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджеттер, меншiк нысандарына қарамастан кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың ерiктi жарналары, қайырмалдық қаржылар, қайырымдылық көмектер, сондай-ақ халықаралық қорлар қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.

      5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк
            азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың ЖҚТБ-ға
            медициналық куәландырудан өту құқығы

      Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ республика аумағында тұратын немесе жүрген шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырғандығын анықтау үшiн мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде ерiктi, оңаша, жасырын медициналық куәландырудан өтуге құқығы бар.

      6-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел
            азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың ЖҚТБ-ға
            медициналық тексеруден өту мiндеттiлiгi

      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар өздерi қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтыруы мүмкiн деген жеткiлiктi негiздер болған ретте медициналық куәландырудан өтуге мiндеттi.
      Азаматтарды тексеру мен емдеуге жiберу негiздерi мен тәртiбi "Қазақстан Республикасында халық денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi.
      Қазақстан Республикасы аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен тиiспеушiлiктi пайдаланатын шет мемлекеттердiң дипломатиялық, өкiлдiк және консулдық мекемелерiнiң қызметкерлерi мен басқа да адамдары адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырғандығына куәландырудан тек өздерiнiң келiсiмдерiмен ғана өтедi. Оларды куәландырудан өткiзу қажеттiгi туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен алдын ала келiседi.
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған адамдарға жұқтыру жәйтiн анықтаған денсаулық сақтау мекемесi бұл туралы жазбаша хабарлайды. Көрсетiлген адамдар жұқпалы аурудың таралып кетпеуiнен сақтандыру жөнiнде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi белгiлеген шараларды сақтауға мiндеттi.
      Куәландырудан өтуден немесе алдын алу бақылауынан жалтарған, сондай-ақ адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған жағдайда республика аумағында тұратын шетелдiк азаматтар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге аластатылады.
      Күйеуi немесе әйелi Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын шетелдiк азаматтар аластатылуға жатпайды.

      7-бап. Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын
             жұқтырған адамдарды әлеуметтiк қорғау

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырып алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етiлуге, амбулаторияда және тұрақты көмек алуға әрi емдеу орнына барып, қайтуымен байланысты шығындарды тұрғылықты жерi бойынша денсаулық сақтау мекемелерi есебiнен өтеуге құқығы бар.
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған 16 жасқа дейiнгi балаларды күтуге байланысты ата-аналардың бiрi еңбек шартын бұзған жағдайда оның үзiлiссiз еңбек стажы сақталады.
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған балалар мен жеткiншектердiң мектепте және басқа оқу орындарында оқуы қамтамасыз етiледi.
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды жұмыстан шығаруға, жұмысқа, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiне және оқу орындарына қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ олардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге, сонымен қатар олардың туысқандары мен жақындарының тұрғын үй және өзге де құқықтарына қысым жасауға жол берiлмейдi.
      ЕСКЕРТУ. 7-баптың екінші бөлігі алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N 477 Заңымен.

      8-бап. Жекелеген адамдар мен кәсiптер жөнiнде
             ЖҚТБ-ны жұқтырудың алдын алу шаралары

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған медицина және фармацевтика қызметкерлерi мен тұрмыстық қызмет көрсету саласының қызметкерлерi қызмет мiндеттерiн орындаудан босатуға әрi басқа жұмысқа ауыстырылуға жатады.
      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған адамдардың қан, ұлпа еттер және мүшелер берушi болуына тыйым салынады.

      9-бап. Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын
             жұқтырғаны үшiн жауаптылық

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы өзiнде барын бiле тұра басқа адамды көрiнеу осы ауруды жұқтыру қатерiне қойған не жұқтырған адам қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауапты болады.

      10-бап. Кәсiби мiндеттерiн үстiрт орындағаны
              үшiн адамдардың жауаптылығы

      Өзiнiң кәсiби мiндеттерiне үстiрт қараудан адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын басқа адамдардың жұқтыруына жол берген медицина қызметкерлерi мен тұрмыстық қызмет көрсету саласының қызметкерлерi заңдармен белгiленген жауаптылыққа тартылады.

      11-бап. Дәрiгерлiк құпияны сақтау

      Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауырған адамдар туралы мәлiметтердi өздерiнiң қызмет мiндеттерiн орындаумен байланысты бiлетiн медицина қызметкерлерi мен басқа да адамдар заңмен қорғалатын осы мәлiметтердi құпия сақтауға мiндеттi.

      12-бап. ЖҚТБ-мен кәсiби ауыру туралы

      Медицина және фармацевтика қызметкерлерi, сондай-ақ медицина, ғылыми-зерттеу институттарының және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерiнiң қызмет және кәсiби мiндеттерiн атқару үстiнде адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтыруы кәсiби ауруларға жатады.

      13-бап. Адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын кәсiби
              жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауырған жағдайда
              медициналық және басқа қызметкерлердi
              сақтандыру

      Қызмет мiндеттерiн атқару ЖҚТБ-мен кәсiби ауруға шалықтыруы мүмкiн медициналық және басқа да қызметкерлер мiндеттi мемлекеттiк сақтандыруға жатады. ЖҚТБ-ны жұқтырған, онымен ауырған, содан мүгедек және қайтыс болған жағдайда оларға "Еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бiр жолғы жәрдемақы төленедi.
      Медицина қызметкерлерi мен тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерiнiң өз мiндеттерiн тиiсiнше атқармауы салдарынан адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдардың да аталған жәрдемақыны алуға құқығы бар.

      14-бап. ЖҚТБ ауруының алдын алу және емдеумен
             айналысатын медицина қызметкерлерiнiң
              жеңiлдiктерi

      ЖҚТБ-ның алдын алу, емдеу-анықтау және ғылыми-зерттеу жұмысымен тiкелей айналысатын ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтар, басқа да денсаулық сақтау мекемелерi мен ведомстволары, медицина және ғылыми-зерттеу институттары медицина қызметкерлерiнiң, қызметшiлерi мен техник қызметкерлерiнiң қысқартылған 6 сағаттық жұмыс күнiне, ұзақтығы 24 жұмыс күн төленетiн қосымша демалысқа, кәсiби зияндылық үшiн белгiленген жалақының 60 процентi мөлшерiнде қосымша еңбекақы алуға құқығы бар.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi