Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі N 165-IV Заңы.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 12-баптан қараңыз.

      Осы Заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың мақсаттарын, нысандары мен бағыттарын айқындайды, сондай-ақ қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды қолдау тетігін реттейді.

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді – ҚР 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аукциондық баға – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі өндіретін электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының сатып алуына арналған, аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған және тиісті шекті аукциондық баға деңгейінен аспайтын баға;

      1-1) аукциондық сауда-саттық – аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы аукцион негізінде электрондық жүйеде ұйымдастыратын және өткізетін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспары ескеріле отырып, осы жаңа объектілерді, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудың жаңа объектілерін салу жөніндегі жобаларды іріктеуге және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндіретін электр энергиясының аукциондық бағаларын айқындауға бағытталған процесс;

      1-2) аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы – уәкілетті орган айқындайтын, осы Заңда көзделген тәртіппен аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      1-3) басым шартты тұтынушылар – жұмыс істеп тұрған (2018 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілген және уәкілетті орган Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесіне енгізбеген) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде иеленетін, өндіріп шығарған электр энергиясын осы аталған тұлға немесе тұлғалар тобы толық көлемде тұтынатын не жасалған екіжақты шарттарға сәйкес уағдаласқан бағалар бойынша тұтынушыларға өткізетін тұлға немесе құрамына шартты тұтынушылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар кіретін тұлғалар тобы;

      1-4) жаңартылатын энергия көздерi – табиғи жаратылыс процестерi есебiнен үздiксiз жаңартылатын энергия көздерi, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесiнiң энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердiң, су айдындарының жылуы, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендiк көздерi: биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру үшiн пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзге де отын;

      2) жаңартылатын энергия көздерінен, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан алынатын электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын шартты тұтынушылар (бұдан әрі – шартты тұтынушылар) – көмірді, газды, құрамында күкірт бар шикізатты, мұнай өнімдері мен ядролық отынды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар;

      Қазақстан Республикасынан тысқары жерден электр энергиясын сатып алатын электр энергиясы нарығының субъектілері;

      2016 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілгендерді қоспағанда, жиынтық қуаты отыз бес мегаваттан асатын, бір гидроторапта орналасқан қондырғылары бар гидроэлектр станциялары;

      3) жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф – уәкілетті орган бекіткен жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы белгілейтін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының сатуына арналған тариф;

      4) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (бұдан әрі – қаржы-есеп айырысу орталығы) – жүйелік оператор құратын және уәкілетті орган айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілеріне берілген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын осы Заңда көзделген тәртіппен орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға.

      5) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      5-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы – осы Заңға сәйкес шартты тұтынушылар не басым шартты тұтынушылар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясын тұтыну аймағына сәйкес қаржы-есеп айырысу орталығы айқындайтын баға;

      6) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындар – қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындары, тасқындық электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындар, электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығындар, резервтік қорды қалыптастыруға жұмсалатын шығындар және оның қызметін жүзеге асыруға байланысты шығындар;

      7) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган – жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      7-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғысы – жаңартылатын энергия көздері пайдаланыла отырып, электр және жылу энергиясын өндіруге арналған технологиялық және қосалқы жабдық;

      8) жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiсi – жаңартылатын энергия көздерiн пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым;

      8-1) жаңартылатын энергия көздері секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштері – электр энергиясын, тасқындық электр энергиясы өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер өндіретін электр энергиясы көлемі үлесінің жоспарланатын көрсеткіші, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, оның ішінде түрлері бойынша пайдалану объектілерінің жиынтық белгіленген қуаттылық көрсеткіштері;

      9) жеке-дара тұтынушыларға атаулы көмек (бұдан әрі – атаулы көмек) – жеке-дара тұтынушылардың Қазақстанда өндірілген жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғыларын сатып алуға жұмсалатын шығындарының бір бөлігін мемлекеттің өтеуі;

      9-1) Қазақстанда өндірілетін жаңартылатын энергия көздері – қазақстандық өндірушілер өндірген және:

      Қазақстан Республикасында толық өндірілгендер ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалатын;

      Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарына сәйкес Қазақстан Республикасында жеткілікті қайта өңдеуге ұшырағандар ретінде айқындалатын жаңартылатын энергия көздері;

      9-2) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – осы Заңға және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан алынатын энергияны өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      9-3) резервтік қор – қаржы-есеп айырысу орталығы қалыптастыратын қор, оның ақшасы арнайы банктік шотта сақталады және шартты тұтынушылар тарапынан өздеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясы берілгені үшін төлем жасалмау немесе төлемді кідірту салдарынан туындайтын кассалық алшақтықтар мен қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар алдындағы берешегін жабуға ғана пайдаланылады;

      9-4) тасқындық электр энергиясы – Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты теңгеріміне сәйкес көлемде Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды табиғат қорғау мақсатында ағызу кезеңінде энергия өндіруші ұйымдар (гидроэлектр станциялары) өндіретін және осы Заңда белгіленген тәртіппен электр энергиясына арналған шекті тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына өткізілетін электр энергиясы;

      10) тіркелген тариф – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын осы Заңда белгіленген тәртіппен қаржы-есеп айырысу орталығының сатып алуына арналған тариф;

      11) уәкілетті орган – жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11-1) шекті аукциондық баға – электр энергиясына аукциондық бағаның ең жоғары шамасы;

      12) электр және (немесе) жылу энергиясын жеке-дара тұтынушы (бұдан әрі – жеке-дара тұтынушы) – электрлендірілмеген елді мекендерде және (немесе) орталықтандырылған электрмен жабдықтау экономикалық жағынан орынсыз қоныстарда автономды режимде жұмыс істейтін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;

      13) электр энергиясын нетто-тұтынушы (бұдан әрі – нетто-тұтынушы) – жаңартылатын энергия көздерінің аралас қондырғыларын қоса алғанда, таратушы электр желісіне қосылған және желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған жалпы белгіленген қуаты бір жүз киловаттқа дейін беру көлемдерін бөлек есепке алу жүйелерімен жабдықталған, өзіне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен электр энергиясын өзінің толық немесе ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға;

      14) электр энергиясын тұтыну аймағы – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын тұтынуға кедергі келтіретін техникалық сипаттағы шектеулері жоқ Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің бір бөлігі.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 128-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Биоотын өндіру және айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының биоотын өндіруді және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасымен реттеледі.

      3. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру, беру және тұтыну процесінде туындаған, осы Заңмен реттелмеген қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасымен реттеледі.

      3-1. Осы Заңның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясын сатып алу үшін тіркелген тарифтер мен аукциондық бағаларды қолдану тәртібін реттейтін ережелері:

      пайдалану мерзімі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен және онымен келісілген техникалық-экономикалық негіздемеде белгіленген өзін-өзі ақтау мерзімінен асып кеткен, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері бар энергия өндіруші ұйымдарға;

      2016 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілгендерді қоспағанда, жиынтық қуаты отыз бес мегаваттан асатын бір гидроторапта орналасқан қондырғылары және (немесе) реттеудің тәуліктік мерзімінен астамын қамтамасыз ететін су қоймалары бар гидроэлектр станцияларына қолданылмайды.

      3-2. Осы Заңның басым шартты тұтынушыларға қатысты ережелері тұлғалар тобына, егер мұндай тұлғалардың бірі басқа тұлғаға қатысты бақылау орнатса, сондай-ақ мұндай тұлғалар бір тұлғаның бақылауында болса, қолданылады.

      Бақылау деп жеке немесе заңды тұлғаның басқа заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді мынадай бір немесе бірнеше әрекет:

      1) заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) елу пайызынан астамына билік ету;

      2) заңды тұлғаның атқарушы органының функцияларын жүзеге асыру арқылы тікелей немесе жанама түрде (заңды тұлға арқылы немесе бірнеше заңды тұлға арқылы) айқындау мүмкіндігі түсініледі.

      Тұлғалар тобы бірыңғай басым шартты тұтынушы ретінде қарастырылады.

      4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫ ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

3-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен нысандары

      1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу экономиканың энергияны қажетсінуі мен электр және жылу энергиясын өндіру секторының қоршаған ортаға әсерін азайту және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үлесін ұлғайту үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясы өндірісіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу:

      1) жаңартылатын энергия көздерi секторын дамытудың нысаналы көрсеткiштерiн ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiн орналастыру жоспарын бекiтудi және iске асыруды;

      1-1) тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды белгілеуді;

      1-2) атаулы көмек ұсынуды;

      2) алып тасталды - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      3) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласында қазақстандық кадрларды даярлау мен оқытуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге жағдайлар жасауды;

      5) техникалық реттеуді;

      6) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды қамтиды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай негізгі:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу және пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді ынталандыру;

      3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалауды, салуды және пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық преференциялар беру;

      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін бірыңғай электр энергетикасына, жылу жүйесіне, электр және жылу энергиясының нарығына тиімді ықпалдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      5) Қазақстан Республикасының парник газдары шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға жәрдемдесу бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      4) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      5) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      7) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      7-1) тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларын бекітеді;

      7-2) тіркелген тарифтерді бекітеді;

      7-3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      8-1) қаржы-есеп айырысу орталығының оның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатудан түсетін кірістерінің жеткіліксіз болуы салдарынан жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың алдындағы міндеттемелерін орындауы мүмкін болмаған жағдайда, оған мемлекеттік қаржылық қолдауды жүзеге асырады;

      8-2) қаржы-есеп айырысу орталығына мемлекеттік қаржылық қолдау ұсыну қағидаларын бекітеді;

      9) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңымен, өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді және бекітеді әрі электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау, салу, пайдалану және олардың техникалық қауіпсіздігі саласындағы ұлттық стандарттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      5) жаңартылатын энергия көздері секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын бекітеді;

      5-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      5-2) жаңартылатын энергия көздері секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштерін бекітеді;

      5-3) қаржы-есеп айырысу орталығының басым шартты тұтынушыға күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясының тиісті үлесін қайта есептеу және қайта бөлу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      5-4) басым шартты тұтынушылар үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес жаңартылатын энергия көздерінің түрлерін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі қуатының көлемі мен орналасу жерін келіседі;

      5-5) аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      5-6) аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушыны айқындайды;

      5-7) аукциондық сауда-саттықты өткізу мерзімдерін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына сәйкес жаңартылатын энергия көздерінің түрлері бойынша жоспарланып отырған қуат шамаларын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері орналастырылатын болжамды аймақтарды (аудандарды) айқындайды;

      5-8) шекті аукциондық бағаларды бекітеді;

      6) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 128-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7) жаңартылатын энергия көздерінің пайдаланылуына және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша жоспарланатын объектілердің іске асырылуына мониторинг жүргізу тәртібін бекітеді және оны жүзеге асырады;

      8) электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу тәртібі мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;

      8-1) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      9) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу туралы үлгілік шартты, сондай-ақ оны жасасу тәртібі мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;

      9-2) резервтік қорды қалыптастыру және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын орталықтандырылған сатып алуы және сатуы қағидаларын, қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен тасқындық электр энергиясын өндіруді және желіге жіберуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдармен, шартты тұтынушылармен және басым шартты тұтынушылармен жасалатын шарттарының тиісті үлгілік нысандарын әзірлейді және бекітеді;

      10-1) тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларын әзірлейді, жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10-2) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      10-3) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын әзірлеп, бекітеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады;

      10-4) алып тасталды - ҚР 28.04.2016 № 506-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      10-5) қаржы-есеп айырысу орталығын айқындайды;

      10-6) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;

      10-7) жеке тұтынушыларға атаулы көмек беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      11) мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдалану жөніндегі өзара іс-қимылын үйлестіреді;

      12) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-1-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің энергия беруші ұйымдардың электр немесе жылу желілеріне қосылуын бақылауды жүзеге асырады;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тарау 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     

7-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      Ескерту. 7-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) ведомстволық бағынысты аумаққа орналастырылатын, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне берілетін жылу энергиясын өндіруге арналған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын келіседі;

      3-1) жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiн салу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерiн резервке қояды және бередi;

      3-2) жеке-дара тұтынушыларға атаулы көмек көрсетедi;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-1-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндіретін электр энергиясын өндіруге, беруге және сатып алуға қатысушылардың міндеттері

      Ескерту. 7-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері қосылған энергия беруші ұйымдар электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде айқындалған тасқындық электр энергиясының және өздерінің желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері берген электр энергиясының көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына ұсынуға міндетті.

      2. Шартты тұтынушылар:

      1) жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын сатып алуға қаржы-есеп айырысу орталығымен жыл сайын үлгілік нысанға сәйкес шарт жасасуға және электр энергиясы берілген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей оның ақысын төлеуге;

      2) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айға дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желілерге жіберудің, энергия беруші ұйымдарға берудің болжамды көлемдері немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерден қабылдау туралы ақпарат беруге;

      3) жыл сайын жиырмасыншы желтоқсанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына алдағы жылға электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің, энергия беруші ұйымдарға берудің болжамды көлемдері туралы ақпарат жолдауға міндетті.

      2-1. Басым шартты тұтынушылар осы баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында, сондай-ақ 6, 6-1, 6-2 және 8-тармақтарында көзделген міндеттерді атқарады.

      Басым шартты тұтынушылар жыл сайын қаржы-есеп айырысу орталығымен үлгілік нысанға сәйкес жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын сатып алуға шарттар жасасуға міндетті.

      3. Қаржы-есеп айырысу орталығы:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және олар Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне берген электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеуді ескере отырып, қаржы-есеп айырысу орталығы мен жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым арасындағы сатып алу-сату шартын жасасу күні қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен сатып алуға және шартты тұтынушылар үшін белгіленген ақы төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей оның ақысын төлеуге;

      1-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және олар Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне берген электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеу ескеріле отырып, өткізілген аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша айқындалған аукциондық бағалар бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен сатып алуға және шартты тұтынушылар үшін белгіленген ақы төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей оның ақысын төлеуге;

      1-2) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген және олар Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне берген электр энергиясын осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеу ескеріле отырып, өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған аукциондық бағалар бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен сатып алуға және шартты тұтынушылар үшін белгіленген ақы төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей оның ақысын төлеуге;

      1-3) осы Заңда белгіленген тәртіппен энергия өндіруші ұйымдардан (гидроэлектр станцияларынан) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне олар берген тасқындық электр энергиясын электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен шекті тариф бойынша сатып алуға;

      2) жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан сатып алынған электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын осы Заңда белгіленген тәртіппен, электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын тұтыну аймағына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф бойынша шартты тұтынушыларға сатуға;

      3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын, бір жыл алға болжанатын шығындарды жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлерінен, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланудан өндірілген және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне берілген электр энергиясының бір киловатт-сағатына есептеп айқындауға және болжамды жылдың он бесінші қаңтарынан кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында тиісті ақпаратты жариялауға;

      4) осы Заңның 6-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған шығындар және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын шартты тұтынушылар, басым шартты тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдар болып табылатын энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын босату көлемдері негізінде алдағы жылға жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақыны айқындауға міндетті.

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылады;

      5) 2021 жылға жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақының есебі мен шамасын өзінің интернет-ресурсында 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей жариялауға міндетті. Кейіннен алдағы жылға 20 қарашадан кешіктірмей жариялауға міндетті.

      4. Қаржы-есеп айырысу орталығы осы Заңға сәйкес қолдау жүзеге асырылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізген энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады және бұрын басталуына қарай Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне электр энергиясын босату жүзеге асырылған кешенді сынақтар басталған күннен бастап не сатып алу-сату шартына сәйкес объектіні пайдалануға қабылдау актісін ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап он бес жыл бойы электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.

      4-1. Қаржы-есеп айырысу орталығы осы Заңға және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қолдау жүзеге асырылатын және аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізіліміне енгізілген, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне электр энергиясын жіберу жүзеге асырылған кешенді сынақтар басталған күннен бастап он бес жыл бойы электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.

      4-2. 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша қаржы-есеп айырысу орталығы осы Заңға сәйкес қолдау жүзеге асырылатын, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізген энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады және бұрын басталуына қарай Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне электр энергиясын босату жүзеге асырылған кешенді сынақтар басталған күннен бастап не сатып алу-сату шартына сәйкес объектіні пайдалануға қабылдау актісін ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап жиырма жыл бойы электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.

      4-3. Қаржы-есеп айырысу орталығы және тасқындық электр энергиясын өндіру мен желіге жіберуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдар (гидроэлектр станциялар) жыл сайын ағымдағы жылғы 31 қаңтарға дейін уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысанға сәйкес тасқындық электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады.

      5. Қаржы-есеп айырысу орталығы "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізуге және оның нәтижелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

      6. Жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар:

      1) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айға дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желілерге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпарат беруге;

      2) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей оны шығарудың, желілерге жіберудің тәулік сайынғы нақты көлемдері туралы ақпарат беруге;

      3) қаржы есеп айырысу орталығына жыл сайын жиырмасыншы желтоқсанға қарай айларға бөле отырып, электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің алдағы жылға арналған болжамды көлемдері туралы ақпарат жолдауға;

      4) өңірлік электр желілік компанияға және (немесе) жүйелік операторға тәуліктік және айлық (ай басталғанға дейін күнтізбелік он күн бұрын) электр энергиясын беру кестелерін ұсынуға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр энергиясын өндірудің тәуліктік кестелерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      6-1. Белгіленген қуаттылығы кемінде бір мегаватт болатын жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар осы баптың 6-тармағында көрсетілген міндеттермен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүйелік оператор белгілеген, электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының жұмыс режимдерін сақтауға міндетті.

      6-2. Су қоймаларымен жарақтандырылған гидроэлектр станциялары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін су режимі шеңберінде Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде жүйелік оператордың өкіміне сәйкес электр энергиясын өндіруді тәулік ішінде реттеуді жүзеге асыруға міндетті.

      7. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне жаңартылатын энергия көздерін енгізгеннен кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде оларды пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға қаржы-есеп айырысу орталығымен сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінім береді.

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінімге қоса мынадай материалдар мен құжаттарды:

      1) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерін;

      2) берілетін электр энергиясының көлемдері туралы ақпаратты береді.

      7-1. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға қаржы-есеп айырысу орталығымен сатып алу-сату шартын жасасу үшін өздері аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізіліміне енгізілгеннен кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде өтінім береді.

      Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінімге мынадай материалдар мен құжаттарды береді:

      1) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;

      2) берілетін электр энергиясының көлемдері туралы ақпарат.

      8. Басым шартты тұтынушы құрамына кіретін энергия өндіруші ұйымдарды және тасқындық электр энергиясын өндіру мен желіге жіберуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдарды қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын барлық энергия өндіруші ұйымдарда өзінің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінде, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісінде коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі болуға міндетті. Коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінде деректерді өңірлік диспетчерлік орталықтарға қашықтықтан беру мүмкіндігі болуға тиіс.

      Ескерту. 2-тарау 7-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 128-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫ ҚОЛДАУ

8-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау және салу кезіндегі қолдау

      Ескерту. 8-бап алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

8-1-бап. Тіркелген тариф және аукциондық баға

      Ескерту. 8-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 89-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Тіркелген тарифтерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында қолдау көзделген жаңартылатын энергия көздерінің әрбір түрі үшін он бес жыл қолданылатын мерзіммен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      2. Бекітілген тіркелген тарифтер және аукциондық бағалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жыл сайын индекстеледі.

      Бекітілген тіркелген тарифтер жобаны қаржыландыру құрылымына және экономикалық негізділігіне қарай Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамының өзгеруі ескеріле отырып, жыл сайын индекстелуге жатады.

      3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнің құжаттарында көзделген нысаналы көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi бұрын бекiтiлген тіркелген тарифтердiң деңгейлерiн жыл сайын түзетуге құқылы. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтiлген тіркелген тарифтердi түзету туралы актiсi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таралатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн екi жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қуаты аз жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiн енгiзудi ынталандыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерiн дамытуға табиғи, климаттық, техникалық немесе өзге де жағдайлары қолайсыздау жерлердi электрмен қамтамасыз ету үшiн тіркелген тарифтер жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiнiң белгiленген қуаты бойынша сараланады.

      Осы тармақтың күшi қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерiн пайдаланатын энергия өндiрушi ұйымдармен жасалған қолданыстағы сатып алу-сату шарттарына қолданылмайды.

      Ескерту. 3-тарау 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 128-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр және (немесе) жылу энергиясын сату кезіндегі қолдау

      Ескерту. 9-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өз қалауымен, өндірілген электр энергиясын мынадай нұсқалардың бірі бойынша:

      1) осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеу ескеріле отырып, өзі мен қаржы-есеп айырысу орталығы арасында сатып алу-сату шартын жасасқан күні қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша не аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған аукциондық баға бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына;

      2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жасалған екіжақты шарттарға сай шарттық бағалар бойынша тұтынушыларға өткізуге құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірілетін электр энергиясын осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген нұсқа бойынша өткізуге көшуге құқылы емес.

      2. Қаржы-есеп айырысу орталығы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды энергия өндіруші ұйымдар (гидроэлектр станциялары) өндіретін және желіге жіберетін тасқындық электр энергиясының көлемін ескере отырып, электр энергиясын шартты тұтынушылар арасында олардың желіге жіберу үлесіне барабар бөледі.

      Бұл ретте, осы баптың 2-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, қаржы-есеп айырысу орталығы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды басым шартты тұтынушыға бөлмейді.

      2-1. Басым шартты тұтынушы пайдалануға берген жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндіріп шығарған электр энергиясының жылдық көлемінің (немесе электр энергиясын күнтізбелік бір жылдан кем өндіріп шығарған кезде ең аз кезеңдегі көлемінің) шартты тұтынушы желіге жіберу көлеміне арақатынасы төменде санамаланған екі көрсеткіштің әрқайсысынан:

      1) электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіріп шығаратын электр энергиясы және тасқындық электр энергиясы көлемі үлесінің нақты көрсеткішінен;

      2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысаналы көрсеткіштен төмен болған жағдайда, қаржы-есеп айырысу орталығы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен электр энергиясын қайта есептейді және оның тиісті үлесін басым шартты тұтынушыға қайта бөледі.

      3. Егер осы Заңның 7-1-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерiнен, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан электр энергиясын және тасқындық электр энергиясын сатудан қаржы-есеп айырысу орталығы алған ақша сомасы ағымдағы тоқсанда жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды өтеу және тасқындық электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындарды өтеу үшiн қажеттi шамадан кем болса немесе асып кетсе, қаржы-есеп айырысу орталығы қайта есептеудi жүргiзедi және келесi тоқсанға электр энергиясын шартты тұтынушылар арасында шығындарды қайта бөледi.

      Шартты тұтынушының нарықтан шығуы, таратылуы себебі бойынша одан ақша толық алынбаған жағдайда, қаржы-есеп айырысу орталығы жоғарыда көрсетілген тұтынушыға есептелген электр энергиясының тиісті үлесін барлық шартты тұтынушыларға Қазақстан Республикасында электр энергиясын тұтынудың жалпы көлеміне қатысты олардың тұтыну көлеміне пропорционалды түрде бөледі.

      4. Қаржы-есеп айырысу орталығынан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шартты тұтынушының шығындарын және тасқындық электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындарды осы шартты тұтынушының электр энергиясын сатып алушылар желіге жіберілген электр энергиясының жалпы көлеміне қатысты сатып алушының сатып алған электр энергиясы көлемінің тиісті үлесіне барабар өтейді.

      4-1. Шартты тұтынушының қаржы-есеп айырысу орталығынан жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерi, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндiрген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындары электр энергиясына шектi тарифтiң шамасын айқындау кезiнде ескерiледi.

      5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген жылу энергиясын сатып алу-сату шарттары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының өзін-өзі ақтау мерзімінен кем емес кезеңге жасалады.

      6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндіретін және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiндегi жылу тасымалдағыштың тиісті параметрлерiне сәйкес келетiн параметрлерiмен елдi мекеннің орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiне берiлетін барлық жылу энергиясын осы елді мекеннің энергиямен жабдықтаушы ұйымы сатып алады.

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндiрген жылу энергиясына жұмсалатын шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен энергиямен жабдықтаушы ұйымның тарифiне енгізіледі.

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жылумен жабдықтаудың маусымдық сипатына байланысты орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiне жылу энергиясын беру кезеңдерiн энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келiседi.

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жылу энергиясын беру кезiнде энергия берушi ұйымдардың жылу энергиясын беру қызметіне ақы төлеуден босатылады.

      7. Энергия беруші ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарға желілер бойынша электр энергиясын беруге еркін қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.

      Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар мен тасқындық электр энергиясын өндіруді және желіге жіберуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдар (гидроэлектр станциялары) (суды табиғат қорғау мақсатында ағызу кезеңінде және тасқындық электр энергиясы көлемінде) электр энергиясын беру кезінде энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады.

      8. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен өндірілетін электр энергиясының теңгерімсіздігін қаржылық реттеуді уәкілетті орган бекіткен электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығы жүзеге асырады.

      9. Нетто-тұтынушы өзiне қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйымға оның қолданыстағы тарифi бойынша, электр желiсiнен есептi кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiне, нақ сол кезең iшiнде электр желiсiне өзі берген көлемдi шегере отырып, ақы төлейдi.

      Электр желiсiне есептi кезең iшiнде нетто-тұтынушы берген электр энергиясының көлемi желiден нақ сол кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiнен асып кеткен жағдайда, қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйым нетто-тұтынушы берген электр энергиясы үшін сатуға арналған өзінің қолданыстағы тарифi бойынша нетто-тұтынушыға жоғарыда аталған асып кету көлемінде ақы төлейдi.

      Энергиямен жабдықтаушы ұйымның нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алуы-сатуы уәкiлеттi орган әзiрлеген және бекiткен Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мемлекет уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, жиынтық қуаты бес киловаттан аспайтын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғылары құнының елу пайызы мөлшерінде жеке тұтынушыларға атаулы көмек береді. Атаулы көмек жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғылары пайдалануға берілгеннен кейін төленеді.

      11. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғысын сатып алуға атаулы көмек алған жеке тұтынушы осы қондырғыда шығарылған электр және (немесе) жылу энергиясын басқа тұтынушыларға сатуды жүзеге асыруға құқылы емес.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілеріне қосу, электр және (немесе) жылу энергиясын беру кезіндегі қолдау

      1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңадан салынған объектілер, сондай-ақ пайдалануға берілу мерзіміне қарамастан, қайта жаңартылған объектілер кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.

      1-1. Жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, реконструкциялауды) жоспарлап отырған энергия өндіруші ұйым және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын энергия беруші ұйым электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шарт жасауға міндетті. Бұл ретте жасалатын шартта жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, реконструкциялауды) жоспарлап отырған энергия өндіруші ұйымның және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын энергия беруші ұйымның шарт талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы көзделеді.

      2. Энергия беруші ұйым кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесінің кедергісіз және кемсітушіліксіз анықталуын және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілердің қосылуын қамтамасыз етеді.

      3. Энергия беруші ұйымдардың электр желілерінің өткізу қабілеті шектелген жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірген электр энергиясын беруге басымдық берілуі тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіндегі авариялық бұзушылықтарды жүйелік оператордың жою кезеңдеріне қолданылмайды.

      4. Қазақстан Республикасы бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне электр энергиясын беру-тұтынудың тәуліктік диспетчерлік кестелерін қалыптастыру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен электр энергиясын беру оларға басым тәртіппен қосылады.

      5. Энергия беруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу үшін жұмыс істеп тұрған электр және жылу желілерін кеңейткен және реконструкциялаған жағдайда тиісті шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен энергия беруші ұйымдардың тарифтеріне қосылады.

      6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желілеріне қосу нүктесіне дейінгі желілерді салуға, желіге қосуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желісіне қосу нүктесіне дейін энергия беруге және берілетін энергияны өлшеуге байланысты шығындар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің меншік иесіне жүктеледі.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 89-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау сапасындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

11-1-бап. Өтпелі ережелер

      Осы Заңның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясын сатып алуға тіркелген тарифтерді қолдану тәртібін реттейтін нормалары аукциондық бағаны қолдану туралы ережелер қолданысқа енгізілгенге дейін қаржы-есеп айырысу орталығы жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен жасаған шарттарға қатысты ғана қолданылады.

      Ескерту. 4-тарау 11-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.07.2017 № 89-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 89-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасы
      Президенті Н. Назарбаев