Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылғы 6 желтоқсан N 264-ІІ.

Қолданыстағы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне (бұдан әрi - халықаралық ұйымдарға) мүшелiгiнiң құқықтық шарттарын айқындайды.

1-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға мүшелiгi

      1. Қазақстан Республикасы Халықаралық Валюта Қорының (бұдан әрi - ХВҚ), Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiнiң (бұдан әрi - ХҚДБ), Халықаралық Қаржы Корпорациясының (бұдан әрi - ХҚК), Халықаралық Даму Қауымдастығының (бұдан әрi - ХДҚ), Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiнiң (бұдан әрi - ИККА), Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталықтың (бұдан әрi - ИДРХО), Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiнiң (бұдан әрi - ЕҚДБ), Азия Даму Банкiнiң (бұдан әрi - АДБ), Ислам Даму Банкiнiң (бұдан әрi - ИДБ) мүшесi болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасы барлық түзетулерiн қоса алғанда, ХВҚ, ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ келiсiмдерi баптарына, ИДБ Құрылтай шартына, ИККА құру туралы конвенцияға және Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялар саласында дауларды реттеу туралы конвенцияға, ЕҚДБ, АДБ құру туралы келiсiмдерге қатысушы мемлекет болып табылады және тиiсiнше ХВҚ, ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ, ИККА, ЕҚДБ, АДБ Басқарушылар Кеңесi қарарларының Қазақстан Республикасының осы халықаралық ұйымдарға мүшелiгiне қатысты ережелерi мен шарттарын қабылдады.

      3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы ХВҚ Қарыз алу арнаулы құқықтары департаментiне қатысушының барлық мiндеттемелерiн қабылдады.

2-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға мүшелiгiне байланысты қаржылық өзара қатынастары

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi арқылы заемдар тартуға, қаржыландырудың басқа да нысандарын пайдалануға және Қазақстан Республикасының атынан заемдар туралы тиiстi келiсiмдердiң шарттарына және қарарлардың, келiсiмдердiң тиiстi баптарының, құру туралы келiсiмдердiң, конвенциялардың немесе Құрылтай шартының Қазақстан Республикасының осы халықаралық ұйымдарға мүшелiгiне қатысты ережелерiне сәйкес ХҚДБ-ге, ХҚК-ге, ХДҚ-ға, ИККА-ға, ЕҚДБ-ге, АДБ-ге, ИДБ-ге сомалар төлеп отыруды қамтамасыз етуге уәкiлеттi.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ келiсiмдерiнiң баптарына, ЕҚДБ, АДБ құру туралы келiсiмдерге және ИККА Құру туралы конвенцияға сәйкес Қазақстан Республикасының ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ, ИККА, ЕҚДБ, АДБ мүшелiгiне қажет болуы немесе сай келуi мүмкiн басқаға берiлмейтiн сыйақысыз борыштық мiндеттемелердiң кез келгенiн шығаруға уәкiлеттi.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ХВҚ қаражатын оны сатып алу түрiнде тартуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ХВҚ мүшелiгiне қатысты қарарлардың және ХВҚ Келiсiмi баптарының шарттары мен ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасының атынан ХВҚ-ға сомалар төлеп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ХВҚ Қарыз алу арнаулы құқықтары департаментiнiң қызметiне қатысуына байланысты төлемдердi жүзеге асыруға уәкілетті. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып басқа халықаралық ұйымдардан заемдар тартуға, заемдар тартудың қаржылық шарттарын айқындауға және осындай заемдар бойынша келiсiмдердi дербес жасасуға құқылы.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ХВҚ Келiсiмiнiң баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының ХВҚ-ға мүшелiгiне қажет болуы немесе сай келуi мүмкiн басқаға берiлмейтiн сыйақысыз борыштық мiндеттемелердiң кез келгенiн шығаруға уәкiлеттi.

3-бап. Халықаралық ұйымдармен қатынас жасасуға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар

      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының қаржы органы ретiнде ХҚДБ Келiсiмi баптарының 2-бөлiмi III бабының талаптарына сәйкес iс-қимыл жасайды.

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының атынан ХҚДБ Келiсiмi баптарының, ЕҚДБ, АДБ құру туралы келiсiмдердiң, ИДБ Құрылтай шартының ережелерiнде көзделген барлық операциялар мен мәмiлелердi орындауға уәкiлеттi.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының қаржы органы ретiнде ХВҚ Келiсiмi баптарының 1-бөлiмi V бабының талаптарына сәйкес iс-қимыл жасайды.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының атынан ХВҚ Келiсiмi баптарының ережелерiнде көзделген барлық операциялар мен мәмiлелердi орындауға уәкiлеттi.

      3. Қазақстан Республикасының тиiстi халықаралық ұйымдармен байланыс арнасы ретiнде ХҚК Келiсiмi баптарының 10-бөлiмi IV бабының, ХДҚ Келiсiмi баптарының 10-бөлiмi VI бабының, ИККА Құру туралы конвенцияның 38-бабы V тарауының, ЕҚДБ Құру туралы келiсiмнiң 34-бабы VI тарауының, АДБ Құру туралы келiсiмнiң 38-бабы VI бөлiмiнiң талаптарына сәйкес - Қаржы министрлiгi, ал ИДБ Құрылтай шартының 40-бабы V тарауының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындап беретiн лауазымды тұлға белгiлендi.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi келiсiмдердiң тиiстi баптарына, құру туралы келiсiмдерге, конвенцияларға немесе Құрылтай шартына сәйкес Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы түрiндегi барлық авуарлардың, сондай-ақ ХВҚ-ның, ХҚДБ-ның, ХҚК-ның, ХДҚ-ның, ИККА-ның, ЕҚДБ-ның, АДБ-ның, ИДБ-ның басқа да активтерiнiң депозитарийi ретiнде тағайындалады.

      5. Қазақстан Республикасының Yкiметi ХВҚ, ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ, ИККА, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ Басқарушылар Кеңестерiне, ИДРХО Әкiмшiлiк Кеңесiне Қазақстан Республикасының өкiлi (Басқарушы) ретiнде Қазақстан Республикасының атынан мiндеттердi орындау үшiн тиiстi лауазымды тұлғаны, сондай-ақ Басқарушы болмаған кезде мiндеттерiн орындау үшiн барлық өкiлеттiктер берiлген оның орынбасарын тағайындауға уәкiлеттi.

4-бап. Халықаралық ұйымдардағы мүшелiкке байланысты операцияларды жүзеге асыру

      ХВҚ, ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ келiсiмдерi баптарының, ИККА Құру туралы Конвенцияларының ЕҚДБ, АДБ құру туралы келiсiмдердiң, ИДБ Құрылтай шартының ережелерiнде көзделген операциялар мен мәмiлелердi жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасы төлеуге немесе Қазақстан Республикасына төленуге тиiстi сомалардың аударылуы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы жүзеге асырылады.

5-бап. Қазақстан Республикасының ХВҚ-ға мүшелiгiне байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметi ХВҚ-мен ынтымақтастық пен өзара iс-қимылды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының ХВҚ-мен өзара қатынастарын дамытуды қамтамасыз етедi.

      2. Қазақстан Республикасының ХВҚ-ға мүшелiгiне байланысты Қазақстан Республикасының мiндеттемелерiн орындаған кезде туындайтын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп қажеттi шаралар қолданады.

6-бап. Мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерi

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары осы Заңның 1-бабының 2-тармағында көзделген келiсiмдердiң баптарын, Құрылтай шартын, конвенцияларды, құру туралы келiсiмдердi және қарарларды сақтау мақсатында өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мiндеттемелерiн орындау үшiн қажеттi нормативтiк құқықтық актілер қабылдайды.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті