Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі N 573 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы заңға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       Осы Заң Қазақстан Республикасында кредиттiк тарихты қалыптастырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерін, кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың құқықтық жағдайын айқындайды, кредиттiк бюроларды құруға, олардың қызметін жүзеге асыруға және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды, осы саладағы мемлекеттiк реттеу, бақылау мен қадағалау ерекшелiктерiн реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
 
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ақпарат - кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесінің қатысушылары беретін, қажет болған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылатын, электрондық және қағаз жеткізгіштердегі кредиттік тарих субъектілеріне қатысты мәліметтер;
      2) ақпарат беру туралы шарт- осы Заңда көзделген талаптарда және тәртіппен кредиттік бюро мен ақпарат беруші арасында жасалатын шарт;
      3) ақпарат беруші - кредиттік бюроға ақпарат беруші жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      4) ақпарат берушінің кредиттік тарихтың деректер базасын жасауға және қорғауға қатысу жөніндегі қызметі - ақпарат берушінің осы Заңның талаптарына сәйкес кредиттік тарих субъектілерінен алынған мәліметтерді ресімдеу (өңдеу), сақтау және кредиттік бюроларға беру жөніндегі іс-әрекеттері;
      5) жазбаша ұйғарым - анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қабылдау туралы кредиттік бюроға нұсқама;
      6) кредиттік бюро - кредиттік тарихты қалыптастыруды, кредиттік есептер беруді және өзге де қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын коммерциялық ұйым;
      7) кредиттік есеп - кредиттік тарихта қамтылған ақпаратты толық немесе ішінара беру нысаны;
      8) кредиттік есептерді алу туралы шарт - осы Заңмен көзделген талаптарда және тәртіппен кредиттік бюро мен кредиттік есептерді алушы арасында жасалатын шарт;
      9) кредиттік есепті алушы - кредиттік есепті алуға құқығы бар тұлға;
      10) кредиттік есепті беру - кредиттік бюроның кредиттік тарихта қамтылған ақпаратты беру жөніндегі қызметі;
      11) кредиттік тарих - кредиттік тарих субъектісі туралы ақпарат жиынтығы;
      12) кредиттік тарих субъектісі - өздеріне қатысты кредиттік тарих қалыптастырылатын жеке немесе заңды тұлға;
      13) кредиттік тарих субъектісінің келісімі - кредиттік тарих субъектісінің өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге не өзі туралы кредиттік есепті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ресімделетін басқа тұлғаларға беруге жазбаша рұқсаты;
      14) кредиттік тарихты қалыптастыру - кредиттік бюро осы Заңға сәйкес ақпарат берушілерден алған ақпаратқа қатысты жүзеге асыратын, оны сақтау, құпиялылығын қамтамасыз ету, мониторинг жасау, нақтылау және жаңарту жөніндегі іс-әрекет немесе іс-әрекеттер жиынтығы;
      15) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесінің қатысушылары - кредиттік тарих субъектілері, ақпарат берушілер, кредиттік бюролар, кредиттік есептерді алушылар;
      16) кредиттік тарихтың деректер базасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін ақпараттық жүйелерге және ақпараттық процестерге негізделген кредиттік бюроның ақпараттық ресурстары;
      16-1) өтініш беруші - кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру үшін лицензия алу мақсатында уәкілетті органға құжаттар табыс еткен заңды тұлға;
      17) уәкілетті орган - қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      18) шартты және ықтимал міндеттемелер - өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер, вексельдер және кепілдемелер.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және
              кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Осы Заң кредиттiк тарихты қалыптастыру және кредиттік есептер беру, кредиттiк бюроларды құру, олардың жұмыс iстеуi және қызметiн тоқтатуы, ақпарат берушiлердiң кредиттiк тарихтың деректер базасын құру мен қорғауға қатысу жөнiндегi қызметін жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарға қолданылады. Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерi қолданылатын салаға жататын қатынастар осы Заңда реттелмеген қатынастар бөлігінде сол актілермен реттеледi.
      3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Кредиттік тарихты қалыптастыру және ақпаратты
              пайдалану принциптері

      Кредиттiк тарихты қалыптастыру және ақпаратты пайдалану мына принциптер ескерiле отырып жүзеге асырылады:
      1) кредиттiк тарих субъектiсi келiсiмiнің болуы;
      2) барлық кредиттiк тарих субъектілерiнiң теңдігі;
      3) ақпаратты, кредиттiк тарихтың деректер базасын және ақпараттық жүйенi мақсатты пайдалану;
      4) ақпараттың құпиялылығы;
      5) кредиттiк тарихтың деректер базасын және тиiстi ақпараттық жүйелердi қорғауды қамтамасыз ету;
      6) азаматтардың жеке өмiрiне қол сұғылмауы, азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау;
      7) кредиттік тарихтың деректер базасын қалыптастырудың дұрыстығы мен өзектілігі.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. Кредиттік бюролардың қызметі және
кредиттік тарихты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік реттеу, бақылау мен қадағалау

      4-бап. Кредиттік бюролардың қызметін реттеуді, бақылауды
              және қадағалауды, ақпарат берушiлер мен кредиттік
              есептерді алушылардың қызметін бақылауды жүзеге
              асыратын мемлекеттік органдар

      1. Кредиттік бюролардың қызметін және кредиттік тарихты қалыптастыруды мемлекеттік реттеу мен қадағалауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Осы мақсатта уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардан, оның ішінде кредиттік бюролардан өзінің қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты алуға құқылы, бұл ретте алынған мәліметтер жариялауға жатпайды.
      Уәкілетті органның қызметкерлері өздерінің қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында алған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді жариялағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
      1) осы Заңға сәйкес кредиттiк бюролардың қызметi мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
      2) кредиттiк бюролар қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиялар беру;
      3) Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарының сақталу мәселелерi бойынша кредиттік бюролар қызметiне тексерулер жүргiзу;
      4) Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы кредиттiк бюроларға, банктерге, банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар заңды тұлғаларға (бұдан әрі - банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар), сондай-ақ белгіленген мерзімдерде ақпарат берілмеген жағдайда жазбаша ұйғарымдар жiберу;
      5) кредиттiк бюроларға және олардың лауазымды адамдарына санкциялар қолдану;
      6) кредиттiк бюролардың қызметiне, соның iшiнде кредиттiк тарихты қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау;
      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      3. Ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын уәкілеттi мемлекеттiк орган осы Заңда белгіленген талаптарды ескере отырып, ақпараттық қызметтер көрсету рыногында ақпарат берушілердiң, кредиттiк бюролардың және кредиттiк есептердi алушылардың (кредиттік тарих субъектiлерiн қоспағанда) қызметiн ұйымдастырудың ерекшелiктерiн айқындайды және олардың қызметiн бақылауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      5-бап. Мемлекеттiк органдардың кредиттік бюролар,
              ақпарат берушілер қызметі, кредиттік тарихты
              қалыптастыру және оны пайдалану мәселелері
              бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау
              жөнiндегi өкiлеттiктерi

      1. Уәкiлеттi орган кредиттік бюролардың қызметi, кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану мәселелерi бойынша:
      1) ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптары туралы (осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушiлер үшiн);
      2) кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу тәртiбi туралы;
      3) кредиттiк есептi берудiң шарттары мен тәртiбi туралы;
      4) кредиттiк бюроларды лицензиялаудың шарттары мен тәртiбi туралы;
      5) кредиттік бюроның уәкілетті органға ақпараттар мен мәліметтерді ұсыну тәртіптері, мерзімдері және көлемдері туралы нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.
      2. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті органмен келісе отырып, кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылардың қызметіндегі ақпараттық процесті ұйымдастыру, қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру, олардың электрондық жабдықтарына, кредиттік тарих деректері базасының және үй-жайының сақталуына ең төменгі талаптарды белгілеу, сондай-ақ кредиттік бюролардың тізіп көрсетілген талаптарды орындауына бақылау жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Кредиттік бюроларды құру, олардың қызметін жүзеге асыру және тоқтату

      6-бап. Кредиттiк бюролар

      1. Кредиттiк бюролар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылатын және жұмыс істейтін коммерциялық ұйымдар болып табылады.
      2. Алынып тасталды - ҚР 2007.07.27 N 317 Заңымен.
      3. Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығын беретін лицензияны уәкілетті орган осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен береді.
      4. Кредиттік бюроның атауында "кредиттік бюро" деген сөздер немесе солардан туындайтын сөздер болуға тиіс.
       Ескерту. 6-баптың тақырыбы мен мәтінге өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Кредиттік бюролар жүзеге асыратын қызмет түрлерi

      1. Кредиттiк бюролар қызметiнiң негiзгi түрлері кредиттік тарихты қалыптастыру және кредиттік есептер беру болып табылады.
      2. Кредиттік бюро қызметінің қосымша түрлеріне:
      1) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудi өткiзу;
      2) кредиттiк бюроның қызметiне қатысты арнаулы әдебиеттi және өзге де ақпараттық материалдарды өткiзу;
      3) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушыларды ақпараттық қамтамасыз етуге байланысты консультациялық қызметтер көрсету;
      4) кредиттік тарих субъектiлерiнің кредит қабілеттілiгiн олар әзiрлеген әдiстеме негiзiнде жүзеге асырылатын бағалау;
      5) маркетингтік және статистикалық зерттеулер;
      6) кредиттік бюроның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарымен жасалған шарттарына сәйкес сақтандыру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру мен жүргізу және оларға шарттар талаптарында ақпарат ұсыну жатады.
      3. Кредиттiк бюролар осы бапта көзделмеген кәсіпкерлік қызмет түрлерiн жүзеге асыруға құқылы емес.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8-бап. Кредиттiк бюроларға кредиттік тарихтың деректер
              базасын және пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді
              қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету
              жөнінде қойылатын талаптар

      Кредиттiк бюролар өз қызметiнде мынадай ұйымдастыру, техникалық шаралардың және технологиялық талаптардың:
      1) ақпараттық жүйелерді, кредиттік тарихтың деректер базасын және өзге де құжаттарды қауiпсiз орналастыру мен пайдалануға арналған техникалық және өзге де үй-жайлардың болуы;
      2) кредиттік тарихтың деректер базасын орналастыруға арналған ақпараттық жүйелердi және аталған ақпараттық жүйелерді қорғау құралдарын қалыптастыру мен пайдалану кезiнде сертификатталған жабдықты және бағдарламалық қамтамасыз етудi қолдану;
      3) ақпарат берушiлермен және кредиттік есептердi алушылармен жасалатын шарттарда кредиттiк тарихтың деректер базасын жасау үшін пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді және аталған ақпараттық жүйелердi қорғау құралдарын қалыптастыру мен пайдалану кезiнде қолданылатын бағдарламалық қамтамасыз етудi қорғау жөнiндегі ұйымдастырушылық, техникалық шараларды және технологиялық талаптарды бiрлесiп iске асырудың мiндеттілiгi туралы талаптардың болуын қамтамасыз ету талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге;
      4) кредиттік тарих субъектісі ақпаратының резервтік көшірмелерін сақтау үшін кредиттік бюро орналасқан қаладан тысқары жердегі резервтік сервердің болуын қамтамасыз етуге міндетті.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-1-бап. Кредиттік бюроны құру тәртібі
 
      1. Кредиттік бюроны құру тәртібі мынадай кезеңдерден:
      1) лицензиялаудан;
      2) кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін пайдалануға беруден тұрады.
      2. Лицензиялау осы Заңның 9-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Кредиттік бюро кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін лицензияны алған күннен бастап жүз сексен күн ішінде іске қосуға міндетті.
      4. Кредиттік бюро кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін іске қосу үшін мынадай іс-шараларды:
      1) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілермен ақпарат беру туралы шарт жасасуды;
      2) кредиттік тарихтарды қалыптастыру бойынша ақпараттық процесті ұйымдастыруды;
      3) өздерімен ақпарат беру туралы шарт жасасқан ақпарат  берушілермен осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген ақпараттық процесті тестілеуден өткізуді жүзеге асыруға тиіс.
      Кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін пайдалануға беру жөніндегі қажетті іс-шараларды кредиттік бюроның орындауын тексеруді ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясат пен мемлекеттік реттеуді іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті органмен бірлесіп құрылған уәкілетті органның комиссиясы жүзеге асырады, оның нәтижелері кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін пайдалануға беру актісінде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша көрсетіледі.
      5. Кредиттік бюроның қызметін жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы мен кредиттік тарихтардың деректер базасын басқару жүйесін пайдалануға беру актісі болған кезде ғана жол беріледі.
       Ескерту. Заң 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      9-бап. Лицензия алуға қажетті құжаттар және оларды
              қарау мерзімдерi

      1. Өтініш беруші кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшiн уәкiлеттi органға:
      1) лицензия беру туралы өтiнiш;
      1-1) кредиттік бюроның қызметін жүзеге асыру жөніндегі бизнес-жоспарды;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктің нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      2-1) салық төлеуші куәлігінің көшірмесін;
      3) белгіленген тәртіппен мемлекеттiк тiркеуден өткен құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерiн;
      4) растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осы Заңның және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жасалған кредиттік бюроның кредиттік тарихтардың деректер базасын, пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде кредиттік бюроға және үй-жайларға қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы актіні;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген лицензиялық алымның төленгенiн растайтын құжат беруге мiндеттi.
      2. Кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия беру туралы өтінішті уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген соңғы құжатты алған күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиіс.
      3. Кредиттік бюроның қызметін жүзеге асыру жөніндегі бизнес-жоспарға:
      1) кредиттік бюро қызметінің сипаттамасы;
      2) кредиттік тарихтарды қалыптастыру бойынша ақпараттық процестерді ұйымдастырудың тәртібі мен мерзімдері;
      3) баға саясаты және кредиттік есептерге тарифтер есеп-қисабының тәртібі;
      4) кірістер мен шығыстар туралы жуырдағы үш жылға арналған болжам;
      5) кредиттік бюроның қызметін дамытудың перспективалық жоспарлары кіруге тиіс.
      4. Кредиттік бюро лицензия алуға берілген өтініште көрсетілген мекенжайы өзгерген, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда өзгерістер мен толықтыруларды уәкілетті органға олар енгізілген күннен бастап он күн ішінде табыс етеді.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

      10-бaп Кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына
              лицензия беруден бас тарту

      Кредиттiк бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия беруден:
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес субъектiлердiң осы санаты үшiн тыйым салынған белгілi бір қызмет түрі жүзеге асырылған;
      2) осы Заңның 8-бабында және 9-бабының 1-тармағында көзделген талаптар сақталмаған;
      3) өтiніш берушіге қатысты оның қызметтің осы түрiмен шұғылдануына соттың тыйым салған шешімі болған жағдайларда бас тартылады.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      11-бап. Жазбаша ұйғарым және санкциялар

      1. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдары бұзылған жағдайда уәкiлетті орган кредиттiк бюроға, банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша ұйғарымдар жiберуге құқылы.
      2. Уәкiлетті орган санкция ретінде:
      1) әкiмшілік айыппұл салу;
      2) кредиттік бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тоқтата тұру шараларын қолдануға құқылы.
      3) Алынып тасталды - ҚР 2007.07.27 N 317 Заңымен.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Кредиттiк бюро лицензиясының қолданылуын
               тоқтата тұру

      1. Кредиттiк бюро лицензиясының қолданылуы:
      1) осы Заңның 8-бабында белгiленген талаптардың сақталмауы;
      2) лицензия беруге негіздеме болған құжаттардың шындыққа сәйкес келмеуiнің анықталуы;
      3) уәкілеттi органның Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарын бұзушылықтарды жою жөнiндегi жазбаша ұйғарымын орындамау сияқты негіздемелердiң бiрi бойынша алты айға дейiнгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      2. Кредиттік бюро лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру, бұрын жасалған шарттар бойынша ақпарат алу жөнiндегi қызметтi қоспағанда, оның қызметiн жүзеге асыруға тыйым салуға әкеп соғады.
      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
      Мұндай шешiм кредиттік бюроның атқарушы органының назарына жеткiзілген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрды деп саналады.

      13-бап. Кредиттік бюроны лицензиясынан айыру

      Уәкiлеттi орган мынадай негіздемелердiң бiрi бойынша:
      1) лицензиардың лицензияның қолданылуын тоқтата тұруына негiз болған себеп жойылмаса;
      1-1) осы Заңның 8-1-бабының 3-тармағында көзделген талап орындалмаса;
      2) лицензияның қолданылуы соңғы он екі айдың iшiнде бiрнеше рет (екі және одан көп) тоқтатыла тұрса;
      3) лицензиаттың жүзеге асыруға лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуына сот тыйым салса;
      4) лицензиаттың кәсіпкерлік қызметi тоқтатылса;
      5) лицензиат лицензия aлу кезiнде көрінеу жалған ақпарат берсе, кредиттiк бюроны лицензиясынан айыру туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
      Соттың кредиттік бюроны лицензиядан айыру туралы шешімді қабылдауы кредиттік бюроны таратуға әкеп соғады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      14-бап. Кредиттiк бюроның құжаттары мен ақпаратын сақтау

      1. Кредиттік бюроның құжаттары мен ақпаратын, соның ішінде, кредиттік тарихтың деректер базасына енгiзiлетiн құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртiбiн кредиттiк бюро айқындайды.
      2. Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ол туралы соңғы ақпаратты алған күннен кейін он жыл бойы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-бап. Кредиттiк бюроларды қайта ұйымдастыру және
               тарату

      Кредиттік бюроларды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Кредиттік бюроны қайта ұйымдастыру кезінде осы кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасы қосылу, бірігу, бөлініп шығу немесе қайта құрылу нәтижесінде құрылған құқық мирасқорына не тараптардың келісімі бойынша басқа кредиттік бюроға берілуге тиіс. Кредиттік бюроны бөлу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде осы кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасы кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы болған құқық мирасқорына немесе тараптардың келісімі бойынша басқа кредиттік бюроға берілуге тиіс.
      Кредиттік бюроны тарату кезінде осы кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасы басқа кредиттік бюроға өтемді негізде берілуге тиіс.
      Кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасында қамтылған ақпараттың құпиялылығын сақтауға жауаптылықты қайта ұйымдастыру кезінде - кредиттік бюро мен оның құқық мирасқоры, тарату кезінде - сот немесе оның мүлкінің меншік иесі тағайындаған тарату комиссиясы атқарады.
      Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын кредиттік бюроның кредиттік тарихының деректер базасын иеленуге құқық мирасқорының немесе басқа кредиттік бюроның мүдделілігі болмаған жағдайда, ол жойылуға тиіс.
      Иеленуге ешкім мүдделілік танытпаған қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын кредиттік. бюроның деректер базасын жою бойынша міндет қайта ұйымдастырылған кредиттік бюроның құқық мирасқорына немесе тарату комиссиясына жүктеледі.
      Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын кредиттік бюроның деректер базасын жою үшін уәкілетті органның және ақпараттандыру сапасындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті орган өкілдерінің қатысуымен арнаулы комиссия құрылады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. Кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

      16-бап. Кредиттiк бюроның құқықтары

      Кредиттiк бюро:
      1) ақпарат берушілермен ақпарат беру туралы және (немесе) кредиттік есептерді алушылармен кредиттік есептерді алу туралы шарттар жасасуға;
      2) ақпарат берушiлерден кредиттiк тарих субъектiсін өзі туралы мәліметтердi кредиттік бюроларға беруге келiсімін алғаны туралы растауды, сондай-ақ кредиттiк тарихты қалыптастыратын толық әрi анық ақпарат берудi талап етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;
      3-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кредиттік бюродан ақпаратты алуға құқығы бар тұлғаларға кредиттік тарихта қамтылған ақпаратты жария етпестен, кредиттік тарих субъектісінің келісімінсіз кредиттік бюроның деректер базасында субъектінің кредиттік тарихы бар немесе жоқ екендігі туралы ақпаратты ұсынуға;
      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және осы Заңға сәйкес жасалған шарттарда көзделген өзге де құқықтары болуға құқылы.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Кредиттiк бюроның міндеттері

      Кредиттік бюро:
      1) кредиттiк тарихты қалыптастыруды жүзеге асыруға;
      2) кредиттiк тарих субъектiсiнің келiсiмiн алғаны туралы растау болған кезде кредиттiк есептердi беруге;
      3) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиттiк тарихтағы ақпаратты ашуға жол бермеуге;
      4) егер алушыға берілген кредиттік есепте, кредиттік бюро қызметкерлерінің іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан, ақпарат берушілер кредиттік бюроға берген ақпаратқа сәйкес келмейтін ақпарат қамтылған жағдайда, кредиттік есепті алушы мен кредиттік тарих субъектісіне аталған сәйкессіздіктер анықталған сәттен бастап бес күн ішінде түзетілген кредиттік есепті беруге міндетті.
      Ақпарат берушінің кредиттік бюро берген кредиттік есептің сәйкес келмеу фактісін растауы қажет болған жағдайда, кредиттік есепті алушы мен кредиттік тарих субъектісіне түзетілген кредиттік есепті ұсыну мерзімін есептеу кредиттік бюро берушіден тиісті ақпаратты алған сәттен бастап жүзеге асырылады;
      5) кредиттiк тарих субъектісінің өтiнiшi бойынша оған кредиттiк тарих субъектiсi даулап отырған ақпаратты берген ақпарат беруші туралы мәліметтердi табыс етуге;
      6) кредиттiк есептi беру туралы сауал Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптар бұзыла отырып жасалған болса, кредиттік есептi беруден бас тартуға;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз қызметi туралы есеп жүргізуге және есептiлiк табыс етуге;
      8) тиiстi негіздемелер болған кезде қайта ресiмделуге немесе нақтылануға тиiс, келіп түскен ақпаратты түзету, толықтыру туралы талаппен ақпарат берушiге өтiнiш жасауға;
      8-1) ақпарат жеткізушіден ақпарат алғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, тиісті субъектінің кредиттік тарихына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;
      9) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалануға;
      10) барлық ақпарат берушілер мен қызметінің негізгі түрі бойынша топты құрайтын кредиттік есептерді алушылардың теңдігін қамтамасыз етуге;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) ақпарат беру туралы және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарттарда белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндетті.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Ақпарат берушілер

      1. Мыналар:
      1) банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
      2) жүйелендiрiлген белгiлерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, тауарларды және көрсетілетiн қызметтердi кредитке өткiзетiн не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға;
      3) жылжымайтын мүлікке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
      4) ақпарат беру туралы шарттар негiзiнде өзге де тұлғалар ақпарат берушiлер болып табылады.
      2. Уәкілеттi органның кредиттiк бюролардың қызметi және кредиттік тарихты қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актілерi ақпарат берушілер ретiнде олардың кредиттік тарихтың деректер базасын жасауға және қорғауға қатысуы жөнiндегi қызметіне қатысты бөлiгiне ақпарат берушілердiң орындауы үшiн міндетті.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.12.23 N 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.26 N 311, 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      19-бап. Ақпарат берушінің құқықтары мен міндеттері

      1. Ақпарат берушi:
      1) берiлетiн ақпараттың осы Заңға сәйкес пайдаланылуын кредиттік бюролардан талап етуге;
      2) Қазақстан Республикасының заң актілерiне және (немесе) ақпарат беру туралы және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарттарға сәйкес өзге де құқықтары болуға құқылы.
      2. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушілер:
      1) кредиттік тарих субъектiсiнiң өзi туралы мәлiметтердi кредиттiк бюроға табыс етуге келісiмін алуға;
      2) ақпарат беру туралы шарт жасасуға;
      3) осы Заңда және ақпарат беру туралы шартта айқындалған талаптарда, көлемде және тәртіппен кредиттік бюроларға ақпарат беруге;
      4) кредиттік бюроларға берiлген ақпаратты кредиттiк тарих субъектісінің талап ету бойынша түзетуге;
      5) кредиттік бюроларға кредиттік тарих субъектісі туралы бар мәлiметтермен дәлме-дәл сәйкес ақпарат беруге;
      6) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалануға;
      7) кредиттiк ақпаратты алу мен өңдеудiң тиiсiнше шарттарын өз қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге;
      8) ақпарат беру туралы шартта айқындалған тәртіппен кредиттік тарих субъектісіне қатысты кез келген деректер өзгерген немесе алынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде кредиттік бюроға хабарлауға міндетті.
      3. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген ақпарат берушілер:
      1) өздерi кредиттiк бюромен ақпарат беру туралы шарт жасасқан жағдайда осы Заңда белгiленген, өзге де ақпарат берушiлерге қойылатын талаптарды сақтауға тиiс;
      2) кредиттік тарих субъектiлерi туралы өздерiнде бар ақпаратты кредиттiк бюроларға тегін бередi.
      4. Кредиттік бюроларға кредиттік бюролар жүйесіне өздерінің бұған дейін қатысуына әкеп соққан қызметті жүзеге асырмайтын ақпарат берушілер кредиттік бюролардың деректер базаларына бұрын берілген барлық субъектілер бойынша ақпаратты көрсетілген субъектілермен шарттық қарым-қатынастар тоқтатылғанға дейін жаңартып отыруға міндетті.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Кредиттік есептерді алушылар
 
      1. Мыналар:
      1) банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
      2) жүйелендірілген белгілерін Қазақстан Республикасының  Үкіметі айқындайтын тауарларды және көрсетілетін қызметтерді кредитке еткізетін не төлемдердің мерзімін ұзартатын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      3) ақпарат беру туралы және кредиттік есептерді алу туралы шарттар негізінде өзге де тұлғалар;
      4) кредиттік тарих субъектісі;
      5) уәкілетті орган кредиттік есептерді алушылар болып табылады.
      Осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген кредиттік есепті алушылар тек өздері туралы кредиттік есеп алуға құқылы.
      Кредиттік есептерді осы тармақта көрсетілмеген тұлғаларға беруге жол берілмейді.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар кредиттік есептерді алу туралы шарт жасасқаннан кейін кредиттік есептерді алушылар ретінде кредиттік бюрода тіркелуге тиіс.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      21-бап. Кредиттік есептi алушының құқықтары мен
               міндеттері

      1. Кредиттiк есептi алушы:
      1) кредиттiк есептi алуға;
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де құқықтары болуға құқылы.
      2. Кредиттік тарих субъектісі, осы Заңның 17-бабының 4) тармақшасында көзделген, субъектіге түзетілген кредиттік есеп берілетін жағдайды қоспағанда, өзі туралы кредиттік есепті күнтізбелік жыл ішінде бір рет тегін алуға құқылы.
      3. Осы Заңның 20-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген кредиттiк есептi алушылар:
      1) кредиттiк тарих субъектiсi туралы кредиттiк есептi алуға оның келiсiмiн алғандығы туралы растауды кредиттік бюроға табыс етуге;
      2) кредиттiк есептi алушы ретiнде тiркелген кезде оларға табыс етiлген мәлiметтердiң өзгергенi туралы хабарлауға;
      3) кредиттік есепке қатысты құпиялылықты сақтауға және ондағы ақпаратты үшiншi тұлғаларға жария етпеуге;
      4) кредиттiк есептегi ақпаратты осы Заңның 26-бабында көзделген мақсаттар үшiн ғана пайдалануға;
      5) кредиттiк тарих субъектiсiнің талабы бойынша оны кредиттiк есептiң мазмұнымен таныстыруға не оған кредиттiк есептi алушының iшкi ережелерiне сәйкес кредиттiк есептiң көшiрмесiн беруге;
      6) кредиттiк бюроның кредиттiк есептi беру жөнiнде көрсететiн қызметiне ақы төлеуге;
      7) Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес өзге де мiндеттердi атқаруға мiндеттi.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-бап. Кредиттiк тарих субъектiсiнің құқықтары

      Кредиттiк тарих субъектiсi:
      1) ақпарат берушiге кредиттiк тарихты қалыптастыру үшiн кредиттiк бюроға өзi жайында мәлiметтер табыс ету туралы келiсiм беруге;
      2) кредиттiк есептi алушыға өзi туралы кредиттiк есептi алуына келiсiм беруге;
      3) кредиттiк бюроға өзi туралы ақпарат түскен кезден бастап, осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес өзi туралы кредиттiк есептi алуға;
      4) кредиттiк есептi алушыдан кредит алуға оның өтінiмiн қараған кезде кредиттiк есеппен таныстыруды не алушы кредиттiк бюродан алған кредиттiк есептiң көшiрмесiн кредиттiк есептi алушының iшкi ережелерiне сәйкес берудi талап етуге;
      5) кредиттiк есептегi ақпаратпен, беруші туралы ақпарат алу мүмкiндiгiмен келiспеушілiктi мәлiмдеуге;
      6) алушыға берiлген кредиттiк есепте кредиттiк бюро қызметкерлерінің әрекетi немесе әрекетсiздiгі салдарынан ақпарат берушiлер кредиттiк бюроға берген ақпаратқа сәйкес келмейтiн ақпарат болса, кредиттiк бюролардан түзетiлген кредиттiк есептi сұратуға;
      7) дәйектемесiз ақпаратты түзету туралы талаппен ақпарат берушiге өтiнiш жасауға құқылы.

5-тарау. Кредиттік бюроларға ақпарат беру

      23-бап. Кредиттік бюроларға ақпарат берудiң жалпы
               шарттары

      1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушiлер осы Заңда көзделген ақпаратты барлық кредиттiк бюроларға бередi.
      2. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң келiсiмi болған жағдайда осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат берушілер кредиттiк бюроларға ақпарат беруге мiндетті.
      Олардың кредиттік бюроларға ақпарат беру және кредиттік есептердi алу жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалатын ақпарат беру және (немесе) кредиттiк есептердi алу туралы шарттарда айқындалады.
      3. Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеуді жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар кредиттік бюролармен жасалған ақпарат беру туралы шарттар негiзiнде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда кредиттiк бюроларға ақпарат бередi.
      4. Берушiлер кредиттiк бюроға ақпаратты электрондық жеткiзушімен береді. Ақпаратты қағаз түрiндегі жеткізушімен беру жағдайлары кредиттік бюроның ішкі құжаттарында және олар ақпарат берушілермен жасасатын шарттарда айқындалады.
      5. Ақпарат берушілер кредиттiк тарих субъектілерінің өздері туралы мәлiметтердi кредиттiк бюроларға табыс етуге алған келiсiмдерін есепке алуды жүргізедi.
      6. Кредиттiк тарих субъектілерiнің өздерi туралы мәлiметтердi кредиттiк бюроларға қағаз түрiндегi жеткiзушiмен табыс етуге келiсiмiн ақпарат берушi кредиттiк бюроларға олар туралы сoңғы ақпарат берiлген күннен бастап кемінде он жыл сақтауға тиiс.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311, 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      24-бап. Кредиттік бюроларға берiлетін ақпарат

      1. Кредиттiк бюроларға банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар беретiн ақпаратта:
      1) тұлға осы банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымнан алған кредит бойынша борыш сомасы, сондай-ақ ол алған барлық кредиттер, шартты және ықтимал міндеттемелер бойынша борыштың жалпы сомасы;
      2) кредиттердi (өтеу көзін көрсете отырып), сондай-ақ шартты және ықтимал мiндеттемелердi беру күнi, өтеу күнi (график бойынша және iс жүзiнде);
      3) мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етудiң (сейф жәшіктерiнде, шкафтарда және банктің үй-жайында сақтаулы тұрған қамтамасыз етудi қоспағанда) құрамы мен тәсілдерi туралы ақпарат;
      4) тараптардың келiсiмi бойынша өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
      Осы тармақтың мақсаттары үшiн кредит деп банктік қарыз, лизинг, факторинг, форфейтинг операциялары, сондай-ақ вексельдердi есепке алу түсiніледi.
      2. Тауарларды және көрсетiлетiн қызметтердi кредитке өткiзетiн не төлемдердiң мерзімін ұзартатын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға кредиттiк бюроларға беретiн ақпаратта мынадай мәлiметтер:
      1) кредит бойынша, сондай-ақ кредитке алынған барлық тауарлар және көрсетілетiн қызметтер бойынша борыш сомасы;
      2) кредиттерді беру күнi, өтеу күнi (график бойынша және iс жүзiнде);
      3) мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етудiң құрамы мен тәсiлдерi туралы ақпарат;
      4) тараптардың келiсiмi бойынша өзге де мәлiметтер болуға тиiс.

      РҚАО-ның ескертуі!
      3-тармаққа 2012 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес кредиттік тарих субъектісі - жеке тұлға туралы берiлген ақпаратта тегi, аты, әкесінiң аты, туған күнi, тұрғылықты жерi, заңдық мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi болуға тиiс.

      РҚАО-ның ескертуі!
      4-тармаққа 2012 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес кредиттiк тарих субъектiсi - заңды тұлға туралы берiлетін ақпаратта атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеу нөмiрi және күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, бiрiншi басшыларының тегi, аты, әкесiнің аты және олардың салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрлерi болуға тиiс.

      РҚАО-ның ескертуі!
      5-тармақтың 1), 2) тармақшаларына 2012 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.
      5. Кредиттiк бюроларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар беретін ақпаратта мынадай мәлiметтер:
      1) жеке тұлғалар үшін - тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi, тұрғылықты жерi, заңдық мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, меншiк құқығын және басқа құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықтарды тiркеу туралы мәлiметтер;
      2) заңды тұлғалар үшiн - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны орналасқан жерi, заңды тұлға ретіндe мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, банк деректемелерi, меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықтарды тiркеу туралы мәлiметтер болуға тиіс.
      6. Осы бапта көзделген ақпарат тiзбесi кредиттiк бюро мен ақпарат берушi арасындағы келісім бойынша, олар жасасатын ақпарат беру туралы шарт негiзiнде, егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға қайшы келмесе, толықтырылуы мүмкiн.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311, 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      25-бап. Кредиттік тарих субъектісінің ақпарат беруге
               және кредиттік есепті беруге келісімін ресімдеу

      1. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге және (немесе) кредиттiк есептi алушыға кредиттік есептi беруге келiсiмi жазбаша түрде ресiмделедi.
      2. Ақпарат субъектiсiнiң - жеке тұлғаның келiсiмiн Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдiрiлген тұлға да ресiмдеуi мүмкiн.
      3. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы ақпаратты кредиттiк тарихты қалыптастыру үшiн кредиттiк бюроларға беруге және (немесе) кредиттiк есептi беруге, келiсiмiнiң болмағаны, сондай-ақ оның дұрыс ресiмделмегенi үшiн кредиттiк есептi беру туралы сауал салған ақпарат берушi, кредиттiк есептi алушы не олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының әкiмшілік құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      26-бап. Ақпаратты және кредиттiк есептердi пайдалану
               негiздемелерi мен мақсаттары

      1. Кредиттiк бюроларға ақпарат беру, кредиттiк есептер беру үшін кредиттік тарих субъектiсiнiң келiсімi негiздеме болып табылады.
      2. Кредиттiк есептi алушылар кредиттiк бюролар жүйесiндегi ақпаратты:
      1) кредиттер беру, мониторинг жасау және кредиттердiң мерзiмiн ұзарту кезiнде тәуекелдердi бағалау;
      2) кредиттiк шарттардың талаптары өзгерген кезде тәуекелдердi  бағалау;
      3) мерзiмi ұзартылған төлемдермен жасалатын өзге де мәмiлелер бойынша тәуекелдердi бағалау;
      4) кредиттік есептегi ақпараттың дұрыстығын растау мақсатында пайдалануы мүмкiн.
      3. Кредиттік бюролар ақпарат берушiлерден алған мәлiметтердi маркетингтiк және статистикалық зерттеулердi жүзеге асыру үшiн пайдалануға құқылы.
      4. Уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу жөніндегі келісім болған кезде, кредиттік бюро шет мемлекеттердің кредиттік бюроларына субъектінің кредиттік тарихы бар немесе жоқ екендігі туралы ақпарат беруге және олардан ақпарат алуға құқылы.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. Кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жөніндегі қатынастар

      27-бап. Ақпарат берушiлермен және кредиттік
               есептерді алушылармен жасалатын шарттар

      1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілер ақпарат беру жөніндегі өз міндеттемелерін орындау мақсатында кредиттік бюроның қызметін жүзеге асыру құқығына уәкілетті орган лицензия берген және (немесе), егер ақпарат берушінің қызметін лицензиялау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген болса, ол лицензияны алған күннен бастап күнтізбелік 180 күн ішінде барлық кредиттік бюролармен ақпарат беру туралы шарттар жасасуға міндетті.
      2. Ақпарат беру туралы шартта мынадай талаптар:
      1) жеке кәсiпкердің деректерi немесе тараптардың толық атауы, олардың тұрғылықты жері, заңдық мекен-жайы немесе орналасқан жері, банк деректемелерi туралы ақпарат;
      2) шарттың қолданылу мерзiмi, оны өзгерту, тоқтату және бiржақты тәртiппен бұзу негiздемелерi мен тәртiбi, сондай-ақ шарт бойынша мiндеттемелердi бұзғаны үшiн айыппұлдардың мөлшерi;
      3) кредиттiк тарих субъектiсiнің өзi туралы кредиттiк ақпаратты кредиттiк бюроларға беруге келiсiмiн мiндеттi түрде алу;
      4) кредиттiк тарихты қалыптастыратын ақпараттың түрлерi, көлемi, мерзiмi (кезеңдiлiгi), беру тәртiбi, шарт тараптары көрсететін қызметтерге ақы төлеу талаптары, сондай-ақ кредиттiк тарихтың деректер базасын және пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi қорғау жөнiндегi ұйымдастырушылық, техникалық шаралар мен технологиялық талаптарды бiрлесіп iске асыру талаптары;
      5) кредиттiк бюроның берiлетiн ақпаратты тек осы Заңда көзделген мақсаттарға сәйкес пайдалану туралы мiндеттемесi;
      6) кредиттiк бюроның барлық алынатын ақпаратқа қатысты құпиялылық режимiн сақтау және оны тек осы Заңда көзделген негіздемелерде, шарттарда және тәртіппен ашу туралы мiндеттемесi;
      7) ақпарат берушінің кредиттік бюроға жіберілетін барлық ақпаратқа қатысты құпиялылық режимін сақтауы туралы міндеттемесі;
      8) алынып тасталды - ҚР 2007.07.27 N 317 Заңымен;
      9) ақпарат берушiнiң кредиттік бюроға дәйектемесiз ақпарат берген жағдайдағы жауапкершiлiгiн қоса алғанда, тараптардың жауапкершiлiгi болуға тиiс.
      3. Кредиттік есептерді алу туралы шартта мынадай талаптар:
      1) жеке тұлғаның деректері немесе тараптардың толық атауы, олардың тұрғылықты жері, заңдық мекен-жайы немесе орналасқан жері, банк деректемелері туралы ақпарат;
      2) шарттың қолданылу мерзімі, оны өзгерту, тоқтату және біржақты тәртіппен бұзу негіздері мен тәртібі, сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұлдардың мөлшері;
      3) кредиттік тарих субъектісінің кредиттік есепті алушыға өзі туралы кредиттік есепті беруге келісімін міндетті түрде алу;
      4) кредиттік есептерде қамтылған ақпараттың көлемі және кредиттік есептерді алу тәртібі;
      5) кредиттік есептерді алушының кредиттік есептерде қамтылған ақпаратты таратпау туралы міндеттемесі;
      6) кредиттік есепті алушының берілетін ақпаратты тек осы Заңмен көзделген мақсаттарға сәйкес пайдалануы туралы міндеттемесі;
      7) тараптардың жауапкершілігі қамтылуға тиіс.
      4. Уәкілетті органның кредиттік тарихты қалыптастыру жүйесі қатысушыларының қызметін қамтамасыз етуге қоятын талаптарына ақпарат берушінің сәйкес келуін растайтын құжаттың болуы ақпарат беру туралы шартты жасасудың міндетті талабы болып табылады.
      5. Егер кредиттік бюроға ақпарат беру туралы шартта өзгеше көзделмеген болса, көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындаудан бір жақты тәртіппен бас тартуға жол берілмейді.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      28-бап. Кредиттiк есептi алушы ретiнде кредиттiк
               бюрода тiркеу

      Осы Заңның 20-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген тұлғалар кредиттік бюрода тiркелу үшiн мынадай құжаттар:
      1) кредиттiк бюрода тiркеу туралы өтiнiш;
      2) уәкілеттi органның лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге жасыруға беретiн лицензияларының нотариат куәландырған көшiрмелерiн (лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар үшiн);
      3) заңды тұлға (жеке кәсіпкер) ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
      4) сауал жолдауға уәкiлеттi тұлғалардың тегi, аты, әкесiнің аты және лауазымы туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға табыс етедi. Қажет болған жағдайда көрсетiлген ақпарат осы тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      29-бап. Кредиттік есептi беру

      1. Кредиттiк есептi беруге:
      1) кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы кредиттiк есептi беруге келiсiмiнiң болуы;
      2) кредиттiк есептi алушының осы Заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгi;
      3) кредиттiк есептi алушының кредиттiк тарих субъектiсiнiң кредиттiк есептi беруге келiсiмiнiң бар екендiгiн растаған сауалы негiздеме болып табылады.
      Осы тармақтың талаптары кредиттік есептің уәкілетті органның сауал салуы бойынша табыс етілу жағдайларына қолданылмайды.
      2. Кредиттiк бюро кредиттiк есептер беру туралы сауалдарды және табыс етiлген кредиттiк есептердi есепке алып отырады.
      3. Сауалды алушының атынан, кредиттiк бюроға сауал беруге жауапты оның арнайы уәкiлеттi тұлғасы бередi, ол туралы ақпарат кредиттiк бюроның алушылары тiзiлiмiнде болады.
      3.1. Кредиттік тарих субъектілерінің өздері жөніндегі кредиттік есепті қағаз жеткізгіште беру туралы келісімін кредиттік есептерді алушылар кредиттік тарих субъектісінің келісімін алған күннен бастап кемінде он жыл сақтауға тиіс.
      4. Кредиттiк бюро кредиттiк тарих субъектiсiне қатысты кредиттiк есептi оған берудi кредиттiк тарих субъектiсiнiң жазбаша сауалы негiзiнде жүзеге асырады.
      5. Кредиттiк тарих субъектісi үшiн кредиттiк есепте осы субъектiнiң кредиттiк тарихы бойынша кредиттiк есептердi берудiң бұрын орын алған барлық фактiлерi туралы, берiлген күнi, алушылардың атаулары мен деректемелерi көрсетілген ақпарат болуға тиiс.
      6. Кредиттiк бюро кредиттiк есептi беру кезiнде барлық ақпарат берушiлердi және кредиттiк бюроның осы ақпаратты алған күнiн көрсетуге мiндеттi.
      7. Кредиттiк есептi беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздемелерде, жағдайларда және тәртiппен жүзеге асырылады.
      8. Кредиттiк бюро ақпаратты берушіден алынған ақпаратты бұрмалағаны үшiн Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      30-бап. Ақпаратты және кредиттiк есептердi беру
               жөнiндегі көрсетiлетiн қызметтерге ақы төлеу

      Ақпарат берушiлер және кредиттiк бюролар көрсететiн қызмет үшiн ақы белгiленедi, оның мөлшерi және өндiрiп алу тәртiбi шартқа сәйкес айқындалады.
      Кредиттік бюро ақпарат берушілердің кредиттік бюроға ақпарат бергендері үшін, уәкілетті органның ақпаратты және кредиттік есептерді алғаны үшін ақы алмайды.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      31-бап. Дауларды шешу ерекшелiктерi

      1. Кредиттiк тарих субъектiсiнiң кредиттiк есептегi ақпаратқа дауласу туралы кредиттiк бюроға немесе ақпарат берушiге беретін өтiнiшiнде жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жері, заңдық мекен-жайы және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ дауласатын ақпаратқа нұсқау және дұрыс ақпарат беру туралы талап болуға тиiс. Өтiнiш берушi немесе оның уәкiлеттi адамы өтiнiшке қол қояды. Өтiнiш берушi сiлтеме жасаған құжаттардың көшiрмелерi өтiнiшке қоса берілуi мүмкiн.
      2. Ақпарат берушi немесе кредиттiк бюро өтiнiштi алған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде оны қарап, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген екi iс-әрекеттiң бiрiн жүзеге асыруға мiндеттi.
      3. Кредиттiк бюро алған ақпараттағы бұрмалау ақпарат берушiнің немесе кредиттiк бюроның техникалық қателерiнiң салдарынан, олардың қызметкерлерiнiң өзге де iс-әрекеттерiнiң немесе әрекетсіздiгiнiң салдарынан орын алған жағдайда, ақпарат берушi жіберілген бұрмалауды анықтаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұрмалауды анықтаған күнге ақпарат берушіде бар ақпаратты кредиттік бюроға беруге міндетті. Кредиттiк бюро алушыға түзетілген кредиттiк есепті беруге мiндеттi.
      4. Егер дау тудырған ақпарат кредиттiк бюроның, ақпарат берушiнiң мәлiметтерiне сәйкес келсе, онда ақпарат берушi және (немесе) кредиттiк бюро даулы ақпаратты алу көздерiн көрсете отырып, өтiнiш берушiге осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмде өтiнiштi қанағаттандырудан жазбаша түрде бас тартады.
      5. Өтiнiшi қанағаттандырылудан бас тартылған өтiнiш беруші қайтадан жүгiнген жағдайда оны беруге, қарауға және дәлелдi жауап жiберуге байланысты шығындар өтiнiш берушiге жүктеледi.
      Шығындарды бөлу жөнiнде келiспеушiлiктер болған жағдайда даулар сот тәртiбiмен қаралады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 317 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      32-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және
               кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарын
               бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті