Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі N 573 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ  

      Осы Заң Қазақстан Республикасында кредиттiк тарихты қалыптастырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерін, кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың құқықтық жағдайын айқындайды, кредиттiк бюроларды құруға, олардың қызметін жүзеге асыруға және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды, осы саладағы мемлекеттiк реттеу, бақылау мен қадағалау ерекшелiктерiн реттейдi.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1)  кредиттік тарихтың деректер базасы  - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келетін ақпараттық жүйелерге және ақпарат процестеріне негізделген кредиттік бюроның ақпараттық ресурстары;
      2)  ақпарат берушiнің кредиттік тарихтың деректер базасын жасауға және қорғауға қатысу жөніндегі қызметi  - ақпарат берушінің осы Заңның талаптарына сәйкес кредиттік тарих субъектілерiнен алынған мәлiметтердi ресiмдеу (өңдеу), сақтау және кредиттiк бюроға беру жөнiндегi іс-әрекеттері;
      3)  ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарт  - осы Заңда көзделген шарттарда және тәртiппен кредиттік бюро мен ақпарат берушi арасында жасалатын шарт;
      4)  ақпарат  - кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылар беретiн, қажет болған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылатын, электрондық және қағаз түрiндегi жеткiзушiлердегi кредиттік тарих субъектілерiне қатысты мәліметтер;
      5)  кредиттік тарих  - кредиттiк тарих субъектiсi туралы ақпарат жиынтығы;
      6)  кредиттік бюро  - кредиттiк тарихты қалыптастыруды, кредиттік есептер берудi және өзге де қызметтер көрсетудi жүзеге асыратын коммерциялық ұйым;
      7)  кредиттiк есеп  - кредиттік тарихтағы ақпаратты толық немесе iшiнара беру нысаны;
      8)  кредиттік есепті алушы  - кредиттік есептi алуға құқығы бар тұлға;
      9)  ақпарат беруші  - кредиттік бюроға ақпарат беруші жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      10)  кредиттік есепті беру  - кредиттік бюроның кредиттік тарихтағы ақпаратты беру жөнiндегi қызметi;
      11)  жазбаша ұйғарым  - анықталған кемшiлiктердi белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндеттi түзету шараларын қолдану туралы кредиттік бюроға нұсқау;
      12)  кредиттік тарих субъектiсінiң келісімі  - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес ресiмделетiн, кредиттік тарих субъектiсiнiң өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге не өзі туралы кредиттік есептi басқа тұлғаларға беруге жазбаша рұқсаты;
      13)  кредиттік тарих субъектiсi  - өздерiне қатысты кредиттік тарих қалыптастырылатын жеке тұлға, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      14)  уәкілеттi орган  - қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      15)  шартты және ықтимал міндеттемелер  - орны жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепiлдiктер, вексельдер мен кепілгерлiктер;
      16)  кредиттiк тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушылар  - кредиттiк тарих субъектілерi, ақпарат берушілер, кредиттiк бюролар, кредиттік есептердi алушылар;
      17)  кредиттік тарихты қалыптастыру  - кредиттік бюро осы Заңға сәйкес ақпарат берушілерден алған ақпаратқа қатысты жүзеге асыратын, оны сақтау, мониторинг жасау, нақтылау және жаңарту жөніндегi іс-әрекет немесе іс-әрекеттер жиынтығы.

       2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және
               кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді және Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексінен , осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Осы Заң кредиттiк тарихты қалыптастыру және кредиттік есептер беру, кредиттiк бюроларды құру, олардың жұмыс iстеуi және қызметiн тоқтатуы, ақпарат берушiлердiң кредиттiк тарихтың деректер базасын құру мен қорғауға қатысу жөнiндегi қызметін жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарға қолданылады. Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерi қолданылатын салаға жататын қатынастар осы Заңда реттелмеген қатынастар бөлігінде сол актілермен реттеледi.
      3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Кредиттік тарихты қалыптастыру және ақпаратты
               пайдалану принциптері

      Кредиттiк тарихты қалыптастыру және ақпаратты пайдалану мына принциптер ескерiле отырып жүзеге асырылады:
      1) кредиттiк тарих субъектiсi келiсiмiнің болуы;
      2) барлық кредиттiк тарих субъектілерiнiң теңдігі;
      3) ақпаратты, кредиттiк тарихтың деректер базасын және ақпараттық жүйенi мақсатты пайдалану;
      4) ақпараттың құпиялылығы;
      5) кредиттiк тарихтың деректер базасын және тиiстi ақпараттық жүйелердi қорғауды қамтамасыз ету;
      6) азаматтардың жеке өмiрiне қол сұғылмауы, азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау.

  2-тарау. Кредиттік бюролардың қызметі және
кредиттік тарихты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік реттеу, бақылау мен қадағалау

       4-бап. Кредиттік бюролардың қызметін реттеуді, бақылауды
               және қадағалауды, ақпарат берушiлер мен кредиттік
               есептерді алушылардың қызметін бақылауды жүзеге
               асыратын мемлекеттік органдар

      1. Кредиттiк бюролардың қызметiн және кредиттiк тарихты қалыптастыруды мемлекеттiк реттеу мен қадағалауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
      1) осы Заңға сәйкес кредиттiк бюролардың қызметi мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
      2) кредиттiк бюролар қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиялар беру;
      3) Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарының сақталу мәселелерi бойынша кредиттік бюролар қызметiне тексерулер жүргiзу;
      4) Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы кредиттiк бюроларға жазбаша ұйғарымдар жiберу;
      5) кредиттiк бюроларға (және олардың лауазымды адамдарына) санкциялар қолдану;
      6) кредиттiк бюролардың қызметiне, соның iшiнде кредиттiк тарихты қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау жатады.
      3. Ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын уәкілеттi мемлекеттiк орган осы Заңда белгіленген талаптарды ескере отырып, ақпараттық қызметтер көрсету рыногында ақпарат берушілердiң, кредиттiк бюролардың және кредиттiк есептердi алушылардың (кредиттік тарих субъектiлерiн қоспағанда) қызметiн ұйымдастырудың ерекшелiктерiн айқындайды және олардың қызметiн бақылауды жүзеге асырады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       5-бап. Мемлекеттiк органдардың кредиттік бюролар,
               ақпарат берушілер қызметі, кредиттік тарихты
               қалыптастыру және оны пайдалану мәселелері
               бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау
               жөнiндегi өкiлеттiктерi

      1. Уәкiлеттi орган кредиттік бюролардың қызметi, кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану мәселелерi бойынша:
      1) ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптары туралы (осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушiлер үшiн);
      2) кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу тәртiбi туралы;
      3) кредиттiк есептi берудiң шарттары мен тәртiбi туралы;
      4) кредиттiк бюроларды лицензиялаудың шарттары мен тәртiбi туралы нормативтiк құқықтық актілер қабылдайды.
      2. Уәкiлетті орган ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк саясат пен мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын уәкiлетті мемлекеттік органмен келiсе отырып, кредиттiк тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың қызметiндегi ақпараттық процесс, үй-жайларға, электрондық және өзге де жабдыққа, оларды сертификаттауға, ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге ең төмен талаптар белгiлеу, кредиттiк тарихтың деректер базасының қорғалуын және сақталуын ұйымдастыру, сондай-ақ кредиттік бюролардың аталған талаптарды орындауына бақылау жүргiзу мәселелерi бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

  3-тарау. Кредиттік бюроларды құру, олардың қызметін жүзеге асыру және тоқтату

       6-бап. Кредиттiк бюролар және олардың құрылтайшылары

      1. Кредиттiк бюролар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылатын және жұмыс істейтін коммерциялық ұйымдар болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалар бойынша кредиттік бюролар құрылады және жұмыс iстейдi.
      3. Кредиттік бюро қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияны уәкілеттi орган өзі белгілеген тәртiппен бередi.

       7-бап. Кредиттік бюролар жүзеге асыратын қызмет түрлерi

      1. Кредиттiк бюролар қызметiнiң негiзгi түрлері кредиттік тарихты қалыптастыру және кредиттік есептер беру болып табылады.
      2. Кредиттік бюро қызметінің қосымша түрлеріне:
      1) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудi өткiзу;
      2) кредиттiк бюроның қызметiне қатысты арнаулы әдебиеттi және өзге де ақпараттық материалдарды өткiзу;
      3) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушыларды ақпараттық қамтамасыз етуге байланысты консультациялық қызметтер көрсету;
      4) кредиттік тарих субъектiлерiнің кредит қабілеттілiгiн олар әзiрлеген әдiстеме негiзiнде жүзеге асырылатын бағалау;
      5) маркетингтік және статистикалық зерттеулер жатады.
      3. Кредиттiк бюролар осы бапта көзделмеген кәсіпкерлік қызмет түрлерiн жүзеге асыруға құқылы емес.

       8-бап. Кредиттiк бюроларға кредиттік тарихтың деректер
               базасын және пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді
               қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету
               жөнінде қойылатын талаптар

      Кредиттiк бюролар өз қызметiнде мынадай ұйымдастыру, техникалық шаралардың және технологиялық талаптардың:
      1) ақпараттық жүйелерді, кредиттік тарихтың деректер базасын және өзге де құжаттарды қауiпсiз орналастыру мен пайдалануға арналған техникалық және өзге де үй-жайлардың болуы;
      2) кредиттік тарихтың деректер базасын орналастыруға арналған ақпараттық жүйелердi және аталған ақпараттық жүйелерді қорғау құралдарын қалыптастыру мен пайдалану кезiнде сертификатталған жабдықты және бағдарламалық қамтамасыз етудi қолдану;
      3) ақпарат берушiлермен және кредиттік есептердi алушылармен жасалатын шарттарда кредиттiк тарихтың деректер базасын жасау үшін пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді және аталған ақпараттық жүйелердi қорғау құралдарын қалыптастыру мен пайдалану кезiнде қолданылатын бағдарламалық қамтамасыз етудi қорғау жөнiндегі ұйымдастырушылық, техникалық шараларды және технологиялық талаптарды бiрлесiп iске асырудың мiндеттілiгi туралы талаптардың болуын қамтамасыз ету талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

       9-бап. Лицензия алуға қажетті құжаттар және оларды
               қарау мерзімдерi

      1. Лицензиат кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшiн уәкiлеттi органға:
      1) лицензия беру туралы өтiнiш;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктің нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      3) белгіленген тәртіппен мемлекеттiк тiркеуден өткен құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерiн;
      4) уәкiлетті орган кредиттік бюроның қызметін қамтамасыз етуге қоятын шарттарға лицензиаттың сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген лицензиялық алымның төленгенiн растайтын құжат беруге мiндеттi.
      2. Кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия беру туралы өтінішті уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген соңғы құжатты алған күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиіс.

       10-бaп Кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына
               лицензия беруден бас тарту

      Кредиттiк бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия беруден:
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес субъектiлердiң осы санаты үшiн тыйым салынған белгілi бір қызмет түрі жүзеге асырылған;
      2) осы Заңның 9-бабында көзделген талаптар сақталмаған;
      3) өтiніш берушіге қатысты оның қызметтің осы түрiмен шұғылдануына соттың тыйым салған шешімі болған жағдайларда бас тартылады.

       11-бап. Жазбаша ұйғарым және санкциялар

      1. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдары бұзылған жағдайда уәкiлетті орган кредиттiк бюроға анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша ұйғарым жiберуге құқылы.
      2. Уәкiлетті орган санкция ретінде:
      1) әкiмшілік айыппұл салу;
      2) кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тоқтата тұру;
      3) лицензиядан айыру туралы талап-арызбен сотқа жүгiну шараларын қолдануға құқылы.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       12-бап. Кредиттiк бюро лицензиясының қолданылуын
               тоқтата тұру

      1. Кредиттiк бюро лицензиясының қолданылуы:
      1) осы Заңның 8-бабында белгiленген талаптардың сақталмауы;
      2) лицензия беруге негіздеме болған құжаттардың шындыққа сәйкес келмеуiнің анықталуы;
      3) уәкілеттi органның Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарын бұзушылықтарды жою жөнiндегi жазбаша ұйғарымын орындамау сияқты негіздемелердiң бiрi бойынша алты айға дейiнгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      2. Кредиттік бюро лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру, бұрын жасалған шарттар бойынша ақпарат алу жөнiндегi қызметтi қоспағанда, оның қызметiн жүзеге асыруға тыйым салуға әкеп соғады.
      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
      Мұндай шешiм кредиттік бюроның атқарушы органының назарына жеткiзілген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрды деп саналады.

       13-бап. Кредиттік бюроны лицензиясынан айыру

      Уәкiлеттi орган мынадай негіздемелердiң бiрi бойынша:
      1) лицензиардың лицензияның қолданылуын тоқтата тұруына негiз болған себеп жойылмаса;
      2) лицензияның қолданылуы соңғы он екі айдың iшiнде бiрнеше рет тоқтатыла тұрса;
      3) лицензиаттың жүзеге асыруға лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуына сот тыйым салса;
      4) лицензиаттың кәсіпкерлік қызметi тоқтатылса;
      5) лицензиат лицензия aлу кезiнде көрінеу жалған ақпарат берсе, кредиттiк бюроны лицензиясынан айыру туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       14-бап. Кредиттiк бюроның құжаттары мен ақпаратын сақтау

      1. Кредиттік бюроның құжаттары мен ақпаратын, соның ішінде, кредиттік тарихтың деректер базасына енгiзiлетiн құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртiбiн кредиттiк бюро айқындайды.
      2. Кредиттік бюро соңғы ақпаратты алған күннен кейiн он жыл бойы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етедi.

       15-бап. Кредиттiк бюроларды қайта ұйымдастыру және
                тарату

      Кредиттік бюроларды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Кредиттік бюроларды қайта ұйымдастыру және тарату аяқталғаннан кейiн кредиттiк бюроның кредиттiк тарихының деректер базасын кредиттік бюро ретiндегi қызметке уәкiлеттi басқа заңды тұлғаларға беру (иелiктен шығару) үшін заңды негіздемелер болмаған жағдайда ол жойылуға тиiс.

  4-тарау. Кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

       16-бап. Кредиттiк бюроның құқықтары

      Кредиттiк бюро:
      1) ақпарат берушiлермен ақпарат беру және (немесе) кредиттік есептерді алу туралы шарттар жасасуға;
      2) ақпарат берушiлерден кредиттiк тарих субъектiсін өзі туралы мәліметтердi кредиттік бюроларға беруге келiсімін алғаны туралы растауды, сондай-ақ кредиттiк тарихты қалыптастыратын толық әрi анық ақпарат берудi талап етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;
      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және осы Заңға сәйкес жасалған шарттарда көзделген өзге де құқықтары болуға құқылы.

       17-бап. Кредиттiк бюроның міндеттері

      Кредиттік бюро:
      1) кредиттiк тарихты қалыптастыруды жүзеге асыруға;
      2) кредиттiк тарих субъектiсiнің келiсiмiн алғаны туралы растау болған кезде кредиттiк есептердi беруге;
      3) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиттiк тарихтағы ақпаратты ашуға жол бермеуге;
      4) егер алушыға берiлген кредиттiк есепте, кредиттiк бюро қызметкерлерінің әрекетi немесе әрекетсiздiгi салдарынан, ақпарат берушілер кредиттiк бюроға берген ақпаратқа сәйкес келмейтiн ақпарат болған жағдайда, кредиттік бюроның ішкi құжаттарында көзделген тәртіппен кредиттік тарих субъектісіне түзетiлген кредиттiк есептi беруге;
      5) кредиттiк тарих субъектісінің өтiнiшi бойынша оған кредиттiк тарих субъектiсi даулап отырған ақпаратты берген ақпарат беруші туралы мәліметтердi табыс етуге;
      6) кредиттiк есептi беру туралы сауал Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптар бұзыла отырып жасалған болса, кредиттік есептi беруден бас тартуға;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз қызметi туралы есеп жүргізуге және есептiлiк табыс етуге;
      8) тиiстi негіздемелер болған кезде қайта ресiмделуге немесе нақтылануға тиiс, келіп түскен ақпаратты түзету, толықтыру туралы талаппен ақпарат берушiге өтiнiш жасауға;
      9) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалануға;
      10) ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шартта көзделген жағдайларда ақпарат берушiнiң ақпаратты жібергені үшін шығындарын өтеуге;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шартта белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндетті.

       18-бап. Ақпарат берушілер

      1. Мыналар:
      1) банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар заңды тұлғалар (бұдан әрі - банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) және банктер;
      2) жүйелендiрiлген белгiлерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, тауарларды және көрсетілетiн қызметтердi кредитке өткiзетiн не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға;
      3) жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелердi тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттік кәсiпорындар;
      4) ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарттар негiзiнде өзге де тұлғалар ақпарат берушiлер болып табылады.
      2. Уәкілеттi органның кредиттiк бюролардың қызметi және кредиттік тарихты қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актілерi ақпарат берушілер ретiнде олардың кредиттік тарихтың деректер базасын жасауға және қорғауға қатысуы жөнiндегi қызметіне қатысты бөлiгiне ақпарат берушілердiң орындауы үшiн міндетті.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді -   Қазақстан Республикасының   2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       19-бап. Ақпарат берушінің құқықтары мен міндеттері

      1. Ақпарат берушi:
      1) берiлетiн ақпараттың осы Заңға сәйкес пайдаланылуын кредиттік бюролардан талап етуге;
      2) Қазақстан Республикасының заң актілерiне және (немесе) ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шартқа сәйкес өзге де құқықтары болуға құқылы.
      2. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушілер:
      1) кредиттік тарих субъектiсiнiң өзi туралы мәлiметтердi кредиттiк бюроға табыс етуге келісiмін алуға;
      2) ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарт жасасуға;
      3) осы Заңда және ақпарат беру және (немесе) кредиттік есептердi алу туралы шарттарда айқындалған талаптарда, көлемде және тәртіппен кредиттік бюроларға ақпарат беруге;
      4) кредиттік бюроларға берiлген ақпаратты кредиттiк тарих субъектісінің талап ету бойынша түзетуге;
      5) кредиттік бюроларға кредиттік тарих субъектісі туралы бар мәлiметтермен дәлме-дәл сәйкес ақпарат беруге;
      6) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалануға;
      7) кредиттiк ақпаратты алу мен өңдеудiң тиiсiнше шарттарын өз қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген ақпарат берушілер:
      1) өздерi кредиттiк бюромен ақпарат беру туралы шарт жасасқан жағдайда осы Заңда белгiленген, өзге де ақпарат берушiлерге қойылатын талаптарды сақтауға тиiс;
      2) егер шартта өзгеше көзделмесе, кредиттік тарих субъектiлерi туралы өздерiнде бар ақпаратты кредиттiк бюроларға ақылы негізде бередi.

       20-бап. Кредиттік есептi алушы

      1. Мыналар:
      1) банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар;
      2) жүйелендiрiлген белгілерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын, тауарларды және көрсетілетiн қызметтердi кредитке өткiзетiн не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға;
      3) кредиттiк тарих субъектiсi кредиттiк есептi алушылар болып табылады.
      Ақпаратты өзге тұлғаларға беруге жол берілмейдi.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген тұлғалар ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарт жасасқаннан кейiн кредиттiк есептердi алушылар ретiнде кредиттiк бюрода тiркелуге тиiс.

       21-бап. Кредиттік есептi алушының құқықтары мен
                міндеттері

      1. Кредиттiк есептi алушы:
      1) кредиттiк есептi алуға;
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де құқықтары болуға құқылы.
      2. Кредиттiк тарих субъектiсi күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде өзi туралы бір кредиттiк есептi тегiн алуға құқылы.
      3. Осы Заңның 20-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген кредиттiк есептi алушылар:
      1) кредиттiк тарих субъектiсi туралы кредиттiк есептi алуға оның келiсiмiн алғандығы туралы растауды кредиттік бюроға табыс етуге;
      2) кредиттiк есептi алушы ретiнде тiркелген кезде оларға табыс етiлген мәлiметтердiң өзгергенi туралы хабарлауға;
      3) кредиттік есепке қатысты құпиялылықты сақтауға және ондағы ақпаратты үшiншi тұлғаларға жария етпеуге;
      4) кредиттiк есептегi ақпаратты осы Заңның 26-бабында көзделген мақсаттар үшiн ғана пайдалануға;
      5) кредиттiк тарих субъектiсiнің талабы бойынша оны кредиттiк есептiң мазмұнымен таныстыруға не оған кредиттiк есептi алушының iшкi ережелерiне сәйкес кредиттiк есептiң көшiрмесiн беруге;
      6) кредиттiк бюроның кредиттiк есептi беру жөнiнде көрсететiн қызметiне ақы төлеуге;
      7) Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес өзге де мiндеттердi атқаруға мiндеттi.

       22-бап. Кредиттiк тарих субъектiсiнің құқықтары

      Кредиттiк тарих субъектiсi:
      1) ақпарат берушiге кредиттiк тарихты қалыптастыру үшiн кредиттiк бюроға өзi жайында мәлiметтер табыс ету туралы келiсiм беруге;
      2) кредиттiк есептi алушыға өзi туралы кредиттiк есептi алуына келiсiм беруге;
      3) кредиттiк бюроға өзi туралы ақпарат түскен кезден бастап, осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес өзi туралы кредиттiк есептi алуға;
      4) кредиттiк есептi алушыдан кредит алуға оның өтінiмiн қараған кезде кредиттiк есеппен таныстыруды не алушы кредиттiк бюродан алған кредиттiк есептiң көшiрмесiн кредиттiк есептi алушының iшкi ережелерiне сәйкес берудi талап етуге;
      5) кредиттiк есептегi ақпаратпен, беруші туралы ақпарат алу мүмкiндiгiмен келiспеушілiктi мәлiмдеуге;
      6) алушыға берiлген кредиттiк есепте кредиттiк бюро қызметкерлерінің әрекетi немесе әрекетсiздiгі салдарынан ақпарат берушiлер кредиттiк бюроға берген ақпаратқа сәйкес келмейтiн ақпарат болса, кредиттiк бюролардан түзетiлген кредиттiк есептi сұратуға;
      7) дәйектемесiз ақпаратты түзету туралы талаппен ақпарат берушiге өтiнiш жасауға құқылы.

  5-тарау. Кредиттік бюроларға ақпарат беру

       23-бап. Кредиттік бюроларға ақпарат берудiң жалпы
                шарттары

      1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушiлер осы Заңда көзделген ақпаратты барлық кредиттiк бюроларға бередi.
      2. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң келiсiмi болған жағдайда осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушілер кредиттiк бюроларға ақпарат беруге мiндетті.
      Олардың кредиттік бюроларға ақпарат беру және кредиттік есептердi алу жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалатын ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарттарда айқындалады.
      3. Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеуді жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорындар кредиттік бюромен жасалған ақпарат беру туралы шарттар негiзiнде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi уәкiлеттi органмен келiсе отырып айқындайтын тәртіппен және жағдайларда кредиттiк бюроларға ақпарат бередi.
      4. Берушiлер кредиттiк бюроға ақпаратты электрондық жеткiзушімен береді. Ақпаратты қағаз түрiндегі жеткізушімен беру жағдайлары кредиттік бюроның ішкі құжаттарында және олар ақпарат берушілермен жасасатын шарттарда айқындалады.
      5. Ақпарат берушілер кредиттiк тарих субъектілерінің өздері туралы мәлiметтердi кредиттiк бюроларға табыс етуге алған келiсiмдерін есепке алуды жүргізедi.
      6. Кредиттiк тарих субъектілерiнің өздерi туралы мәлiметтердi кредиттiк бюроларға қағаз түрiндегi жеткiзушiмен табыс етуге келiсiмiн ақпарат берушi кредиттiк бюроларға олар туралы сoңғы ақпарат берiлген күннен бастап кемінде он жыл сақтауға тиiс.

       24-бап. Кредиттік бюроларға берiлетін ақпарат

      1. Кредиттiк бюроларға банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар беретiн ақпаратта:
      1) тұлға осы банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымнан алған кредит бойынша борыш сомасы, сондай-ақ ол алған барлық кредиттер, шартты және ықтимал міндеттемелер бойынша борыштың жалпы сомасы;
      2) кредиттердi, сондай-ақ шартты және ықтимал мiндеттемелердi беру күнi, өтеу күнi (график бойынша және iс жүзiнде);
      3) мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етудiң (сейф жәшіктерiнде, шкафтарда және банктің үй-жайында сақтаулы тұрған қамтамасыз етудi қоспағанда) құрамы мен тәсілдерi туралы ақпарат;
      4) тараптардың келiсiмi бойынша өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
      Осы тармақтың мақсаттары үшiн кредит деп қарыз, лизинг, факторинг, форфейтинг операциялары, сондай-ақ вексельдердi есепке алу түсiніледi.
      2. Тауарларды және көрсетiлетiн қызметтердi кредитке өткiзетiн не төлемдердiң мерзімін ұзартатын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға кредиттiк бюроларға беретiн ақпаратта мынадай мәлiметтер:
      1) кредит бойынша, сондай-ақ кредитке алынған барлық тауарлар және көрсетілетiн қызметтер бойынша борыш сомасы;
      2) кредиттерді беру күнi, өтеу күнi (график бойынша және iс жүзiнде);
      3) мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етудiң құрамы мен тәсiлдерi туралы ақпарат;
      4) тараптардың келiсiмi бойынша өзге де мәлiметтер болуға тиiс.

       РҚАО-ның ескертуі!
      3-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес кредиттік тарих субъектісі - жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер туралы берiлген ақпаратта тегi, аты, әкесінiң аты, туған күнi, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi болуға тиiс.

       РҚАО-ның ескертуі!
      4-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес кредиттiк тарих субъектiсi - заңды тұлға туралы берiлетін ақпаратта атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеу нөмiрi және күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, бiрiншi басшыларының тегi, аты, әкесiнің аты және олардың салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрлерi болуға тиiс.

       РҚАО-ның ескертуі!
      5-тармақтың 1), 2) тармақшаларына 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.
      5. Кредиттiк бюроларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорындар беретін ақпаратта мынадай мәлiметтер:
      1) жеке тұлғалар үшін - тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, меншiк құқығын және басқа құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықтарды тiркеу туралы мәлiметтер;
      2) заңды тұлғалар үшiн - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны орналасқан жерi, заңды тұлға ретіндe мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, банк деректемелерi, меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықтарды тiркеу туралы мәлiметтер болуға тиіс.
      6. Осы бапта көзделген ақпарат тiзбесi кредиттiк бюро мен ақпарат берушi арасындағы келісім бойынша, олар жасасатын ақпарат беру және (немесе) кредиттік есептi алу туралы шарт негiзiнде, егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға қайшы келмесе, толықтырылуы мүмкiн.

       25-бап. Кредиттік тарих субъектісінің ақпарат беруге
                және кредиттік есепті беруге келісімін ресімдеу

      1. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге және (немесе) кредиттiк есептi алушыға кредиттік есептi беруге келiсiмi жазбаша түрде ресiмделедi.
      2. Ақпарат субъектiсiнiң - жеке тұлғаның келiсiмiн Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдiрiлген тұлға да ресiмдеуi мүмкiн.
      3. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы ақпаратты кредиттiк тарихты қалыптастыру үшiн кредиттiк бюроларға беруге және (немесе) кредиттiк есептi беруге, келiсiмiнiң болмағаны, сондай-ақ оның дұрыс ресiмделмегенi үшiн кредиттiк есептi беру туралы сауал салған ақпарат берушi, кредиттiк есептi алушы не олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының әкiмшілік құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

       26-бап. Ақпаратты және кредиттiк есептердi пайдалану
                негiздемелерi мен мақсаттары

      1. Кредиттiк бюроларға ақпарат беру, кредиттiк есептер беру үшін кредиттік тарих субъектiсiнiң келiсімi негiздеме болып табылады.
      2. Кредиттiк есептi алушылар кредиттiк бюролар жүйесiндегi ақпаратты:
      1) кредиттер беру, мониторинг жасау және кредиттердiң мерзiмiн ұзарту кезiнде тәуекелдердi бағалау;
      2) кредиттiк шарттардың талаптары өзгерген кезде тәуекелдердi  бағалау;
      3) мерзiмi ұзартылған төлемдермен жасалатын өзге де мәмiлелер бойынша тәуекелдердi бағалау;
      4) кредиттік есептегi ақпараттың дұрыстығын растау мақсатында пайдалануы мүмкiн.
      3. Кредиттік бюролар ақпарат берушiлерден алған мәлiметтердi маркетингтiк және статистикалық зерттеулердi жүзеге асыру үшiн пайдалануға құқылы.

  6-тарау. Кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жөніндегі қатынастар

       27-бап. Ақпарат берушiлермен және кредиттік
                есептерді алушылармен жасалатын шарттар

      1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушiлер және осы Заңның 20-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген кредиттік есептi алушылар ақпарат беру және кредиттiк есептердi алу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындау мақсатында барлық кредиттік бюролармен ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарттар жасасуға мiндеттi.
      2. Ақпарат беру және (немесе) кредиттік есептердi алу туралы шартта мынадай талаптар:
      1) жеке кәсiпкердің деректерi немесе тараптардың толық атауы, олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi, банк деректемелерi туралы ақпарат;
      2) шарттың қолданылу мерзiмi, оны өзгерту, тоқтату және бiржақты тәртiппен бұзу негiздемелерi мен тәртiбi, сондай-ақ шарт бойынша мiндеттемелердi бұзғаны үшiн айыппұлдардың мөлшерi;
      3) кредиттiк тарих субъектiсiнің өзi туралы кредиттiк ақпаратты кредиттiк бюроларға беруге келiсiмiн мiндеттi түрде алу және (немесе) кредиттiк тарих субъектiсінің кредиттiк есептi алушыға өзi туралы кредиттiк есептi беруге келiсiмiн алу;
      4) кредиттiк тарихты қалыптастыратын ақпараттың түрлерi, көлемi, мерзiмi (кезеңдiлiгi), беру тәртiбi, шарт тараптары көрсететін қызметтерге ақы төлеу талаптары, сондай-ақ кредиттiк тарихтың деректер базасын және пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi қорғау жөнiндегi ұйымдастырушылық, техникалық шаралар мен технологиялық талаптарды бiрлесіп iске асыру талаптары;
      5) кредиттiк бюроның берiлетiн ақпаратты тек осы Заңда көзделген мақсаттарға сәйкес пайдалану туралы мiндеттемесi;
      6) кредиттiк бюроның барлық алынатын ақпаратқа қатысты құпиялылық режимiн сақтау және оны тек осы Заңда көзделген негіздемелерде, шарттарда және тәртіппен ашу туралы мiндеттемесi;
      7) кредиттiк есептердегi ақпараттың көлемi және оларды алу тәртібі;
      8) кредиттiк есептердi алушының кредиттiк есептегi ақпаратты таратпау туралы мiндеттемесi;
      9) ақпарат берушiнiң кредиттік бюроға дәйектемесiз ақпарат берген жағдайдағы жауапкершiлiгiн қоса алғанда, тараптардың жауапкершiлiгi болуға тиiс.

       28-бап. Кредиттiк есептi алушы ретiнде кредиттiк
                бюрода тiркеу

      Осы Заңның 20-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген тұлғалар кредиттік бюрода тiркелу үшiн мынадай құжаттар:
      1) кредиттiк бюрода тiркеу туралы өтiнiш;
      2) уәкілеттi органның лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге жасыруға беретiн лицензияларының нотариат куәландырған көшiрмелерiн (лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар үшiн);
      3) заңды тұлға (жеке кәсіпкер) ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
      4) сауал жолдауға уәкiлеттi тұлғалардың тегi, аты, әкесiнің аты және лауазымы туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға табыс етедi. Қажет болған жағдайда көрсетiлген ақпарат осы тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

       29-бап. Кредиттік есептi беру

      1. Кредиттiк есептi беруге:
      1) кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы кредиттiк есептi беруге келiсiмiнiң болуы;
      2) кредиттiк есептi алушының осы Заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгi;
      3) кредиттiк есептi алушының кредиттiк тарих субъектiсiнiң кредиттiк есептi беруге келiсiмiнiң бар екендiгiн растаған сауалы негiздеме болып табылады.
      2. Кредиттiк бюро кредиттiк есептер беру туралы сауалдарды және табыс етiлген кредиттiк есептердi есепке алып отырады.
      3. Сауалды алушының атынан, кредиттiк бюроға сауал беруге жауапты оның арнайы уәкiлеттi тұлғасы бередi, ол туралы ақпарат кредиттiк бюроның алушылары тiзiлiмiнде болады.
      4. Кредиттiк бюро кредиттiк тарих субъектiсiне қатысты кредиттiк есептi оған берудi кредиттiк тарих субъектiсiнiң жазбаша сауалы негiзiнде жүзеге асырады.
      5. Кредиттiк тарих субъектісi үшiн кредиттiк есепте осы субъектiнiң кредиттiк тарихы бойынша кредиттiк есептердi берудiң бұрын орын алған барлық фактiлерi туралы, берiлген күнi, алушылардың атаулары мен деректемелерi көрсетілген ақпарат болуға тиiс.
      6. Кредиттiк бюро кредиттiк есептi беру кезiнде барлық ақпарат берушiлердi және кредиттiк бюроның осы ақпаратты алған күнiн көрсетуге мiндеттi.
      7. Кредиттiк есептi беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздемелерде, жағдайларда және тәртiппен жүзеге асырылады.
      8. Кредиттiк бюро ақпаратты берушіден алынған ақпаратты бұрмалағаны үшiн Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

       30-бап. Ақпаратты және кредиттiк есептердi беру
                жөнiндегі көрсетiлетiн қызметтерге ақы төлеу

      Ақпарат берушiлер және кредиттiк бюролар көрсететiн қызмет үшiн ақы белгiленедi, оның мөлшерi және өндiрiп алу тәртiбi шартқа сәйкес айқындалады.

  7-тарау. Қорытынды ережелер

       31-бап. Дауларды шешу ерекшелiктерi

      1. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң кредиттiк есептегi ақпаратқа дауласу туралы кредиттiк бюроға немесе ақпарат берушiге беретін өтiнiшiнде жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жері және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ дауласатын ақпаратқа нұсқау және дұрыс ақпарат беру туралы талап болуға тиiс. Өтiнiш берушi немесе оның уәкiлеттi адамы өтiнiшке қол қояды. Өтiнiш берушi сiлтеме жасаған құжаттардың көшiрмелерi өтiнiшке қоса берілуi мүмкiн.
      2. Ақпарат берушi немесе кредиттiк бюро өтiнiштi алған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде оны қарап, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген екi iс-әрекеттiң бiрiн жүзеге асыруға мiндеттi.
      3. Кредиттiк бюро алған ақпараттағы бұрмалау ақпарат берушiнің немесе кредиттiк бюроның техникалық қателерiнiң салдарынан, олардың қызметкерлерiнiң өзге де iс-әрекеттерiнiң немесе әрекетсіздiгiнiң салдарынан орын алған жағдайда, ақпарат берушi кредиттік бюроға дұрыс ақпаратты беруге мiндеттi. Кредиттiк бюро шыққан шығындарды өтей отырып, алушыға түзетілген кредиттiк есепті беруге мiндеттi.
      4. Егер дау тудырған ақпарат кредиттiк бюроның, ақпарат берушiнiң мәлiметтерiне сәйкес келсе, онда ақпарат берушi және (немесе) кредиттiк бюро даулы ақпаратты алу көздерiн көрсете отырып, өтiнiш берушiге осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмде өтiнiштi қанағаттандырудан жазбаша түрде бас тартады.
      5. Өтiнiшi қанағаттандырылудан бас тартылған өтiнiш беруші қайтадан жүгiнген жағдайда оны беруге, қарауға және дәлелдi жауап жiберуге байланысты шығындар өтiнiш берушiге жүктеледi.
      Шығындарды бөлу жөнiнде келiспеушiлiктер болған жағдайда даулар сот тәртiбiмен қаралады.

       32-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және
                кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарын
                бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті