Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы N 423 Заңы

Жаңартылған

      Осы Заң мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайлары басталған кезде сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының  құқықтық жағдайын, құрылу тәртібін және қызметін, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысу шарттарын  айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент банк - банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, Cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен агенттік келісім негізінде кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру бойынша қызмет көрсететін банк немесе ұйым;
      2) кепілдік төлемі - "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында  көзделген жағдайларда мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндетті сақтандыру шарты бойынша басталған сақтандыру жағдайлары бойынша Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттармен сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға) төлейтін ақша сомасы;
      3) міндетті сақтандыру шарты - Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісі негізінде сақтанушының сақтандыру ұйымымен жасасқан шарты;
      4) қатысу шарты - Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры мен сақтандыру ұйымының арасында осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттармен жасалған сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу шарты;
      5) өтініш беруші - Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісімен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына  міндетті қатысу көзделген міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алуға ниет білдірген, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлға не сақтандыру ұйымы;
      6) кредитор - мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде кепілдік төлемін алуға құқығы бар сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы);
      7) өтемақы төлемдері - Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторымен жасалған міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақылары төлеміне орай қатысушы-сақтандыру ұйымына төленетін ақша сомасы;
      8) міндетті жарналар - осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысушы-сақтандыру ұйымы төлейтін, Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісінде Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына міндетті қатысу көзделген міндетті сақтандыру түрлері бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақылары бөлігі түріндегі ақша сомасы;
      9) міндетті сақтандыру - Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына сақтандыру ұйымының міндетті қатысуын көздейтін, Қазақстан Республикасының заң актісінде белгіленген міндетті сақтандыру түрі;
      10) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы - сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын, өзіне қатысты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сақтандыру ұйымы;
      11) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві - міндетті жарналар есебінен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қалыптастыратын ақша сомасы, сондай-ақ Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының талаптарын қанағаттандыру тәртібімен олар мәжбүрлеп таратылған сақтандыру ұйымынан алған және тек қана кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын ақша сомасы, сондай-ақ сақтандыру жағдайын, келтірілген зиян мөлшерін анықтауға байланысты шығыстар мен кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыруға байланысты шығыстар сомасы;
      12) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі - осы Заңда көзделген, қатысушы-сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған жағдайда міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешені;
      13) қатысушы-сақтандыру ұйымы - Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын жасасқан сақтандыру ұйымы;
      14) меншікті капитал - Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының оның міндеттемелеріне азайтылған активтері мен сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві; 
      15) уәкілетті орган - сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган;
      16) шартты міндеттемелер - қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарды төлеу үшін ол қалыптастыратын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры алдындағы міндеттемелері;
      17) төтенше жарналар - осы Заңда көзделген жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қосымша төлейтін ақша сомасы.
       Ескерту: 1-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

       2-бап. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы
               заңдар

      Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы заңдар Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексінен , "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңынан , осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

  2-тарау. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының
қызметін мемлекеттік реттеу және бақылау

       3-бап. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының
               қызметін мемлекеттік реттеу және бақылау

      1. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (бұдан әрі - Қор) қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Уәкілетті орган Қорға және оның лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен санкциялар және өзге де ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.

       4-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) Қордың және сақтандыру ұйымдарының қызметін реттейтін, соның ішінде кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
      2) қатысу шартының типтік нысанын бекітеді;
      3) Қор активтерін инвестициялау тәртібін белгілейді;
      4) Қордың есептiлiгiнiң (қаржылық есептіліктi қоспағанда) көлемiн, табыс ету тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды;
      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 69 ,   2006 жылғы 20 ақпандағы   N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңдарымен .

  3-тарау. Қорды құру және оның қызметі

       5-бап. Қорды құру тәртібі және оның органдары

      1. Қор коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін осы Заңның және құрылтай құжаттарының негізінде жүзеге асырады. Қордың ұйымдық-құқықтық нысаны акционерлік қоғам болып табылады.
      2. Қордың құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Қордың қаржылық есептiлiгiнiң көлемiн, табыс ету тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды.
      3. Қордың қызметіне жалпы басшылықты бес адамнан тұратын директорлар кеңесі жүзеге асырады. Директорлар кеңесінің құрамына уәкілетті органның бір өкілі, Қорға қатысушы-сақтандыру ұйымдарынан бір өкіл, құрылтайшының бір өкілі, Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асыратын, құрылтайшы тағайындайтын Қордың бас директоры және Қордың бір өкілі кіреді.
      4. Қордың банк шоттары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылады. Кепілдік төлемдерін жүзеге асыру үшін, сондай-ақ Қордың ағымдағы қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру мақсатында Қордың банк шоттары екінші деңгейдегі банктерде ашылуы мүмкін.
       Ескерту. 5-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08.  N 69 ,   2006 жылғы 20 ақпандағы   N 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңдарымен .

       6-бап. Қордың директорлар кеңесінің құзыреті

      Қордың жарғысында белгіленген шекте Қордың директорлар кеңесінің құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
      1) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының әрбір күнтізбелік жылға арналған міндетті және төтенше жарналарының ставкаларын, қатысушы-сақтандыру ұйымдары Қорға төлеуге тиісті төтенше жарналардың мөлшерін белгілеу;
      2) сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны тоқтата тұруды немесе қайтарып алуды қоса алғанда, сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңдарда көзделген қатысушы-сақтандыру ұйымына инспекторлық тексеру жүргізу және (немесе) оған шектеулі ықпал ету және санкциялар шараларын қолдану туралы уәкілетті орган алдында өтініш жасау жөнінде шешім қабылдау;
      3) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы-сақтандыру ұйымының кредиторларына өтем төлеу туралы шешім қабылдау;
      4) агент-банкті таңдау;
      4-1) тартылатын заемдардың және Қордың қарызға алуларының шекті мөлшерлерін белгілеу;
      5) осы Заңға және Қор жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктер.
       Ескерту. 5-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

        7-бап. Қордың кепілдіктері

      Қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемінен заңсыз бас тартқанда (толық немесе ішінара) не толық көлемде оны жүзеге асырмағанда, оның ішінде сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияны кері қайтарып алғанға және соттың оны мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енгенге дейінгі кезеңде міндетті сақтандыру шарттары бойынша барлық басталған сақтандыру жағдайлары бойынша Қор кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөнінде өзіне міндеттемелер қабылдайды.
       Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

       8-бап. Қордың негізгі міндеті және функциялары

      1. Қордың  негізгі міндеті қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.
      2. Қор негізгі міндетті орындау үшін мынадай функцияларды:
      1) осы Заңға сәйкес кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыруды;
      2) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының міндетті және төтенше жарналарын тартуды;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен инвестициялық қызметті жүзеге асырады.
      3. Өз функцияларының сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Қор өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан ақпарат, оның ішінде сақтандыру құпиясын құрайтын ақпарат алуға құқылы.
      Алынған мәліметтер одан әрі жариялауға жатпайды.
      4. Қор қызметкерлері өз функцияларын жүзеге асыру барысында алынған қызметтік, коммерциялық құпияны, сақтандыру құпиясын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялағаны үшін жауапты болады.
       Ескерту. 8-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

  4-тарау. Қорға қатысу тәртібі

       9-бап. Қатысу шартын жасасу

      1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, соған сәйкес сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшін Қорға қатысуы қажет болғанда, өтініш беруші Қормен қатысу шартын жасасуға тиіс.
      2. Өтініш беруші қатысу шартын жасасу үшін Қорға нотариатта куәландырылған мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушіні мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
      2) өтініш берушінің статистикалық карточкасының көшірмесі;
      3) өтініш беруші жарғысының көшірмесі.
      3. Қатысу шартының нысаны, мазмұны және талаптары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің және осы Заңның талаптарына сәйкес болуға тиіс.

       10-бап. Қатысу шартының міндетті талаптары

      Қатысу шартында:
      1) тараптардың толық атауы, олардың орналасқан жері және банктік деректемелері туралы мәліметтер;
      2) шарттың осы Заңға сәйкес келетін нысанасы туралы нұсқама;
      3) тараптардың осы Заңға сәйкес келетін құқықтары мен міндеттері;
      4) міндетті және төтенше жарналарды төлеу, сондай-ақ шартты міндеттемелерді қалыптастыру тәртібі;
      5) кредиторға кепілдік төлемінің мөлшерін айқындау және жүзеге асыру талаптары мен тәртібі;
      6) осы Заңның 16-бабының талаптары сақталған кезде мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушыларымен міндетті сақтандыру шарттарын жасасу тәртібі мен талаптары;
      7)  алып тасталды ;
      8) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндеттемелерін орындайтын Қорға кредитор құқығының өтуі туралы талаптар;
      9) қатысу шартын тоқтату талаптары;
      10) тараптардың қатысу шартын бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы талаптар;
      11) Қордың өтемақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі  болуға тиіс.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

       11-бап. Қатысу шартын тоқтату

      Қатысу шарты:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген жалпы негіздерде;
      2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісіне сәйкес сақтандыру ұйымына Қорға қатысу және міндетті сақтандырудың осы түрлері бойынша жасалған міндетті сақтандыру шарттарының қолданылуын тоқтату міндеті жүктелген міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметін Қордың қатысушы-сақтандыру ұйымы тоқтатқан жағдайда тоқтатылады. 

       12-бап. Міндетті және төтенше жарналар, оларды төлеу
                тәртібі. Қордың қарыз алуы

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымы қатысу шартына сәйкес міндетті және төтенше жарналарды төлеуге міндетті.
      Міндетті жарналардың ставкасын Қордың қатысушы-сақтандыру ұйымдары бойынша өткен қаржы жылы үшін сақтандырудың міндетті түрлері бойынша орташа айлық сақтандыру төлемдерінің ең жоғары мөлшері негізінде Қор жыл сайын айқындайды.
      Міндетті жарналар ставкасын есептеу әдістемесі, оларды төлеу тәртібі мен мерзімі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      2. Міндетті жарналардың мөлшері сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру ұйымы есептеген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі және міндетті жарналардың ставкасы негізге алына отырып есептеледі.
      3. Кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін резерв жетіспеген жағдайда Қор өзінің меншікті капиталын пайдаланады. Бұл ретте Қордың сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін резервтен асатын кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі шығыстары қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналарының есебінен олардың шартты міндеттемелері шегінде өтелуге тиіс.
      4. Қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарының мөлшері ағымдағы есепті кезеңде сақтандырудың міндетті түрлері бойынша Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі ол жасаған міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының үлесіне бара-бар айқындалады.
      Төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      5. Кепілдік және өтемақы төлемдерін жүзеге асыру үшін Қор Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, Қазақстан Республикасының Үкіметінен, өзге де ұйымдардан заемдар тартуға не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми ставкасынан аспайтын ставка бойынша олардың кепілдік беруімен қарыз алуға құқылы. Қарыздар қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналары есебінен өтелуге тиіс.
      6. Сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қатысушы-сақтандыру ұйымын міндетті және төтенше жарналар төлеуден босатпайды.
      7. Қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап ол міндетті және төтенше жарналар төлеуден босатылады. 

       13-бап. Шартты міндеттемелерді қалыптастыру

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымы шартты міндеттемелерді қалыптастыруға және олардың есебін жүргізуге міндетті.
      Шартты міндеттемелердің мөлшерін Қорға қатысушы - сақтандыру ұйымы сақтандырудың міндетті түрлері бойынша оның сақтандыру сыйлықақысының көлемін және шартты міндеттемелер ставкасын негізге ала отырып есептейді.
      2. Шартты міндеттемелердің ставкасын Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдары бойынша өткен қаржы жылындағы сақтандырудың міндетті түрлері бойынша айлық сақтандыру сыйлықақыларының ең жоғары мөлшері негізінде Қор жыл сайын айқындайды.
      Шартты міндеттемелердің ставкасын есептеу әдістемесі, оларды қалыптастыру және есепке алу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.

       14-бап. Міндетті және төтенше жарналарды төлеу
                жөніндегі міндеттемелерді тиісінше орындамау

      1. Міндетті немесе төтенше жарналарды төлемеген, уақтылы төлемеген не толық көлемінде төлемеген жағдайда, Қор қатысушы-сақтандыру ұйымының осы Заң бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
      2. Уәкілетті орган Қордан қатысушы-сақтандыру ұйымының міндетті және төтенше жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы хабарлама алған жағдайда мұндай сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген санкцияларды және өзге де ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.  

  5-тарау. Кепілдік төлемдері және өзге де қорғау шаралары

        15-бап. Кепілдік беру төлемін жүзеге асыру негіздері
                  және тәртібі

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап кредитордың Қордан кепілдік төлемін жүзеге асыру жөнінде талап ету құқығы туындайды.
      Кепілдік төлемін алуға кредиторлар:
      1) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемінен заңсыз бас тартқан (толық немесе ішінара) не оны толық көлемде жүзеге асырмағанда, міндетті сақтандыру шарттары бойынша оны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейінгі кезеңде барлық басталған сақтандыру жағдайлары бойынша;
      2) сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап, сақтанушының басқа қатысушы-сақтандыру ұйымымен міндетті сақтандырудың жаңа шартын жасасқан күнге дейінгі, бірақ мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі айдан аспайтын кезеңде басталған сақтандыру жағдайлары бойынша құқылы.
      2. Кредитордың осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздерде Қордан талап ету құқығы туындаған жағдайда, растайтын құжаттар болғанда, кредитор қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде Қорға кепілдік төлемін жүзеге асыру жөнінде жазбаша өтініш беруге құқылы.
      Растайтын құжаттар болмаған жағдайда, оларды алу үшін кредитор мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының тарату комиссиясына сақтандыру төлемін жүзеге асыру жөнінде өтініш (шағым) беруге құқылы.
      3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде кредитор сақтандыру (кепілдік) төлемін жүзеге асыру жөніндегі талаппен тікелей Қорға не Қордың қатысушысы-сақтандыру ұйымына жүгінуге құқылы.
      Кредитордың талабын алғаннан кейін қатысушы - сақтандыру ұйымы не Қор міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерде көзделген тәртіппен сақтандыру жағдайын және келтірілген зиянның мөлшерін анықтау жөніндегі жұмысты жүргізеді.
      4. Кредитор не қатысушы-сақтандыру ұйымы кепілдік төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың толық топтамасын табыс еткеннен кейін Қор кепілдік төлемін жүзеге асыру туралы не кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      5. Қор қатысушы-сақтандыру ұйымдарының осы баптың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға байланысты шығыстарын нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ бес айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде өтейді.
      6. Кепілдік төлемінің мөлшері міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін сақтандырудың міндетті түрі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес айқындалады. Кепілдік төлемін жүзеге асырудың тәртібі осы Заңға және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалады.
      7. Кепілдік төлемі кредитордың моральдық залалын, алынбаған пайдасын, сондай-ақ міндетті сақтандыру шарты бойынша тұрақсыздық айыбын жаппайды.
      8. Кредиторларға кепілдік төлем тараптардың келісімі бойынша тікелей Қордан немесе агент банк арқылы кредитордың банктік шотына қолма-қол емес нысанда не қолма-қол ақшамен жүзеге асырылады.
      9. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторына кепілдік төлемін жүзеге асырылған күннен бастап кредитордың міндетті сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы жүзеге асырылған кепілдік төлемі көлемінде Қорға ауысады.
      Қор кредитордың өзіне ауысқан талап ету құқығын, сондай-ақ кепілдік төлемін жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу жөніндегі талабын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының тарату комиссиясына (бұдан әрі - тарату комиссиясы) ұсынады.
       Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен

        16-бап. Сақтанушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша
                  тәсілдері

      1. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының қолданылу мерзімі аяқталмаған міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтанушы сот шешімі күшіне енген күннен бастап екі ай мерзімде Қордың қатысушы-сақтандыру ұйымымен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасалған міндетті сақтандыру шарты қолданыста болуға тиіс қалған уақыт кезеңіне міндетті сақтандыру шартын жасасуға құқылы.
      2. Қатысушы-сақтандыру ұйымымен осы баптың 1-тармағында көзделген міндетті сақтандыру шартын жасасқан жағдайда Қор қатысушы-сақтандыру ұйымына өтемақы төлеуді жүзеге асырады.
      3. Өтемақы төлемінің мөлшері міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актіге сәйкес жаңадан жасалған міндетті сақтандыру шартының қолданылу кезеңінің негізінде айқындалады. Өтемақы төлемін жүзеге асыру тәртібі осы Заңға және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалады.
      Жаңадан жасалған шарттың қолданылу мерзімі жаңа шартты жасасқан күннен бастап, сақтанушы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасасқан міндетті сақтандыру шарты қолданыста болуға тиіс мерзім аяқталған кезге дейінгі кезеңді құрайды.
      Егер сақтанушы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасасқан міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын толық төлемесе, Қор сақтанушы төлемеген сақтандыру сыйлықақысының сомасын шегере отырып, өтемақы төлемін жүзеге асыруға құқылы. Бұл жағдайда, міндетті сақтандыру шартын жасасқан қатысушы-сақтандыру ұйымы сақтанушыдан сақтандыру сыйлықақысының төленбеген сомасын талап етуге құқылы.
      4. Қатысушы-сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушысымен міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде қатысушы-сақтандыру ұйымы міндетті сақтандырудың осы түрі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде көзделген көлемдегі осындай шарт бойынша жауапты болады.
      5. Қатысушы-сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушыларына міндетті сақтандыру шарты қолданыста болатын аяқталмаған кезеңге міндетті сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқылы емес.
      Қордың қатысушысы - мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасасқан шарт қолданыста болатын аяқталмаған кезеңге жасасқан шарт бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымы Қорға міндетті жарналар төлемейді, тек шартты міндеттемелерді қалыптастырады.
      6. Өтемақы төлемдерін жүзеге асырған күннен бастап жүзеге асырылған өтемақы төлемі көлемінде сақтанушының міндетті сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы Қорға ауысады.
      Қор өзіне ауысқан талап ету құқығын, сондай-ақ өтемақы төлемдерін жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу жөніндегі талабын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тарату комиссиясына ұсынады.
      7. Уәкілетті орган дереу, бірақ қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, Қордың қатысушысы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімінің көшірмесін Қорға жібереді.
      8. Қор қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторларына басталған сақтандыру жағдайлары бойынша кепілдік төлемдерді жүзеге асыру туралы хабарламаны, сондай-ақ мекен-жайларын көрсете отырып, сақтанушылар мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндетті сақтандыру шарттары бойынша басталған сақтандыру жағдайларында, сондай-ақ мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының бұрын жасасқан шарттың аяқталмаған қолданылу кезеңіне жаңа міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін өтініш жасауға құқылы қатысушы-сақтандыру ұйымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.
       Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен

       17-бап. Қордың кепілдік беруін тоқтату

      Қордың кепілдік беруі:
      1) осы Заңға сәйкес кепілдік төлемін жүзеге асырған;
      2) міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталған;
      3) сақтанушы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен бұрын жасасқан шартының аяқталмаған қолданылу кезеңіне басқа қатысушы-сақтандыру ұйымымен жаңа міндетті сақтандыру шартын жасасқан;
      4) мемлекеттік тізілімге мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымын тарату туралы жазба енгізілген жағдайларда тоқтатылады.

  6-тарау. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі
қатысушыларының құқықтары мен міндеттері

       18-бап. Қордың құқықтары мен міндеттері

      1. Қор:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен міндетті және төтенше жарналар төлеуді талап етуге;
      2) тарату комиссиясының құрамына өз өкілін енгізу туралы уәкілетті органның алдында өтініш жасауға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымын тарату ісін жүргізуге қатысуға;
      3) тарату комиссиясынан және кредитордан Қордың міндеттерін іске асыруға қажетті ақпарат пен құжаттар беруді талап етуге;
      4) уәкілетті органнан қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қаржылық жай-күйі, қатысушы-сақтандыру ұйымы жасасқан міндетті сақтандыру шарттарының саны туралы мәліметті және сақтандыру құпиясын және Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, өзге де қажетті ақпаратты сұратуға;
      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісінде көзделген жағдайларда кредиторға кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      2. Қор:
      1) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісіне сәйкес Қорға қатысу міндеті жүктелген сақтандыру ұйымымен қатысу шартын жасасуға;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен активтерді қаржы құралдарына инвестициялауға;
      3) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, көлемде және мерзімде уәкілетті органға Қордың қызметі туралы мәліметтер мен есептілікті (Қордың қаржылық есебін қоспағанда) беруге;
      4) қатысушы-сақтандыру ұйымдарына олардың сұрау салулары бойынша қатысу шартына сәйкес айқындалатын көлемде өзінің қаржылық есептілігін беруге;
      5) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мерзімді баспа басылымдарында өзінің жылдық бухгалтерлік балансын жариялауға;
      6) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының міндетті және төтенше жарналар төлеу тәртібін, сондай-ақ олардың шартты міндеттемелер қалыптастыруын бақылауды жүзеге асыруға;
      7) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндеттемелері бойынша кредиторларға осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен кепілдік төлемдерін жүзеге асыруға;
      8) аудит өткізуге;
      9) сақтандыру ұйымдарының Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңдарын бұзуының өзіне мәлім болған фактілері жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге;
      10) кредиторға кепілдік төлемінің жүзеге асырылғаны туралы тарату комиссиясына хабарлауға;
      11) осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен, мөлшерде және мерзімде өтемақы төлемдерін жүзеге асыруға;
      12) өз функцияларын жүзеге асыру процесінде сақтандыру ұйымдарының қызметі туралы өздеріне мәлім болған бүкіл ақпаратты тек қана қызмет мақсаттарында пайдалануға;
      13) осы Заңның 15-бабының 5-тармағында көзделген тәртіппен қатысушы-сақтандыру ұйымдарының шығыстарын өтеуге міндетті.
      3. Қордың Қазақстан Республикасының заңдарында және қатысу шартында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
       Ескерту. 18-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

       19-бап. Қатысушы-сақтандыру ұйымының құқықтары мен
                міндеттері

      1. Қатысу шартына сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымы:
      1) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мерзімді баспа басылымдарында өзінің сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысуы туралы ақпаратты жариялауға;
      2) Қордан кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыруға қатысты ақпарат алуға;
      3) Қордың қаржылық есептілігін Қордан талап етуге құқылы.
      2. Қатысу шартына сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымы:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен міндетті және төтенше жарналарды төлеуге, сондай-ақ шартты міндеттемелерді қалыптастыруға;
      2) жасалған міндетті сақтандыру шарттарының саны және олар бойынша төленуге тиіс сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасы туралы ақпаратты Қорға ұсынуға;
      3) өзінің төлем қабілетсіздігі басталғаны және уәкілетті органның санкциялар қолдану фактілері туралы Қорға хабарлауға;
      4) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісіне сәйкес сақтандыру ұйымына Қорға қатысу міндеті жүктелген міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметінің тоқтатылғаны туралы Қорды хабардар етуге;
      5) сотқа мәжбүрлеп тарату туралы талап-арыз берілгендігі туралы, сондай-ақ соттың сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдағаны туралы Қорды хабардар етуге;
      6) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушыларымен жасасқан міндетті сақтандыру шарттары туралы ақпаратты Қорға және тарату комиссиясына беруге;
      7) осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
      3. Қатысушы-сақтандыру ұйымының Қазақстан Республикасының заңдарында және қатысу шартында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
       Ескерту. 19-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы  N 128  (қолданысқа енгізілу тәртібін   2-тармақтан   қараңыз) Заңымен .

       20-бап. Тарату комиссиясының құқықтары мен міндеттері

      1. Тарату комиссиясы:
      1) Қордан мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторларына кепілдік төлемдерін жүзеге асырылғаны туралы хабарлама алуға;
      2) қатысушы-сақтандыру ұйымдарынан мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушыларымен жасасқан міндетті сақтандыру шарттары туралы ақпарат алуға құқылы.
      2. Тарату комиссиясы:
      1) құжаттардың көшірмелерін және үзінділерін алу құқығын бере отырып, Қордың уәкілетті өкілдерінің тарату процесіне қатысты ақпарат пен құжаттамаға қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
      2) өзінің кредитор алдындағы міндеттемелерінің тоқтатылғаны туралы Қорға шұғыл түрде хабарлауға;
      3) міндетті сақтандыру шарттарын жасасуға қатысты Қор сұратқан ақпаратты және құжаттарды беруге міндетті.
      3. Тарату комиссиясының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.

       21-бап. Кредитордың құқықтары мен міндеттері

      1. Кредитордың:
      1) Қордан осы Заңда көзделген тәртіппен кепілдік төлемін жүзеге асыруды талап етуге;
      2) қатысушы-сақтандыру ұйымдарынан мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен жасасқан міндетті сақтандыру шартының аяқталмаған қолданылу кезеңіне міндетті сақтандыру шартын жасасуды талап етуге;
      3) тарату комиссиясынан талаптарды Қордан алынған кепілдік төлемінен асатын мөлшерде қанағаттандыруды талап етуге құқығы бар.
      2. Кредитор:
      1) Қорға Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісінде көзделген, сақтандыру жағдайының басталу фактісін және міндетті сақтандыру шарты бойынша шығындардың мөлшерін растайтын құжаттарды ұсынуға;
      2) Қордың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредитордың өзіне ауысқан құқықтарын іске асыруына қажетті барлық құжаттарды беруге міндетті.
      3. Кредитордың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады. 

  7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

       22-бап. Қорды тарату

      1. Қорды тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Қордың таратылу кезіне қалыптастырылған сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражаты Қорға қатысушы-сақтандыру ұйымдарының арасында Қорға қатысу үлесіне барабар мөлшерде бөліп беріледі.
      3. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлік оның құрылтайшысына беріледі.

       23-бап. Қазақстан Республикасының Қор туралы заңдарын
                бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының Қор туралы заңдарының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікте болады.

       24-бап. Өтпелі ережелер

      1. Қазақстан Республикасының заң актілерімен лицензиаттардың Қорға қатысу міндеті көзделген сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары Қор құрылған күннен бастап бір ай ішінде қатысу шартын жасасуға міндетті.
      2. Сақтандыру ұйымдары осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті