Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылғы 13 маусым N 211-ІІ

Жаңартылған

      Осы Заң Қазақстан Республикасы экономикасы салаларының бiрi ретiнде туристiк қызметтiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық негiздерiн белгiлейдi. 

  1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      1) гид (гид-аудармашы) - туристерге уақытша келген елдегi (жердегi) туристiк ресурстармен таныстыру жөнiнде экскурсиялық-ақпараттық, ұйымдық қызмет көрсететiн кәсiби даярланған жеке тұлға; 
      2) туристiк қызмет көрсетуге жасалған шарт - өтелмелi туристiк қызмет көрсету бойынша туроператордың немесе турагенттiң және туристiң арасындағы келiсiм; 
      3) туризм нұсқаушысы - тиiстi бiлiктiлiгi және туристiк маршруттармен жүрiп өту тәжiрибесi бар кәсiби даярланған жеке тұлға; 
      4) туристердi орналастыру орындары - мейманханалар, мотельдер, кемпингтер, туристiк базалар, қонақжайлар, демалыс үйлерi, пансионаттар және туристердiң тұруы мен оларға қызмет көрсету үшiн пайдаланылатын басқа да үй-жайлар мен ғимараттар; 
      5) туристiк өнiмдi ұсыну - туристiк қызмет көрсетуге (жарнама, арнаулы көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу, туристiк өнiмдi өткiзу жөнiндегi туристiк ақпарат орталықтарын ұйымдастыру, каталогтар, буклеттер шығару және тарату) бағытталған шаралар кешенi; 
      6) тур - белгiленген мерзiмдер шеңберiнде белгiлі бiр маршрут бойынша жасалатын саяхатты қамтитын туристік қызмет көрсетулер кешені; 
      7) туризм - жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма төрт сағаттан бiр жылға дейін, не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтiн қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетiн саяхаты; 
      8) өз бетiнше туризм - туристер өз бетiмен ұйымдастыратын, жүрiп-тұрудың белсендi тәсiлдерi пайдаланылатын саяхат; 
      9) турист - жиырма төрт сағаттан бiр жылға дейiнгi мерзiм кезеңiнде уақытша болатын елдi (жердi) аралап көретiн және ақылы қызметпен айналыспай сол елде сауықтыру, танымдық, кәсiби-iскерлiк, спорттық, дiни және өзге де мақсаттарда кемiнде бiр рет түнеп шығатын жеке тұлға; 
      10) туристiк агенттiк қызмет (турагенттiк қызмет) - қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалардың (бұдан әрi - турагент) туристiк өнiмдi ұсыну және өткiзу жөнiндегi қызметi; 
      11) туристiк қызмет - жеке және заңды тұлғалардың туристiк қызмет көрсету жөнiндегi қызметi; 
      12) туристiк операторлық қызмет (туроператорлық қызмет) - қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар заңды тұлғалардың (бұдан әрi - туроператор) өздерiнiң туристiк өнiмдерiн қалыптастыру, ұсыну және туристiк агенттер мен туристерге өткiзу жөнiндегi қызметi; 
      13) туристiк жолдама - туристiк қызмет көрсету кешенiн алуға құқықты растайтын құжат; 
      14) туристiк ұйымдар - қызметiнiң негiзгi түрi туристiк қызмет болып табылатын заңды тұлғалар; 
      15) туристiк ресурстар - туристiк көрсету объектiлерiн қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтiк-мәдени, сауықтыру объектiлерi, сондай-ақ туристердiң рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың дене күшiн қалпына келтiрiп, дамытуға жәрдемдесетiн өзге де объектiлер; 
      16) туристiк ваучер - турдың құрамына кiретiн қызметтерге туристiң құқығын және олардың ақысы төленгенiнiң фактiсiн растайтын құжат; 
      17) туристiк өнiм - саяхат барысында туристiң қажетiн қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi туристiк қызмет көрсетулер жиынтығы; 
      18) туристiк рынок - туристiк қызмет саласында тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) және ақша айналысы; 
      19) туристiк қызмет көрсету - өзiнiң туристiк саяхаты кезеңiнде және осы саяхатқа байланысты туристiң қажеттерiн қанағаттандыру үшiн берiлетiн қажеттi қызмет көрсетулер (орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, экскурсиялар, туризм нұсқаушыларының, гидтердiң (гид-аудармашылардың) қызмет көрсетулері және сапар мақсатына байланысты басқа да қызмет көрсетулерi); 
      20) уәкiлеттi орган - туристiк қызмет саласында мемлекеттiк басқару функцияларын жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн орталық атқарушы орган; 
      21) экскурсант - бiр жерге, елдi мекенге, аумаққа немесе сол жердегi басқа елге туризм мақсатында жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа уақытша келген жеке тұлға; 
      22) экскурсиялық қызмет - азаматтардың уақытша болатын елдегi (жердегi) туристiк ресурстарды танымдық мақсатта аралап көруiн ұйымдастыру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет, ол туристердi орналастыру (түнету) жөнiндегi қызметтi көздемейдi және жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзiмдi қамтиды; 
      23) экскурсовод - уақытша болатын елдегi (жердегi) туристiк ресурстармен таныстыру жөнiнде туристерге экскурсиялық-ақпараттық, ұйымдық қызмет көрсетуге лайықты бiлiктiлiгi бар, кәсiби даярланған жеке тұлға. 

       2-бап. Қазақстан Республикасының туристiк қызмет
             туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының туристiк қызмет туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiнен  , осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық  актiлерiнен  тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының туристiк қызмет туралы заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шартта оның қолданылуы үшiн заң шығарылуы талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Туристiк қызметтiң субъектiлерi мен объектiлерi

      1. Туристiк қызмет субъектiлерiне:
      1) туристiк операторлар (туроператорлар);
      2) туристiк агенттер (турагенттер);
      3) гидтер (гид-аудармашылар), туризм нұсқаушылары, экскурсоводтар;
      4) туристер және олардың бiрлестiктерi;
      5) экскурсанттар;
      6) туристiк қызмет саласындағы өзге де бiрлестiктер;
      7) туристiк қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтiн мемлекеттiк органдар жатады.
      2. Туристiк қызмет объектiлерi - табиғи объектiлер және табиғи-климаттық аймақтар, көрiктi орындар, тарихи және әлеуметтiк-мәдени көрсету объектiлерi және саяхат кезiнде туристердiң қажеттерiн қанағаттандыра алатын өзге де объектiлер. 

       4-бап. Туристiк индустрия

      1. Туристiк индустрия - туристерді орналастыру құралдарының, көлiктiң, қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң, ойын-сауық объектiлерi мен құралдарының, танымдық, сауықтыру, iскерлiк, спорттық және өзге де мақсаттағы объектiлердiң, туристiк қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ экскурсиялық қызмет және гидтер (гид-аудармашылар) қызметiн көрсететiн ұйымдардың жиынтығы.
      2. Туристiк индустриядағы қызмет көрсету түрлерi:
      1) турлар ұсыну жөнiндегi қызмет көрсету;
      2) тұратын орындар беру жөнiндегi қызмет көрсету;
      3) тамақтандыру жөнiндегi қызмет көрсету;
      4) ақпараттық, жарнамалық қызмет көрсету;
      5) көлiк қызметiн көрсету;
      6) ойын-сауық;
      7) өзге де туристiк қызмет көрсетулер.

       5-бап. Туристiк ресурстар

      Қазақстан Республикасының туристiк ресурстарын сыныптау мен бағалау, олардың қорғалу режимi, қоршаған ортаға түсетiн ауыртпалықтың жол берілетiн шегiн ескере отырып пайдалану және Қазақстан Республикасының туристiк ресурстары тұтастығының сақталу тәртiбi, оларды қалпына келтiру жөнiндегi шаралар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады. 

       6-бап. Туризмнiң ұйымдық нысандары мен түрлерi

      1. Халықаралық және iшкi туризм туризмнiң ұйымдық нысандары болып танылады. 
      2. Халықаралық туризм: 
      1) келу туризмiн - Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын адамдардың Қазақстан Республикасы шегiндегi саяхатын; 
      2) шығу туризмiн - Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардың басқа елге саяхатын қамтиды. 
      3. Ішкi туризм - Қазақстан Республикасының азаматтары мен оның аумағында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының шегiндегi саяхаты. 
      4. Туризмнiң түрлерi - әлеуметтiк, экологиялық, шытырман оқиғалы, спорттық, iскерлiк, конгрестiк, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, дiни және басқа туризм. 

       7-бап. Туристiк индустриядағы көрсетiлетiн қызметтер
             экспорты мен импорты

      1. Қазақстан Республикасының аумағына келу туризмiн ұйымдастырумен байланысты туристiк қызмет көрсету туристiк қызмет көрсету экспорты болып табылады.
      2. Басқа елге шығуға байланысты туристiк қызмет көрсету туристiк қызмет көрсету импорты болып табылады.

  2-тарау. ТУРИСТIК ҚЫЗМЕТТI МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       8-бап. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң
             принциптерi

      Қазақстан Республикасында туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      1) туристiк қызметке жәрдемдесу және оның дамуы үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      2) туристiк қызметтiң басым бағыттарын айқындау және қолдау;
      3) Қазақстан Республикасы туралы туризм үшiн қолайлы ел деген түсiнiктi қалыптастыру;
      4) Қазақстан Республикасының туристерi мен туристiк ұйымдарының және олардың бiрлестiктерiнiң қауiпсiздiгiн, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың мүдделерi мен мүлкiн қорғау.

       9-бап. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң
             мақсаттары, басым бағыттары және тәсiлдерi

      1. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаттары:
      1) азаматтардың туристiк қызмет саласында демалу, еркiн жүрiп-тұру құқықтарын қамтамасыз ету;
      2) қоршаған ортаны қорғау;
      3) туристерге тәрбие, бiлiм беруге және оларды сауықтыруға бағытталған қызмет үшiн жағдайлар жасау;
      4) саяхат жасау кезiнде азаматтардың қажеттерiн қамтамасыз ететiн туристiк индустрияны дамыту;
      5) туристік индустрияны дамыту есебiнен жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттiң және Қазақстан Республикасы азаматтарының табыстарын молайту; 
      6) халықаралық туристiк байланыстарды дамыту болып табылады. 
      2. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң басым бағыттары: 
      1) туризмдi Қазақстан Республикасы экономикасының жоғары рентабельдi саласы ретiнде қалыптастыру; 
      2) туристiк ресурстарды пайдаланған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерiн ескеру, табиғи және мәдени мұраларын қорғау; 
      3) балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың, мүгедектер мен халықтың күнкөрiсi төмен топтарының арасында туристiк және экскурсиялық жұмысты ұйымдастыру үшін жеңілдікті жағдайлар енгiзу; 
      4) туристiк индустрияны инвестициялау үшiн қолайлы жағдайлар жасау; 
      5) Қазақстан Республикасының аумағында келу туризмiмен және iшкi туризммен айналысатын туристiк ұйымдарды қолдау және дамыту; 
      6) iшкi және халықаралық туризм қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн туристiк қызметтiң тиiмдi жүйесiн құру болып табылады. 
      3. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеу: 
      1) туризм индустриясын, туризмге инвестицияларды дамыту жөнiндегi саясатты айқындау; 
      2) туристiк қызмет саласындағы қатынастарды жетiлдiруге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес туристiк қызметтi лицензиялау туристiк индустрияның қызмет көрсетулерiн стандарттау және сертификаттау;  P920093_   Р960918_   V001116_  
      4) бюджеттiк заңдарға сәйкес туризмдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеуге және iске асыруға бюджет қаржыларын бөлу; 
      5) туристiк қызметтi кадрмен қамтамасыз етуге жәрдемдесу; 
      6) отандық туристердiң, туроператорлар мен турагенттердiң және олардың бiрлестiктерiнiң халықаралық туристiк бағдарламаларға қатысуына жәрдемдесу; 
      7) iшкi және дүниежүзiлiк туристiк рыноктарда туристiк өнiмдi ұсынуға жәрдемдесу; 
      8) елдiң туристiк ресурстарын ұтымды және тиiмдi пайдалануды, есепке алу мен қорғауды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. 

       10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметi: 
      1) <*>
      2) туристік қызмет саласындағы қатынастарды реттейтiн нормативтік құқықтық актiлердi қабылдайды;
      3) туристiк қызметтi лицензиялау ережелерiн және туристiк қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
      4) туристер аралауға тыйым салынған объектiлер мен аумақтарды белгiлейдi;
      5) туристiк қызмет саласындағы мемлекеттiк инвестициялық саясатты айқындайды;
      6) туристiк қызмет саласындағы ғылыми қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiн құрады.
      7) <*>
       Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       11-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) туристiк қызмет саласындағы мемлекеттiк басқару функциясын жүзеге асырады;
      1-1) Қазақстан Республикасында туризм саласын дамыту бағдарламасын әзiрлейдi;
      2) туристiк қызмет мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеуге қатысады;
      3) өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi, заңдарды қолдану практикасын жинақтап, оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi; 
      4)  алып тасталды
      5) туристiк рынокқа зерттеу жүргiзедi, халықаралық туристiк рынокта және мемлекет iшiнде Қазақстан туралы және оның туристiк мүмкiндiктерi туралы ақпаратты әзiрлеп, таратады; 
      6) өз құзыретi шегiнде туристiк қызмет саласындағы халықаралық шарттарды әзiрлейдi, жасасады және орындайды, халықаралық туристiк ұйымдарда және туризм жөнiндегi халықаралық iс-шараларда Қазақстан атынан өкiлдiк етедi; 
      7) атқарушы органдардың, меншiк нысандарына қарамастан туристiк және басқа да ұйымдардың туристiк қызмет саласындағы қызметiн үйлестiредi; 
      8) туристiк қызмет көрсету рыногында бәсекенi дамытуға жәрдемдеседi, онда меншiк нысанына қарамастан барлық туристiк қызмет субъектiлерi үшiн тең жағдайлар жасайды;
      9) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп сертификаттау мен стандарттауды реттейдi;
      10) Қазақстан Республикасының туристiк қызмет саласындағы заңдары мен нормативтiк құқықтық актiлерiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      11)  алып тасталды
      12) туристiк қызмет субъектiлерiне және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарына туристiк қызмет субъектiлерiнiң жұмысын ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетедi;
      13)  алып тасталды
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       12-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық,
              астаналық) атқарушы органдардың құзыретi

      1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган:
      1) туристiк қызмет саласында халықты жұмыспен қамту шарасы ретiнде кәсiпкерлiктi дамытып, қолдайды;
      2) туризмдi дамытудың аймақтық бағдарламаларын әзiрлеп, орындайды;
      3) жергiлiктi туристiк ресурстарды қорғау жөнiндегi шараларды әзiрлеп, енгiзедi;
      4) әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң туристiк қызмет көрсету рыногына талдау жасайды;
      5) әкiмшілік-аумақтық бiрлiктердегi туризмнiң дамуы туралы талдау жасап, қажеттi мәлiметтердi уәкiлеттi органға бередi;
      6) турагенттiк, туроператорлық қызметтi және туризм нұсқаушысының қызмет көрсетуiн лицензиялауды жүзеге асырады;
      7) туристiк қызмет көрсетулердi және туризм объектiлерiн жарнамалайды, туристiк ақпаратты бередi, туристiк ақпарат орталықтарын құрады;
      8) балалар мен жастар лагерьлерiнiң қызметiне жәрдем көрсетедi;
      9) жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылатын туристiк қызмет саласында кадрларды даярлауға, қайта даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға қатысады;
      10) туристiк қызмет субъектiлерiне олардың қызметiн ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетедi.
      11) <*>
      12) <*>

       13-бап. Туризм жөнiндегi кеңес

      1. Туризм жөнiндегi кеңес консультациялық-кеңесшi орган ретiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi жанынан құрылады. 
      2. Туризм жөнiндегi кеңес он бес мүшеден құралады, оның жетеуiн уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар ұсынады, сегiз мүшесiн қауымдастықтар және туристiк ұйымдардың өзге де бiрлестiктерi ұсынады. 
      3. Туризм жөнiндегi кеңес: 
      1) Туризмді дамыту, экономиканың осы саласына инвестициялар тарту, Қазақстан Республикасына келудiң қолайлы режимiн қамтамасыз ету және туристердiң шетелге шығуы үшiн жағдайлар жасау, республиканың туристiк имиджін қалыптастыру, туристік қызмет саласында мамандар даярлау мәселелері бойынша ұсыныстар әзiрлейдi; 
      2) туристiк қызмет көрсетудi тұтынушыларды қызмет көрсету сапасы туралы хабардар ету мақсатында өзi бекiткен тәртiп бойынша туристiк ұйымдардың рейтингін жүргізеді. 
      4. Туризм жөнiндегi кеңес туралы ереженi туризм саласындағы уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi. 

       14-бап. Туристiк ақпарат орталығы

      1. Туристiк ақпарат орталығы Қазақстан және оның туристiк әлеуетi туралы ақпаратты қалыптастыру және тарату үшiн, туристiк өнiмдi халықаралық туристiк рынокта және мемлекет iшiнде ұсыну үшiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тәртiппен құрылған ұйым болып табылады. 
      2. Туристiк ақпарат орталығы өз қызметiн уәкiлеттi орган бекiткен ережеге сәйкес жүзеге асырады. 

  3-тарау. ТУРИСТIК ҚЫЗМЕТТI ҰЙЫМДАСТЫРУ

       15-бап. Туристiк қызметтi лицензиялау

      1. Туристердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасында туроператорлық, турагенттiк қызмет, туризм нұсқаушысы көрсететiн қызметтер лицензияланады. 
      Туроператорлар мен турагенттер лицензия алу үшiн туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасуы қажет. Сақтандыру тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады. <*>
      2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган туроператорлық, турагенттiк қызметтi, туризм нұсқаушысы көрсететiн қызметтердi жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын сот тәртiбiнсiз алты ай мерзiмге дейiн мынадай негiздер бойынша тоқтата тұруға құқылы: 
      1) берiлген лицензияға негiз болған ақпараттың дұрыс болмауы; 
      2) туристiк ұйымның туристiк қызмет көрсету шарттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауы не тиiсiнше орындамауы (күнтiзбелiк үзiлiссiз он екi ай iшiнде үш және одан да көп жағдай); 
      3) лицензиар белгiлеген нормативтердi және туристiк ұйымдар орындауға мiндеттi басқа да нормаларды бұзу (күнтiзбелiк үзiлiссiз он екi ай ішінде үш және одан да көп жағдай); 
      4) туроператорлық, турагенттiк қызметтi лицензия берген кезден бастап жетi ай өткен соң сәйкестiк сертификаттарынсыз жүзеге асыру; 
      4-1) заңсыз көші қон мақсатында туроператорлық қызметтi жүзеге асыру; 
      5) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзу. 
      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, бұрын жасалған шарттардан туындайтын мiндеттемелердi қоспағанда, туристiк қызмет көрсетуге тыйым салуға әкеп соғады. 
      4. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган лицензияны кері қайтарып алуды сот тәртібімен жүзеге асырады. Лицензияны керi қайтарып алу үшiн мыналар негiз болып табылады: 
      1) облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган белгiлеген мерзiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұратын себептерiнiң жойылмауы; 
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер. 
      5. Туристiк қызметке берiлген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiм атқарушы билiктiң мүдделi органдарының назарына жеткiзiледi және облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган белгiлеген мерзiмдi баспа басылымдарында жарияланады. 
      6. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органның лицензияны тоқтата тұру туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн. 
      7. Лицензиялар туралы, туроператорлар мен турагенттер туралы деректер туристiк саланың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi. 
       Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22. N 296  Заңымен .
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.04. N 503  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

       16-бап. Туристiк қызмет саласындағы сертификаттау
              мен стандарттау

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасында туристiк индустрияда қызмет көрсету мiндеттi сертификаттауға жатады. 
      2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген мемлекеттiк стандарттардың мiндеттi талаптары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады. 
      3. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган туристiк қызмет саласындағы уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша ұйымдардың туристiк қызмет саласындағы сертификаттау жөнiндегi жұмыстарын жүргiзу құқығын аккредитациялауды жүзеге асырады. 

       17-бап. Туристiк қызмет көрсету шарты

      1. Туристiк қызмет көрсету шарт негiзiнде жүзеге асырылады. Туристiк қызмет көрсету шарты жазбаша нысанда жасалады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес болуға тиiс. 
      2. Шарттың елеулi талаптарына мыналар жатады: 
      1) туристiк қызметтi жүзеге асыруға берiлетiн лицензия туралы деректердi қоса алғанда туроператор немесе турагент туралы ақпарат, оның атауы, тұрған жерi және банктегi деректемелерi; 
      2) туристiк өнiмдi өткiзу үшiн қажеттi көлемде турист туралы мәлiметтер; 
      3) барлық болатын пункттердi көрсете отырып, болатын елдегi (жердегi) саяхаттың бағдарламасы мен маршруты туралы, туристердiң қауiпсiздiгi жағдайлары туралы, туристiк қызмет көрсетуге сертификаттың болуы туралы ақпаратты қоса алғанда, туристiк өнiмнiң тұтынушылық қасиеттерi туралы дұрыс ақпарат; 
      4) саяхаттың басталу және аяқталу күнi мен уақыты; 
      5) туристердi күтiп алу, шығарып салу және оларға iлесiп жүру тәртiбi; 
      6) туристiк өнiмнiң бағасы және оны төлеу тәртiбi; 
      7) тараптардың құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi; 
      8) шартты өзгерту және бұзу жағдайлары; 
      9) баратын жерiне туристiң багажын жеткiзу мәлiметтерi мен талаптары және шарттың осы тармағының тиiсiнше орындалмауының құқықтық салдары; 
      10) шарттың тараптар келiсiмi бойынша белгiленетiн өзге де ережелерi. 
      3. Шартты жасасу кезiнде басшылыққа алынған мән-жайдың елеулi түрде өзгеруiне байланысты тараптардың әрқайсысы шартты өзгертудi немесе бұзуды талап етуге құқылы. 
      4. Мән-жайлардың елеулi түрде өзгеруiне мыналар жатады: 
      1) саяхат жағдайларының нашарлауы, саяхат мерзiмiнiң өзгеруi; 
      2) көлiк тарифтерiнiң ойламаған жерден өсуi; 
      3) салықтар мен алымдардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жаңа ставкаларын енгiзу немесе олардың қолданыстағы ставкаларының артуы; 
      4) тараптардың келiсiмi бойынша белгiленетiн өзге де негiздер. 
      5. Туроператор немесе турагент шартты орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте турист Қазақстан Республикасының  заңдарында  көзделген жағдайларда және тәртiппен шартты бұзуға құқылы. 
      6. Турист туроператорға немесе турагентке шартты орындаудан бас тарту туралы хабардар етiлгенге дейiн көрсетiлген қызметтерi үшiн олардың iс жүзiнде шығарған шығындарын төлеген жағдайда, саяхат басталғанға дейiн шартты орындаудан бас тартуға құқылы. 
      7. Туристiк жолдаманың сатып алынуы туристiк қызмет көрсету шарты жасалуының растамасы болып табылады. 
      8. Турдың құрамына кiретiн туристiк қызметтер көрсетiлуiн сатып алған жағдайда туристiк ваучер туристiң тиiстi қызмет көрсетудi пайдалану құқығын растайтын құжат болып табылады. 
      9. Туристiң кiнәсiнен туристiк қызмет көрсету шартын орындау мүмкiн болмайтын жағдай туындаған ретте, егер заң актiлерiнде немесе өтелмелi қызметтер көрсету шартында өзгеше көзделмесе, көрсетiлген қызметтерге толық көлемде ақы төленуi тиiс. 
      10. Туристiк қызмет көрсету шартын орындаудың мүмкiн болмауы тараптардың бiр де бiрi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша туындаған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, турист туристiк ұйымға iс жүзiнде шығарған шығындарын өтейдi. 
      11. Туристiң кiнәсiнен болған жағдайды қоспағанда, туроператор немесе турагент тапсырыс берушiге шартты бұзудан келтiрiлген залалдарды толық өтеген жағдайда ғана шартты орындаудан бас тартуға құқылы. 
      12. Басқа елге келген жерi бойынша не жүру барысындағы маршруты бойынша шарт талаптарына сәйкес келмеген жағдайда туроператор немесе турагент шарт талаптарының тиiсiнше орындалмағаны үшiн жауапты болады. 

       18-бап. Залалдар мен моральдық зиянды өтеу, туристiк
              қызмет көрсету шартын өзгерту жағдайлары

      1. Туристерге келтiрiлетiн залалдар мен моральдық зиянды өтеу Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес жүргiзiледi. 
      2. Туристiк ұйым саяхат жасау кезiнде дүлей күштiң ықпалы салдарынан туристке келтiрiлген залал үшiн жауап бермейдi. 
      3. Жолаушыларды көлiктiң кез келген түрiмен тасымалдаған кезде туристiк ұйым туристке жөнелтiлетiн және баратын пункттер атаулары, жолаушылардың негiзгi құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлген жеке немесе топтық (туристер тобына қызмет көрсету кезiнде) тасымалдау құжатын (билетiн) беруге мiндеттi. 
      4. Туристiк ұйым жазатайым оқиға (ауру, жарақат, қаза) туралы туристiң отбасын өз есебiнен хабардар етуге мiндеттi. 
      5. Өлшеуге берiлмеген жүктi тасымалдау, оның сақталу жауапкершiлiгi туристке жүктеледi. Егер туристiк ұйым билет, жүк квитанциясын немесе тасымалдауға қабылданған жүктiң жөнелтпе құжатын берсе, бiрақ олар дұрыс ресiмделмеген болса немесе жоғалса, немесе оларды қандай да бiр басқа себептермен ұсыну мүмкiн болмаса, тасымалдау шарты күшiнде қалады. 
      6. Туроператор мен турагент, шартпен көзделген мән-жайлар өзгерген жағдайда және шарттың талаптарын елеулi түрде өзгерту қажет болған жағдайда туристке жазбаша нысанда осындай өзгерiстердiң сипаты және ықтимал салдарлары туралы дереу хабарлауға мiндеттi. 

       19-бап. Туристiк ұйымдар

      1. Туристiк қызмет туроператорлар мен турагенттер үшiн қызметтiң негiзгi түрi болуға тиiс. 
      2. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары ғана туроператорлық қызметпен айналысуға құқылы. 
      3. Туристiк ұйымдар өз филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға құқылы. 
      4. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және турагенттiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлғалар мен олардың филиалдары, өкiлдiктерi, Қазақстан Республикасының туристiк ұйымдары сияқты жағдайда және сондай тәртiппен лицензиялануға жатады. 
      5. Туристiк ұйымдар әдiлет органдарында тiркелген басқа туристiк ұйымдардың атауларын пайдалана алмайды. 

       20-бап. Туристiк индустрия ұйымдарының бiрлестiктерi

      Заңды тұлғалар болып табылатын туроператорлар мен турагенттер, туристiк индустрияның өзге де ұйымдары өздерiнiң кәсiптiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделердi бiлдiру және қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қауымдастықтар (одақтар) нысанында бiрлестiктер құра алады. 

       21-бап. Туристердiң бiрлестiктерi

      Қазақстан Республикасының азаматтары туристердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау, туризмді дамытуға жәрдемдесу мақсатында қоғамдық бiрлестiктер құра алады. 

       22-бап. Туристiк қызмет саласындағы мамандарды
              кәсiптiк даярлау

      1. Туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның тиiстi лицензиялары бар бiлiм беру ұйымдары жүзеге асырады. 
      2. Туристiк ұйымдардың қызметкерлерiн аттестаттау туристiк қызмет саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       23-бап. Гид (гид-аудармашы), туризм нұсқаушысы,
              экскурсовод

      Қазақстан Республикасының азаматы ғана гид (гид-аудармашы), туризм нұсқаушысы, экскурсовод бола алады.

  4-тарау. ТУРИСТIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI,
ТУРИСТIҢ ҚАУIПСIЗДIГIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

       24-бап. Туристiң құқықтары

      Транзитті қоса алғанда, саяхатқа әзірленген, саяхат жасаған кезде туристiң:
      1) өзiнiң жеке басына немесе мүлкiнiң қауiпсiздiгiне қол сұғылған жағдайда консулдық, дипломатиялық, өзге де мемлекеттiк, сондай-ақ туристiк өкiлдiктерге өтiнiшпен жүгiнуге; 
      2) уақытша болатын елге (жерге) бару, сондай-ақ уақытша болған елден (жерден) шығу және сонда болу ережелерi туралы, жергiлiктi халықтың әдет-ғұрпы туралы, дiни салт, қасиеттi орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткiштер және туристерге көрсетiлетiн, ерекше қорғаудағы басқа да объектiлер, қоршаған ортаның жай-күйi туралы қажеттi және дұрыс ақпарат алуға; 
      3) еркiн жүрiп-тұруға, уақытша болатын елде (жерде) қабылданған шектеу шараларын ескере отырып, туристiк ресурстарға еркiн қол жеткiзуге; 
      4) туроператор немесе турагент туристiк қызмет көрсету шартын орындамаған жағдайда келтiрiлген залал мен моральдық зиянның Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген тәртiппен өтелуiне;
      5) шұғыл медициналық жәрдем алуға;
      6) шетелдік туристердiң құқықтық көмек және көмектiң өзге де түрiн алуына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiк органдарының жәрдемдесуiне;
      7) туристердiң қолда бар байланыс құралдарына кедергiсiз қол жеткiзуiне құқығы бар.
      Туристердiң өзге құқықтары болатын елдiң (жердiң) заңдарымен айқындалады.

       25-бап. Туристiң мiндеттерi

      Саяхат жасаған кезде, транзиттi қоса алғанда, турист:
      1) уақытша болатын елдiң (жердiң) заңдарын сақтауға;
      2) уақытша болатын елдегi (жердегi) қоршаған ортаны сақтауға, табиғи, тарихи және мәдени ескерткiштерге ұқыпты қарауға;
      3) уақытша болатын елге (жерге) келу және онда болу, сондай-ақ уақытша болатын елден (жерден) кету ережелерiн және транзиттiк жүрiп өтетiн елдердегi ережелердi сақтауға;
      4) саяхат кезiнде жеке өзiнiң қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға мiндеттi.
      Туристiң өзге мiндеттерi болатын елдiң (жердiң) заңдарымен айқындалады.

       26-бап. Туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының аумағында туристердiң қауiпсiздiгiне Қазақстан Республикасы кепiлдiк бередi. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының турист-азаматтарына оның шегiнен тыс жерлерде қорғау және оларға қамқорлық жасау кепiлдiгiн бередi. 
      2. Туристердiң қауiпсiздiгi деп туристердiң жеке қауiпсiздiгi, олардың мүлкiнiң сақталуы және саяхат кезiнде қоршаған ортаға залал келтірмеуі, сондай-ақ туризмді заңсыз көші-қон мен үшiншi елдерге транзит, азаматтарды сексуалдық, еңбек және өзге де мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге бағытталған шаралар кешенi түсiнiледi. 
      3. Уәкiлеттi орган туроператорларды, турагенттердi және туристердi уақытша болатын елдегi (жердегi) ықтимал қауiптер туралы хабардар етедi. 
      4. Туроператорлар мен турагенттер туристке саяхаттың ерекшелiктерi туралы, сондай-ақ саяхат жасаған кезде оларға кездесуi мүмкiн қауiптер туралы толық мәлiмет беруге және туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асыруға мiндеттi. 
      5. Туроператорлар мен турагенттер атқарушы органдар мен мүдделi адамдарға саяхат кезiнде туристер душар болған төтенше жағдайлар туралы, сондай-ақ саяхаттан қайтпай қалған туристер туралы дереу хабарлауға мiндеттi. 
      6. Өзi уақытша болатын елге (жерге) саяхат жасағысы келетiн туристер халықаралық медицина талаптарына сәйкес профилактикадан өтуге мiндеттi. 
      7. Қазақстан Республикасының аумағында қасiретке душар болған туристерге қажеттi көмектi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мамандандырылған қызметтер жүзеге асырады. 
      8. Уәкiлеттi орган мүдделi министрлiктермен және басқа да атқарушы органдармен бiрлесiп, туристердi қорғау және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бағдарламасын әзiрлеп, оның орындалуын ұйымдастырады. 
      9. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган туристердi қорғаудың және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң аймақтық бағдарламасын әзiрлеп, оның орындалуын ұйымдастырады.
       Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       27-бап. Туристiк қызметтi жүзеге асыру кезiндегi
              сақтандыру

      1. Халықаралық шарттарда, уақытша болатын елдiң (жердiң) заңдарында көзделген реттерде, туроператор немесе турагент, турист өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiктi табыс еткен жағдайда шетелге шығу көзделетiн туристiк жолдаманы сатады. 
      2. Сақтандыру шартында туристке медициналық көмек көрсету ақысы және сақтандыру жағдайы тiкелей уақытша болатын елде (жерде) туындаған кезде олардың шығынының орнын толтыру көзделуге тиiс.
      3. Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасының аумағына келетiн туристерге өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiгi болуы жөнiнде талап белгiлеуге құқылы.
      4. Туроператор мен турагент туристiк қызмет көрсетуге жасалған шарттардан туындайтын азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруға мiндеттi.

  5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       28-бап. Туристiк қызмет туралы заңдарды бұзғаны үшiн
              жауапкершiлiк

      Табиғи экологиялық жүйенi бүлдiруге, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн құртуға, сондай-ақ заңсыз аң аулауға және балық аулауға бағытталған қызмет үшiн туризмдi пайдалануға тыйым салынады. 
      Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге тұрақты тұру үшін заңсыз кетуін не шетелде жұмысқа орналасуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін әкелуді ұйымдастыру мақсатында туристік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
      Туристiк қызмет туралы заңдарды бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
       Ескерту. 28-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22. N 296  Заңымен

       28-1-бап. Қазақстан Республикасының туристiк қызмет
                туралы заңнамасының орындалуын бақылау

      1. Уәкiлеттi орган тексерулер және (немесе) құжаттар сұрату арқылы туризм саласында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының туристiк қызмет саласындағы заңнамасын орындауына бақылауды жүзеге асырады.
      2. Туристiк қызмет субъектiлерiн тексеру жоспарлы (жоспарланған және уәкiлеттi орган бекiткен) және жоспардан тыс (өтiнiштерде жазылған расталған фактiлер бойынша дереу ден қоюды талап ететiн қалыптасқан жағдайға сәйкес тағайындалатын) болып бөлiнедi.
      3. Жоспарлы тексерулер жылына бiр реттен жиi болмайтындай етiп жүргiзiледi.
      Ескерту. 28-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       29-бап. Өтпелi ережелер

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезде туристiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай мерзiм iшiнде өз қызметiн осы Заңға сәйкес келтiруге мiндеттi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті