Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтар N 370-ІІ Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған, құқықтық қатынастардың орнатылуын, өзгертiлуiн немесе тоқтатылуын көздейтiн электрондық құжаттарды жасау және пайдалану кезiнде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауды қоса алғанда, құқықтық қатынастарға қатысушылардың электрондық құжаттар айналымы саласында туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн реттеуге бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгiн және мазмұнының өзгермейтiндiгiн растайтын электрондық цифрлық нышандар терiмi;

      2) электрондық құжат - өзiндегi ақпарат электрондық-цифрлық нысанда табыс етiлген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
       3) тiркеу куәлiгінiң иесi - өз атына тiркеу куәлігі берiлген, тiркеу куәлiгінде көрсетiлген ашық кiлтке сәйкес жабық кiлтті заңды түрде иеленетiн жеке немесе заңды тұлға;

      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтi - тiркеу куәлiгiнің иесiне белгiлi және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектiлiгi;

      5) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi - кез келген тұлғаның қолы жететiн және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектiлiгi;

      6) қол қоюшы тұлға - электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiн заңды түрде иеленетiн және оны электрондық құжатта пайдалану құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;

      7) тiркеу куәлiгi - куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау үшiн беретiн қағаздағы құжат немесе электрондық құжат;

      8) электрондық құжат айналымы жүйесi - қатысушылары арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттелетiн электрондық құжаттар алмасу жүйесi;

      9) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары - электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалығын тексеру үшiн пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;

      10) куәландырушы орталық - электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне сәйкестiгiн куәландыратын, сондай-ақ тiркеу куәлiгiнiң дұрыстығын растайтын заңды тұлға;

      11) уәкiлеттi орган - ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және қызметтi мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      12) электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, iздестiру және тарату процестерiне қатысатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам;

      13) электрондық құжат айналымының корпорациялық жүйесi - электрондық құжат айналымының жүйесi, оған ұйымдардың немесе пайдаланушылардың ведомстволық, функционалдық немесе өзге де ақпараттық қатынастармен айқындалатын шектеулi ортасы қатысушылар бола алады.

      2-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және
             электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк  құқықтық  актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiгiн пайдалану мен шетелдiк
             жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық
             құжаттарды алмасу

      1. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, куәландырушы орталық пен шетелдiк тiркеу куәлiгi иесiнiң арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеу кезiнде тiркеу куәлiгi берiлген мемлекеттiң құқығы қолданылады.

      2. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық құжаттарды алмасу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң электрондық
             құжат және электрондық цифрлық қолтаңба
             саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы бағдарламаны әзiрлеу мен орындауды ұйымдастырады;

      2) алып тасталды - 2009.07.17. N 188-IV Заңымен.

      3) электрондық құжат айналымының тәртiбi мен талаптарын белгiлейдi;

      4) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы уәкiлеттi органның функцияларын белгiлейдi.
      5) <*>
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      5-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық
              қолтаңба саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді;
      3) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба мәселелері бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
      4) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын қызмет түріне өз құзыреті шегінде лицензия береді;
      6) куәландырушы орталықтың үлгі ережесін әзірлеп, бекітеді;
      7) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.

       5-1-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық
              қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

2-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТ

      6-бап. Электрондық құжат айналымының принциптерi

      Электрондық құжат айналымы:

      1) электрондық құжат айналымының әр түрлi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi;

      2) деректер жасау, өңдеу, сақтау және беру үшiн ақпараттық технологиялар қолданылатын қызметтiң кез келген салаларында электрондық құжаттарды пайдалану;

      3) кез келген ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық құжаттарды беру принциптерi негiзiнде мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде жүзеге асырылады.

      7-бап. Электрондық құжат айналымына қойылатын талаптар

      1. Электрондық құжат электрондық құралдармен жасалуы, жіберілуі, сақталуы және берілуі мүмкін. Осы Заңның талаптарына сәйкес келетін электрондық құжат қағаз жеткізгіштегі құжатпен бірдей.
      2. Электрондық құжат оны ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша берген кезден бастап жіберілген болып есептеледі.
      3. Кірген электрондық құжат жолданым иесінің ақпараттық жүйесінде оны тіркегеннен кейін түскен болып есептеледі.
      4. Алғаны туралы хабарламада электрондық құжатты алу фактісі мен уақыты туралы және оның жөнелтушісі туралы деректер болуға тиіс. Ол авторға түспеген жағдайда, жолданым иесі құжатты алмаған болып есептеледі.
      5. Электрондық құжат айналымының тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      6. Мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтері бар электрондық құжаттарды пайдалану, қорғау, тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасымен белгіленеді.
       Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР-ың 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Электрондық құжаттарды сақтау

      Электрондық құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк және (немесе) мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде сақталады.

      9-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушының
             құқықтары мен мiндеттерi

      1. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы:
      1) куәландырушы орталық тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгi мен жарамдылығын растау үшiн осы куәландырушы орталыққа жүгiнуге;
      2) бiрнеше куәландырушы орталықтың қызмет көрсетуiн пайдалануға құқылы.

      2. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы белгiленген электрондық құжат айналымы ережелерiн сақтауға мiндеттi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

3-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА

      10-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану

      1. Электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең және мынадай шарттар орындалған кезде:
      1) тiркеу куәлiгi бар ашық кiлттiң көмегiмен электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығы куәландырылғанда;
      2) электрондық құжатқа қол қойған тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне заңды түрде иелiк еткенде;
      3) электрондық цифрлық қолтаңба тiркеу куәлiгiнде аталған мәлiметтерге сәйкес пайдаланылғанда, бiрдей заңдық салдарларға әкеп соғады.

      2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерi оларды заңды негiздерде иеленетiн тұлғалардың меншiгi болып табылады.
      Тұлғада электрондық цифрлық қолтаңбаның саны шектеусiз жабық кiлттерi болуы мүмкiн. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн осы кiлттер иелерiнiң келiсiмiнсiз басқа тұлғаларға беруге болмайды.

      3. Қол қоюшы тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға өкiлеттiктi өз өкiлiне Қазақстан Республикасының заңдарына  сәйкес беруге құқылы.

      11-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары

      Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен сертификатталуға тиiс.

      12-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiндегi
              электрондық цифрлық қолтаңба

      1. Электрондық цифрлық қолтаңбаны мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң өкiлеттiгi шегiнде өздерi шығаратын электрондық құжаттарды куәландыру кезiнде пайдалана алады.

      2. Электрондық құжат айналымының мемлекеттiк емес және корпорациялық жүйелерiнде электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен пайдаланылады.

      13-бап. Шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңбаны тану

      Шетелдiк тiркеу куәлiгi бар шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес немесе тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiне енгiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының аумағында электрондық цифрлық қолтаңба деп танылады.

4-тарау. ТIРКЕУ КУӘЛIГI

      14-бап. Тiркеу куәлiгiн беру

      Тiркеу куәлiгiн беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi және ол куәландырушы орталық пен электрондық құжат айналымы жүйесiнiң қатысушылары үшiн мiндеттi болып табылады.

      15-бап. Тiркеу куәлiгiнiң мазмұны

      1. Тiркеу куәлiгiнде мынадай мәлiметтер:
      1) тiркеу куәлiгiнiң нөмiрi мен оның қолданылу мерзiмi;
      2) электрондық цифрлық қолтаңбаның иесiн бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн деректер;
      3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi;
      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi жабық кiлтiн жасау үшiн пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба құралдары туралы деректер;
      5) электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану салалары мен оны қолдануды шектеу туралы ақпарат;
      6) тиiстi куәландырушы орталықтың реквизиттерi болуға тиiс.

      2. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымы үшiн қажеттi қосымша ақпаратты электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушымен келiсе отырып, тiркеу куәлiгiне енгiзе алады.

      16-бап. Тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда
              сақтау тәртiбi мен мерзiмi

      1. Тiркеу куәлiктерiнiң көшiрмелерi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тиiстi куәландырушы орталықтарда сақталады.

      2. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда сақтау мерзiмi - кемiнде бес жыл.

      3. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерi осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мұрағаттық сақтауға түседi.

      17-бап. Тiркеу куәлiгi иесiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Егер тiркеу куәлiгiнiң иесi тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне қол жеткiзу режимi бұзылады деп санаса, ол уәкiлеттi органнан тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алуды талап етуге құқылы.

      2. Тiркеу куәлiгiнiң иесi:
      1) куәландырушы орталыққа дұрыс ақпарат беруге;
      2) тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес келетiн жабық кiлттi пайдалануға;
      3) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтi туралы ақпаратты заңсыз таратуға жол бермеуге;
      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның өздерiне тиесiлi жабық кiлтiн заңсыз қол жеткiзу мен пайдаланудан қорғау үшiн шаралар қолдануға, сондай-ақ ашық кiлттердi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сақтауға мiндеттi.

      18-бап. Тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алу

      1. Тiркеу куәлiгiн берген куәландырушы орталық оны мынадай жағдайларда:
      1) тiркеу куәлiгi иесiнiң немесе оның өкiлiнiң талап етуi бойынша;
      2) тiркеу куәлiгiнің иесi қайтыс болғанда;
      3) тiркеу куәлiгiнің қолданылу мерзiмi аяқталғанда;
      4) куәландырушы орталық пен тiркеу куәлiгiнің иесi арасындағы келiсiмде көзделген жағдайларда;
      5) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша керi қайтарып алады.

      2. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен және мерзiмде керi қайтарып алады.

      3. Тiркеу куәлiгін жою кезiнде куәландырушы орталық тiркеу куәлiгiнің иесiн хабардар етуге және тиiстi ақпаратты алған кезден бастап кемiнде бiр күн мерзiмде тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiне өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.

      19-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiктерiн тану

      Шетелдiк тiркеу куәлiгi тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiне тiркеу куәлiгi енгiзiлгеннен кейiн, куәландырушы орталық берген Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын тiркеу куәлiгiмен тең танылады.

  5-тарау. КУӘЛАНДЫРУШЫ ОРТАЛЫҚ

      20-бап. Куәландырушы орталықтың қызметi

      1. Куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылады.

      2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтiнің сәйкестiгiн куәландыру жөнiндегi, сондай-ақ тiркеу куәлігінің дұрыстығын растау жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына  сәйкес лицензиялануға тиiс.

      3. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымының бiрнеше жүйесiне қызмет көрсете алады.

      21-бап. Куәландырушы орталықтың функциялары

      1. Куәландырушы орталық:
      1) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн заңсыз қол жеткiзуден қорғау үшiн шаралар қолдана отырып, электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың өтiнiшi бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаның кiлттерiн жасайды;
      2) тiркеу куәлiктерiн бередi, тiркейдi, керi қайтарып алады, сақтайды, белгiленген тәртіппен берiлген тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiн жүргiзедi;
      3) қолданылып жүрген және керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн есепке алуды жүзеге асырады;
      4) куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгiн және жарамдылығын растайды.
      5) <*>

      2. Куәландырушы орталық сақтауда тұрған электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлттерi жоғалуының, модификациялануының және қолдан жасалуының алдын алу үшiн қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.

      3. Куәландырушы орталық осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттi орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      22-бап. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату

      1. Куәландырушы орталықтың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтатылады.

      2. Куәландырушы орталық қызметiн тоқтатқан жағдайда өз қызметiн тоқтатудан отыз күн бұрын өзi қызмет көрсететiн электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың бәрiн және уәкiлеттi органды бұл туралы хабардар етуге мiндеттi.

      3. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату кезiнде ол берген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi, тiркеу куәлiктерiнің иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлігінің иесiмен келiсiле отырып, басқа куәландырушы орталықтарға берiледi.

      4. Осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн басқа куәландырушы орталықтарға берiлмеген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi қолданылуын тоқтатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталуға тиiс.

      23-бап. Тiркеу куәліктерiнiң иелерi, электрондық цифрлық
              қолтаңбаның жабық және ашық кiлттерi туралы
              мәлiметтердi қорғау

      1. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiктерiнің иелерi туралы мәлiметтердiң қорғалуын қамтамасыз етедi және оларды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда ашады.

      2. Тараптардың келiсiмiне сәйкес жасырын болып табылатын тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлiктерiнiң жалпы қол жететiн тiркелiмiне енгiзiлмейдi.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      24-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және
              электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарын
              бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкте болады.

      25-бап. Дауларды қарау

      Электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен қаралуға тиiс.

      26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң 2003 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті