Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы N 423 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының құқықтық жағдайын, оның құрылуы мен қызметінің тәртібін, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысу шарттарын және оның қызметіне бақылауды қамтамасыз ету принциптерін айқындайды.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент-банк – банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, Cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен агенттік келісім негізінде кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөнінде қызмет көрсететін банк немесе ұйым;
      2) жәбірленуші – өзге тұлғаның көлік құралын пайдалануы нәтижесінде өміріне, денсаулығына зиян келтірілген тұлға;
      3) зиянды өтеу резерві – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры бастапқы біржолғы жарналар мен қосымша жарналар есебінен қалыптастыратын, осы Заңда көзделген жағдайларда жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу үшін ғана пайдаланылатын ақша сомасы;
      3-1) кепілдік берілетін сақтандыру түрлері – Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісінде немесе «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына міндетті қатысу көзделген міндетті немесе ерікті сақтандыру түрлері;
      4) кепілдік төлемі – «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандыру шарты бойынша басталған сақтандыру жағдайлары бойынша Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен және шарттармен сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға) төлейтін ақша сомасы;
      5) кредитор – мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы туындаған кезде кепілдік төлемін алуға құқығы бар сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы), сондай-ақ жәбірленушіге (зиянды өтетуге құқығы бар адамға) сақтандыру шартында және Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде белгіленген сақтандырушының жауапкершілігі көлемінің шегінде келтірілген зиянды өтеген және сақтандыру төлеміне құқық алған өзге де тұлға;
      6) қатысу шарты – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры мен қатысушы-сақтандыру ұйымының арасында осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттармен жасалған сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу шарты;
      7) қосымша жарна – осы Заңда көзделген тәртіппен сақтандыру ұйымы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына төлейтін, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі түріндегі ақша сомасы;
      8) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы – өзіне қатысты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген қатысушы-сақтандыру ұйымы;
      9) меншікті капитал – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының оның міндеттемелеріне азайтылған активтері мен сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві;
      10) міндетті жарналар – осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысушы-сақтандыру ұйымы төлейтін кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақылары бөлігі түріндегі ақша сомасы;
      11) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      12) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      13) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      14) өтініш беруші – сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша лицензия алуға және (немесе) қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлға не сақтандыру ұйымы;
      15) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі – қатысушы-сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған жағдайда сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған осы Заңда көзделген ұйымдық-құқықтық шаралар кешені;
      16) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын сақтандыру ұйымы (қатысушы-сақтандыру ұйымы) – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын жасасқан және оның акционері болып табылатын сақтандыру ұйымы;
      17) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдері – осы Заңда көзделген жағдайларда өміріне, денсаулығына зиян келтірілген жәбірленушіге және осы Заңның 17-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген адамдарға төленетін ақша сомасы;
      18) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві – міндетті жарналар, сондай-ақ мәжбүрлеп таратылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының талаптарын қанағаттандыру тәртібімен ол алған және осы Заңның 12-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайларда пайдаланылатын ақша есебінен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қалыптастыратын ақша сомасы;
      18-1) сақтандыру шарты – кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша сақтанушының  сақтандыру ұйымымен жасасқан шарты;
      19) төтенше жарналар – осы Заңда көзделген жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қосымша төлейтін ақша сомасы;
      20) алып тасталды - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      21) шартты міндеттемелер – қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарды төлеу үшін ол қалыптастыратын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры алдындағы міндеттемелері.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы
              заңдар

      Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2-тарау. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының
қызметін мемлекеттік реттеу және бақылау

      3-бап. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының
              қызметін мемлекеттік реттеу және бақылау

      1. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (бұдан әрі – Қор) қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.
      2. Уәкілетті орган Қорға және оның лауазымды адамдарына осы заңда көзделген тәртіппен шектеулі ықпал ету шараларын және санкцияларды қолданады.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      3-1-бап. Шектеулі ықпал ету шаралары

      1. Уәкілетті орган Қордың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарын анықтаған, Қордың лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерін және әрекетсіздіктерін анықтаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңмен көзделген уәкілетті органның өзге де талаптарын орындамаған жағдайда уәкілетті орган Қорға мынадай шектеулі ықпал ету шараларының бірін қолданады:
      1) орындалуы міндетті жазбаша ұйғарым береді;
      2) жазбаша келісім жасайды.
      2. Анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жоюға бағытталған орындалуы міндетті түзету шараларын қабылдау және анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды одан әрі болғызбау туралы Қорға нұсқау беру жазбаша ұйғарым болып табылады.
      Қор жазбаша ұйғарымда белгіленген мерзімде оны орындау жөнінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
      Уәкілетті органның жазбаша ұйғарымына сотта дау айту оның орындалуын тоқтатпайды.
      3. Анықталған бұзушылықтарды және (немесе) кемшіліктерді жою қажеттілігі мен бұзушылықтарды және (немесе) кемшіліктерді жою жөнінде бірінші кезектегі шараларды бекіту туралы уәкілетті орган мен Қор арасында жасалатын келісім жазбаша келісім болып табылады. Жазбаша келісім екі тарапта болып жатқан бұзушылықтарды және (немесе) кемшіліктерді жою үшін оларды уәкілетті орган анықтаған кезден бастап екі айдан аса уақыт керек деген шешімге келген жағдайда жасалады.
      4. Уәкiлеттi орган Қорға осы бапта айқындалған шектеулi ықпал ету шараларының кез келгенiн, бұдан бұрын да оған қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан қолданады.
      5. Осы бапта келтірілген шаралар, егер уәкілетті орган қатысушы-сақтандыру ұйымдарының және олардың лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздіктері Қордың қаржылық жай-күйін нашарлатқан деп белгілесе, онда қатысушы-сақтандыру ұйымдарына да қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. Заң 3-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-2-бап. Санкциялар

      Уәкілетті орган осы Заңның 4-бабының 8) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттету түріндегі санкцияны Қордың басшы қызметкерінің лауазымына тағайындауға (сайлауға) берілген келісімді мынадай негіздердің бірі бойынша кері қайтарып алумен бір мезгілде қолданады:
      1) уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларының талаптарын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) орындамау;
      2) Қор активтерін инвестициялау тәртібі мен мөлшерін бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзу;
      3) кепілдік төлемдерін, Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымына берілетін мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін төлеу, сондай-ақ жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі төлемдерді жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдерін бұзу;
      4) уәкілетті органға қатарынан екі күнтізбелік ай ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген есептілікті (қаржы есептілігін қоса алғанда) табыс етпеу;
      5) бухгалтерлік есепте Қордың осы Заңда көзделген қызметті жүзеге асыруы жөніндегі операцияларды тиісті дәрежеде көрсетпеуіне, сондай-ақ есептің өзге де міндетті нысандарын жүргізуіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілерін бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) анықтау;
      6) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген дұрыс емес мәліметтер мен есептіліктің табыс етілуін бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) белгілеу;
      7) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың оған белгілі болған фактілері туралы уәкілетті органды бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) хабардар етпеу;
      8) өз функцияларын жүзеге асыру барысында қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қызметі туралы алынған мәліметтерді үшінші тұлғаларға (уәкілетті органды қоспағанда) жария ету немесе беру;
      9) Қордың жүргізілген аудит туралы аудиторлық ұйымның есебінде көрсетілген бұзушылықтарды Қордың аудиторлық есепті алған күннен бастап үш ай ішінде жоймауы.
      Ескерту. Заң 3-2-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) Қордың және қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қызметін реттейтін, оның ішінде кепілдік төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
      2) барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдары үшін стандартты болып табылатын қатысу шартының талаптарын айқындайды;
      3) Қор активтерін инвестициялау тәртібі мен мөлшерін белгілейді;
      4) Қор есептiлiгiнiң (қаржылық есептіліктi қоспағанда) көлемiн, оны табыс ету тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды;
      5) Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыруға және таратуға рұқсаттарды береді және беруден бас тартады, сондай-ақ осындай рұқсаттарды беру тәртібін айқындайды;
      6) Қор акцияларын сатып алу, сондай-ақ орналастыру тәртібі мен талаптарын белгілейді;
      7) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының Қорға төлеуіне жататын, Қордың директорлар кеңесі белгілеген қатысушы-сақтандыру ұйымдарының әрбір күнтізбелік жылға арналған міндетті және қосымша жарналарының ставкаларын, сондай-ақ шартты міндеттемелерін келіседі;
      8) Қордың басшы қызметкерлерін сайлауға (тағайындауға) келісім береді және оны кері қайтарып алады, сондай-ақ келісімді беру және кері қайтарып алу тәртібін және Қордың басшы қызметкерлеріне біліктілік талаптарын белгілейді;
      9) қатысушы-сақтандыру ұйымдарына шектеулі ықпал ету шараларын және санкцияларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздерде қолданады;
      10) Қор жарғысына енгізілетін өзгерістерді және толықтыруларды келіседі;
      11) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Уәкілетті органның мынадай:
      1) Қордың жарияланған акцияларының санын арттыру;
      2) Қордың өзге де заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне Қорға тиесілі барлық активтердің он және одан да көп процентін құрайтын сомадағы активтердің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қатысуы;
      3) Қор міндеттемелерін оның өз капиталы мөлшерінің он және одан да көп процентін құрайтын сомаға ұлғайту;
      4) Қордың өзінің орналастырылған акцияларын сатып алуы және оларды сатып алу бағасы;
      5) ірі мәмілелерді және Қордың жасауға мүдделілігі бар мәмілелерді жасасу мәселелері бойынша акционерлердің жалпы жиналысының және Қордың директорлар кеңесінің шешімдеріне вето қою құқығы болады.
      3. Акционерлердің жалпы жиналысында және Қордың директорлар кеңесінде қабылданатын шешімдер осы баптың 2-тармағында вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен және мерзімде уәкілетті органмен келісуге жатады.
      4. Қордың осы баптың 2 және 3-тармақтарының талаптарын сақтамауы осы мәмілелерді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

3-тарау. Қорды құру және оның қызметі

      5-бап. Қорды құру тәртібі және оның органдары

      1. Қор акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін осы Заңның және құрылтай құжаттарының негізінде жүзеге асырады.
      Қор міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз ұйым болып табылады.
      2. Акционерлердің жалпы жиналысының құзыреті осы Заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар және коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
      3. Қордың әрбір акционері акцияларының саны Қордың орналастырылған акциялары жалпы санының он процентінен аспауға тиіс.
      4. Қор қызметіне жалпы басшылық жасауды тоғыз адамнан тұратын директорлар кеңесі жүзеге асырады.
      Қордың директорлар кеңесінің құрамына дауыс беру құқығы бар уәкiлеттi органның өкiлi кіреді.
      5. Қордың банк шоттары уәкілетті органда ашылады. Қордың ағымдағы қаржылық-шаруашылық және инвестициялық қызметті жүзеге асыруы үшін Қордың банк шоттары екінші деңгейдегі банктерде ашылуы мүмкін.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Қордың директорлар кеңесінің құзыреті

      Қордың жарғысында белгіленген шекте Қордың директорлар кеңесінің құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
      1) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының әрбір күнтізбелік жылға арналған міндетті және қосымша жарналардың ставкаларын, сондай-ақ осы Заңда көзделген міндетті шартты міндеттемелерді, қатысушы-сақтандыру ұйымдары Қорға төлеуге тиісті төтенше жарналардың мөлшерін белгілеу;
      1-1) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      2) сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны тоқтата тұруды немесе одан айыруды қоса алғанда, сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңдарда көзделген қатысушы-сақтандыру ұйымына инспекторлық тексеру жүргізу және (немесе) оған шектеулі ықпал ету және санкциялар шараларын қолдану туралы уәкілетті орган алдында өтініш жасау жөнінде шешім қабылдау;
      3) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы-сақтандыру ұйымының кредиторларына өтем төлеу туралы шешім қабылдау;
      4) агент-банкті таңдау;
      4-1) тартылатын заемдардың және Қордың қарызға алуларының шекті мөлшерлерін белгілеу;
      5) осы Заңға және Қор жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктер.
      Ескерту. 5-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2007.01.12 № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Қор кепілдіктері

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап Қор:
      1) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымына берілетін, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін төлеу;
      2) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру төлемінен заңсыз бас тартқан (толық немесе ішінара) не толық көлемде оны жүзеге асырмаған жағдайда, «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін берген (қабылдаған) күнге дейін сақтандыру шарттары бойынша туындаған барлық сақтандыру жағдайлары бойынша кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөнінде өзіне міндеттемелер қабылдайды.
      2. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарының тізіліміне және (немесе) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерінің немесе «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорға енгізілген сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша сақтандыру шарттары Қор кепілдіктерімен жабылмайды.
      Осы жағдайда кредитор мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясына жүгінеді.
      3. Қор осы Заңның 8-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алады.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Қордың негізгі міндеттері және функциялары

      1. Қордың негізгі міндеттері:
      1) қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
      2) осы Заңда көзделген жағдайларда көлік оқиғасы нәтижесінде өзге тұлға өміріне, денсаулығына зиян келтірген тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Қор негізгі міндеттерді орындау үшін мынадай функцияларды:
      1) осы Заңға сәйкес кепілдік төлемдерін жүзеге асыруды;
      1-1) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымына берілетін, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін төлеуді;
      2) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының міндетті және төтенше жарналарын тартуды;
      3) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қосымша жарналарын тартуды;
      4) осы Заңға сәйкес жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыруды;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен инвестициялық қызметті жүзеге асырады.
      3. Өз функцияларының сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Қор өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан ақпарат, оның ішінде сақтандыру құпиясын құрайтын ақпарат алуға құқылы.
      Алынған мәліметтер одан әрі жариялауға жатпайды.
      4. Қор қызметкерлері өз функцияларын жүзеге асыру барысында алынған қызметтік, коммерциялық құпияны, сақтандыру құпиясын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялағаны үшін жауапты болады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

4-тарау. Қорға қатысу тәртібі

      9-бап. Қор акцияларына қатысу тәртібі және оларды
              сатып алу талаптары

      1. Өтініш беруші кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшін осы Заңда көзделген тәртіппен Қор акцияларын сатып алуға, сондай-ақ қатысу шартын жасасуға міндетті.
      2. Өтiнiш берушi Қордың акцияларын сатып алу және қатысу шартын жасасу үшiн Қорға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;
      2) жарғының нотариат куәландырған көшiрмесi.
      3. Қордың өтініш берушісі акцияларды сатып алған кезден бастап ол кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны алғанға дейін өтініш беруші Қор шешімін айқындауға және Қорға тиесілі акцияларға дауыс беруге құқылы емес.
      4. Қордың қатысушы-сақтандыру ұйымы кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметін тоқтатқан және сақтандыру шарттарының қолданысын тоқтатқан жағдайда, қатысушы-сақтандыру ұйымы өзіне тиесілі акцияларды Қор акционерлеріне сату жолымен иеліктен шығаруды жүзеге асыруға міндетті. Акционерлер Қор акцияларын сатып алудан бас тартқан жағдайда Қор акциялардың құнын айқындау әдістемесіне сәйкес айқындалған баға бойынша акцияларды сатып алуға міндетті.
      5. Қатысу шартының нысаны, мазмұны және талаптары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің және осы Заңның талаптарына сәйкес келуге тиіc.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV, 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      10-бап. Қатысу шартының міндетті талаптары

      Қатысу шартында:
      1) тараптардың толық атауы, олардың орналасқан жері және банктік деректемелері туралы мәліметтер;
      2) шарттың осы Заңға сәйкес келетін нысанасы туралы нұсқама;
      3) тараптардың осы Заңға сәйкес келетін құқықтары мен міндеттері;
      4) міндетті және төтенше жарналарды төлеу, сондай-ақ шартты міндеттемелерді қалыптастыру тәртібі;
      5) кредиторға кепілдік төлемінің мөлшерін айқындау және жүзеге асыру талаптары мен тәртібі;
      6) осы Заңның 16-бабының талаптары сақталған кезде мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушыларымен міндетті сақтандыру шарттарын жасасу тәртібі мен талаптары;
      7) алып тасталды;
      8) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндеттемелерін орындайтын Қорға кредитор құқығының өтуі туралы талаптар;
      9) қатысу шартын тоқтату талаптары;
      10) тараптардың қатысу шартын бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы талаптар болуға тиіс.
      Қатысушы-сақтандыру ұйымында көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға лицензия болғанда, қатысу шартына мынадай талаптар:
      1) қосымша жарналарды төлеу тәртібі;
      2) тараптардың жауапкершілігі міндетті түрде енгізілуге тиіс.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      11-бап. Қатысу шартын тоқтату

      Қатысу шарты:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген жалпы негіздерде;
      2) Қордың қатысушы-сақтандыру ұйымы кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қызметін тоқтатқан және осы сақтандыру түрлері бойынша жасалған сақтандыру шарттарының қолданылуын тоқтатқан жағдайда тоқтатылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      12-бап. Міндетті және төтенше жарналар, оларды төлеу
               тәртібі. Қордың қарыз алуы

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымы қатысу шартына сәйкес міндетті және төтенше жарналарды төлеуге міндетті.
      Міндетті жарналардың ставкасын Қор жыл сайын айқындайды.
      Міндетті жарналар ставкасын есептеу әдістемесі, оларды төлеу тәртібі мен мерзімі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      2. Міндетті жарналардың мөлшері сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша сақтандыру ұйымы есептеген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі және міндетті жарналардың ставкасы негізге алына отырып есептеледі.
      2-1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген пруденциялық нормативтер мен өзге де сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді қатысушы-сақтандыру ұйымы бұзған жағдайда, мұндай сақтандыру ұйымы үшін міндетті жарна ставкасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен ұлғайтылуға тиіс.
      2-2. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін резерв:
      1) осы Заңның 7-бабында көзделген Қордың кепілдіктері бойынша міндеттемелерін;
      2) осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды Қордың жүзеге асыруына байланысты шығыстарды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі төлемдерді өтеу үшін пайдаланылады.
      3. Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін резерв жетіспеген жағдайда Қор өзінің меншікті капиталын пайдаланады. Бұл ретте Қордың сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін резервтен асатын осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру жөніндегі шығыстары қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналарының есебінен олардың шартты міндеттемелері шегінде өтелуге тиіс.
      Осы Заңда көзделген жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін зиянды өтеу резерві жеткіліксіз болған жағдайда Қор ағымдағы тоқсанның аяғына дейін Қордың директорлар кеңесі белгілеген мөлшерде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын пайдалануға құқылы. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервін қалпына келтіру үшін Қор сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің пайдаланылған сомасы мөлшерінде төтенше жарналарды тартады.
      4. Қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарының мөлшері ағымдағы есепті кезеңде сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі ол жасаған міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының үлесіне бара-бар айқындалады.
      Төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      5. Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін Қор уәкілетті органнан, Қазақстан Республикасының Үкіметінен, өзге де ұйымдардан қарыздар тартуға не уәкілетті органның қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінен аспайтын мөлшерлеме бойынша олардың кепілдік беруімен қарыз алуға құқылы. Қарыздар қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналары есебінен өтелуге жатады.
      6. Сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қатысушы-сақтандыру ұйымын міндетті және төтенше жарналар төлеуден босатпайды.
      7. Қатысушы-сақтандыру ұйымы сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиядан айрылған күннен бастап қатысушы - сақтандыру ұйымының міндетті және төтенше жарналарын төлеу міндеттемесі қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
      Қатысушы-сақтандыру ұйымының міндетті және төтенше жарналарын төлеу міндеттемесі оны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
      Осы Заңға сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымдары төлеген міндетті және төтенше жарналар қайтарылуға жатпайды.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Шартты міндеттемелерді қалыптастыру

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымы шартты міндеттемелерді қалыптастыруға және олардың есебін жүргізуге міндетті.
      Шартты міндеттемелердің мөлшерін Қорға қатысушы - сақтандыру ұйымы сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша оның сақтандыру сыйлықақысының көлемін және шартты міндеттемелер ставкасын негізге ала отырып есептейді.
      2. Шартты міндеттемелердің ставкасын Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдары бойынша өткен қаржы жылындағы сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша айлық сақтандыру сыйлықақыларының ең жоғары мөлшері негізінде Қор жыл сайын айқындайды.
      Шартты міндеттемелердің ставкасын есептеу әдістемесі, оларды қалыптастыру және есепке алу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Міндетті және төтенше жарналарды төлеу
               жөніндегі міндеттемелерді тиісінше орындамау

      1. Міндетті немесе төтенше жарналарды төлемеген, уақтылы төлемеген не толық көлемінде төлемеген жағдайда, Қор қатысушы-сақтандыру ұйымының осы Заң бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
      2. Уәкiлеттi орган Қордан қатысушы-сақтандыру ұйымының мiндеттi және төтенше жарналарды төлеу жөнiндегi мiндеттемелерiн тиiсiнше орындамағаны туралы хабарлама алған кезде мұндай сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген санкцияларды және өзге де ықпал ету шараларын қолданады.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Кепілдік төлемдері және өзге де қорғау шаралары

      15-бап. Кепілдік беру төлемін жүзеге асыру негіздері
               және тәртібі

      1. Қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап кредитордың Қордан кепілдік төлемін жүзеге асыру жөнінде талап ету құқығы туындайды.
      Кепілдік төлемін алуға кредиторлар:
      1) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемінен заңсыз бас тартқан (толық немесе ішінара) не оны толық көлемде жүзеге асырмағанда, сақтандыру шарттары бойынша оны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейінгі кезеңде барлық басталған сақтандыру жағдайлары бойынша;
      2) сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін берген (қабылдаған) күнге дейінгі кезеңде туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша құқылы.
      2. Кредитордың осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздерде Қордан талап ету құқығы туындаған жағдайда, кредитор қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде Қорға кепілдік төлемін жүзеге асыру жөнінде жазбаша өтініш беруге құқылы.
      Растайтын құжаттар болмаған жағдайда, кредитор мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының тарату комиссиясына сақтандыру төлемін жүзеге асыру жөнінде өтініш (шағым) беруге құқылы.
      3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде кредитор сақтандыру (кепілдік) төлемін жүзеге асыру жөніндегі талаппен тікелей Қорға не Қордың қатысушысы-сақтандыру ұйымына жүгінуге құқылы.
      Кредитордың талабын алғаннан кейін қатысушы - сақтандыру ұйымы не Қор міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерде немесе сақтандыру шартында көзделген тәртіппен сақтандыру жағдайын және келтірілген зиянның мөлшерін анықтау жөніндегі жұмысты жүргізеді.
      4. Кредитор не қатысушы-сақтандыру ұйымы кепілдік төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың толық топтамасын табыс еткеннен кейін Қор кепілдік төлемін жүзеге асыру туралы не кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      5. Қор қатысушы-сақтандыру ұйымдарының осы баптың 3-тармағында көзделген іс-шараларды, бүлінген мүлікті бағалау жүргізуге арналған шығыстарды қоса алғанда, жүзеге асыруға байланысты шығыстарын нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ жеті айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде өтейді.
      «6. Кепілдік төлемдерінің ерекшеліктері, тәртібі мен мөлшері осы Заңға және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалады.
      7. Кредитордың моральдық залалы, алынбаған пайдасы, сақтандыру шарты бойынша тұрақсыздық төлемі және мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан сот тәртібімен бұрын өндіріп алынған өзге де шығыстар кепілдік төлемімен жабылмайды.
      8. Кредиторларға кепілдік төлем тараптардың келісімі бойынша тікелей Қордан немесе агент банк арқылы кредитордың банктік шотына қолма-қол емес нысанда не қолма-қол ақшамен жүзеге асырылады.
      9. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторына кепілдік төлемін жүзеге асырылған күннен бастап кредитордың сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы жүзеге асырылған кепілдік төлемі көлемінде Қорға ауысады.
      Қор кредитордың өзіне ауысқан талап ету құқығын, сондай-ақ кепілдік төлемін жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу жөніндегі талабын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының тарату комиссиясына (бұдан әрі - тарату комиссиясы) ұсынады.
      10. Қор қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген көшірмені алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді басылымдарда мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларына туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша кепілдік төлемдерінің жүзеге асырылуы туралы хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), өзгерту  енгізілді - 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      16-бап. Сақтанушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша
               тәсілдері

      Ескерту. 16-бап алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      17-бап. Қор кепілдіктерінің тоқтатылуы

      Қор кепілдіктері:
      1) осы Заңға сәйкес кепілдік төлемі жүзеге асырылған;
      2) кредитордың осы Заңның 15-бабында белгіленген өтініш жасау мерзімдері аяқталған;
      3) сақтандыру шартының қолданыс мерзімі аяқталған;
      4) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымына берілетін, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін төлеген жағдайларда тоқтатылады.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

5-1-тарау. Қордың жәбірленушінің өміріне,
денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге
жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдері

      Ескерту. 5-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      17-1-бап. Жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген
                 зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған
                 шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді алу құқығы

      1. Қор көлік оқиғасы орнынан жасырынған және жәбірленушіге зиян келтіруге жауапты адам анықталмаған жағдайда жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді (бұдан әрі - зиянды
өтеу бойынша төлем) төлейді.
      Қор жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдерді денсаулыққа ауыр зиян келтірілгенде ғана жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың зиянды өтеу бойынша төлемдерді алуға құқығы бар.
      Осы құқық қолдарында жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
      3. Жәбірленушінің не осы баптың 4-тармағында көрсетілген адамдардың зиянды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі талабы, сондай-ақ осы баптың 5-тармағында көрсетілген адамдардың жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі талабы Қорға осы
баптың 1-тармағында көзделген жағдай басталған кезден бастап бір жыл ішінде қойылады.
      4. Жәбірленуші қайтыс болған жағдайда зиянды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі талап ету құқығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамға (адамдарға)
көшеді.
      5. Қор жәбірленушіні жерлеген адамға осы Заңның 17-2-бабы 2-тармағының 1), 4), 6), 7) тармақшаларында көзделген құжаттар қоса берілген жазбаша өтініштің негізінде Қордың директорлар кеңесі белгілеген мөлшерден аспайтын жерлеуге жұмсалған нақты шығыстарды өтейді.

      17-2-бап. Қордың зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған
                 шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге
                 асыруы

      1. Жәбірленуші не осы Заңның 17-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген адамдар зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, тікелей Қорға өтініш береді.
      2. Зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдер туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) осы Заңның 17-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайдың басталу фактісін растайтын құжат;
      2) жәбірленуші алған жарақат пен мертігулердің сипаты, диагнозы, уақытша еңбекке қабілетсіздік кезеңі көрсетіле отырып, жәбірленушіге көлік оқиғасы нәтижесінде денсаулығына келтірілген зиянға байланысты медициналық көмек көрсетілген денсаулық сақтау ұйымы қорытындысының көшірмесі;
      3) медициналық-әлеуметтік немесе сот-медициналық сараптама мекемелері қорытындысының көшірмесі;
      4) жәбірленушінің қайтыс болуы туралы куәліктің нотариаттық куәландырылған көшірмесі;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес зиянды өтету (жәбірленуші қайтыс болған жағдайда) құқығына ие адамның құқығын растайтын құжат;
      6) жерлеуге нақты жұмсалған шығындарды растайтын құжаттар не олардың көшірмелері;
      7) жеке куәліктің көшірмесі.
      3. Жәбірленуші не осы Заңның 17-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген адамдар зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың толық топтамасын табыс еткеннен кейін Қор зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру туралы не оларды жүзеге асырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      4. Қор зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлем жасау туралы шешімді осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қабылдайды. Қор зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған
шығыстарды өтеу бойынша төлемді зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлем жасау туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      5. Алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      6. Жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдер мынадай мөлшерде (айлық есептік көрсеткішпен) жүзеге асырылады:
      1) өміріне зиян келтірілген жағдайда – 250;
      2) денсаулығына ауыр зиян келтірілген жағдайда – 150;
      3) жерлеуге жұмсалатын шығыстарға – 15.
      7. Зиянды өтеу бойынша төлем моральдық зиянның, сондай-ақ мүлікке келтірілген зиянның, жәбірленушінің не осы Заңның 17-1-бабының 4-тармағында көзделген адамдардың жіберіп алған пайдасының, қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтырмайды.
      8. Зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу бойынша төлемдер тікелей Қор немесе агент-банк арқылы жәбірленушінің не осы Заңның 17-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген адамдардың банк шоттарына қолма-қол емес нысанда жүзеге асырылады.
      9. Қор зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерден мынадай жағдайларда:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1) жәбірленушінің іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен қасақана жасалған қылмыс немесе көлік оқиғасымен себепті байланыста болған әкімшілік құқық бұзушылық деп танылса;
      2) Қорға немесе қатысушы-сақтандыру ұйымына осы Заңның 17-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдай басталған кезден бастап бір жыл өткеннен кейін жүгінгенде;
      3) көлік оқиғасы еңсерілмейтін күштің салдарынан, яғни ядролық жарылыс, радиация немесе радиоактивті улану, әскери іс-қимылдар, азаматтық соғыс, жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, жаппай тәртіпсіздік немесе ереуілдер сияқты төтенше және осындай алдын алуға болмайтын жағдайлар кезінде басталған болса;
      4) осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттардың толық пакетін табыс етпеген не дұрыс емес құжаттарды берген болса, бас тартуға құқылы.
      Зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асырудан бас тарту үшін негіздер болған кезде, Қор құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесі бар жазбаша нысандағы хабарлама жіберуге міндетті.
      10. Осы Заңның 8-бабы 2-тармағы 4) тармақшасында көзделген функцияны жүзеге асыру үшін Қор Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасынан ақпарат сұратады.
      Ақпаратты берудің тәртібі, көлемі және мерзімдері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің актісімен және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен белгіленеді.
      Қор алған мәліметтер жария етуге жатпайды.
      Ескерту. 17-2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      17-3-бап. Зиян келтірген адамға кері талап
                 қою құқығы

      Қордың жәбірленушінің не осы Заңның 17-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген адамдардың зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі талабын қарауға байланысты Қордың шеккен шығыстарын ескере отырып, зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдер шегінде жәбірленушіге зиян келтірген адамға кері талап қою құқығы бар.

      17-4-бап. Зиянды өтеу резервін құру

      1. Қор зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен жүзеге асырады.
      Зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін зиянды өтеу резервінің қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда Қор сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервін осы Заңда көзделген тәртіппен пайдаланады.
      2. Уәкілетті орган белгілеген мөлшердегі бастапқы біржолғы жарналар және Қормен жасалатын қатысу шартына сәйкес сақтандырушылар төлейтін қосымша жарналар зиянды өтеу резервін қалыптастыру көздері болып табылады.
      Қосымша жарналар ставкасын есептеу әдістемесі, оларды төлеу тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      3. Қосымша жарналардың мөлшері қатысушы-сақтандыру ұйымы көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша есептеген сақтандыру сыйлықақылары мен қосымша жарналар ставкаларының көлемін негізге ала отырып
есептеледі.
      4. Сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қатысушы-сақтандыру ұйымын қосымша жарналарды төлеуден босатпайды.
      5. Қатысушы-сақтандыру ұйымы көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға берілген лицензиядан айырылған күннен бастап қатысушы-сақтандыру ұйымының қосымша жарналарды төлеу міндеттемелері қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
      Қатысушы-сақтандыру ұйымының қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемесі оны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
      Қатысушы-сақтандыру ұйымдарының осы Заңға сәйкес төлеген қосымша жарналары қайтаруға жатпайды.
      Ескерту. 17-4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      17-5-бап. Қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттерді
                 орындамау немесе тиісінше орындамау

      1. Қосымша жарналарды төлемеген, уақтылы төлемеген не толық көлемде төлемеген жағдайда, Қор қатысушы-сақтандыру ұйымының осы Заң бойынша өз міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны туралы жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
      2. Уәкілетті орган Қордан қатысушы-сақтандыру ұйымының қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны туралы хабарлама алған кезде мұндай сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген санкцияларды және өзге де ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.

6-тарау. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі
қатысушыларының құқықтары мен міндеттері

      18-бап. Қордың құқықтары мен міндеттері

      1. Қор:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен міндетті, төтенше және қосымша жарналар төлеуді талап етуге;
      2) тарату комиссиясының құрамына өз өкілін енгізу туралы уәкілетті органның алдында өтініш жасауға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымын тарату ісін жүргізуге қатысуға;
      3) тарату комиссиясынан және кредитордан Қордың міндеттерін іске асыруға қажетті ақпарат пен құжаттар беруді талап етуге;
      4) уәкілетті органнан қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қаржылық жай-күйі, қатысушы-сақтандыру ұйымы жасасқан сақтандыру шарттарының саны туралы мәліметті және сақтандыру құпиясын және Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, өзге де қажетті ақпаратты сұратуға;
      5) осы Заңда, сақтандыру шартында немесе Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актісінде көзделген жағдайларда кредиторға кепілдік төлемін жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      2. Қор:
      1) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне немесе «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қорға қатысу міндеті жүктелген сақтандыру ұйымымен қатысу шартын жасасуға;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен активтерді қаржы құралдарына инвестициялауға;
      3) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, көлемде және мерзімде уәкілетті органға Қордың қызметі туралы мәліметтер мен есептілікті (Қордың қаржылық есебін қоспағанда) беруге;
      4) қатысушы-сақтандыру ұйымдарына олардың сұрау салулары бойынша қатысу шартына сәйкес айқындалатын көлемде өзінің қаржылық есептілігін беруге;
      5) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мерзімді баспа басылымдарында өзінің жылдық бухгалтерлік балансын жариялауға;
      6) қатысушы-сақтандыру ұйымдарының міндетті, төтенше және қосымша жарналар төлеу тәртібін, сондай-ақ олардың шартты міндеттемелер қалыптастыруын бақылауды жүзеге асыруға;
      7) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының міндеттемелері бойынша кредиторларға осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен кепілдік төлемдерін жүзеге асыруға;
      8) аудит өткізуге;
      9) сақтандыру ұйымдарының Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңдарын бұзуының өзіне мәлім болған фактілері жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге;
      10) кредиторға кепілдік төлемінің жүзеге асырылғаны туралы тарату комиссиясына хабарлауға;
      11) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      12) өз функцияларын жүзеге асыру процесінде сақтандыру ұйымдарының қызметі туралы өздеріне мәлім болған бүкіл ақпаратты тек қана қызмет мақсаттарында пайдалануға;
      13) осы Заңның 15-бабының 5-тармағында көзделген тәртіппен қатысушы-сақтандыру ұйымдарының шығыстарын өтеуге міндетті.
      2-1. Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес өздері жүргізетін операцияларды есепке алуды жүзеге асырады.
      3. Қордың Қазақстан Республикасының заңдарында және қатысу шартында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      19-бап. Қатысушы-сақтандыру ұйымының құқықтары мен
               міндеттері

      1. Қатысу шартына сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымы:
      1) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мерзімді баспа басылымдарында өзінің сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысуы туралы ақпаратты жариялауға;
      2) Қордан кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыруға қатысты ақпарат алуға;
      3) Қордың қаржылық есептілігін Қордан талап етуге құқылы.
      2. Қатысу шартына сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымы:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен міндетті және төтенше жарналарды төлеуге, сондай-ақ шартты міндеттемелерді қалыптастыруға;
      2) жасалған сақтандыру шарттарының саны және олар бойынша төленуге тиіс сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасы туралы ақпаратты Қорға ұсынуға;
      3) өзінің төлем қабілетсіздігі басталғаны және уәкілетті органның санкциялар қолдану фактілері туралы Қорға хабарлауға;
      4) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне немесе «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру ұйымына Қорға қатысу міндеті жүктелген сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша сақтандыру қызметінің тоқтатылғаны туралы Қорды хабардар етуге;
      4-1) осы Заңда көзделген жағдайларда өзіне тиесілі Қор акцияларын иеліктен шығаруды жүргізуге;
      5) сотқа мәжбүрлеп тарату туралы талап-арыз берілгендігі туралы, сондай-ақ соттың сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдағаны туралы Қорды хабардар етуге;
      6) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      7) осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
      Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар қатысушы-сақтандыру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қосымша жарналарды төлеуге міндетті.
      3. Қатысушы-сақтандыру ұйымының Қазақстан Республикасының заңдарында және қатысу шартында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.02.20 № 128 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      20-бап. Тарату комиссиясының құқықтары мен міндеттері

      1. Тарату комиссиясы:
      1) Қордан мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторларына кепілдік төлемдерін жүзеге асырылғаны туралы хабарлама алуға құқылы.
      2) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      2. Тарату комиссиясы:
      1) құжаттардың көшірмелерін және үзінділерін алу құқығын бере отырып, Қордың уәкілетті өкілдерінің тарату процесіне қатысты ақпарат пен құжаттамаға қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
      2) өзінің кредитор алдындағы міндеттемелерінің тоқтатылғаны туралы Қорға шұғыл түрде хабарлауға;
      3) сақтандыру шарттарын жасасуға қатысты Қор сұратқан ақпаратты және құжаттарды беруге міндетті.
      3. Тарату комиссиясының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      21-бап. Кредитордың құқықтары мен міндеттері

      1. Кредитордың:
      1) Қордан осы Заңда көзделген тәртіппен кепілдік төлемін жүзеге асыруды талап етуге;
      2) (алынып тасталды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен);
      3) тарату комиссиясынан талаптарды Қордан алынған кепілдік төлемінен асатын мөлшерде қанағаттандыруды талап етуге құқығы бар.
      2. Кредитор:
      1) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісінде немесе сақтандыру шартында көзделген, сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандыру шарты бойынша шығындардың мөлшерін растайтын құжаттарды ұсынуға;
      2) Қордың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредитордың өзіне ауысқан құқықтарын іске асыруына қажетті барлық құжаттарды беруге міндетті.
      3. Кредитордың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді атқарады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      22-бап. Қорды тарату немесе қайта ұйымдастыру

      1. Қорды тарату немесе қайта ұйымдастыру осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде немесе «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Қорға сақтандыру ұйымдарының міндетті қатысуы жөніндегі талаптар алып тасталған жағдайда Қор таратылуы мүмкін.
      3. Қордың таратылуы кезінде қалыптастырылған сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің және зиянды өтеу резервінің қаражаты Қорға қатысушы-сақтандыру ұйымдарының арасында олардың Қордың осы резервтеріне қатысу үлесіне барабар мөлшерде бөліп беріледі.
      4. Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыру акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырыла алады.
      Осы Қор акционерлерінің жалпы жиналысы шешімінің болуы Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат алу туралы өтініш беру үшін негіз болып табылады.
      5. Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алу туралы өтінішке мына құжаттар:
      1) Қор акционерлері жалпы жиналысының оны ерікті түрде қайта ұйымдастыру туралы шешімі;
      2) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастырудың ойластырылған шарттары, нысандары, тәртібі және мерзімдері жазылған құжаттар қоса берілуге тиіс.
      6. Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат алу туралы өтінішті уәкілетті орган оны қабылданған күнінен бастап екі ай ішінде қарауға тиіс.
      7. Қорды таратуға рұқсат беруден бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы дәлелді шешім шығарады, ол жөнінде Қорды хабардар етеді.
      8. Қайта ұйымдастырылатын Қор уәкілетті органның қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсатын алған күннен бастап екі апта ішінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын, кемінде екі мерзімді баспа басылымдарында тиісті хабарландыру жариялауға міндетті.
      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      23-бап. Қазақстан Республикасының Қор туралы заңдарын
               бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының Қор туралы заңдарының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікте болады.

      24-бап. Өтпелі ережелер

      Ескерту. 24-бап алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті