Ойын бизнесі туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 219 Заңы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертуі. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 17-баптың 1-тармағынан қараңыз.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұйымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұйымдар пайдаланылады:

      1) аппараттық-бағдарламалық кешен - міндеттер кешенін орындауды автоматтандыруға мүмкіндік беретін және электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық және бағдарламалық құралдар;

      2) бәс тігу - қатысушылардың өз арасында не ойын мекемесінің өкілімен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;

      3) букмекер кеңсесi - ойын мекемесін ұйымдастырушы мен қатысушылар арасында ерікті түрде бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;

      4) заңдастырылған белгілер - ойын мекемесінің кассалары арқылы сатылатын және құмар ойындарға қатысу үшін ойын мекемелерінде пайдаланылатын, қолма-қол ақшаны алмастыратын белгілі бір номиналдағы фишкалар, жетондар;

      5) казино - құмар ойындарды ұйымдастыру және өткізу үшін ойын үстелдері пайдаланылатын ойын мекемесі;

      6) казиноның немесе ойын автоматтары залының кассасы - ойын мекемесін ұйымдастырушы арнайы жабдықтаған, қолма-қол ақшаны заңдастырылған белгілерге және заңдастырылған белгілерді қолма-қол ақшаға ұсату (айырбастау) бойынша қызметтер көрсететін ойын мекемесіндегі орын;

      7) құмар ойын - қатысушылардың өз арасында не ойын мекемесінің өкілімен ұтыс көзделіп, олар қатысатын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;

      8) міндетті резервтер - ойын мекемесін ұйымдастырушыға меншік құқығында тиесілі, оның ішінде кредитке алынған және салымдарды алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес олар пайдаланатын салымды (депозитті) беру шарттарымен банктік салым шарты (депозиті) негізінде Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде орналастырылатын ақша;

      9) ойын автоматы - ойын мекемесін ұйымдастырушы орнатқан және құмар ойындарды өткізу үшін пайдаланылатын (ойын мекемесін ұйымдастырушының қатысуынсыз) ойын жабдығы (механикалық, электрлi, электрондық немесе өзге де техникалық жабдық);

      10) ойын автоматтары залы - құмар ойындарды ұйымдастыру мен өткізу үшін ойын автоматтары ғана пайдаланылатын ойын мекемесі;

      11) ойын бизнесi - құмар ойындарды және (немесе) бәс тiгуді ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты кәсiпкерлiк қызмет;

      12) ойын бизнесі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      13) ойын бизнесін ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес берілген лицензияның негізінде құмар ойындарды (бәс тігуді) ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын тұла;

      14) ойын жабдығы - құмар ойындар және (немесе) бәс тігу өткізуге арналған және пайдаланылатын құрылғылар немесе құралдар;

      15) ойын мекемесі - ұтыс алуды көздейтін, лицензия негізінде құмар ойындар және (немесе) бәс тігу өтетін ғимарат, үй-жай, құрылыс;

      16) ойын үстелі - ойыншының (ойыншылардың) және казиноның бір өкілінің қатысумен құмар ойындар өткізуге арналған ойын жабдығы;

      17) онлайн-казино - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдаланатын және құмар ойындарды нақты уақыт ауқымында бір адам пайдалану режимінде де, бірнеше адам пайдалану режимінде де ұйымдастыру және өткізу мүмкіндігін іске асыратын және төлемдер мен ұтыстардың болуын көздейтін ойын мекемесі;

      18) тотализатор - ойын мекемесін ұйымдастырушының делдалдығы арқылы қатысушылардың арасында бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;

      19) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассасы - ойын мекемесіндегі ставкалар қабылданатын (есепке алынатын) және төлемдер жүргізілетін орын;

      20) төлем - ойын (бәс тігу) нәтижелері шығарылғаннан кейін құмар ойынға (бәс тігуге) қатысушы алуға тиіс ақша сомасы;

      21) ұтыс - құмар ойында немесе бәс тігуде төленген және алынған қаражат сомаларының арасындағы айырма ретінде айқындалатын ақша түріндегі мүліктік пайда.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң:
      1) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметінің ерекшеліктеріне байланысты;
      2) ойынның өзін өткізу және (немесе) бәс тігу кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушы мен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар арасында туындайтын;
      3) ойын бизнесін ұйымдастырушы мен уәкілетті органның арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заңның күші лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ ойын автоматтарын пайдалана отырып, ақшалай ұтыстарсыз қызметтер көрсетуге, спорттық іс-шараларды, оның ішінде боулинг (кегельбан), картинг, бильярд өткізуге байланысты қызметке қолданылмайды.

      4-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметтің негізгі
              принциптері

      Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асырудың негiзгi принциптері:
      1) ойын бизнесіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды;
      2) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз қызметін жүзеге асыру заңдылығын қамтамасыз ету болып табылады.

      5-бап. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік реттеу

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
      2. Ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу нысандары:
      1) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыру тәртібін айқындау;
      2) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
      3) ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

      6-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлері

      1. Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады:
      1) казино;
      2) ойын автоматтары залы;
      3) букмекер кеңсесі;
      4) тотализатор.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында:
      1) осы баптың 1-тармағында көзделмеген ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыруға;
      2) онлайн-казино қызметіне;
      3) ақшадан басқа өзге мүлік түрінде төлемдер көзделетін құмар ойындар ұйымдастыруға тыйым салынады.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын;
      2) уәкілетті органды айқындайды.

      8-бап. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік
              органдардың құзыреті

      1. Уәкілетті орган :
      1) ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
      2) ойын мекемелерін ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      4) ойын бизнесін ұйымдастырушының осы Заңның 13-бабында белгіленген біліктілік талаптарына сай болуын растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын бекітеді ;
      5) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны береді;
      6) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүргізу тәртібін бекітеді және онымен айналысу құқығына арналған лицензиялардың тізілімін жүргізеді.
      2. Өзге мемлекеттік органдар ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      9-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау

      1. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Ойын бизнесі саласындағы қызмет ойын бизнесін ұйымдастырушыларға әрбір ойын мекемесіне арналып - лицензияға өтінім беруші көрсеткен мерзімге, ал өтінім беруші аталған мерзімді көрсетпеген жағдайда 10 жылға берілетін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.
      3. Лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу мен төлеудің тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.

      10-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға
               салық салу

      Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      11-бап. Ойын мекемелерінің орналасуы

      1. Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған аумақтарды қоспағанда, казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға тыйым салынады.
      3. Ойын мекемелері тұрғын үй қорына жатпайтын ғимараттарда ғана орналастырылуға тиіс. Оларды ибадат ету ғимараттарында, мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, аэропорттардың, вокзалдардың ғимараттарында орналастыруға тыйым салынады.

      12-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға
               қойылатын жалпы талаптар

      1. Бір казинода кемінде жиырма ойын үстелі орнатылуға тиіс.
      2. Ойын автоматтары залында кемінде елу ойын автоматы орнатылуға тиіс.
      3. Әр ойын автоматы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында тиісті ойын жабдығына қатысты белгіленген техникалық регламенттерге, стандарттарға және өзге де міндетті талаптарға сәйкестігіне тестіленген және сертификатталған болуға тиіс.
      4. Ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтыстарды төлеуді және (немесе) беруді өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің ережелерінде көзделген мөлшерде және мерзімде, бірақ осы құмар ойынның және (немесе) бәс тігудің нәтижелері шығарылған сәттен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
      5. Ойын автоматтарын немесе олардың бөліктерін казинодағы және ойын автоматтары залдарындағы қабырғаларға, терезе мен есiктің ойықтарына монтаждауға тыйым салынады.
      6. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс проценті тоқсан проценттен төмен болмауға тиіс.
      7. Казиноның кассалары мен ойын орындары жазылған ақпаратты кемінде жеті тәулік сақтауды қамтамасыз ететін және құмар ойынға барлық қатысушылардың әрекеттерін тіркейтін бейне жазу жүйелерімен жабдықталуға тиіс.
      8. Кассада немесе ойын мекемесін ұйымдастырушының шоттарында құмар ойынға және (немесе) бәс тігуге қатысушыға ұтысты беру үшін ақша жетіспеген жағдайда ойын мекемесін ұйымдастырушы осы Заңның 14-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, жетпеген сомаға міндетті резервтерді пайдалануы тиіс.
      9. Букмекер кеңсесінің және (немесе) тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы жасалған ставкалардың жалпы сомасын қабылдауды, оның бірыңғай есебін жүргізуді және бәс тігуге қатысушылардың ставкаларын өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ойын жабдығын пайдалана алады.
      10. Букмекер кеңсесінің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы:
      1) нәтижесіне бәс тігу жасалатын оқиғаны дербес айқындайды;
      2) ставкаларды букмекер кеңсесінің кассалары арқылы қабылдайды.
      11. Тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын мекемесін ұйымдастырушы бәс тігуге қатысушылардың нәтижесіне өздері ставка жасаған оқиғаның дамуы мен аяқталуын қадағалауға мүмкіндік беретін ойын жабдығын орнатады.

      13-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға лицензия алу
               үшін қойылатын біліктілік талаптары

      1. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға мынадай біліктілік талаптары қойылады:
      1) ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы нормаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарға сәйкес келетін меншік құқығындағы немесе өзге заңды негіздегі ғимараттың (ғимарат, құрылыс, үй-жай бөлігінің) болуы;
      2) меншік құқығындағы ойын жабдықтарының болуы;
      3) клиенттердің, ойын мекемесі қызметкерлерінің жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      4) ойын мекемесі жұмысының, өткізілетін құмар ойындардың және ставкалар қабылдаудың әзірленген ережелерінің, сондай-ақ қолданылатын заңдастырылған белгілердің мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі үлгілері мен номинацияларының болуы;
      5) осы Заңда айқындалатын міндетті резервтер не банк кепілдігі (тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін айлық есептік көрсеткішпен) түрінде мыналардың болуын:
      казино және ойын автоматтары залдарын ұйымдастырушылар үшін - 25000;
      букмекер кеңселерін ұйымдастырушылар үшін - 10000;
      тотализаторлар ұйымдастырушылар үшін - 5000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қамтамасыз ету.
      2. Ойын бизнесін ұйымдастырушы лицензия алу үшін уәкілетті органға (лицензиарға) ойын бизнесін ұйымдастырушының осы баптың 1-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сай болуын растайтын құжаттарды ұсынады.

      14-бап. Міндетті резервтер және банк кепілдігі

      1. Міндетті резервтерді ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияларды алуға үміткер өтінім берушілер әрбір қызмет түрі үшін осы Заңда белгіленген мөлшерде қалыптастырады және банктің клиентпен жасасқан шарты негізінде және алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) салымды (депозитті) беру шарттарында Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде салым (депозит) шарттарында орналастырылады.
      2. Лицензияға өтінім беруші міндетті резервтерді осы Заңда және Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда орналастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны алуға үміткер өтінім берушілерге банк кепілдігі осы Заңда әрбір қызмет түрі үшін белгіленген мөлшерде және Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.
      4. Міндетті резервтер және банк кепілдігі Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тек қана ойын бизнесін ұйымдастырушының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтысын беру жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында және ойын бизнесін ұйымдастырушының шоттары мен кассасында ақша жетіспеген жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін.
      5. Егер міндетті резервтердің сомасы осы Заңда белгіленген мөлшерден азайған жағдайда, ойын бизнесін ұйымдастырушы осындай азайған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті резервтерді әрбір лицензияланатын қызмет түрі үшін осы Заңда белгіленген мөлшерге дейін толықтыруға міндетті.
      6. Ойын бизнесін ұйымдастырушы кемінде алты айда бір рет  уәкілетті органға салымдардағы (депозиттердегі) ақшасының көлемі және оның қозғалысы туралы анықтама табыс етеді.

      15-бап. Ойын мекемелеріне келудің тәртібі мен
               ерекшеліктері

      1. Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салынады.
      2. Ойын бизнесін ұйымдастырушының құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді өткізу ережелері құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылардың олармен танысуы үшін ойын мекемесіндегі көрінекті жерге орнатылуға тиіс.
      3. Ойын бизнесін ұйымдастырушы:
      1) ойын мекемесіне еркін келуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін шектеулер қоюға;
      2) құмар ойын ережелерін және ойын мекемесінің ішкі ережелерін бұзушы адамдарды құмар ойындарға жібермеуге құқылы.

      16-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      17-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер

      1. Осы Заң 2007 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап ойын бизнесі саласындағы қызметпен шұғылдану құқығына 2007 жылғы 1 сәуірге дейін берілген лицензиялардың күші тоқтатылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті