Ойын бизнесі туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 219 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

       Ескерту. Мәтінде "ойын мекемесін ұйымдастырушы", "ойын мекемесін ұйымдастырушыға", "ойын мекемесін ұйымдастырушының", "ойын мекемелерін ұйымдастырушылардың" деген сөздер тиісінше "ойын бизнесін ұйымдастырушы", "ойын бизнесін ұйымдастырушыға", "ойын бизнесін ұйымдастырушының", "ойын бизнесін ұйымдастырушылардың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР-ның 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аппараттық-бағдарламалық кешен - міндеттер кешенін орындауды автоматтандыруға мүмкіндік беретін және электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық және бағдарламалық құралдар;
      2) бәс тігу - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;
      3) букмекер кеңсесi - ойын бизнесін ұйымдастырушы мен қатысушылар арасында ерікті түрде бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;
      4) заңдастырылған белгілер - ойын мекемесінің кассалары арқылы сатылатын және құмар ойындарға қатысу үшін ойын мекемелерінде пайдаланылатын, қолма-қол ақшаны алмастыратын белгілі бір номиналдағы фишкалар, жетондар;
      5) казино - құмар ойындарды ұйымдастыру және өткізу үшін ойын үстелдері пайдаланылатын ойын мекемесі;
      6) казиноның немесе ойын автоматтары залының кассасы - ойын бизнесін ұйымдастырушы арнайы жабдықтаған, қолма-қол ақшаны заңдастырылған белгілерге және заңдастырылған белгілерді қолма-қол ақшаға ұсату (айырбастау) бойынша қызметтер көрсететін ойын мекемесіндегі орын;
      7) құмар ойын - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатысатын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;
      7-1) құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы - құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысатын жеке тұлға;
      8) міндетті резервтер - ойын бизнесін ұйымдастырушыға немесе өтінім берушіге меншік құқығында тиесілі, оның ішінде кредитке алынған және салымдарды алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес олар пайдаланатын  салымды беру шарттарымен банктік салым шарты негізінде Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде орналастырылатын ақша;
      9) ойын автоматы - ойын бизнесін ұйымдастырушының немесе оның қызметкерлерінің қатысуынсыз, ұтысы ойын жабдығы корпусының ішінде орналасқан құрылғымен кездейсоқ жағдайда айқындалатын, құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізу үшін пайдаланылатын ойын жабдығы (механикалық, электрлі, электрондық немесе өзге де техникалық жабдық);
      10) ойын автоматтары залы - құмар ойындарды ұйымдастыру мен өткізу үшін ойын автоматтары ғана пайдаланылатын ойын мекемесі;
      11) ойын бизнесi - құмар ойындарды және (немесе) бәс тiгуді ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты кәсiпкерлiк қызмет;
      12) ойын бизнесiн ұйымдастырушы – құмар ойындарын және (немесе) бәс тiгудi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес ұйымдастыруды және өткiзудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      13) ойын бизнесi саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган;
      14) ойын жабдығы - құмар ойындар және (немесе) бәс тігу өткізуге арналған және пайдаланылатын құрылғылар немесе құралдар;
      15) ойын мекемесi – ұтыс алуды көздейтiн, осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес құмар ойындары және (немесе) бәс тiгу өтетiн ғимарат, үй-жай, құрылыс;
      16) ойын үстелі - ойыншының (ойыншылардың) және казиноның бір өкілінің қатысумен құмар ойындар өткізуге арналған ойын жабдығы;
      17) онлайн-казино - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдаланатын және құмар ойындарды нақты уақыт режимінде бір адам пайдалану режимінде де, бірнеше адам пайдалану режимінде де ұйымдастыру және өткізу мүмкіндігін іске асыратын және ұтыстарды алуды көздейтін ойын мекемесі;
      17-1) өтiнiм берушi – Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия беру туралы уәкілетті органға өтініш білдірген заңды тұлға;
      17-2) ставка - құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы ойын бизнесін ұйымдастырушыға беретін және ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерге сәйкес құмар ойынына және (немесе) бәс тігуге қатысудың негізгі шарты болып табылатын ақша сомасы;
      18) тотализатор - ойын бизнесін ұйымдастырушының делдалдығы арқылы қатысушылардың арасында бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;
      19) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассасы - аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы ставкалар қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін орын;
      19-1) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассасы - ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ставкалар қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін ақпараттық жүйе;
      20) алынып тасталды - ҚР 2009.05.04 N 157-IV Заңымен;
      21) ұтыс - құмар ойынының және (немесе) бәс тігудің нәтижесі шыққан кезде құмар ойынының және (немесе) бәс тігудің қатысушысына міндетті түрде төленуге немесе берілуге тиіс, ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерде көзделген, ақша немесе өзге де мүлік түріндегі мүліктік пайда, соның ішінде мүліктік құқықтар.
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.     

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң:
      1) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметінің ерекшеліктеріне байланысты;
      2) ойынның өзін өткізу және (немесе) бәс тігу кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушы мен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар арасында туындайтын;
      3) ойын бизнесін ұйымдастырушы мен уәкілетті органның арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заңның күші лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ ойын автоматтарын пайдалана отырып, ұтыссыз қызметтер көрсетуге, спорттық іс-шараларды, оның ішінде боулинг (кегельбан), картинг, бильярд өткізуге байланысты қызметке қолданылмайды.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметтің негізгі
              принциптері

      Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асырудың негiзгi принциптері:
      1) ойын бизнесіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды;
      2) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз қызметін жүзеге асыру заңдылығын қамтамасыз ету болып табылады.

      5-бап. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік реттеу

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
      2. Ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу нысандары:
      1) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыру тәртібін айқындау;
      2) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
      3) ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлері

      1. Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады:
      1) казино;
      2) ойын автоматтары залы;
      3) букмекер кеңсесі;
      4) тотализатор.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында:
      1) осы баптың 1-тармағында көзделмеген ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыруға;
      2) онлайн-казино қызметіне;
      3) ақшадан басқа, өзге де мүлік түрінде ставкаларды қабылдауды көздейтін құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруға;
      4) осы Заңның 11-бабының 1-тармағында көзделген орындарды қоспағанда, ойын автоматтарын кәсіпкерлік мақсатта орнатуға және пайдалануға тыйым салынады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді, сондай-ақ өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі ойын бизнесін ұйымдастырушының біліктілік талаптарына сай болуын растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын бекітеді.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік
              органдардың құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
      2) ойын мекемелерін ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын сақтауын, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      3) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      4) ойын бизнесін ұйымдастырушының осы Заңның 13-бабында белгіленген біліктілік талаптарына сай болуын растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын әзірлейді;
      5) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны береді;
      6) лицензиардың электрондық тізілімін жүргізеді;
      7) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;
      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Өзге мемлекеттік органдар ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.03.19 № 258-IV, 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау

      1. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Ойын бизнесі саласындағы қызмет өтінім берушіге әрбір ойын мекемесіне он жыл мерзімге берілетін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.
      3. Лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу мен төлеудің тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
      4. Лицензиялар туралы деректер лицензиардың электрондық тізіліміне енгізіледі.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      10-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға
               салық салу

      Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      11-бап. Ойын мекемелерінің орналасуы

      1. Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған аумақтарды қоспағанда, казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға тыйым салынады.
      3. Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын үй қорына жатпайтын ғимараттарда ғана орналастырылуға тиіс. Оларды өнеркәсіп орындары мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат ету ғимараттарында (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңындағы қатынастағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады.
      4. Көрінеу заңсыз ойын бизнесі орнын ашу не ойын бизнесін ұйымдастыру үшін ғимаратты, үй-жайды немесе құрылысты беруге, сондай-ақ көрінеу заңсыз ойын бизнесін жүзеге асыру (ұйымдастыру) үшін ойын жабдығын беруге тыйым салынады.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      12-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға
               қойылатын жалпы талаптар

      1. Бір казинода кемінде жиырма ойын үстелі орнатылуға тиіс.
      2. Ойын автоматтары залында кемінде елу ойын автоматы орнатылуға тиіс.
      3. Әрбір ойын автоматы тиісті ойын жабдығына қатысты Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сай болуға тиіс.
      4. Ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтыстарды төлеуді жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі негізінде, өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің ережелерінде көзделген мөлшерде және мерзімде, бірақ осы құмар ойынның және (немесе) бәс тігудің нәтижелері шығарылған сәттен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді.
      5. Ойын автоматтарын немесе олардың бөліктерін казинодағы және ойын автоматтары залдарындағы қабырғаларға, терезе мен есiктің ойықтарына монтаждауға тыйым салынады.
      6. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс проценті тоқсан проценттен төмен болмауға тиіс.
      7. Ойын мекемелерінің кассалары мен ойын орындары жазылған ақпаратты кемінде жеті тәулік сақтауды қамтамасыз ететін және құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге барлық қатысушылардың әрекеттерін тіркейтін бейне жазу жүйелерімен жабдықталуға тиіс.
      8. Кассада немесе ойын бизнесін ұйымдастырушының шоттарында құмар ойынға және (немесе) бәс тігуге қатысушыға ұтысты төлеу үшін ақша жетіспеген жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушы осы Заңның 14-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, жетпеген сомаға міндетті резервтерді пайдалануы тиіс.
      9. Букмекер кеңсесінің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы аппараттық-бағдарламалық кешен мен ойын жабдықтары арқылы жасалған ставкалардың жалпы сомасын қабылдауды, оның бірыңғай есебін жүргізуді, бәс тігуге қатысушылардың ставкаларын өңдеуді және ұтысты төлеуді жүзеге асыруға және қамтамасыз етуге міндетті.
      10. Букмекер кеңсесінің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы нәтижесіне бәс тігілетін оқиғаны өз бетінше айқындайды.
      11. Тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы бәс тігуге қатысушылардың нәтижесіне өздері ставка жасаған оқиғаның дамуы мен аяқталуын қадағалауға мүмкіндік беретін ойын жабдығын орнатуға міндетті.
      12. Букмекер кеңсесінің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы ставкаларды тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің тиісті кассалары және (немесе) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассалары арқылы қабылдайды.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      12-тармақпен толықтырылды - ҚР 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      12. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.11.26 № 356-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Өтінім берушілерге лицензия алу үшін қойылатын
               біліктілік талаптары

      1. Өтінім берушілерге лицензия алу үшін мынадай біліктілік талаптары қойылады:
      1) ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкес келетін меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі ғимараттың (ғимарат, құрылыс, үй-жай бөлігінің) болуы;
      2) меншік құқығындағы ойын жабдықтарының болуы;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия алған жеке және заңды тұлғалармен шарттардың болуы;
      4) ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленген ережелерінің болуы;
      5) қолданылатын заңдастырылған белгілердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі үлгілері мен номинацияларының болуы;
      6) өтінім берушіде осы Заңда айқындалатын әрбір ойын мекемесі үшін міндетті резервтер түрінде (тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткішпен) ойын бизнесі саласында мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін:
      казино және ойын автоматтары залдарын - 25000 мөлшерінде;
      букмекер кеңселерін - 20000 мөлшерінде;
      тотализаторларды - 5000 мөлшерінде қамтамасыз етудің болуы.
      2. Өтінім беруші Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған әрбір лицензияны алу үшін уәкілетті органға (лицензиарға) өзінің осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды береді.
       Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Міндетті резервтер

      1. Міндетті резервтерді ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияларды алуға үміткер өтінім берушілер әрбір қызмет түрі үшін әрбір ойын мекемесіне осы Заңда белгіленген мөлшерде қалыптастырады және банктің клиентпен жасасқан шарты негізінде және алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) салымды беру шарттарында Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде салым шарттарында орналастырылады.
      2. Лицензияға өтінім беруші міндетті резервтерді осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда орналастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Алынып тасталды - ҚР 2009.05.04 N 157-IV Заңымен.
      4. Міндетті резервтер Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тек қана ойын бизнесін ұйымдастырушының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтысын төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында және ойын бизнесін ұйымдастырушының шоттары мен кассасында ақша жетіспеген жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін.
      5. Егер міндетті резервтердің сомасы осы Заңда белгіленген мөлшерден азайған жағдайда, ойын бизнесін ұйымдастырушы осындай азайған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті резервтерді әрбір лицензияланатын қызмет түрі үшін осы Заңда белгіленген мөлшерге дейін толықтыруға міндетті.
      6. Ойын бизнесін ұйымдастырушы кемінде алты айда бір рет  уәкілетті органға банктік салым шартын жасаған кезде ашылған банктік шоттар бойынша ақшасының көлемі және оның қозғалысы туралы анықтама табыс етеді.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-бап. Ойын мекемелеріне келудің тәртібі мен
               ерекшеліктері

      1. Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салынады.
      2. Ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ережелері құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылардың олармен танысуы үшін ойын мекемесіндегі көрінекті жерге орнатылуға тиіс.
      3. Ойын бизнесін ұйымдастырушы:
      1) ойын мекемесіне еркін келуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін шектеулер қоюға;
      2) ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің ережелерін бұзған адамдарды құмар ойындарына жібермеуге құқылы.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.05.04 N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      16-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      16-1-бап. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 16-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-2-бап. Тексеру жүргізуді ұйымдастыру

      Ескерту. 16-2-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.       

      16-3-бап. Тексерулерді жүргізу тәртібі

      Ескерту. 16-3-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      17-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер

      1. Осы Заң 2007 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап ойын бизнесі саласындағы қызметпен шұғылдану құқығына 2007 жылғы 1 сәуірге дейін берілген лицензиялардың күші тоқтатылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті