Ойын бизнесі туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 219 Заңы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертуі. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 17-баптың 1-тармағынан қараңыз.

МАЗМҰНЫ

       Ескерту. Мәтінде "ойын мекемесін ұйымдастырушы", "ойын мекемесін ұйымдастырушыға", "ойын мекемесін ұйымдастырушының", "ойын мекемелерін ұйымдастырушылардың" деген сөздер тиісінше "ойын бизнесін ұйымдастырушы", "ойын бизнесін ұйымдастырушыға", "ойын бизнесін ұйымдастырушының", "ойын бизнесін ұйымдастырушылардың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) аппараттық-бағдарламалық кешен - міндеттер кешенін орындауды автоматтандыруға мүмкіндік беретін және электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық және бағдарламалық құралдар;

      2) бәс тігу - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;

      3) букмекер кеңсесi - ойын бизнесін ұйымдастырушы мен қатысушылар арасында ерікті түрде бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;

      4) заңдастырылған белгілер - ойын мекемесінің кассалары арқылы сатылатын және құмар ойындарға қатысу үшін ойын мекемелерінде пайдаланылатын, қолма-қол ақшаны алмастыратын белгілі бір номиналдағы фишкалар, жетондар;

      5) казино - құмар ойындарды ұйымдастыру және өткізу үшін ойын үстелдері пайдаланылатын ойын мекемесі;

      6) казиноның немесе ойын автоматтары залының кассасы - ойын бизнесін ұйымдастырушы арнайы жабдықтаған, қолма-қол ақшаны заңдастырылған белгілерге және заңдастырылған белгілерді қолма-қол ақшаға ұсату (айырбастау) бойынша қызметтер көрсететін ойын мекемесіндегі орын;

      7) құмар ойын - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатысатын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;

      7-1) құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы - құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысатын жеке тұлға;

      8) міндетті резервтер - ойын бизнесін ұйымдастырушыға немесе өтінім берушіге меншік құқығында тиесілі, оның ішінде кредитке алынған және салымдарды алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес олар пайдаланатын  салымды беру шарттарымен банктік салым шарты негізінде Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде орналастырылатын ақша;

      9) ойын автоматы - ойын бизнесін ұйымдастырушының немесе оның қызметкерлерінің қатысуынсыз, ұтысы ойын жабдығы корпусының ішінде орналасқан құрылғымен кездейсоқ жағдайда айқындалатын, құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізу үшін пайдаланылатын ойын жабдығы (механикалық, электрлі, электрондық немесе өзге де техникалық жабдық);

      10) ойын автоматтары залы - құмар ойындарды ұйымдастыру мен өткізу үшін ойын автоматтары ғана пайдаланылатын ойын мекемесі;

      11) ойын бизнесi - құмар ойындарды және (немесе) бәс тiгуді ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты кәсiпкерлiк қызмет;

      12) ойын бизнесі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік орган;

      13) ойын бизнесін ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес берілген лицензияның негізінде құмар ойындарды (бәс тігуді) ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын тұла;

      14) ойын жабдығы - құмар ойындар және (немесе) бәс тігу өткізуге арналған және пайдаланылатын құрылғылар немесе құралдар;

      15) ойын мекемесі - ұтыс алуды көздейтін, лицензия негізінде құмар ойындар және (немесе) бәс тігу өтетін ғимарат, үй-жай, құрылыс;

      16) ойын үстелі - ойыншының (ойыншылардың) және казиноның бір өкілінің қатысумен құмар ойындар өткізуге арналған ойын жабдығы;

      17) онлайн-казино - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдаланатын және құмар ойындарды нақты уақыт режимінде бір адам пайдалану режимінде де, бірнеше адам пайдалану режимінде де ұйымдастыру және өткізу мүмкіндігін іске асыратын және ұтыстарды алуды көздейтін ойын мекемесі;

      17-1) өтінім беруші - Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензия беру туралы уәкілетті органға өтініш жасаған тұлға;

      17-2) ставка - құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы ойын бизнесін ұйымдастырушыға беретін және ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерге сәйкес құмар ойынына және (немесе) бәс тігуге қатысудың негізгі шарты болып табылатын ақша сомасы;

      18) тотализатор - ойын бизнесін ұйымдастырушының делдалдығы арқылы қатысушылардың арасында бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;

      19) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассасы - аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы ставкалар қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін орын;

      19-1) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассасы - ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ставкалар қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін ақпараттық жүйе;

      20) (алып тасталды - 2009.05.04. N 157-IV Заңымен);

      21) ұтыс - құмар ойынының және (немесе) бәс тігудің нәтижесі шыққан кезде құмар ойынының және (немесе) бәс тігудің қатысушысына міндетті түрде төленуге немесе берілуге тиіс, ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерде көзделген, ақша немесе өзге де мүлік түріндегі мүліктік пайда, соның ішінде мүліктік құқықтар.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.     

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң:
      1) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметінің ерекшеліктеріне байланысты;
      2) ойынның өзін өткізу және (немесе) бәс тігу кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушы мен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар арасында туындайтын;
      3) ойын бизнесін ұйымдастырушы мен уәкілетті органның арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заңның күші лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ ойын автоматтарын пайдалана отырып, ұтыссыз қызметтер көрсетуге, спорттық іс-шараларды, оның ішінде боулинг (кегельбан), картинг, бильярд өткізуге байланысты қызметке қолданылмайды.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметтің негізгі
              принциптері

      Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асырудың негiзгi принциптері:
      1) ойын бизнесіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды;
      2) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз қызметін жүзеге асыру заңдылығын қамтамасыз ету болып табылады.

      5-бап. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік реттеу

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
      2. Ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу нысандары:
      1) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыру тәртібін айқындау;
      2) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
      3) ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

      6-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлері

      1. Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады:
      1) казино;
      2) ойын автоматтары залы;
      3) букмекер кеңсесі;
      4) тотализатор.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында:
      1) осы баптың 1-тармағында көзделмеген ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыруға;
      2) онлайн-казино қызметіне;
      3) ақшадан басқа, өзге де мүлік түрінде ставкаларды қабылдауды көздейтін құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруға;
      4) осы Заңның 11-бабының 1-тармағында көзделген орындарды қоспағанда, ойын автоматтарын кәсіпкерлік мақсатта орнатуға және пайдалануға тыйым салынады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді.
       Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік
              органдардың құзыреті

      1. Уәкілетті орган :
      1) ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
      2) ойын мекемелерін ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      4) ойын бизнесін ұйымдастырушының осы Заңның 13-бабында белгіленген біліктілік талаптарына сай болуын растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын бекітеді ;
      5) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны береді;
      6) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүргізу тәртібін бекітеді және онымен айналысу құқығына арналған лицензиялардың тізілімін жүргізеді.
      2. Өзге мемлекеттік органдар ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      9-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау

      1. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Ойын бизнесі саласындағы қызмет өтінім берушіге әрбір ойын мекемесіне он жыл мерзімге берілетін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.
      3. Лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу мен төлеудің тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
      4. Лицензиялар туралы деректер ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиялардың тізіліміне енгізіледі.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      10-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға
               салық салу

      Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      11-бап. Ойын мекемелерінің орналасуы

      1. Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған аумақтарды қоспағанда, казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға тыйым салынады.
      3. Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын үй қорына жатпайтын ғимараттарда ғана орналастырылуға тиіс. Оларды өнеркәсіп орындары мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат ету ғимараттарында (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңындағы қатынастағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      12-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға
               қойылатын жалпы талаптар

      1. Бір казинода кемінде жиырма ойын үстелі орнатылуға тиіс.
      2. Ойын автоматтары залында кемінде елу ойын автоматы орнатылуға тиіс.
      3. Әрбір ойын автоматы тиісті ойын жабдығына қатысты Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сай болуға тиіс.
      4. Ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтыстарды төлеуді өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің ережелерінде көзделген мөлшерде және мерзімде, бірақ осы құмар ойынның және (немесе) бәс тігудің нәтижелері шығарылған сәттен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді.
      5. Ойын автоматтарын немесе олардың бөліктерін казинодағы және ойын автоматтары залдарындағы қабырғаларға, терезе мен есiктің ойықтарына монтаждауға тыйым салынады.
      6. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс проценті тоқсан проценттен төмен болмауға тиіс.
      7. Ойын мекемелерінің кассалары мен ойын орындары жазылған ақпаратты кемінде жеті тәулік сақтауды қамтамасыз ететін және құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге барлық қатысушылардың әрекеттерін тіркейтін бейне жазу жүйелерімен жабдықталуға тиіс.
      8. Кассада немесе ойын бизнесін ұйымдастырушының шоттарында құмар ойынға және (немесе) бәс тігуге қатысушыға ұтысты төлеу үшін ақша жетіспеген жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушы осы Заңның 14-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, жетпеген сомаға міндетті резервтерді пайдалануы тиіс.
      9. Букмекер кеңсесінің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы аппараттық-бағдарламалық кешен мен ойын жабдықтары арқылы жасалған ставкалардың жалпы сомасын қабылдауды, оның бірыңғай есебін жүргізуді, бәс тігуге қатысушылардың ставкаларын өңдеуді және ұтысты төлеуді жүзеге асыруға және қамтамасыз етуге міндетті.
      10. Букмекер кеңсесінің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы нәтижесіне бәс тігілетін оқиғаны өз бетінше айқындайды.
      11. Тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы бәс тігуге қатысушылардың нәтижесіне өздері ставка жасаған оқиғаның дамуы мен аяқталуын қадағалауға мүмкіндік беретін ойын жабдығын орнатуға міндетті.
      12. Букмекер кеңсесінің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы ставкаларды тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің тиісті кассалары және (немесе) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассалары арқылы қабылдайды.
       Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      13-бап. Өтінім берушілерге лицензия алу үшін қойылатын
              біліктілік талаптары

      1. Өтінім берушілерге лицензия алу үшін мынадай біліктілік талаптары қойылады:
      1) ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкес келетін меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі ғимараттың (ғимарат, құрылыс, үй-жай бөлігінің) болуы;
      2) меншік құқығындағы ойын жабдықтарының болуы;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия алған жеке және заңды тұлғалармен шарттардың болуы;
      4) ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленген ережелерінің болуы;
      5) қолданылатын заңдастырылған белгілердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі үлгілері мен номинацияларының болуы;
      6) өтінім берушіде осы Заңда айқындалатын әрбір ойын мекемесі үшін міндетті резервтер түрінде (тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткішпен) ойын бизнесі саласында мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін:
      казино және ойын автоматтары залдарын - 25000 мөлшерінде;
      букмекер кеңселерін - 20000 мөлшерінде;
      тотализаторларды - 5000 мөлшерінде қамтамасыз етудің болуы.
      2. Өтінім беруші Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған әрбір лицензияны алу үшін уәкілетті органға (лицензиарға) өзінің осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды береді.
       Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Міндетті резервтер

      1. Міндетті резервтерді ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияларды алуға үміткер өтінім берушілер әрбір қызмет түрі үшін әрбір ойын мекемесіне осы Заңда белгіленген мөлшерде қалыптастырады және банктің клиентпен жасасқан шарты негізінде және алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) салымды беру шарттарында Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде салым шарттарында орналастырылады.
      2. Лицензияға өтінім беруші міндетті резервтерді осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда орналастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
      3. (алып тасталды - 2009.05.04. N 157-IV Заңымен).
      4. Міндетті резервтер Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тек қана ойын бизнесін ұйымдастырушының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтысын төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында және ойын бизнесін ұйымдастырушының шоттары мен кассасында ақша жетіспеген жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін.
      5. Егер міндетті резервтердің сомасы осы Заңда белгіленген мөлшерден азайған жағдайда, ойын бизнесін ұйымдастырушы осындай азайған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті резервтерді әрбір лицензияланатын қызмет түрі үшін осы Заңда белгіленген мөлшерге дейін толықтыруға міндетті.
      6. Ойын бизнесін ұйымдастырушы кемінде алты айда бір рет  уәкілетті органға банктік салым шартын жасаған кезде ашылған банктік шоттар бойынша ақшасының көлемі және оның қозғалысы туралы анықтама табыс етеді.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Ойын мекемелеріне келудің тәртібі мен
               ерекшеліктері

      1. Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салынады.
      2. Ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ережелері құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылардың олармен танысуы үшін ойын мекемесіндегі көрінекті жерге орнатылуға тиіс.
      3. Ойын бизнесін ұйымдастырушы:
      1) ойын мекемесіне еркін келуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін шектеулер қоюға;
      2) ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің ережелерін бұзған адамдарды құмар ойындарына жібермеуге құқылы.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      16-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

       16-1-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы
               заңнамасының сақталуын бақылау

      1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасының сақталуын бақылауды тексерулер және (немесе) құжаттарды сұрату арқылы жүзеге асырады.
      2. Тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізудің тәртібі осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Тексеру уәкілетті органның тексеру жүргізу туралы шешімінің негізінде жүргізіледі.
      4. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.
      5. Жоспарлы тексеру Қазақстан Республикасы заңнамасының белгіленген талаптары ескеріле отырып, уәкілетті органның басшысы не оны алмастыратын адам бекіткен тексерулер жүргізудің алдын ала жоспарланған жоспар-кестесіне сәйкес жүргізіледі.
      6. Жоспарлы тексерулердің кезеңділігі жылына бір рет болады.
      7. Жоспардан тыс тексерулер жеке, заңды тұлғалардың өтініштеріне, арыздарына және (немесе) басқа да мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдарға дереу ден қоюды талап ететін жағдайдың қалыптасуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында жүргізіледі.
       Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       16-2-бап. Тексеру жүргізуді ұйымдастыру

      1. Уәкілетті органның басшысы не оны алмастыратын адам тексеру
жүргізу үшін тексеруді тағайындау туралы акт шығарады, онда мынадай
мәліметтер қамтылуға тиіс:
      1) бақылаушы органның атауы, тексеруді тағайындау жөніндегі өкілеттікке ие адамның тегі, аты, әкесінің аты, атқаратын қызметі және оның қолы;
      2) бақылаушы органның журналы бойынша тексеруді тағайындау туралы актінің күні және тіркеу нөмірі;
      3) тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты;
      4) ойын бизнесін ұйымдастырушының атауы, орналасқан жері және бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
      5) тексеру түрі;
      6) тағайындалған тексеру нысанасы;
      7) тексеруді жүргізу мерзімі;
      8) тексеруді тағайындау негіздемесі;
      9) егер ойын бизнесін ұйымдастырушының құжаттарын белгілі бір уақыт кезеңінде зерттеу талап етілген болса, тексерілетін кезең.
      Тексеру тағайындау туралы актінің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
      2. Тексеруді тағайындау туралы акті өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті түрде тіркеледі.
      3. Тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеруді тағайындау туралы акті тіркелгеннен кейін жүргізіледі.
      4. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілетін тексеру жүргізу мерзімі қойылған міндеттер мен алдағы жұмыстардың көлемі есепке алына отырып белгіленеді, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
      Ерекше жағдайларда, арнайы зерттеулер (сынақтар) және сараптама жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ тексерудің едәуір көлемді болуына байланысты уәкілетті органның басшысы не оны алмастыратын адам тексеруді жүргізу мерзімін ұзартуы мүмкін, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс, бұл ретте тексеру жүргізетін уәкілетті органның лауазымды адамы жиырма төрт сағаттың ішінде бұл туралы ойын бизнесін ұйымдастырушыны хабардар етеді.
      Тексерудің мерзімдері ұзартылған жағдайда, уәкілетті орган міндетті түрде құқықтық статистика органында тіркеу арқылы тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеру тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзартудың себебі көрсетіледі.
      Тексеру тағайындау туралы бір актінің негізінде бір ғана тексеру жүргізілуі мүмкін.
      5. Уәкілетті органның тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адамы (лауазымды адамдары) ғана тексеру жүргізе алады.
       Ескерту. 16-2-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.       

       16-3-бап. Тексерулерді жүргізу тәртібі

      1. Ойын бизнесін ұйымдастырушыға тексеру тағайындау туралы актіні тапсырған кез тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
      2. Тексеру тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан жағдайда немесе уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізу үшін қажет материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға уәкілетті органның лауазымды адамы және ойын бизнесін ұйымдастырушы немесе оның өкілі қол қояды.
      Тексеру тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеуге негіз бола алмайды.
      3. Тексеру мынадай кезеңдерден:
      1) тексеруді жүргізуден;
      2) тексеруді жүргізу кезінде алынған нәтижелерді талдаудан және қорытудан, қорытындыларды тұжырымдаудан, тиісті құжаттарды ресімдеуден;
      3) ойын бизнесін ұйымдастырушыны тексерудің нәтижелері туралы хабардар етуден;
      4) жұмыстың қорытындыларын шығарудан;
      5) бұзушылықтар анықталған болса, осы фактілер бойынша шаралар  қабылдаудан тұрады.
      4. Тексеруді жүзеге асыру кезінде лауазымды адамдар:
      1) ойын бизнесін ұйымдастырушыға қызметтік куәліктері мен тексеруді тағайындау туралы актіні көрсетуге;
      2) Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасының талаптарын бұзуға ықпал ететін себептер мен мән-жайлар анықталған жағдайда, оларды анықтауға міндетті.
      5. Лауазымды адамдардың тексеру жүргізу кезінде қажетті ақпаратты сұратуға және тексеру нысанасына қатысты құжаттардың түпнұсқаларымен танысуға құқығы бар.
      Ойын бизнесін ұйымдастырушы тексерулерді жүргізу кезінде уәкілетті органның лауазымды адамдарының талап етуі бойынша лицензиялардың түпнұсқаларын, сондай-ақ жүзеге асырылатын қызметтің Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін растайтын өзге де құжаттарды көрсетеді.
      6. Тексерудің нәтижелері бойынша:
      1) актінің жасалған орны мен күні;
      2) тексеру жүргізген мемлекеттік органның атауы;
      3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің реквизиттері;
      4) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты;
      5) тексерілетін ойын бизнесін ұйымдастырушының атауы, тексеру жүргізу кезінде қатысқан ойын бизнесін ұйымдастырушы өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
      6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
      7) тексерудің түрі;
      8) тексерудің объектісі;
      9) тексерудің нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаттары туралы мәліметтер;
      10) алдыңғы тексерулер және бұрын анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы мәліметтер;
      11) анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар;
      12) ойын бизнесін ұйымдастырушының немесе оның өкілінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолдары немесе қол қоюдан бас тартуы;
      13) тексеруді жүргізген лауазымды адамдардың қолдары көрсетіле отырып, тексерудің нәтижелері туралы акт жасалады.
      Тексерулер жүргізу нәтижесі актісінің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
      7. Уәкілетті органның лауазымды адамы тексерудің нәтижелері туралы актіні жасаған кезде Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне сілтеме жасай отырып, анықталған бұзушылықтар туралы тек қана нақты, негізделген және құжаттамамен расталған деректерді көрсетуге міндетті.
      8. Тексерудің нәтижелері туралы актіге тексеруді жүргізген лауазымды адам және ойын бизнесін ұйымдастырушының осы тексеруді жүргізуге қатысқан өкілі тексеру аяқталысымен қол қояды.
      Тексерудің нәтижелері туралы акті бойынша ойын бизнесін ұйымдастырушының өкілі тарапынан қарсылықтар немесе ескертулер болған жағдайда, ол бұл туралы өзі қол қояр алдында ескертпе жасайды және жазбаша түсініктемені қоса береді. Ойын бизнесін ұйымдастырушының өкілі тексерудің нәтижелері туралы актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда актіде тиісті жазба жүргізіледі.
      9. Тексерудің нәтижелері туралы акті екі дана етіп жасалады. Актінің бірінші данасы, ойын бизнесін ұйымдастырушыдағы түпнұсқасы бар құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге ойын бизнесін ұйымдастырушыға не ойын бизнесін ұйымдастырушының тексеруді жүргізуге қатысқан өкіліне тапсырылады, екінші данасы тексеруді жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамында қалады.
      10. Тексеруді жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының
ойын бизнесі туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органның лауазымды адамы:
      1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға;
      2) тексерілуші адамға анықталған бұзушылықтарды жою туралы, оларды жою мерзімдерін белгілей отырып нұсқама беруге;
      3) уәкілетті орган басшысының алдында Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы сотқа талап-арыз беру туралы өтініш жасауға міндетті.
      11. Тексерудің нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы тексеру жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамы екі дана етіп жасайды. Бірінші данасы ойын бизнесін ұйымдастырушының тексеруге қатысқан өкіліне беріледі, нұсқаманың екінші данасы уәкілетті органда қалады.
      12. Ойын бизнесін ұйымдастырушы анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде бұзушылықтарды жоюға және бұл туралы уәкілетті органға жазбаша хабарлауға міндетті.
      13. Бұзушылықтарды жою туралы жазбаша жауап алғаннан кейін немесе оны нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, уәкілетті органның лауазымды адамы ойын мекемесін ұйымдастырушыны анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалу нысанасына тексеруді жүзеге асырады.
      14. Ойын бизнесін ұйымдастырушыға не ойын бизнесін ұйымдастырушының осы тексеруге қатысқан өкіліне тексерудің нәтижелері туралы актіні тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей тапсырған күн тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.
      Ойын бизнесін ұйымдастырушының өкілі тексерудің нәтижелері туралы актіні алудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті органның лауазымды адамы пошта байланысы арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушыға тексерудің нәтижелері туралы актіні хабарламасы бар тапсырыс хатпен жібереді. Бұл жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушыға тексерудің нәтижелері туралы акті тапсырысты поштамен жіберілген күн тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.
      15. Егер ойын бизнесін ұйымдастырушы тексеру нәтижелері туралы актімен келіспесе, сот тәртібімен осы әрекеттерге шағым жасауға құқылы.
       Ескерту. 16-3-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      17-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер

      1. Осы Заң 2007 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап ойын бизнесі саласындағы қызметпен шұғылдану құқығына 2007 жылғы 1 сәуірге дейін берілген лицензиялардың күші тоқтатылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті