Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 1 шілдедегі N 446-ІІ Заңы

Қолданыстағы

      Осы Заң көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) көлiк құралының иесi - көлiк құралын меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен не кез келген басқа да заңды негiзде (мүлiктiк жалдау шартымен, құзыреттi органның көлiк құралын беру туралы өкiмiне орай көлiк құралын басқаруға арналған сенiмхатпен және басқаша) иеленетiн жеке немесе заңды тұлға;
      2) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
      3) көлiк құралы иесiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi - жеке және заңды тұлғалардың жоғары қауiптiлiк көзi ретiндегi көлiк құралын пайдалану нәтижесiнде үшiншi тұлғалардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген өтеу мiндетi;
      4) сақтандырылушы - өзiне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;
      5) кешендi шарт - сақтандыру полисiнде көрсетiлген екі және одан да көп көлiк құралы бiрлiгiнiң иесi болып табылатын жеке тұлғамен жасалатын және бiр ғана сақтандырылушы жеке тұлғаға қатысты қолданылатын көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты;
      6) жолаушы - тасымалдаушымен ауызша немесе жазбаша нысанда тасымалдау шартын жасасқан жеке тұлға;
      7) жәбiрленушi - көлiк құралын пайдалану нәтижесiнде өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне зиян келтiрiлген тұлға, оны өтеу жөнiндегi мiндет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралының иесi ретiнде сақтанушыға (сақтандырылушыға) жүктелген;
      8) стандартты шарт - сақтандыру полисiнде көрсетiлген көлiк құралының иесi болып табылатын жеке немесе заңды тұлғамен жасалатын және бiр немесе бiрнеше сақтандырылушы тұлғаға қатысты қолданылатын көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты;
      9) сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы бiр мезгiлде сақтандырылушы болып табылады;
      10) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушы сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттемелер қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
      11) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы;
      12) сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы;
      13) сақтандыру жағдайы - басталуына орай сақтандыру шарты сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн оқиға;
      14) сақтандырушы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегiнде сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттi заңды тұлға;
      15) көлiк оқиғасы - көлiк құралын пайдалану процесiнде және оның қатысуынан туындаған оқиға, сондай-ақ көлiк құралынан ажырап кеткен бөлшектер мен ондағы жүктiң қозғалысы нәтижесiнде үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиян;
      16) көлік құралын пайдалану - көлік құралдарын жол үстінде, сондай-ақ лайықталып немесе бейімделіп оларға іргелес салынған және көлiк құралдарының қозғалысына пайдаланылатын аумақтарда жүру үшiн пайдалану.

      2-бап. Қазақстан Республикасының көлiк құралдары
              иелерiнің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн
              мiндеттi сақтандыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына  негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен , осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық
              жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандырудың объектiсi

      Сақтандырылушы тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген, жоғары қауiптілік көзi ретiндегi көлiк құралын пайдалану нәтижесiнде үшiншi тұлғалардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу мiндетiне байланысты мүлiктiк мүддесi көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру (бұдан әрi - көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру) объектiсi болып табылады.

      4-бап. Көлiк құралдары иелерінiң жауапкершiлігін
              міндеттi сақтандырудың мақсаты және негiзгi
              принциптерi

      1. Көлiк құралдарын пайдалану нәтижесiнде өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне зиян келтiрiлген үшiншi тұлғалардың мүліктік мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты болып табылады.
      2. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандырудың негiзгi принциптерi:
      жәбiрленушiлердiң мүлiктiк мүдделерiн осы Заңда белгiленген көлемде және тәртiппен қорғауды қамтамасыз ету;
      көлiк құралын оның иесiнде көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегі сақтандыру полисi болған кезде пайдалану;
      тараптардың көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өз мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету;
      көлiк құралдары иелерінiң жол жүрiсi қауiпсіздiгiн арттырудағы экономикалық мүдделілігi болып табылады.

      5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндеттi
              сақтандырылуға жататын тұлғалар

      1. Iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерiнде тiркелген (мемлекеттiк тiркеуге жататын) немесе Қазақстан Республикасының аумағына уақытша енген (әкелiнген) жеңiл, жүк автомобильдерi, автобустар, шағын автобустар және олардың негiзiнде жасалған көлiк құралдары, мотокөлiк және олардың тiркемелерi (жартылай тiркемелерi), сондай-ақ трамвайлар мен троллейбустар иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.
      2. Көлiк құралы иесiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi өзi пайдаланатын көлiк құралының әр бiрлiгi бойынша сақтандырылуға жатады.
      Көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн ерiктi сақтандыру шартын жасасу көлiк құралының иесiн көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi мiндеттен босатпайды.
      3. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты, басқа мемлекетте тiркелген, иесi осы мемлекет пен Қазақстан Республикасының арасында жасалған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында танылатын көлiк құралдары иелерi жауапкершiлiгінiң сақтандыру шартын жасаған көлiк құралы Қазақстан Республикасының аумағына енген жағдайда жасалмайды.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерiнде мемлекеттiк тiркеуге және есепке алуға жатпайтын (трамвайлар мен троллейбустарды қоспағанда) көлiк құралдарының иелерiмен көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты жасалмайды.
      Осы тармақта аталған иелердiң көлiк құралдарын пайдалану нәтижесiнде жәбiрленушiлерге келтiрген зияны Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде  белгiленген тәртiппен өтеледi.
      5. Өзiнiң қызметтiк немесе еңбек мiндеттерiн атқаруына орай, оның iшiнде көлiк құралының иесiмен еңбек немесе өзге де шарт жасасу негiзiнде не мәмiленiң жазбаша нысанын ресiмдемей, көлiк құралы иесiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде оның қатысуымен көлiк құралын жүргiзушi адамның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандырылуға жатпайды.

2-тарау. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін
міндетті сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуін
қамтамасыз ету

      6-бап. Көлiк құралдары иелерiнің жауапкершілігін
              мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк
              бақылау және қадағалау

      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      2. Көлік құралдары иелерінің осы Заңда белгіленген көлік құралдары иелері жауапкершілігінің міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетінің орындалуына мемлекеттік бақылауды ішкі істер органдары жол полициясы бөлімшелері көлік құралдарын тіркеу, оларды мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу және жол жүрісі ережелерінің сақталуын бақылау саласындағы өзінің өзге де өкілеттіктерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерін жүзеге асыру кезінде жүзеге асырады.

      7-бап. Көлік құралын көлік құралдары иелерінің
              жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынсыз
              пайдалануға жол бермеу

      1. Иесiнде көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты болмаған жағдайда, көлiк құралын пайдалануға жол берiлмейдi.
      2. Көлiк құралын жүргiзетiн адам көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың сақтандыру полисiн өзiмен бiрге алып жүруге және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес уәкiлеттігі бар жол полициясының қызметкерлерiне тексеру үшiн оны көрсетуге мiндеттi.
      Iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерiнiң құжаттарды тексерген кезде көлiк құралын жүргiзушi адамнан көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың сақтандыру полисiн көрсетуiн талап етуге мiндеттi.

      8-бап. Көлiк құралдары иелерінің жауапкершілiгiн
              мiндеттi сақтандыруды жүзеге асырудың
              ерекшелiктерi

      1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген заңды тұлға көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны алғанға дейiн, Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қорын құру және оның қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңында айқындалған тәртiппен аталған қордың қатысушысы болуға мiндеттi.
      2. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің қаржылық есептілігiн Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын кемiнде екi мерзiмдiк баспасөз басылымында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде тоқсан сайын жариялауға мiндеттi.
      3. Бәсекелестiктi шектеуге немесе болғызбауға, бiр сақтандырушыға екiншi сақтандырушының алдында көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарттарын жасасу жөнiнде негiзсiз артықшылықтар беруге немесе алуға, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға бағытталған қызметке жол берiлмейдi.
      4. Мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі акционерлiк қоғамдар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру бойынша көрсететiн сақтандыру қызметiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алулар туралы заңдарына сәйкес алуға мiндеттi.
      5. Сақтандырушылар көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру тәуекелдерi, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдерi бойынша деректердiң ақпараттық базасын қалыптастыруды және жүргiзудi жүзеге асыратын ұйымды құруға қатысуға құқылы.

      9-бап. Ақпараттық өзара iс-қимыл

      1. Iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерi көлiк оқиғасына қатысушыларға не олардың өкілдерiне сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн растайтын құжаттардың бiр-бiр данасын, оның iшiнде жол оқиғасының схемасымен қоса Жол жүрiсi ережелерiнiң бұзылуы туралы хаттаманың көшiрмесiн тегiн бередi.
      2. Көлiк оқиғасы және оның салдары туралы ақпараты бар Iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерi, прокуратура органдары, соттар, денсаулық сақтау ұйымдары, өзге де мемлекеттiк органдар мен ұйымдар сақтандырушы өтініш жасаған кезде бұл ақпаратты тегін беруге міндетті.
      3. Сақтанушының (сақтандырылушының), жәбiрленушiнің немесе олардың мұрагерлерiнiң сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға мүмкiндiгi болмаған кезде ішкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерi тиiстi сақтандырушыны осы көлiк оқиғасы туралы хабардар етудi жүзеге асырады.
      Сақтандырушыға көлiк оқиғасы туралы кез келген басқа тұлғаның хабарлауға құқығы бар.

3-тарау. Көлік құралдары иелерінің
жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты

      10-бап. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігін
               міндетті сақтандыру шарты және оны жасасу
               тәртiбі

      1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру осы Заңға сәйкес сақтанушы мен сақтандырушының арасында жасалатын шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартында мүлiктің тауарлық құнының жоғалтылуын, сондай-ақ жәбiрленушiнің тауарларды жеткiзудiң немесе жұмыстарды жүргiзудiң (қызметтер көрсетудiң) мерзiмдерiн, оның келiсiм-шарттар (шарттар) бойынша өзге де мiндеттемелердi бұзуына байланысты тұрақсыздық айыбын өтеудi қоса алғанда, жәбiрленушінің моральдық зиянын және ала алмаған пайдасын өтеудi есептемегенде, жәбiрленушiнiң өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне зиян келтiру салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделедi.
      3. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шарты мiндеттi сақтандырудың осы түрi (сыныбы) бойынша қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиiс.
      Сақтанушы сақтандырушыны таңдауға ерiктi.
      Сақтандырушының сақтанушыға көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушыға осы Заңда белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға міндеттенедi.
      4. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарттары мынадай түрлерге бөлiнедi:
      1) стандартты;
      2) кешендi.
      5. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисiн беруi арқылы жазбаша нысанда жасалады.
      Сақтанушының өтiнiшi көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн негiз болып табылады.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiстi талаптардың толық болмағаны үшiн сақтандырушы жауапты болады. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, ол дау сақтанушының пайдасына шешiледi.
      6. Сақтандыру полисiнде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 826-бабында  тiзiп көрсетiлген талаптардан басқа, сақтандырушының бiр сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiнiң мөлшерi және шарттың түрi көрсетiлуге тиiс.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру полисiн ресiмдеу жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарында белгiленедi.
      7. Сақтандыру полисi жоғалған жағдайда сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) жазбаша өтiнiшi негiзiнде оған сақтандыру полисiнiң дубликатын беруге мiндеттi.
      Сақтандыру полисi бланкiсiн жасауға және оның дубликатын ресiмдеуге жұмсалған шығыстарды сақтанушы (сақтандырылушы) өтейдi, бұл ретте өтелетiн шығыстардың жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өтiнiш берiлген күнге белгiленген 0,1 айлық есептiк көрсеткiштен аспауы тиiс.
      8. Егер сақтандырушы көлiк құралдары иелерінің жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбiрленушiнiң жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасасса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) және жәбiрленушiнiң алдында осы Заңда белгiленген талаптар бойынша мiндеттемелер атқарады.

      11-бап. Стандартты шарт

      1. Стандартты шарт бойынша бiр немесе бiрнеше көлiк иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгi сақтандырылуы мүмкiн.
      2. Стандартты шарт сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) пайдаланылатын көлiк құралының әр бiрлiгiне жеке сақтандыру полисiн беру жолымен жасалады.
      3. Сақтандыру полисiнде сақтанушы (сақтандырылушы, сақтандырылушылар) және пайдаланылатын көлiк құралы туралы мәлiметтер болуға тиiс.
      4. Сақтанушы (сақтандырылушы) стандартты шартты жасасқан кезде, сондай-ақ оның қолданылу мерзiмi iшiнде көлiк құралдары иелерiнiң бәрiн сақтандырылушылар ретiнде сақтандыру полисiне енгiзудi талап етуге құқылы.
      Сақтандырушы сақтандыру полисiне өзгерiстердi сақтанушының жазбаша өтiнiшi негiзiнде енгiзедi.
      5. Стандартты шарт бойынша сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтанушының (сақтандырылушының) өзiнiң үшiншi тұлғаларға зиян келтiруi салдарынан не:
      1) көлiк құралын оны жүргiзуге құқылы адам сақтанушының (сақтандырылушының) қатысуымен жүргiзген;
      2) адам көлiк құралын сақтанушымен (сақтандырушымен) жазбаша нысанда ресiмделген еңбек шарты немесе өзге де шарт негiзiнде жүргiзген;
      3) көлiк құралын заңсыз иеленген адам, егер келтiрiлген зиян үшiн жауапкершілік сақтанушыға (сақтандырылушыға) жүктелсе, көлiк құралын жүргiзген жағдайда туындаса, сақтандырылған деп есептелiнедi.
      6. Егер осы баптың 4-тармағында көзделген өзгерiстердi енгiзу сақтандыру сыйлықақысы мөлшерiнiң көбеюiне немесе азаюына әкеп соқса, сақтандырушы осы Заңға сәйкес сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн қайта есептеуге және сақтанушыдан қосымша төлемдi не сақтандырушының iс жүргiзуге жұмсаған шығыстарын жабуды ескере отырып сақтанушының артық төлеген сомасын қайтаруды талап етуге мiндеттi.

      12-бап. Кешендi шарт

      1. Кешендi шарт бойынша екi және одан да көп көлiк құралы бiрлiгiнiң иесi болып табылатын жеке тұлғаның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтандырылуы мүмкiн.
      2. Кешендi шарт сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) пайдаланылатын барлық көлiк құралдарына сақтандыру полисiн беру жолымен жасалады.
      3. Сақтандыру полисiнде сақтанушы (сақтандырылушы) - жеке тұлға және ол пайдаланатын көлiк құралдары туралы мәлiметтер болуға тиiс.
      4. Сақтанушы (сақтандырылушы) кешендi шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыруға мiндеттi көлiк құралдары санының көбеюi немесе азаюы жағдайында оларға қатысты сақтандыру полисiне өзгерiстер енгiзудi талап етуге құқылы.
      Сақтандырушы сақтандыру полисiне өзгерiстердi сақтанушының (сақтандырылушының) жазбаша өтiнiшi негiзiнде енгiзедi.
      5. Кешендi шарт бойынша сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтанушының (сақтандырылушының) өзiнiң үшiншi тұлғаларға зиян келтiруi салдарынан не:
      1) көлiк құралын оны жүргізуге құқылы адам сақтанушының (сақтандырылушының) қатысуымен жүргiзген;
      2) көлiк құралын заңға қайшы иеленген адам, егер келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк сақтанушыға (сақтандырылушыға) жүктелсе, көлiк құралын жүргiзген жағдайда туындаса, сақтандырылған деп есептелiнедi.
      6. Егер осы баптың 4-тармағында көзделген өзгерiстердi енгiзу сақтандыру сыйлықақысы мөлшерiнiң көбеюiне немесе азаюына әкеп соқса, Сақтандырушы осы Заңға сәйкес сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн қайта есептеуге және сақтанушыдан қосымша төлем жасауды талап етуге не сақтандырушының iс жүргiзуге жұмсаған шығыстарын жабуды ескере отырып, сақтанушының артық төлеген сомасын қайтаруға мiндеттi.

      13-бап. Көлiк құралдары иелерінің жауапкершiлігiн
               мiндетті сақтандыру шартының қолданылуы

      1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбiрленушi деп танылған, оның iшiнде зиян келтiруге кiнәлi болып табылған сақтанушының (сақтандырылушының) көлiк құралында болған барлық адамдарға қатысты қолданылады, оған мыналар:
      1) осы көлiк құралын сақтанушымен (сақтандырылушымен) қызметтiк немесе еңбек мiндеттерiн атқаруға орай, оның iшiнде көлiк құралының иесiмен еңбек немесе өзге де шарт негiзiнде не сақтанушының (сақтандырылушының) ерiк бiлдiруi негiзiнде, мәмiленiң жазбаша нысанын ресiмдемей, оның қатысуымен жүргiзген адам;
      2) егер сақтанушы (сақтандырылушы) тасымалдаушы болып табылса, оған Қазақстан Республикасы заң актісінің тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыруды регламенттейтiн талабы қолданылса, жолаушылар;
      3) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен сақтанушыға (сақтандырылушыға) жұмыс берушi ретiнде қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауы кезiнде денсаулығына және өмiріне зиян келтiргенi үшiн өз жауапкершiлiгiн сақтандыру міндетi жүктелсе, сақтанушының (сақтандырылушының) қызметкерлерi кiрмейдi.
      2. Көлiк құралдары иелерiнің жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартында белгiленген күннен бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
      3. Көлiк құралдары иелерiнің жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты күшіне енгiзілген күннен бастап он екi ай мерзiмге жасалады.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты жеке немесе заңды тұлғада көлiк құралын иелену құқығының пайда болған кезiнен бастап, бiрақ осы көлiк құралының iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерiнде мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) өткен кезiнен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жасалуға тиiс.
      4. Көлiк құралы маусымдық пайдаланылған кезде көлік құралдары иелерiнiң жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру шартын осы баптың 3-тармағында көзделгеннен өзгеше, бiрақ кемiнде алты ай мерзiмге жасауға жол берiледі.
      5. Көлiк құралы Қазақстан Республикасының аумағына уақытша енген жағдайда көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты уақытша енген бүкiл кезеңге, бiрақ кемінде күнтiзбелiк бес күнге жасалады.
      6. Егер Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.

      14-бап. Көлік құралдары иелері жауапкершілігінің
               міндетті сақтандыру шартының қолданылуын
              тоқтату

      1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шарты:
      1) шарттың қолданылу мерзiмi бiткен;
      2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған;
      3) сақтандырушы сақтандыру төлемiн алғашқы сақтандыру жағдайының басталуы бойынша жүзеге асырған жағдайларда тоқтатылған деп есептелiнедi.
      2. Сақтандыру төлемi жүзеге асырылған кезде сақтандырушы сақтандыру полисiн алып қоюға тиiс. Бұл ретте көлiк құралының (егер ол жойылмаса) иесi өзiнiң таңдауы бойынша мiндеттi сақтандырудың осы түрiн (сыныбын) жүзеге асыруға құқығы бар кез келген сақтандырушымен жаңа кезеңге көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға мiндеттi.

      15-бап. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігін
               міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын
               тоқтату

      1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндетті сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде  белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
      2. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндетті сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату үшін сақтанушы (сақтанушы қайтыс болған жағдайда - оның мұрагерi (мұрагерлерi) сақтандырушыға жазбаша өтiнiш бередi.
      3. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шарты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының сақтандыру сыйлықақысының бiр бөлiгiн мынадай мөлшерлерде қайтарып алуға құқығы бар:
___________________________________________________________________
Рет| Көлiк құралдары иелерiнiң   |  Сақтандырушы ұстап қалатын
 N |  жауапкершiлігін мiндеттi   |   сақтандыру сыйлықақысының
   |  сақтандыру шарты күшiне    |   мөлшерi (жылдық сақтандыру
   |  енген кезден бастап ол     |сыйлықақысынан процент есебiмен)
   |мерзiмiнен бұрын тоқтатылған |
   | кезге дейiн өткен мерзiм    |
___________________________________________________________________
 1 |              2              |              3
___________________________________________________________________
 1  15 күнге дейiн, қоса алғанда                15
 2  16 күннен 1 айға дейiн,
    қоса алғанда                                20
 3  1 айдан 2 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     30
 4  2 айдан 3 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     40
 5  3 айдан 4 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     50
 6  4 айдан 5 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     60
 7  5 айдан 6 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     70
 8  6 айдан 7 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     75
 9  7 айдан 8 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     80
10  8 айдан 9 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     85
11  9 айдан 10 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     90
12  10 айдан 11 айға дейiн, қоса
    алғанда                                     95
13  11 айдан жоғары                            100
___________________________________________________________________

      16-бап. Сақтанушының құқықтары мен міндеттері

      1. Сақтанушы:
      1) сақтандырушыдан көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың талаптарын, көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
      2) сақтандыру полисiн жоғалтып алған жағдайда оның дубликатын алуға;
      3) жәбiрленушiнің денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшы көрсететiн қызметтердi пайдалануға;
      4) келтiрiлген зиянның мөлшерiне сақтандырушы немесе тәуелсiз сарапшы жүргiзген бағалаудың нәтижелерiмен және сақтандыру төлемi мөлшерiнiң есеп-қисабымен танысуға;
      5) көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға;
      6) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерiн азайту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дауласуға;
      7) сақтандыру төлемiн осы Заңда көзделген жағдайларда алуға құқылы.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
      2. Сақтанушы:
      1) көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде осы Заңға сәйкес көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн міндеттi сақтандыру шартына енгiзу үшiн қажеттi мәлiметтердi сақтандырушыға ұсынуға;
      2) сақтандыру сыйлықақыларын көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде төлеуге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне белгiлi болғаннан бастап кiдiрiссiз, бiрақ үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, қолдан келетiн тәсiлмен (ауызша, жазбаша) бұл туралы caқтандырушыға хабарлауға мiндеттi. Ауызша нысандағы хабарлама кейiннен (жетпiс екi сағат iшiнде) жазбаша түрде расталуға тиiс. Сақтанушы мен сақтандырылушы бiр тұлға болып табылмайтын жағдайларда, сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлау жөнiндегi мiндет сақтандырылушыға жүктеледi. Егер сақтанушының (сақтандырылушының) дәлелдi себептермен аталған iс-әрекеттердi орындау мүмкiндiгi болмаса, ол мұны құжаттармен растауға тиiс;
      4) көлiк оқиғасы болған кезде жәбiрленушілерге және жол полициясы қызметкерлерiне олардың талабы бойынша көлiк құралдары иелерi жауапкершілігiнiң мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушының атауын және орналасқан жерiн хабарлауға;
      5) көлiк оқиғасы болған кезде ықтимал шығындарды болдырмау немесе азайту үшiн қалыптасқан мән-жайларға ақылға қонымды және қолдан келетiн шараларды, оның iшiнде зардап шеккен адамдардың мүлкiн құтқару және оларға көмек көрсету шараларын қолдануға;
      6) көлiк оқиғасы және зардап шеккен адамдар туралы тиiстi органдарға және ұйымдарға олардың құзыретiне орай (iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерiне, өртке қарсы қызмет органдарына, жедел медициналық жәрдем қызметiне, авариямен күрес қызметiне) хабарлауға;
      7) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлаған күннен бастап кідірiссiз, бiрақ екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей бұл туралы жәбiрленушiге хабарлауға;
      8) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға керi талап қою құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
      3. Сақтанушының осы баптың 2-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында аталған мiндеттерi көлiк оқиғасы болған кезде көлiк құралын тiкелей жүргiзген адамға жүктеледi.

      17-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушы:
      1) көлiк құралы иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәлiметтерден басқа, осы Заңға сәйкес көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартына енгiзу үшiн қажетті мәлiметтердi, оның iшiнде көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандырудың осының алдындағы шарттары, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты беруiн талап етуге;
      2) тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретiне орай, сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және жәбiрленушiлерге келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжаттарды сұратуға;
      3) көлiк оқиғасының себептерiн және өзге де мән-жайларын анықтау үшiн жәбiрленушiнiң зақымдалған (жойылған) мүлкiне бағалау жүргiзуге;
      4) сақтандыру жағдайы басталған кезде жәбiрленушiнiң денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау және сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн айқындау үшiн тәуелсiз сарапшы көрсететiн қызметтердi пайдалануға;
      5) осы Заңның 28-бабында көзделген жағдайларда, зиян келтiргенi үшiн жауапты тұлғаға, керi талап қоюға;
      6) осы Заңның 29-бабында көзделген негiздер бойынша сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
      2. Сақтандырушы:
      1) caқтанушыны (сақтандырылушыны) көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру талаптарымен таныстыруға, оның көлiк құралы иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
      2) көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқаннан кейiн сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисiн беруге;
      3) осы Заңның 11 және 12-баптарында көзделген жағдайларда сақтандыру полисiне өзгерiстер енгiзуге;
      4) осы Заңның 20-бабы 1-тармағының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға сақтандыру сыйлықақыларын төлеу жөнiнде жеңiлдiк жасауға;
      5) көлiк оқиғасы туралы хабар алынған кезде оны кiдiрiссiз тiркеуге;
      6) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезден бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтанушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша зақымдалған (жойылған) мүлiкке бағалау жүргiзуге, сақтандыру төлемi мөлшерiнiң есеп-қисабын көрсете отырып сақтандыру актiсiн жасауға және оны танысу үшiн пайда алушыға ұсынуға;
      7) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемiн осы Заңда белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде жасауға;
      8) сақтанушыға (сақтандырылушыға) олардың сақтандыру жағдайы кезiнде шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатымен жұмсаған шығыстарын өтеуге;
      9) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

      18-бап. Жәбiрленушiнің құқықтары

      1. Жәбiрленушi:
      1) болуы салдарынан сақтанушы (сақтандырылушы) өзiне зиян келтiрген көлiк оқиғасы туралы сақтандырушыға хабарлауға;
      2) сақтанушының (сақтандырылушының) орнына сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшін қажеттi құжаттарды жинауға және оларды сақтанушымен (сақтандырылушымен) көлiк құралы иелерiнің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыға табыс етуге;
      3) денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшы көрсететiн қызметтердi пайдалануға;
      4) келтiрiлген зиянның мөлшерiне сақтандырушы немеce тәуелсiз сарапшы жүргiзген бағалаудың нәтижелерiмен және сақтандыру төлемi мөлшерiнiң есеп-қисабымен танысуға;
      5) осы Заңда белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде сақтандыру төлемiн алуға;
      6) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы немесе оның мөлшерiн азайтуы туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дау айтуға;
      7) көлiк құралының иесiне келтiрiлген зиянды келтiрiлген зиян сомасының алынған сақтандыру төлемi сомасынан асатын мөлшерде өтеуi туралы талап қоюға құқылы.
      2. Осы Заңда көзделген жағдайларда жәбiрленушiнiң осы баптың 1-тармағында белгiленген құқықтары пайда алушы ретiнде әрекет жасаушы өзге тұлғаларға өтедi.

4-тарау. Сақтандыру сыйлықақылары

      19-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi

      1. Көлiк құралдары иелерiнің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асырған кезде көлiк құралының әр бiрлiгiне арналған жылдық сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерлерi белгiленедi (айлық есептiк көрсеткiштермен):
___________________________________________________________________
 Рет  |    Көлiк құралының            |     Жылдық сақтандыру
  N   |         түрі                  |   сыйлықақысының мөлшерi
      |                               |_____________________________
      |                               | жеке тұлға  | заңды тұлға,
      |                               |   үшін      | жеке кәсiпкер
      |                               |             |     үшін
___________________________________________________________________
  1               2                          3             4
___________________________________________________________________
 1     Двигатель көлемi мынадай
       жеңiл автомобильдер және
       олардың базасында жасалған
       көлiк құралдары:
       1200 текше см-ге дейiн,
       қоса алғанда                          1,5            3,0
       1200-ден жоғары
       1600 текше см.-ге дейiн               2,0            4,0
       1600-ден жоғары
       2000 текше см.-ге дейiн               3,0            5,0
       2000-нан жоғары
       2500 текше см.-ге дейiн               5,0            7,0
       2500-ден жоғары
       3500 текше см.-ге дейiн               7,0            9,0
       3500 текше см.-ден жоғары             8,0           10,0
___________________________________________________________________
 2     Автобустар, шағын автобус.
       тар және олардың базасында
       жасалған көлiк құралдары:
       Жолаушылар орны 16-ғa                 5,0            6,0
       дейiн, қоса алғанда
       Жолаушылар орны                       6,0            7,0
       16-дан көп
___________________________________________________________________
 3     Жүк көтергiштiгi мынадай
       жүк автомобильдерi және
       олардың базасында жасалған
       көлiк құралдары:
       2 тоннаға дейiн, қоса алғанда         6,0            7,0
       2 тоннадан көп                        7,0            9,0
___________________________________________________________________
 4     Tроллейбустар, трамвайлар             -              7,0
___________________________________________________________________
 5     Мотокөлік                             1,0            1,0
___________________________________________________________________
 6     Тiркемелер (жартылай                  1,5            2,0
       тiркемелер)
___________________________________________________________________

      2. Көлiк құралы иелерінің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде төленуге тиiс сақтандыру сыйлықақысын есептеген кезде, осы баптың 1-тармағында белгiленген жылдық сақтандыру сыйлықақыларына көлiк құралының тiркелген жерiне қарай аумақтық коэффициенттердiң мынадай мөлшерлерi қолданылады (көлiк құралы Қазақстан Республикасының аумағына уақытша енген жағдайларды қоспағанда):
___________________________________________________________________
Рет  |  Облыстың, республикалық         | Аумақтық коэффициенттің
 N   |    маңызы бар қаланың,           |     мөлшерi (жылдық
     |    астананың атауы               | сақтандыру сыйлықақысы.
     |                                  |   ның мөлшерiне қатысты)
     |                                  |___________________________
     |                                  |   облыс    | өзге қалалар
     |                                  |  орталығы, |  және елдi
     |                                  |  облыстық  |   мекендер
     |                                  |   маңызы   |
     |                                  |  бар қала  |
___________________________________________________________________
 1               2                             3            4
___________________________________________________________________
 1     Батыс Қазақстан, Атырау,
       Қызылорда және
       Маңғыстау облыстары                   0,80          0,70
___________________________________________________________________
 2     Ақтөбе, Солтүстiк
       Қазақстан облыстары                   0,85          0,75
___________________________________________________________________
 3     Ақмола, Жамбыл,
       Қарағанды, Қостанай
       және Павлодар облыстары               0,90          0,80
___________________________________________________________________
 4     Оңтүстiк Қазақстан,
       Шығыс Қазақстан және
       Алматы облыстары                      0,95          0,85
___________________________________________________________________
 5     Астана қаласы                                 1,0
___________________________________________________________________
 6     Алматы қаласы                                 1,1
___________________________________________________________________

      3. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын он екi айдан аз мерзiмге жасасқан кезде көлiк құралының әр бiрлiгiне арналған сақтандыру сыйлықақыларының мынадай мөлшерi белгiленедi:
___________________________________________________________________
 Рет |      Сақтандыру мерзiмi                |    Сақтандыру
  N  |                                        |  сыйлықақысының
     |                                        |  мөлшерi (жылдық
     |                                        |     сақтандыру
     |                                        |  сыйлықақысынан
     |                                        | процент есебiмен)
___________________________________________________________________
  1                 2                                   3
___________________________________________________________________
  1    5 күн                                            10
  2    6 күннен - 15 күнге дейiн,                       15
       қоса алғанда
  3    16 күннен - 1 айға дейiн,                        20
       қоса алғанда
  4    1 айдан - 2 айға дейiн, қоса алғанда             30
  5    2 айдан - 3 айға дейiн, қоса алғанда             40
  6    3 айдан - 4 айға дейiн, қоса алғанда             50
  7    4 айдан - 5 айға дейiн, қоса алғанда             60
  8    5 айдан - 6 айға дейiн, қоса алғанда             70
  9    6 айдан - 7 айға дейiн, қоса алғанда             75
 10    7 айдан - 8 айға дейiн, қоса алғанда             80
 11    8 айдан 9 айға дейiн, қоса алғанда               85
 12    9 айдан - 10 айға дейiн, қоса алғанда            90
 13    10 айдан - 11 айға дейiн, қоса алғанда           95
 14    11 айдан жоғары                                 100
___________________________________________________________________

      4. Кешендi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы көлiк құралының бiр бiрлiгi үшiн төленедi, бұл ретте сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi сақтандыру полисінде көрсетiлген көлiк құралдары үшiн белгiленген сақтандыру сыйлықақылары мөлшерлерiнiң iшiнен неғұрлым көп көлемiне тең болып айқындалады.

      20-бап. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерiн
               азайту және көбейту

      1. Көлiк құралдарының иелерi - Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар, I және II топтағы мүгедектер стандартты шартты жасасқан кезде осы Заңның 19-бабына сәйкес есептелген, төленуге тиiстi сақтандыру сыйлықақысының елу процентi мөлшерiндегi сақтандыру сыйлықақысын төлейдi.
      Егер көлiк құралын осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар санатына жатпайтын басқа иелер де пайдаланатын болса, онда көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру мұндай жеңiлдiк берiлмей жүзеге асырылады.
      2. Сақтандырушы осы Заңның 19-бабына сәйкес есептелген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн, егер сақтандыру полисiнде аталған көлiк құралының иесi осының алдындағы көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмi iшiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға әкеп соққан зиян келтiрсе, елу процентке дейiн көбейте алады.
      Бұл тармақтың күшi осы баптың 1-тармағының бiрiншi бөлiгiнде аталған көлiк құралдарының иелерiне қолданылмайды.
      3. Сақтандырушының осы бапта көзделгеннен өзге негiздер бойынша төленуге тиiстi сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн азайтуға немесе көбейтуге құқығы жоқ.

      21-бап. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртiбi

      1. Егер көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын біржолғы төлеммен төлейдi.
      2. Сақтандырушы көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын мерзiмiн ұзартып төлеудi көздеуге құқылы. Бұл ретте сақтандырушы көлiк құралы иелерiнің жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартының барлық қолданылу мерзiмi iшiнде сақтанушы алдында жауапты болады. Сақтанушының кезектi сақтандыру жарнасын төлемеуi сақтандырушы үшiн көлік құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға негiз болып табылмайды.
      3. Кезектi сақтандыру жарнасы уақтылы төленбеген кезде сақтанушы сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 353-бабында  белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

5-тарау. Сақтандыру жағдайын, келтірілген зиянның және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау

      22-бап. Сақтандыру жағдайын және келтiрiлген зиянның
               мөлшерiн айқындау

      1. Сақтандырылушының көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлген, көлiк құралдарын пайдалануы нәтижесiнде жәбiрленушi деп танылған адамдардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу бойынша сақтандырылушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiнiң басталу фактіci сақтандыру жағдайы деп танылады.
      2. Жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның мөлшерi тиiстi ұйымдар берген құжаттар негiзiнде осы Заңға сәйкес айқындалады.
      3. Мүлiктiң зақымдалуы кезiнде келтiрiлген зиянның мөлшерi зақымдалған мүлiктi қалпына келтiру құнының есебi негiзге алынып, мүлiктiң сақтандыру жағдайы басталғанға дейiнгi есептелген амортизациясын (тозуын) шегере отырып айқындалады.
      Зақымдалған мүлiктi қалпына келтiру құны сақтандыру жағдайы басталған күнгi қолданыстағы нарықтық бағалар негiзге алынып есептелiнедi.
      4. Мүлiк жойылған кезде келтiрiлген зиянның мөлшерi оның сақтандыру жағдайы басталған күнгi нарықтық құны ескерiле отырып айқындалады.
      Егер қалпына келтiру техникалық жағынан мүмкiн болмаса немесе экономикалық тұрғыдан негiзсiз болса мүлiк жойылған деп есептеледi.  Мүлiктi қалпына келтiру, егер бұл ретте мүлiктi қалпына келтiруге арналған шығыстар оның сақтандыру жағдайы басталған күнгi нарықтық құнының сексен процентiнен асып кетсе, экономикалық тұрғыдан негiзсiз болып есептеледi.
      5. Мүлiк зақымдалған кезде келтiрiлген зиянның мөлшерiн сақтанушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сақтандырушы немесе тәуелсiз сарапшы бағалайды.
      Бағалаудың нәтижелерi сақтанушы (сақтандырылушы) немесе өзгеше дәлелдеуге құқылы жәбiрленушi үшiн мiндеттi болып табылмайды.
      6. Мүлкіне зиян келтiрiлген жәбiрленушi өзi не сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлағаннан кейiн жетi жұмыс күнi iшiнде осы мүлiктi көлiк оқиғасынан кейiнгi күйiнде сақтауға және сақтандырушыға немесе тәуелсiз сарапшыға келтiрілген зиянды бағалау үшiн мүмкiндiк жасауға мiндеттi.
      7. Сақтандыру жағдайын қасақана жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемiн заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық iс-әрекеттер Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

      23-бап. Келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындаудың
               ерекше шарттары

      1. Мүлiкке келтiрiлген зиянның мөлшерiне сақтандырушы немесе оның өтiнiшi бойынша тәуелсiз сарапшы жасаған бағалаудың нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбiрленушi зиянның мөлшерiн бағалау үшiн басқа тәуелсiз сарапшыға жүгiнуге құқылы. Бұл ретте, сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбiрленушi шеккен шығындар, егер жүргiзiлген бағалаудың негiзділігi мен объективтілігiн сақтандырушы мойындаса немесе сот белгiлейтiн болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң жүзеге асырылғанына қарамастан өтеуге тиiс.
      2. Егер сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталуы туралы хабарды алғаннан кейiн жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру актiсiн жасай отырып, мүлiкке келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалауды ұйымдастырмаса, онда сақтанушы (сақтандырылушы) не жәбiрленушi тәуелсiз сарапшы көрсететiн қызметтердi пайдалануға және мүлiктi қалпына келтiрудi (кәдеге жаратуды) бастауға құқылы. Бұл ретте сақтандырушының, егер зақымдалған (жойылған) мүлiктi уақытында бағалаудың мүмкiн болмағандығы дәлелдi себептерге (осы мүлiк иесiнiң қайтыс болуы немесе сырқаттануы) байланысты екендiгiн не сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбiрленушiнiң мүлiктi бағалауға ұсынудан жалтаруына байланысты кiнәсi бар екендiгiн дәлелдей алмаса, мүлiкке келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалаудың нәтижелерiне дауласуға құқығы жоқ.

      24-бап. Сақтандыру төлемiнің мөлшерiн айқындау

      1. Бiр сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi мынаны құрайды (айлық есептiк көрсеткiшпен):
      1) әрбiр жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн және ол мыналарға әкеп соқса:
      қайтыс болуына - 600,
      мүгедектiктiң:
      I тобы белгiленуiне - 500,
      II тобы белгiленуiне - 400,
      III тобы белгiленуiне - 300,
      мертiгуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектiк белгіленбеген өзге де бұзылуына - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 200-ден көп емес. Бұл ретте сақтандыру төлемiнiң мөлшерi стационарлық емделудiң әрбiр күнi үшiн кемiнде 1,5 айлық есептiк көрсеткiштi құрауы тиiс;
      2) жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 400-ден көп емес, ал бiрнеше жәбiрленушiнiң мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайда - келтiрiлген зиян мөлшерiнде, бiрақ сомасы барлық жәбiрленушiге 1000-нан көп емес, бұл ретте сақтандыру төлемi әрбiр жәбiрленушiге оның мүлкiне келтiрiлген зиянның мөлшерiне барабар түрде жүзеге асырылады.
      2. Қаза болуына немесе мүгедектiк белгiленуiне әкеп соққан, жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi осы баптың 1-тармағында белгiленген сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiнiң мөлшерiнде жүзеге асырылады.
      3. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн есептеу үшiн Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес белгiленген сақтандыру төлемi жүзеге асырылған күнгi айлық есептiк көрсеткiш пайдаланылады.
      4. Сақтанушының (сақтандырылушының) шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, eгep мұндай шығыстар қажеттi болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жұмсалса, егер тиiстi шаралар тiптi сәтсiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.
      Мұндай шығыстар нақты мөлшерiнде өтеледi, бұл ретте сақтандыру төлемiнiң және шығыстар өтемақысының жалпы сомасы көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасынан аспауға тиiс. Егер шығыстар сақтанушының сақтандырушы нұсқауларын орындауы нәтижесiнде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз, толық мөлшерiнде өтеледi.
      Аталған шығыстарды сақтандырушы тiкелей шығыстарды шеккен адамға өтейдi.
      5. Сақтандыру сомасы келтiрiлген зиянды толығымен өтеу үшiн жетпеген кезде сақтанушы жәбiрленушiге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшерi арасындағы айырманы өтейдi.
      6. Жәбiрленушi қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлерi болмаған кезде сақтандырушы жәбiрленушiнi жерлеген адамға жерлеуге қажеттi шығыстарды нақты шығындар мөлшерiнде, бiрақ көлiк құралы иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы шегiнде өтейдi.

      25-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың жалпы
               шарттары

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы талапты сақтанушы (сақтандырылушы) немесе пайда алушы болып табылатын өзге адам жазбаша нысанда сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттармен қоса ұсынады.
      2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
      1) сақтандыру полисi (оның дубликаты);
      2) сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және жәбiрленушiлерге келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжат;
      3) жәбiрленушiнiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiнiң мерзiмi туралы денсаулық сақтау ұйымдары анықтамасының немесе мүгедектiк белгiленген жағдайда мамандандырылған мекемелердiң жәбiрленушiге мүгедектiк белгiлеу туралы анықтамасының көшiрмесi;
      4) жәбiрленушiнiң қайтыс болғаны туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi және жәбiрленушi қайтыс болған жағдайда пайда алушының зиянды өтеттiру құқығын растайтын құжат (көшiрмесi);
      5) келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау жөнiнде тәуелсiз сарапшы жасаған құжаттар, олар болған кезде;
      6) пайда алушының жеке басы куәлiгiнiң көшiрмесi (жеке тұлға үшiн) немесе заңды тұлғаның өкiлiне берiлген сенiмхаттың түпнұсқасы;
      7) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (сақтандырылушының) шығынды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын растайтын құжаттар, олар болған кезде;
      8) сақтанушының (сақтандырылушының) немесе көлiк құралын жүргiзушi адамның жүргiзушi куәлiгiнiң көшiрмесi және оның осы көлiк құралын жүргiзуге құқығын растайтын құжаттың көшiрмесi.
      Сақтандырушының сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) не жәбiрленушiден басқа қосымша құжаттарды талап етуiне жол берiлмейдi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтiнiш берушiге ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және олар қабылданған күндi көрсете отырып анықтама беруге мiндеттi.
      4. Жәбiрленушi (ол қайтыс болған жағдайда - жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтеттiруге құқылы адам), сондай-ақ сақтанушы (сақтандырылушы) немесе жәбiрленушiге (зиянды өтеттiруге құқылы адамға) келтiрiлген зиянды осы Заңда белгiленген сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң көлемi шегiнде өтеушi және сақтандыру төлемiне құқық алған өзге де тұлға пайда алушы болып табылады.
      5. Жәбiрленушiнiң жазбаша ресiмделген өтiнiшi немесе нотариат куәландырған сенiмхаты бойынша сақтандыру төлемi тiкелей оның денсаулығын және (немесе) мүлкiн қалпына келтiру жөнiнде қызмет көрсеткен (көрсетушi) тұлғаға жүзеге асырылуы мүмкiн.
      6. Жәбiрленушiнiң өмiрiне және денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi оған (зиянды өтеттiруге құқылы адамдарға) басқа сақтандыру шарттары бойынша тиесiлі сомаға қатыссыз жүзеге асырылады.
      7. Сақтандыру төлемi жүзеге асырылған кезде сақтандырушының пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттар қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.
      8. Сақтандырушы осы мүлiктiң сақтандыру жағдайы басталған күнгi нарықтық құны мөлшерiндегi сақтандыру төлемiн жүзеге асырған жағдайда, оның мүлiктi және мүлiктiң қалдықтарын алуға құқығы бар.

      26-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асыру тәртiбi

      1. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңның 25-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде төлейдi.
      2. Пайда алушы сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне дауласқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде, аталған тұлғалардың бiрде-бiрi дауласпаған бөлiгiнде шұғыл түрде жүзеге асыруға мiндеттi.
      Сақтандыру төлемiнiң дау туғызған бөлiгiн сақтандырушы бiтiм келiсiмi жасалған және оны сот бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде, не, егер сот шешiмдi шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап төлеуге тиiс.
      3. Егер сақтандыру жағдайының басталуына әкеп соққан оқиғаның нәтижесiнде жәбiрленушiнiң денсаулығы нашарлап кетсе (мүгедектiк не мүгедектiктiң неғұрлым жоғары тобы белгiленсе) не қайтыс болса, онда сақтандырушы жәбiрленушіден (пайда алушыдан) келiп түскен өтiнiштiң және тиiстi құжаттардың негiзiнде, сақтандыру төлемiнiң сомасына осы Заңда белгiленген тәртiппен және мөлшерде қайта есептеу жүргiзуге мiндеттi.
      Бұл ретте сақтандыру төлемiнiң сомасын қайта есептеу кезiнде бұрын төленген сомалар есепке алынады.
      4. Сақтандыру төлемi уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында  белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

      27-бап. Бiрнеше тұлға зиян келтiрген кездегi
               сақтандыру төлемi

      Тұлғаға иелерiнде көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттары бар бiрнеше көлiк құралдары зиян келтiрген кезде пайда алушы сақтандыру төлемiн олардың әрқайсысынан жеке-жеке алуға құқылы. Әрбiр сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңда белгiленген жауапкершiлiк көлемi шегiнде және сақтанушы жауапкершілiгiне тең мөлшерде жүзеге асырады. Бұл ретте барлық сақтандырушылар жасаған сақтандыру төлемiнiң жалпы сомасы жәбiрленушiге келтiрiлген нақты зиян мөлшерiнен және әрбiр сақтандырушы үшiн көзделген жауапкершілiктiң шектi көлемiнен аспауға тиiс.

      28-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы

      1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушы сақтанушыға (сақтандырылушыға) төленген сома шегiнде мынадай жағдайларда, егер:
      1) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi оның, қажеттi қорғану және аса қажеттiлiк жағдайында жасалған iс-әрекеттерiн қоспағанда, сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына септiгiн тигiзетiн қасақана iс-әрекеттерi салдарынан басталса;
      2) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi оның көлiк құралын алкогольге, есiрткiге немесе уытқұмарлыққа мас болып жүргiзуi салдарынан басталса;
      3) көлiк құралын жүргiзушi адамның оны жүргiзу құқығы болмаса;
      4) соттың iстi талқылауы барысында сақтандыру жағдайы көлiк құралының техникалық ақауы салдарынан болғаны, олар туралы сақтанушының (сақтандырылушының) бiлгенi немесе бiлуге тиiстi екенi анықталса;
      5) көлiк құралы оның техникалық сипатына сай емес мақсаттарға пайдаланылса;
      6) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайынан болатын шығындарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбаса;
      7) көлiк құралын жүргiзушi адам көлiк оқиғасы болған жерден қашып кетсе, керi талап қоюға құқылы.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында тiзiп көрсетiлген жағдайларда келтiрiлген зиянға көлiк құралын оның иесiмен еңбек қатынасына орай немесе мәмiленің жазбаша нысанын ресiмдемей оның иесiнiң қатысуымен пайдаланған тұлға кiнәлi болып табылса, онда сақтандырушының осы көлiк құралының иесiне керi талап қоюға құқығы бар.
      3. Сақтанушының (сақтандырылушының) сақтандырушы сақтандыру нәтижесiнде өтеген шығындар үшiн жауапты адамға керi талап қою құқығы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға ол төлеген сома шегінде ауысады. Бұл ретте, егер сақтандыру жағдайы автомобиль жолдарының және олардың бойындағы ғимараттардың қанағаттанғысыз күтiмiнен туындаған жол жағдайы себептерiнен болғаны анықталса, көлiк құралы иесiнің осындай жағдайлар жасауға кiнәлi тұлғаға талап қою құқығы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға ауысады.

      29-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге
               асырудан босату негіздерi

      1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
      1) қажеттi қорғану және аса қажеттілiк жағдайда жасалған iс-әрекеттердi қоспағанда, пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына септiгiн тигiзетiн қасақана iс-әрекеттерi;
      2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заң актілерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекеттерi салдарынан болса, сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.
      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн сондай-ақ:
      1) сақтанушының шығынның тиiстi өтемiн шығын келтiруге кiнәлi тұлғадан алуы;
      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламау немесе уақтылы хабарламау;
      3) сақтанушының (сақтандырылушының) көлiк құралын жарыстарда, сынақтарда немесе жүргiзудi үйретуге арнайы лайықталған орындарда оқыту кезiнде пайдалануы;
      4) көлiк құралын тиеу немесе түсiру кезiнде зиян келтiру;
      5) жәбiрленушiнiң мүлкiне ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмiстен жасалған бұйымдар, құнды заттар, әсемдiк бұйымдар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар түрiнде зиян келтiру;
      6) жәбiрленушiнiң осы Заңның 22-бабы 6-тармағының талаптарын бұзуы негiз болуы мүмкiн.
      3. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тарту үшiн негiздер бар кезде сақтандырушы талап қойылған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы талап қойған тұлғаға бас тарту себептерiнiң дәлелдi негiздемесi келтiрiлген сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi шешiмдi жазбаша нысанда жiберуге мiндеттi.
      4. Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны уақтылы хабардар етпеу не оған хабарламау, егер бұл дәлелдi себептерге байланысты болса және сақтандыру жағдайының басталғаны, жәбiрленушінің өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiрiлгенi туралы фактiнi растайтын тиiстi құжаттар ұсынылса және мүлiк бағалау үшiн көлiк оқиғасынан кейiнгi күйiнде ұсынылса, сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
      5. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
      1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк улану әсерiнiң;
      2) соғыс қимылдарының;
      3) азамат соғысының, түрлi сипаттағы халық толқуларының, жаппай тәртiпсiздiктердiң немесе ереуiлдердiң салдарынан басталса, сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
      6. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негiздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      30-бап. Дауларды қараудың тәртібі

      Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Pecпубликасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.

      31-бап. Қазақстан Республикасының көлік құралдары
               иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру
               туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының көлiк құралдары иелерінің жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті