Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 318-IV Заңы

Жаңартылған

      2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербургте жасалған Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктері туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға
қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктері туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға ортақ принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      кеден одағының кедендік шекарасы арқылы халықаралық почта жөнелтілімдерімен өткізілетін, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері арасында жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялар мен кедендік бақылауды оңайлату мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім кеден одағының кедендік аумағына әкелінген, осы аумақтан әкетілген кезде, сондай-ақ кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кезде жасалатын халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктерін айқындайды.
      Осы Келісім кеден одағының кедендік шекарасы арқылы дипломатиялық почтаны және консулдық вализаны өткізу мәселелерін реттемейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      а) депеша - почта жөнелтілімдерін және (немесе) Дүниежүзілік почта одағына мүше елдердің почта қызметтерінің халықаралық почта алмасу орындары (мекемелері) алмасатын ыдысты қамтитын, пломба салынған немесе салынбаған заттаңбасы бар қап немесе бірнеше қаптар мен басқа да ыдыстар;
      б) одақішілік почта жөнелтілімдері - бір Тараптың мемлекетінен басқа Тараптың мемлекетіне, оның ішінде кеден одағының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы жіберілетін почта жөнелтілімдері;
      в) тағайындалған оператор - Дүниежүзілік почта одағына мүше ел өз аумағында почта қызметтерін пайдалану және оларға қатысты Дүниежүзілік почта одағының актілерінен туындайтын міндеттемелерді орындау үшін ресми түрде тағайындаған кез келген мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйым;
      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге терминдер кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Дүниежүзілік почта одағының актілерінде белгіленген мәндерде қолданылады.

3-бап

      Тарап мемлекетінің заңнамасында айқындалған оның мемлекеттік (кедендік) шекаралары арқылы өткізу пункттері халықаралық почта жөнелтімдері бар депешалардың кеден одағының кедендік аумағына келу орындары және мұндай аумақтан кету орындары болып табылады.
      Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлар Тарап мемлекетінің заңнамасында айқындалған халықаралық почта алмасу орындарында (мекемелерінде) кеден одағының кедендік аумағына әкелінеді және мұндай аумақтан әкетіледі.
      Кеден одағының кедендік аумағы арқылы халықаралық почта жөнелтілімдерін, оның ішінде жүру жолында оларды қайта тией (ауыстырып тией) отырып тасымалдау кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес кеден одағының кеден заңнамасында және осы Келісімнің ережелерінде айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
      Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды қоспағанда, кеден одағының кедендік аумағына халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды халықаралық почта жөнелтілімінің межелі елі болып табылатын Тарап мемлекетінің кеден органы Тараптардың уәкілетті органдары, атап айтқанда: Армения тарапынан – Армения Республикасының Қаржы министрлігі, Беларусь тарабынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қырғыз тарабынан – Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік кеден қызметі және Ресей тарабынан - Федералдық кеден қызметі (Ресей ФКҚ) айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
      Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды қоспағанда, кеден одағының кедендік аумағынан халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды халықаралық почта жөнелтілімінің жөнелтуші елі болып табылатын Тарап мемлекетінің кеден органы Тараптардың уәкілетті органдары, атап айтқанда: Армения тарапынан – Армения Республикасының Қаржы министрлігі, Беларусь тарабынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қырғыз тарабынан – Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік кеден қызметі және Ресей тарабынан - Федералдық кеден қызметі (Ресей ФКҚ) айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.12.2014 № 265-V; 02.08.2015 № 346-V Заңдарымен.

4-бап

      Халықаралық почта жөнелтілімдерінің кеден одағының кедендік аумағына келуі және (немесе) мұндай аумақтан кетуі кезінде өткізілетін тауарлар туралы тасымалдаушы ұсынатын мәліметтер Дүниежүзілік почта одағының актілерінде айқындалған және оларды тасымалдау кезінде халықаралық почта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттардағы:
      халықаралық почта жөнелтілімдерін жөнелтушінің және алушының атауы (беруді алмасу мекемесі, тағайындауды алмасу мекемесі) туралы;
      тауарлардың брутто салмағы туралы;
      жүк орындарының саны туралы мәліметтермен шектеледі.
      Әкелу және (немесе) әкету кезінде тасымалдаушы, егер тасымалдаушыда мұндай ақпарат болса, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге тыйым салынған және (немесе) шектелген тауарлардың бар-жоғы туралы мәліметтерді ұсынады.
      Кеден одағы Кеден кодексінің 159-бабында белгіленген өзге мәліметтерді тасымалдаушы көлік түріне қарай ұсынады.
      Тыйым салулар мен шектеулерді сақтау мақсаттары үшін Дүниежүзілік почта одағына мүше елдердің тағайындалған операторлары жіберілетін тауарлар туралы алдын ала ақпарат ұсынуы мүмкін. Кеден мақсаттары үшін алдын ала ақпаратты ұсыну мен пайдалану тәртібі кеден одағының кеден заңнамасының өзге де актілерінде айқындалады.
      Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты шектеулердің сақталғанын растайтын құжаттарды мүдделі тұлға немесе тағайындалған оператор кеден органына халықаралық почта алмасу орнында (мекемесінде) не мүдделі тұлға тауарларды кедендік декларациялау және шығару кезінде кеден органы айқындаған өзге орындарда ұсынады.

5-бап

      Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлардың кеден одағының кедендік аумағынан әкетілуіне арналған рұқсатты кеден органы халықаралық почта алмасу орнында (мекемесінде) ресімдейді.
      Халықаралық почта жөнелтілімдерінің кеден одағының кедендік аумағынан кетуіне арналған рұқсатты кеден органы Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік (кедендік) шекаралары арқылы өткізу пунктінде халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлардың әкетілуіне арналған рұқсаттың негізінде ресімдейді.

6-бап

      Халықаралық почта жөнелтілімдерін және (немесе) халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кезде жөнелтуші кеден органы транзиттік декларация ретінде мынадай құжаттардың бірін қабылдауы мүмкін:
      а) осы Келісімнің 7-бабында белгіленген мәліметтерді қамтитын жазбаша немесе электронды түрдегі транзиттік декларация;
      б) егер:
      мыналар:
      әкету орнындағы кедендік бақылау аймағы;
      халықаралық почта алмасу орнындағы (мекемесіндегі) кедендік бақылау аймағы;
      халықаралық почта жөнелтілімдерін қайта тиеу (ауыстырып тиеу) және кеден органы тұрған жердегі кедендік бақылау аймағы (халықаралық почта алмасу орнына (мекемесіне) не әкету орнына дейін тасымалдау кезінде);
      әкелу орнындағы кедендік бақылау аймағы (кеден одағының тауарларын кеден одағының мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалдау кезінде) халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды жеткізу орны болып табылған жағдайда, нысаны Дүниежүзілік почта одағының актілерінде белгіленген, халықаралық почта жөнелтілімдерін тасымалдау кезінде оларға ілеспе құжат болып табылатын және осы Келісімнің 7-бабында белгіленген мәліметтерді қамтитын CN 37, CN 38, CN 41, CN 46, CN 47 жөнелтпе тапсырыстар;
      в) осы Келісімнің 7-бабында белгіленген мәліметтерді қамтитын өзге де көлік (тасымалдау) құжаттары.
      Тасымалдауды тағайындалған операторлар немесе олардың атына жүзеге асыратын халықаралық почта жөнелтілімдерін және (немесе) халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кезде мұндай тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету талап етілмейді.
      Халықаралық почта жөнелтілімдерін және (немесе) халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды халықаралық почта алмасу орнына (мекемесіне) жеткізбеген кезде оған дейін кедендік транзиттің кедендік рәсімі белгіленген кеден органының алдында кедендік баждарды, салықтарды төлеу, жөніндегі ортақ міндетті халықаралық почта жөнелтілімдерінің межелі елі болып табылатын кеден одағына мүше мемлекеттің тағайындалған операторы көтереді.
      Бұл ретте, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған және межелі кеден органына жеткізілмеген халықаралық почта жөнелтілімдері және (немесе) халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлар кедендік баждарды, салықтарды төлеу және өндіріп алу мақсатында белгіленген кеден органына дейін кедендік транзиттің кедендік рәсімі белгіленген кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында тұрған болып есептеледі.
      Халықаралық почта жөнелтілімдерін және (немесе) халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды халықаралық почта алмасу орнына (мекемесіне) жеткізбеген кезде кедендік әкелу баждарының, салықтарының төлеуге жататын сомасы халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлардың брутто салмағының 1 кг үшін 4 евро бірыңғай ставкасы бойынша есептеледі. Бұл ретте тауарлардың брутто салмағына халықаралық почта жөнелтілімдерінің мынадай түрлерінің:
      аэрограммалардың;
      почта карточкалары мен хаттардың;
      секограммалардың салмағы қосылмайды.

7-бап

      Жөнелтуші кеден органы транзиттік декларация ретінде қабылдайтын транзиттік декларация, сондай-ақ көлік (тасымалдау) құжаттары:
      халықаралық почта жөнелтілімдерін жөнелтуші (беру елінің тағайындалған операторы), алушы (тағайындауды алмасу мекемесі);
      халықаралық почта жөнелтілімдерін жөнелтуші ел, межелі ел (беруді алмасу мекемесінің елі, тағайындауды алмасу мекемесінің елі);
      тасымалдаушы;
      халықаралық тасымалдаудың көлік құралы;
      депешалардың нөмірлері;
      брутто салмағы;
      жүк орындарының саны;
      жоспарланған тауарларды қайта тиеу немесе жолдағы жүк операциялары;
      халықаралық почта жөнелтілімдерінің межелі пункті (тағайындауды алмасу мекемесі) туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.

8-бап

      Одақішілік почта жөнелтілімдері кедендік бақылауға жатпайды, кедендік рәсімдермен орналастырылмайды, оларға қатысты кедендік операциялар жасалмайды.
      Тараптар мемлекеттерінің тағайындалған операторлары:
      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарын тағайындалған операторлар және тағайындалған операторлар пайдаланатын көлік құралдары туралы хабардар етуді;
      халықаралық почта жөнелтілімдерін және одақішілік почта жөнелтілімдерін әртүрлі депешаларда жеке ілеспе құжаттармен жіберуді;
      одақішілік почта жөнелтілімдерін сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.
      Тағайындалған операторлар одақішілік почта жөнелтілімдерін сәйкестендіру тәсілі туралы Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарын хабардар етеді.
      Халықаралық почта жөнелтілімдері одақішілік почта жөнелтілімдерімен бір депешада жіберілген кезде мұндай депешалар кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес кедендік бақылаумен өткізіледі.

9-бап

      Кедендік мақсаттар үшін кеден одағының кедендік аумағына көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес әкелінуі кезінде халықаралық почта алмасу орнынан (мекемесінен) өзге орын жеткізу орны болып табылатын, Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген құжаттармен бірге, жүретін жөнелтілімдер халықаралық почта жөнелтілімдері болып табылмайды.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар, бірінші кезекте, келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер дау тараптары даудың бір тарабынан даудың басқа тарабына жіберілген, келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап дауды алты ай ішінде оларды жүргізу жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде тараптардың кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға бере алады.
      Кеден одағының комиссиясы дауды реттеуде Тараптарға оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бергенге дейін жәрдем көрсетеді.

11-бап

      Осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім депозитарий осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптар мемлекеттерінің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
      2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.

      Беларусь               Қазақстан                Ресей
   Республикасының        Республикасының         Федерациясының
    Үкіметі үшін            Үкіметі үшін           Үкіметі үшін

      Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктері туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

      Қаржы министрінің
      міндетін атқарушы                              Л. Кармазина