Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы

Қолданыстағы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – арнаулы мемлекеттік органдар) мәртебесiн айқындайды, арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) адъюнкттар мен докторанттар – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарында білім алатын қызметкерлер;
      2) арнайы жиындар – арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік-жауынгерлік даярлығы жөніндегі іс-шаралар;
      3) арнаулы атақ – қызметкерге берілетін арнайы айырым белгісі;
      4) арнаулы киім нысаны – қызметкерлердің Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарына, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органына, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне тиесілігін айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген нысанды киім (киім-кешек) және айырым белгілері;
      5) арнаулы мемлекеттік органның қызметкерлері (бұдан әрі – қызметкерлер) – ұлттық қауіпсіздік органдарында, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде қызмет атқарып жүрген, арнаулы атақ берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
      6) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет – ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдағы, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіндегі лауазымдардағы мемлекеттiк қызметтiң ерекше түрi;
      7) арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебі – кадр қызметкерлерін есепке алу және талдау жүйесі;
      8) арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлерін есепке алу – арнаулы мемлекеттік органдардың әскери міндеттілері (офицерлік құрам) мен басқа да жұмылдыру ресурстарының сандық және сапалық деректерін есепке алу мен талдау жүйесі;
      9) арнаулы мемлекеттік органдардың запасы (бұдан әрі – запас) – қызметтен шығарылған (теріс себептер бойынша шығарылғандарды қоспағанда) және аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарында және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда арнаулы мемлекеттік органдар запастағы офицерлерінің есебінде тұратын, арнаулы мемлекеттік органдарды толықтырып жасақтауға, жұмылдырушылық өрiстетуге және олардың шығынының орнын толтыруға арналған қызметкерлер;
      10) Жоғары аттестаттау комиссиясы – арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тізбеге сәйкес басшы құрамның лауазымды адамдарын олардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігі және оларды одан әрі неғұрлым орынды қызметтік пайдалану перспективалары туралы аттестаттау қорытындылары мен ұсынымдарын, аттестаттау комиссиясының қорытындыларымен және ұсынымдарымен келіспейтін қызметкерлер шағым жасау тәртібімен ұсынған аттестаттауларды, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік орган бірінші басшысының нұсқауы бойынша Жоғары аттестаттау комиссиясының қарауына шығарылған аттестаттауларды қарайтын, тұрақты түрде жұмыс істейтін жоғары консультативтік-кеңесші орган;
      11) курсанттар – жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарының, оның ішінде шет мемлекеттердің жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарының жоғары және қосымша білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын қызметкерлер;
      12) қолданыстағы резерв – арнайы жедел тапсырмаларды орындау үшін ерекше тәртіппен қызмет өткеру;
      13) қызмет өткеру туралы келісімшарт (бұдан әрі – келісімшарт) – тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;
      14) отставка – қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығару немесе запаста болудың шектi жасына жеткендерді арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алып тастау не арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алып тастай отырып, қызметтен шығару;
      15) полиграфологиялық зерттеу – адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын (тыныс алу, жүрек соғуы, терінің тітіркенуі және тағы басқалары) арнайы датчиктердің көмегімен тіркеуден тұратын жауап алу рәсімі;
      16) психофизиологиялық куәландыру – арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке кандидаттардың, олардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жеке психологиялық және психофизиологиялық қасиеттерін жан-жақты бағалауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
      17) уәкілетті басшы – осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметкерлермен келісімшарт жасасу, оларды лауазымға тағайындау, ауыстыру, қызметтен босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығару құқығы берілген лауазымды тұлға;
      18) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар – арнаулы мемлекеттік органдарда штаттарды құру, тарату, орын ауыстыру, қайта жасақтау, бағыныстылығын өзгерту, ұлғайту және қысқарту бойынша жүргізілетін іс-шаралар.

      2-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық
              негізі

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету күштерiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу мақсатында барлау және қарсы барлау қызметін, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, жедел іздестіру және техникалық шаралар кешенін жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.
      2. Арнаулы мемлекеттік органдарға ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі жатады.

      4-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері

      Арнаулы мемлекеттік органдарға негізгі міндеттер заңмен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктеледі.

      5-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің қағидаттары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметi Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қағидаттары негізінде, сондай-ақ:
      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау мiндеттiлiгi;
      2) арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi ұйымдастыруға көзқарастардың бiртұтастығы;
      3) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);
      4) қызметтің жария және жария емес әдістері мен құралдарының ұштасуы;
      5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болу;
      6) құпиялық және жасырындылық негізінде жүзеге асырылады.

      6-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi барлық қызметкерлерге қолданылады.
      Арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері қызметін осы Заңның 715-19222429-37-баптарында567 және 9-тарауларында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңнамасына сәйкес өткереді.
      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде мемлекеттік саяси қызметшiлерге қолданылады.

2-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ

      7-бап. Қызметке қабылдау шарттары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке жасы он сегiзге толған, бірақ осы Заңда белгіленген атақтар бойынша шекті жастан аспаған, қажетті жеке, моральдық және кәсiби қасиеттерi, бiлiм деңгейi, денсаулық жағдайы мен дене бiтiмiнiң даму жағдайы бар Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктi негiзде қабылданады.
      Жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге қызметке жасы 23-тен кіші емес азаматтар (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоспағанда) қабылданады.
      Бөлімшелерді жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге жатқызуды арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары белгілейді.
      2. Қызметке:
      1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;
      2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн сырқаты бар;
      3) өзiнiң мәртебесi мен соған негiзделген беделiн жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкiн iс-әрекеттердi болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
      4) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған;
      5) қызметке тұрар алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
      6) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
      7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
      8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан (қызметтен) шығарылған;
      9) бұрын сотталған немесе ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен, өзге де арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан терiс себептер бойынша шығарылған;
      10) арнайы тексеруден өтпеген және (немесе) өзі, жұбайы (зайыбы) мен өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) туралы көрінеу жалған мәліметтер берген;
      11) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) және жұбайы (зайыбы) ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған;
      12) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық немесе медициналық куәландырудан немесе полиграфологиялық зерттеуден өтпеген адам қабылданбайды.
      Арнаулы мемлекеттік орган кандидатқа қызметке қабылдаудан бас тартудың анықталған себебін түсіндірмеуге құқылы.
      3. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшін міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
      4. Арнаулы мемлекеттік органға қызметке тұрған кезде адам және оның отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толған балалары мен оның асырауындағы және онымен үнемі бірге тұратын адамдар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыстары және мүлкi туралы декларацияны тапсырғандары туралы мәліметтер беруге мiндеттi.

      8-бап. Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды тексеруді арнаулы мемлекеттік органдардың кадр және өзге де бөлімшелері жүзеге асырады.
      Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау іс-шараларын ұйымдастыруды, өткізу тәртібін және әдістемесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      2. Қажетті құжаттардың тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, сондай-ақ тексеру жүргізу мерзімдерін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      3. Қызметке кандидат білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, дене бітімі дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген талаптарға сай болуға тиіс.
      4. Кандидатты медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      5. Кәсіби-психологиялық іріктеу бойынша іс-шараларды психологиялық-әлеуметтік қамтамасыз ету мамандары жүргізеді. Бұл ретте кандидаттың жеке, тұлғалық, кәсіби сипаттамаларының арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі айқындалады.
      6. Кандидаттың келісімшарт бойынша қызметке тұру үшін белгіленген талаптарға сай келетін құжаттарын құрылымдық, аумақтық және өзге де бөлімшелер бағалау үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.
      Қажет болған жағдайда, кандидат кәсіби жарамдылығын тексеру үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға шақырылуы мүмкін.
      7. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылдау, әдетте, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
      Конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      8. Конкурсқа қатысу үшін келген азаматтың кандидатурасын құрылуы мен жұмыс тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын конкурстық комиссия қарастырады.
      Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
      9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысы келіп түскен кезде уәкілетті басшы кандидатпен келісімшарт жасасады, қажетті материалдарды ресімдейді және оларды жеке құрам бойынша бұйрық шығару үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.
      10. Тиісті арнаулы мемлекеттік орган конкурс нәтижелері туралы құжаттарды алғаннан кейін іріктеліп алынған кандидаттарға қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы жеке құрам бойынша екі ай ішінде бұйрық шығарады.
      11. Арнаулы мемлекеттік органдарға офицерлік құрамдағы адамдарды қызметке қабылдау арнаулы мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтарымен ресімделеді.
      12. Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды тұлғалар осы Заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
      13. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды, олар жазбаша түрде тіркеледі.
      14. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің лауазымына тағайындалған немесе кадрына қабылданған әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен әскери есептен алынады және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебіне қойылады, олардың тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      9-бап. Қызмет өткеру туралы келісімшарт

      1. Қызмет өткеру туралы келісiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы уәкілеттi басшымен жасасады.
      2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
      1) мерзiмінің аяқталуы бойынша;
      2) қызметкердің мерзiмiнен бұрын қызметтен шығарылуына байланысты;
      3) қызметкер қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшартты жасасқан күннен бастап;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
      3. Қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың қызметке тұруының ерiктілiгi, азаматтың қызметті өткеруге мiндеттенетін мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
      4. Қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру мiндетiн қамтиды. Келiсiмшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, оның құқықтарының сақталуын көздейтін нормалар қамтылады.
      5. Лауазымға Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған қызметкерлер қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан тиiстi лауазымдағы қызметтi өткередi.
      Аталған қызметкерлер лауазымынан босатылғаннан кейiн қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.
      6. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi осы Заңмен және арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актiлерімен айқындалады.
      7. Қызметті өткеру туралы келісімшарт үш, бес, он жылға, қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін немесе арнаулы (әскери) оқу орнындағы білім алу мерзіміне және оны бiтiргеннен кейiн күнтізбелік есептеумен он жыл қызметке жасалуы мүмкін.

      10-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери)
               оқу орындарына оқуға қабылдау

      1. Арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға орта білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар және мерзімді әскери қызмет және (немесе) келісімшарт бойынша әскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген, оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызметшілер түсуге құқылы.
      2. Арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылдау тәртібін арнаулы мемлекеттік орган басшысы тиісті деңгейдегі жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес айқындайды.
      3. Курсанттың арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған күні оның қызметтік міндеттерін атқаруды бастаған күні болып есептеледі.
      4. Әскери қызметті өткермеген азаматтар арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған кезде қызметкерлердің мәртебесiне ие болады және олар он сегіз жасқа толғаннан кейiн, бiрақ арнаулы (әскери) оқу орнында кемiнде бiрiншi курсты аяқтаған соң қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
      5. Қызметкерлер арнаулы (оқу) орындарына қабылданған кезде қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
      6. Әскери қызмет өткерген, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
      7. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға түскен азаматтар білім беру ұйымдарында білім алудың мерзіміне және сонымен бір мезгілде арнаулы (әскери) оқу орындарындағы білім алуды аяқтаған соң қызметкерлердің лауазымдарында күнтізбелік есептеумен он жылға арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.
      8. Келісімшартта тараптардың (оқуға түсуші азаматтың және арнаулы органның лауазымды адамының) өзара міндеттері мен жауаптылығы белгіленеді және арнаулы (әскери) оқу орнын бітірген соң арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті одан әрі өткеру шарттары мен мерзімдері көзделеді.
      9. Осы Заңда белгiленген тәртiппен қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылуға жатады.
      10. Қызметкерлердің әскери және арнаулы оқу орындарында білім алу уақыты мерзімді әскери қызметті өткеру мерзіміне теңестіріледі.
      Арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер, егер олар шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiмін өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке қою үшiн жiберіледi және кейiн жалпы негіздерде әскери қызметке шақырылады.
      Бұл ретте, үлгермеуi үшін немесе теріс себептер бойынша арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылған қызметкерлер өздерінің білім алуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
      Білім алуға жұмсалған шығындар сомасы қызмет өткеру туралы келісімшартта айқындалады.
      11. Қызметкер арнаулы (әскери) оқу орнын бiтіргеннен кейiн қызмет өткеруден бас тартқан және осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4)-7), 11), 12), 13) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша қызметтен шығарылған жағдайда, ол өзінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.

      11-бап. Қызметкерлердің лауазымдарына орналастыруға
               қойылатын талаптар

      Қызметкерлердің лаузымдарына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітетін арнаулы мемлекеттік орган лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына қарай тиісті орта білімнен кейінгі білімі, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.

      12-бап. Қызметке бірінші рет тұратын адамдарға арналған
               қайта даярлық

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың жедел бөлімшелеріне қабылданған адамдар арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында қайта даярлықтан өтеді.
      2. Қайта даярлықтан өту тәртібі мен шарттарын арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      13-бап. Қызметкерлердің ант қабылдауы

      1. Мыналар:
      1) арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған, бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған адамдар;
      2) бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары;
      3) бұған дейiн қандай да бiр себептер бойынша әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары ант қабылдайды.
      2. Қызметкерлер антының мәтінін және оны қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      3. Қызметкерлердің антты уақтылы қабылдауына жауаптылық, оны қабылдауды ұйымдастыру және есепке алу арнаулы мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен кадр аппараттарына жүктеледі.

      14-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған
               адамдарды кәсіптік бейімдеу

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар бөлімшенің жедел-қызметтік әрекеттеріне бейімделуден өтеді.
      2. Бейімдеу жөніндегі жұмыс қызметкерлерді атқаратын лауазым талаптарына, жүктелген міндеттерді сапалы орындауға тезірек араластыру, олардың бойында қажетті кәсіптік қасиеттерді тиімді қалыптастыру және арнаулы мемлекеттік органдардың құндылықтары мен корпоративтік мәдениет нормаларын игеруі мақсатында жүзеге асырылады.
      3. Қызметкерлерді кәсіптік бейімдеу жөніндегі жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі және тәлімгерлік жұмысты да қамтитын дамыту іс-шаралары кешенінен тұрады.
      Қызметкерлерді бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      15-бап. Қызметкерлердiң мәртебесi және олардың құқықтық
               кепiлдiктерi

      1. Қызметкерлер мемлекеттiк билiктiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      Қызметкердің мәртебесіне азамат қызметке тұрған күннен бастап ие болады және қызметтен босатылуына байланысты арнаулы мемлекеттік орган жеке құрамының тізімінен шығарылған күннен бастап одан айырылады.
      2. Қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген талаптарын (бұдан әрi – заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
      3. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның басшысына, тiкелей және уәкiлеттi басшыларға ғана бағынады.
      4. Қызметкерлердiң қызметiне, оған Қазақстан Республикасының заңдарымен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдардан басқа, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметiне құқыққа қарсы араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      5. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарын ғана басшылыққа алуға мiндеттi.
      Басшыларға қызметтік міндеттерін орындауға қатысы жоқ және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен өкімдер беруге тыйым салынады.
      Жауынгерлік іс-қимылдарынан, төтенше жағдайлар ахуалында тапсырмаларды орындаудан, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуден басқа жағдайларда, бұйрықтар тек қана жазбаша түрде беріледі.
      6. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқығы бар.

      16-бап. Міндеттерді атқару

      1. Қызметкерлер:
      1) лауазымдық мiндеттер атқарған;
      2) жауынгерлік iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайлар ахуалында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;
      3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі бiтiмгершілік операцияларына қатысқан;
      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысқан;
      5) оқу-жаттығуларға қатысқан;
      6) егер бұл қызметтік қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiне белгіленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта қызметтік объектілердің аумағында, сондай-ақ өзге де орындарда болған;
      7) қызметтiк iссапарда болған;
      8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;
      9) емдеуде немесе медициналық тексеруде (куәландыруда), емдеу немесе медициналық тексеру (куәландыру) орнына бару және керi қайту жолында болған;
      10) арнайы жиындардан өткен;
      11) тұтқында, кепiлге алыну немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;
      12) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын қорғаған;
      13) адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғау, құқық тәртібiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
      14) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-әрекеттер жасаған жағдайларда, қызметтік мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.

      17-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты
               құқықтары

      1. Қызметкерлердiң:
      1) лауазымдық мiндеттерiн атқару үшiн қажеттi ақпараттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;
      2) өздерiнiң құқықтары мен лауазымдық мiндеттерiн айқындайтын құжаттармен танысуға;
      3) лауазымдық мiндеттерiн атқарумен байланысты мемлекеттiк органдарға, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға белгiленген тәртiппен кiрiп-шығуға;
      4) егер лауазымдық мiндеттерiн орындау мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдаланумен байланысты болса, белгiленген тәртiппен осындай мәлiметтерге қол жеткiзуге;
      5) қызметтік іс-әрекет нәтижелерi, қызмет өтiлi мен бiлiктiлiк деңгейi ескеріле отырып, қызметте өсуiне;
      6) өздерiнiң қызметтік әрекеті туралы пiкiрлермен және басқа да құжаттармен олар жеке iсiне енгiзiлгенге дейiн, жеке iсiнiң материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзiнiң жазбаша түсiнiктемелерiн және басқа да құжаттар мен материалдарды жеке iске қосуына;
      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiпте, кәсiптiк қайта даярлыққа, бiлiктiлiгiн арттыруына және тағылымдамадан өтуiне;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң, өз отбасы мүшелерi өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң мемлекеттiк қорғалуына;
      9) қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің дербес деректерiнiң қорғалуына;
      10) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн, сондай-ақ қызметiн өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшiн бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгiнуге;
      11) медициналық қамтамасыз етілуге және санаториялық-курорттық емделуiне;
      12) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қорғалуға;
      13) тұрғын үймен қамтамасыз етiлуге;
      14) қызметтiң ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызметтінің тиiсiнше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлары жасалуына;
      15) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
      16) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде өздерiне жүктелген мiндеттеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.

      18-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты
               мiндеттерi

      1. Қызметкерлер:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
      2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
      3) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктердi жүзеге асыруға;
      4) қызмет және еңбек тәртiбiн сақтауға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
      7) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
      8) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
      9) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
      10) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      11) қызметкердiң жеке мүддесi өзiнiң өкiлеттiктерiмен ұштасатын немесе оларға қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тiкелей және уәкiлеттi басшыны дереу хабардар етуге;
      12) өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;
      13) қызмет мүдделерiне зиян келтiретiн жария сөйлеуге жол бермеуге;
      14) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтiнiш бергендiгi туралы оны берген күнi өзiнiң тiкелей басшысына хабарлауға;
      15) қажетті кәсіби және құқықтық білім, дене күші, арнаулы және жауынгерлік дайындық деңгейін сақтап тұруға мiндеттi.
      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де мiндеттер белгiленедi.

      19-бап. Қызметкердiң қызметте болуына байланысты қойылатын
               шектеулер

      1. Қызметкердiң:
      1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға, партиялар, кәсiптiк одақтар қатарында болуға, қандай да бiр саяси партияны қолдап әрекет етуге, арнаулы мемлекеттік органдар жүйесiнде өз мүшелерiнiң еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшiн олардың кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығына негiзделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе қадағалау кеңесінің құрамына кіруге;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;
      5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
      6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн іс-әрекеттерге қатысуға;
      7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсаттарда пайдалануға;
      8) пайдакүнемдiк мақсаттарда, оның iшiнде лауазымды немесе өзге адамдармен сөз байласу жолымен өзінің қызмет жағдайын пайдалануға;
      9) өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымына тiкелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға;
      10) уәкілетті басшының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық, мас болу жағдайын туғызатын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалану, оның ішінде ара-тұра пайдалану тұрғысынан медициналық куәландырудан өтуден бас тартуға және жалтаруға құқығы жоқ.
      Куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығаруға әкеп соғады.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, қызметкер лауазымға кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде коммерциялық ұйымдардағы өзiнiң меншiгiндегi акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлесiн) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн өзге де мүлiктi, өзiне заңды түрде тиесiлi ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiкті қоспағанда, қызметiн өткеру уақытына сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
      Қызметкердiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
      3. Осы бапта көзделген шектеулердi сақтамағаны үшiн жауаптылық осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленедi.

      20-бап. Соғыс жағдайы кезеңінде қызметте құқықтық
               қатынастардың туындауы мен өзгеруі

      Соғыс жағдайының қолданылу кезеңінде арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметте құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруі ерекшеліктерін және оның жалғастырылуын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      21-бап. Қызметкерлердің жауаптылығы

      1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстықәкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.
      2. Көрінеу құқыққа қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауаптылықтан босатпайды.
      Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған кезде бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша түрде дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
      3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
      4. Құқыққа қайшы әрекеттерімен арнаулы мемлекеттік органға келтірілген материалдық нұқсан үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.

      22-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және
               жетондары

      1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер және жетондар беріледі.
      Куәліктер мен жетондарды беру және пайдалану тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
      2. Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.
      3. Қызметтік куәлік адамның арнаулы мемлекеттік органға қатыстылығын, оның лауазымын және арнаулы немесе әскери атағын растайтын құжат болып табылады.
      Қызметтік куәліктер мен жетондарда қажетті қорғалу деңгейі болуы тиіс.
      Қызметкердің қызметтік куәлігі оның қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.

      23-бап. Қызметкерлердің арнаулы киім үлгісі

      1. Арнаулы атақ берілген қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз етіледі.
      2. Арнаулы киім үлгісінің түрлері мен сипатын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. Арнаулы киім үлгісімен қызметкерлерді қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Арнаулы киім үлгісін киіп жүру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшылары айқындайды.

4-тарау. ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ

      24-бап. Кадр құрамы

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың кадр құрамын қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер құрайды.
      2. Қызметкерлер мен әскери қызметшілер арнаулы мемлекеттік органдарда штаттық лауазымдарда, қолданыстағы резервте қызмет өткереді, сондай-ақ запаста бола алады.
      Қызметкерлер мен әскери қызметшілерді қолданыстағы резервке алу мен олардың қызметті өткеру тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      Арнаулы мемлекеттік органдар жұмыскерлерінің еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.

      25-бап. Қызметкерлер құрамы

      Қызметкерлер мынадай құрамдарға бөлінеді:
      1) қатардағы қызметкерлер;
      2) сержанттар;
      3) офицерлер.

      26-бап. Арнаулы атақтар

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарда мынадай арнаулы атақтар белгіленеді:
      1) қатардағы құрам:
      қатардағы қызметкер;
      2) сержанттар құрамы:
      кiшi сержант;
      сержант;
      аға сержант;
      3) кіші офицерлік құрам:
      лейтенант;
      аға лейтенант;
      капитан;
      4) аға офицерлік құрам:
      майор;
      подполковник;
      полковник;
      5) жоғары офицерлік құрам:
      генерал-майор;
      генерал-лейтенант;
      генерал-полковник.
      2. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының алдында олардың мыналарға қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:
      1) ұлттық қауіпсіздік органдарына – «ұлттық қауіпсіздік»;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне – «Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі»;
      3) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органға – «сыртқы барлау».
      3. Запастағы азаматтардың арнаулы атақтарының алдына «запастағы», ал отставкадағыларға – «отставкадағы» деген сөздер қосылады.
      4. Арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:
      офицерлік құрамға:
      лейтенанттарға – екі жыл;
      аға лейтенанттарға – үш жыл;
      капитандарға – төрт жыл;
      майорларға – бес жыл;
      подполковниктерге – жеті жыл белгіленеді;
      полковниктер мен одан жоғарыларға – белгіленбейді;
      қатардағы мен сержанттық құрамға – белгіленбейді.
      Білім алудың бес жыл және одан көп мерзімімен арнаулы (әскери) оқу орындарын бітірген қызметкерлер үшін лейтенант арнаулы атағында еңбек сіңіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді.

      27-бап. Арнаулы атақтарды беру тәртібі

      1. Арнаулы атақтар қызметкерлерге дербес беріледі. Арнаулы атақ алғашқы немесе кезекті болуы мүмкін.
      2. Қызметкерлерге арнаулы атақтарды:
      1) жоғары офицерлік құрамға – арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті;
      2) полковникті – арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы;
      3) өзге арнаулы атақтарды – лауазымдар номенклатурасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындаған лауазымды адамдар береді.
      3. Алғашқы арнаулы атақтар болып:
      1) офицерлік құрам үшін – лейтенант;
      2) сержанттар құрамы үшін – кіші сержант;
      3) қатардағы құрам үшін – қатардағы қызметкер саналады.
      4. «Лейтенант» арнаулы атағы:
      1) офицерлік құрамның арнаулы атағы жоқ, жоғары (арнаулы немесе әскери) оқу орындарын бітірген қызметкерге;
      2) офицерлік құрамның арнаулы атағы жоқ, тиісті мамандыққа ұқсас жоғары кәсіптік білімі бар және штатпен офицерлік құрам атағы көзделген лауазымға келісімшарт бойынша қызметке тұрған қызметкерге – тиісті лауазымға тағайындау кезінде, бірақ кемінде алты айдан кейін беріледі.
      5. Офицерлік құрамның алғашқы арнаулы атағын қызметкер қызмет өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы береді.
      6. «Сержант» арнаулы атағы және одан кейінгілер қажетті дайындық деңгейі бар және тиісті лауазымға тағайындалған қызметкерге, бірақ кемінде он екі айдан кейін беріледі.
      7. «Кіші сержант» арнаулы атағы әскери атағы жоқ, жоғары немесе орта білімі бар азаматқа келісімшарт бойынша қызметке тұрған кезде беріледі.
      8. «Қатардағы қызметкер» арнаулы атағы арнаулы атағы жоқ азаматтарға:
      1) келісімшарт бойынша қызметке тұрған кезде;
      2) арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған кезінде беріледі.
      9. Запастан қабылданған не Қарулы Күштер, басқа әскерлер немесе әскери құралымдардан ауыстыру тәртібімен қабылданған азаматқа қызметкердің лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттау тәртібімен өзінде бар әскери атақтан төмен емес арнаулы атақ беріледі.
      Арнаулы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген, запастан қабылданған не басқа арнаулы мемлекеттік не құқық қорғау органдарынан ауыстыру тәртібімен қабылданған және арнаулы атағы немесе сыныптық шені бар адамдарға оларды қызметкердің лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттау тәртібімен арнаулы атақ беріледі. Қайта аттестаттауды өткізу және арнаулы атақ беру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
      Бұрынғы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі кезекті арнаулы атақ беру үшін еңбек сіңіру мерзіміне есептеледі.
      10. Кезекті арнаулы атақ егер ол тең немесе одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымды атқарып отырса, алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі өткеннен кейін беріледі.
      11. Қызметкерде алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде ол кезекті арнаулы атағын алуға ұсыныла алмайды.
      12. Жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағы қызметкерге жоғары офицерлік құрамды ауыстыруға жататын атқарып отырған лауазымында, әдетте, кемінде екі жыл өткеннен кейін беріледі.
      13. Арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақ берілген күннен бастап есептеледі.
      14. Сержанттар құрамының лауазымына тағайындау кезінде тиісті даярлықтан өткен қызметкерге арнаулы атақ берілуі мүмкін.
      15. Арнаулы (әскери) оқу орындарында және адъюнктурада күндiзгi оқу нысаны бойынша білім алатын офицерлерге кезектi арнаулы атақтар ағымдағы арнаулы атақтарда болудың белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн және ол оқуға түсер алдында атқарған лауазымы бойынша арнаулы атаққа берілетін атақ сәйкес келген кезде берiледi.
      16. Қызметтік борышын үлгiлi орындайтын, қызмет атқару немесе өзге де қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби шеберлiк пен ынта-жiгер танытқан қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ мерзiмiнен бұрын берiлуi мүмкiн, бiрақ атқарып отырған лауазымдар бойынша көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
      Мерзiмiнен бұрын арнаулы атақ арнаулы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн, бiрақ тиiсiнше кiшi және аға офицерлік құрамның әскери атақтарында қызмет өткерген кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi.
      17. Қызметтік, жауынгерлiк даярлықта, қызметтік тәртiптi нығайтуда, күрделi техниканы меңгеруде жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзген немесе арнаулы мемлекеттік органның міндеттерін орындаумен байланысты тапсырылған учаскедегi мiндеттердi үлгiлi орындайтын қызметкерге подполковникке дейiн, ал ғылыми дәрежесі бар ғылыми-педагогикалық құрамның офицерлерiне полковниктi қоса алғанда – атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр сатыға жоғары кезектi арнаулы атақ берiлуi мүмкiн.
      Атқарып жүрген лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр сатыға жоғары кезектi арнаулы атақ қызмет кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi және арнаулы атағында кемiнде екi белгiленген еңбек сiңiру мерзiмі өткеннен кейiн берiледi.
      18. «Кiшi сержант» кезектi арнаулы атағы ол үшiн «кiшi сержант» және одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымға тағайындалатын қызметкерге берiледi.
      19. Офицерлік немесе сержанттық құрамның арнаулы атағынан айырылған азаматқа (әскери мiндеттiге) қатардағы құрамның әскери есебiне бiр мезгiлде ауыстыра отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органының бастығы «қатардағы қызметкер» әскери атағын бередi.

      28-бап. Арнаулы атақты төмендету, одан айыру және арнаулы
               атағын қалпына келтіру

      1. Қызметкердің арнаулы атағы бiр сатыға:
      1) жоғары офицерлік құрам – Қазақстан Республикасының Президентiмен;
      2) офицерлік құрам (жоғары офицерлік құрамнан басқа) – арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысымен;
      3) өзге де арнаулы атақтар – лауазымдар номенклатурасына сәйкес төмендетілуi мүмкiн.
      2. Арнаулы атағы төмендетілген қызметкерге осы Заңға сәйкес арнаулы атақ берілуі немесе ол қалпына келтірілуі мүмкін.
      Арнаулы атақты қайталап төмендетуге жол берілмейді, ықпал етудің өзге шаралары қолданылады.
      Төмендетілген арнаулы атақта қызмет уақыты қызметкерге кезекті арнаулы атақ беру үшін еңбек сіңіру мерзіміне есептелмейді.
      3. Қылмыс жасаған қызметкерлер соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі бойынша арнаулы атағынан айырылады.
      Қызметкерді арнаулы атағынан айыру жеке құрам бойынша бұйрықпен ресімделеді.
      4. Заңсыз соттауға байланысты арнаулы атағынан айырылған азаматқа бұрынғы арнаулы атағы Қазақстан Республикасының заңдарында және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бұрынғы құқықтары мен жеңiлдiктерi қалпына келтiрiле отырып, оны ақтау туралы шешiм күшiне енгеннен кейiн берiледi.

      29-бап. Қызметкерлерді лауазымға тағайындау және ауыстыру

      1. Қызметкер арнаулы атаққа сәйкес келуі тиіс лауазымға тағайындалады.
      2. Арнаулы мемлекеттік органдардағы лауазымдар және оларға сәйкес арнаулы және әскери атақтар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      3. Арнаулы мемлекеттік органдардағы типтік емес лауазымдар және оларға сәйкес келетін арнаулы және әскери атақтар тізбесін осы органдардың бірінші басшылары бекітеді.

      30-бап. Лауазымға тағайындау тәртібі

      1. Қызметкерді лауазымға тағайындау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қызметкерлермен келiсiмшарт жасасу, оларды лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақтар беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тiзбесiн (лауазымдар номенклатурасы) арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайды.
      3. Қызметкерді лауазымға тағайындау бiлiмi мен кәсіби даярлығы деңгейiн, оның психологиялық қасиеттерiн, денсаулық жағдайын және осы Заңда көзделген өзге де мән-жайларды ескере отырып, жүргізiледi.
      4. Қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау қызметтiк әрекетінің тәжiрибесi ескерiле отырып, оларды негізгі немесе бір бейінді мамандығы бойынша пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс. Қызметкерді олар үшiн жаңа мамандық бойынша лауазымдарға пайдалану қажет болған кезде, олар осы лауазымдарға тағайындалар алдында тиiстi қайта даярлықтан өтуге тиiс.
      5. Офицерлік құрамының атағы бар, жоғары оқу орнынан кейiнгi жоғары кәсіптік бiлiм беру бағдарламасы бойынша офицердi даярлау көзделген арнаулы (әскери) оқу орнына, адъюнктураға, докторантураға күндiзгi оқу нысанына қабылданған қызметкер бұрынғы атқарған лауазымынан босатылады және адьюнкт немесе докторант лауазымына тағайындалады.
      Сержант немесе офицерлік атағы бар, атқаратын қызметінен босатылмай арнаулы (әскери) оқу орнында қайта даярлау мен біліктілігін жоғарлатудан өтетiн қызметкер тыңдаушы болып табылады.
      Офицер атағы жоқ, арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған қызметкер бұрынғы атқарған лауазымынан босатылады және аталған оқу орнында білім алатын адамдар үшiн көзделген курсант лауазымына тағайындалады.
      Арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған азамат аталған оқу орнында білім алатын адамдар үшiн көзделген курсант лауазымына тағайындалады.
      Арнаулы (әскери) оқу орнына қабылдаған кезде қызметкерге (азаматқа) оның бұрын берiлген атағы сақталады.
      6. Арнаулы (әскери) оқу орнына, адьюнктураға, докторантураға қабылданбаған қызметкерлер өздерін аталған оқу орнына түсу үшін жіберген бөлімшеге бұрынғы атқарған лауазымына қайтып келеді.
      7. Арнаулы (әскери) оқу орындарын, адъюнктураны, докторантураны бітірген қызметкерлер қажетті бiлiм деңгейi бар адамдар алмастыруға жататын және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін арнаулы мемлекеттік органдағы лауазымдар және оларға сәйкес келетiн арнаулы атақтар тiзбесiнде (бұдан әрі – Лауазымдар тiзбесi) көзделген офицерлік құрамның лауазымдарына тағайындалады.
      Аталған лауазымдарға тағайындау мүмкiн болмаған кезде мұндай қызметкерлер даярлық бейiнi бойынша ұқсас өзге лауазымдарға тағайындалады (айрықша жағдайларда лауазымға одан әрі тағайындау үшiн тиісті бастықтың қарамағына жiберiледi).
      8. Лауазымдарға тағайындау кезiнде мынадай шарттар сақталады:
      1) сержанттар құрамы және офицерлік құрам атқаруға жататын лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлері тағайындалады.
      Аталған лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлерiн тағайындау мүмкiн болмаған кезде оларға арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен төмен тұрған құрамның қызметкерлері тағайындалуы мүмкiн;
      2) тиiстi бастықтардың қарамағына жiберiлген қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау осы Заңның 33-бабының 4-тармағында белгiленген мерзiмнен аспайтын, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi;
      3) қызметке жарамдылық санаты туралы әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысы ұсынылады;
      4) егер қызметкерге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе аталған рұқсаттама тоқтатылған жағдайда, ол мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге берiлетiн рұқсаттамамен байланысты емес лауазымға белгiленген тәртiппен тағайындалады немесе қызметтен шығарылуға жатады;
      5) өзара жақын туыстықта болатын қызметкерлерге, олар бiр-бiрiне тiкелей бағынысты болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет өткеруге рұқсат берiлмейдi.
      9. Қызметкерлер жоғары тұрған, тең немесе төмен тұрған лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.
      10. Лауазымдар тiзбесiнде ол лауазымға бұрынғы лауазым бойынша арнаулы атаққа қарағанда неғұрлым жоғары арнаулы атақ, ал штатта көзделген арнаулы атақтар тең болған жағдайда - бiлiктiлiк талаптарының немесе басқару органының неғұрлым жоғары деңгейi сәйкес келсе, лауазым жоғары тұрған болып есептеледі.
      11. Қызметкерді жоғары тұрған лауазымға тағайындау қызметi бойынша жылжыту тәртібiмен жүргiзiледi.
      Жоғары тұрған лауазымға өзі қызмет өткеретiн органының аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби қасиеттерін және ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткен қызметкер тағайындалады.
      12. Лауазымдар, егер оларға тең арнаулы атақ, сондай-ақ тең бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының деңгейi сәйкес келсе, тең болып есептеледі.
      13. Қызметкерді тең лауазымға тағайындау:
      1) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
      2) қызметкерді қызметте орынды пайдалану үшiн;
      3) осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн қызметкердің баянатына сәйкес отбасы жағдайы бойынша;
      4) әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргiзiледi.
      14. Лауазым, егер оған неғұрлым төменiрек арнаулы атақ, сондай-ақ анағұрлым төмен бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының төменгi деңгейi сәйкес келсе, төмен болып есептеледі.
      15. Төмен лауазымға тағайындау:
      1) қызметкердің келiсiмiмен:
      оның даярлық бейiнiне тең бос лауазым болмаған кезде ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
      үлгi нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн отбасылық-мүлiктiк жағдайын тексеру актiсiмен расталатын, осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған отбасы жағдайы бойынша;
      әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
      осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, бастықтың қарамағында болған кезеңде;
      2) келiсiмшартты бұзу үшiн негiздер болып табылмайтын, қызмет өткеру тәртібi мен қағидаларын бiрнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) бұзған жағдайда аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша қызметкердің келiсiмiнсiз бiр сатыдан төмен емес лауазымға тағайындау жүргiзiледi.
      16. Қызметкерді лауазымға тағайындау, лауазымнан босату, бастықтың қарамағына жіберу, шығару, арнаулы атақ беру, одан төмендету, айыру кезiнде, сондай-ақ жаңа келiсiмшарт жасасқан кезде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіпте ұсыну ресiмделедi.

      31-бап. Қызметкерлерді ауыстыру тәртібі

      1. Қызметкерді ауыстыру – бұл оның лауазымдық жағдайын немесе қызмет орнын өзгерту.
      Ауыстыру:
      1) лауазымға тағайындалған;
      2) iссапарға жiберiлген;
      3) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша бастықтың қарамағына жiберiлген;
      4) арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған;
      5) бiр арнаулы мемлекеттік органнан басқасына ауыстырылған;
      6) бөлiмше тұрақты орналасу орнын өзгерткен жағдайларда жүргiзiледi.
      2. Ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға сәйкес жүзеге асырылатын бөлімшенің тұрақты орналасу орны өзгерген, сондай-ақ бөлімшенің тұрақты орналасу орнына қарамастан тең лауазымға тағайындалған кезде қызметкерді ауыстыру арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы осы құқықты берген уәкілетті басшының шешімімен оның келісімінсіз жүргізіледі.
      3. Қызметкерді ауыстыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iстердi және лауазымын тапсырғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.
      Iстерді және лауазымын тапсыруды бастауды уәкілетті басшы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi-көшірме немесе қызметшiнi ауыстыру жөнiнде жазбаша хабарлама түскен күннен бастап, бiрақ хабарлама келіп түскен күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген қызметкер үшін – ол келген күннен бастап айқындайды.

      32-бап. Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқаруды
               жүктеу

      1. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты қызметкерге ол атқармайтын лауазымға тең немесе одан жоғары лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқару:
      1) бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша – оның келiсiмiмен жүктелуi мүмкiн, бұл жағдайда қызметкер атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатылады, бiрақ атқарып отырған лауазымынан босатылмайды және оған мiндеттердi уақытша атқаруға жiберiлген лауазымы бойынша ақшалай үлес төленеді;
      2) бос емес (тағайындалған) лауазым бойынша – оны атқарып отырған қызметкер уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған қызметкерді лауазымынан шеттеткен жағдайда, 2 айдан аспайтын мерзiмге жүктелуi мүмкiн.
      2. Қызметкерге бос лауазымды уақытша атқаруды жүктеудi және оны атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатуды осы лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бұл ретте қызметкерге жоғары офицерлік құрам атқаруға тиiс бос лауазымдар бойынша лауазымды уақытша атқаруды жүктеу арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      3. Органның бастығы өзi уақытша болмаған жағдайда мiндеттердi уақытша атқаруды орынбасарларының бiреуiне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейдi.

      33-бап. Бастықтың қарамағына жіберу

      1. Қызметтi одан әрі өткеру мәселелерiн шешу үшiн қызметкерлерді лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам бұйрықтар шығару құқығы бар уәкілетті басшының қарамағына жiберуi мүмкiн.
      2. Қызметкерді бастықтың қарамағына жiберуге осы баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзiмдерде жол берiледi.
      3. Қарамағында қызметкерлер бар лауазымды адамдар олардың лауазымдық мiндеттерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
      4. Қызметкер:
      1) оны басқа лауазымға тағайындау кезінде уәкілетті басшының қарамағында екі айдан аспайтын мерзімде болу;
      2) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар (штаттардың қысқаруы) өткізуге байланысты уәкілетті басшының қарамағында үш айдан аспайтын мерзімде болу;
      3) қызметкерді тең лауазымға ауыстыру мүмкіндігінің болмауына байланысты уәкілетті басшының қарамағында алты айдан аспайтын мерзімде болу;
      4) қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты уәкілетті басшының қарамағында қылмыстық іс бойынша шешім шыққанға дейін болу;
      5) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілу;
      6) қолданыстағы резервте болу жағдайларында штаттық емес лауазымдарда қызмет өткеруі мүмкін.

      34-бап. Лауазымнан босату

      1. Қызметкер жаңа лауазымға тағайындалған, ауыстырылған, қызметтен шығарылған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Заңда көзделген басқа да мән-жайларға байланысты атқарып жүрген лауазымынан босатылады.
      2. Қызметкерді атқарып жүрген лауазымынан босатуға уәкілетті басшының құқығы бар.

      35-бап. Ресми өкілдер

      Арнаулы мемлекеттік органдар өздерінің ресми өкілдерін өзге мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен немесе құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелеріне жіберуі мүмкін.
      Ресми өкілдер туралы ережені арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      36-бап. Қызметкерлерді мемлекеттік органдарға, сондай-ақ
               ұйымдарға іссапарға жіберу

      1. Қызметкерлер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу үшін және заңдарда көзделген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарына, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, олардың бірінші басшыларының келісімімен, не халықаралық шарттар негізінде халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.
      Бұл ретте іссапарға жіберілген адамның мәртебесі сақталады, ал бұдан бұрын жасалған келісімшарттың қолданысы тоқтатылмайды.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлермен жаңа келісімшарттар жасасу осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге арнаулы атақтар беру, оларды қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен наградтау осы Заңда көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      4. Іссапарға жіберілген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық айлықақылар және арнаулы атақ бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлықақылар төленеді.
      5. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге сыйлықақы беру олар іссапарға жіберілген мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ ұйымдардың қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiппен лауазымдық айлықақылар негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
      Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақы төлеу олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдарды, сондай-ақ ұйымдарды ұстауға көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Өзге де төлемдер, сондай-ақ арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз ету, қызметкерлерді iссапарға жiберген арнаулы мемлекеттік органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.
      6. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген жалақы оларды ұстау үшін көзделген қаражат есебінен төленеді.
      7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу кезеңінде қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтар, кепілдіктер, жеңілдіктер, өтемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау сақталады.
      Іссапарға жiберiлген қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте іссапарға жіберілген қызметкерлерге міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін олардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ ұйымдарында атқарып отырған лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары есепке алынады, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлердің міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда атқарған соңғы лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары және арнаулы атақтары бойынша айлықақылары есепке алынады.
      Қалған бiржолғы сипаттағы төлемдер бойынша iссапарға жiбергенге дейiн қызметкердің атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы есепке алынады.

      37-бап. Кадр резерві

      1. Арнаулы мемлекеттік органның кадрлық құрамын қалыптастыру және лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы мемлекеттік органда кадр резерві жасалады.
      2. Кадр резерві аттестаттау нәтижелері бойынша жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден қалыптастырылады.
      3. Бос басшы лауазымға арнаулы мемлекеттік органның кадр резервінде тұрған адам уәкілетті басшының шешімі бойынша орналастырылады. Кадр резервінде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде бос лауазымға аттестаттау нәтижесі бойынша басқа қызметкер орналастырылады.
      4. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауаптылығы арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті басшысына және кадр бөлімшесіне жүктеледі. Арнаулы органдарда кадр резерві кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
      5. Кадр резервіне қоюды уәкілетті басшы жүзеге асырады.
      6. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған, лауазымынан немесе арнаулы атағынан төмендетілген, сондай-ақ оған қызметіне толық сәйкес келмеуі туралы ескерту түрінде тәртіптік жазалау шарасы қолданылған жағдайларда кадр резервінен шығарылады.
      7. Қызметкердің кадр резервінде тұру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс. Кадр резервіне қойылып, бірақ кадр резервінде болған кезеңде олар үшін жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар кадр резервіне жалпы негіздерде жаңадан қойылуы мүмкін.
      8. Арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімдерін жүргізеді.
      9. Кадр резервін қалыптастыру және олармен жұмыс істеуді ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

5-тарау. ДЕМАЛЫСТАР

      38-бап. Демалыс түрлері

      1. Қызметкерлер үшін демалыстардың мынадай түрлері белгіленедi:
      1) жыл сайынғы;
      2) қысқа мерзiмдi;
      3) жүктiлiгi және босануы бойынша, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыстар;
      4) қосымша;
      5) каникулдық;
      6) оқу;
      7) ауруы бойынша;
      8) бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған айлықақысы сақталмайтын демалыс.

      39-бап. Демалыстар берудің және олардың ұзақтығын
               есептеудің жалпы тәртібі

      1. Демалыстар уәкілетті басшының бұйрығы негiзiнде берiледi.
      2. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады, бұл ретте жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы, демалысты өткiзу орнына барып қайту жолына қажеттi уақыт есептелмегенде, демалыс берiлетiн жылда алпыс тәулiктен аспауға тиiс.
      3. Осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыстардың барлық түрлерiнде болған кезеңде қызметкерлердің ақшалай үлесi және өзге де қосымша төлемдерi сақталады.

      40-бап. Жыл сайынғы демалыс

      1. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыстар уәкілетті басшы бекіткен демалыстар кестесіне сәйкес күнтізбелік жыл ішінде беріледі.
      Демалыс уақытында, бөлімшенің толық таралуын және келісімшартта көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның бастамасы бойынша қызметкерді ауыстыруға, жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
      2. Еңбек сіңірген жылдарын, қызмет ерекшеліктері мен жағдайларын ескере отырып, қызметкерлерге (курстанттарды қоспағанда) берілетін жыл сайынғы демалыстардың ұзақтығы:
      қызметте еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік 10 жылға дейінгілерге – 30 тәулік;
      10-нан 15 жылға дейінгілерге – 35 тәулік;
      15-тен 20 жылға дейінгілерге – 40 тәулік;
      20 жыл және одан көптерге – 45 тәулік;
      ұшу жұмыстарындағы, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жергілікті жерлерде қызмет өткеретін адамдарға – 45 тәулік болып белгіленеді.
      3. Қызмет мүдделерін және қызметкерлердің тілектерін ескере отырып, демалыс екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
      4. Қызметкердің қызметке тұрған жылдағы және қызметтен шығарылған жылдағы жыл сайынғы демалысының ұзақтығын есептеу жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөліп, алынған тәулік санын қызметке тұрған немесе шығарылған жылдағы қызметтің толық айларының санына көбейту арқылы есептеледі.
      5. Толық емес тәуліктер мен айлардың санын дөңгелектеу ұлғайту жағына қарай жүргізіледі. Қызметкерді қызметтен уақтылы шығару (арнаулы мемлекеттік органның жеке құрамы тізімінен алып тастау) мүмкін болмаған жағдайда, оны шығару күні жыл сайынғы демалыстың пайдаланылмаған күндеріне есеп айырысу жүргізіліп, ол қызметкерге беріледі. Мерзімінен бұрын қызметтен шығару кезінде (келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін), егер демалыс кестесіне сәйкес демалыс бұрын пайдаланылмаса, қызметкердің жыл сайынғы демалыс ұзақтығы осындай тәртіппен есептеледі.
      6. Арнаулы (әскери) оқу орнын бітірген қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс аталған оқу орнын аяқтағаннан кейін беріледі.
      7. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын биік таулы жерлерде (биіктігі бір мың бес жүз метр және одан жоғары), климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткеріп жүрген қызметкерлерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан ұзақтығы күнтізбелік қырық бес күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
      8. Қызметкерлердің жыл сайынғы демалысының ұзақтығы демалысты өткізу орнына барып қайту жолы үшін қажет уақытты ескере отырып, тәулік санына ұлғайтылады.
      9. Қызметкердің баянаты және уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкерге жыл сайынғы және қосымша демалыстар олардың арасын үзбей жалғастырылып беруге жол беріледі.
      10. Өткен жылдың жыл сайынғы және (немесе) қосымша демалыстарын қызметкер дәлелді себептермен толық пайдаланбаған жағдайда, демалыстың пайдаланылмаған күндері оның өтініші бойынша келесі жылы беріледі.
      11. Жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақытында (арнаулы мемлекеттік органның жеке құрамы тізімінен шығара отырып, қызметтен шығарылатын жылдан басқа) ауырып қалған қызметкерлерге, отбасы жағдайлары бойынша демалысты қоспағанда, ауырған күндерінің санына сәйкес жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақыты ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды уәкілетті басшы емдеу-сауықтыру мекемесінің анықтамасы негізінде жүзеге асырады.
      12. Отбасы мүшесінің денсаулық жағдайы ауыр немесе ол қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыстағы қызметкердің отбасы мүшелері табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болғанда қызметкер демалып жүрген аумақтың аумақтық орган басшысы қызмет өткеру орнына баруға қажет уақытты есептемегенде, демалысты он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.
      Аумақтық орган басшысы демалыстың ұзартылғаны туралы аталған қызметкер қызмет өткеретін бөлімше басшысын дереу хабардар етеді.

      41-бап. Қысқа мерзімді демалыстар

      1. Қызметкерлерге қысқа мерзімді демалыс он тәулікке дейінгі мерзімге:
      1) жақын туыстарының (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) денсаулық жағдайы ауыр немесе қайтыс болған (қаза тапқан);
      2) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болған;
      3) шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелер туындаған жағдайларда, сондай-ақ уәкілетті орган басшысы дәлелдi деп танылған басқа да себептер бойынша беріледі.
      2. Қызметкерге берілетін қысқа мерзімді демалыс ұзақтығы демалыс өткізу орнына баруы мен қайту жолына қажетті тәулік санына ұлғайтылады.
      3. Қызметкерге қысқа мерзiмдi демалыстар жылына екі реттен артық берілмейді.

      42-бап. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс, бала
               (балалар) асырап алған қызметкерлерге берілетін
               демалыс

      1. Әйел қызметкерге жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс босанғанға дейін ұзақтығы күнтізбелік жетпіс күн және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты (босануы ауыр болған немесе екі немесе одан да көп бала туылған жағдайда – жетпіс) күн беріледі. Есептеу жинақтап жүргізіледі және босанғанға дейінгі нақты пайдаланылған күндердің санына қарамастан толық демалыс беріледі.
      Қызметкерлерге аталған демалыс тиісті медициналық мекеме берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағының негізінде беріледі.
      2. Жаңа туылған бала (балалар) асырап алған қызметкерге (ата-анасының біріне) асырап алған күннен бастап және баланың туылған күнінен елу алты күн өткенге дейінгі мерзімге демалыс беріледі.

      43-бап. Қосымша демалыстар

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасында экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткеретiн қызметкерлердің ұзақтығы мен беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыстар алуға құқығы бар.
      2. Қызметiнiң ерекше жағдайлары үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк он күнге дейiн қосымша ақы төленетін демалыс берiледi, ол жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылып есептеледi және қызметкердiң қалауы бойынша онымен бiр мезгiлде немесе бөлек берiлуi мүмкiн.
      3. Зиянды жағдайларда мiндеттерiн атқарғаны және қызметiнiң ерекше сипаты үшiн бiр мезгiлде қосымша демалыс алуға құқығы бар қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бiр негiз бойынша ғана берiледi.

      44-бап. Каникулдық демалыстар

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында күндiзгi оқу нысаны бойынша білім алатын курсанттарға оқу сабақтарындағы үзілістер кезінде мынадай мерзімдерге каникулдық демалыстар беріледі:
      1) қысқы демалыс – 14 тәулік;
      2) жазғы демалыс – 30 тәулік.
      2. Демалысты өткізу орнына барып қайту үшін қажетті уақыт берілмейді.

      45-бап. Оқу демалыстары

      1. Қызметкерлерге уәкілетті басшылардың шешімі бойынша оқу демалыстары:
      1) оқуға түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшін;
      2) білім алу кезеңінде берілуі мүмкін.
      2. Оқу демалыстарының ұзақтығы оқу жоспарында белгіленеді және оны оқу орнының жазбаша шақыруы негізінде уәкілетті басшы береді.

      46-бап. Ауыру бойынша демалыстар

      1. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде беріледі. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс отыз тәуліктен алпыс тәулікке дейін, ал қызметтен шығарылатын жылы – келісімшарт мерзімі аяқталатын күнге дейін беріледі.
      2. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін денсаулығына жағымсыз әсер ететін міндеттерді орындағаннан кейін оларға медициналық оңалту жүргізіледі.
      Қызметкерге медициналық оңалту үшін берілетін қосымша тәуліктер санын әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
      3. Ауыру бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.

      47-бап. Демалыстан шақыртып алу

      1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкер демалыстан шақыртылып алынуы мүмкін.
      2. Қызметкердi демалыстан шақыртып алу бұйрықпен ресімделеді. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi он және одан көп тәулiктi құрайтын болса, қызметкерге демалысты өткiзу орнына, бірақ ол шақыртып алынған орыннан алыс емес жерге барып қайту жолы үшiн қажеттi уақыт берiледi. Демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi қызметкердің қалауы бойынша келесi жылғы демалысқа қосылуы мүмкiн.

6-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ

      48-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатудың
               негiздерi

      Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатуға:
      1) осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметтен шығару;
      2) қызметкердiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшiне енген шешiмiне сәйкес қайтыс болды деп хабарлануы;
      3) қызметкердi заңда белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе iс-әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп тану негiз болып табылады.

      49-бап. Қызметтен шығару

      1. Қызметкерлерді қызметтен шығару мынадай негiздер бойынша:
      1) қызметте болудың шекті жас жағдайына жеткен кезде – жасы бойынша;
      2) келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша;
      3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы қорытындысы негiзiнде денсаулық жағдайы бойынша;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы атақтан айырған кезде;
      5) арнаулы (әскери) оқу орнынан шығарылған кезде;
      6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде;
      7) осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бермегенi немесе бұрмалағаны үшiн;
      8) уәкілетті басшының қарамағында алты айды қоса есептеген мерзімге дейін болған кезінде, қызметкердің жинақтаған тәжірибесі мен білімін қолдану мүмкін емес жағдайда, сондай-ақ ұсынылған лауазымнан бірнеше рет бас тартқан кезде;
      9) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға байланысты;
      10) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты;
      11) оның келiсiмшарт талаптарын орындамауына байланысты;
      12) арнайы тексеруден бас тартқан кезде;
      13) теріс себептер бойынша жүргізіледі.
      2. Қызметкер:
      1) оған қатысты келісімшарт талаптары айтарлықтай және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп) бұзылған жағдайда;
      2) мыналардың:
      қызметкердің қызмет өткеріп жатқан жерінде медициналық көрсетулер бойынша қызметкердің отбасы мүшесінің тұруы мүмкін болмауы және оны жаңа қызмет орнына ауыстыру мүмкіндігі болмауы;
      отбасының басқа жерге көшу қажеттілігіне байланысты қызметкер күйеуінің (қызметкер әйелінің) қызмет орнын ауыстыруы;
      тұрғылықты жері бойынша халықты әлеуметтік қорғау органының қорытындысына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтімді (көмекті, қадағалауды) қажет ететін не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын әкесіне, анасына, әйеліне, күйеуіне, аға-інісіне, апа-сіңлісіне, қарындасына, атасына, әжесіне немесе асырап алған адамына немесе қартаюына байланысты зейнеткерлік жасқа жеткен немесе он сегіз жасқа толмаған адамдарға, заң бойынша аталған азаматтар күтіп-бағуға міндетті басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
      қызметкер анасыз (әкесіз) тәрбиелеп отырған, он сегіз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі салдарынан отбасы жағдайы бойынша;
      3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған немесе тағайындалған жағдайда;
      4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда қызметтен мерзімінен бұрын шығуға құқылы.
      3. Қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкер қайтыс болуы (қаза табуы) құжаттамалық расталған күннен кейінгі күннен бастап, ал хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп хабарланған қызметкер сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жеке құрам тізімдерінен шығарылады.
      4. Белгіленген мерзімде еңбек сіңірген адамдарды қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда оның қолданылу кезеңіне тоқтатыла тұрады.

      50-бап. Қызметкерлердің қызметте болуының шектi жасы

      1. Қызметте болудың мынадай шектi жастары:
      1) оны қоса алғанда подполковникке дейін – қырық жеті жас;
      2) полковниктерге – елу бес жас;
      3) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – алпыс жас;
      4) генерал-полковниктерге – алпыс үш жас белгіленеді.
      2. Шекті жасқа жеткен қызметкерлер осы Заңда белгіленген тәртіппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
      Жоғары кәсiби даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжiрибесi бар және денсаулық жағдайы бойынша қызметтi өткеруге жарамды қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары олармен келісімшарт жасасу арқылы бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге қызмет мерзімін ұзартуы мүмкін.
      Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет өткеретін, магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежесі немесе атағы бар қызметкерлерге, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың әскери-медициналық бөлімшелерінде мамандығы бойынша қызмет өткеретін жоғары білімі бар және жоғары біліктілік санаты бар медицина қызметкерлеріне қызмет мерзімі бес жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
      Қызметте қалдыру мерзiмiн ұзарту туралы шешiм осы Заңда көзделген негiздер бойынша қызметкердi арнаулы мемлекеттік органдарынан шығару мүмкiндiгiнен айырмайды.

      51-бап. Қызметтен шығару тәртiбi

      1. Қызметкерлердi қызметтен запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес бұған құқығы бар уәкілетті лауазымды адамның бұйрығымен жүргізіледі.
      2. Қызметкерді бөлімшенің тізімінен шығару арнаулы мемлекеттік органдарда белгіленген мерзімде істер мен лауазымды тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
      3. Қызметкер еңбек демалысында, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда жеке құрам тізімінен алып тастау жүргізілмейді.
      4. Қызметте болудың шекті жасына жету немесе келісімшарт мерзімінің аяқталуы туралы қызметкерді уәкілетті басшы алдын ала жазбаша түрде (бірақ бір айдан кешіктірмей) хабардар етеді.
      Қызметтен алдағы шығару туралы қызметкерге хабарлағаннан кейін оны қызметтік іссапарға жіберуге тыйым салынады.
      5. Қызметкерді қызметтен шығару туралы бұйрықтан үзінді-көшірме оған қол қойғызыла отырып, назарына жеткізіледі. Қызметкер орган орналасқан жерден тыс жерде жүрген жағдайда, қайтып оралғаннан соң бұйрықтан үзінді-көшірме оның назарына жеткізіледі.
      Бұйрықтан үзінді-көшірме қызметтен босатылатын қызметкердің жазбаша өтініші негізінде ғана беріледі.
      6. Қызметкерді қызметтен шығару үшін бірнеше негіз болған жағдайда, теріс себептер бойынша қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, ол өзі таңдаған негіз бойынша қызметтен шығарылады.
      7. Қызметкерлерді денсаулық жағдайы бойынша қызметтен шығару арнаулы мемлекеттік органның кадр аппараты әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүргізіледі.
      8. Арнаулы атақтан айыруға байланысты қызметкерді қызметтен шығаруға ұсынымды ресімдеу:
      1) соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі арнаулы мемлекеттік органға келіп түскен кезде;
      2) соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде арнаулы атақтан айыруға ұсынымды бір мезгілде ресімдеу кезінде жүргізіледі.
      9. Арнаулы (әскери) оқу орнынан шығарылуына байланысты босатылған курсанттар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына әскерге шақырылушыларды немесе әскери міндеттілерді әскери есепке қоюға жіберіледі. Бұл ретте әскерге шақырылуы бойынша белгіленген мерзімді өткермеген курсанттар одан әрі әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімінің аяқталуына дейін жалпы негізде әскери қызметке шақырылады.
      10. Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтуына байланысты қызметкерлерді қызметтен шығару Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару туралы тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап уәкілетті басшының шешімімен жүргізіледі.
      11. Мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығару мемлекеттік қызметші лауазымын көрсете отырып, қызметкердің қызметке қабылдануы туралы мемлекеттік органның (мекеменің) тиісті хабарламасы келіп түскен кезде қызметкердің баянаты бойынша жүргізіледі.
      12. Қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару осы Заңға сәйкес арнаулы мемлекеттік органның аттестаттау комиссиясының жоспардан тыс отырысында осы фактілерді қарағаннан кейін жүргізіледі.
      13. Арнайы тексеру жүргізуден бас тарту кезінде қызметтен шығару, егер қызметкер өзіне қатысты арнайы тексеру жүргізуден бас тартса немесе оны мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді ресімдеуді қажет етпейтін лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде арнайы тексеру нәтижелері бойынша қызметкерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді ресімдеуге кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған жағдайда жүргізіледі.
      14. Теріс себептер бойынша қызметтен шығару:
      1) қызметкердің қызметте, оның ішінде ара-тұра болуы, алкогольден, есірткіден, психотроптан, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйде болуы, сондай-ақ есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануы, оның ішінде ара-тұра пайдалануы, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануға, оның ішінде ара-тұра пайдалануға медициналық куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару;
      2) қызмет жағдайын жеке пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрімен, оның ішінде коммерциялық делдалдықпен айналысу;
      4) қызмет жағдайын пайдалана отырып, жұмыс орындау мен қызмет көрсету және сол үшін заңсыз сыйақы алу;
      5) соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуі немесе ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату;
      6) тәрбиелеу функцияларын орындайтын қызметкердің атқарып жүрген лауазымына жат әрекет жасауы;
      7) тікелей ақшалай қаражаттарға немесе мемлекеттік мүлікке қызмет көрсететін қызметкердің кінәлі іс-әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер өкілетті басшы тарапынан оған сенімді жоғалтуға негіз берсе;
      8) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді тарату;
      9) бір жұмыс күнінде қатарынан үш және одан да көп сағат дәлелді себептерсіз қызметке шықпау;
      10) Қазақстан Республикасының еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларында айқындалған жағдайларда жүргізіледі.
      15. Қызметкер Қазақстан Республикасы Парламенті немесе жергілікті өкілетті органдар депутаттығына сайланған немесе тағайындалған жағдайда сайлау қорытындыларының тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы негізінде мезгілінен бұрын қызметтен шығуға құқылы.
      16. Егер ол судья лауазымына тағайындалған немесе сайланған жағдайда, қызметкер оны тағайындау туралы тиісті актінің немесе оны сайлау туралы уәкілетті органның хабарламасы негізінде мерзімінен бұрын қызметтен шығуға құқылы.
      17. Қызметтен шығатын қызметкерлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы (әскери) оқу орындарынан шығарылған курсанттар қызметтік куәліктері мен жетондарын тапсырады.
      18. Уәкілетті басшының бұйрығымен жеке құрам тізімдерінен оны алып тастаған күн қызметкерді қызметтен шығару күні болып есептеледі.

      52-бап. Запасқа қою

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінен басқа) запасқа шығарылған қызметкерлері (офицерлік құрам) аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарындағы және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдағы арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебіне алынуға жатады.
      2. Қызметтен:
      1) қатардағы және сержанттық құрамнан;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінен;
      3) теріс себептермен;
      4) келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты шығарылған қызметкерлер жергілікті әскери басқару органдарына запасқа қойылуға жатады.

      53-бап. Запаста болудың шекті жасы

      1. Қызметкерлердің (офицерлік құрамдағы) запаста болуының шекті жасы ерлер үшін толық алпыс жасты, ал әйелдер үшін – толық қырық бес жасты құрайды.
      2. Запаста болудың шекті жасына жеткен қызметкерлер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алына отырып, отставкаға шығарылады.
      3. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президенті запаста болудың шекті жасын ұзартуы мүмкін.
      4. Арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлерін есепке алуды ұйымдастыру және олардың қызметкерлерінің запаста болу тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      54-бап. Қызметін қалпына келтіру

      1. Қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы бұйрыққа жоғары тұрған басшылық алдында немесе Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
      2. Қызметкерлерді (арнайы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметтен заңсыз шығарған жағдайда, осыған байланысты келтірілген залал толық көлемде арнаулы мемлекеттік органдар есебінен өтелуге жатады.
      Қызметтен негізсіз шығарылған қызметкерлер бұрынғы лауазымына (ал оның келісімімен – соған тең немесе төмен тұрған) қайта тағайындалады және заңсыз шығарылғаннан кейін алынбаған үлесінің барлық түрлерімен қамтамасыз етіледі.
      Бұл кезең еңбек сіңірген жылдарына және кезекті арнаулы атақты беру үшін еңбек сіңірген мерзімге қосылады.

7-тарау. АТТЕСТАТТАУ ЖӘНЕ СЫНЫПТЫҚ БІЛІКТІЛІК

      55-бап. Аттестаттау, оның мақсаты мен міндеттері

      1. Аттестаттау – қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін анықтау бойынша мерзімді жүзеге асырылатын рәсім, ол аттестаттау парағына енгізілетін бағалау материалдарының жиынтығы негізінде жүргізіледі.
      2. Аттестаттау мақсаты – қызметтік әрекетті, кәсіби біліктілікті жан-жақты және объективті бағалау, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби әлеуетін ұтымды пайдалану және дамыту.
      3. Аттестаттау міндеттері:
      1) әрбір қызметкердің кәсіби, іскерлік қасиеттеріне және әлеуетті мүмкіндіктеріне жан-жақты және объективті сипаттама алу;
      2) қызметкерлердің атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін және оларды одан әрі қызметте пайдалану перспективасын анықтау;
      3) қызметкерлерді даярлауды (қайта даярлауды) және оқытуды жетілдіру бағытын анықтау;
      4) кадр резервін қалыптастыру және дамыту.

      56-бап. Қызметкерлерді аттестаттау

      1. Қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органдарда үздіксіз қызметте болған әр келесі үш жыл өткен соң аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
      Егер аттестатталуға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Басқа лауазымдарға тағайындалған кезде, егер бұл функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, осы мерзім ескерілмейді.
      2. Арнаулы мемлекеттік органның басшысы және оның орынбасарлары аттестатталуға жатпайды.
      Жүктілігі мен босануы бойынша демалыстағы және 3 жасқа жеткенге дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы қызметкерлер аттестатталуға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталады.
      Кемінде күнтізбелік 20 жыл үздіксіз қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттық тестілеуден өтпейді.
      3. Жоғары аттестаттау комиссияның отырысында қаралатын қызметкерлер үшін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша, басқа қызметкерлер үшін – арнаулы мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ету жөніндегі орынбасарының шешімі бойынша кезектен тыс аттестаттау жүргізіледі.
      Жоспардан тыс аттестаттау өткізуге:
      1) қызметкерді кадр резервіне алу туралы мәселені шешу;
      2) қызметкерді төмен тұрған лауазымға тағайындау туралы мәселені шешу;
      3) қызметкерді келісімшарт шарттарын орындамауына байланысты қызметтен шығару туралы мәселені шешу негіздер болып табылады.
      4. Аттестаттау бірқатар кезектеп өткізілетін кезеңдерді қамтиды:
      1) дайындық іс-шараларын жүргізу;
      2) аттестаттауға жататын қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасын, арнаулы мемлекеттік органның құқықтық актілерін, мемлекеттік тілді білуіне компьютерлік тестілеу және психологиялық-әлеуметтік зерттеулер жүргізу;
      3) аттестаттау комиссиясының отырысында аттестаттауды қарау және қорытындылары бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды анықтау.
      5. Қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу, жоспардан тыс аттестаттау жүргізу, аттестаттық тестілеу бойынша шекті мәнді анықтау тәртібі мен шарттарын, аттестаттау кезінде психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізудің әдістемесін таңдау, сондай-ақ аттестаттау парақтарының нысандарын және аттестаттау комиссиялары мен Жоғары аттестаттау комиссиясы қарайтын лауазымдар тізбесін белгілеу тәртібі арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      57-бап. Аттестаттауды өткізу жөніндегі іс-шаралар

      1. Қызметкерлерді аттестаттауға байланысты іс-шараларды тікелей жүргізу кадр бөлімшелеріне жүктеледі.
      2. Кадр бөлімшесі әр жылдың аяғында келесі жылға қызметкерлерді аттестаттаудың жоспар-кестесін дайындайды.
      3. Уәкілетті басшы кадр бөлімшесінің ұсынуы бойынша қызметкерлерді аттестаттаудың жоспар-кестесін бекітеді.
      4. Кадр бөлімшесі қызметкерлерді аттестаттаудан өткізудің мерзімдері туралы оны жүргізу басталғанға дейін бір ай бұрын жазбаша хабардар етеді.
      5. Аттестатталушының уәкілетті басшысы аттестатталатын қызметкердің кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін жан-жақты зерделеп, ол атқарып отырған лауазым бойынша жұмыстың нақты көрсеткіштерін объективті талдап және бағалап, оған мінездеме беруге және аттестаттау бойынша алдын ала тұжырымдар мен ұсынымдар жасауға міндетті.
      Әскери-медициналық бөлімшелер аттестаттау комиссиясына аттестатталатын қызметкердің денсаулық жағдайы туралы жыл сайынғы диспансеризацияның нәтижелері бойынша мәлімет береді.
      6. Аттесталатын қызметкер компьютерлік тестілеуден өтеді, оның нақты күні туралы кем дегенде 7 жұмыс күні бұрын ескертіледі. Психолог-маман психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулер кешенін жүргізеді және нәтижелері бойынша атқарып отырған лауазымына жеке, іскерлік қасиетінің және кәсіби құзыретінің сәйкес келуі туралы қорытынды, сондай-ақ аттестатталатын қызметкерге аттестаттаудан кейінгі кезеңге ұсынымдар шығарады.
      7. Аттестаттау қорытындысы бойынша тұжырымда аттестатталушы атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді деп көрсетіледі, содан кейін іскерлік қасиеттерін, жұмыс тәжірибесін, сондай-ақ қызмет мүдделерін негізге ала отырып, оны одан әрі қызметте орынды пайдалану туралы пікір жазылады.
      Бұл ретте мынадай:
      жаңа келісімшарт, оның ішінде қызметте болудың шекті жасына жеткен қызметкермен келісімшарт жасасудың орындылығы туралы;
      жоғары лауазымға ұсыну туралы;
      арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға немесе даярлау немесе қайта даярлау курстарына жіберу туралы;
      тең лауазымға ауыстыру туралы;
      қызметке одан әрі жарамдылық дәрежесін анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияның медициналық куәландыруына жіберу туралы;
      қызметкерді себептері мен оны одан әрі қызметте пайдаланудың орындылығын көрсете отырып, атқарып отырған лауазымынан төмен лауазымға ауыстыру туралы;
      кәсіби дамудың жеке бағдарламасын игеру туралы;
      қызметтен шығару туралы ұсынымдар берілуі мүмкін.
      Біреуден көп ұсынымды айқындау кезінде олардың мазмұны бір-біріне қайшы келмеуі тиіс.
      Қажет болған жағдайда арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы өзгедей тұжырыммен айқындауға немесе қызметкерді аттестаттау кезіндегі ұсынымдар тізбесін толықтыруға құқылы.
      8. Атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуі туралы тұжырымды айқындау үшін:
      1) лауазымдық міндеттерін орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың нақты фактілері көрсетілетін, аттестатталушы қызметкердің тікелей басшысы (бастығы) немесе арнаулы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары әзірлеген, аттестаттау бойынша алдын ала тұжырым мен ұсынымдары бар қызметтік мінездеме;
      2) арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шекті мәннен төмен қайта аттестаттық тестілеудің нәтижесі (нәтижелері);
      3) арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кәсіби жарамдылықты анықтау бойынша нормативтердің орындалмауы;
      4) жүргізілген психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері бойынша маман-психологтың қорытындысы;
      5) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды (әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы);
      6) қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауы негіз болып табылады.
      9. Жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.

      58-бап. Аттестаттау комиссиясы

      1. Аттестаттау комиссиясы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      Жоғары аттестаттау комиссиясы арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен құрылады. Арнаулы мемлекеттік органның бөлімшелерінде (органдарында) аттестаттау комиссиялары уәкілетті басшының бұйрығымен құрылады.
      2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде жеті мүше кіруі тиіс. Аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлердің лауазымдарына тең немесе олардан жоғары лауазымда болулары керек. Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді. Аттестаттау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда отырыс өткізілмейді.
      3. Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы болып арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады.
      4. Аттестаттау комиссиясының құрамына органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және өзге де қызметкерлер, ал Жоғары аттестаттау комиссиясының құрамына – уәкілетті басшылар енгізіледі. Аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшысы аттестаттаудан жалпы негіздерде өтеді. Аттестатталуға жататын аттестаттау комиссиясының мүшелері өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.
      5. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады. Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.
      6. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдар мен ұсынымдарды (материалдарды) қараған кезде түсінік алу үшін аттестатталатын қызметкерлерді де және олардың тікелей басшыларын (бастықтарын) да, сондай-ақ аттестатталушы қызметкердің қызметіне және алдын ала жасалған тұжырымдар мен ұсынымдарға тікелей қатысы бар басшыларды (қызметкерлерді) шақыруға құқығы бар.
      Аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша аттестатталушы қызметкер әскери-дәрігерлік комиссияға жіберілуі мүмкін.
      7. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
      8. Аттестаттау комиссиясының түпкілікті тұжырымдары мен ұсынымдары дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ішінен оларға көпшілік дауыс берілсе, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген қорытындылар мен ұсынымдар қабылданған болып саналады.
      9. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары бес жұмыс күнінің ішінде хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды.
      10. Кадр бөлімшесі қызметкердің аттестаттау парағына қабылданған тұжырымдар мен ұсынымдарды енгізеді, ол бекітілгеннен кейін мұнымен қызметкер он жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей қол қоя отырып, таныстырылады.
      Объективті себептер бойынша қызметкерді бекітілген аттестаттау парағымен таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, таныстыру қызметке келген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      11. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы жеке істе сақталады.

      59-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен
               ұсынымдары

      1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын бөлімшенің (органның) басшысы (бастығы) бекітеді.
      Жоғары аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.
      2. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары қызметкерді кадрлар резервіне қабылдауға, тең лауазымға тағайындауға, қызметкердің лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негіздеме болып табылады.

      60-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен
               ұсынымдарына шағымдану

      1. Қызметкер бөлімшенің (органның) басшысы (бастығы) немесе арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы алдында аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарына олармен танысқан күннен бастап бір айдан кешіктірмей шағымдануы мүмкін.
      2. Арнаулы мемлекеттік органның басшысы аттестаттау комиссиясы немесе бөлімшенің (органның) басшысы (бастығы) тарапынан қызметкерлерді аттестаттаудан өткізудің тәртібін бұзғандығы туралы дұрыс мәліметтер алған жағдайда, Жоғары аттестаттау комиссиясы төрағасының ұсынуы бойынша өткізілген аттестаттаудың нәтижелерін жоюға және қажет болған жағдайда Жоғары аттестаттау комиссиясы отырысында қарауға дейін, оны қайта өткізуді тағайындауға құқылы.

      61-бап. Сыныптық біліктілік

      Әрбір қызметкердің кәсіби шеберлігін дамытуды ынталандыру мақсатында сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, төмендету және алу рәсімі жүргізіледі.
      Қызметкерлерге сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, төмендету және алу арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.

8-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

      62-бап. Қызметтік тәртіп

      1. Қызметтік тәртіп – бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен қағидаларды қатаң және дәл сақтау.
      Қызметтік тәртіп әрбір қызметкердің қызметтік борышын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жеке жауапкершілігін сезінуіне негізделеді.
      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың басшылары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң басшылыққа ала отырып, сеніп тапсырылған бөлімшелерде қызметтік тәртіпті күнделікті сақтауға міндетті.
      3. Қызметтік тәртіпке:
      1) қызметкерлерге патриоттық, имандылық және рухани тәрбие беруді ұйымдастырумен, оларда жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастырумен;
      2) әрбір қызметкердің өзінің міндеттерін және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындауға деген жеке жауаптылығымен;
      3) бөлімшеде күн тәртібін және қызмет уақытының регламентін сақтаумен;
      4) басшылардың жеке үлгі көрсетуімен және бағынысты қызметкерлерге қызметтік міндеттерін тиісінше орындауы туралы күнделікті талап қоюымен, олардың орындаушылығын бақылаумен, қызметкерлердің құқықтары мен жеке қадір-қасиетін құрметтеумен, оларға қамқорлық жасаумен, көтермелеу, сендіру, мәжбүрлеу және ұжымның қоғамдық ықпал ету шараларын шебер үйлестіру және дұрыс қолданумен;
      5) бөлімшеде қызмет өткеру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар, қажетті материалдық-тұрмыстық және өзге де жағдайлар жасаумен қол жеткізіледі.
      4. Қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі – қызметкерлер қызметтік міндеттерін атқару кезінде тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін олар жауапты болатын жауапкершілік түрі.
      5. Қызметкерлерді тәртіптілікке тәрбиелеудің негізгі әдісі сендіру әдісі болып табылады.
      6. Қызметтік тәртіптің жай-күйіне арнаулы мемлекеттік органдардың басшылары жауап береді. Олар бағынысты қызметкерлерден оның сақталуын талап етуге, лайықтыларды көтермелеуге, тәртіп бұзушыларды әділ жазалауға міндетті.
      7. Қызметтік тәртіпті және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етпеген, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамаған, оларды жасыруға жол берген басшы бұл үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      8. Қызметтік тәртіпті сақтау бойынша басшылардың лауазымдық міндеттерін, оларға сеніп тапсырылған бөлімшелерде қызметтік тәртіпті нығайту мен сақтау бойынша бағалаудың негізгі өлшемдерін тиісті лауазымдық нұсқаулықтарда арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.
      9. Қызметкерлердің арнаулы мемлекеттік органдардың орналасқан жерінен тысқары жерлерде, қызметтен тыс уақытта жасаған және қызметтік әрекетпен немесе қызмет мүдделерімен байланысты емес қылмыстары мен теріс қылықтары үшін басшы тәртіптік жауаптылықта болмайды.
      10. Әрбір қызметкер басшыға бөлімшеде тәртіп орнатуға және қызметтік тәртіпті сақтауға жәрдемдесуге міндетті. Басшыға жәрдемдесуден бас тартқаны үшін қызметкер жауапкершілікте болады.
      11. Басшының бұйрық беру құқығы мен бағынысындағының оған мүлтіксіз бағыну міндеті дара басшылықтың негізгі қағидаттары болып табылады.

      63-бап. Көтермелеулер

      1. Көтермелеу – қызметкерді тәрбиелеудің және қызметтік тәртіпті нығайтудың маңызды құралы болып табылатын оның қызметтік әрекетіне берілген оң баға.
      2. Көтермелеу қызметтік міндеттерін адал және ынтамен атқаратын және қызметтік борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлерге қатысты қолданылады.
      3. Басшы осы Заңда өзіне берілген құқықтар шегінде бағынысты қызметкерлерді міндеттерін үлгілі орындағаны және қызметтік әрекетте қол жеткізген жетістіктері үшін көтермелеуге міндетті.
      Басшы өзіне берілген құқықтарды жеткіліксіз деп санаған жағдайда, ол ерекше көзге түскен қызметкерлерді жоғары тұрған басшының құқығымен көтермелеу туралы өтініш жасауы мүмкін.
      4. Ерекше көзге түскен қызметкерлер ерліктері мен мемлекет алдында сіңірген еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің актісі немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде атаулы қарумен марапатталуы мүмкін.
      5. Ерекше сіңірген еңбектері үшін қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.
      6. Қызметкерлерге сонымен қатар мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
      1) бұрын қолданылған жазаны алып тастау;
      2) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерінен кезектен тыс босату (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары үшін);
      3) алғыс жариялау;
      4) ақшалай сыйлықақымен марапаттау;
      5) бағалы сыйлықпен марапаттау;
      6) грамотамен марапаттау;
      7) ведомстволық медальдармен, төсбелгімен және арнайы белгілермен марапаттау;
      8) құрметті атақ беру;
      9) арнаулы мемлекеттік орган бөлімшесінің Құрмет кітабына енгізу;
      10) арнаулы (әскери) оқу орнын алтын медальмен аяқтаған арнаулы (әскери) оқу орындары курсанттарының тегін Құрмет тақтасына жазу, сондай-ақ арнаулы (әскери) оқу орнын оқуда ең үздік көрсеткіштермен аяқтағандар арасынан көтермелеу ретінде бірінші, екінші, үшінші курсанттарды анықтау;
      11) кезекті арнаулы атағын мерзімінен бұрын беру;
      12) кезекті арнаулы атағын атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары беру.
      7. Көтермелеу түрін айқындаған кезде қызметкердің сіңірген еңбегінің немесе ерекшелігінің сипаты, сондай-ақ оның қызметке деген бұрынғы ынтасы назарға алынады.
      8. Қызметкердің дәл сондай ерекшелігі үшін тек бір көтермелеу жариялануы мүмкін.
      9. Тәртіптік жазасы бар қызметкер бұрын қолданылған жазасын алып тастау арқылы көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау құқығы жазаны қолданған уәкілетті басшыға, сондай-ақ жоғары тұрған басшыға тиесілі.
      10. Көтермелеу түрінде бір уақытта тек бір тәртіптік жаза алынып тасталуы мүмкін, бұл ретте көтермелеудің осы түрімен көтермелеулердің басқа түрлері қолданылмайды.
      11. Басшының және уәкілетті басшының тәртіптік жазаны, егер ол өзінің тәрбиелік рөлін атқарса, қызметкер жаңадан теріс қылық жасамаса және өз тәртібін қызметтік борышын адал орындаумен түзесе, алты ай өткенге дейін алып тастауға құқығы бар.
      12. Көтермелеулер сап алдында немесе қызметкерлер кеңесінде жарияланады.
      Көтермелеулер туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге түскен қызметкерлерге наградалар тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі.

      64-бап. Теріс қылықтар мен жазалар

      1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – бұл, қызметкердің оған жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіпті, қызметтік әдеп қағидаларын бұзуы, тәртіптік түрде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты жасауы, сол сияқты қызмет өткерумен байланысты заңдарда белгіленген шектеулерді сақтамауы.
      2. Елеулі емес теріс қылық жасаған қызметкерге басшының қызметтік тәртіпті қатаң сақтаудың қажеттігі туралы жазбаша ескерту жасаумен шектелуге құқығы бар.
      Жазбаша ескерту қызметкерге қол қойғыза отырып, жеткізіледі, тіркеледі және қызметкердің жеке ісіне қосу үшін кадр бөлімшесіне беріледі. Алты ай өткеннен кейін ол алынады және оны кадр бөлімшесі белгіленген тәртіппен жояды.
      Жазбаша ескерту жаза болып саналмайды.
      3. Алдын алу мақсатында қызметкерлердің теріс қылықтары басшының шешімі бойынша:
      1) қатардағы қызметкерлер үшін – жеке құрамның жиналыстарында;
      2) сержанттар үшін – сержанттар құрамының жиналыстарында;
      3) офицерлер үшін – офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
      4. Аға офицерлер құрамындағы офицерлердің теріс қылықтары тек аға және жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің жиналыстарында, жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
      5. Кейінге қалдыруды күттірмейтін ерекше жағдайларда қызметкер оның жауаптылығы туралы мәселені шешкенге дейін лауазымынан уақытша шеттетілуі мүмкін.
      Қызметкерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған теріс қылық оның қызметтік міндеттерін атқаруға немесе басқа қызметкердің қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірген не қызметкердің лауазымдық міндеттерін атқаруы оның теріс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты, толық, объективті және уақытылы анықтауға, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға кедергі келтіретін (келтіруі мүмкін) жағдайларда қолданылуы мүмкін.
      6. Қызметкерді лауазымынан оны лауазымға тағайындау құқығы берілген басшы шеттетеді.
      Бағынысты қызметкерді лауазымынан шеттеткен басшы лауазымынан шеттетуді тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл туралы команда бойынша баяндауға міндетті.
      Бағынысты қызметкерді оған жеткілікті негізсіз лауазымынан шеттеткен басшы ол үшін тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.
      7. Тәртіптік жаза (бұдан әрі – жаза) – қызметкерге уәкілетті басшы қолданатын тәртіптік ықпал ету шарасы.
      8. Қызметкерлерге қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
      5) арнаулы атағын бір сатыға төмендету;
      6) теріс себептер бойынша қызметтен шығару.
      9. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылады:
      1) ескерту;
      2) кезектен тыс нарядқа қою (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету бойынша нарядқа қоюды қоспағанда);
      3) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерінен кезекті шығуынан айыру;
      4) сөгіс;
      5) қатаң сөгіс;
      6) арнаулы (әскери) оқу орнынан шығару.
      10. Теріс қылық жасаған қызметкерге осы Заңда белгіленген жазалар ғана қолданылуы мүмкін.
      11. Қызметкерлердің топ болып жасаған теріс қылығы кезінде жазалар әрбір кінәліге оның жауаптылық шамаларына қарай жеке қолданылады.
      12. Дәл сол теріс қылығы үшін бірнеше жаза қолдануға немесе бір жазаны басқасымен біріктіруге, тікелей кінәлілерді жазалаудың орнына бөлімшенің барлық жеке құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.
      13. Жаза қолдану теріс қылық жасаған қызметкерді оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жаза қолданылған міндеттерді атқарудан босатпайды.
      14. Егер уәкілетті басшы бағынысындағы адам жасаған теріс қылықтың ауырлығына қарай, өзіне берілген тәртіптік құқықтар жеткіліксіз деп санаса, ол жоғары тұрған басшының құқығымен кінәліге жаза қолдану туралы өтініш жасайды.
      15. Жоғары тұрған басшының бағынысындағы басшы қолданған тәртіптік жазаны қатаңдық себебі бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы оған берілген өкілеттікті асыра пайдаланбаса, құқығы жоқ.
      16. Жоғары тұрған басшы осы жаза, жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес емес деп тапса, бағынысындағы басшының қолданған тәртіптік жазасын алып тастауға және неғұрлым қатаң жаза қолдануға құқығы бар.
      Жаза заңсыз қолданылған жағдайда, ол жоғары тұрған басшының құқығымен алынып тасталуы мүмкін.
      Заңсыз жаза қолданған басшы ол үшін жауапты болады.
      17. Қызметкерге жаза қолдану оны заңмен көзделген жауаптылықтың басқа да түрлерінен босатпайды.
      18. Қызметкерлерге қолданылатын жазалар олар жасаған теріс қылықтың ауырлығына және олардың кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуге тиіс.
      Егер кінәлі теріс қылықты бірнеше рет жасаған немесе топ болып тәртіп бұзуға қатысқан болса, егер теріс қылық кезекшілік, наряд уақытында және қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе алкогольдiк, есiрткiлiк, психотроптық, уыттық (оларға ұқсас) мас күйде жасалған болса, жазаның қатаңдығы арттырылады.
      19. Тәуліктік наряд құрамына кіретін (кезекшілік өткеретін) қызметкерге қызмет өткеру уақытында оның жасаған теріс қылықтары үшін жаза қолдану нарядтан ауысқаннан немесе оны басқа қызметкермен ауыстырғаннан кейін жүргізіледі.
      20. Қызметкерге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын кемсітуге, оған дене азабы мен моральдық азап келтіруге және дөрекілік көрсетуге жол берілмейді.

      65-бап. Қызметтік тексеру жүргізу тәртібі

      1. Қызметтік тексеру – қызметкердің теріс қылықты жасау мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет.
      2. Қызметтік тексеру оны жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды айқындау, кінәлілерді анықтау және жазадан құтылмаушылық қағидатын қамтамасыз ету не қызметкерді жауаптылыққа негізсіз тартуды болдырмау мақсатында жүргізіледі.
      3. Қызметтік тексеру жүргізу үшін:
      1) баянаттар, арыздар, шағымдар мен хаттар;
      2) құқық бұзушылықтар мен оқиғалар фактілері;
      3) тексерістер қорытындылары;
      4) бөлімшенің оқу, жедел және қызметтік іс-қимылын тексеру нәтижелері;
      5) алдын ала анықтау, тергеу және сот органдарының хабарламалары;
      6) лауазымды тұлғалардың, ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары;
      7) қызметкерді Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар негіз болуы мүмкін.
      4. Қызметтік тексеру уәкілетті басшының бұйрығымен тағайындалады және уәкілетті лауазымды тұлға күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Ерекше жағдайларда қызметтік тексеру мерзімін қызметтік тексеру жүргізуді тағайындаған тұлға он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
      Бұйрық болмаған кезде қызметтік тексеру жүргізуге жол берілмейді.
      5. Қызметкер теріс қылық жасаған кезде одан міндетті түрде жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер түсініктемесінде қызметкер өзінің теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, оны қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не қосымша тексеру іс-шараларын жүргізу не оқиға болған жерге барып тексеру қажет болмаса, онда уәкілетті басшы, қызметке толық сәйкес еместiгi туралы ескерту, арнаулы атақты бір сатыға төмендету және теріс себептер бойынша қызметтен шығару түріндегі жазаларды қоспағанда, қызметтiк тексеру жүргiзбей-ақ тәртіптік жаза қолдануға құқылы.
      Арнаулы атақты бір сатыға төмендету және теріс себептер бойынша қызметтен шығару түріндегі тәртіптік жазалар жүргізілген қызметтiк тексеру нәтижелерi бойынша тәртіптік комиссияның ұсынымдары ескеріле отырып, қолданылады.
      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, уәкілетті басшы теріс қылық анықталған күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметтік тексеруді тағайындауы тиіс.
      6. Басшы қызметтік тексеру жүргізу үшін лауазымдық қызметі бойынша теріс қылық жасаған қызметкердің лауазымына тең немесе одан жоғары уәкілетті лауазымды тұлғаны тағайындайды.
      Қажет болған жағдайда қызметтік тексеру жүргізуге арнаулы білімді қажет ететін мәселелер бойынша қорытындылар, түсініктер мен консультациялар алу үшін мамандар ретінде жедел-қызметтік іс-қимылдың тиісті бағытының қызметкерлері тартылуы мүмкін, ол туралы бұйрықта көрсетіледі.
      Қажет болған жағдайларда басшы уәкілетті лауазымды тұлғаны қызметтік тексеру жүргізу уақытына оның функционалдық міндеттерін атқарудан босатуы мүмкін, ол туралы бұйрықта көрсетіледі.
      7. Қызметтiк тексеру жүргiзуге оның нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған тұлғаға, өзiн осы тексеру жүргiзуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгiнуге мiндеттi. Аталған талаптар сақталмаған жағдайда қызметтiк тексеру нәтижелерi жарамсыз деп есептеледi.
      8. Қызметкер тек өзіне қатысты кінәсі анықталған теріс қылық үшін ғана тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
      9. Қасақана немесе абайсызда құқыққа қарсы әрекет жасаған (әрекетсіздік танытқан) қызметкер теріс қылық жасағаны үшін кінәлі болып танылады.
      10. Егер, оны жасаған қызметкер өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) құқыққа қарсы сипатын ұғынып, оның зиянды салдарының болуын болжап білсе және осы салдардың болуын тілесе немесе саналы түрде жол берсе не болмаса оларға немқұрайлы қараса, теріс қылық қасақана жасалған болып табылады.
      11. Егер теріс қылық жасаған қызметкер өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды салдарларының болу мүмкіндігін болжап білсе, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негiздерсiз жеңiлтектiкпен болдырмау мүмкіндігіне сенсе не қажетті ұқыптылық пен сақтық кезiнде оларды болжап бiлуге тиiс және болжап бiле алатын бола тұра, осындай салдарлардың болу мүмкiндiгiн болжап бiлмесе, ол абайсызда жасалған болып танылады.
      12. Қызметтiк тексеру мынадай:
      1) қызметкер қызмет орнын өз бетiмен тастап кеткен;
      2) қызметкер демалыста, қызметтiк iссапарда болған;
      3) қызметкердің ауырғаны заңда белгiленген тәртiппен расталған;
      4) ұзақ уақытты талап ететiн медициналық сараптама өткiзілген жағдайларда;
      5) қызметтiк тексеруге кедергi жасайтын басқа да жағдайларда басшының бұйрығымен тоқтатылуы мүмкiн.
      13. Қызметтiк тексеру, егер оны тоқтату үшiн негiздер болмаса, басшының бұйрығымен қалпына келтiрiледi.
      14. Қызметтiк тексеру барысында:
      1) терiс қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалған уақыты, орны, тәсiлi және басқа да мән-жайлар;
      2) терiс қылық салдарының болуы мен сипаты;
      3) келтiрiлген зиянның мөлшерi;
      4) терiс қылық жасаған тұлға;
      5) қызметкердің жауаптылығын болдырмайтын, жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар;
      6) терiс қылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар;
      7) терiс қылық жасаған қызметкердің жеке басын сипаттайтын деректер;
      8) қызметкердің терiс қылық жасаудағы кiнәсi, терiс қылық жасау ниетiнiң немесе абайсыздықтың болуы және дәлелдерi;
      9) қызметкерді жауаптылыққа тарту туралы шешiм қабылдау үшiн маңызы бар басқа да мән-жайлар анықталады.
      15. Мыналар:
      1) терiс қылық жасаған қызметкердің өкiнуi;
      2) қызметкердің өзiнiң терiс қылық жасағаны туралы басшыларға өз еркiмен хабарлауы;
      3) терiс қылық жасаған қызметкердің терiс қылықтың зиянды салдарын болдырмауы, келтiрiлген зиянды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;
      4) ауыр жеке немесе отбасы жағдайларының қалыптасуы кезiнде терiс қылық жасау;
      5) мәжбүрлеу нәтижесiнде терiс қылық жасау;
      6) қажеттi қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзған, қажетті қорғану жағдайында, құқыққа қарсы озбырлық жасаған адамды ұстау, бұйрықты немесе команданы орындау кезiнде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар болып табылады.
      Қызметкерге жаза қолданатын басшы өзге де мән-жайларды жеңiл деп тануы мүмкiн.
      16. Мыналар:
      1) басшының оны тоқтату туралы талабына қарамастан, құқыққа қарсы әрекеттi (әрекетсiздiктi) жалғастыру;
      2) егер бiрiншi терiс қылық үшiн қызметкерге жаза қолданылған болса және ол белгiленген тәртiппен алынбаса, осындай терiс қылықты қайтадан жасау;
      3) терiс қылықты топ болып жасау;
      4) бағынысындағы қызметкерді терiс қылық жасауға тарту;
      5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе қастандық себебі бойынша терiс қылық жасау;
      6) басқа тұлғалардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа терiс қылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында терiс қылық жасау;
      7) олардың өзiне жүктеген мiндеттердi орындауға байланысты лауазымды тұлғаларға немесе оның жақындарына ықпал ету жолымен терiс қылық жасау;
      8) кезекшiлiкте, тәуліктік нарядтағы қызметте, арнаулы мiндеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде терiс қылық жасау;
      9) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан (оларға ұқсас) мас күйінде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
      Осы Заңда аталмаған басқа мән-жайлар тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын болып танылмайды.
      17. Қызметтiк тексеру барысында оны жүргiзу тапсырылған уәкілетті лауазымды адамның:
      1) тәртіптік жазаға тартылған қызметкерден, сондай-ақ басқа да адамдардан жазбаша түсініктеме алуға;
      2) қызметкердің теріс қылық жасағандығын растайтын материалдарды жинақтауға;
      3) тиісті құжаттармен танысу, қажет болған жағдайда олардың көшірмесін қызметтік тексеру материалдарына қосуға;
      4) арнайы білімді қажет ететін мәселелер бойынша мамандардан қорытынды, түсіндірме және консультациялар алуға;
      5) теріс қылық жасалған жерге баруға құқығы бар.
      18. Қызметкерлер қызметтік тексеруді жүргізуге тағайындалған уәкілетті лауазымды тұлғаға көмек көрсетуге міндетті және берілген мәліметтердің растығына дербес жауапты болады.
      19. Қызметкердің теріс қылық жасағандығы туралы фактіні растайтын немесе теріске шығаратын мәліметтер кез келген нысанда болуы мүмкін.
      20. Егер қызметтік тексеру барысында қызметкердің теріс қылықтарында қылмыс белгілерінің бар екендігі анықталса, басшы дереу жоғары тұрған басшыға баяндайды.
      21. Уәкілетті лауазымды тұлға қызметтік тексеру нәтижелерін тексеруді белгілеген басшыға жазбаша түрде баяндайды.
      Баяндаудан кейін уәкілетті лауазымды тұлға оған қатысты тексеру жүргізілген қызметкерге қызметтік тексеру материалдарын жеткізіп, қызметтік тексерудің қорытындыларымен және ұсыныстарымен оның келісетіндігін немесе келіспейтіндігін міндетті түрде көрсете отырып, қолын қойғызып алуға тиіс.
      22. Өзiне қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкер:
      1) жүргiзiлетiн қызметтiк тексерудiң мәнi бойынша жазбаша түсiнiктеме беруге;
      2) өтiнiш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
      3) қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған арнаулы мемлекеттік орган басшысына немесе уәкiлеттi басшыға қызметтiк тексеру жүргiзетiн қызметкерлердiң шешiмдерiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануға;
      4) егер ол мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтiк тексеру аяқталғаннан кейiн қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
      23. Осы Заңның негізінде теріс себептер бойынша жұмыстан шығаруға жататын, арнаулы атақты бір саты төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылатын қызметкерлерге, сондай-ақ қызметтік тексеру тұжырымдары мен ұсыныстарына келіспейтін тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру материалдары тәртіптік комиссияда қаралуға жатады.
      24. Қызметтік тексеру жүргізілетін қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады. Оның бас тартуы қызметтік тексеруді жүргізуді тоқтатпайды. Бұл жағдайда қызметкер тәртіптік комиссияда тыңдалады.

      66-бап. Тәртіптік комиссияның құрылу және жұмыс тәртібі

      1. Тәртіптік комиссия – теріс қылық жасаудың жан-жақты, толық және объективті жағдайын анықтау және оны жасаған тұлғаны жазалау шарасы туралы ұсынымдар шығару мақсатында қызметкердің теріс қылығына қатысты қызметтік тексеру материалдарын қарау және фактілерді зерттеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда құрылып, тұрақты жұмыс істейтін алқалық консультативтік-кеңесші орган.
      2. Тәртіптік комиссиялар арнаулы мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде құрылады.
      3. Тәртіптік комиссия мүшелері бөлімшенің жеке құрамының жиналыстарында анағұрлым тәжірибелі және беделге ие офицерлер арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады. Тәртіптік комиссия мүшелерінің саны тақ болуға және ол үш адамнан кем болмауға тиіс.
      4. Тәртіптік комиссия құрамы уәкілетті басшының бұйрығымен бекітіледі. Комиссия төрағасы болып уәкілетті басшы орынбасарларының бірі тағайындалады. Бөлімшенің кадрлар аппаратының өкілі хатшы болып тағайындалады. Тәртіптік комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
      5. Уәкілетті басшылардың және олардың орынбасарларының теріс қылықтары жоғары тұрған арнаулы мемлекеттік органның тәртіптік комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары офицерлер арасындағы тәртіптік комиссияда, ал аға офицерлердің теріс қылықтары аға офицерлер қатарынан құрылған тәртіптік комиссияда қаралады.
      6. Тәртiптiк комиссия мүшесiнің өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының терiс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тәртiптiк комиссия мүшесiнiң тиiстi шешiм қабылдауға тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар болса, қызметтiк тексеру материалдарын қарауға және фактiлердi зерттеуге құқығы жоқ.
      7. Тәртiптiк комиссия өз отырысында қызметтiк тексеру материалдарын қарайды және терiс қылыққа қатысты фактiлердi зерттейдi. Тәртiптiк комиссия оған қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген әскери қызметшiнiң және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды адамдардың түсiнiктерiн тыңдауы мүмкiн.
      Қажет болған кезде тәртiптiк комиссияның сонымен қатар куәгерлерді және мамандарды тыңдауға, материалдар сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқығы бар.
      8. Тәртiптiк комиссияның ұсыныстары комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Тәртiптiк комиссияның мүшелерi өз пiкiрiн айқын айтуға және дауыс беру кезiнде қалыс қалмауға мiндеттi.
      Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешушi болып табылады.
      9. Тәртiптiк комиссия қызметтiк тексеру материалдары түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде басшыға қызметкердің тәртiптiк жауаптылығы туралы тиiстi ұсыныс енгiзедi.

      67-бап. Тәртiптiк комиссияның функциялары мен
               өкiлеттiктерi

      1. Тәртiптiк комиссия мынадай функцияларды:
      1) қызметкердің терiс қылықтары туралы қызметтiк тексеру материалдарын қарауды;
      2) жазалар түрлерiн қолдану мәселелерi бойынша ұсыныстар әзірлеуді және уәкілетті басшыға енгiзудi жүзеге асырады.
      2. Тәртiптiк комиссия өз құзыретi шегiнде функцияларды iске асыру мақсатында мыналарға:
      1) терiс қылық жасаған қызметкердің, куәгерлердің және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды тұлғалардың түсiнiктерiн тыңдауға;
      2) материалдар, ақпарат сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқылы.
      3. Тәртiптiк комиссияның төрағасы:
      1) тәртiптiк комиссияны басқарады, оның жұмысына басшылық жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      2) тәртiптiк комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындайды;
      3) қызметтiк тексеру материалдары келiп түскен кезде тәртiптiк комиссия отырысының уақытын айқындайды. Тәртiптiк комиссияның төрағасы болмағанда оның уәкiлеттiк етуi бойынша отырыстарда тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң бiреуi төрағалық етедi;
      4) тәртiптiк комиссияның отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды.
      4. Тәртiптiк комиссияның хатшысы:
      1) тәртiптiк комиссия мүшелерiн тәртiптiк комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етедi;
      2) тәртiптiк комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
      3) тәртiптiк комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргiзедi;
      4) тәртiптiк комиссияның ұсыныстарын басшыға жiбередi;
      5) тәртiптiк комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      5. Тәртiптiк комиссия мүшелерiне оларға қызметтiк тексеру материалдарын қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға тыйым салынады.
      6. Тәртiптiк комиссия отырыстары қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi.
      Тәртiптiк комиссия отырыстарында тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi, бiрақ кемiнде үш адам болған кезде ол заңды болады. Тәртiптiк комиссияның мүшелерi оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.
      7. Тәртiптiк комиссияның мүшелерi отырыстың өткiзiлетiн күнi, орны, оның күн тәртiбi туралы, сондай-ақ отырыс материалдарымен отырысқа дейiн хабардар етiлуi және таныстырылуы тиiс.
      8. Тәртiптiк комиссияның отырысына оған қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкердің қатысуы мiндеттi.
      9. Тәртiптiк комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi, оған тәртiптiк комиссияның төрағасы мен тәртiптiк комиссияның мүшелерi және хатшысы қол қояды.

      68-бап. Жаза қолдану туралы шешiм қабылдау тәртiбi

      1. Уәкілетті басшы қызметтiк тексеру материалдары және тәртiптiк комиссияның ұсыныстары негiзiнде жаза қолдану туралы тиiстi шешiм қабылдайды.
      2. Қызметтiк тексерудiң нәтижелерi бойынша уәкілетті басшы қызметтік тексеру жүргізуге тағайындалған лауазымды уәкілетті тұлға дайындауға жауапты болып саналатын бұйрық шығару жолымен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға мiндеттi.
      3. Терiс қылық жасаған қызметкерге тәртiптiк жаза қолдану (кейiнге қалдыруды күтпейтiн жағдайларды қоспағанда) қызметтік тәртiптi бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшiн терiс қылық анықталған сәттен бастап, кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн жүргiзiледi.
      4. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан және ол жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      Қызметкердің іс-қимылында тәртіптік теріс қылықтың, әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері бола тұрып, қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан не оны тоқтатқан жағдайда, жаза бір айдан кешіктірілмей, ал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болғанда, қылмыстық істі қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешім қабылданған күннен үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
      Қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзған не сыбайлас жемқорлыққа жол беруге жағдай жасайтын құқық бұзған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылықты жасаған күннен бастап бір жылдан кешіктіріліп қолданылмайды.
      Қызметкер уақытша жұмысқа қабілетсіз, еңбек демалысында немесе іссапарда болған кезеңінде, сондай-ақ аталған Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзіміне байланысты тәртіптік жаза қолданылмайды.
      Қызметкердің ауырған, еңбек демалысында, іссапарда болған кезеңінде тәртіптік жазаны өткеру уақыты тоқтатылады.
      5. Қызметтегi, кәсіби қызметтік даярлықты және тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы олқылықтары үшiн арнаулы (әскери) оқу орнын аяқтағаннан кейiн қызметті өткеру үшiн келген қызметкерлерге тәртiптiк жауаптылық шараларын лауазымға кiрiскеннен кейiн кемiнде алты ай өткен соң қолдануға жол берiледi.
      6. Бiр-бiрiне бағынысты емес қызметкерлер жеке мiндеттердi бiрлесiп атқарған кезде, олардың қызметтiк өзара қарым-қатынастары уәкілетті басшымен айқындалмаған жағдайда олардың лауазымы бойынша үлкенi, ал тең лауазымдар кезiнде әскери атағы бойынша үлкенi бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берiлген тәртiптiк құқықтарды пайдаланады.

      69-бап. Жазаларды жариялау тәртiбi

      1. Қызметкерлерге жазалар қызметтік тексеруді жүргізуді тағайындаған уәкілетті басшының бұйрығымен жарияланады.
      2. Тәртіптік жаза қолданғаны туралы бұйрық шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қол қоюы арқылы тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге жарияланады.
      3. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері дайындайтын және қызметтік тексеру материалдарына тігілетін актімен ресімделеді.
      4. Қолданылған жазалар туралы аға офицерлерге – тек аға және жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге – тек жоғары офицерлердің қатысуымен ғана жарияланады.
      5. Уәкілетті басшыларға және олардың орынбасарларына бағынысындағы адамдардың қатысуымен тәртiптiк жаза жариялауға тыйым салынады.
      6. Жазаны жариялаған кезде қызметкерге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәнi көрсетiледi.

      70-бап. Жазаны алу

      1. Қызметкердің:
      1) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткенге дейiн тиiстi уәкілетті басшы көтермелеу тәртiбiмен жазаны алып тастағаннан кейiн;
      2) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.
      2. Жазаны көтермелеу тәртібімен алу осы жазаны қолданған уәкілетті басшының немесе жоғары тұрған басшының жазбаша бұйрық шығаруы арқылы жүргiзіледi.
      3. Бұрын жоғары тұрған басшы қолданған жазаны бағынысты адамнан көтермелеу тәртiбiмен алу үшiн қызметкердің тiкелей басшысы тиісті өтiнiш енгізеді.
      Осы жазаны қолданған уәкілетті басшы аталған өтiнiштi оны алған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарауға мiндеттi.
      4. Қызметкер қызметтен босатылған күнi алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткен соң алынған болып саналады.
      5. Жазаларды алу қызметкердің жеке ісінде тиісті жазбамен ресімделеді.
      6. Егер қызметкерге қолданылған жаза көтермелеу тәртiбiмен алынбаса, алты ай өткен соң «Жазалар» бөлiмiнiң тиiстi бағанында мерзiмiнiң өтуi бойынша жазаның алынғаны туралы белгi жасалады.

      71-бап. Қызметкерлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту
               кезiндегi олардың құқықтарының кепiлдiктерi

      1. Қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тартуға:
      1) терiс қылық фактiсi болмаған жағдайда;
      2) егер оның iс-әрекеті (әрекетсiздiгi) құқыққа қарсы болып табылмаса;
      3) дәл сондай тәртіптік терiс қылық үшiн қайтара;
      4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi кезінде;
      5) қызметтен шығаруға байланысты оны жеке құрам тiзiмiнен шығарған жағдайда жол берiлмейдi.
      2. Қызметкер тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықпен келiспеген жағдайда ол жазбаша нысанда арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесіне немесе сотқа осы бұйрық бойынша шағымдануға құқылы.
      3. Қызметкерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
      4. Арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесінің басшысы шағымды қараудың нәтижелерi бойынша бiр ай мерзiмде мынадай:
      1) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықты өзгерiссiз қалдыру туралы;
      2) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы осы Заңның талаптары бұзыла отырып шығарылған бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған уәкілетті басшыны жауаптылыққа тарту туралы;
      3) егер жаза осы Заңның талаптары сақтала отырып шығарылса, бiрақ жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы жаңа бұйрық шығару туралы шешiмдердiң бiреуiн шығаруға мiндеттi.
      5. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата алмайды.

9-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ АҚШАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

      72-бап. Ақшалай қамтамасыз ету

      1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің белгіленген бірыңғай жүйесі негізінде ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
      2. Ақшалай үлес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ақшалай қамтудан (лауазымдық айлықақы және арнаулы атағы бойынша айлықақы), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақылардан және басқа да үстемеақылардан тұрады.
      3. Қызметкер осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген уәкілетті басшының қарамағында болған жағдайларда ол соңғы қарамағына шыққанға дейін атқарған лауазымы бойынша ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
      Осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында және 64-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қызметкерге атағы бойынша айлықақы төленеді.
      4. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс беріле отырып, демалысының ұзақтығына қарамастан, екі лауазымдық айлықақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
      Қызметкерге жыл сайынғы демалыс бөлініп берілген жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы демалысының бірінші бөлігінде төленеді.
      5. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу үшін ақшалай қамтамасыз етудің және қызмет (жұмыс) өтілін айқындаудың тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      73-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте республикалық бюджет туралы заңмен айқындалған мөлшерде тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызмет көрсетулерге төлем жасау үшін қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) ақшалай өтемақы төленеді.
      2. Қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, жәрдемақылардың өзге де түрлерін төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қызметкерлерге бюджеттік қаражат есебінен зейнетақы тағайындауды, қызметкерлер қатарынан қайтыс болған зейнетақы алушылардың отбасына жерлеу үшін біржолғы төлемдер мен біржолғы жәрдемақылар беруді қызметкерлер жұмыстан шыққан күнге қызмет өткерген тиісті арнаулы мемлекеттік органдардың уәкілетті бөлімшелері жүзеге асырады.
      Зейнетақы төлемдерін алушының мәртебесі тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген нысан бойынша зейнетақы куәлігімен расталады.
      3. Қызметкерлер қызметті өткеру ерекшелігі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша арнаулы нысандағы киіммен және басқадай заттық мүлікпен қамтамасыз етіледі. Қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) алынбай қалған заттай мүліктердің орнына арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен ақшалай өтемақы төленеді.
      4. Жекелеген санаттағы қызметкерлер қызметті өткеру ерекшелігі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
      5. Қызметкерлердің (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша көлікте жүргені үшін:
      медициналық көрсетулер бойынша стационарда емделуге жол жүру және кері қайту;
      Үкімет белгілеген тәртіппен берілген жолдама негізінде медициналық тексеруге (куәландыруға) жол жүру және кері қайту;
      қызмет бойынша ауыстыру;
      осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, қызметтен шығарылу кезінде жолақы шығындарын өтетуге құқығы бар.
      Шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және нормалар бойынша жүргізіледі.
      6. Бір елді мекеннен қашықтығы елу километрден астам жердегі екіншісіне көшумен байланысты қызметін ауыстырған кезде қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметкердің өзіне екі айлық ақшалай қаражат көлемінде және онымен бірге көшкен отбасының әрбір мүшесіне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейтін көтерме жәрдемақы төленеді.
      7. Қызметкерлерлердің (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызмет бойынша ауысқан кезде және қызметтен шығарылғанда, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жеке мүліктерінің 10 тоннаға дейінгі көлемін тасымалдауға кеткен шығындарын өтетуге құқығы бар.

      74-бап. Қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету

      Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген тәртіппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

      75-бап. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету

      1. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету мемлекеттің есебінен арнаулы мемлекеттік органдардың әскери-медициналық бөлімшелері мен мекемелерінде (бұдан әрі – әскери-медициналық бөлімше) жүзеге асырылады.
      Қызметкерлердің қызмет өткеру орнында немесе тұратын жерінде әскери-медициналық бөлімшелер болмағанда немесе оларда тиісті бөлімдер, мамандар не арнаулы құрал-жабдықтар болмағанда медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
      Қызметкерлерге медициналық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдардың шығынын өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерге емделу үшін жұмсалған қаражат Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтеледі.
      3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған қызметкерлер өздері қызметін өткерген арнаулы мемлекеттік органдар қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.
      4. Қызметкер қызметке келе алмайтын жағдайда ауырғандығын кез келген мүмкін тәсілмен өзінің тікелей бастығына хабарлауға міндетті.
      5. Қызметкерді қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарудан ішінара немесе толық босату туралы дәрігердің ұсынымдары лауазымды тұлғалардың міндетті түрде орындауына жатады.

      76-бап. Қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында
               қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерді әлеуметтік
               қорғау ерекшеліктері

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарда қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында қызметін өткеріп жүрген, күнтізбелік есептеу бойынша кемінде сегіз жыл қызмет еткен қызметкерлердің Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарындағы ақылы негізде оқудың оқу құны шығынының елу пайыз мөлшерін мемлекет бюджеті есебінен өтетуге құқығы бар. Аталған жәрдемақы бір рет қолданылады.
      2. Қызметкерге аталған шығындарды өтеуді қызметкер қызметін өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік орган жүргізеді.
      3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерлер қабылданған Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары көрсетілген арнаулы мемлекеттік органдарға қаржыландыруды ашу үшін қызметкерлерді білім беру ұйымына қабылдау бұйрығының куәландырылған көшірмесін жолдайды.
      Қызметкерді басқа білім беру ұйымына ауыстырған кезде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге тиіс.
      4. Қызметкерге академиялық демалыс берілген кезде академиялық демалыс берілген кезеңге оқуын қаржыландыру тоқтатыла тұрып, қызметкердің Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтету құқығы сақталады.
      5. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерге оқыған (оқып жүрген) білім беру ұйымы таратылған және қайта құрылған, қызметі тоқтатылған, лицензиясынан айырылған кезде басқа жоғары оқу орындарында қаржыландыруды жалғастыруға кепілдік беріледі.
      6. Қатардағы қызметкер және сержант құрамындағы лауазымды иеленетін қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткергені туралы келісімшарттың мерзімін табысты аяқтағаны үшін олардың қызметтік міндеттерін және келісімшарт талаптарын мүлтіксіз орындағанын растайтын басшының баянаты негізінде келісімшарттың мерзіміне қарай мынадай мөлшерде:
      3 жыл – 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
      5 жыл – 10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
      10 жыл – 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.
      Аталған ақшалай сыйақылар келісімшарттың тиісті мерзімі аяқталғаннан кейін бір айдан кешіктірілмей төленеді.
      Қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін келісімшарт жасасқан қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы қызметтің әрбір толық жылы үшін екі лауазымдық айлықақы есебінен келісімшарттың қолданылу уақытына төленеді.
      Қызметкер арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру кезеңінде қызметін одан әрі өткерумен сыйыспайтын зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленеді.
      Егер қызметкердің заңға қайшы әрекеттерінен немесе алкогольді, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық (олардың аналогтары) масаң болуы салдарынан арнаулы мемлекеттік органдарда одан әрі қызметін өткерумен сыйыспайтын зақымданғаны, контузия алғаны, жарақаттанғаны, мертіккені немесе ауырғаны немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен бас тарту мақсатында өз-өзіне қандай да бір дене зақымын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өзінің денсаулығына басқадай зиян келтіргені Қазақстан Республикасы заңнамасында бекітілген тәртіппен дәлелденген жағдайларда біржолғы ақшалай сыйақы төленбейді.
      Қызметкер арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда мұрагерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленеді.

      77-бап. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын
               әлеуметтік қорғау ерекшеліктері

      1. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары қызмет өткеру ерекшелігіне қарай Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша мемлекет есебінен арнаулы нысандағы киіммен және басқадай заттық мүлікпен қамтамасыз етіледі.
      2. Казармалық жағдайдағы арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары қызметті өткеру ерекшелігіне қарай Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
      3. Арнаулы (әскери) оқу орындарының бірінші және екінші курстар курсанттарына пошталық жөнелтілімдері үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін мөлшерде қаржылай өтемақы төленеді.
      4. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары:
      1) стационарлық емделуге барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiр жол, әуе, су және автомобиль көлiктерiнде;
      2) осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған, сондай-ақ демалысқа барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiржол, су және автомобиль көлiктерiнде жүруге жұмсалған шығындарын Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпте және нормалар бойынша өтетуге құқығы бар.
      5. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына олар демалысқа кеткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген нормалар бойынша азық-түлік сыбағасының орнына ақшалай өтемақы төленеді.
      6. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсанты не ол қызмет өткеруі кезеңінде алған жарақаттануы (контузия алуы), ауыруы салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
      7. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсантына арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру кезеңінде алынған немесе арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткерумен байланысты контузия алуы, зақымдануы, ауыруы нәтижесінде болған мүгедектік белгіленгенде қызметтен босатылғанына бір жыл өткенге дейін мынадай мөлшерлерде:
      І топтағы мүгедекке – 250 айлық есептік көрсеткіш;
      II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептік көрсеткіш;
      III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
      8. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсанты арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік міндеттерін орындау кезінде мүгедектікке душар етпеген ауыр жарақат (жаралану, зақымдану, контузия) алған жағдайда – оған:
      ауыр жарақат үшін – 12 айлық есептік көрсеткіш;
      жеңіл жарақат үшін – 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
      9. Біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
      10. Курсанттың қаза табуы (қайтыс болуы) немесе оның мертігуі:
      1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайларды қоспағанда, егер өзiне-өзi қол жұмсау нәтижесінде;
      2) ол қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
      3) алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң болуды туындататын заттарды пайдалану немесе қолдану нәтижесінде;
      4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтіру (дене мүшесін зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесінде;
      5) курсанттың қызмет өткеру туралы келісімшарттың талабын бұзған іс-әрекеті нәтижесінде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

      78-бап. Қызметкердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау

      1. Қызметкерлер (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiнің, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың әскери-медициналық бөлімшелерде тегiн медициналық жәрдем алуға құқығы бар. Емханаларда емделген кезiнде отбасы мүшелерiне дәрi-дәрмек ақысы төленiп берiледi, бұған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы алынбайтын реттер кiрмейдi.
      2. Қызмет орнында немесе тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған не оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған қызметкерлердің (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiнiң құқықтары және оларға берiлетiн жеңiлдiктер қызметтен жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты босатылған және күнтізбелік жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiне қолданылады.
      4. Қызметкерлердің онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелеріне (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметкер орын ауыстырған кезде, сондай-ақ қызметтен шығарылған кезінде, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпте және нормалар бойынша Қазақстан Республикасы аумағында жүрген көлік шығындары өтеледі.
      5. Қызмет өткеру кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған қызметкердің (офицерлік құрамның) отбасы мүшелеріне әскери-медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық көмекті пайдалану құқықтары сақталады.
      6. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің немесе әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің қаза тапқанның (қайтыс болғанның) еңбек сіңірген жылдарына қарамастан берілген тұрғын жайды (қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қызметтік тұрғын жайларды қоспағанда) өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар.
      Көрсетілген жеңілдіктер ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған), осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін тұрғын жайын (қызметтік тұрғын үйді немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйді) жекешелендіру құқығын пайдаланбаған әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
      7. Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, ал оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинағандар, Қазақстан Республикасының арнаулы (әскери) оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады.
      8. Қызметкерлердің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жерi бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнде кезектен тыс орын бередi, оған ақы төлеу мемлекеттiк мектеп жасына дейiнгi мекемелер үшiн белгiленген мөлшерде алынады.
      9. Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы тағайындалуына қарамастан біржолғы: әйеліне (күйеуіне) – асыраушысының үш айлық зейнетақысы мөлшерінде және еңбекке жарамсыз әрбір отбасы мүшесіне – асыраушысының қайтыс болған күніне төленетін бір айлық зейнетақысы мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
      Аталған тармақта көзделген біржолғы жәрдемақы мөлшерін белгілеу кезінде жәрдемақы алу құқығы бар отбасы мүшелері қатарына: әйелі (күйеуі), жасына және еңбекке жарамдылығына қарамастан; 18 жасқа толмаған немесе, егер олар 18 жасқа дейін мүгедек болған болса, ол жастан үлкен немесе асыраушысы қайтыс болған күнге оқу орнының күндізгі бөлімінде білім алатын және 23 жасқа толмаған болса, балалары; қайтыс болған қызметкердің асырауында болған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен не мүгедек болып табылатын ата-анасы енгізіледі.
      10. Осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген жеңілдіктер ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) не мүгедектік алған әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
      Ескерту: Осы бапта қызметкерлердің отбасы мүшелері деп түсінілетіндер: жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптылардың ортақ немесе бірінің кәмелетке толмаған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары; білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; 18 жасқа дейін мүгедек болған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) мүгедек балалары және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; қызметкердің асырауындағы ата-анасы және жұбайының (зайыбының) ата-анасы.
      Осы бапта асырауындағы адам ретінде оның табысы есебінен өмір сүретін және жеке табыс көзі жоқ қызметкердің отбасы мүшесі танылады.

      79-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен
               шығарылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғау

      1. Қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен:
      1) жасына, ауыруына, денсаулық жағдайының шектелуiне немесе штаттың қысқартылуына байланысты қызметтен шығарылғанда:
      күнтізбелік есептеу бойынша мынадай еңбек сіңірген жылдары барларға:
      10 жылдан 15 жылға дейін – төрт айлық ақшалай қаражат;
      15 жылдан 20 жылға дейін – бес айлық ақшалай қаражат;
      20 жылдан 25 жылға дейін – алты айлық ақшалай қаражат;
      25 жылдан 30 жылға дейін – жеті айлық ақшалай қаражат;
      30 жылдан жоғары – сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
      2) 10 жылдан аспайтын еңбек сiңiрген жылдары барларға ауруы бойынша, денсаулығының шектеулі жағдайына және штаттың қысқартылуына байланысты шығарылғанда үш айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
      Осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 10) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлар бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленбейді. Сондай-ақ әскери қызметке, құқық қорғау немесе басқа арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленбейді.
      2. Әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қайтадан (кезекті) қабылданған қызметкер қызметтен шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы төлеу мөлшері бұрынғы төленген жәрдемақыны ескере отырып белгіленеді.
      3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік наградалармен – ордендермен марапатталған қызметкерлерге берiлетiн бiржолғы жәрдемақының мөлшерi екi айлық ақшалай қаражатқа ұлғайтылады.
      4. Жасы бойынша, денсаулық жағдайына немесе штаттық қысқартулар бойынша арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған күнтізбелік жиырма және одан көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлерге әскери-медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз ету құқығы сақталады.
      Олардың тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
      Медициналық ұйымдарға көрсетілген тұлғаларға тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шегiнде медициналық көмек көрсеткені үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      5. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери іс-қимылдардың және бітімгершілік операцияларына басқа да қатысушылардың, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жаралануы, контузия алуы, жарақаттануы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектік алып, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылғандардың медициналық қамтамасыз етуге және санаториялық-курорттық емделуге бірінші кезекті құқығы бар.

      80-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен
               жағдайда берiлетiн өтемақылар

      1. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерген кезеңiнде алған жарақаты (контузиясы), ауру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлерiне қаза тапқан күнiне соңғы атқарған қызметi бойынша алпыс айлық ақшалай қаражатының мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      2. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерумен байланысты контузия, мертiгу, ауыру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн бiр жыл өткенге дейiн мүгедектiк белгіленген жағдайда бiржолғы өтемақы:
      I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;
      II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;
      III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде төленедi.
      3. Қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпайтындай ауыр мертiккен (жараланған, жарақат, контузия алған) жағдайда оған бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккен жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      4. Біржолғы өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      5. Қызметкердің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе алған мертігуі:
      1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайды қоспағанда, өзiне-өзi қол жұмсауы нәтижесінде;
      2) қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағанда;
      3) алкогольдік, есiрткiлік, психотроптық, уытқұмарлық масаң болуын туындататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) қолдану нәтижесінде;
      4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтіру (дене мүшесiн зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесінде;
      5) қызметкердің қызмет өткеру туралы келісімшарт талабын бұзған іс-әрекеті нәтижесінде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

      81-бап. Жерлеу шығындарының өтемақысы

      1. Қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе мертiгу (жаралану, жарақат алу, контузия), ауруы салдарынан қайтыс болған қызметкерлерді жерлеу қызмет өткерген жерінде немесе олардың туған-туысқандарының қалауы бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйiттi жеткiзуге әзiрлеумен, мәйiттi жеткiзумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және оны орнатумен байланысты барлық шығындар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде қызметкерлер қызмет өткерген арнаулы мемлекеттік органдардың есебiнен жүзеге асады.
      Қызметкерлерді жерлеу кезінде құрмет көрсету арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Аталған ережелер қызметте болудың шектi жасына жетуi, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттық қысқартуға байланысты арнаулы мемлекеттік органдардан қызметтен шығарылған, қызметiнiң жалпы ұзақтығы 25 және одан көп жыл болған қызметкерлерге, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметiнiң жалпы ұзақтығына қарамастан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына, басқа мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылдарға және бітімгершілік операцияларға қатысқандарға қолданылады.

      82-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың өзге де
               шаралары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру, олардың мамандық алуы, арнаулы мемлекеттік органдардағы зейнетақы алу құқығынсыз қызметтен шығарылған адамдарды жұмыспен қамту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері белгілеген тәртіппен қызметкерлердің жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейінгі еңбек қызметіндегі өтілін еңбек сіңіру жылдарына есептеуі мүмкін.
      3. Климаттық және экологиялық жағдайлары ауыр жерлердегi қызмет мерзiммен шектеледi және оны өткеру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

10-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      83-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық
               қамтамасыз ету

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады
      2. Барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жасырын (құпия) түрде жүзеге асырумен байланысты шығыстарды қаржыландыру тәртібі арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.

      84-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-
               техникалық қамтамасыз ету және олардың мүлкі

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
      2. Арнаулы органдардың мүлкі республикалық мүлік болып табылады және жедел басқару құқығында болады.
      3. Арнаулы мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылу мен берілу тәртібін белгілейтін қызметтік тұрғын жайлары болады. Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген тұрғын жайды жекешелендіруге болмайды.
      4. Жабдықтау нормалары, мүлікті беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      5. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбаған жылжымайтын мүлік бюджет қаражаты есебінен консервациялауға жатады немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.
      6. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар жекешелендіруге жатпайды.

11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      85-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметкермен жасасқан әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттар олар жасаған мерзім ішінде қолданылады.
      2. Осы Заңның 76-бабы 6-тармағының ережесі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасасқан кезде ақшалай сыйақы алған адамға қолданылмайды.
      3. 2011 жылғы 30 қарашаға дейін «подполковник» әскери атағы берілген қызметкерлерге аталған әскери немесе арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі бес жыл болып белгіленеді.
      4. Осы Заңның қабылдануына байланысты әскери қызметтен арнаулы мемлекеттік органдарға ауыстырылған және «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен әскери қызметте тұрудың шекті жасы өзгертілген қызметкерлер мынадай шекті жастарға жеткенде қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы:
      1) подполковникке дейін қоса алғанда – қырық бес жас;
      2) полковниктерге – елу үш жас;
      3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктерге – елу жас;
      4) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – елу сегіз жас;
      5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – елу бес жас;
      6) генерал-полковниктерге – алпыс жас.
      5. Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоспағанда) «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген тәртіппен 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
      6. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғын жаймен не қызметтік тұрғын жайға теңестірілген тұрғын жаймен қамтамасыз етілген қызметкерлер осы тұрғын үйде тұру құқығын, сондай-ақ оны «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген жекешелендіру құқығын сақтайды.

      86-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ