Микроқаржылық қызмет туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы.

Жаңартылған

      Ескерту. Заңның тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 32-б. қараңыз.

      Осы Заң микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды құрудың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық жағдайының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды.

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) есептік тіркеу – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымды осы Заңның 14-бабына сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың тізіліміне қосу;

      2) кредиттiк дерекнама – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым әрбiр қарыз алушыға қалыптастыратын құжаттар мен мәлiметтер;

      3) қарыз алушы – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйыммен микрокредит беру туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;

      4) микрокредит – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға осы Заңда айқындалған мөлшерде және тәртiппен ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беретiн ақша;

      5) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым – микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард;

      6) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың тізілімі (бұдан әрі – микроқаржы ұйымдарының тізілімі) – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың бірыңғай тізбесі;

      7) өтініш беруші – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға микрокредит алуға өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;

      8) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасы

      Ескерту. 2-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. "Акционерлік қоғамдар туралы", "Шаруашылық серіктестіктері туралы", "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" және "Кредиттік серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының заңдары микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде қолданылады.

      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4. "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдарына және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және осы Заңға сәйкес қабылданатын уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. МИКРОҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-бап. Микроқаржылық қызмет, микрокредиттер беру тәртібі мен шарттары

      Ескерту. 3-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1.1. Микроқаржылық қызметке:

      1) кредиттік серіктестіктердің өз қатысушыларына микрокредиттер беру жөніндегі қызметі;

      2) ломбардтардың жеке тұлғаларға жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлкін кепілге қойғыза отырып республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде бір жылға дейінгі мерзімге микрокредиттер беру жөніндегі қызметі;

      3) микроқаржы ұйымдарының жеке және (немесе) заңды тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қамтамасыз етілетін не қамтамасыз етілмейтін микрокредиттер беру жөніндегі қызметі жатады.

      1-2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – микроқаржы ұйымдары) осы баптың 1-1-тармағында көрсетілген қызметтен басқа мынадай операцияларды жүзеге асыруға құқылы:

      1) Қазақстан Республикасының резиденттерінен және бейрезиденттерінен қарыз тарту (кәсіпкерлік қызмет ретінде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуды қоспағанда);

      2) өз активтерін бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялау;

      3) микрокредиттер беру жөніндегі қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсету;

      4) өз мүлкін мүліктік жалға (жалдауға) беру;

      5) лизингтік қызметті жүзеге асыру;

      6) ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрінде микроқаржы ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша арнаулы әдебиетті өткізу;

      7) төлем агентінің және қосалқы төлем агентінің функцияларын жүзеге асыру;

      8) Қазақстан Республикасы резидент-сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасу;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақша жүйесі агентінің функцияларын жүзеге асыру;

      10) факторингтік операциялар: тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушыдан төлем жасамау тәуекелін қабылдай отырып, төлемді талап ету құқықтарын сатып алу;

      11) форфейтингтік операциялар (форфетирлеу): тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемесін сатушыға айналым түспейтін жолмен вексель сатып алу арқылы төлеу;

      12) кепілдіктерді, кепілгерліктерді және ақшалай нысанда орындауды көздейтін өзге де міндеттемелерді беру.

      1-3. Жеке тұлғаларға жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлкін кепілге қойғыза отырып микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы құрамында бағалы металдар және асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алуды, сақтауды және сатуды қосымша жүзеге асыруға құқылы.

      1-4. Микроқаржы ұйымдарына осы Заңда көзделмеген өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

      2. Микроқаржы ұйымы өзінің жоғары органы бекіткен микрокредиттер беру қағидалары болғанда ғана микрокредиттерді беруге құқылы.

      2-1. Алып тасталды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-1. Микроқаржы ұйымы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық тәсілмен микрокредиттер беруге құқылы.

      4. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Кез келген валютаның баламасына байланыстырылып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді.

      6. Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарттың талаптарын, қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін:

      тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;

      микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту қарыз алушы үшін микрокредит беру туралы шарттың талаптарын жақсарту деп түсініледі.

      Микроқаржы ұйымы жақсарту талаптарын қолданған жағдайда, қарыз алушы микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен микрокредит беру туралы шарт талабының өзгергені туралы хабардар етіледі.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.08.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Микрокредит беру туралы шарт

      1. Микрокредит беру туралы шарт мәміленің жазбаша нысанына қойылатын Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының талаптары ескеріле отырып жасалады.

      2. Микроқаржы ұйымы жасаған микрокредит беру туралы шарт жөніндегі ақпарат Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасында айқындалған талаптарда мемлекет қатысатын кредиттік бюроға міндетті түрде берілуге жатады.

      3. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының талаптары ескеріле отырып бекітіледі.

      3-1. Жеке тұлғамен күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге жасалған, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің елу еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде микрокредит беру туралы шарт бойынша осы Заңның 5-бабының 1-тармағында белгіленген талап шарт мынадай талаптарға сәйкес келген кезде қолданылмайды:

      1) микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген шекті мәннен аспайды;

      2) микрокредит беру туралы шарт бойынша микрокредит сомасын қайтару және (немесе) сыйақыны төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5 пайызынан аспайды;

      3) микрокредит нысанасын қоспағанда, қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша барлық төлемдері, микрокредит беру туралы шартта көзделген сыйақы мен тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) сомасын қоса алғанда, жиынтығында микрокредит беру туралы шарт қолданылатын бүкіл кезеңде берілген микрокредит сомасынан аспайды;

      4) шарт микрокредит сомасын ұлғайтуға тыйым салуды қамтиды;

      5) тараптардың келісімі бойынша микрокредит беру туралы шарттың қолданылу мерзімі қолданыстағы немесе жақсартатын жағдайларда ұлғайтылуы мүмкін.

      4. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4-1. Микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде, қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қолданылады.

      Өзіне құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

      5. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6. Жеке тұлғаға берілген тұрғынжай және (немесе) тұрғынжай орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит беру немесе жеке тұлғаға берілген тұрғынжай және (немесе) тұрғынжай орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредитті өтеу мақсатында жаңа микрокредит беру туралы шартты орындау талаптарын өзгерту кезінде, мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына капиталдандыруға (жинақтап қосуға) жол берілмейді.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі

      1. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс.

      2. Берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидасын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      3. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету

      1. Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсiлдермен қамтамасыз етiледi.

      1-1. Жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушының жүргізген төлем сомасы, егер бұл қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:

      1) негізгі борыш бойынша берешек;

      2) сыйақы бойынша берешек;

      3) микрокредит беру туралы шартта айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);

      4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;

      5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;

      5-1) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      6) микроқаржы ұйымының орындауды алу бойынша шығасылары.

      Осы тармақта белгіленген талаптар осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа, сондай-ақ ломбард жасаcатын микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды.

      2. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Микроқаржы ұйымы:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      1-1) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаға беруге;

      2) микрокредиттер беру қағидаларында айқындалған, микрокредит беру туралы шартты жасау және ол бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажетті құжаттар мен мәлiметтердi қарыз алушыдан (өтініш берушіден) сұратуға;

      2-1) қарыз алушының өтініші бойынша тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеу мақсатында екінші деңгейдегі банктер арқылы микрокредитті үшінші тұлғаға аударуды жүзеге асыруға;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және микрокредит беру туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Микроқаржы ұйымы:

      1) орналасқан жерi өзгерген не атауы өзгерген жағдайда бұл туралы уәкілетті органға, сондай-ақ қарыз алушыларды (өтініш берушілерді) микроқаржы ұйымының орналасқан жері бойынша, сондай-ақ қарыз алушы (өтініш беруші) – жеке тұлғаның заңды мекенжайы бойынша және қарыз алушы (өтініш беруші) – заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша екi баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде тиiстi ақпарат жариялау арқылы не мұндай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде әрбір қарыз алушыны (өтініш берушіні) жазбаша хабардар ету арқылы жазбаша хабарлауға;

      2) микрокредиттер беру қағидаларының көшiрмесiн микроқаржы ұйымы қарыз алушысының (өтініш берушісінің) көруі және онымен танысуы үшін қолжетiмдi жерде, оның ішінде микроқаржы ұйымының интернет-ресурсы бар болса, сонда орналастыруға;

      3) өтініш берушіге микрокредитті алуға, оған қызмет көрсетуге және оны өтеуге (қайтаруға) байланысты төлемдер туралы толық және анық ақпарат беруге;

      4) микрокредит беру туралы шартты жасасқанға дейін өтініш берушіге микрокредитті өтеу әдісімен танысу және оны таңдау үшін түрлі әдістермен есептелген өтеу кестелерінің жобаларын беруге міндетті. Қарыз алушыға микроқаржы ұйымдары жеке тұлғаларға беретін микрокредиттер бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген осындай микрокредиттер бойынша сыйақыны есептеуге арналған уақытша базаларға сәйкес микрокредит беру туралы шартта белгіленген кезектілікпен есептелген микрокредитті өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:

      сараланған төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;

      аннуитеттік төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылып отыратын төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылып отыратын төлемдерді қамтитын микрокредиттің бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.

      Микроқаржы ұйымы микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген микрокредитті өтеу кестелерінің қосымша жобаларын ұсыныуы мүмкін;

      Осы тармақшада белгіленген талаптар осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды;

      4-1) алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5) қарыз алушыға (өтініш берушіге) микрокредит алуға байланысты оның құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпарат беруге;

      5-1) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға мәліметтерді хабарлауға;

      6) микрокредит беру құпиясын сақтауға;

      7) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыруға және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құруға міндетті.

      Осы тармақшада белгіленген талап кредиттік серіктестіктер мен ломбардтарға қолданылмайды;

      8) уәкілетті орган белгiлеген пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, оларды есептеу әдістемесін сақтауға;

      8-1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген, микроқаржы ұйымы қарыз алушысының борыштық жүктемесі коэффициентін есептеу тәртiбiн және оның шекті мәнін сақтауға міндетті.

      Осы тармақшада белгіленген талап кредиттік серіктестіктер мен ломбардтарға қолданылмайды;

      9) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тізбесі, нысандары, ұсыну мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленетін қаржылық және өзге де есептілікті ұсынуға;

      10) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға;

      11) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      11-1) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда микрокредит беруден бас тартуға";

      12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.

      3. Микроқаржы ұйымы:

      1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредиттi өтеу тәсiлi мен әдісін біржақты тәртіппен өзгертуге;

      1-1) кепілсіз банктік қарыз және микрокредиттер бойынша күнтізбелік алпыс күннен астам, республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткiштiң бес еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын мөлшерде мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредитті беруге құқылы емес.

      Осы тармақшада белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды;

      1-2) микрокредит бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан (өтініш берушіден) алуға;

      2) жеке тұлға болып табылатын, микроқаржы ұйымына микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;

      3) кепілге салынған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге;

      4) қарыз алушы – жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредиті бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткен соң тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) есепке жазуға және талап етуге құқылы емес.

      Осы тармақшаның талабы микрокредит беру туралы шартқа, егер оны жасасу күні негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын мүлік кепілімен және (немесе) ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген болса, қолданылмайды;

      5) тұрғын үй және (немесе) тұрғынжай орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткен соң есепке жазылған сыйақыны, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге құқылы емес.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Өтініш берушінің құқықтары мен мiндеттерi

      1. Өтініш беруші:

      1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру тарифтерімен танысуға;

      2) микрокредитті алуға, оған қызмет көрсетуге және оны өтеуге (қайтаруға) байланысты төлемдер туралы толық және анық ақпарат алуға;

      3) микрокредит беру туралы шарт жасасудан бас тартуға құқылы.

      2. Өтініш беруші микроқаржы ұйымына микрокредит беру туралы шарт және қарыз алушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ететін шарттар жасасу үшін қажетті, осы Заңның 20-бабының 3 және 4-тармақтарында айқындалған құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.

      3. Өтініш берушінің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.

9-бап. Қарыз алушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қарыз алушының:

      1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру тарифтерімен танысуға;

      2) алған микрокредитке микрокредит беру туралы шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен билік етуге;

      3) өз құқықтарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қорғауға;

      4) микрокредит беру туралы шарт бойынша берілген микрокредит сомасын микроқаржы ұйымына мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтаруға;

      4-1) микрокредит беру туралы өзі жасасқан шарт бойынша құқық (талап ету) басқаға берілген жағдайда, осы Заңның 9-1-бабы 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін банк омбудсманына жүгінуге құқығы бар. Көрсетілген құқық жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыға қолданылады;

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және микрокредит беру туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Қарыз алушы:

      1) микрокредит беру туралы шартта белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен алынған микрокредиттi қайтаруға және ол бойынша сыйақыны төлеуге;

      2) микроқаржы ұйымы осы Заңға сәйкес сұрататын құжаттар мен мәлiметтердi беруге;

      3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында және микроқаржы ұйымымен жасалған шарттарда белгіленген өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.05.2017 № 63-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

9-1-бап. Берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге немесе құқықты (талап етуді) басқаға беру тәртібі

      1. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен осындай шарт жасасу жағдайларын қоспағанда, оның үшінші тұлғалармен нысанасы берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ қарыз алушының берешегіне байланысты ақпарат жинау жөнінде қызметтер көрсету болып табылатын шарт (бұдан әрі – берешекті өндіріп алу туралы шарт) жасасуына тыйым салынады.

      Микрокредит беру туралы шартта қарыз алушы микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуіне жол берген жағдайда микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.

      2. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен берешегі тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген жеке тұлғаға қатысты берешекті өндіріп алу туралы шарт жасасуына жол берілмейді.

      3. Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде микроқаржы ұйымы:

      сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;

      берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақы төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.

      4. Мынадай талаптардың бірі сақталған кезде:

      құқықтарды (талап етулерді) сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай ұйым қызметі түрлерінің бірі болып табылғанда;

      құқықтарды (талап етулерді) сатып алу жеке тұлғаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар немесе мемлекеттік органдардың құқықтық актілері шеңберінде жүзеге асырылғанда, құқықты (талап етуді) жарғылық капиталдарына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі ұйымдарға беруді қоспағанда, микроқаржы ұйымының жеке тұлғамен жасасылған және тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.

      5. Микроқаржы ұйымының құқықты (талап етуді) мынадай тұлғаларға:

      екінші деңгейдегі банкке;

      коллекторлық агенттікке;

      микроқаржы ұйымына;

      секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына;

      микроқаржы ұйымы қамтамасыз етілген облигацияларды шығарған немесе қарыз алған кезде микрокредит беру туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын кепіл ұстаушы заңды тұлғаға;

      қаражатты микроқаржы ұйымдарында шартты түрде орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша – жеке кәсіпкерлікті дамыту арнайы қорына беруін қоспағанда, оның микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.

      Осы тармақтың талаптары осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

      6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе микрокредит беру туралы шартта өзгеше көзделмесе, микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес.

      7. Микрокредит беру туралы шарт бойынша бір қарыз алушыға қатысты құқықты (талап етуді) бірнеше тұлғаға беруге жол берілмейді.

      8. Микроқаржы ұйымының микрокредит беру туралы шарт бойынша құқығының (талап етуінің) үшінші тұлғаға өтуі талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасасылған кезде, микроқаржы ұйымы:

      1) талап ету құқығын басқаға беру шарты жасасылғанға дейін қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы микрокредит беру туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен хабардар етуге;

      2) талап ету құқығын басқаға беру шарты жасасылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) микрокредитті өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ, негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) үшінші тұлғаға өткені туралы микрокредит беру туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен хабардар етуге;

      3) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) өзіне өткен тұлғаға мынадай құжаттардың:

      кепіл нысанасына (егер микрокредит кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда) құқық белгілеуші құжаттардың;

      кепілгерлік немесе кепiлдiк шарттарының (егер микрокредит бойынша міндеттемелерді орындау кепілгерлікпен немесе кепiлдiкпен қамтамасыз етілген жағдайда);

      қарыз алушы берешегінің құқық (талап ету) басқаға берілген күнгі есептеулерінің;

      қарыз алушымен наразылық хат алмасудың;

      қарыз алушының – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының, қарыз алушының – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатының;

      қарыз алушының берешекті өтегенін растайтын құжаттардың;

      кепілге салынған мүлікті өткізу жөніндегі құжаттардың;

      талап ету құқығын басқаға беру шартына сәйкес өзге де құжаттардың түпнұсқаларын және (немесе) көшірмелерін беруге міндетті.

      Қарыз алушыға қойылатын барлық құқықтар (талап етулер) басқаға берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы өзінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаға береді.

      Қарыз алушыға қойылатын құқықтардың (талап етулердің) бір бөлігі басқаға берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы осындай құқықтарды (талап етулерді) куәландыратын құжаттардың түпнұсқаларын сақтауға және көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) ішінара берілген тұлғаға беруге құқылы.

      Микроқаржы ұйымы, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілеуші құжаттардың тұпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      4) талап ету құқығын басқаға беру шартын жасасқаннан кейін төлемдердің әрбір қарыз алушы бөлінісінде таратып жазылуын бере отырып, қарыз алушылардан алынған ақшаны микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның банктік шотына берешекті өтеу есебіне аударуға міндетті.

      9. Сатып алынған құқықты (талап етуді) бастапқы кредиторға кері сатуды (қайтаруды), құқықты (талап етуді) екінші деңгейдегі банктерге, коллекторлық агенттіктерге, секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына, сондай-ақ өзге де микроқаржы ұйымдарына беруді (қайта беруді) қоспағанда, жеке тұлғамен жасасылған микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржы ұйымының құқығы (талап етуі) өткен тұлғаның осындай құқықты (талап етуді) өзге тұлғаларға қайта беруіне тыйым салынады.

      Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 06.05.2017 № 63-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 325-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелердi тоқтату

      1. Микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.

      2. Қарыз алушыларға микроқаржы ұйымдарының микрокредиттерді беру туралы шарттарды тиісінше орындамағаны бойынша талап қою мерзімдерінің ескіру мерзімі бес жылды құрайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТI

11-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтық жағдайы

      1. Микроқаржы ұйымы (кредиттік серіктестікті қоспағанда) акционерлік қоғамның немесе шаруашылық серiктестiктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.

      2. Облигацияларды Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында орналастыру және (немесе) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында жұмыс істейтін қор биржасындағы сауда-саттыққа жіберу мақсаттары үшін шығаруды қоспағанда, микроқаржы ұйымына облигациялар шығаруға тыйым салынады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталын қалыптастыру

      1. Микроқаржы ұйымының құрылтайшылары құрылатын микроқаржы ұйымын мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) кезінде оның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiн толық төлеуге мiндеттi.

      2. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      3. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен қалыптастырылады.

13-бап. Микроқаржы ұйымының атауы

      1. Микроқаржы ұйымының (кредиттік серіктестікті және ломбардты қоспағанда) атауында мiндеттi түрде "микроқаржы ұйымы" деген сөздер немесе "MҚҰ" деген аббревиатура болуға тиіс.

      1-1. Кредиттік серіктестіктің немесе ломбардтың атауында мiндеттi түрде тиісінше "кредиттік серіктестік" немесе "ломбард" деген сөздер болуға тиіс.

      2. Микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде тiркелмеген заңды тұлғаның өз атауында "микроқаржы ұйымы", "кредиттік серіктестік", "ломбард" деген сөздерді, оның микрокредиттер беру жөнiндегi қызметті жүзеге асыратындығын меңзейтін, солардан туындайтын сөздерді немесе аббревиатураларды пайдалануға құқығы жоқ.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу және микроқаржы ұйымының басшы қызметкерлері мен құрылтайшыларына (қатысушыларына) қойылатын талаптар

      Ескерту. 14-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күннен бастап алты ай ішінде есептік тіркеуге жатады.

      1-1. Есептік тіркеуден өту үшін микроқаржы ұйымы уәкілетті органға өтініш және тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін өзге де құжаттарды ұсынады.

      2. Микроқаржы ұйымдарының есептік тіркеуден өту, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізу және тізілімнен шығару қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      3. Уәкілетті орган есептік тіркеуден өтуге арналған өтінішті құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

      4. Уәкілетті орган осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімде микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізуге және оны осы шешім туралы хабардар етуге не есептік тіркеуден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.

      5. Есептік тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      6. Атқарушы органның (алқалы немесе жеке-дара) бірінші басшысы мен мүшелері, байқау кеңесінің (болған кезде) мүшелері, директорлар кеңесінің (болған кезде) мүшелері, бас бухгалтер микроқаржы ұйымының басшы қызметкерлері деп танылады.

      Мынадай:

      1) жоғары білімі жоқ;

      2) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар;

      3) өзіне қатысты қаржы ұйымының, банктік және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жеке тұлға микроқаржы ұйымының басшы қызметкері бола алмайды.

      7. Ешбір тұлға Қазақстан Республикасындағы микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін не орналастырылған акцияларын, егер ол:

      1) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар жеке тұлға болып табылса;

      2) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін офшорлық аймақта тіркелген, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері болса;

      3) уәкілетті орган осы микроқаржы ұйымын осы Заңның 16-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде құрылтайшысы (акционері, қатысушысы) не басшы қызметкері бұрын микроқаржы ұйымының бірінші басшысы немесе құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылған заңды тұлға болып табылса;

      4) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу туралы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын консервациялау, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы, сондай-ақ қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының жеке тұлға – ірі қатысушысы не заңды тұлға – ірі қатысушысының бірінші басшысы және (немесе) басшы қызметкері болып бұрын табылған не болып табылса, дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама түрде иелене және (немесе) пайдалана және (немесе) оларға билік ете алмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар кредиттік серіктестіктерге қолданылмайды.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеуден бас тарту негіздері

      1. Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеуден бас тарту:

      1) ұсынылған құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген, сондай-ақ осы құжаттарда көрсетілуге жататын анық емес мәліметтер мен ақпарат берілген;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      3) егер микроқаржы ұйымы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап алты ай ішінде есептік тіркеуден өту туралы өтініш жасамаған;

      4) осы Заңның 14-бабының 6 және 7-тармақтарында белгіленген талаптардың бірі сақталмаған;

      5) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      6) осы Заңның 31-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік қайта тіркеу мерзімі сақталмаған жағдайларда жүргізіледі.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) көзделген негіздер бойынша есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде тіркелген заңды тұлға есептік тіркеуден бас тартуды алған күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде микроқаржы ұйымдарының есептік тіркеуден өту, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізу және тізілімнен шығару қағидаларына сәйкес қайтадан өтініш беруге құқылы немесе өзінің атауынан "микроқаржы ұйымы", "кредиттік серіктестік", "ломбард" деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратынын болжайтын аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

      Уәкілетті орган қайта берілген өтінішті отыз жұмыс күні ішінде қарайды.

      Осы баптың 1-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде тіркелген заңды тұлға есептік тіркеуден бас тартуды алған күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде өзінің атауынан "микроқаржы ұйымы", "кредиттік серіктестік", "ломбард" деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратынын болжайтын аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

      Заңды тұлға осы тармақтың бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруға не таратуға жатады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару үшін негіздер

      1. Микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізілімінен:

      1) қызметін осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) бұза отырып жүзеге асырған;

      2) пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) бұзған;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) ұсынбаған;

      4) анық емес қаржылық немесе өзге де есептілік бергені үшін екі реттен көп (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде) әкімшілік жауаптылыққа тартылған;

      5) уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп рет) орындамаған;

      6) осы Заңда көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа екі реттен көп рет тартылған;

      7) микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізіліміне қосылған күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы қызметті жүзеге асырмаған;

      8) микроқаржы ұйымының қызметін тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген;

      9) микроқаржы ұйымы қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда шығарылады. Бұл ретте, микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемелерін орындауға тиіс. Өтінішке бір мезгілде барлық міндеттемелерінің орындалғанын растау туралы хат қоса беріледі;

      10) микроқаржы ұйымы тексеру жүргізуге, оны белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік бермейтін екі реттен көп рет кедергі жасаған жағдайларда шығарылады.

      2. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылған жағдайда, шығарылған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде уәкілетті орган микроқаржы ұйымын бұл жөнінде жазбаша түрде хабардар етеді.

      Хабарлама есептік тіркеуден өту үшін өтініште көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі.

      3. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы уәкілетті органның шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы уәкілетті органның шешімдеріне шағым жасау осы шешімдердің орындалуын тоқтата тұрмайды.

      4. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен өзінің шығарылғаны туралы уәкілетті органның жазбаша хабарламасын алғаннан кейін микроқаржы ұйымының жаңа микрокредиттер беруіне тыйым салынады.

      5. Микроқаржы ұйымы уәкілетті органның микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылғаны туралы хабарламасын алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде өзінің атауынан "микроқаржы ұйымы", "кредиттік серіктестік", "ломбард" деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратынын болжайтын аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Микрокредиттер беру қағидалары

      Микрокредиттер беру қағидаларында мынадай мәлiметтер:

      1) микрокредит беруге арналған өтінішті беру тәртібі және оны қарау тәртібі;

      2) микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі;

      3) микрокредиттiң шекті сомалары және оны беру мерзiмдерi;

      4) берiлетiн микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шектi шамалары;

      5) берiлген микрокредиттер бойынша сыйақы төлеу тәртiбi;

      6) микроқаржы ұйымы қабылдайтын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;

      7) берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары;

      8) микрокредитті өтеу әдістері қамтылуға тиіс.

      Микрокредиттер беру қағидаларында микрокредит берудің өзге де шарттары және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін мәліметтер де қамтылуы мүмкін.

18-бап. Iшкi бақылау қызметi

      1. Микроқаржы ұйымы өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн бақылауды жүзеге асыруы үшiн iшкi бақылау қызметiн құруы мүмкін.

      2. Iшкi бақылау қызметiнiң жұмыс тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ микроқаржы ұйымының iшкi қызметiн реттейтiн қағидаларда, ережеде және өзге де құжаттарда айқындалады.

19-бап. Микроқаржы ұйымдары қызметiнiң қосымша түрлерi

      Ескерту. 19-бап алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

20-бап. Берiлген микрокредит бойынша құжаттама жүргiзу тәртiбi

      1. Микроқаржы ұйымы қарыз алушыларды тiркеу журналында берiлген әрбiр микрокредиттi тiркейдi, оның жүргізілуі электрондық түрде немесе қағаз тасымалдағышта жүзеге асырылады.

      2. Микрокредит алу үшiн өтініш беруші (қарыз алушы) осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.

      3. Кредиттік дерекнама аталған микроқаржы ұйымында микрокредит беру туралы алғашқы шартқа қарыз алушы қол қойған күннен бастап қалыптастырылады.

      Кредиттiк дерекнамада мыналар:

      1) микрокредиттi пайдалану мақсаты туралы (мақсатты микрокредит берiлген жағдайда), қарыз алушының микрокредиттi өтеу және құнын көрсете отырып, сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге ұсынатын мүлкі туралы не қамтамасыз етудiң жоқ екендігі туралы мәлiметтері бар өтiнiш;

      2) қарыз алушы – заңды тұлға органының микрокредит алу туралы шешімі;

      3) кепіл беруші – заңды тұлға органының қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге кепіл нысанасын беру туралы шешімі;

      4) қарыз алушының құрылтай құжаттарының көшiрмелерi (заңды тұлғалар үшiн);

      5) қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi (жеке тұлғалар үшiн);

      6) қарыз алушы өкiлiнiң микрокредит беру туралы шартқа қол қою өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;

      7) микрокредит беру туралы шарт;

      8) егер берiлген микрокредит мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген жағдайда – кепiл туралы шарт, мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері, ал мүлік кепілі міндетті тіркелетін жағдайда – мүлік кепілінің тіркелу фактісін растайтын құжаттар қамтылады.

      4. Мiндеттемесiнің орындалуы кепiлдiкпен немесе кепілгерлікпен қамтамасыз етiлген микрокредит бойынша кредиттiк дерекнамаға мынадай қосымша құжаттар:

      1) кепiлдiк немесе кепілгерлік шарты;

      2) өкiлдiң кепілдік беруші атынан кепiлдiк беру шартына немесе кепілгердің атынан кепілгерлік шартқа қол қоюға өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;

      3) қарыз алушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік немесе кепілгерлік беру туралы кепілдік беруші немесе кепілгер – заңды тұлға органының шешімі қоса беріледі.

      5. Микрокредит бойынша берешектiң толық немесе iшiнара өтелгенiн растайтын құжаттар (немесе олардың көшірмелері) кредиттiк дерекнамаға қоса берiлуге және оларда микрокредиттi өтеу көзi (қарыз алушы аударған не кепiлдегі мүлiктi сатудан түскен ақша) көрсетілуге тиiс.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

21-бап. Микрокредит беру құпиясы

      1. Микрокредит беру құпиясы қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы және микроқаржы ұйымының операциялары туралы (микрокредиттер беру қағидаларын қоспағанда) мәлiметтердi қамтиды.

      Тарату процесіндегі микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру туралы жасасқан шарттары жөнiндегi мәлiметтер микрокредит беру құпиясына жатпайды.

      2. Микроқаржы ұйымдары микрокредит бepу құпиясына кепiлдiк бередi.

      3. Микрокредит беру құпиясы берілген микрокредиттер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушыға, микроқаржы ұйымында жеке өзінің қатысуымен берілген жазбаша келісімі негізінде кез келген үшінші тұлғаға, кредиттік бюроға ғана, сондай-ақ осы баптың 4, 5, 5-1 және 6-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ашылуы мүмкiн.

      4. Қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы, микроқаржы ұйымы жүргiзген операциялар туралы мәлiметтер:

      1) қылмыстық қудалау функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға: олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша мөрмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сұрау салу негiзiнде;

      1-1) прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына және Мемлекеттік күзет қызметіне: барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу үшін қажетті ақпаратты беру туралы олардың талап етуі бойынша;

      2) соттарға: олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттың ұйғарымы, қаулысы, шешiмi және үкiмi негiзiнде;

      3) мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына: олар жүргізіп жатқан атқарушылық іс жүргізу істері бойынша әділет органдарының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған, сот орындаушысының прокурор санкциялаған қаулысы негізінде;

      4) прокурорға: оның құзыретi шегiнде өзінің қарауында жатқан материал бойынша тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негiзiнде;

      5) салықтық әкімшілендіру мақсатында ғана мемлекеттік кіріс органдарына: тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша нұсқама негiзiнде;

      6) қарыз алушының өкiлдерiне: сенімхат негізінде, жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы бойынша нотариат куәландырған сенімхат негізінде;

      7) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға: өзі жөнінде соттың банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген шешімі бар тұлғаға қатысты, банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін бес жыл ішіндегі кезең үшін прокурордың санкциясымен беріледі.

      5. Қарыз алушы, микрокредит мөлшерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары жөнiндегi мәлiметтер қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғалардан басқа, жазбаша сұрау салу негiзiнде, сондай-ақ:

      1) қарыз алушы өсиетте көрсеткен тұлғаларға;

      2) нотариустарға: өздері жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша нотариустың мөрiмен расталған, оның жазбаша сұрау салуы негiзiнде беріледі.

      Нотариустың жазбаша сұрау салуына қайтыс болу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс;

      3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.

      5-1. Микрокредит беру құпиясы банк омбудсманына оның қарауында жатқан, қарыз алушылардың – жеке тұлғалардың өзі бойынша құқық (талап ету) осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаға берілген микрокредит беру туралы шарттан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі жүгінулері бойынша ашылуы мүмкін.

      6. Мыналар:

      1) кредиттік бюроларға микроқаржы ұйымдарының теріс ақпарат беруі және күнтізбелік жүз сексен күннен асатын мерзімі өткен берешегі жөнінде кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік бюролардың теріс ақпарат беруі;

      2) микроқаржы ұйымдарының негізгі борыш және (немесе) есепке жазылған сыйақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар микрокредитке байланысты ақпаратты осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға беруі;

      3) микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттікке осы коллекторлық агенттікпен берешекті өндіріп алу туралы жасасқан шарт шеңберінде микрокредит жөнінде ақпарат беруі;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен уәкілетті орган арасында ақпарат, оның ішінде микрокредит беру құпиясын құрайтын мәліметтер алмасу;

      5) мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе микроқаржы ұйымында басқарушылық функцияларды орындайтын адамның қылмыстық қудалау органына қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар жіберілген кезде растау құжаттары мен материалдары ретінде микрокредит беру құпиясын қамтитын құжаттар мен мәліметтерді ұсынуы микрокредит беру құпиясын ашу болып табылмайды.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Бухгалтерлiк есепті жүргiзу және қаржылық есептiлiкті жасау

      Микроқаржы ұйымының бухгалтерлік есепті жүргізуі және қаржылық есептілікті жасауы, бухгалтерлік есептің жүргізілуін автоматтандыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

23-бап. Құжаттарды сақтау

      Микроқаржы ұйымының қызметiне байланысты құжаттарды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

24-бап. Микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке және шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу

      1. Микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретiнде тiркелмеген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.

      2. Микроқаржы ұйымдарына:

      1) өздерiнiң қызметі туралы жарнаманы жариялау күніне шындыққа сәйкес келмейтін жарнама жасауға;

      2) Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес келмейтін шарттарда микрокредит ұсынумен байланысты жарнама жасауға тыйым салынады.

      3. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымынан шындыққа сәйкес келмейтін жарнамаға өзгерістер енгізуді, оны тоқтатуды немесе оны теріске шығару туралы жариялауды талап етуге құқылы.

      Осы талап уәкілетті орган белгілеген мерзімде орындалмаған жағдайда, уәкілетті орган жарнамадағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ақпаратты жариялауға не осындай жарнаманы жариялаған микроқаржы ұйымы есебінен оларды нақтылауға құқылы.

      4. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінде тұрмаған заңды тұлғаларға микроқаржылық қызмет санатына жататын, жүзеге асырылатын қызметтер көрсетуді жарнамалауға тыйым салынады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату

      Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

4-тарау. МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ
ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ

26-бап. Микроқаржы ұйымы үшін белгіленетін пруденциялық нормативтер және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер

      Пруденциялық нормативтердің және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердің құрамына:

      1) жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшерi;

      2) меншікті капиталдың ең төменгi мөлшерi;

      3) меншікті капиталдың жеткiлiктiлiгi;

      4) бір қарыз алушыға тәуекелдің ең жоғарғы мөлшері;

      5) левередж коэффициенті кіреді.

27-бап. Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті

      Ескерту. 27-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Уәкілетті орган:

      1) есептік тіркеуді жүргізедi;

      2) микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізеді;

      3) тиісті микроқаржылық қызмет түріне қатысты пруденциялық нормативтердi және микроқаржы ұйымының сақтауы мiндеттi өзге де нормаларды және лимиттердi, оларды есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      4) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);

      4-1) микроқаржы ұйымы (кредиттік серіктестікті және ломбардты қоспағанда) қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібін және шекті мәнін бекітеді;

      4-2) микрокредит алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін, сондай-ақ осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік дерекнама жүргізу тәртібін бекітеді;

      4-3) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру тәртібін бекітеді;

      5) берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлейді және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді;

      6) микроқаржы ұйымының қызметіне тексеруді жүзеге асырады;

      6-1) микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      7) сотқа:

      осы Заңның 16-бабының 5-тармағында көзделген талап орындалмаған жағдайда, микроқаржы ұйымдарын;

      микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретінде тіркелген, осы Заңның 14-бабының 1-тармағына сәйкес есептік тіркеуден өтпеген, сондай-ақ осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген талаптарды орындамаған заңды тұлғаларды;

      қарыз беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын (кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, сондай-ақ есептік тіркеуден өткен және микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізілген микроқаржы ұйымдары ретінде тіркелген тұлғаларды қоспағанда), осы Заңға сәйкес микроқаржы ұйымы ретінде мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өтпеген заңды тұлғаларды;

      осы Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өтпеген микрокредиттік ұйымдарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы талап қою береді;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органмен келісу бойынша мыналарды бекітеді:

      1) микроқаржы ұйымының пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормаларды және лимиттерді орындауы туралы есептіліктің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі;

      2) микроқаржы ұйымының қаржылық пен өзге де есептілігінің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі.

      Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

28-бап. Микроқаржы ұйымына қолданылатын ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері

      1. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымы пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзған, микроқаржы ұйымының лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған, Қазақстан Республикасы заңдарының және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптары сақталмаған кезде, осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады.

      Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсініледі.

      2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде микроқаржы ұйымына мынадай шектеулі шараларды қолдануға:

      1) орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама беруге;

      2) жазбаша ескерту шығаруға;

      3) жазбаша келісім жасауға құқығы бар.

      Анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттілігіне арналған микроқаржы ұйымына берілген нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.

      Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.

      Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

      Уәкілетті орган жазбаша ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде осы ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасының заңнамасының нормалары қайтадан бұзылғанын анықтаған жағдайда, уәкiлеттi органның микроқаржы ұйымына осы баптың 4-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкiндiгi туралы хабарламасы жазбаша ескерту болып табылады.

      Жазбаша келісім уәкілетті орган мен микроқаржы ұйымының арасында анықталған бұзушылықтарды дереу жою қажеттілігі және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін микроқаржы ұйымы өзіне алған шектеулердің тізбесін бекіту туралы жасалады.

      Жазбаша келісім микроқаржы ұйымының қызметінде қаржылық жай-күйді жақсарту бойынша тиімді үйлестірілген шаралар қолдануды талап ететін қаржылық нашарлау байқалған жағдайларда жасалуы қажет. Жазбаша келісімде микроқаржы ұйымының басқару органы және (немесе) атқарушы органы алдағы уақытта кемшіліктерді жою, қаржылық жай-күйді жақсарту бойынша қолданатын іс-қимылдар мен олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі. Жазбаша келісімге қол қоя отырып, микроқаржы ұйымы оның шарттарын орындау жөнінде өзіне міндеттемелер қабылдайды.

      Жазбаша келісімге микроқаржы ұйымы тарапы міндетті түрде қол қоюға тиіс.

      3. Микроқаржы ұйымы уәкілетті органды жазбаша нұсқамада және жазбаша келісімде көрсетілген шаралардың осы құжаттарда көзделген мерзімдерде орындалғаны туралы хабардар етуге міндетті.

      Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асатын болса, микроқаржы ұйымы орын алған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы уәкілетті органды ай сайын айдың жиырмасына дейін хабардар етеді.

      Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды, бұдан бұрын қабылданған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды.

      4. Уәкілетті орган осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша санкциялар ретінде микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарады.

      5. Уәкiлеттi органның микроқаржы ұйымына осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне сотқа шағымдануға болады.

      6. Бұзушылықты іс-шаралар жоспарында, жазбаша келісімде не жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімдерде микроқаржы ұйымына байланысты емес себептер бойынша жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, іс-шаралар жоспарын, жазбаша келісімді не жазбаша нұсқаманы орындау мерзімін уәкілетті орган өзінің нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ұзартуы мүмкін.

      Ескерту. 28-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

29-бап. Микроқаржы ұйымының қызметін тексеру

      1. Микроқаржы ұйымының қызметiн тексерудi уәкілетті орган дербес не басқа мемлекеттік органдарды және (немесе) ұйымдарды тарта отырып жүзеге асырады.

      2. Микроқаржы ұйымы уәкiлеттi органның тексеруге берген тапсырмасында көрсетiлген мәселелер бойынша тексерушi органға жәрдемдесуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерден жауап алу мүмкiндiгiн және тексерудi орындауға қажеттi кез келген ақпарат көзіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мiндеттi.

      3. Уәкiлеттi органның қызметкерлерiне микроқаржы ұйымының қызметiн тексеру барысында алынған мәлiметтердi жария етуге не үшiншi тұлғаларға беруге тыйым салынады.

      4. Тексерудi жүзеге асыратын адамдар микроқаржы ұйымының қызметiн тексеру барысында алынған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

31-бап. Өтпелі ережелер

      1. Коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдарды қоспағанда, микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қайта тіркелуге жатады.

      Осы тармақта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, микрокредиттік ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеп қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.

      2. Коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.

      3. Қайта тіркелген не микроқаржы ұйымы болып қайта құрылған микрокредиттік ұйым осы Заңның 14-бабына сәйкес есептік тіркеуден өту үшін берілген микрокредиттер бойынша табыстар мен корпоративтік табыс салығының есептелген сомасы көрсетілген, соңғы үш жылдағы салық декларациясының көшірмесін уәкілетті органға қосымша ұсынады.

      4. Микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін өз қызметінде осы Заңның 1-бабының 2)5) және 8) тармақшаларында, 2-бабының 2 және 3-тармақтарында, 3-бабында, 4-бабының 1, 3 және 4-тармақтарында, 5-бабының 1 және 3-тармақтарында, 6-бабында, 7-бабының 1-тармағында, 2-тармағының 1)6) және 12) тармақшаларында, 3-тармағында, 810-баптарында, 11-бабының 2-тармағында, 12-бабының 3-тармағында, 17 және 18-баптарында, 19-бабы 1-тармағының 1)9) және 12) тармақшаларында, 20, 21 және 23-баптарында, 24-бабының 2-тармағында, 25, 30 және 31-баптарында көзделген нормаларды басшылыққа алады.

      Осы Заңның 12-бабы 3-тармағының күші коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдарға қолданылмайды.

      5. Микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыруға және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құруға құқылы.

      6. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін уәкілетті орган осы Заңның 14-бабында және осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде есептік тіркеуден өту үшін өтінішті қарайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде уәкілетті орган микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізуге және осы шешімі туралы оны хабардар етуге не есептік тіркеуден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

31-1-бап. Микрокредит беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді бекіту туралы хабарлама

      Микроқаржы ұйымы уәкілетті органды микрокредиттер беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді бекітуге уәкілетті микроқаржы ұйымының органы микрокредиттер беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді бекіткені туралы олар бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

      Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның микрокредиттер беру жөніндегі қызметтер көрсетуді бекіткені туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібі, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

      Ескерту. 5-тарау 31-1-баппен толықтырылды - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 14-бабының 3 және 4-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Микрокредиттік ұйымдар туралы" 2003 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 4, 23-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; № 23, 140-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi Н.НАЗАРБАЕВ