Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық аудит мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 71 Заңы

Қолданыстағы

       1-бап.  Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. "Қоршаған ортаны қорғау туралы" 1997 жылғы 15 шілдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 17-18, 213-құжат; 1998 ж., N 24, 443-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 13-14, 171-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 10, 57-құжат; N 23, 137, 142-құжаттар; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат):

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы қырық бiрiншi - қырық үшiншi абзацтармен толықтырылсын:

      "экологиялық аудит - аудиттелетiн субъектiлердiң шаруашылық және өзге де қызметiн экологиялық тәуекелдердi анықтау мен бағалауға және олардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздігі деңгейiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге бағытталған тәуелсiз тексеру;
      аудиттелетін субъект - экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргізуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
      экологиялық аудитке тапсырыс берушілер - мүдделi жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттік органдар.";

      2) 7-баптың он бесiншi абзацындағы "экологиялық аудиторлық қызметке" деген сөздер "экологиялық аудитке" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 8-бапта:
      16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "16) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;";

      мынадай мазмұндағы 17) тармақшамен толықтырылсын:
      "17) экологиялық аудиторларды аттестациялау жөнiндегі білiктілiк комиссиясының құрамы мен жұмыс тәртiбiн, сондай-ақ экологиялық аудиторларды аттестациялау тәртiбiн бекiтедi.";

      4) 81-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "81-бап. Экологиялық аудит

      1. Экологиялық аудит аудиттелетін субъектiлердің қоршаған ортаға әсерi туралы есептiлiгiн талдау жолымен жүргiзiледi.
      Экологиялық аудит жүргiзiлген кезде:
      қоршаған ортаға әсерi туралы тапсырылған есептілiктiң дұрыстығын тексеру;
      өндiрiстiк-технологиялық процестiң экологиялық талаптарға сәйкестiгiн бағалау;
      өндiрiстiк мониторинг пен бақылау жүйесiнiң экологиялық талаптарға сәйкестiгiн бағалау;
      персоналдың біліктілік деңгейiн бағалау мақсатымен арнайы зерттеулер мен өлшемдер орындалуы мүмкiн.
      2. Экологиялық аудиторлар, экологиялық аудиторлық ұйымдар мен аудиттелетiн субъектілер арасындағы қарым-қатынас экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.";

      5) мынадай мазмұндағы 81-1-баппен толықтырылсын:

      "81-1-бап. Экологиялық аудиттің түрлерi және оны
                 жүргізудiң негiздерi

      1. Мiндеттi экологиялық аудит және бастамашылық экологиялық аудит экологиялық аудит түрлерi болып табылады.
      2. Жеке және заңды тұлғаларға мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу үшiн:
      жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметінің қоршаған ортаға келтiрген, құжатпен расталған нұқсаны;
      заңды тұлғаның - табиғат пайдаланушының қайта ұйымдастырылуы;
      қарауында стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауіпті объектiлер бар заңды тұлғалардың банкрот болуы негiз болып табылады.
      3. Бастамашылық экологиялық аудит аудиттелетін субъектiнің не оған қатысушының бастамасы бойынша, бастамашы мен экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның арасында экологиялық аудит жүргiзуге жасалған шартта көзделген экологиялық аудиттiң нақты мiндеттерi, мерзiмдерi және көлемдерi ескерiле отырып жүргізiледi.";

      6) 82 және 83-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "82-бап. Экологиялық аудит жүргiзу және экологиялық
               аудиторлық есептерге қойылатын талаптар

      1. Экологиялық аудит экологиялық аудитор жасап, тапсырыс берушiмен және аудиттелетiн субъектiмен келiсілетiн экологиялық аудит жүргізу жоспарына сәйкес жүргізiледi. Экологиялық аудит жүргізудi жоспарлаған кезде тараптар экологиялық аудиторлар палатасы бекiткен экологиялық аудит жүргізу жоспарының ұсыным сипатындағы үлгі нысанын басшылыққа алады.
      2. Экологиялық аудиторлық есеп болып ресiмделетiн мiндеттi экологиялық аудит нәтижелерi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органға табыс етiледi.
      Экологиялық аудиторлық есеп жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарға, сақтандыру ұйымдарына табыс етiлуi мүмкiн. Бұл орайда экологиялық аудиторлық есептегi мәлiметтердi жария етуге аудиттелетiн субъектінің келiсiмiмен жол берiледi.
      3. Бастамашылық экологиялық аудиттің нәтижелерi экологиялық аудиторлық есеп болып ресiмделедi, оның нысаны экологиялық аудит жүргiзуге жасалған шартта ескертiліп көрсетiледi.
      Бастамашылық экологиялық аудиттiң нәтижелерi құпия болып табылады.
      Бастамашылық экологиялық аудиттiң нәтижелерi туралы мәлiметтердi жария ету құқығына аудиттелетiн субъект ғана ие болады.
      4. Экологиялық аудит жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      83-бап. Экологиялық аудиторлық қызмет

      Экологиялық аудиторлық қызмет - экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде жүзеге асыратын экологиялық аудит жүргізу жөнiндегi кәсіпкерлiк қызметi.";

      7) мынадай мазмұндағы 83-1 - 83-10-баптармен толықтырылсын:

      "83-1-бап. Экологиялық аудитор

      1. Экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыруға аттестациядан өткен және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртіппен лицензия алған жеке тұлға экологиялық аудитор болып табылады.
      2. Экологиялық аудитор жеке кәсiпкер ретiнде не экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкерi ретiнде экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға құқылы.

      83-2-бап. Экологиялық аудиторлық ұйым

      1. Экологиялық аудиторлық ұйым - экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыру үшiн, өндiрiстiк кооператив пен мемлекеттік кәсіпорыннан басқа, кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық ұйым.
      2. Шетелдiк экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында тиiстi экологиялық аудиторлық ұйымдар - Қазақстан Республикасының резиденттерi құрылған жағдайда ғана экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыра алады.
      3. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрамындағы экологиялық аудиторлардың саны кемiнде екi адам болуға тиiс.

      83-3-бап. Экологиялық аудиторлар палатасы

      1. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру мен қорғау үшiн құрылған коммерциялық емес, тәуелсiз, кәсiби және өзiн-өзi басқаратын ұйым болып табылады.
      2. Экологиялық аудиторлар палатасы заңды тұлға болып табылады және өз мүшелерi жалпы жиналыста қабылдаған жарғы негізiнде жұмыс iстейдi.
      3. Экологиялық аудиторлар палатасы ерiктi негiзде экологиялық аудиторларды, экологиялық аудиторлық ұйымдарды бiрiктiредi және мүшелiк жарна мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қаржыландырылады.
      4. Экологиялық аудиторлар палатасының құрылымы мен жұмыс органдары оның жарғысымен айқындалады.
      5. Экологиялық аудиторлар палатасы:
      1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және өз мүшелерiнің қызметiн үйлестiредi;
      2) экологиялық аудит жүргiзу жоспарының үлгі нысанын бекiтедi;
      3) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, экологиялық аудиторлық қызметтi дамытуда оларға көмек көрсетедi және жәрдемдеседi;
      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органға экологиялық аудиторлардың өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан жалтарған жағдайлары және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын өзге де бұзушылықтары туралы хабарлайды;
      5) экологиялық аудиторларды аттестациялау жөнiндегі бiлiктілік комиссиясын құруға және экологиялық аудиторлардың аттестациясын өткiзуге қатысады;
      6) экологиялық аудиторларды тағылымдамадан өткiзудi және оқытуды ұйымдастырады, экологиялық аудиторларға арналған оқу бағдарламаларын айқындауға қатысады;
      7) экологиялық аудиторлардың заңсыз iс-әрекетiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарайды;
      8) экологиялық аудиторларды аттестациялау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясына лицензияны керi қайтарып алу туралы ұсыныс жасайды.
      6. Экологиялық аудиторлар палатасы өз қызметiн Қазақстан Республикасының  коммерциялық емес ұйымдар туралы  заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      83-4-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                аудиторлық ұйымдардың құқықтары

      Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
      1) экологиялық аудит жүргiзу әдiстерiн дербес айқындауға;
      2) экологиялық аудит жүргiзуге жасалған шарттың талаптарын орындауға қажеттi құжаттаманы алуға және тексеруге;
      3) шарт негiзiнде экологиялық аудит жүргiзуге қатысуға, осы Заңның 83-8-бабында аталған тұлғалардан басқа, түрлi саладағы мамандарды тартуға;
      4) аудиттелетiн субъект экологиялық аудит жүргізу шартының талаптарын бұзған жағдайда экологиялық аудиттi жүргiзуден не экологиялық аудиторлық есептi беруден бас тартуға құқылы.

      83-5-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                аудиторлық ұйымдардың мiндеттерi

      Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
      1) осы Заңның 83-8-бабында көрсетiлген мән-жайлардың салдарынан экологиялық аудит жүргiзудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлауға;
      2) аудиттелетiн субъектiден алынған, сондай-ақ экологиялық аудит жүргiзу процесiнде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) аудиттелетiн субъектiге құжаттарда анықталған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкессiздiк туралы хабарлауға;
      4) экологиялық аудит нәтижелерінің, сондай-ақ экологиялық аудит жүргiзу кезiнде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия нысанасы болып табылатын мәлiметтердiң құпиялығын сақтауға;
      5) мiндеттi экологиялық аудит нәтижесiнде анықталған Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарын бұзушылықтар туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес хабарлауға;
      6) экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарт бойынша мiндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.

      83-6-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                аудиторлық ұйымдарды сақтандыру

      1. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн сақтандыру шартын жасасуға мiндетті.
      2. Сақтандыру Қазақстан Республикасының заң актілерiнде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      83-7-бап. Экологиялық аудиторларды аттестациялау

      1. Экологиялық аудит жүргізуге қажетті бiлiктiлiктi растау жөнiнде мезгіл-мезгiл жүргiзілетін рәсiм экологиялық аудиторларды аттестациялау болып табылады.
      2. Экологиялық аудиторларды аттестациялауды білiктілік комиссиясы жүргiзедi.

      83-8-бап. Экологиялық аудит жүргiзу құқығын шектеу

      1. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрылтайшылары, қатысушылары, кредиторлары болып табылатын не осы экологиялық аудиторлық ұйым құрылтайшысы, қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушiлерге экологиялық аудиторлық ұйымның экологиялық аудит жүргізуіне тыйым салынады.
      2. Егер экологиялық аудиторлар:
      аудиттелетін субъект басшысының, сондай-ақ құрылтайшысының немесе аудиттелетiн субъект жарғылық капиталының он проценттен астамын иеленетін қатысушының жақын туыстары немесе жекжаттары болған;
      аудиттелетiн субъектінің қызметкерлерi, қатысушылары, лауазымды тұлғалары болған немесе онда жеке мүліктік мүдделерi бар болған жағдайларда, олардың экологиялық аудит жүргізуiне тыйым салынады.
      3. Экологиялық аудиторлардың - жеке кәсiпкерлердiң, мынадай жағдайларда, егер:
      аудиттелетiн субъект балансы активтерiнің сомасы жылына орташа есеппен алғанда тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 40000 еселенген мөлшерінен асатын заңды тұлға болса;
      аудиттелетiн субъектінің қызметi мiндетті экологиялық аудит жүргiзiлуге жататын болса, экологиялық аудит жүргiзуiне тыйым салынады.

      83-9-бап. Аудиттелетiн субъектінің құқықтары

      Аудиттелетiн субъект:
      1) конкурс не өзге де iшкi рәсiм негiзiнде экологиялық аудиторды не экологиялық аудиторлық ұйымды таңдау туралы дербес шешiм қабылдауға;
      2) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан Қазақстан Республикасы заңдарының экологиялық аудит жүргiзуге қатысты талаптары туралы егжей-тегжейлi ақпарат алуға;
      3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертпелерi және қорытындылары негiзделетiн нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
      4) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан ұсынымдар, экологиялық есептiлiкте және өзге де құжаттарда анықталған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкессiздiк туралы ақпарат алуға;
      5) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда олар көрсететiн қызметтен бас тартуға құқылы.

      83-10-бап. Аудиттелетiн субъектiнiң мiндеттерi

      Аудиттелетiн субъект:
      1) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзуді ұйымдастыруға;
      2) экологиялық аудиттi уақтылы және сапалы жүргiзу үшiн экологиялық аудитор мен экологиялық аудиторлық ұйымға жағдай жасауға;
      3) экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға экологиялық аудит жүргiзу үшiн қажетті толық және дұрыс құжаттаманы, өзге де ақпаратты табыс етуге, ауызша немесе жазбаша нысанда түсінік беруге;
      4) қоршаған ортаға әсер ету туралы дұрыс есептіліктi және экологиялық аудит жүргiзу үшiн қажеттi өзге де құжаттарды табыс етуге;
      5) егер экологиялық аудит жүргiзуге арналған шартта өзгеше көзделмесе, экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметiн шектемеуге;
      6) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талап етуi бойынша қажеттi ақпарат алу үшiн үшіншi тұлғалардың атына өз атынан жазбаша сауал жiберуге;
      7) экологиялық аудиторлардың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның көрсететiн қызметтерiне ақы төлеудi қамтамасыз етуге;
      8) экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарттың мiндеттемелерiнен туындайтын өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.".

      2. "Банкроттық туралы" 1997 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнің Жаршысы, 1997 ж., N 1-2, 7-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 14, 198-құжат; N 17-18, 225-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 17-18, 240-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 4, 26-құжат; N 11, 67-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 23, 142 құжат):

      2-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Қарауында стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық қауіптi объектiлер бар заңды тұлғалар банкрот болған кезде олардың қызметiне мiндеттi экологиялық аудит жүргiзiледi, оны жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес айқындалады.".

       2-бап.  Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi