Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 29 мамырдағы N 257 Заңы

Қолданыстағы

      Мәскеуде 2005 жылғы 26 қазанда қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде
өзара іс-қимыл жасау туралы
келісім

      Осы Келісімнің қатысушылары болып табылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері (бұдан әрі - Тараптар)
      төтенше жағдайлардан болатын қауіпті сезіне отырып,
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне ықпал ететіндігін мойындай отырып,
      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ қоршаған табиғи орта мониторингін ұйымдастыру жөнінде келісілген саясат жүргізуді талап ететін экологиялық жүйелерінің өзара байланыстылығына сүйене отырып,
      төтенше жағдайларды Тараптардың бірінің күшімен және құралдарымен жою мүмкін еместігін, сондай-ақ осыдан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында Тараптардың үйлестірілген іс-қимылын назарға ала отырып,
      төтенше жағдай кезінде көмекке өңірлік ынтымақтастық қағидаттарын қолдануды ниет ете отырып және зардап шеккен халыққа тиімді және үйлестірілген көмекті қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігер жұмсай отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайларда халықаралық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін қолдай отырып,
      ізгілік қағидаттарына сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде қолданылатын ұғымдардың мынадай мағыналары бар:
      "сұратушы Тарап" - басқа Тараптарға көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтініш беретін Тарап;
      "ұсынушы Тарап" - сұратушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішін қанағаттандыратын Тарап;
      "құзыретті орган" - осы Келісімді іске асыруға байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестіру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын мемлекеттік орган;
      "көмек көрсету жөніндегі топ" - төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген сұратушы Тарап келіскен жағдайда әскери персонал қосылуы мүмкін, ұсынушы Тарап мамандарының (қажет болған жағдайда кинологиялық тобы бар) ұйымдасқан тобы;
      "төтенше жағдай" - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залалға, материалдық шығасыларға және адамдардың тыныс-тіршілік жағдайының бұзылуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін аварияның, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, зілзала немесе өзге де апаттың нәтижесінде белгілі бір аумақта қалыптасқан жағдай;
      "төтенше жағдайларды жою" - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілген залал мен материалдық шығасының мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағын оқшаулауға, оған тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар;
      "төтенше жағдайлардың алдын алу" - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың пайда болу қаупін барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға залал мен олар туындаған жағдайдағы материалдық шығасылардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      "төтенше жағдай аймағы" - сұратушы Тарап мемлекетінің төтенше жағдайлар қалыптасқан аумағы;
      "авариялық құтқару жұмыстары" - төтенше жағдай аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, табиғи ортаны қорғау, төтенше жағдайды оқшаулау және оған тән қауіпті факторлардың әсер етуін жою немесе барынша төмен деңгейге жеткізу жөніндегі іс-қимыл;
      "жарақ" - материалдар, техникалық және көлік құралдары, қару мен оқ-дәріні қоспағанда төтенше жағдайды жоюға арналған көмек көрсету жөніндегі топтың жарақтары және топ мүшелерінің жеке жарақтары;
      "қамтамасыз ету материалдары" - төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен тұрғындардың арасында бөліп беруге арналған материалдық құралдар;
      "транзит мемлекеті" - ұсынушы және сұратушы Тараптардың мемлекеттерін қоспағанда, аумағы арқылы көмек көрсету жөніндегі топ, жарақ пен қамтамасыз ету материалдары алып өтілетін, үкіметі осы Келісімнің қатысушысы болып табылатын мемлекет;
      "үшінші мемлекеттер" - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің барлығы ресми мойындайтын, осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер.

  2-бап
Ынтымақтастықтың қағидаттары мен нысандары

      1. Тараптар төтенше жағдайларды жоюда дереу көмек беру мақсатында халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларын сақтай отырып, осы Келісім ережелеріне сәйкес ынтымақтастық жасайды.
      2. Тараптардың біреуінің мемлекетінің аумағында төтенше жағдай
туындаған немесе оның туындау қаупі пайда болған жағдайда бұл Тарап басқа Тарапқа немесе Тараптарға көмек көрсету туралы сұрау сала алады.
      3. Тараптар өздерінің мүмкіндіктеріне сәйкес және ерікті негізде бір біріне көмек көрсетеді. Көмек көрсету шарттары Тараптардың уағдаластығы бойынша белгіленеді.
      4. Сұратушы Тарап қамтамасыз ету материалдарын зардап шеккен халық арасында нәсілі, ұлты, діні, тілі немесе басқа да белгілері бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз әділ және ұтымды бөліп беруді қамтамасыз етеді. Сұратушы Тарап ұсынушы Тарапты көмек ретінде алынған қамтамасыз ету материалдарын мақсатты пайдаланғаны туралы хабардар етеді.
      5. Тараптар төтенше жағдайлардың туындау жағдайына арналған
бірлескен іс-қимылдарды жоспарлау, қоршаған табиғи орта мониторинг,
ақпарат алмасу және мамандар даярлау жолымен төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытатын болады.
      6. Егер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен алдын ала жазбаша нысанда өзгеше келісілмесе, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жария етуге жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісім шеңберінде жүргізілетін қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен нормативтік ұйғарымдарының негізінде жарияланады және пайдаланылады.

  3-бап
Көмек көрсету туралы сұрау және ақпарат алмасу

      1. Тараптар көмек көрсету туралы сұрау жіберетін органдар болып табылады.
      2. Көмек жазбаша сұрау негізінде көрсетіледі, мұнда сұратушы Тарап ағымдағы сәттегі төтенше жағдайдың орнын, уақытын, сипатын, ауқымын және жай-күйін, сондай-ақ сұратылған көмектің басымдылығын көрсетеді.
      3. Ұсынушы Тарап сұратушы Тараптың өтінішін барынша қысқа мерзімде қарайды және оны көрсетілетін көмектің түрлері мен көлемі, сондай-ақ шарттары туралы хабардар етеді. Көмек көрсетуге мүмкіндік болмаған жағдайда бұл туралы ақпарат дереу сұратушы Тарапқа жіберіледі.
      4. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында туындаған төтенше жағдайдың басқа Тараптар мемлекеттерінің аумағына таралып кетуінің алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды, Мұндай таралу қаупі туындаған жағдайда және өз күштерімен оның алдын алу мүмкін болмаған жағдайда бұл Тарап басқа мүдделі Тараптарды бұл туралы дереу хабардар етеді және қажет болған жағдайда осы Келісімге сәйкес көмек көрсету туралы сұрау жібере алады.
      5. Осы баптың 2-тармағында аталған деректер төтенше жағдай аймағындағы соңғы оқиғалары мен ондағы жедел ахуалдың өзгерістерін бейнелеу үшін ұдайы жаңартылып отырылады.

  4-бап
Көмек түрлері

      Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету жөніндегі топтарды, қамтамасыз ету материалдарын жіберу жолымен не өзге де сұратылған нысанда көрсетіледі.

  5-бап
Құзыретті органдар және байланыс пункттері

      1.   Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің ережелерін іске асыруға байланысты басшылық жасау, үйлестіру және жұмыстарды орындау үшін құзыретті органды тағайындайды.
      2. Тараптар осы Келісімнің депозитарийін тағайындалған құзыретті орган туралы дипломатиялық арналар бойынша жазбаша нысанда хабардар етеді. Депозитарий бұл ақпаратты басқа Тараптарға жолдайды.
      3. Осы Келісімнің ережелерін орындауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастыру үшін Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен тікелей байланыс орнатады.
      4. Басқа құзыретті органдар тағайындалған жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар бойынша депозитарийді хабардар етеді, ол бұл ақпаратты басқа Тараптардың әрқайсысына жеткізеді.
      5. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің шеңберінде жедел ақпарат алмасу үшін байланыс пункттерін белгілейді және бір-бірін бұлар туралы дипломатиялық арналар бойынша хабардар етеді.

  6-бап
Төтенше жағдай кезінде көмек көрсету жөніндегі топтардың
қызметін басқару

       1.   Көмек көрсету жөніндегі топтарға жалпы басшылық жасауды осы топтардың жетекшілері арқылы сұратушы Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
      2. Сұратушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың жетекшілерін төтенше жағдай аймағында нақты жұмыс учаскелерінде қалыптасқан ахуал туралы хабардар етеді, қажет болған жағдайда осы топтарды аудармашылармен, байланыс құралдарымен, көлікпен, күзетпен және медициналық қызмет көрсетумен өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру төтенше жағдай аймағында кемінде 72 сағат бойы дербес авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге жеткілікті болуы тиіс. Егер Тараптар өзгеше туралы қосымша келіспесе, қорлар түгесілген соң сұратушы Тарап көрсетілген көмек көрсету жөніндегі топтарды олардың жұмысын жалғастыру үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.
      4. Жұмыстар аяқталғаннан кейін көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі сұратушы Тараптың құзыретті органына өз тобының төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-қимылы және оның жұмысының нәтижелері туралы есеп береді.

  7-бап
Көмек көрсету жөніндегі топтардың мемлекеттік шекараны
кесіп өтуінің шарттары және олардың транзит мемлекеті мен
сұратушы Тараптың аумақтарында болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұратушы Тарап мемлекетінің немесе транзит мемлекетінің мемлекеттік шекарасын Тараптармен келісілген халықаралық қатынас үшін ашық, өткізу пункттері арқылы сұратушы Тарап мемлекеті мен транзит мемлекеті мойындайтын қолданыстағы құжаттар бойынша кесіп өтеді. Қажет болған жағдайда сұратушы Тарап пен транзит мемлекетінің Тарабы олар үшін кіру визасын уақтылы ресімдеуді қамтамасыз етеді. Топтың жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі және ұсынушы Тараптың құзыретті органы берген оның өкілеттігін растайтын құжат болуға тиіс.
      2. Кинологиялық топтардың мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі және транзит мемлекеті мен сұратушы Тарап мемлекетінің аумақтарында болу тәртібі сұратушы Тарап мемлекетінің аумағында қолданыстағы карантиндік ережелерге сәйкес белгіленеді.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтың мүшелері транзит және сұратушы Тарап мемлекеттерінің аумағында болған уақытта осы мемлекеттердің заңнамасын сақтауға міндетті. Бұл ретте, олар сақтандыру саласындағы заңнама және еңбек заңнамасы, сондай-ақ соған байланысты мәселелер бөлігінде ұсынушы Тарап мемлекетінің заңдық құзыретіне қарайды.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топтардың орын ауыстыруы және олардың жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темір жол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады.
      5. Көмек көрсету жөніндегі топтардың, олардың жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарының орын ауыстыруы үшін көлікті пайдалану тәртібін ұсынушы және сұратушы Тараптардың құзыретті органдары белгілейді.

  8-бап
Транзит

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес ұсынушы Тараптың сұратушы Тарап мемлекетінің аумағындағы төтенше жағдайларды жою үшін бара жатқан көмек көрсету жөніндегі топтарын, жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарын өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы кедергісіз транзиттеуге ықпал етеді.
      2. Осы Баптың 1-тармағының ережесі мүдделі Тараптар арасындағы келісім бойынша Тараптардың үшінші мемлекеттердің аумағындағы төтенше жағдайларды жою үшін бара жатқан көмек көрсету жөніндегі топтарын, жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарын өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзиттеуге қатысты әрбір нақты жағдайда қолданылады.

  9-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін жарақтар
мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу, әкету және
олардың транзиті

      1. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан ұсынушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес әкетіледі.
      Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары сұратушы Тарап мемлекетінің аумағына сұратушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес әкелінеді. Оларды тек төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету мақсатында және көмек көрсету жөніндегі топтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін ғана пайдалануға жол беріледі.
      2. Жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын кедендік ресімдеу Тараптардың құзыретті органдары беретін жазбаша хабарламалар негізінде оңайлатылған түрде және басымды тәртіппен жүргізіледі, оларда көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамы, әкелінетін немесе әкетілетін жарақтар және қамтамасыз ету материалдарының тізбесі көрсетіледі.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарға осы баптың 2-тармағында аталған тізбелерде көрсетілген жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын ғана сұратушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелуге және транзит мемлекеттерінің аумақтары арқылы алып өтуге рұқсат етіледі.
      4. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда сұратушы Тарап мемлекетімен келісім бойынша және сұратушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес оның аумағына құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар медициналық препараттардың қажетті көлемі әкелінуі мүмкін. Мұндай жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі ұсынушы және сұратушы Тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен көлемін көрсете отырып, құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар медициналық препараттардың бар болуы туралы декларация ұсынады.
      5. Құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар медициналық препараттарды ұсынушы Тараптың білікті медициналық персоналы ғана пайдалануға құқылы. Сұратушы Тараптың тиісті лауазымды тұлғалары құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар аталған медициналық препараттардың пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
      6. Құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар пайдаланылмаған медициналық препараттар сұратушы Тарап мемлекетінің аумағынан осы препараттардың номенклатурасы мен көлемін растайтын құжаттар негізінде әкетілуге тиіс. Құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар жұмсалған медициналық препараттарға олардың пайдаланғандығы туралы сұратушы Тараптың кеден органдарына көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі мен дәрігері қол қойған және сұратушы Тараптың құзыретті органының өкілі куәландырған акті ұсынылады.
      7. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұратушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінген жарақтар (толығымен жұмсалғанын немесе жойылғанын қоспағанда) Тараптардың құзыретті органдарымен келісілген мерзімде ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағына әкетілуге тиіс.
      Жарақтардың жойылғандығы немесе толық жұмсалғандығы және қамтамасыз ету материалдарының зардап шеккен халық арасында таратылғандығы туралы факт құжатпен расталуға тиіс.

  10-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы Тараптың құзыретті органы көмек көрсету үшін әуе кемелерін пайдалану шешімі туралы дипломатиялық арналар бойынша сұратушы Тарап пен транзит мемлекетіне алдын ала хабарлай отырып, әрбір әуе кемесі үшін мемлекеттік тиесілікті, ұсынушы Тараптың тасымалдаушысын, әуе кемелерінің түрін, моделін және нөмірін, айырым белгілерін, лақабын және ұшу үлгісін, көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің санын, оның жетекшісінің аты мен лауазымын, экипаж мүшелерінің санын, аттары мен лауазымдарын, жүктің сипатын, ұшу және қону әуежайларын, ұшудың соңғы пунктін, бағытын, қосалқы әуежайларды, әуе дәліздерін, ұшу биіктігін, ұшу және қону уақытын, жердегі қызметтермен байланыс арналарының жиіліктерін, осы рейсті жүзеге асыруға рұқсат берілетін ең нашар ауа райы жағдайларын көрсете отырып өтінім жібереді.
      2. Сұратушы Тарап пен транзит мемлекеттерінің рұқсаты арқылы көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемелері бекітілген бағыт бойынша сұратушы Тарап мемлекетінің аумағындағы белгілі пунктке ұшып өтуді жүзеге асырады. Сұратушы Тарап пен транзит мемлекеті көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемесінің өз мемлекетінің аумағы арқылы ұшып өтуіне, сондай-ақ оның қонуы мен ұшуына жағдайды қамтамасыз етеді.
      3. Көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемелерінің ұшуы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Тараптардың әрқайсысы белгілеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

  11-бап
Көмек көрсету жөніндегі шығасылар

      1. Ұсынушы Тараптың шешімі бойынша көмек өтеусіз көрсетілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда сұратушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.
      2. Сұратушы Тарап кез келген сәтте өзіне көмек көрсету туралы өз өтінішінен бас тартуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда, егер Тараптар өзгеше туралы келіспесе, ұсынушы Тарап көмек көрсету жөнінде өзі шеккен шығыстарға өтемақы алуға құқылы.
      3. Егер Тараптар өзгеше туралы келіспесе, осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған шығыстарды өтеу сұратушы Тарап ұсынушы Тараптың бұл туралы талабын алғаннан кейін он күн мерзімде Тараптардың құзыретті органдары қол қойған көмек көрсету жөніндегі қаржылық шығыстар туралы екі жақты актінің негізінде еркін айырбасталатын валютада жүргізіледі.
      4. Ұсынушы Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелерін сақтандырады.

  12-бап
Залалды өтеу

      1. Егер бұл осы Келісімді іске асыру жөніндегі төтенше жағдайларды жою кезінде болса, сұратушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің жарақаттануына немесе қаза болуына байланысты медициналық және көліктік шығыстарды өз мойнына алады.
      2. Егер көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі сұратушы Тарап
мемлекетінің аумағында осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау кезінде заңды немесе жеке тұлғаға зиян келтірсе, онда залалды өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес сұратушы Тарап өтейді.
      3. Топ мүшесінің қасақана келтірген зиянын сұратушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұсынушы Тарап өтейді.

  13-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатынас

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

  14-бап
Келіспеушілікті реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін талқылауға немесе қолдануға қатысты келіспеушіліктер консультациялар немесе келіссөздер жолымен шешіледі.

  15-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар арқылы ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  16-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік ресімдерді Тараптардың орындағандығы туралы төртінші хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
      3. Осы Келісімге қол қойған және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы хабарламаны осы баптың 2-тармағында көрсетілген күннен кейін тапсырған Тарап үшін Келісім ол Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күні күшіне енеді.

  17-бап
Депозитарий

      Осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 15 күн ішінде барлық Тараптарға оның расталған көшірмелерін жіберетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.

  18-бап
Қосылу

      Осы Келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді, бірақ 16-баптың 2-тармағында көрсетілген күннен ерте күшіне ене алмайды. Депозитарий барлық Тараптарды қосылған мемлекет үшін Келісімнің күшіне енгені туралы хабардар етеді.

  19-бап
Келісімнен шығу

      1. Тараптардың әрқайсысы болжанып отырған шығу күніне дейін кемінде 3 ай бұрын бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн ішінде осы ниет туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.
      2. Егер Тараптар өзгеше туралы келіспесе, осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы оның күші тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайды.
      2005 жылғы»26 қазанда Мәскеу қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.

   Қазақстан Республикасының      Қытай Халық Республикасының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін
  Қырғыз Республикасының         Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін
  Тәжікстан Республикасының      Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

       РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімнің қытай тіліндегі мәтіні беріліп отыр.