Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 169 Заңы.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Заңға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).


МАЗМҰНЫ

      Осы Заң депозиторлар - жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған және ол, талап етуге дейінгі процентсіз депозиттерді және ислам банктерінде орналастырылған инвестициялық депозиттерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесi жұмыс iстеуiнiң құқықтық негiздерiн, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның құрылу және оның қызмет ету, екiншi деңгейдегi банктердiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысу тәртiбiн, сондай-ақ жүйеге қатысушылардың өзара қарым-қатынастарының өзге де мәселелерiн айқындайды.

      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді – ҚР 2009.02.12 № 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) агент банк - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушысы болып табылатын және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйыммен жасалған келiсiмнiң негiзiнде депозиторларға кепiлдiк берiлген өтем төлеу жөнiндегi рәсiмдердi орындайтын банк;

      2) банк - екiншi деңгейдегi банк;

      3) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесi - осы Заңда көзделген, қатысушы банктер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешенi;

      4) жарналар - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға қатысушы банктердiң осы Заңның талаптарына сәйкес төлейтiн төлемдерi;

      5) кепiлдiк берiлген депозит - осы Заңға сәйкес депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру объектiсi болып табылатын депозит;

      6) кепiлдiк берiлген өтем - осы Заңға сәйкес депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым кепiлдiк берiлген депозит бойынша депозиторға төлейтiн ақша сомасы;

      7) қатысушы банк - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушысы болып табылатын, тартылған депозиттерiн қайтару жөнiндегi мiндеттемелерiне осы Заңға сәйкес кепiлдiк берiлетiн банк;

      8) қатысушы банктiң куәлiгi - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым қатысушы банкке беретiн және оның депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысатынын куәландыратын құжат;

      9) қосылу шарты - банктiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қосылу шарты, оның талаптарын депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым айқындайды және олар жүйеге кiретiн барлық банктер үшiн стандартты болып табылады;

      10) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң мақсаттары мен принциптерi

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң мақсаты қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның iшiнде қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиторларға кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу арқылы банк жүйесiне деген сенiмдi қолдау болып табылады.

      2. Мыналар:

      1) жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауды, банк шоттарын ашуды және жүргiзудi жүзеге асыратын банктердiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысу мiндеттiлiгi;

      2) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң айқындығын қамтамасыз ету;

      3) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң жұмыс iстеуiне байланысты тәуекелдердi азайту;

      4) кепiлдiк берiлген өтемдi төлеуге арналған арнайы резервтi қалыптастырудың жинақтаушы сипаты депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң негiзгi принциптерi болып табылады.

2-тарау. ДЕПОЗИТТЕРГE МIНДЕТТI КЕПIЛДIК БЕРУДI ЖҮЗЕГЕ
АСЫРАТЫН ҰЙЫMHЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСI ЖӘНЕ OHЫҢ ҚЫЗМЕТI

4-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымды құру

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым акционерлiк қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және өз қызметiн осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінiң және жарғының негiзiнде жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым болып табылады.

      2. Уәкілетті орган депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның құрылтайшысы – жалғыз акционерi болып табылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның негiзгi мiндеттерi мен функциялары

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның негiзгi мiндеттерi:

      1) қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысу;

      2) қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда кепiлдiк берiлген депозиттер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау болып табылады.

      2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым өзiнiң негiзгi мiндеттерiн орындау үшiн мынадай функцияларды орындайды:

      1) осы Заңның талаптарына сәйкес кепiлдiк берiлген өтемдi төлейдi;

      2) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы банктердiң тiзiлiмiн жүргiзедi;

      2-1) осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайда банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысады;

      3) өз активтерiн инвестициялайды;

      4) кепiлдiк берiлген өтемдi төлеуге арналған арнайы резерв қалыптастырады;

      5) конкурстық негiзде агент банктi таңдайды;

      6) қатысушы банктi консервациялау кезеңiнде тағайындалатын уақытша әкiмшiлiктiң құрамына қатысады;

      7) қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргiзу лицензиясынан айыру кезеңiнде тағайындалатын уақытша әкiмшiлiктiң құрамына қатысады;

      8) тарату комиссиясы депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым алдында ол төлеген (төлейтiн) кепiлдiк берiлген өтем сомасы бойынша берешектi өтеген кезге дейiн мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктiң тарату комиссиясының құрамына қатысады;

      9) тарату комиссиясы депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым алдында ол төлеген (төлейтiн) кепiлдiк берiлген өтем сомасы бойынша берешектi өтеген кезге дейiн мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктiң кредиторлар комитетiнiң құрамына қатысады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның кепiлдiктерi

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап оның депозиторларына кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу жөнiнде өзiне мiндеттеме қабылдайды.

      2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның депозиторларға кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу жөнiндегi мiндеттемелерi қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн, бiрақ қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап кем дегенде бес жылдан кейiн тоқтатылуға жатады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

7-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым:

      1) қатысушы банктердiң жарналар төлеуiн талап етуге;

      2) өз депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін орнықсыз қаржылық жағдайы бар банк санатына жатқызылған және (немесе) төлеуге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған қатысушы банктен, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктен (банкті уақытша басқарушыдан) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мәліметтерді, сондай-ақ кредитор мен борышкер бір тұлға болған жағдайда олардың міндеттемелері жөніндегі, оның ішінде банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға;

      3) алып тасталды - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) осы Заңның 9-бабына сәйкес уәкiлеттi органнан қатысушы банктердiң қаржылық жай-күйi туралы ақпаратты қоса алғанда, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi ақпарат алуға;

      5) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      6) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      7) Осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайда қарыз алуды жүзеге асыруға;

      8) қатысушы банктiң тарату комиссиясынан кепiлдiк берiлетiн депозиттер бойынша депозиторлардың тiзiмiн, сондай-ақ кепiлдiк берiлетiн депозиттер бойынша кепiлдiк берiлген өтем есебiн уақтылы беруiн талап етуге;

      9) қатысушы банк Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда уәкiлеттi органның алдында оған ықпал ету шараларын және санкциялар қолдану туралы өтiнiш беруге құқылы.

      2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым:

      1) қосылу шартының талаптарын айқындауға;

      2) қатысушы банктердiң жарналарды толық әрi уақтылы төлеуiне бақылау жасауға;

      3) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктiң депозиторларына осы Заңда көзделген тәртiппен кепiлдiк берiлген өтем төлеуге;

      3-1) банк мүлкінің мөлшері мен басқа банкке (банктерге) берілетін кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері арасындағы айырманы толтыруға;

      4) өзінің функцияларын жүзеге асыру процесінде мәлім болған қатысушы банктер және олардың клиенттері туралы ақпаратты тек қызметтік мақсаттарда ғана пайдалануға;

      5) уәкiлеттi органға қатысушы банктердiң Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасын бұзу фактiлерi туралы хабарлауға;

      6) депозиторларға осы Заңның 21-бабында көзделген ақпараттарды беруге;

      7) арнайы резервтегі активтердің және меншікті активтердің бөлек бухгалтерлік есебін жүргізуге міндетті.

      3. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым бұрынғы қызметкерлерді қоса алғанда, өз қызметкерлерін, олардың екінші деңгейдегі банктердің уақытша әкімшіліктері мен тарату комиссиялары мүшелерінің міндеттерін атқарған кезеңдегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдер қабылдауына байланысты оларға қарсы талап арыздар берілген жағдайда, оларды құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның өзара iс-қимыл жасау негiздерi

      Ескерту. 8-бап алып тасталды - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Уәкiлеттi орган мен депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның өзара iс-қимыл жасау негiздерi

      1. Уәкiлеттi орган мен депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым өз қызметтерiн үйлестiредi, қабылданатын құжаттарын келiседi және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру бойынша жүргiзiлетiн iс-шаралар жөнiнде бiр-бiрiн хабардар етедi.

      2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым өз функцияларын тиiсiнше және уақтылы орындау мақсатында уәкiлеттi органнан депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге қажеттi ақпарат алады, оны беру тәртiбi уәкiлеттi орган мен депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым арасындағы келiсiм бойынша айқындалады.

      3. Осы Заңда көзделген жағдайда, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органнан қарыз алуға құқылы.

      4. Уәкілетті орган депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның қаржылық есептеме көлемiн, беру тәртiбi мен мерзiмдерiн, сондай-ақ оның активтерiн инвестициялау тәртiбiн айқындайды.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. БАНКТЕРДIҢ ДЕПОЗИТТЕРГЕ МIНДЕТТI КЕПIЛДIК БЕРУ
ЖҮЙЕСIНЕ ҚАТЫСУ ТӘРТIБI

10-бап. Банктердiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне кiруi

      1. Банк депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне кiру үшiн уәкiлеттi органның жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берген лицензиясын алған күннен кейiнгi күннен кешiктiрмей депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға аталған лицензияның нотариалдық жолмен куәландырылған көшiрмесiн табыс етедi.

      2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне кiретiн банк уәкiлеттi органның жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берген лицензиясын алған күнi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген нысан бойынша жасалған өтiнiш беру арқылы қосылу шартына қосылуға мiндеттi.

      Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне кiретiн банк қосылу шартына қосылу туралы өтiнiшiн бермеген жағдайда депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым екi жұмыс күнi iшiнде осы фактi туралы уәкiлеттi органды хабардар етедi.

      3. Уәкiлеттi орган қосылу шартына қосылу туралы өтiнiш бермеген банкке Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес санкциялар қолдану туралы мәселенi қарайды.

      4. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым банктен оның қосылу шартына қосылуы туралы өтiнiшiн алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оған қатысушы банктiң куәлiгiн бередi.

      Қатысушы банк куәлiгi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы банктер тiзiлiмiне ақпарат енгiзiлген күнi берiледi.

      5. Банк мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы банктер тiзiлiмiне ақпарат енгiзiлген күннен бастап депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушысы болады.

      6. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы банктер тiзiлiмiне тиiстi ақпарат енгiзу арқылы қатысушы банктердiң берiлген және күшi жойылған куәлiктерiнiң есебiн жүргiзедi.

      7. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Қосылу шарты

      1. Банктiң қосылу шартына қосылуы оның депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысуының мiндеттi шарты болып табылады.

      2. Қосылу шартында:

      1) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның толық атауы, оның орналасқан жерi және банктiк деректемелерi туралы мәлiметтер;

      2) шарттың нысанасы туралы нұсқау;

      3) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;

      4) жарналарды төлеу тәртiбi;

      5) қатысушы банктiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға өзiнiң мiндеттерi мен функцияларын орындау үшiн қажеттi мәлiметтердi ұсыну тәртiбi;

      6) қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда қатысушы банктердiң кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым өтейтiн сомалар бойынша өз мiндеттемелерiн есептеу тәртiбi;

      7) шартты тоқтату талаптары;

      8) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның қатысушы банктiң банктегi есеп шотынан толық немесе iшiнара төленбеген жарналар сомасын, сондай-ақ қатысушы банк шарт бойынша өз міндеттемелерiн орындамағаны үшiн тұрақсыздық төлемін акцептсіз тәртiппен есептен шығару құқығын қоса алғанда, тараптардың шартты бұзғаны үшiн жауаптылығы туралы талаптар болуға тиiс.

      3. Қосылу шарты депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушы банктер тiзiлiмiне ақпарат енгiзiлген кезден бастап күшiне енедi және қатысушы банктi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығарған жағдайда тоқтатылады.

12-бап. Қатысушы банктер жарналарының түрлерi және оларды төлеу тәртiбi

      1. Қатысушы банк осы Заңға және қосылу шартына сәйкес депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға мынадай жарналар төлеуге мiндеттi:

      1) мiндеттi күнтiзбелiк жарналар - қатысушы банктердiң тоқсан сайынғы төлемдерi;

      2) қосымша жарналар - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу үшiн арнайы резервi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушы банк төлейтiн бiр жолғы төлемдер;

      3) төтенше жарналар - қатысушы банктердiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым осы Заңның 23-бабында белгiленген тәртiппен алған қарыз сомасын және ол бойынша есептелген сыйақыны толық өтеуге арналған төлемдерi.

      Төтенше жарналарды төлеу қатысушы банктердiң мiндеттi күнтiзбелiк жарналарды төлеу мiндеттемелерiн тоқтатып қоймайды.

      2. Қатысушы банктiң жарналарды төлеу тәртiбi мен мөлшерiн депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның басқарушы органы айқындайды.

      Қатысушы банктiң мiндеттi күнтiзбелiк жарнасының мөлшерi есеп берiлген тоқсаннан кейiнгi айдың бiрi күнгi жағдай бойынша қатысушы банктiң кепiлдiк берiлген депозиттерi сомасының 0,5 процентiнен аспауға тиiс.

      Қатысушы банктiң қосымша жарнасының мөлшерi аталған қатысушы банк депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға өткен тоқсан үшiн төлейтiн мiндеттi күнтiзбелiк жарнаның екi еселенген мөлшерiнен аспауға тиiс.

      Қатысушы банктiң төтенше жарнасының жылдық мөлшерi аталған қатысушы банк депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға тоқсан сайын төлейтiн мiндеттi күнтiзбелiк жарнаның жылдық мөлшерiнен аспауға тиiс.

      3. Қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензиясынан айырған күннен бастап қатысушы банктiң жарналарды төлеу жөнiндегi мiндеттемесi соттың банктi мәжбүрлеп тарату туралы шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн тоқтатыла тұрады.

      4. Қатысушы банктердiң қосылу шартына сәйкес төлеген жарналары қайтарылмайды.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Қатысушы банктiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қатысушы банк:

      1) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымнан жарна ставкалары және оларды төлеу мерзiмi жөнiндегi мәлiметтердi, сондай-ақ депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру мәселелерi бойынша банктiк және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ өзге де мәлiметтердi алуға;

      2) агент банктi таңдау жөнiндегi конкурсқа қатысуға;

      3) бұқаралық ақпарат құралдарында өзiнiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысатыны туралы мәлiметтердi таратуға құқылы.

      2. Қатысушы банк:

      1) осы Заңға сәйкес жарналарды уақтылы және толық көлемде төлеуге;

      2) клиенттердi қатысушы банк куәлiгiнiң нөмiрi мен берiлген күнiн көрсете отырып өзiнiң депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысатыны туралы, сондай-ақ кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу шарттары туралы хабардар етуге;

      3) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға кепiлдiк берiлген депозиттердi қайтару жөнiндегi мiндеттемелерiн толық және уақтылы орындау мүмкiн болмай қалуына әкеп соғатын жағдайдың туындағаны туралы мұндай жағдай туындаған кезден бастап күнтiзбелiк бес күн iшiнде хабарлауға;

      4) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға өздерi төлеген жарналар бойынша есептердiң дұрыстығын растайтын мәлiметтердi ұсынуға;

      5) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның сұратуы бойынша тартылған депозиттер бойынша банктiк және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ өзге де мәлiметтердi ұсынуға;

      5-1) қатысушы банк орнықсыз қаржылық жағдайы бар банктер санатына жатқызылған жағдайда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның сұратуы бойынша жеке тұлғалардың депозиттері жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ кредитор мен борышкер бір тұлға болған жағдайда олардың міндеттемелері жөніндегі, оның ішінде банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді ұсынуға;

      6) қосылу шартының талаптарын сақтауға міндетті.

      3. Қатысушы банктiң тарату комиссиясы қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға кепiлдiк берiлетiн депозиттер бойынша депозиторлардың тiзiмiн, сондай-ақ депозиттер бойынша кепiлдiк берiлген өтемнiң соттың аталған шешiмi заңды күшiне енген күнге жасалған есептерiн табыс етуге мiндеттi.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Қатысушы банктiң атауын өзгерту салдары

      1. Қатысушы банк депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға өз атауының өзгергенi туралы мемлекеттік қайта тіркеу туралы анықтаманы алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жазбаша түрде хабарлайды.

      2. Қатысушы банктiң атауы өзгерген жағдайда депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым қатысушы банктен растайтын құжаттарды алған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушы банктер тiзiлiмiне тиiстi өзгерiстер енгiзе отырып қатысушы банктiң куәлiгiн ауыстырады. Бұл ретте, мұндай банкке бұрын берiлген қатысушы банк куәлiгiнiң күшi жойылуға тиiс.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

4-тарау. Қатысушы банктердi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығару тәртiбi және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның банк активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бiр мезгiлде беру жөніндегі операция жүргізуге қатысуы

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Қатысушы банктi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығару

      1. Қатысушы банктi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығаруға мыналар:

      1) уәкiлеттi органның қатысушы банкті жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, олардың банк шоттарын ашу мен жүргiзуге арналған лицензиясынан айыруы;

      2) қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен қатысушы банктiң қызметiн тоқтату;

      3) қатысушы банктiң уәкiлеттi органға жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берiлген лицензияны ерiктi түрде қайтарып беруi негiз болып табылады.

      2. Қатысушы банк:

      1) уәкiлеттi орган қатысушы банкті жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге арналған лицензиясынан айырған кезде - уәкiлеттi органның осындай лицензиясынан айыру туралы шешiмi күшiне енген күннен бастап;

      2) қатысушы банктi мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру немесе тарату кезiнде - қатысушы банктi мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап;

      3) қатысушы банк ерiктi түрде қайта ұйымдастырылған кезде – қатысушы банктiң ерiктi түрде қайта ұйымдастырылуына уәкiлеттi органның рұқсатында көрсетілген күннен бастап;

      3-1) қатысушы банк ерiктi түрде таратылған кезде – қатысушы банктiң ерiктi түрде таратылуына уәкiлеттi органның рұқсаты алынған күннен бастап;

      4) қатысушы банк уәкiлеттi органға жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банкте шоттарын ашуға және жүргiзуге арналған лицензияны ерiктi түрде қайтарған кезде - оның ерiктi түрде қайтарылуына байланысты лицензияның қолданылуы тоқтатылғаны туралы уәкiлеттi органның шешiмi күшiне енген күннен бастап депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығарылуға тиiс.

      3. Қатысушы банктi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығару депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушы банктердiң тiзiлiмiне қатысушы банктiң куәлiгiн жою туралы жазба енгiзу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Қатысушы банктi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығару депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның қатысушы банкте ол жүйеден шығарылған күнге дейiн жатқан кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша мiндеттемелерiн тоқтатпайды.

      Уәкілетті органның депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге берілген лицензиядан айыруы, сондай-ақ ерікті қайта ұйымдастыру негіздері бойынша қатысушы банктi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығарған кезде жүйеден шығарылған банк оны шығарған күннен бастап үш ай iшiнде жеке тұлғалардың депозиттерiн тiкелей төлеу арқылы не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, оларды басқа қатысушы банкке аудару арқылы қайтарып беруге мiндеттi.

      Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында (қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату жағдайынан басқа) және 4) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарған кезде жүйеден шығарылған банк Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес депозиттерді қайтарып беруге міндетті.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12. № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 № 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.04.2015 № 311-V (01.09.2014 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша мiндеттемелердiң бiр бөлiгiн және мәжбүрлеп таратылатын банктiң мүлкін бiр мезгiлде беру ерекшелiктерi

      1. Депозиторлардың мүдделерiн қорғау мақсатында банк активтері мен міндеттемелерін жеке және (немесе) заңды тұлғалар алдында ішінара не толық көлемде басқа банкке (банктерге) бiр мезгiлде беру операциясын жүргізуге жол берiледi, оны жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңнамасында айқындалады.

      2. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес берiлетiн кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша мiндеттемелердiң мөлшерi банк мүлкінің мөлшерiнен асып кетсе, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым арнайы резерв қаражаты есебiнен пайда болған айырманың орнын толтыруға міндетті.

      4. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым осы баптың 3-тармағына сәйкес беретiн қаражат мөлшерi кепiлдiк берiлген өтем ретiнде төленуге жататын, осы Заңның 18-бабына сәйкес айқындалатын сомадан аспауға тиiс.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.10.23 № 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ДЕПОЗИТТЕРГЕ МIНДЕТТI КЕПIЛДIК БЕРУ ОБЪЕКТIЛЕРI.
КЕПIЛДIК БЕРIЛГЕН ӨТЕМДI ТӨЛЕУ МӨЛШЕРI МЕН ТӘРТIБI

17-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру объектiлерi

      Қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, банк шоттарында жатқан және банктік шот және (немесе) банктік салым шарттарымен және (немесе) салым құжаттарымен куәландырылған жеке тұлғалардың теңге және шетел валютасы түрiндегi депозиттерiн олар бойынша есептелген сыйақысыз қайтару бойынша қатысушы банктiң мiндеттемелерi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру объектiлерi болып табылады.

18-бап. Кепiлдiк берiлген өтем

      Қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиторларға кепілдік берілетін депозиттер бойынша сыйақыны есепке алмастан мынадай:

      1) жинақ депозиті (салымы) бойынша, бірақ:

      ұлттық валютадағы кепілдік берілген жинақ депозиті (салымы) бойынша он бес миллион теңгеден аспайтын қалдық;

      2) депозит бойынша, бірақ:

      ұлттық валютадағы кепілдік берілген депозиттердің басқа түрлері бойынша он миллион теңгеден;

      шетел валютасындағы кепілдік берілген депозит бойынша бес миллион теңгеден аспайтын қалдық сомасында кепілдік берілген өтем төлейді.

      Қатысушы банкте депозитордың түрі мен валюта бойынша әртүрлі бірнеше кепілдік берілген депозиті болған кезде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым олар бойынша он бес миллион теңгеден аспайтын сомада жиынтық кепілдік берілген өтемді төлейді.

      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

19-бап. Депозиторлардың кепiлдiк берiлген өтем алу құқықтары

      1. Депозитор осы Заңда белгiленген мөлшерде және тәртiппен кепiлдiк берiлген депозит бойынша кепiлдiк берiлген өтем алуға құқылы.

      2. Алып тасталды - ҚР 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Депозитор бiрнеше қатысушы банктерде депозиттер ашқан жағдайда депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым кепiлдiк берiлген өтемдi әрбiр қатысушы банк бойынша жеке-жеке төлейдi.

      4. Кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша кепiлдiк берiлген өтем төлеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргiзiледi. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепiлдiк берiлген өтемдi есептеу үшiн валюта айырбастаудың қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күнге белгiленген нарықтық бағамы қолданылады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.10.23 № 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Агент банк

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым кепiлдiк берiлген өтемдi қатысушы банктер арасынан конкурстық негiзде таңдап алынған агент банк (банктер) арқылы төлейдi.

      Агент банктi таңдау жөнiндегi конкурсты өткiзу тәртiбi және агент банкке қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.

      2. Егер қатысушы банктердiң бiрде-бiреуi агент банкке қойылатын талаптарға сай келмеген жағдайда депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым кепiлдiк берiлген өтемдi Ұлттық почта операторы арқылы төлейдi.

21-бап. Кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу тәртiбi

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап он төрт жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде таралатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялау арқылы қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату және кепiлдiк берiлген өтемдi төлеудi жүзеге асыратын агент банктiң (не агент банктi таңдау мүмкiн болмаған жағдайда Ұлттық почта операторының) атауын көрсете отырып, кепiлдiк берiлген өтемдi төлеудiң басталғаны, төлеу кезеңi мен орны (орындары) туралы не осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайда, кепiлдiк берiлген өтемдi төлей бастау мерзiмiн кейiнге қалдыру туралы хабарлайды.

      Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым кепiлдiк берiлген өтемдi төлей бастау мерзiмiн кейiнге қалдырған жағдайда Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде таралатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялау арқылы төлеудiң басталуы, кезеңi, орны (орындары) және шарттары туралы депозиторларға қосымша хабарлайды.

      Депозитор аталған ақпаратты депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымнан тiкелей алуға құқылы.

      2. Мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктiң депозиторы кепiлдiк берiлген өтемдi төлеудің басталғаны туралы хабарландыру шыққан күннен бастап алты ай iшiнде өзiне кепiлдiк берiлген өтемді төлеу туралы агент банкке жазбаша өтiнiш беруге құқылы. Агент банк кепiлдiк берiлген өтемдi депозитор жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғанда ғана төлейдi.

      3. Депозитордың мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банкке талап ету құқықтары расталған жағдайда агент банк кепiлдiк берiлген өтемдi құжаттар агент банкке келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей төлейдi.

      4. Алты ай өткеннен кейiн депозитор кепiлдiк берiлген өтемдi алу үшiн депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға өтiнiш жасауға құқылы.

      5. Егер мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банк депозиторға қатысты кредитор немесе кепiлдiк берушi болса, кепiлдiк берiлген өтемнiң мөлшерi кепiлдiк берiлген депозит сомасы мен аталған қатысушы банктiң қарсы талаптарының сомасын есепке алу нәтижелерi бойынша шыққан айырма сомасына сүйене отырып айқындалады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. ДЕПОЗИТТЕРГЕ МIНДЕТТI КЕПIЛДIК БЕРУДI ЖҮЗЕГЕ
АСЫРАТЫН ҰЙЫМНЫҢ КЕПIЛДIК БЕРIЛГЕН ӨТЕМДI ТӨЛЕУГЕ АРНАЛҒАН
АРНАЙЫ РЕЗЕРВI

22-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның арнайы резервi

      1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым осы Заңда көзделген қатысушы банк депозиторларының мүдделерін қорғау жөніндегі қызметтi жүзеге асыру үшiн:

      1) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталы мөлшерінің жетпіс пайызы шегiнде оның шығыстары;

      2) қатысушы банктердiң жарналары;

      3) қосылу шарты бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қатысушы банктерге қолданылған тұрақсыздық төлемi;

      4) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктiң төленген (төленетiн) кепiлдiк берiлген өтем сомалары бойынша депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның талаптарын қанағаттандыру тәртiбiмен алынған ақша;

      5) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның арнайы резервінің активтерiн орналастырудан түскен кiрiс;

      6) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның жарғысында көзделген тәртiппен оның шығыстар мен аударымдар сомасына азайтылған меншікті активтерін орналастырудан түскен кiрiс шегiнде және есебiнен арнайы резерв қалыптастырады.

      2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның арнаулы резервiнiң нысаналы мөлшерi қатысушы банктердегi бүкiл кепiлдiк берiлген депозиттер сомасының бес процентiнен кем болмайды.

      3. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның арнайы резервi кепілдік берілген өтемді төлеу және банк мүлкінің мөлшері мен басқа банкке (банктерге) берілетін кепілдік берілетін депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері арасындағы айырманы толтыру үшін пайдаланылуы мүмкін.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның қарыз алуы

      Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның арнайы резервiнiң қаражаты депозиторларға кепiлдiк берiлген өтем төлеуге жеткiлiксiз болса және жетiспейтiн соманы қатысушы банктердiң қосымша жарналары есебiнен жабу мүмкiн болмаған жағдайда, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органнан жетiспейтiн ақша сомасында қарыз алуға құқылы.

      Депозиторларға кепiлдiк берiлген өтемді төлеуді бастау уәкiлеттi органмен келiсім бойынша қарыз алу үшiн қажеттi, бiрақ қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап күнтiзбелiк қырық бес күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

24-бап. Дауларды қарау тәртiбi

      Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жөнiндегi қарым-қатынастардан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаралады.

25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн банктер жеке тұлғалармен жасасқан банктiк шот және (немесе) банктiк салым шарттарынан туындайтын қарым-қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезде депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушылары болған банктер осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш ай iшiнде депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйыммен осы Заңда белгiленген тәртiппен қосылу шартын жасасуға мiндеттi.

      3. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қатысушы банктермен жасасқан мiндеттi күнтiзбелiк, қосымша және төтенше жарналарды төлеу, жеке тұлғалардың тартылған депозиттерi бойынша сыйақының ең жоғары ставкалары және банктiң депозит саясаты жөнiндегi мәлiметтердi ұсыну туралы шарттар қатысушы банкпен осы Заңда белгiленген тәртiппен қосылу шартын жасасқан кезге дейiн қолданылады.

Қазақстан Республикасының
Президентi