Сауда қызметін реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі N 544 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтінде сөздер алмастырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      Осы Заң сауда қызметi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, оны мемлекеттiк реттеудiң принциптерiн және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) әкетуді және (немесе) әкелуді сан жағынан шектеулер – квоталарды белгілеу жолымен енгізілуі мүмкін тауарлардың сыртқы саудасын сан жағынан шектеу жөніндегі шаралар;
      2) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәні – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, инфляцияны рұқсат етілген шекте ұстау және елде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгіленетін бөлшек сауда бағаларының рұқсат етілген деңгейі, оған дейін сауда қызметі субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларын айқындауға құқылы;
      3) бөлшек сауда – кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес, сатып алушыға жеке, отбасылық, үй ішінде немесе өзгедей пайдалануға арналған тауарларды сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      4) кедендік баждардың квотаішілік ставкасы – белгіленген тарифтік квота шегінде әкелінетін тауарларға белгіленетін кедендік әкелім бажының мөлшері (шамасы);
      5) кедендік баждардың квотадан тыс ставкасы – белгіленген тарифтік квотадан тыс әкелінетін тауарларға белгіленетін әкелімді кедендік баждың мөлшері (шамасы);
      6) көтерме сауда – кейiннен сатуға немесе жеке, отбасылық, үй ішінде және осындай өзгедей пайдаланумен байланысты емес өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      7) қоғамдық тамақтандыру – тамақ өнiмдерiн өндiрумен, өңдеумен, өткiзумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсiпкерлiк қызмет;
      8) рұқсат – осы Заңға сәйкес сыртқы сауда шарты (келісімшарт) негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін рұқсат ету құжаты;
      9) сауда алаңы – тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға, сатып алушылардың өтуіне арналған, арнайы құрал-жабдық қойылған сауда объектісінің алаңы;
      10) сауда желісі – ортақ басқарудағы және (немесе) бірыңғай коммерциялық белгіні немесе дараландырудың өзге де құралымен пайдаланылатын, екі мың шаршы метрден кем емес жалпы сауда алаңы бар, екі және одан да көп сауда объектiлерiнің жиынтығы;
      11) сауда қызметi – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;
      12) сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) – сауда қызметi саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      13) сауда қызметi субъектici – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сауда қызметiн жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      14) сауда объектiсi – арнайы құрал-жабдықпен жарақталған, тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын үй немесе үйдің бір бөлігі, құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі, ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі, автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;
      15) сауда саясаты – осы Заңда белгiленген мақсаттар мен принциптердi іске асыру үшiн мемлекеттiк органдар жүргiзетiн ұйымдық, құқықтық, экономикалық, бақылау және өзге де шаралар жиынтығы;
      16) сыртқы сауда (бұдан әрi – сыртқы сауда қызметi) – тауарларды Қазақстан Республикасынан әкетумен және (немесе) Қазақстан Республикасына әкелумен байланысты сауда қызметi;
      17) тарифтiк квота – кедендік әкелім бажының қолданыстағы ставкасымен салыстырғанда тауардың белгілі бір санын әкелу кезінде (заттай немесе құнымен алғанда) белгілі бір кезең ішінде кедендік әкелім бажының мейлінше төмен ставкасын қолдануды көздейтін, үшінші елдерден шығарылатын тауарлардың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді реттеу шарасы;
      18) тауар – сатуға немесе айырбастауға арналған, айналымнан алынбаған кез келген еңбек өнiмi;
      19) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық – уәкілетті орган беретін лицензияның негізінде ұсынылатын тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығы;
      20) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалау – тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты серпініне мониторинг жүргізу мақсатында белгіленетін уақытша шара;
      21) ірі сауда объектісі – сауда алаңы екі мың шаршы метрден кем емес сауда объектісі;
      22) iшкi сауда – Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметi;
      23) экспортты дамыту – отандық өндірушілердің тауарларды экспорттау қабілетін дамытуды ынталандыратын жағдайлар жасауға бағытталған, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені;
      24) экспортты дамытудың және ілгерілетудің институционалдық жүйесі – өңделген отандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілетуге бағытталған шаралар кешені;
      25) экспортты дамытудың және ілгерілетудің экономикалық құралдары – экспортты сервистік қолдау және экспорттаушылардың өңделген отандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілетудегі шығындарының бір бөлігін өтеу;
      26) Экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі ұлттық ұйым – өңделген отандық тауарлар экспортын дамыту және ілгерілету жөніндегі мемлекеттік шараларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға;
      27) экспортты ілгерілету – Қазақстан Республикасы экспорттаушыларының сыртқы нарықтарға кіруіне жәрдемдесуге бағытталған, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені;
      28) экспортты сервистік қолдау – өңделген отандық тауарларды дамытуға және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге бағытталған шаралар кешені.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу
              туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Сауда қызметiн реттеудiң мақсаттары мен
              принциптерi

      1. Сауда қызметiн реттеудiң мақсаттары: 

      1) халықтың тауарларға сұранысын қанағаттандыру және сауда инфрақұрылымын дамыту; 

      2) сауда қызметiн көрсетудi және қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру; 

      3) Қазақстан Республикасында сауда қызметiн дамытуға және жетiлдiруге жәрдемдесу; 

      4) Қазақстан Республикасының әлемдiк сауда жүйесiне ықпалдасуы үшiн жағдайлар жасау;

      5) сыртқы нарықтарда отандық тауарлардың бәсекелестік қабілеттігін арттыру болып табылады.

      2. Сауда қызметiн реттеудiң негiзгi принциптерi: 

      1) сауда қызметі субъектілері құқықтарының теңдiгi; 

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың сауда қызметiне араласпауы; 

      3) еркiн және адал кәсiпкерлiктi қолдау; 

      4) отандық тауар өндiрушiлердi қорғау; 

      5) сапалы сауда қызметiн көрсетудi қамтамасыз ету; 

      6) сауда қызметi түрлерiн еркiн таңдау және оны сауда қызметi субъектiлерiнiң жүзеге асыру мүмкiндiгi; 

      7) сауда саясатының Қазақстан Республикасының мемлекеттiк экономикалық саясатының құрамдас бөлiгi ретiндегi бiрлiгi; 

      8) тұтынушылардың, сауда қызметi субъектiлерiнiң және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн тең дәрежеде қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және сауда қызметiнiң барлық субъектiлерiне қолданылады. 

      2. Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен реттелетiн жекелеген тауарлар түрiнiң айналымы бойынша қатынастарға қолданылмайды.
      Осындай тауарлармен сауда қызметiн жүзеге асыру Қазақстан Республикасының осындай заң актiлерiмен реттелмейтiн бөлiгiнде осы Заңның нормаларымен реттеледi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 2-тарау. Сауда қызметін мемлекеттік реттеу

      Ескерту. 2-тарау жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5-бап. Сауда қызметін мемлекеттік реттеу нысандары мен
              әдістері

      1. Сауда қызметін мемлекеттік реттеу нысандары:
      1) сауда қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындау;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасымен тұспа-тұс келетін кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлардың өтуі шарттарын айқындау;
      3) сауда қызметін дамытуды ынталандыру;
      4) сауда қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау;
      5) сертификаттау болып табылады.
      2. Сауда қызметін мемлекеттік реттеу әдістері:
      1) сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу;
      2) сыртқы сауда қызметін тарифтік емес реттеу;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауарлардың сатылуын тоқтата тұру және (немесе) сатуға тыйым салу;
      4) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық шаралар қолдану;
      5) халықаралық экономикалық санкцияларға қатысу болып табылады.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) бірыңғай мемлекеттік сауда саясатын жүргізеді;
      2) мемлекеттік сауда саясаты бағдарламаларын бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қорғау жөнінде шаралар қолданады;
      4) сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолданады;
      5) сыртқы сауда қызметін тарифтік емес реттеу шараларын қолданады;
      6) ішкі сауда қағидаларын бекітеді;
      7) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтерін бекітеді;
      8) сауда қызметі саласында шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды және шетелде Қазақстан Республикасының сауда өкілдіктерін ашуды жүзеге асырады;
      9) сауда қызметі саласында келіссөздер жүргізу және үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды;
      10) уәкілетті органды айқындайды;
      11) өңделген отандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілетудегі экспорттаушылардың шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын бекітеді;
      12) сыртқы нарықтарға ілгерілетудегі экспорттаушылардың шығындары ішінара өтелетін өңделген отандық тауарлар тізбесін бекітеді;
      13) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағалардың шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеу тәртібін бекітеді;
      14) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін бекітеді;
      15) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының рұқсат етілген шекті мөлшерін бекітеді;
      16) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді атқарады.

      7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

       Уәкiлеттi орган

      1) сауда қызметін реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      2) сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлейді және қорытындылар дайындайды;
      3) сауда қызметін дамыту, сондай-ақ тауарларды өндіру және сату үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      4) сауда қызметін реттеу саласында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді;
      5) сауда қызметi саласында орталық атқарушы органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының қызметiн үйлестiреді;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда қызметіне мониторинг жүргізеді;
      7) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтерін әзірлейді;
      8) сауда қатынастарын жетілдіру мақсатында жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын талдайды және зерделейді;
      9) республикалық және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуге бастамашы болады, оларға қатысады және оларды ұйымдастырады;
      10) халықаралық сауда ұйымдарымен келіссөздерде Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң атынан өкілдік етеді;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жекелеген тауарлардың экспорты мен импортын лицензиялауды жүзеге асырады;
      12) тоқсан сайын аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталары беретін, тауардың шығу тегі туралы берілген сертификаттар жөніндегі ақпаратты талдау арқылы мониторинг жүргізуді, сондай-ақ уәкілетті органның (ұйымның) ішкі айналымға арналған тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру, кеден одағы тауарының және (немесе) шетелдік тауардың мәртебесін айқындау мониторингін жүргізуді жүзеге асырады;
      13) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағалары мөлшерін белгілеудің орындылығын айқындау мақсатында макроэкономикалық талдау жүргізеді;
      14) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшерін белгілеу және жыл сайынғы негізде оларға бағалардың шекті мәндерін айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      15) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін белгілеу тәртібін әзірлейді;
      16) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептілік, тексеру парақтары нысандарын әзірлейді және бекітеді;
      17) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-1-бап. Индустриялық саясатты реттеу саласындағы
                уәкілетті органның құзыреті

      Индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті орган:
      1) өңделген отандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша экспорттаушылардың шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлейді;
      2) тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша экспорттаушылардың шығындары ішінара өтелетін өңделген отандық тауарлар тізбесін әзірлейді;
      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

     8-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың
             жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) мемлекеттiк сауда саясатын жүргiзудi қамтамасыз етедi;
      2) өз құзыретi шегiнде сауда қызметi субъектiлерiнiң қызметiн реттеудi жүзеге асырады;
      3) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде сауда қызметiне қолайлы жағдайлар жасау жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
      4) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      5) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативіне қол жеткізу жөнінде шаралар әзірлейді және іске асырады;
      6) көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      7) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      8) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      9-бап. Сауда қызметі саласында баға белгілеу

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды және тауар берушінің талап етуі бойынша тараптардың келісімімен шекті сауда үстемесінің мөлшері белгіленетін азық-түлік тауарларын беру шарты жасалатын жағдайларды қоспағанда, сауда қызметiнің субъектiлерi тауар бағаларын өз бетінше айқындайды.
      Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларын беру шарттарын жасасу кезінде шектi сауда үстемесiнiң мөлшерi мiндеттi түрде белгiленуге тиiс. Осы талап бұзылып жасалған мәмiле жарамсыз болады.
      2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері артқан жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында оларға рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін белгілеуге құқылы.
      Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес белгіленетін әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерлері артқан кезде сауда қызметінің субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

3-тарау. Iшкі сауда

      10-бап. Iшкi сауда объектiлерi және түрлерi

      1. Сауда объектiлерi мен қоғамдық тамақтандыру объектiлерi iшкi сауда объектiлерiне жатады. 

      2. Iшкi сауда объектiлерiне: 

      1) автомат - тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы; 

      2) жылжымалы сөре - арнайы бөлiнген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын тасымалды немесе жылжымалы сауда орны; 

      3) автодүкен - сауда жабдықтарымен жарақталған арнайы автокөлiк құралы; 

      4) шатыр - құрастырмалы-жинамалы конструкциядан жасалып, сауда жабдықтарымен жарақталған және арнайы бөлiнген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын құрылыс; 

      5) дүңгiршек - арнайы бөлiнген жep учаскесiне орнатылған, сауда залы жоқ, сауда жабдықтарымен жарақталған күрделi емес тасымалды құрылыс; 

      6) дүкен - сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етiлген, тұрақты жұмыс iстейтiн күрделi құрылыс немесе оның бiр бөлiгi; 

      7) сауда үйi - бiртұтас басқарылатын сауда объектiлерiнiң және қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң жиынтығы орналасқан, сауда қызметiне арналған және сауда, әкiмшiлiк-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өз аумағы шекарасының шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етiлген тұрақты жұмыс iстейтiн күрделi құрылыс; 

      8) сауда базары - аумақта шаруашылық қызметiн көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, маңындағы аумақтан бөлектенген, сауда қызметiне арналған және өз аумағының шекарасы шегiнде автокөлiк құралдарын қою үшiн алаңмен қамтамасыз етiлген оқшауланған мүлiктiк кешен.
      Сауда базарларының қызметiн ұйымдастыру ережелерiн, олардың түрлерiн, санаттарын және оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi. 

      3. Қоғамдық тамақтандыру объектiлері мынадай санаттарға бөлiнедi: 

      1) ресторан - тұтынушыларға мiндеттi түрде даяшылар қызмет көрсететiн, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды қоса алғанда, дайындалуы күрделi ас мәзiрiнiң түр-түрiн, сондай-ақ алкоголь өнiмдерiн ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектiсi; 

      2) кафе - тұтынушыларға мiндеттi түрде даяшылар қызмет көрсететiн, дайындалуы күрделi емес ас мәзiрiнiң түр-түрiн, сондай-ақ, алкоголь өнiмдерiн ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектiсi; 

      3) бар - тұтынушыларға тiске басар, десерт және кондитерлiк тағамдар, сондай-ақ алкоголь өнiмдерiн ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектiсi; 

      4) асхана - тұтынушылар өз-өздерiне қызмет көрсететiн қоғамдық тамақтандыру объектiсi. 

      4. Сауда объектiсiнiң мамандандырылуын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықтың санитарлық- эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып, оның меншiк иесi айқындайды. 

      5. Iшкi сауда түрлерiне көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру және сауданың осы Заңмен белгiленген өзге де түрлерi жатады. 

      6. Көтерме, бөлшек сауданы және қоғамдық тамақтандыруды жүзеге асыруға, сондай-ақ iшкi сауда объектiлерiне қойылатын тәртiптер мен талаптар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      11-бап. Көтерме сауда

      1. Көтерме сауда бөлшек сауда жүзеге асырылатын орындардан бөлек орын болған жағдайда мамандандырылған немесе аралас дүкендерде, сауда үйлерi мен базарларда жүзеге асырылады. 

      2. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектiлерiнiң меншiк иелерi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi мен нормативтiк құжаттарының талаптарын, сондай-ақ тауарларды тасымалдау, сақтау және сату үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге мiндеттi.

      12-бап. Бөлшек сауда

      1. Бөлшек сауда дүкендер, сауда үйлерi, базарлар және автомат-нүктелер, дүңгiршектер, автодүкендер, шатырлар, жылжымалы сөрелер арқылы жүзеге асырылады. 

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта өзгеше белгiленбесе не тауардың табиғатынан туындамайтын болса, бөлшек сауда кезiнде тауардың әр бiрлiгi оралуға, өлшенiп-буылуға тиiс. 

      3. Тауарларды сатылатын орындарында көрмеге қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер беру (сипаттау, каталогтар, фотосуреттер және тағы сол сияқты), сатушы тиiстi тауарлардың сатуға арналмағанын нақты анықтаған жағдайларды қоспағанда, оның бағасының көрсетiлгенiне және сатып алу-сату шарттарының басқа да маңызды жағдайларына қарамастан, жария оферта болып танылады. 

      4. Маркетинг желiсi, қоғамдық таратушылар, почта және басқа да тәсiлдер бойынша сату арқылы сауда орнынан тыс бөлшек сауда Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен реттеледi.

      13-бап. Қоғамдық тамақтандыру

      1. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi өз өнiмдерiн, сондай-ақ басқа да азық-түлік тауарларын өндiрудi, өңдеудi, өткiзудi және тұтынуды ұйымдастыруды жүзеге асырады. 

      2. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнде келушiлерге дастархан мәзiрiн ұсыну мәзiрде көрсетiлген қоғамдық тамақтандыру тауарларын бөлшек сатып алу-сату шартын жасауға ұсыныс (жария оферта) болып танылады. 

      3. Осы Заңның 10-бабының 3-тармағында белгiленген санаттар бойынша қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      14-бап. Сауда қызметiндегi сатып алу-сату шарты

      1. Сатып алу-сату шартын жасау тәртiбi мен талаптары, сондай-ақ сатушылар мен сатып алушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Заңда белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне және өзге де заң актiлерiне сәйкес айқындалады. 

      2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде қандай да бiр тауарды сату кезiнде тұтынушының жасына қарай шектеу белгiленсе, егер ол өзінің жасын растайтын құжатын көрсетпесе, онда сатушы тауар сатудан бас тартуға мiндеттi. 

      3. Тауарларды көтерме сатып алу-сату шарты жеткiзiп беру шартының бiр түрi болып табылады, бұл жағдайда сауда қызметiнiң субъектiлерi тауарларды сауда объектiлерiнде сатады.

3-1-тарау. Ішкі сауданы дамытуға жәрдемдесу

      Ескерту. Заң 3-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      14-1-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,
                 астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың
                 жергілікті атқарушы органдарының сауда қызметін
                 қолдауы

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының сауда қызметін қолдауы мынадай іс-шараларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады:
      1) сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру;
      2) сауда қызметкерлерін кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту және жетілдіру, кәсіби негізде еңбек нарығын қалыптастыру;
      3) сауда қызметі субъектілерін, оның ішінде отандық өндірістің азық-түлік тауарлары саудасын жүзеге асыратындарды экономикалық ынталандыру шараларын қолдану;
      4) электрондық сауданы дамыту;
      5) шекара маңындағы сауданы дамыту;
      6) отандық сауда желілерін дамыту.
      2. Ішкі сауданы дамытуға бағытталған іс-шаралар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтері ескеріле отырып әзірленеді.

      14-2-бап. Халықты сауда алаңдарымен қамтамасыз етуді
                 нормалау 

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтері өңірлердің аумақтарының қала құрылысы жоспарларының (аудандық жоспарлау жобасы), елді мекендердің бас жоспарларының кешендік схемаларын әзірлеу кезінде ескерілуге тиіс.
      2. Уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстарын ескере отырып, халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтерін әзірлейді.
      3. Халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтерін әзірлеу кезінде елді мекендердің санаттары, елді мекендегі халықтың құрылымы мен тығыздығы ескерілуге тиіс.

 4-тарау. Сыртқы сауда қызметі

      Ескерту. 4-тарау жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-бап. Сыртқы сауда қызметiн дамыту жөнiндегi мемлекеттiк
               шаралар

      Сыртқы сауда қызметiн дамыту жөнiндегi мемлекеттiк шаралар:
      1) экспорттық кредиттердің кепiлдіктерi мен сақтандыру жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
      2) сыртқы сауда қызметiн дамытуға жәрдемдесетін сауда көрмелерiн, жәрмеңкелерді және өзге де iс-шараларды ұйымдастыру;
      3) экспортты дамытудың және ілгерілетудің институционалдық жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      4) экспортты дамытудың және ілгерілетудің экономикалық құралдарын қолдану;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген сыртқы сауда қызметін ынталандырудың және көтермелеудің өзге де нысандарын іске асыру болып табылады.

      15-1-бап. Экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі
                 ұлттық ұйымның мақсаттары мен міндеті

      1. Экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі ұлттық ұйым қызметінің мақсаттары:
      1) экспортты дамытудың және ілгерілетудің институционалдық жүйесін құру;
      2) отандық тауар өндірушілердің экспорттық қабілетін дамыту болып табылады.
      2. Экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі ұлттық ұйымның міндеті экспортты дамытудың және ілгерілетудің экономикалық құралдарын іске асыру болып табылады.

      16-бап. Сыртқы сауда қызметiн кедендiк-тарифтiк реттеу

      1. Сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу шараларына:
      1) кедендік баждарды;
      2) тарифтік жеңілдіктерді;
      3) тарифтік преференцияларды;
      4) тарифтік квоталарды қолдану жатады.
      2. Сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеудің негізгі мақсаттары:
      1) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелудің тауарлық құрылымын ұтымды ету;
      2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің және оған әкелудің ұтымды арақатынасын ұстау;
      3) Қазақстан Республикасында тауарларды өндіру және тұтыну құрылымында прогрессивтік өзгерістер үшін жағдайлар жасау;
      4) Қазақстан Республикасының экономикасын импортталатын тауарлардың қолайсыз әсерінен қорғау;
      5) Қазақстан Республикасының әлемдік экономикаға тиімді ықпалдасуы үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
      6) елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

      16-1-бап. Тарифтік квоталар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін ынталандыру, ауыл шаруашылығы тауарларын тұтынудың қажетті көлемін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі тауарлардың жекелеген түрлерін әкелуге тарифтік квоталарды белгілейді.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі тарифтік квотаның көлемін, оны бөлу әдісінтәртібін айқындайды және оны сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөледі.
      Тарифтік квотаның қолданылу мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      2. Әкелінуіне қатысты тарифтік квоталар қолданылатын ауыл шаруашылығы тауарларына кедендік баждардың квотаішілік ставкалары және кедендік баждардың квотадан тыс ставкалары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.
      3. Ішкі тұтыну үшін тарифтік квоталар шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелу уәкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.
      Лицензияларды беру өздеріне квоталар бөлінген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
      Лицензияларды беру тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында айқындалады.

      17-бап. Сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу

      1. Сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу шараларына:
      1) жекелеген тауарларды әкетуге және (немесе) әкелуге тыйым салу;
      2) жекелеген тауарларды әкетуді және (немесе) әкелуді сан жағынан шектеулер;
      3) тауарлардың жекелеген түрлері экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық беру;
      4) сыртқы сауда қызметi саласындағы лицензиялау;
      5) тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалау;
      6) халықаралық экономикалық санкцияларды орындауға қатысу;
      7) техникалық, фармацевтикалық, санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық, экологиялық стандарттар, нормалар мен талаптар, әкелiнетiн тауарлардың сапасын бақылау жатады.
      2. Шет мемлекет Қазақстан Республикасының мүдделерiн бұзатын шаралар қолданған жағдайда, сондай-ақ ол халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасы алдында қабылдаған мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта белгiленген консультациялар мен рәсiмдер жүргiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының мүдделерiн тиiмдi қорғау үшін қажеттi шекте, жауап шара ретiнде сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу шараларын қолдануға құқылы.

      18-бап. Жекелеген тауарларды әкетуге және (немесе)
               әкелуге тыйым салу және сан жағынан шектеулер

      1. Жекелеген тауарларды әкетуге және (немесе) әкелуге тыйым салуды Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) құқық тәртiбiн сақтау;
      2) адам өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау;
      3) Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасын сақтау;
      4) мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игіліктер объектілерін заңсыз әкетуден және (немесе) әкелуден қорғау;
      5) сонымен бір мезгілде орны толмас табиғи ресурстарды iшкi өндiрудi және тұтынуды шектей отырып, олардың сарқылуын болдырмау;
      6) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      7) халықаралық мiндеттемелердi орындау;
      8) елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттiлiгiне қарай енгiзеді.
      2. Жекелеген тауарларды әкетуге және (немесе) әкелуге сан жағынан шектеулерді Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      2) халықаралық мiндеттемелердi орындау;
      3) ішкі нарықты қорғау;
      4) отандық тауарларға қатысты басқа мемлекеттердiң кемсiтушiлiк шектеулер қолдануына жауап шаралар енгiзу қажеттiлігіне қарай енгiзеді.
      3. Жекелеген тауарларды әкетуге және (немесе) әкелуге сан жағынан шектеулер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізіледі және лицензиялау жолымен жүзеге асырылады.
      4. Ішкі нарық үшін аса маңызды болып табылатын азық-түлік немесе өзге де тауарлардың орасан көп жетіспеушілігін болдырмау немесе азайту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жекелеген тауарларды әкетуге тыйым салуды және сан жағынан шектеулерді енгізеді.
      Уәкілетті органның жекелеген тауарларды әкетуге тыйым салуды және сан жағынан шектеуді қолдану қажеттігі туралы қорытындысында:
      Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес тауардың атауы мен оның коды;
      өңірдегі тауардың қалғандарын, олар бар болған кездегі мемлекеттік резервтерді, өндіріс көлемдерін, импортты, экспортты және тұтынуды талдауға негізделген, жекелеген тауарды әкетуге тыйым салуды және сан жағынан шектеуді енгізу қажеттігін растайтын ақпарат;
      тауарларды берушілер туралы мәліметтер, тауарлардың сәйкестендіру белгілері, тасымалдаудың белгілі тәсілдері, әкетуге тыйым салуды және сан жағынан шектеуді енгізу ұсынылатын тауарды анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат;
      жекелеген тауарларды әкетуге сан жағынан шектеу енгізу үшін квота мөлшері болуға тиіс.
      5. Жекелеген тауарларды әкетуді және (немесе) әкелуді сан жағынан шектеулерді бөлуді Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

      18-1-бап. Рұқсаттарды беру шарттары мен тәртібі

      1. Рұқсаттар барлық өтінім берушілерге шектеусіз беріледі.
      2. Рұқсат алу үшін өтінім беруші уәкілетті органға бір данада қағаз жүзінде белгіленген үлгідегі рұқсаттың жобасын және оның электрондық көшірмесін ұсынады.
      3. Рұқсаттың жобасы берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде рұқсат беріледі.
      4. Рұқсаттың қолданыс мерзімі рұқсат берілген күнтізбелік жылмен шектеледі.
      5. Берілген рұқсатқа өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
      6. Берілген рұқсат басқа өтінім берушілерге қайта ресімдеуге жатпайды.
      7. Рұқсат жоғалған жағдайда өтінім берушінің жазбаша өтініші бойынша уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде рұқсаттың телнұсқасын береді.

      19-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық
               санкцияларға қатысуы

      Бір немесе бірқатар мемлекеттерге қатысты Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық санкцияларға қатысуы, осы санкцияларды күшіне енгізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      20-бап. Жекелеген тауарлар түрлерінің экспортына және
              (немесе) импортына ерекше құқық

      1. Жекелеген тауарлар түрлерінің экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық лицензиялау негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық берілетін жекелеген тауарлар түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған сауда қызметі субъектілеріне жекелеген тауарлар түрлерінің экспортына және (немесе) импортына ерекше құқық енгiзiлетiн жекелеген тауарлар түрлерінің экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыруға лицензиялар беріледі, олар кемсiтпеушiлiк және адал коммерциялық практика принциптерi негiзiнде жекелеген тауарлар түрлерінің экспорты және (немесе) импорты бойынша операцияларды жасауға міндетті.

      21-бап. Жекелеген тауарлар түрлерінің экспортын және
              (немесе) импортын қадағалау

      Жекелеген тауарлар түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалау рұқсаттар беру арқылы жүзеге асырылады.

      22-бап. Тауарларды импорттау кезінде қорғау, демпингке қарсы
              және өтемақы шараларын қолдану

      Тауарларды импорттау кезінде қорғаудемпингке қарсы және  өтемақы шараларын қолдану шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

5-тарау. Сауданың өзге түрлері

      23-бап. Аукциондық сауда

      1. Тауарларды сату жөнiндегi аукциондық сауда көпшiлiкке жария сауда-саттық жүргiзу арқылы жүзеге асырылады.
      Тауардың бастапқы бағасы сатушының сауда-саттық жасау кезiндегi тауардың рыноктық құнына орай айқындалуы мүмкiн, түпкi бағаны сауда-саттық жүргiзу нәтижесiнде сатып алушы айқындайды. 

      2. Аукциондық сауда жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.

      24-бап. Комиссиялық сауда

      Комиссиялық сауда Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      25-бап. Тапсырыс бойынша сауда

      1. Тапсырыс бойынша сауда сатушының тауар туралы жарнама және ақпарат таратудың өзге де әдiстерi негiзiнде мәлiметтер ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
      Тапсырыс бойынша тауарларды сату жиынтық (стандартты) жiберiлiм арқылы да жүзеге асырылуы мүмкiн. Жиынтық (стандартты) жiберiлiм түрлi мақсаттағы тауарлардың жинақталымын қамтуы мүмкiн. 

      2. Тапсырыс бойынша сауда осы қызмет субъектiлерiнiң тiкелей сатып алушыдан, көшпелi сауда орындарында, телефон немесе почта тапсырысы бойынша тапсырыс беру және (немесе) оны қабылдау арқылы жүзеге асырылады. 

      3. Тапсырысты қабылдау және оны орындау жөнiндегi қызмет көрсету бағасы, ақы төлеу тәртiбi, жеткiзу мерзiмi шартпен айқындалады. 

      4. Тауарды елдi мекен шегiнде жеткiзу қолма-қол жүзеге асырылады, тауарларды басқа орындардан жеткiзу көлiк немесе почта ұйымымен шарт жасасу арқылы да жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Тауар басқа елдi мекеннен жеткiзiлген жағдайда тауар үшiн есеп айырысуды, сондай-ақ көлiк немесе почта ұйымы көрсеткен қызметтерге ақы төлеудi сатушының агентi жүзеге асырады. 

      5. Тапсырыс берушi шарттың талаптары бұзылмай орындалған тапсырысты қабылдаудан бас тартқан жағдайда, тапсырыс берушi сатушыға тауарды тапсырыс берушiге және керi қарай тасымалдау жөнiнде көрсетiлген қызметтердiң құнын өтеуге мiндеттi.

      26-бап. Шекара маңындағы сауда

      1. Шекара маңындағы сауданы Қазақстан Республикасының шекара маңы аумағы мен шектес мемлекеттiң тиiстi шекара маңы аумағындағы жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады. 

      2. Шекара маңындағы сауданы жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен шектес мемлекеттермен жасасқан халықаралық шарттармен белгiленген талаптарға сәйкес айқындалады.

      27-бап. Көшпелi сауда

      1. Көшпелi сауда тиістi аумақта жоқ тауарларға қажеттiлiктi қанағаттандыру үшiн не осы аумақта сауда объектiлерi болмаған жағдайда жүзеге асырылады. 

      2. Сауда қызметiнiң субъектiлерi көшпелi сауданы республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары белгiлеген арнайы бөлiнген орындарда жүзеге асырады. 

      3. Көшпелi сауда автодүкендерде және (немесе) шатырларда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      28-бап. Көрме-жәрмеңке қызметі

      1. Көрме-жәрмеңке қызметі нарықтың конъюнктурасын зерделеу, тауарларды сатып алу-сатуды ұйымдастыруға жәрдемдесу, шарттар жасасу және жаңа сауда байланыстарын орнату мақсатында көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады. Көрме-жәрмеңке қызметі тауар үлгілерін көрсетумен байланысты.

      2. Жергілікті атқарушы органдар, жеке немесе заңды тұлғалар халықаралық және республикалық маңызды мәртебесі бар көрмелер мен жәрмеңкелер өткізген жағдайда оларды өткізу көрмелер мен жәрмеңкелерді өткізу тұжырымдамасын уәкілетті органмен алдын ала келісу жолымен жүзеге асырылады. Көрмелер мен жәрмеңкелерді өткізу тұжырымдамасында болжалды ұйымдық және қаржылық ресурстар мен ықтимал қатысушылар туралы мәліметтер болуға тиіс.
      Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      29-бап. Электрондық сауда

      1. Электрондық сауда оған қатысушылардың келiсiмi (шарты) негiзiнде электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, тауарларды сатып алу-сатуға сауда мәмiлесiн жасасу арқылы жүзеге асырылады. 

      2. Электрондық саудаға қатысушылардың құқығы мен заңды мүдделерiн қорғау сауда қызметiнiң субъектiлерi үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. 

      3. Электрондық сауданы жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелерге сәйкес айқындалады.

      30-бап. Тауарлармен биржалық сауда жасау

      Биржалық сауда Қазақстан Республикасының тауарлық биржалар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

 6-тарау. Сауда қызметi субъектiлерiне және тауарларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 6-тарау жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      31-бап. Сауда қызметi субъектiлерiне қойылатын талаптар

      1. Сауда қызметi субъектiлерi өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:
      1) тиiсiнше сапалы, қауiпсiздiк талаптарына сай келетiн тауарларды сатуға;
      2) тауарларды тиісінше жария оферта, шарттар немесе өзге де мәмiлелер талаптарына сәйкес белгiленген өлшемдер бойынша сатуға;
      3) сатып алушыға тауардың сапасы мен шығарылған жерi, тұтыну қасиеттерi, кепiлдi мiндеттемелерi және талаптар қою тәртiбi, өнiмдi пайдалану, оны сақтау тәсiлдерi мен ережелерi туралы, ал талап-арызды және сотқа ұсынылатын, оған қоса берілетін құжаттар ресiмделген жағдайда, сол сияқты сатушының немесе дайындаушының (орындаушының) орналасқан жерi мен өзге де реквизиттері туралы қажеттi және дұрыс ақпарат беруге;
      4) сауда объектiсiнiң жалпы жұртқа қолжетімді жерiнде өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi талаптарына сәйкес тексерiлген бақылау-өлшеу аспаптарын орналастыруға;
      5) сатып алушыда тауарлардың массасы мен ұзындығына қатысты күмән туындаған жағдайларда, оған бақылау-өлшеу құралдарының көмегiмен аталған сипаттамаларды өз бетінше тексеру мүмкiндiгiн беруге;
      6) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестiгі міндетті расталуға жататын тауарларды сату кезiнде сатып алушының талабы бойынша оған сәйкестік сертификатын (белгіленген үлгідегі бланкілердегі көшірмесін) не сәйкестік туралы декларацияны көрсетуге;
      7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiп пен жағдайларда фискалды жады бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға;
      8) осы Заңның 32-бабында белгiленген қауiпсiздiк талаптары мен нормаларына сай келмейтiн тауарды айналымнан алып тастауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тұтынушыдан сатылған тауарды оның құнын өтей отырып, қабылдап алуға;
      9) мемлекеттiк органдардың белгiленген тәртiппен шығарылған ұйғарымдарын орындауға;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
      2. Сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асырушы сауда қызметі субъектілеріне тауарлар беру туралы шарт жасасудан негізсіз бас тартудан не көрінеу кемсітушілік сипаттағы шарт жасасудан көрінетін және:
      1) сауда қызметі субъектісіне осындай қызметті жүзеге асыратын басқа да сауда қызметі субъектілерімен, сондай-ақ осындай немесе өзге де талаптармен басқа да сауда қызметі субъектілерімен тауарлар беру шарттарын жасасуға тыйым салу туралы;
      2) тауарлар беруді жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісінің осындай қызметті жүзеге асыратын басқа да сауда қызметі субъектілерімен жасасатын шарттары туралы мәліметтер беруін талап ету туралы талаптармен тауарлардың сауда желілеріне немесе ірі сауда объектілеріне жетуін шектеуіне тыйым салынады.
      3. Сауда қызметі субъектілеріне нормативтік құқықтық актілерде белгіленген, осы Заңның 9-бабының 2–тармағына сәйкес белгіленетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасының мөлшерін бұзуға тыйым салынады.
      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтары бұзылған кезде сауда қызметі субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      5. Егер сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісі мен өнім беруші арасында сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөнінде қызметті жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісіне мұндай тауарларды бергеннен кейін белгілі бір уақыттан соң оларға ақы төлеу талабымен тауарлар беру шарты жасалған жағдайда, осы шартта белгілеу үшін мұндай тауарларға ақы төлеу мерзімі мынадай қағидалар бойынша айқындалады:
      1) сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісі жарамдылық мерзімі күнтізбелік он күннен кем болып белгіленген азық-түлік тауарларына мұндай тауарлар берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ақы төлеуге тиіс;
      2) сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісі Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген, жарамдылық мерзімі күнтізбелік он және одан да көп күн болып белгіленген азық-түлік тауарларына мұндай тауарлар берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде ақы төлеуге тиіс.
      6. Осы баптың 5-тармағында белгіленген мерзімдерде тауарларға ақы төлеу тауарлар беруді жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарына, нормативтік құқықтық актілеріне немесе шартқа сәйкес тауарларға қатысты құжаттарды беру жөніндегі міндеттерін орындаған жағдайда жүзеге асырылады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Заңды 31-1-баппен толықтыру көзделген - ҚР 2010.06.30  № 297-IV(2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      32-бап. Тауарларға қойылатын талаптар

      1. Қауіпсіздік талаптарына сай келетін және белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құжаттарға, техникалық шарттарға сәйкес келетін тиісті сападағы тауарлар Қазақстан Республикасының ішкі нарығында айналымға жатады.
      2. Тауарлардың сапасы туралы мәліметтер:
      1) дайындаушының тауар белгісі;
      2) тауардың шыққан елі;
      3) тауардың құрамы туралы;
      4) азық-түлік тауарлары үшін – тамақ құндылығы;
      5) дайындалған күні;
      6) сақтау және жарамдылық мерзімі туралы;
      7) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттың аталуы;
      8) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес өзге де мәліметтер.
      Тауардың сапасына қойылатын жоғарыда аталған талаптар туралы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде жапсырмаларда, затбелгілерде, қосымша парақтарда болуға тиіс.
      Тауарлардың сақталуы және тасымалы олардың сапасының сақталуы және тұтыну үшін қауіпсіздік талаптарының сақталуы, оның ішінде арнайы жабдықталған үй-жайларда сақтаудың көзделген шарттарға, осы мақсаттар үшін арнайы арналған көлік құралдарында тасымалдау шарттарына қойылатын талаптардың сақталуы қамтамасыз етілетін жағдайларда жүзеге асырылуға және белгіленген жағдайларда мұндай талаптардың сақталуы тиісті құжаттардағы жазбалармен расталуға тиіс.
      3. Мыналарды:
      1) айналыстан алынған тауарларды;
      2) арнайы рұқсат алынбастан, айналыс қабілеті шектелетін тауарларды;
      3) белгіленген тәртіппен таңбалауға жататын акциздік таңбалары немесе есепке алу-бақылау таңбалары жоқ акцизделетін тауарларды;
      4) осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында сатуға тыйым салынған өзге де тауарларды сатуды жүзеге асыруға тыйым салынады.

      32-1-бап. Сауда қызметі субъектілерінің құқықтары

      1. Сауда қызметі субъектілері осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда қызметін жүзеге асыруға құқылы.
      2. Сауда қызметі субъектісі:
      1) сауданың мамандандырылуын (әмбебап сауда және (немесе) мамандандырылған сауда);
      2) сатылатын тауарлардың ассортиментін;
      3) жұмыс режимін;
      4) осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатылатын тауарлар бағаларын өз бетінше айқындайды.
      3. Сауда қызметі субъектісі өзінің мүдделері қозғалатын нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауы үшін ұсынуға құқылы.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      33-бап. Сауда қызметiн жүзеге асыруды бақылау

       Ескерту. 33-бап алып тасталды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      33-1-бап. Тауарлардың сауда желілеріне және ірі сауда
                 объектілеріне жетуін шектеуді бақылау

      «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен монополияға қарсы орган тауарлардың сауда желілеріне және ірі сауда объектілеріне жетуін шектеуді бақылауды жүзеге асырады.
      Ескерту. Заң 33-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      33-2-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына
                 рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары
                 мөлшерінің сақталуын мемлекеттік бақылау

      1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Тексерудің өзге де нысандары сауда объектісіне бару арқылы жүзеге асырылады және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуын бақылауға бағытталған.
      4. Тексерудің өзге де нысандары жеке, заңды тұлғалардың өтініштері немесе облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
      5. Тексерудің өзге нысандарының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларын мөлшерінен асыру анықталған жағдайда бұзушылықты дереу жою туралы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша нұсқама шығарылады.
      6. Тексерудің өзге де нысандарының нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды дереу жою туралы нұсқаманы орындауды бақылау «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес өткізілетін жоспардан тыс тексеру арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. Заң 33-2-баппен толықтырылды - ҚР 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      34-бап. Дауларды шешу

      Сауда қызметiн мемлекеттiк реттеу процесiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

      35-бап. Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу
               туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңдарының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті