Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 43-б. қараңыз.
Осы Заң телерадио хабарларын тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент – телерадио хабарларын тарату қызметтерін алуға телерадио хабарларын тарату операторымен шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғысы – теле-, радиосигналды дара қабылдауға арналған жабдық (телевизиялық байланысты қабылдау аппаратурасы);
3) дыбыстық сүйемелдеудің көпарналы берілуі – абонентке көру кезінде тілдерді таңдауға мүмкіндік беретін, телебағдарламада екі және одан да көп дыбыстық сүйемелдеудің берілуі;
4) еркін қолжетімді теле-, радиоарна – көру құқығы үшін ақы алынбай адамдардың шектеусіз тобы үшін цифрлық эфирлік және спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарна;
5) көпарналы хабар тарату – теле-, радиоарналар топтамаларын таратуға арналған телекоммуникациялық жүйе;
6) міндетті теле-, радиоарна – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тиісті тізбеге кіретін, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көпарналы хабар тарату арқылы таратылуға міндетті теле-, радиоарна;
7) отандық теле-, радиоарна – Қазақстан Республикасының теле-, радиокомпаниялары кейіннен трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау үшін хабар тарату кестесіне сәйкес қалыптастырған теле-, радиобағдарламалардың және дыбыс-бейне туындыларының, сюжеттер мен материалдардың жиынтығын білдіретін бұқаралық ақпарат құралы;
8) отандық теле-, радиобағдарламалар – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде жүзеге асыратын теле-, радиокомпаниялар немесе жеке және заңды тұлғалар жасаған теле-, радиобағдарламалар;
9) ретрансляция – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып, теле-, радиобағдарламаларды, теле-, радиоарналарды қабылдау және сонымен бір мезгілде не жазып алып тарату;
10) субтитрлер – телебағдарламада қамтылған ақпаратты телебағдарлама түпнұсқасының дыбыстық сүйемелденуін мәтінмен қайталау арқылы тарату тәсілі;
11) телевизиялық абоненттік жалғама – абоненттің цифрлық телевизиялық сигналды қабылдауына арналған жеке техникалық құрал;
12) теле-, радиоарна – кейіннен трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау үшін хабар тарату кестесіне сәйкес қалыптастырылған теле-, радиобағдарламалар мен дыбыс-бейне туындыларының, сюжеттер мен материалдардың жиынтығын білдіретін бұқаралық ақпарат құралы;
13) теле-, радиоарналар топтамасы – көпарналы хабар тарату арқылы тарату үшін қалыптастырылған теле-, радиоарналардың жиынтығы;
14) теле-, радиоарналарды тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып, тұтынушыға теле-, радиобағдарламаларды жеткізу;
15) теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік – уәкілетті органның теле-, радиокомпанияға беретін және теле-, радиоарнаның Қазақстан Республикасының аумағында таралуына рұқсат беретін белгіленген нысандағы құжат;
16) теле-, радиобағдарлама – тиісті атауы, хабар тарату көлемі бар және теле-, радиоарнаның басқа бөліктеріне қарамастан пайдаланылуы мүмкін теле-, радиоарнаның мазмұны жағынан аяқталған бөлігі;
17) теле-, радиокомпания – теле-, радиоарнаның меншік иесі болып табылатын және теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік алған жеке немесе заңды тұлға;
18) телерадио хабарларын тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып, теле-, радиоарналарды, ашық немесе кодталған түрде тұтынушының жария қабылдауы үшін қалыптастыру және (немесе) тарату;
19) телерадио хабарларын тарату қызметі – бұл теле-, радиобағдарламаларды қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, абонентке дейін жеткізу;
20) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
21) телерадио хабарларын таратудың техникалық құралдары – теле-, радиоарналар мен теле-, радиобағдарламалар жасауды, қалыптастыруды, таратуды және (немесе) қабылдауды қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар мен қабылдайтын-беретін техникалық құрылғылардың жиынтығы;
22) телекоммуникациялардың техникалық құралдары – теле-, радиосигналдарды қалыптастыруға, қабылдауға, өңдеуге және беруге мүмкіндік жасайтын техникалық құрылғылар;
23) телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
24) трансляция – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып теле-, радиоарналардың сигналын бастапқы тарату;
25) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісі – мемлекет меншігіндегі, Қазақстан Республикасының аумағында телерадиосигналдарын таратуды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен байланыс арналарының жүйесі;
26) хабар тарату кестесі – хабар таратудың бағдарламалық тұжырымдамасының нақты кезеңдегі негізгі бағыттарын көрсететін, теле-, радиобағдарламалардың тізбесі, реттілігі, атауы, эфирге шығу уақыты;
27) шартты қолжетімді теле-, радиоарна – көру құқығы өтеулі шарт негізінде қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату операторлары адамдардың шексіз тобына тарататын теле-, радиоарна.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласында өз қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласында өз қызметін жүзеге асыратын шетелдік жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын
тарату туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. ТЕЛЕРАДИО ХАБАРЛАРЫН ТАРАТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік
реттеудің негізгі қағидаттары
Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары:
1) заңдарда тыйым салынбаған кез келген тәсiлдермен еркiн ақпарат алу және тарату, сөз бен шығармашылық бостандығы құқықтарына конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз ету;
2) телерадио хабарларын тарату қызметтерін пайдалану кезінде адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметке жеке және заңды тұлғалардың қатысу құқықтарының теңдігі;
4) телерадио хабарларын тарату қызметтерін тұтынушылардың, телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
5) меншік нысанына қарамастан телерадио хабарларын тарату саласын дамытуға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді білдіретін адал бәсекелестік;
6) Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік стандарттар негізінде телерадио хабарларын тарату саласының қауіпсіздігін, сенімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
7) отандық теле-, радиоарналарды дамыту, отандық теле-, радиобағдарламаларды жасау және трансляциялау үшін жағдай жасау;
8) телерадио хабарларын тарату саласында жаңаша технологияларды енгізуге жәрдемдесу;
9) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметтің жариялылығы және ашықтығы болып табылады.
5-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік
реттеу және бақылау
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, есепке қою және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына, уәкілетті орган бақылауды жүзеге асыратын осы Заңның 24-бабының 1-тармағы 4) тармақшасын, 31-бабын қоспағанда, осы Заңда көзделген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік бақылау «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексерулер нысанында жүзеге асырылады.
4. Телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау жүргізуді мемлекеттік техникалық қызметті тарта отырып, уәкілетті орган жүзеге асырады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі даму бағыттарын әзірлейді;
2) телерадио хабарларын тарату саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуын қамтамасыз етеді;
3) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
4) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін бекітеді;
5) ұлттық оператор тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін бекітеді;
6) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларын бекітеді;
7) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларын бекітеді;
8) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидаларын бекітеді;
9) Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ережесі мен құрамын бекітеді;
10) адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы халықты хабардар ету, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде телерадио хабарларын тарату желілерін пайдалану қағидаларын бекітеді;
11) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік техникалық қызметті айқындайды;
12) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзімін бекітеді;
13) телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық операторды айқындайды;
14) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың телерадио хабарларын тарату мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді;
3) жергілікті атқарушы органдардың телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды және оған мониторинг жүргізуді жүзеге асыру жөніндегі қызметін үйлестіреді;
4) телерадио хабарларын таратушы ұлттық оператордың қызметін үйлестіреді;
5) мемлекеттік техникалық қызметтің жұмысын үйлестіреді;
6) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу бойынша конкурстар ұйымдастырады және өткізеді;
7) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурстар ұйымдастырады және өткізеді;
8) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурстар ұйымдастырады және өткізеді;
9) телерадио хабарларын тарату сапасының техникалық параметрлерінің және телерадио хабарларын таратудың мемлекеттік стандарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
10) «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
11) лицензиаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасында қабылданатын жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
13) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қоюды, қайта қоюды жүзеге асырады;
14) Қазақстан Республикасының аумағында есепке қойылған және таратылатын отандық және шетелдік теле-, радиоарналардың тізілімін жүргізеді және оны интернет-ресурста жариялайды;
15) өз құзыреті шегінде телерадио хабарларын тарату саласында нормативтік құқықтық және нормативтік техникалық актілерді, оның ішінде телерадио хабарларын тарату жүйесін техникалық пайдалану қағидаларын, телерадио хабарларын тарату сапасын бақылауды жүргізу қағидаларын, теле-, радиокомпаниялардың техникалық құралдарын телерадио хабарларын тарату операторларының желілеріне қосу қағидаларын, телерадио хабарларын тарату операторларының қызмет көрсетуі қағидаларын бекітеді;
16) телерадио хабарларын тарату құралдарына қойылатын техникалық талаптарды сақтау және телерадио хабарларын тарату операторларының осы Заңның 19-бабына сәйкес есепке қою рәсімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарды тарату бөлігіндегі Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
17) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін басқару жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
18) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
19) көпарналы хабар таратуда таратылуына байланысты міндетті теле-, радиоарналардың санын айқындайды;
20) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметтер нарықтарында басым жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметтеріне бағаларды реттейді;
21) отандық теле-, радиоарналарды есепке қоюды, қайта есепке қоюды жүзеге асырады;
22) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді;
23) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларын әзірлейді;
24) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларын әзірлейді;
25) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидаларын әзірлейді;
26) Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ережесін әзірлейді және оның құрамына ұсыныстар енгізеді;
27) уәкілетті органдарға адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы халықты хабардар ету үшін, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде телерадио хабарларын тарату желілерін пайдалану жөнінде ұсыныстар енгізеді;
28) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
8-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың
және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар
қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы
органдарының құзыреті
1. Елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты), өзге де ғимараттар мен құрылыстарды күтіп-ұстау саласындағы мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген техникалық регламентке сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы тұрғын үй кешендерінде дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын, кабельдік коммуникацияларды орналастыру бойынша талаптарды белгілейді.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
9-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет
1. Мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті уәкілетті органның бақылауын техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2. Мемлекеттік техникалық қызмет мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) радиожиiлiк спектрiнiң және радиоэлектрондық құралдардың мониторингi бойынша жұмыстарды техникалық қамтамасыз ету;
2) радиоэлектрондық құралдардың және радиожиiлiктi иелікке берудiң тiзiлiмiн (дерекқорын) жүргiзуді техникалық қамтамасыз ету;
3) радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлiгiнiң есебiн жүргiзу жөнінде қызмет көрсету;
4) радиобақылауды жүргізу мен радиоқабылдауды индустриялық бөгеуілдерден қорғауды техникалық қамтамасыз ету;
5) радиоэлектрондық құралдарға, оның ішінде ратификацияланған халықаралық шарттарға сәйкес әрекет ететін халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің радиоэлектрондық құралдарына радиобөгеуілдер көздерін анықтау және жою бойынша іс-шаралар;
6) уәкілетті органның жиілікті, радиожиілікті (радиожиілік арналарын) іріктеу бойынша жұмыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізуіне техникалық сүйемелдеу;
7) уәкілетті органның теле-, радиоарналарды халықтың қабылдауының сапасына бақылау жүргізу кезінде жұмыстарды техникалық қамтамасыз ету;
8) телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманы сақтау бойынша бақылау жасауды техникалық қамтамасыз ету.
10-бап. Теле-, радиобағдарламалардың тілі
1. Отандық теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламалары қазақ тілінде және басқа тілдерде таратылады.
2. Қазақ тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.
Қазақ тіліндегі теле-, радио бағдарламалардың жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін, әрқайсысының ұзақтығы алты сағаттық уақыт аралығындағы көлемі басқа тілдердегі теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.
Телеарналарда тарату кезінде субтитр түріндегі телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне есептелмейді.
3. Дыбыстық сүйемелдеудің көпарналы берілуін пайдаланатын телеарналар негізгі дыбыстық сүйемелдеуді қазақ тілінде пайдалануға тиіс.
4. Осы баптың талаптары осы Заңның 19-бабына сәйкес есепке қою рәсімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарға қолданылмайды.
5. Отандық теле-, радиоарналардың шетелдік аудиторияға трансляциясы қазақ тілінде және басқа тілдерде жүзеге асырылады.
11-бап. Телерадио хабарларын таратуды дамыту
мәселелері жөніндегі комиссия
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қоғамдық мүдделерді ескеру және қорғау, сондай-ақ халықтың теле-, радиоарналарға қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан консультативтік-кеңесші орган – Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия құрылады.
Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның қызметі оның құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және шешу кезінде айқындылық пен ашықтық негізінде жүзеге асырылады. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын барлық шешімдер мен қорытындылар ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
2. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның негізгі функциялары:
1) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
2) көпарналы хабар таратуда еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
3) көпарналы хабар таратуда міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
4) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөніндегі конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау мен олардың техникалық және қаржылық ұсыныстарын ескере отырып, жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
5) ұлттық операторды тыңдау қорытындылары бойынша ұсынымдар тұжырымдау болып табылады.
3. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдар мен ұсыныстар тиісті шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі.
4. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді іске асыратын уәкілетті орган болып табылады.
12-бап. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін
қалыптастыру
1. Жеке тұлғалардың ақпаратқа, сөз бостандығына, пікірлерді білдіру мен пікірлердің әралуандығын дамыту құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының біртұтас ақпараттық кеңістігін сақтау және қамтамасыз ету, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы мемлекеттік саясатты жария ету, елдің мәдени мұрасын сақтау және дамыту мақсаттарында міндетті теле-, радиоарналардың мәдени, ғылыми-білім беру, танымдық-ағарту және басқа да әлеуметтік маңызы бар ақпараттың жиынтығын құрайтын және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылуға міндетті тізбесі қалыптастырылады.
2. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесі көпарналы хабар таратуда таралуына қарай Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен, конкурстық негізде қалыптастырылады.
3. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру жөніндегі конкурсты өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. Аталған шешім ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
4. Теле-, радио компаниялардың конкурсқа қатысу өтінімдерін қарауды және міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
5. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін бекітеді.
6. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру үш жылда бір рет жүзеге асырылады.
13-бап. Еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін
қалыптастыру
1. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесі:
1) осы Заңның 42-бабының 4-тармағына сәйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату телеарна топтамаларына енгізілген теле-, радиоарналардан;
2) осы баптың 2-тармағына сәйкес қалыптастырылған телеарналардан қалыптасады.
2. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсты өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.
Үміткерлердің конкурсқа қатысу туралы өтінімдерін қарауды және жеңімпаздарды айқындау бойынша ұсыныстар енгізуді Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
Еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру үш жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.
3. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары бойынша құрамына осы баптың 2-тармағында көрсетілген теле-, радиоарналар енетін еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Телерадио хабарларын тарату операторлары теле-, радиокомпаниялармен жасаған шарттары негізінде еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды таратуға құқылы.
14-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті
лицензиялау
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялауды «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Телерадио хабарларын тарату желілері телекоммуникация қызметтерін (деректерді беру, Интернет желісіне қолжетімділік, телематиялық қызмет көрсету, жергілікті телефон байланысы қызметін көрсету және басқалар) тарату үшін пайдаланылған жағдайда, көрсетілген желілердің иеленушісі өз қызметін байланыс саласындағы лицензия негізінде жүзеге асырады.
15-бап. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін
радиожиілік спектрін пайдалану
1. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін бос жиіліктерді, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөнінде конкурс өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. Конкурс өткізу туралы шешім ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
3. Конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарауды және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар тұжырымдауды Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
4. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсатты Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия шешімінің негізінде уәкілетті орган береді.
Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсатта техникалық құралдардың орналасқан жері, оның ішінде үлгілері, географиялық координаттары, сондай-ақ пайдаланылатын таратушы радиоэлектрондық құралдардың нақты қуаты көрсетілген антенна құрылғыларының орналасуы көрсетілуге тиіс.
5. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін радиожиіліктерді есептеуді, оларды радиожиілік органдарымен келісуді және халықаралық үйлестіруді уәкілетті орган жүргізеді.
16-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызмет
көрсетуге арналған тарифтер
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, көпарналы хабар таратуда теле-, радиоарналарды тарату қызметтерiне арналған тарифтерді телерадио хабарларын тарату операторлары негізделген шығындар негізінде дербес белгiлейдi.
2. Телерадио хабарларын тарату саласындағы көрсетілетін қызметтер нарығында басым немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілеріне көрсетілетін қызметтерге арналған бағалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТЕЛЕ-, РАДИОАРНАЛАРДЫ ТАРАТУ
17-бап. Отандық теле-, радиоарналарды есепке қою, қайта
есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн теле-, радиоарна уәкiлеттi органда мiндеттi түрде есепке қойылуға тиіс.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшiн теле-, радиоарнаның меншiк иесi не оның уәкiлеттiк беруi бойынша әрекет ететiн тұлға осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келетiн өтiнiш бередi.
3. Теле-, радиоарнаны есепке қою кезінде, сондай-ақ теле-, радиоарнаның есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алу кезінде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалатын тәртiппен алым алынады.
4. Теле-, радиоарнаны есепке қою, қайта есепке қою туралы өтiнiш түскен күнiнен бастап он бес күн iшiнде қаралуға тиiс. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган теле-, радиоарнаның меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған теле-, радиоарнаның атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас теле-, радиоарнаны есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер өтiнiштiң мазмұны осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;
3) егер теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн алым төленбесе;
4) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай теле-, радиоарнаны қайта есепке қою туралы өтiнiшке меншiк құқығын басқа тұлғаға берудi растайтын шарттың нотариат куәландырған үзiндiсi қоса тiркелмесе;
5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан, аты (атының бiр бөлiгi) бiрдей және тақырыптық бағыты дәл сондай теле-, радиоарна есепке қоюды мәлiмдеген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын теле-, радиоарна мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешiмiмен тоқтатылған теле-, радиоарнаның меншiк иесi немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде өтiнiш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.
5. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күнінен бастап алты ай iшiнде теле-, радиобағдарламаларды таратуға кiрiсу құқығын сақтайды.
Теле-, радиоарнаның шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару мерзiмiн өткiзiп алған, сондай-ақ теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
6. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ теле-, радиоарнаның аты өзгерген жағдайларда ол қайта есепке қойылуға тиіс.
18-бап. Отандық теле-, радиоарнаны есепке қою туралы
өтiнiш
1. Теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiште:
1) теле-, радиоарна меншiк иесi – жеке адамның тегі, аты және әкесінің аты (егер бар болса), тұрғылықты мекенжайы, теле-, радиоарна меншiк иесi – заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) жеке және ретрансляцияланатын теле-, радио бағдарламалардың хабар таратуының орташа тәулiктiк көлемi көрсетiлген тақырыптық бағыты;
3) бекітілген тәртіпке сәйкес жабдықтардың болуы туралы міндеттеме;
4) алты ай ішінде трансляцияланатын және ретрансляцияланатын теле-, радиобағдарламаларды таспаға басу және сақтау туралы міндеттеме;
5) теле-, радиоарна меншiк иесiнiң кiретiн есiгi бөлек үй-жайлар мен орындарға немесе оны жалға алуға, оның ішінде:
телерадио хабарларын таратудың жұмыс iстеуi үшiн қажеттi техникалық құралдарды орналастыруға және пайдалануға арналған арнайы үй-жайларды (студиялық, аппараттық, қосымша);
шығармашылық персоналына (редакциялық) арналған үй-жайларды;
әкiмшiлiк-басқару персоналына арналған үй-жайларды жалға алуға мүлiктiк құқықтарын растайтын құжаттары көрсетілуге тиіс.
2. Өтiнiшке:
1) жеке тұлғалар үшiн – кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
2) заңды тұлғалар үшiн – заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң, құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерi;
3) теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн бюджетке алым төленгенiн растайтын құжат қоса тiркеледi.
3. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптар қоюға тыйым салынады.
19-бап. Уәкілетті органда шетелдік теле-, радиоарналарды
есепке қою, қайта есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағына телерадио хабарларын тарату операторлары тарататын шетелдік теле-, радиоарналар уәкілетті органда міндетті есепке қоюға жатады.
2. Шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қоюды, қайта есепке қоюды шетелдік теле-, радиокомпаниялардың өкілдері есепке қою туралы куәлік алуға өздері берген осы Заңның 20-бабының талаптарына жауап беретін өтініштің негізінде жүзеге асырады.
3. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою, қайта есепке қою туралы куәлік алуға өтініш келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган өтініш берушіге шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік береді не осы Заңның 21-бабында көзделген негіздер бойынша оны беруден бас тартады.
4. Діни бағыттағы шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін дінтану сараптамасынан кейін жүзеге асырылады.
5. Шетелдік теле-, радиоарнаны қайта есепке қою теле-, радиоарнаның аты, негізгі тақырыптық бағыты ауысқан жағдайда жүзеге асырылады.
6. Осы Заңның 42-бабының 7-тармағында көрсетілген шетелдік теле-, радиоарналарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында есепке қойылмаған шетелдік теле-, радиоарналар қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады.
20-бап. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы
өтiнiш
1. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiште:
1) теле-, радиоарнаның меншiк иесi – жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бар болса), тұрғылықты мекенжайы, теле-, радиоарнаның меншiк иесi – заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) теле-, радиобағдарламалардың тiлi (тiлдерi);
3) теле-, радиоарна хабарын тарату кестесі;
4) теле-, радиоарнаның негізгі тақырыптық бағыты;
5) теле-, радиоарна бас редакторының (редакторының) тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса);
6) теле-, радиоарнаның заңды мекенжайы;
7) теле-, радиокомпанияның Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау туралы міндеттемесі көрсетілуге тиiс.
2. Өтiнiшке:
1) жеке тұлғалар үшiн – теле-, радиоарнаның меншік иесі болып табылатын шетелдік жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшірмесі, мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі аудармасын нотариат куәландырған, кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың көшірмесі;
2) заңды тұлғалар үшiн – сауда тізілімінен заңдастырылған үзінді немесе құрылтайшы – шетелдік заңды тұлға шет мемлекет заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат;
3) теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн бюджетке алым төленгенiн растайтын құжат қоса тіркеледі.
3. Теле-, радиоарнаны есепке қою кезiнде өзге талаптар қоюға тыйым салынады.
21-бап. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қоюдан бас
тартудың және шетелдік теле-, радиоарнаны есепке
қою туралы куәлікті кері қайтарып алудың
негіздері
1. Уәкілетті орган шетелдік теле-, радиокомпания өкіліне шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою туралы куәлік беруден:
1) өтініш мазмұны осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес келмейтін болса;
2) теле-, радиоарнаны есепке қою үшін алым төленбеген болса;
3) шетелдік теле-, радиоарнаның материалдары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстремизмдi немесе терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты насихаттауды және үгiттеуді, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы кино- және бейнеөнiмдердi, сондай-ақ суицидті насихаттайтын ақпаратты қамтитын болса;
4) дінтану сараптамасы нәтижелері бойынша теріс қорытынды болса;
5) шетелдік теле-, радиоарна өнімдеріне қатысты Қазақстан Республикасының аумағында оны таратуға тыйым салу туралы сот шешімі болса, бас тартады.
2. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қоюдан бас тарту кезінде шетелдік теле-, радиокомпания өкіліне дәлелді бас тарту жазбаша түрде беріледі.
3. Шетелдік теле-, радиоарна Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда уәкілетті орган есепке қою туралы куәлікті сот тәртібімен кері қайтарып алады.
4. Сот шетелдік теле-, радиоарна тарататын ақпаратты осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің талаптарына қайшы келеді деп таныса, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік теле-, радиоарнаның таратылуы тоқтатыла тұрады не тоқтатылады.
4-тарау. ТЕЛЕРАДИО ХАБАРЛАРЫН ТАРАТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
22-бап. Телерадио хабарларын тарату субъектілері
Теле-, радиокомпаниялар, телерадио хабарларын тарату операторлары және теле-, радиобағдарламаларды жасаушылар Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын тарату субъектілері болып табылады.
23-бап. Теле-, радиокомпания
1. Теле-, радиокомпания теле-, радиоарналарды қалыптастырып, оларды телерадио хабарларын тарату желілерінде әрі қарай тарату жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
2. Теле-, радиокомпаниялар:
1) уәкілетті органда теле-, радиоарнаны бұқаралық ақпарат құралы ретінде есепке қоюды жүзеге асырады;
2) қалыптастырылатын теле-, радиоарналардың телерадио хабарларын таратудың мемлекеттік стандарттарының талаптарына техникалық сәйкестігін қамтамасыз етеді;
3) телерадио хабарларын таратудың техникалық құралдарын телерадио хабарларын тарату операторларының желілеріне қосу, телерадио хабарларын тарату жүйелерін техникалық пайдалану қағидаларына және телерадио хабарларының мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламалар беру сапасын қамтамасыз етеді;
4) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген сәйкестік сертификаттары бар теле-, радиоарналарды қалыптастырудың техникалық құралдарын пайдаланады.
24-бап. Телерадио хабарларын тарату операторлары
1. Телерадио хабарларын тарату операторлары эфирлік және көпарналы хабар тарату (цифрлық эфирлік, кабельдік, спутниктік телерадио хабарларын тарату) арқылы:
1) теле-, радиоарналар топтамаларын трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес теле-, радиокомпаниялармен жасалған шарттар негізінде теле-, радиоарналарды трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау;
3) егер телерадио хабарларын тарату операторлары мен теле-, радиокомпаниялар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, теле-, радиоарналарды теле-, радиобағдарламаларының мазмұнын өзгертпестен ретрансляциялау;
4) Осы Заңның 19-бабына сәйкес есепке қою рәсімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарды телерадио хабарларын тарату операторы және шетелдік теле-, радиокомпания арасында жасалған шарттардың негізінде трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау;
5) міндетті теле-, радиоарналарды, еркін және шартты түрде қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау жолымен теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
2. Телерадио хабарларын тарату операторлары:
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген сәйкестік сертификаттары бар техникалық құралдарды теле-, радиоарналарды тарату үшін пайдалануға;
трансляциялауды және (немесе) ретрансляциялауды телерадио хабарларын таратудың техникалық пайдалану қағидаларына және телерадио хабарларын таратудың мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
25-бап. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы
1. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, меншік иесі ретінде мемлекет телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін күтіп-ұстау және дамыту бойынша міндеттер жүктеген заңды тұлға.
2. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын тарату операторларымен жасалған шарттардың негізінде теле-, радиокомпаниялар мен телерадио хабарларын тарату операторларына телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін пайдалануға тең құқық береді;
2) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісінің біртұтас мүліктік кешенінің сақталуын қамтамасыз етеді;
3) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін күтіп-ұстау мен пайдалануды жүзеге асырады;
4) заманауи озық технологиялар негізінде телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін дамытуды және жаңғыртуды жүзеге асырады;
5) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейін өз қаражаты есебінен теле-, радио хабарларын тарату жүйелерін одан әрі дамытуды жүзеге асырады;
6) міндетті теле-, радиоарналарды және еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды жүзеге асырады;
7) теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметтерге тарифтерді интернет-русурста жариялайды.
26-бап. Телерадио бағдарламаларды жасаушы
1. Теле-, радиобағдарламаларды жасауға маманданған жеке немесе заңды тұлға телерадио хабарларының бағдарламаларын жасаушы болып табылады.
2. Телерадио бағдарламаларын жасаушылар және телерадиокомпаниялар арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
27-бап. Телерадио хабарларын тарату желілері
1. Телерадио хабарларын тарату желілері байланыс саласындағы заңнамаға сәйкес біртұтас телекоммуникация желісінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің аумағында теле-, радиоарналарды тарату және трансляциялау үшін пайдаланылатын жерүсті және спутниктік хабар тарату жүйелерінің біртұтас өндірістік-технологиялық кешенін құрайды.
2. Мемлекеттік теле-, радиоарналарды тарату және трансляциялау үшін телерадио хабарларын тарату операторларының техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, біртұтас телекоммуникация желісіне негізделетін республикалық және өңірлік телерадио хабарларын тарату желілері құрылады.
3. Теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын тарату операторлары теле-, радиоарналарын тарату және трансляциялау үшін қазіргі бар телекоммуникация желілерін жасалған шарт талаптарымен пайдалануға құқылы.
4. Телерадио хабарларын тарату желілері, меншік нысанына қарамастан, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде халықты хабардар ету үшін пайдаланылады. Телерадио хабарларын тарату желілерін көрсетілген мақсаттарда пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде халықты хабардар етуді теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын тарату операторлары меншік нысанына қарамастан міндетті түрде жүзеге асырады.
6. Егер техникалық жағдайлар мүмкіндік берсе, тұрғын үйлерде кабельдік желілерді тарту үшін инженерлік инфрақұрылым объектілері барлық кабельдік телерадио хабарларын тарату операторларына бірдей шарттармен беріледі.
28-бап. Ұлттық телерадио хабарларын таратудың мүдделерін
қорғау
1. Отандық теле-, радиоарналардың телерадио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде отандық теле-, радиобағдарламалар және қазақстандық авторлардың не орындаушылардың музыкалық шығармалары:
1) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап – отыз пайыздан кем емес;
2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап – қырық пайыздан кем емес;
3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – елу пайыздан кем емес мөлшерді құрауға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау немесе үгiттеу көріністерін қамтитын, экстремизмдi немесе терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты насихаттауды, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға, суицидті насихаттауға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы өнiмдердi қамтитын теле-, радиобағдарламаларды таратуға тыйым салынады.
29-бап. Телебағдарламаларды тарату кезінде балалар мен
жасөспірімдерді қорғау
1. Жергілікті уақыт бойынша 06.00-ден 22.00-ге дейінгі кезеңде балалар мен жасөспірімдердің тәндік, психикалық, имандылық, моральдық және рухани дамуына зиян келтіруі мүмкін телебағдарламаларды, сондай-ақ «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Е 18» индексімен индекстелген фильмдерді таратуға жол берілмейді.
2. Телерадио хабарларын тарату операторлары шетелдік телеарналарды ретрансляциялау кезінде ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар арқылы аталған фильмдер мен телебағдарламаларды көруге қолжетімділікті шектеу жөніндегі шаралар қолдануға тиіс.
30-бап. Телебағдарламаларды тарату кезінде мүгедектердің
құқықтарын қорғау
1. Жаңалықтар сипатындағы кем дегенде бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың талаптары осы Заңның 19-бабына сәйкес тіркеу рәсімінен өткен шетелдік телеарналарға қолданылмайды.
31-бап. Телерадио хабарларын таратудың техникалық
құралдарына қойылатын талаптар
1. «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес теле-, радиоарналарды қалыптастырудың, трансляциялаудың, ретрансляциялаудың және (немесе) қабылдаудың техникалық құралдарының сәйкестігі расталуға жатады.
2. Өзге радиотаратқыш және (немесе) радиоқабылдағыш байланыс құралдарына бөгеуілдер жасайтын және мәлімделген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін, телерадио хабарларын тарату сигналын қабылдайтын және беретін радиоэлектрондық құралдарды пайдалануға тыйым салынады.
32-бап. Қосымша ақпаратты тарату
1. Қосымша ақпарат мазмұны телерадио хабарларын тарату сигналының құрамында берілетін негізгі телебағдарламаның мазмұнына байланысты емес, бір жиілікті және (немесе) эфир уақытын пайдалана отырып, негізгі бағдарламамен бір уақытта трансляцияланатын әріптік, цифрлық, графикалық ақпаратты білдіреді.
2. Қосымша ақпараттың көлемі кадр алаңының он бес пайызынан аспауға тиіс.
33-бап. Теле-, радиоарналарда жарнаманы орналастыру
Жарнаманы теле-, радиоарналарда, оның ішінде көпарналы хабарлар тарату арқылы ретрансляцияланатын теле-, радиоарналарда орналастыру «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
34-бап. Теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды
ретрансляциялау
1. Теле-, радиоарнаны, теле-, радиобағдарламаны ретрансляциялау, егер телерадио хабарларын тарату операторлары мен құқық иеленуші - теле-, радиокомпания арасында жасалған шартта өзгеше көзделмесе, сондай-ақ осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, мазмұнына өзгерістер енгізілместен жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын тарату операторлары Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік теле-, радиоарналарды ретрансляциялау кезінде «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келмейтін жарнаманың таратылуына жол бермеуге тиіс.
3. Теле-, радиоарнаны, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялауға телерадио хабарларын тарату операторы мен құқық иеленуші теле-, радиокомпания арасында жасалған шарттың негізінде ғана жол беріледі.
4. Теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялауға байланысты құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Отандық теле-, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламаларын ретрансляциялау теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінің жиырма пайызынан аспауға тиіс.
5-тарау. ТЕЛЕРАДИО ХАБАРЛАРЫН ТАРАТУ ТҮРЛЕРІ
35-бап. Аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату
1. Аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату сигналды өңдеудің аналогтік әдістерін пайдалана отырып, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату арқылы радиоарналарды тарату осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат және радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия болған жағдайда жүзеге асырылады.
36-бап. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату
1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату бірегей сигналды цифрлау (жинау) әдісін пайдалана отырып, жер үстіндегі хабар беруші станциялар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Телерадио хабарларын тарату операторларының цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаты және теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
37-бап. Спутниктік телерадио хабарларын тарату
1. Спутниктік телерадио хабарларын тарату байланыс спутниктерінде орналастырылатын ретрансляторлар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Спутниктік телерадио хабарларын тарату Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында телерадио хабарларын тарату сигналдарын таратуға арналған.
3. Телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаты және теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
38-бап. Кабельдік телерадио хабарларын тарату
1. Интернет жүйелеріне қолжетімділік қызметін көрсететін абоненттік желілерді қоспағанда, кабельдік телерадио хабарларын тарату кабельдік және эфирлік-кабельдік желілер арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиоарналарды телерадио хабарларын таратудың кабельдік және эфирлік-кабельдік желілері арқылы таратуы теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензия негізінде жүзеге асырылады.
3. Телерадио хабарларын тарату операторларының эфирлік-кабельдік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат болған кезде жүзеге асырылады.
4. Кабельдік телерадио хабарларын тарату операторлары мен міндетті теле-, радиоарналар құқық иелері арасындағы өзара есепке жатқызу негізінде міндетті теле-, радиоарналардың трансляциясын және (немесе) ретрансляциясын кабельдік телерадио хабарларын тарату операторлары жүзеге асырады.
39-бап. Дара спутниктік қабылдау
1. Жеке және заңды тұлғалардың дара спутниктік қабылдауы одан әрі ретрансляциялау құқығынсыз жүзеге асырылады.
2. Телевизиялық сигналдың дара спутниктік қабылдауын қамтамасыз ету үшін «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сәйкестігі растаудан өткен дара спутниктік қабылдау құрылғылары пайдаланылуға тиіс.
40-бап. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесі
1. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесі – бір үй және (немесе) бірнеше үй шегінде теле-, радиоарналарды қабылдауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар кешені.
2. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі коммерциялық мақсаттарды көздейтін қызмет кабельдік телерадио хабарларын таратуға теңестіріледі және теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензиялануға жатады.
3. Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін, бір үй шегіндегі ұжымдық қабылдау жүйесі үйдің меншік иелерінің жазбаша келісімімен ғана орнатыла алады. Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін бірнеше үйлер шегінде ұжымдық қабылдау жүйесі, егер осы үйлердің меншік иесі бір жеке немесе заңды тұлға болып табылса, орнатыла алады.
4. Ұжымдық қабылдау жүйелері телерадио хабарларын таратудың басқа операторларының хабар тарату сапасына әсер етпеуге тиіс.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
41-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
42-бап. Өтпелі ережелер
1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін аналогтік эфирлік телерадио хабарларын таратудың жұмыс істеп тұруы қамтамасыз етіледі.
2. Уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзімін цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін кемінде алты ай бұрын айқындайды. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзімі туралы ақпарат ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін мемлекеттік емес еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды тарату республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу Қазақстан Республикасында тұратын барлық халықтың цифрлық эфирлік және цифрлық спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарналарды қабылдау мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады.
3. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру бойынша қызметпен айналысу үшін бұрын берілген лицензиялар және жиіліктер белдеуін, радиожиіліктер (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаттар қолданылады. Бұл ретте теле-, радиокомпаниялар осы Заңның талаптарына сәйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейінгі бір жыл ішінде телеарналарды есепке қоюды жүзеге асыруға міндетті.
4. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу кезінде әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында аналогтік жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер арқылы таратылатын телеарналар аталған жиіліктерді, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) босатады және телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы оларды цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратудың телеарналар топтамасына міндетті түрде тегін қосады. Бұл теле-, радиоарналарды тарату жасалған шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейін аналогтік телерадио хабарларын тарату кезінде телеарналарға радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсаттар және телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар өз күшін тоқтатады.
6. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды қамтамасыз ету мақсатында теле-, радиохабарлар таратудың ұлттық операторы жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсатты конкурс өткізілместен алады.
7. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік теле-, радиоарналар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде есепке қоюды жүзеге асырады.
8. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін телерадио хабарларын тарату қызметін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын телерадио хабарларын тарату операторлары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде лицензиясын қайта ресімдеуге міндетті.
9. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
10. 10-баптың 2-тармағының үшінші абзацы осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі.
43-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ