Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1992 жылғы 15 қаңтар

Қолданыстағы

I тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Заңның мiндеттерi

      Осы Заң Республика Конституциясында, сондай-ақ адам хұқықтары туралы халықаралық актiлер мен келiсiмдерде баянды етiлген азаматтардың дiни сенiм бостандығы жөнiндегi хұқықтарын iске асыруға кепiлдiк бередi.
      Дiн ұстану және нанымды уағыздау бостандығының жүзеге асырылуы қоғамдық тәртiптi және басқа азаматтардың өмiр сүру, денсаулық хауiпсiздiгiн, имандылығын немесе хұқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ғана заңмен шектелуi мүмкін.

      2-бап. Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер
             туралы заңдар

      Қазақстан Республикасының дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдары осы Заңнан және соған сәйкес қабылданған өзге де заң актiлерiнен тұрады. Жергiлiктi өкiмет пен басқару органдарының, ведомстволардың осы Заңға қайшы келетiн нормативтiк актiлердi шығаруына жол берiлмейдi.

      3-бап. Дiни сенiм бостандығы хұқығы

      Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқалармен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға хұқылы, дiнге деген, құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi.
      Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында заң алдында бiрдей жауапты. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың хұқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу немесе қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, немесе соған байланысты өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, не азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
      3аңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ.
      Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi.

      4-бап. Мемлекет және дiни бiрлестiктер

      Дiни бiрлестiктер мемлекеттен бөлiнген. Барлық дiндер мен діни бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Ешбiр дiн немесе дiни бiрлестіктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды. Дiни бiрлестiктер қандай да болсын мемлекеттiк қызметтер атқармайды, мемлекет те дiни бiрлестiктердiң қызметiне, егер ол заңға қайшы келмесе, араласпайды. Мемлекет дiни бірлестiктердi қаржыландырмайды.
      Дiни бiрлестiктер мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының сайлауына қатыспайды. Дiни сипаттағы партияларды және өзге де саяси құрылымдарды құруға, сондай-ақ дiни бiрлестiктердің саяси партиялар қызметiне қатысуына немесе оларға қаржы жағынан қолдау жасауына жол берiлмейдi. Дiни бiрлестiктердiң қызметшiлерi саяси өмiрге барлық азаматтармен бiрдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
      Діни бiрлестiктер заң талаптарын және хұқық тәртiбiн сақтауға мiндеттi. Мемлекет дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлi дiни бiрлестiктер арасында өзара төзiмдiлiк пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдеседi.

      5-бап. Мектептi дiни бiрлестiктерден бөлу және
             мемлекеттiк бiлiм берудiң рухани сипаты

      Республикада бiлiм беру мен тәрбиелеудiң мемлекеттiк жүйесі діни бiрлестiктерден бөлiнген және рухани сипатта болады.
      Ата-аналар немесе олардың орнындағы адамдар балаларын өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуге қақылы, бiрақ балаларды дінге баулуға мәжбүрлеу шараларына жол берiлмейдi. Дiни пәндерді оқыту ерiктi негiзде мемлекеттiк емес оқу және, тәрбие орындарында жүргiзiлуi мүмкiн.
      Дінтану пәндерi мемлекеттiк оқу орындарының бағдарламаларына енгiзiлуi мүмкiн.
      Күндiзгi жоғары және орта дiни оқу орындарында оқып жүрген азаматтар әскери қызметiн өтеудi кейiнге қалдыру, мемлекеттiк оқу орындарының оқушылары үшiн белгiленген тәртіппен оқу уақытын еңбек стажына енгiзу жөнiндегi хұқықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланады.
      Ескерту. 5-бап өзгерді - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2488  жарлығымен.

      6-бап. Қазақстан Республикасының дiни бiрлестiктерiмен
             байланыс жөнiндегi мемлекеттiк органдар

      Дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi мемлекеттiк органды Қазақстан Республикасының Президентi құрады. Оған мынадай мiндеттер жүктеледi:
      республикадағы дiни жағдайдың жай-күйi және дiни сенiм бостандығы туралы заңдардың сақталуы жайында Қазақстан Республикасының жоғары өкiметi мен басқару органдарын хабардар ету;
      басқа мемлекеттердiң тиiстi мекемелерiмен қарым-қатынастар, үйлестiру байланыстарын орнату мен сақтау;
      республикада тiркелген дiни бiрлестiктер туралы деректер банкiн құрып, толықтыру;
      дiни ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң, дiнтанушылардың, заңгерлердiң және адамның ар-ождан бостандығы мен хұқықтары саласындағы басқа да мамандардың қатысуымен дiнтану сараптамалары жүргiзiлуiн қамтамасыз ету;
      ел iшiндегi және шет елдердегi дiни сенiмдерi әр түрлi дiни бiрлестiктер арасындағы өзара түсiнiстiк пен төзiмдiлiктi нығайту және дiни бiрлестiктердiң өтiнiшi бойынша оларға заңдарға сәйкес қажеттi көмек көрсету.
      Облыстардың және Алматы мен Ленинск қалаларының өкiмшi және атқарушы органдары дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi жергiлiктi органдарды құруға хұқылы, олар өз қызметтерiн осы Заңға, Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырады.

II тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДIНИ
БIРЛЕСТIКТЕР

      7-бап. Дiни бiрлестiктер

      Жергiлiктi дiни бiрлестiктер (қауымдастықтар), дiни басқармалар (орталықтар) және олардың құрылымдық бөлiмшелерi, сондай-ақ дiни оқу орындары мен ғибадатханалар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер деп танылады.
      Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi дiни бiрлестiктер (қауымдастықтар) дiни мүдделер мен қажеттердi бiрлесiп қанағаттандыру мақсатында құрылған азаматтардың ерiктi құрамалары болып табылады.
      Дiни басқармалар (орталықтар) өздерiнiң жарғыларына (ережелерiне) сәйкес өз жарғылары (ережелерi) негiзiнде әрекет ететiн дiни оқу орындарын, ғибадатханалар мен өзге де дiни бiрлестiктердi құруға хұқылы.
      Республика шегiнен тысқары басшы орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер, егер бұл орайда Қазақстан Республикасының заңдары бұзылмайтын болса және олардың жарғыларын (ережелерiн) Қазақстан Республикасының Юстиция министрлiгi тiркесе, олардың жарғыларын (ережелерiн) басшылыққа ала алады.
      Қазақстан Республикасының дiни ұйымдармен, олардың орталықтарымен және басқармаларымен, соның iшiнде республика территориясынан тысқары тұрған әрi заңмен реттелмеген орталықтармен және басқармалармен қатынастары олар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары арасындағы уағдаластықтарға сәйкес шешiледi.
      Ескерту. 7-бап өзгерді - ҚР Президентінің  1995.10.05 N 2489 жарлығымен.

      8-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы (ережесi)

      Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының (ереженiң) негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:
      - дiни бiрлестiктiң атауы, орналасқан жерi және шегiнде
ол өз қызметiн жүргiзетiн аумақ;
      - ұстанатын дiнi, қызметiнiң мәнi мен мақсаты;
      - дiни бiрлестiктiң құрылымы, қалыптасу тәртiбi, оның
басқару органдарының құзыры мен өкiлеттiгiнiң мерзiмi;
      - дiни бiрлестiктiң құқықтары мен мiндеттерi;
      - дiни бiрлестiк мүлкінiң құралу тәртiбi;
      - дiни бiрлестiк жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзудiң тәртiбi;
      - дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбi болуға тиiс.
      Дiни бiрлестiктiң жарғысында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетiн ережелер болмауға тиiс.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2489 жарлығымен.

      9-бап. Дiни бiрлестiктердi тiркеу

      Дiни бiрлестiктi кемiнде кәмелетке толған 10 азаматтың бастамашылығымен құрылады. Бұл үшiн олар жиналыс шақырады, онда жарғы (ереже) қабылдайды.
      Дiни бiрлестiк мемлекеттiк тiркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлғаның құқықтық қабiлетiне ие болады.
      Республиканың екi немесе одан да көп облыстарының аумағында қимыл жасайтын дiни басқармаларды (орталықтарды), бiрлестiктердi, сондай-ақ олар құратын дiни оқу орындарын, монастырьларды және басқа да бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының әдiлет министрлiгi, ал жергiлiктi дiни бiрлестiктердi тiркеудi аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк және есептiк тiркеу, қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту қолданылып жүрген заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк тiркеу мерзiмi дiнтану және өзге сараптама жүргiзу, сондай-ақ дiни бiрлестiк берген құжаттар бойынша маманның қорытындысын алу қажет болғанда тоқтатыла тұрады.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің  1995.10.05 N 2489 жарлығымен.

      10-бап.<*>
      Ескерту. 10-бап алап тасталды - ҚР Президентінің  1995.10.05 N 2489 жарлығымен.

      11-бап. Дiни бiрлестiктi тарату

      Дiни бiрлестiк азаматтық заңдарда көзделген тәртiп пен негiздерде таратылады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің  1995.10.05 N 2489 жарлығымен.

III тарау. ДIНИ БIРЛЕСТIКТЕР МЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ДIНИ
СЕНIМ БОСТАНДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ХҰҚЫҚТАРЫ

      12-бап. Дiни жоралар мен рәсiмдер

      Дiни бiрлестiктер құдайға құлшылық етуге немесе дiни жиналыстар өткiзуге жұрт емiн-еркiн келе алатын орындар, сондай-ақ қайсыбiр дiндi ұстанушылар құрметтейтiн орындар (қажылық және басқа орындар) ашып, оларды ұстауға хұқылы.
      Құдайға құлшылық ету, дiни жоралар мен рәсiмдер соларға бөлiнген территориядағы ғибадат үйлерiнде, қажылық орындарында, дiни бiрлестiктер мекемелерiнде, зираттар мен крематорийлерде, сондай-ақ азаматтардың пәтерлерi мен үйлерiнде бөгетсiз жүргiзiледi.
      Азаматтардың дiни жоралар мен рәсiмдер жасауға және әскери бөлiмдерде, ауруханаларда, қартайғандар мен мүгедектер үйлерiнде, алдын-ала қамау және жазаны өтеу орындарында оларға қатысуға қақысы бар. Әскери бөлiмдер командованиесi және аталған мекемелер әкiмшiлiгi азаматтардың дiни сенiм бостандығы хұқысын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге және дiни қызметшiлердi шақыруға, құдайға құлшылық ету, дiни жоралар мен рәсiмдер өткiзу уақытын, орнын және басқа да жағдайларды айқындауға жәрдем көрсетуге тиiс.
      Басқа жағдайларда жұрт алдында құдайға құлшылық ету, діни жоралар мен рәсiмдер өткiзу жиналыстар, митингiлер, демонстрациялар мен шерулер өткiзу үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      13-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар

      Дiни бiрлестiктер мен азаматтар өздерi қалаған дiни әдебиетті, сондай-ақ дiни мақсаттағы басқа да заттар мен материалдарды сатып алып, пайдалануға хұқылы.
      Дiни бiрлестiктердiң дiни мақсаттағы заттарды, құдайға құлшылық ету әдебиетiн және дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды басып шығаруға, өндiруге, шетелге шығаруға, шетелден әкелуге және таратуға қақысы бар.
      Дiни бiрлестiктер құдайға құлшылық ету әдебиетiн шығару және дiни мақсаттағы заттар өндiру жөнiндегi кәсiпорындар құруда айрықша хұқықты пайдаланады.
      Басқа мекемелер мен ұйымдар мұндай қызметтi тиiстi дiни бірлестiктердiң, басқармалар мен орталықтардың келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады.
      Дiни сипаттағы мерзiмдi басылымдарды және құдайға құлшылық ету мақсаты көзделмейтiн өзге де дiни әдебиеттi шығару баспасөз туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Дiни бiрлестiктер бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамдық бірлестiктермен бiрдей пайдалануға хұқылы.

      14-бап. Қайырымдылық және мәдени-ағарту қызметi

      Дiни бiрлестiктердiң жанынан қайырымдылық жасау, дiни әдебиеттi және өзге де мәдени-ағартушылық қызметтi зерделеп, тарату үшiн азаматтар қоғамдары, бауырластықтары, басқа да бiрлестiктерi құрылуы мүмкiн. Олар өз жарғыларына (ережелерiне) ие бола алады.
      Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде ассоциацияларға (одақтарға) бiрiге алады.
      Дiни бiрлестiктер қоғамдық қорлар арқылы да, сондай-ақ дербес те қайырымдылық қызметiн жүзеге асыруға және рақымшылық жасауға, сондай-ақ қайырымдылық үйлерiн (баспаналар, интернаттар, ауруханалар және басқаларын) ашуға хұқылы.
      Ескерту. 14-баптың 3-бөлігі алып тасталды - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2488 жарлығымен.
      Ескерту. 14-бап өзгерді - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2489 жарлығымен.

      15-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң
              халықаралық байланыстары мен қатынастары

      Азаматтар мен дiни бiрлестiктер топтық немесе жекеше негiзде халықаралық байланыстар мен жеке қатынастар орнатуға, оны сақтауға, соның iшiнде қажылық, жиналыстар мен басқа да дiни шараларға қатысу үшiн шетелге шығып тұруға хұқылы.
      Дiни бiрлестiктер дiни оқу орындарында оқу үшiн шетелге азаматтар жiберiп, осы мақсатта шетел азаматтарын қабылдай алады.

IV тарау. ДIНИ БIРЛЕСТIКТЕРДIҢ МҮЛIК, ЕҢБЕК ЖӘНЕ
ҚАРЖЫ ЖӨНIНДЕГI ХҰҚЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ

      16-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi

      Yйлер, мiнәжат заттары, өндiрiстiк, әлеуметтiк және қайырымдылық мақсаттағы объектiлер, ақша және олардың қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi басқа да мүлiк дiни бiрлестiктердiң меншiгi болып табылады.
      Дiни бiрлестiктердiң өз қаржысына сатып алған немесе жасаған, азаматтардың, ұйымдардың қайыр-садақаға берген немесе мемлекет берген және заңға қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiктi меншiктенуге қақысы бар.
      Дiни бiрлестiктер меншiгiнде сондай-ақ шетелдердегi мүлiк те болуы мүмкiн.
      Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқадай қайыр-садақа сұрауға және оларды алуға хұқылы.     
      Дiни бiрлестiктердiң меншiк хұқысы заңмен қорғалады.
      Ескерту. 16-баптың 5-бөлігі алып тасталды - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2488 жарлығымен.
      Ескерту. 16-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11 N 154 Заңымен.

      17-бап. Мемлекеттiң, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың
              меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану

      Дiни бiрлестiктер өздерiне мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар шарттық негiзде берген үйлердi, территорияны және мүлiктi пайдаланады.
      Халық депутаттарының жергiлiктi Кеңестерi мен мемлекеттiк органдар ғибадат үйлерi мен мемлекет меншiгiндегi өзге де мүлiктi дiни бiрлестiктердiң меншiгiне немесе тегiн пайдалануға беруге хұқылы. Дiни бiрлестiктердiң өздерiне айналасындағы территориясымен қоса ғибадат үйлерi берiлуiне артықшылық қақысы бар.
      Тарих және мәдениет ескерткiштерi болып табылатын объектiлер мен заттарды дiни бiрлестiктерге беру және олардың мұны пайдалануы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. Дiни бiрлестiктердiң аталған объектiлердi ұстау тәртiбi тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiледi. Мемлекет тарихи-мәдени құндылығы бар ғибадат үйлерiн қалпына келтiруге материалдық көмек көрсете алады.
      Дiни бiрлестiктер жер иемдену мен пайдалануды заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

      18-бап. Дiни бiрлестiктердiң өндiрiстiк және
              шаруашылық қызметi

      Дiни бiрлестiктер заңдарға және өз жарғыларына (ережелерiне) сәйкес заңды ұйым хұқығы бар баспагерлiк, полиграфиялық, өндiрiстiк, қалпына келтiру-құрылыс, ауыл шаруашылық және басқа да кәсiпорындарды құруға хұқылы.
      Ескерту. 18-баптың 2-бөлігі алып тасталды - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2488 жарлығымен.

      19-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне
               иелiк ету

      Дiни бiрлестiк таратылған ретте оның меншiгiнде болған мүлiкке иелiк ету оның жарғысына (ережесiне) және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Діни бірлестік қызметі тоқтатылған жағдайда оның меншігінде болған мүлікке иелік ету оның жарғысына (ережесіне) және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Діни бірлестіктерге тиесілі мінәжаттық мақсаттағы мүлікке кредит берушілердің талаптары бойынша өтем салынбайды.
      Хұқықтық мұрагерлер жоқ болған жағдайда мүлік мемлекет меншігіне көшеді.
      Ескерту. 19-бап өзгерді - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2489 заң күші бар жарлығымен.

      20-бап. Дiни бiрлестiктердегi, олардың кәсiпорындары
              мен мекемелерiндегi азаматтардың еңбек
              жөнiндегi хұқықтық қатынастары

      Дiни бiрлестiктер, олар құрған кәсiпорындар мен мекемелер жазбаша еңбек шартын мiндеттi түрде жасаса отырып, азаматтарды жұмысшы немесе қызметшi ретiнде жұмысқа қабылдауға хұқылы. Еңбекке ақы төлеу шарттары, тәртiбi және мөлшерi дiни бiрлестiк пен азамат арасындағы келiсiм бойынша белгiленедi және жасалған еңбек шартында көрсетiледi.
      Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн азаматтарға еңбек туралы заңдар, салық салу тәртiбi мемлекеттiк және қоғамдық кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жұмысшылары мен қызметшiлерiне тең дәрежеде қолданылады.
      Ескерту. 20-баптың 3-бөлігі алып тасталды - ҚР Президентінің 1995.10.05 N 2488 жарлығымен.

      21-бап. Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары
             мен мекемелерiнде жұмыс істейтiн азаматтарды
             әлеуметтiк қамсыздандыру және әлеуметтiк
             сақтандыру

      Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде жұмыс iстейтiн азаматтар, бұған қоса дiни қызметшiлер мемлекеттiк және қоғамдық кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жұмысшыларымен және қызметшiлерiмен тең дәрежеде әлеуметтiк қамсыздандырылуға және әлеуметтiк сақтандырылуға жатады.
      Осы мақсатта дiни бiрлестiктер, олардың кәсiпорындары мен мекемелерi мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру мен қамсыздандыру қорларына қоғамдық бiрлестiктер кәсiпорындары үшiн белгiленген тәртiп пен мөлшерде қаржы аударып отырады.
      Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде жұмыс iстейтiн барлық азаматтарға заңдарға сәйкес жалпы негiзде мемлекеттiк зейнетақылар тағайындалып, төленедi. Бұл орайда дiни бiрлестiктердегi, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiндегi жұмыс әлеуметтiк сақтандыруды белгiлеу және сақтық жарналарын iс жүзiнде төлеу басталғанға дейiн сақтық жарналарының төленген-төленбегенiне қарамастан зейнетақы тағайындау үшiн жұмыс стажына есептеледi.

V тарау. ДIНИ СЕНIМ БОСТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ДIНИ БIРЛЕСТIКТЕР
ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ОНЫ
БҰЗҒАНДЫҚ ҮШIН ЖАУАПКЕРШIЛIК

      22-бап. Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер
              туралы заңдардың сақталуын бақылау

      Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының өкiмшi және атқарушы өкiмет органдары мен хұқық қорғау органдары заңдарда белгiленген өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.

      23-бап. Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер
              туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк

      Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

      24-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi