Өзін-өзі реттеу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 12 қарашадағы № 390-V ҚРЗ.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 31-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерінің өзін-өзі реттеумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылу және жұмыс істеу, оларға мүше болу (қатысу) шарттарын және олардың құқықтық жағдайын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жеке мүдделілік – өзін-өзі реттейтін ұйымның және (немесе) оның мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының), өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрамына кіретін адамның, еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғаның материалдық және (немесе) өзге де мүдделілігі;

      2) кәсіптік қызмет – арнайы даярлық, сондай-ақ жұмыс тәжірибесі нәтижесінде алған арнайы теориялық білімді, практикалық икемдер мен дағдыларды иеленуді талап ететін жеке тұлға қызметі;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйым – қызметтің, саланың, экономикалық қызмет түрлерінің, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығының ортақтығы қағидаты бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің немесе кәсіптік қызмет субъектілерінің ерікті не міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген, қауымдастық (одақ), қоғамдық бірлестік нысанындағы немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйым;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары – өзін-өзі реттейтін ұйымның және оның мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат;

      5) өзін-өзі реттейтін ұйымның стандарты – өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірыңғай және міндетті қағидаттарды, олардың тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) және қызмет түріне сипаттаманы көп рет пайдалану үшін талаптарды белгілейтін құжат;

      6) өзін-өзі реттеу – осы Заңда көзделген, жеке және заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекітуге, олардың сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ өзін-өзі реттеу субъектілерінің мүліктік жауаптылығын қамтамасыз етуге негізделген кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті өз бетінше реттеуге бағытталған шаралар кешені;

      7) өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы – мүшелердің (қатысушылардың), өзін-өзі реттейтін ұйыммен еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жеке мүдделілігі өздерінің кәсіптік (мүшелік) міндеттерін орындауға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның заңды мүдделеріне зиян келтіруге немесе мұндай қайшылықтың туындау қаупіне алып келетін осындай жеке мүдделілік пен өзін-өзі реттейтін ұйымның заңды мүдделері арасында қайшылықтың туындауына әкеп соқтыратын жағдай;

      8) өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) өзін-өзі реттеу субъектілері – өзін-өзі реттейтін ұйымдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелері (қатысушылары);

      10) өтемақы қоры – өзін-өзі реттейтін ұйым, оның мүшелерінің (қатысушыларының) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайларда кепілдік төлемдерді жүзеге асыру үшін өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздерінен жинақталған ақша;

      11) реттеуші мемлекеттік органдар – өзін-өзі реттеу енгізілген немесе оны енгізу жоспарланған, жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару аясында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Өзін-өзі реттеу түрлері және оны енгізу

      1. Өзін-өзі реттеу ерікті немесе міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделеді.

      2. Ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет салаларындағы мемлекеттік реттеумен қатар өзін-өзі реттеу субъектілеріне және олардың қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардан жоғары талаптар белгілене отырып қолданылады.

      3. Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласындағы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу осы Заңда айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының заңдары негізінде мемлекеттік функцияларды іске асырумен не мемлекеттік органдар орындайтын белгілі бір функцияларды беру қажеттігімен ұштасатын қызмет салаларына енгізіледі.

      Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласына міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілген жағдайда, ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген, қоғамдық бірлестік ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған өзін-өзі реттейтін ұйым үшін Қазақстан Республикасының заңдарымен өзге ұйымдық-құқықтық нысан белгіленеді.

      4. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу үшін реттеуші мемлекеттік орган және мүдделі тұлғалар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өздері әзірлейтін құжаттардың жобаларына қатысты реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.

      Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе нақты айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.

      Реттеушілік әсерді талдау міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін жүргізіледі.

      Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді қолдану тиімділігіне қарай оның енгізілуі, күші жойылуы немесе өзгеше тәсілмен қайта қаралуы мүмкін.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйымдарды ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласында құруға болмайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-бап. Өзін-өзі реттеудің негізгі мақсаттары мен қағидаттары

      1. Мыналар:

      1) отандық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      2) отандық экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      3) нарыққа қатысушылардың тұтынушылар алдындағы жауаптылығын күшейту өзін-өзі реттеудің негізгі мақсаттары болып табылады.

      2. Өзін-өзі реттеудің жалпы қағидаттары мыналар:

      1) заңдылық – барлық мүдделі тұлғалар құқықтарының сақталу шартымен осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеуді енгізу және жүзеге асыру;

      2) теңдік – өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) тең құқықтары мен міндеттерінің болуы;

      3) өзін-өзі қаржыландыру – мүшелік жарналар және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер негізінде өзін-өзі реттейтін ұйым қызметін қаржыландыру;

      4) жауаптылық – өзін-өзі реттейтін ұйымдардың осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес осы өзін-өзі реттейтін ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) әрекеттерімен келтірілген залал үшін үшінші тұлғалар алдында мүліктік жауаптылыққа кепілдік беру тетіктерін пайдалануы;

      5) қызметтің ашықтығы – мүдделі тұлғалар үшін ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етіле отырып, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың барынша ашық қызметі;

      6) беделге тәуелділік (беделдік тәуелділік) – өзін-өзі реттейтін ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) өздерінің іскерлік және кәсіптік беделіне тәуелділігі;

      7) өзара көмек және мүдделерді қорғау – өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өздерінің мүшелеріне (қатысушыларына) көмек көрсетуі, сондай-ақ олардың мүдделерін қорғауы;

      8) тәуелсіздік – Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдар тарапынан өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметіне араласуға жол бермеу болып табылады.

      3. Ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеудің негізгі қағидаттары мыналар:

      1) бірігу еркіндігі – адамдардың өзін-өзі реттейтін ұйымға ерікті түрде бірігуі үшін таңдау;

      2) саланың ортақтығы – өндірілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), технологияның, өндіріс объектілерінің жұмыс істеу циклі кезеңінің ұқсастығы (ұқсас немесе сабақтас сипаттамалар) тән қызмет түрлерінің ортақтық белгісі бойынша кәсіпкерлердің бірігуі болып табылады.

      4. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеудің негізгі қағидаттары мыналар:

      1) тиімділік – мемлекеттік реттеу кезінде қойылған мақсаттарға неғұрлым тиімді қол жеткізуді қамтамасыз еткен жағдайда ғана өзін-өзі реттеуді енгізу жүзеге асырылады;

      2) қайталауды болғызбау – өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қосарланған бақылауды болғызбау мақсатында мемлекеттік органдар мен өзін-өзі реттейтін ұйымдар құзыретінің аражігін нақты ажырату болып табылады.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ФУНКЦИЯЛАРЫ

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) өзін-өзі реттеуді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:

      1) өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      4) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Реттеуші мемлекеттік органдардың құзыреті

      Реттеуші мемлекеттік органдар:

      1) өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және уәкілетті органмен келіседі;

      2) реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асырады;

      3) тиісті аядағы (саладағы) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізеді;

      4) міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын келіседі;

      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

8-бап. Кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және олардың мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін олар өтініш білдірген жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде білдіреді, қорғайды;

      2) кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілген кезде, реттеуші мемлекеттік органдар жүргізген реттеушілік әсерді талдау түйіндерімен келіспеген жағдайда реттеушілік әсерге балама талдау жүргізеді;

      3) кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын әзірлеуге жәрдемдеседі, сондай-ақ міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарына қорытынды ұсынады;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және олардың мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарға сараптама жүргізу үшін жібереді;

      5) кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) арасында, сондай-ақ олар мен өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар, өзге де тұлғалар арасында туындайтын дауларды шешу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төрелік қызметтерін көрсетеді;

      6) "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйесінде аккредиттеуді жүзеге асырады.

3-тарау. ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕЙТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

9-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымды құру және оның қызметін тоқтату

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың бастамасымен не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады және қызметін тоқтатады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлі түрде таратылуы мүмкін.

      2. Мүшелікті (қатысуды) иелену және жоғалту шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында айқындалады.

      Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу кезінде олардың мүшелерінің (қатысушыларының) санына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      3. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым таратылған жағдайда, оның мүшелері (қатысушылары) үш ай ішінде міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген басқа өзін-өзі реттейтін ұйымға кіру жарнасын төлемей кіруге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде мұндай мүшелер (қатысушылар) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті жүзеге асыруға құқылы.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін бастау, сол сияқты тоқтату үшін негіз бұл туралы реттеуші мемлекеттік органға жіберілген хабарлама болып табылады.

      Хабарламаны жіберу "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Хабарлама жіберілгеннен кейін екі ай ішінде өзін-өзі реттейтін ұйым реттеуші мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның осы Заңда көзделген мәліметтерді қамтитын жарғысы;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымда өз мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылықты қамтамасыз етудің бір немесе бірнеше тәсілдері бар екенін растайтын құжаттар.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен алып тастау:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен ерікті түрде алып тастау, өзін-өзі реттейтін ұйымды тарату немесе өзін-өзі реттейтін ұйымды бірігу, қосу, бөлу немесе бөліп шығару нысанында жүргізілген қайта ұйымдастыру туралы шешімдері;

      2) міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, бір өзін-өзі реттейтін ұйым әрекет ететін саладағы өзін-өзі реттеуді қайта қарайтын не оның күшін жоятын Қазақстан Республикасының заңын қабылдау;

      3) осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көзделген құжаттардың екі ай мерзімде ұсынылмауы негізінде жүзеге асырылады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, өзiн-өзi реттейтiн ұйымды өзге негiздер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен алып тастауға жол берiлмейдi.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттары

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттары жарғы және құрылтай шарты болып табылады.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болуға қабылдау және оған мүше болуды (қатысуды) тоқтату шарттары мен тәртібі;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымның ұйымдық құрылымы;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртібі, құзыреті және өкілеттіктерінің мерзімдері, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының орналасқан жері;

      5) өзін-өзі реттейтін ұйым органдарының, мүшелерінің (қатысушыларының) есептілік мерзімдері және олардың қызметін бақылау тәртібі;

      6) өзін-өзі реттейтін ұйымның және оның мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен міндеттері, оның ішінде өздері қабылдайтын қағидалар мен стандарттарды орындау міндеттілігі;

      7) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері, оның органдарының мүлікті басқару бойынша құқықтары;

      8) жарналарды енгізу, оларды нысаналы пайдалану және бұл туралы есептілік тәртібі;

      9) өз мүшелеріне (қатысушыларына) ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы ақпарат беру тәртібі;

      10) өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу тәртібі;

      11) өзін-өзі реттейтін ұйымды қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдау, ол таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі көзделуге тиіс.

      3. Құрылтай шарты – құрылтайшылардың өзін-өзі реттейтін ұйымды құру туралы келісімі, онда оны құру бойынша бірлескен қызметтің тәртібі, өз мүлкін оның меншігіне (жедел басқаруға) беру және оның қызметіне қатысу шарттары айқындалады. Егер Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлері туралы заңдарында өзгеше көзделмесе, онда өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін басқару, құрылтайшылардың оның құрамынан шығу шарттары мен тәртібі де белгіленеді.

      4. Құрылтайшылардың келісімі бойынша құрылтай шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да шарттар енгізілуі мүмкін.

      Құрылтай шартына барлық құрылтайшылар немесе олар уәкілеттік берген адамдар қол қояды.

      5. Құрылтай құжаттары өзін-өзі реттейтін басқа ұйымдарға мүшелікті (қатысуды) шектеулерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелерді көздеуі мүмкін.

11-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімі

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімі – өзін-өзі реттейтін ұйымдардың деректемелері, олар жүзеге асыратын қызмет түрлері, олардың филиалдары туралы мәліметтерді қамтитын, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген хабарламалардың негізінде қалыптастырылатын өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізбесі.

      2. Мемлекеттік органдар өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру үшін хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардан өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы ақпаратты олардан көрсетілген ақпаратты растауды қосымша талап етпей алуға міндетті.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.

12-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары мыналар:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйымның бақылау органы (ревизиялық комиссиясы) болып табылады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымда алқалы басқару органының функцияларын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы жүзеге асыруы мүмкін.

13-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен және өз жарғысымен құзыретіне жатқызылған, өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің мәселелерін қарауға өкілетті, өзін-өзі реттейтін ұйымның жоғары басқару органы болып табылады.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы өз жарғысында белгіленген мерзімділікпен және тәртіппен, бірақ жылына бір реттен сиретпей шақырылады.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне мынадай:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысын бекіту, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының басшыларын және мүшелерін сайлау, көрсетілген органның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату немесе басшыларының не оның жекелеген мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын адамдарды лауазымға тағайындау, оларды лауазымынан мерзімінен бұрын босату, сол сияқты атқарушы басқару органын құру және оның өкілеттіктерін тоқтату;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген тәртіппен өзін-өзі реттейтін ұйымның бақылау органының (ревизиялық комиссиясының) мүшелерін сайлау;

      5) ықпал ету шараларын, оларды қолдану тәртібі мен негіздерін, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын бұзуы туралы істерді қарау тәртібін бекіту;

      6) өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің басым бағыттарын, оның мүлкін қалыптастыру және пайдалану қағидаттарын айқындау;

      7) алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының, бақылау органының (ревизиялық комиссияның) және мамандандырылған органдардың есептерін өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген нысан бойынша, тәртіппен және мерзімділікпен бекіту;

      8) өзін-өзі реттейтін ұйымның бюджетін бекіту, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігін бекіту;

      9) өзін-өзі реттейтін ұйымды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау, таратушыны немесе тарату комиссиясын тағайындау;

      10) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінен (қатысушыларынан) шығарып тастаудың негізсіздігіне адамдардың өтініштерін қарау;

      11) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын бекіту;

      12) өзін-өзі реттейтін ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігін жүргізуін тексеру үшін аудиторлық ұйымды тағайындау;

      13) Қазақстан Республикасының заңдарына және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысына сәйкес өзге де шешімдер қабылдау мәселелері жатады.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы өзінің алқалы басқару органының функцияларын жүзеге асырған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстары үш айда бір реттен сиретпей өткізіледі.

14-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру тәртібі

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым жыл сайын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын өткізуге міндетті. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзге жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтайшылары болып табылатын мүшелері (қатысушылары) өзара тең, олардың әрқайсысы бір дауысқа ие.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымның басқа мүшесіне (қатысушысына) беруіне жол берілмейді.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен міндетті немесе ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің жүзеге асырылуының басталғаны туралы қабылданған хабарлама жөнінде үзінді көшірме алынғаннан кейін екі ай ішінде шақырылуға және өткізілуге тиіс.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысында өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы сайланады, өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы тағайындалады, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысы бекітіледі. Шешім өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) айқын басым көпшілігімен қабылданады, бұл өзін-өзі реттейтін ұйымның дауыс беретін мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы санының үштен екісін құрайды.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелерді қарауға құқылы.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жыл сайынғы жалпы жиналысында:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігі;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) алдындағы есебі бекітіледі.

      Мұндай мәселелер бойынша шешім өзін-өзі реттейтін ұйымның дауыс беретін мүшелерінің (қатысушыларының) қарапайым көпшілігімен қабылданады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелерді қарауға құқылы.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде өткізілуге тиіс. Өзін-өзі реттейтін ұйымның есепті кезеңдегі аудитін аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім екі айға дейін ұзартылды деп есептеледі.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын – өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы, ал ол болмаған жағдайда өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы шақырады.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кезектен тыс жалпы жиналысы:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) үштен бір бөлігінің бастамасы бойынша шақырылады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кезектен тыс жалпы жиналысын шақырудың өзге де жағдайлары көзделуі мүмкін.

      6. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын дайындау мен өткізуді:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымның тарату комиссиясы жүзеге асырады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) үштен бір бөлігінің бастамасы бойынша өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын дайындау мен өткізуді өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы жүзеге асырады.

      7. Егер өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзгеше көзделмесе, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру, дайындау мен өткізу бойынша шығыстарды өзін-өзі реттейтін ұйым көтереді.

      8. Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын шақырудың осы Заңда белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.

15-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) – жеке тұлғалардың және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) – заңды тұлғалар өкілдерінің арасынан қалыптастырылады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген жағдайларда, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына тәуелсіз мүшелер кіруі мүмкін.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болумен (қатысумен) байланысы жоқ және өзін-өзі реттейтін ұйыммен, оның мүшелерімен (қатысушыларымен) еңбек қатынастары жоқ адам тәуелсіз мүше деп есептеледі.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының мүшесі өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы туралы жазбаша нысанда мәлімдеуге міндетті.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының мүшесі өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы және осыған байланысты өзін-өзі реттеу субъектілерінің заңды мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы туралы мәлімдеу міндетін бұзған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы мүшенің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының әрбір мүшесі дауыс беру кезінде бір дауысқа ие болады.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының сандық құрамы, қалыптастыру, қызмет ету, шешімдер қабылдау, өкілеттіктерін тоқтату тәртібі мен шарттары өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленеді.

      6. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының құзыретіне мынадай мәселелер:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекіту, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдарын құру, олар туралы ережелерді және олардың қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының қызметіне тексерулер жүргізу туралы шешімдер қабылдау;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысына өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының лауазымына тағайындау және оларды лауазымынан босату үшін кандидатты не кандидаттарды ұсыну;

      5) өзін-өзі реттейтін ұйым құрған төрелікте өтініштері бойынша қаралатын дауларға қатысушылардың таңдауы үшін, кандидатуралары төрешілер ретінде ұсынылуы мүмкін адамдардың тізбесін бекіту;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген негіздер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болып кіру немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) қатарынан шығару туралы шешім қабылдау;

      7) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген өзге де мәселелер жатады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәселелер өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысымен өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.

16-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының құзыретіне өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының және оның алқалы басқару органының құзыретіне жатпайтын, өзін-өзі реттейтін ұйымның шаруашылық және өзге де қызметінің кез келген мәселелері жатады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы өкілеттіктерінің мерзімі оның жарғысында белгіленеді.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы үш жылда бір реттен сиретпей тағайындауға жатады.

17-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары

      1. Мыналар:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын орган;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын бұзғаны туралы істерді қарау жөніндегі орган;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарына және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйымның өзге де мамандандырылған органдары өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары болып табылады.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органы өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы бекіткен ереженің негізінде жұмыс істейді және өз функцияларын дербес жүзеге асырады.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, мүше болу (қатысу) шарттарын бұзғаны туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қағидалар мен стандарттардың талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын орган жүргізген тексерулердің, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) әрекеттеріне шағымдарды қарау нәтижелері бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына оның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдар жібереді.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдарды жібереді.

18-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құқықтары

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның:

      1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мүдделерін, олар өтініш білдірген жағдайда білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда олардың өкілдері болуға;

      2) өзін-өзі реттеу субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін қабылданған нормативтік-құқықтық актілер бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге;

      3) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым жасауға;

      4) дауларды сотта және сотқа дейінгі шешуге, оның ішінде төрелiкке қатысуға;

      5) мүшелік жарналарды жинауға және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыруға;

      6) өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметкерлерін, мүшелерін (қатысушыларын) кәсіптік оқытуды, аттестаттау жүргізуді ұйымдастыруға;

      7) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) үшін міндетті қағидалар мен стандарттарды бекітуге;

      8) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) олардың өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын сақтауы бөлігінде бақылауға;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген ықпал ету шараларын өз мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолдануға;

      10) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзған адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      11) өз жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;

      12) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарынан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан өзіне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген функцияларды орындауы үшін қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген өзге де құқықтары бар.

19-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның міндеттері

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысын және өзі қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;

      2) өкілеттіктері шегінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;

      3) мүшелерінің (қатысушыларының) арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;

      4) мүшелеріне (қатысушыларына) ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;

      5) өз қызметінің және өз мүшелері (қатысушылары) қызметінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге;

      6) уәкілетті органмен және реттеуші мемлекеттік органмен міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша әзірленетін қағидалар мен стандарттарды келісуге;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен, кейіннен реттеуші мемлекеттік органдарға бере отырып, өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне олар өзін-өзі реттейтін ұйымға есептер нысанында ұсынатын ақпараттың негізінде талдауды жүзеге асыруға;

      8) мүшесінің (қатысушының) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бұзушылықтары, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен реттеуші мемлекеттік органның назарына жеткізуге міндетті.

      Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзін-өзі реттейтін ұйымның өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соғатын қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқылы емес.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда осы Заңның 28-бабының 1-тармағында көзделген мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдерінің бірін пайдалану арқылы өзінің міндеттемелері және өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауапты болады.

20-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым барлық мүшелерінің (қатысушыларының) орындауы үшін міндетті, мынадай мақсаттарды қамтамасыз етуге бағытталған қағидалар мен стандарттарды әзірлеуге құқылы:

      1) мүшелеріне (қатысушыларына) қойылатын нақты талаптарды айқындау;

      2) мүшелері (қатысушылары) өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен қауіпсіздігін арттыру;

      3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкелетін әрекеттердің алдын алу;

      4) шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      5) мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану;

      6) мүшелерінің (қатысушыларының) мүдделерін қорғау.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарының қабылдануы, мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде өзін-өзі реттеу субъектілерінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау мүмкіндігін жоққа шығармайды.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға, іскерлік этика қағидаларына сәйкес келуге, өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын жоюға немесе азайтуға тиіс.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарында жосықсыз бәсекелестікке, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушыларға және өзге де тұлғаларға моральдық зиян немесе залал келтіретін әрекеттерді, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) іскерлік беделіне не өзін-өзі реттейтін ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасауға кедергі келтіретін талаптар белгіленуге тиіс.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауаптылығы және оған тарту тәртібі көзделуге тиіс.

      5. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары бекітілгенге дейін қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберіледі.

      Қағидалар мен стандарттарға қорытынды беру мерзімі олар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түскен кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайды.

      Белгіленген мерзімдерде қорытынды берілмеген жағдайда қорытынды алынды деп есептеледі.

      Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын келісуді не келісуден бас тартуды реттеуші мемлекеттік органдар және уәкілетті орган олар келіп түскен кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Реттеуші мемлекеттік органдар және уәкілетті орган белгіленген мерзімдерде жауап бермеген жағдайда, міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары келісілді деп есептеледі.

      6. Қағидалар мен стандарттар міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымның интернет-ресурсында орналастыруға және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялауға жатады.

      Заңмен қорғалатын құпияны қамтитындарын қоспағанда, толық жазылмаған қағидалар мен стандарттарды жариялауға жол берілмейді.

21-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу)

      1. Өзін өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) ерікті негізде не Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда міндетті негізде болуы мүмкін, ол кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруға не өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығына рұқсат берудің міндетті шарты болып табылады.

      2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіптік қызметпен айналысуға құқығы бар жеке тұлғалар кәсіптік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) болып табылады.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болуға қабылдау және мүшелікті (қатысуды) тоқтату шарттары мен тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болуға қабылдаудан бас тарту, мүшеліктен (қатысудан) шығару туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға болады.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) өз дербестігі мен жеке және заңды тұлғаның құқықтарын сақтап қалады.

      6. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылтайшылары мен мүшелері (қатысушылары) тең құқықтарға ие болады және бірдей міндеттерді атқарады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға жарналар

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым міндетті жарналардың мынадай түрлерін белгілеуге құқылы:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүшелікке (қатысуға) кіру кезінде төленетін кіру жарналары;

      2) тұрақты мерзімді негізде төленетін мүшелік жарналар.

      Жарналар өзін-өзі реттейтін ұйымның меншігі болып табылады, олардың мөлшері және оларды жинау тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      2. Кіру жарнасының мөлшері мүшелік жарнаның мөлшерінен аспауға тиіс.

      Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым үшін кіру және мүшелік жарналардың болмауы немесе болуы, сондай-ақ олар болған жағдайда шекті мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

23-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуі және өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратты оның құқыққа сыйымсыз пайдаланылуынан қорғауы

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым өзінің интернет-ресурсында орналастыру және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы мынадай:

      1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құрамы туралы;

      2) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы жауаптылығын қамтамасыз ету шарттары, тәсілдері мен тәртібі туралы;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымға өзінің мүше болуын (қатысуын) тоқтатқан мүшелер (қатысушылар) және олардың мүше болуын (қатысуын) тоқтату негіздері туралы;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттары туралы;

      5) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының мазмұны туралы;

      6) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары мен мамандандырылған органдарының құрылымы мен құзыреті, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының сандық және дербес құрамы туралы, өзін-өзі реттейтін ұйымның жеке-дара атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын тұлға туралы;

      7) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы және өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы қабылдаған шешімдер туралы;

      8) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) Қазақстан Республикасы заңнамасының, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту жағдайлары туралы (мұндай ақпарат болған кезде);

      9) өзін-өзі реттейтін ұйым соттарға берген кез келген талап-арыздар мен арыздар туралы;

      10) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне өзін-өзі реттейтін ұйым жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы;

      11) өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасының заңдарында мұндай аудиттің міндеттілігі белгіленген жағдайларда оның аудитінің нәтижелері туралы;

      12) өзін-өзі реттейтін ұйым өтемақы қорын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз ету тәсілі ретінде қолданған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйымның өтемақы қорының мөлшері туралы ақпаратқа, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз ету мақсатында өзін-өзі реттейтін ұйымның өтемақы қорынан төлемдерді жүзеге асыру фактілері туралы және егер осындай төлемдер жүзеге асырылған болса, мұндай төлемдердің негіздері туралы ақпаратқа;

      13) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның құжаттарында көзделген өзге де ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Өзін-өзі реттейтін ұйым өз қызметкерлерінің ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) моральдық зиян және (немесе) мүліктік залал келтіруі немесе осындай зиян және (немесе) залал келтіруге алғышарттар жасауы мүмкін ақпаратты алу, пайдалану, өңдеу, сақтау және қорғау тәсілдерін көздеуге тиіс.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйым өз қызметкерлерінің қызмет бабына байланысты өздеріне белгілі болған ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануымен байланысты әрекеттері үшін өз мүшелерінің (қатысушыларының) алдында жауапты болады.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым ақпаратты ашып көрсету жөніндегі міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жауапты болады.

24-бап. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы

      1. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатында өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары), өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрамына кіретін адамдар, оның қызметкерлері өзін-өзі реттейтін ұйымның мүдделерін ең алдымен оның қызметінің мақсаттарына қатысты сақтауға міндетті және өздерінің кәсіптік міндеттерін жүзеге асыруға байланысты мүмкіндіктерді пайдаланбауға немесе мұндай мүмкіндіктерді өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге тиіс.

      2. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын болғызбау немесе реттеу жөніндегі шаралар өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында, қағидалары мен стандарттарында белгіленеді.

25-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін бақылауы

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым тексерулерді жүзеге асыру арқылы өз мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын сақтау бөлігінде кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

      2. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі уәкілетті орган және реттеуші мемлекеттік орган келіскен, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында белгіленеді.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында реттеуші мемлекеттік органға өзін-өзі реттейтін ұйымның атына оның мүшелеріне (қатысушыларына) келіп түскен шағымдар туралы ақпарат беру тәртібі көзделеді.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны туралы шағым тексеру жүргізу үшін негіз болуы мүмкін.

      Тексеру жүргізу барысында шағымда көрсетілген фактілер ғана зерттеуге жатады.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі (қатысушысы) тексеру жүргізу үшін өзін-өзі реттейтін ұйымның сұрау салуы бойынша қажетті ақпаратты өзін-өзі реттейтін ұйым айқындайтын тәртіппен беруге міндетті.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйым, сондай-ақ оның тексеру жүргізуге қатысатын қызметкерлері мен лауазымды адамдары оны жүргізу барысында алған мәліметтерді жария етпеуге және таратпауға жауапты болады.

      6. Тексеру нәтижесінде тексерілетін мүшенің (қатысушының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, оған мүше болу (қатысу) шарттарын, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар фактісі анықталған жағдайда, ұйымның басшы адамдары, өзін-өзі реттейтін ұйымның тексерулерді жүзеге асыратын қызметкерлері және өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі органның мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамдардың өміріне, денсаулығына ықтимал зиян келтіруді және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіруді болғызбау, сондай-ақ бұзушылықтарға жол берген адамдарды осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шараларды қолдану мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын болса, өзін-өзі реттейтін ұйымның тексерулерді жүзеге асыратын басшылары мен қызметкерлері және өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі органның мүшелері шаралар қолдану үшін анықталған бұзушылықтар туралы тиісті мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.

      7. Өзін-өзі реттейтін ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген тәртіппен өз мүшелерінің (қатысушыларының) алдында өзін-өзі реттейтін ұйым қызметкерлерінің өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне бақылауды жүзеге асырған кездегі құқыққа сыйымсыз әрекеттері үшін жауапты болады.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

26-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауаптылығы

      1. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, өзін-өзі реттейтін ұйым жарғысының, қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны үшін оның мүшесі (қатысушысы) Қазақстан Республикасының заңдарына, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) жазаларды қолдану, алып тастау және оларға шағым жасау тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысы мен қағидаларында айқындалады.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) теріс қылық жасағаны үшін бір ғана жаза қолдануға болады.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары талаптарының бұзушылықтары туралы істер бойынша iс жүргiзу өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының құзыретіне жатады.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында реттеуші мемлекеттік органдардың өзін-өзі реттейтін ұйымға іс жүргізуді қозғау туралы ұсынуды енгізу құқығы көзделген жағдайларда, оны қарау олардың өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қарау уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген осы өкілдің келмей қалуы іс жүргізуді жүзеге асыруға кедергі болмайды.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының жаза қолдану туралы шешіміне өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі (қатысушысы) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.

      6. Егер жаза қолданылған күннен бастап алты ай ішінде мүшеге (қатысушыға) жаңа жаза қолданылмаса, онда ол жаза қолданылмаған деп есептеледі.

27-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) міндетті жарналары;

      2) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік қызметіне, коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты білім беру қызметтерін көрсетуден алынған қаражат;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік қызметіне, коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты ақпараттық материалдарды сатудан алынған қаражат;

      5) заңда тыйым салынбаған басқа да түсімдер болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, өзін-өзі реттейтін ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігін жүргізу міндетті аудитке жатады.

28-бап. Мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдері

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүліктік жауаптылықты, оның ішінде өзінің және өз мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз етудің мынадай тәсілдерінің бірін:

      1) өтемақы қорынан төлеу;

      2) азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру;

      3) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) мүліктік жауаптылыққа тарту;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, мүліктік жауаптылықты қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін пайдалану арқылы қолданады.

      2. Мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету шеңберінде өндіріп алуды қолдану мынадай жағдайлардың бірінде:

      1) өзін-өзі реттейтін ұйым талаптардың негізділігін және өндіріп алуды қанағаттандыру қажеттілігін мойындаған кезде;

      2) соттың немесе төреліктің заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзгеше көзделмесе, мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету шараларын пайдалану тәртібі оның мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы бекіткен, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында айқындалады.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның өтемақы қорының қаражаты

      өзін-өзі реттейтін ұйымның басқа мүлкінен бөлек болады. Өтемақы қорының қаражатын өзін-өзі реттейтін ұйымға тиесілі өзге қаражатпен, сондай-ақ қаржылық есептілікте көрсеткен кезде араластыруға жол берілмейді.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

29-бап. Өзін-өзі реттеудегі мемлекеттік бақылау және қадағалау

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және профилактикалық бақылау мен қадағалау жолымен жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті орган және реттеуші мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырған кезде тәуекелдерді бағалау жүйесінде мұндай мүшеліктің (қатысудың) болу фактісін ескереді.

      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

29-1-бап. Кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты және өзге де көздер есебінен әзірленуі мүмкін.

      2. Реттеуші мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген және тиісті кәсіпкерлік және (немесе) кәсіптік қызмет түрі субъектілерінің көпшілігін біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйымдардың кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласында жұмыс істеу кезінде мынадай шаралар кешенін жүзеге асырады:

      1) міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу тұрғысынан реттеушілік әсерді талдау рәсімін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізеді;

      2) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою тұрғысынан реттеушілік әсерді талдау рәсімін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізеді.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру жөнінде өзге де шаралар белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 3-тарау 29-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

32-бап. Өтпелі ережелер

      Реттеуші мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарымен кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің коммерциялық емес ұйымдарға міндетті мүшелігі белгіленген қызмет салаларын осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оған сәйкес келтіруге бағытталған қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев