Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы N 211 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "туристік ұйымдарының", "туристік ұйымдарды", "туристік ұйымдардың", "Туристік ұйымдардың", "туристік ұйымға", "Туристік ұйым", "туристік ұйым", "Туристік ұйымдар", "туристік ұйымдар", "туристік ұйымдары" деген сөздер тиісінше "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларының", "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды", "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың", "Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың", "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаға", "Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға", "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға", "Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар", "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар", "туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалары" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасы экономикасы салаларының бiрi ретiнде туристiк қызметтiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

      1) әлеуметтік туризм - жұмыс берушінің және (немесе) өзге де үшінші тұлғалардың қаражаты есебінен толық немесе ішінара жүзеге асырылатын туризм; 

      2) гид (гид-аудармашы) - уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстармен таныстыру жөнінде туристерге экскурсиялық-ақпараттық, ұйымдастырушылық қызмет көрсететін, кәсіби даярлықтан өткен жеке тұлға; 

      3) өз бетінше туризм - туристер өз бетінше ұйымдастыратын, жүріп-тұрудың белсенді тәсілдері пайдаланылатын саяхаттар; 

      4) тур - белгіленген мерзімдер шеңберінде белгілі бір маршрут бойынша жасалатын саяхатты қамтитын туристік қызмет көрсетулер кешені; 

      5) туризм - жеке тұлғалардың уақытша болатын елде (жерде) жиырма төрт сағаттан бір жылға дейін не жиырма төрт сағаттан аз уақытқа созылатын, бірақ түнейтін, ақылы қызметпен байланысты емес мақсаттағы саяхаты; 

      6) туризм нұсқаушысы - осы қызмет түріне лицензиясы, тиісті біліктілігі және туристік маршруттармен жүріп өту тәжірибесі бар, кәсіби даярлықтан өткен жеке тұлға; 

      7) турист - уақытша болатын елге (жерге) жиырма төрт сағаттан бір жылға дейінгі кезеңге келетін және ақылы қызметпен айналыспай, сол елде (жерде) сауықтыру, танымдық, кәсіби-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда кемінде бір рет түнейтін жеке тұлға; 

      8) туристерді орналастыру орындары - мейманханалар, мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, қонақжайлар, демалыс үйлері, пансионаттар және туристердің тұруы мен оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа да үй-жайлар мен ғимараттар; 

      9) туристік агенттік қызмет (турагенттік қызмет) - қызметтің осы түріне лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалардың (бұдан әрі - турагент) туристік өнімді ұсыну және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі; 

      10) туристік ваучер - турдың құрамына кіретін қызметтерге туристің құқығын және олардың ақысы төленгенінің фактісін растайтын құжат; 

      11) туристік жолдама - туристік қызмет көрсету кешенін алуға құқықты растайтын құжат; 

      12) туристік қызмет - жеке немесе заңды тұлғалардың туристік қызмет көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметі; 

      13) туристік қызмет көрсету - туристің саяхаты кезеңінде және осы саяхатқа байланысты оның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұсынылатын қажетті қызмет көрсетулер (орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, экскурсиялар, туризм нұсқаушыларының, гидтердің (гид-аудармашылардың) қызмет көрсетулері және сапар мақсатына байланысты көрсетілетін басқа да қызметтер); 

      14) туристік қызмет көрсетуге арналған шарт - өтемді туристік қызмет көрсету бойынша туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға мен туристің арасындағы келісім; 

      15) туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар - турагенттер, туроператорлар, туризм нұсқаушылары, сондай-ақ өз бетінше туристік қызмет көрсететін гидтер (гид-аудармашылар), экскурсоводтар; 

      16) туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мемлекеттік тізілімі - туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды есепке алу құжаты; 

      17) туристік маршрут - туристің (саяхат кезінде) танымдық, спорттық, эстетикалық не өзге де мақсаттармен өту, қарау үшін белгіленген барлық географиялық мекендердің, болу объектілерінің тізбесін көрсететін жүру жолы; 

      18) туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімі - туристік маршруттар мен соқпақтарды есепке алу құжаты; 

      19) туристік операторлық қызмет (туроператорлық қызмет) - қызметтің осы түріне лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалардың (бұдан әрі - туроператор) өздерінің туристік өнімдерін қалыптастыру, ұсыну және туристік агенттер мен туристерге өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі; 

      20) туристік өнім - саяхат барысында туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті туристік қызмет көрсетулер жиынтығы; 

      21) туристік өнімді ұсыну - туристік қызмет көрсетуге бағытталған шаралар (жарнама, мамандандырылған көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу, туристік өнімді өткізу жөніндегі туристік ақпарат орталықтарын ұйымдастыру, каталогтар, буклеттер шығару және тарату) кешені; 

      22) туристік ресурстар - туристік көрсету объектілерін қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру объектілері, сондай-ақ туристердің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын, олардың дене күшін қалпына келтіріп, дамытуға жәрдемдесетін өзге де объектілер; 

      23) туристік нарық - туристік қызмет саласындағы тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) мен ақша айналысы; 

      24) туристік сала - негізгі қызмет саласы туристік қызмет көрсету, туристік өнім жасау, оларды ішкі және халықаралық нарықтарда ұсыну мен өткізу болып табылатын экономика саласы; 

      25) туристің төтенше жағдайға ұшырауы - туристің саяхаттан оралмауы, сондай-ақ туристің қаза болуына немесе оның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авария, зілзала немесе апат нәтижесінде туындаған, саяхат кезінде белгілі бір аумақта болған оқиға; 

      26) уәкілетті орган - туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

      27) экскурсант - уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстарды танымдық мақсатта жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа барып көретін жеке тұлға; 

      28) экскурсия - жеке тұлғаның уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстарды танымдық мақсатта жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа барып, көруі; 

      29) экскурсиялық қызмет - уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстарға танымдық мақсатта келуді ұйымдастыру жөніндегі кәсіпкерлік қызмет, ол туристерді орналастыру (түнету) жөніндегі қызметті көздемейді және жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімді қамтиды; 

      30) экскурсовод - уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстармен таныстыру жөнінде туристерге экскурсиялық-ақпараттық, ұйымдастырушылық қызмет көрсетуге сай біліктілігі бар, кәсіби даярлықтан өткен жеке тұлға.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының туристiк қызмет
             туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының туристiк қызмет туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк  құқықтық  актiлерiнен тұрады.  

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының туристiк қызмет туралы заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шартта оның қолданылуы үшiн заң шығарылуы талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Туристiк қызметтiң субъектiлерi мен объектiлерi

      1. Туристiк қызмет субъектiлерiне:

      1) туристiк операторлар (туроператорлар);

      2) туристiк агенттер (турагенттер);

      3) гидтер (гид-аудармашылар), туризм нұсқаушылары, экскурсоводтар;

      4) туристер және олардың бiрлестiктерi;

      5) экскурсанттар;

      6) туристiк қызмет саласындағы өзге де бiрлестiктер;

      7) туристiк қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтiн мемлекеттiк органдар жатады.

      2. Туристiк қызмет объектiлерi - табиғи объектiлер және табиғи-климаттық аймақтар, көрiктi орындар, тарихи және әлеуметтiк-мәдени көрсету объектiлерi және саяхат кезiнде туристердiң қажеттерiн қанағаттандыра алатын өзге де объектiлер.

      4-бап. Туристiк индустрия

      1. Туристiк индустрия - туристерді орналастыру құралдарының, көлiктiң, қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң, ойын-сауық объектiлерi мен құралдарының, танымдық, сауықтыру, iскерлiк, спорттық және өзге де мақсаттағы объектiлердiң, туристiк қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ экскурсиялық қызмет және гидтер (гид-аудармашылар) қызметiн көрсететiн ұйымдардың жиынтығы.

      2. Туристiк индустриядағы қызмет көрсету түрлерi:

      1) турлар ұсыну жөнiндегi қызмет көрсету;

      2) тұратын орындар беру жөнiндегi қызмет көрсету;

      3) тамақтандыру жөнiндегi қызмет көрсету;

      4) ақпараттық, жарнамалық қызмет көрсету;

      5) көлiк қызметiн көрсету;

      6) ойын-сауық;

      7) өзге де туристiк қызмет көрсетулер.

      5-бап. Туристiк ресурстар

      Қазақстан Республикасының туристiк ресурстарын сыныптау мен бағалау, олардың қорғалу режимi, қоршаған ортаға түсетiн ауыртпалықтың жол берілетiн шегiн ескере отырып пайдалану және Қазақстан Республикасының туристiк ресурстары тұтастығының сақталу тәртiбi, оларды қалпына келтiру жөнiндегi шаралар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.

      6-бап. Туризмнiң ұйымдық нысандары мен түрлерi

      1. Халықаралық және iшкi туризм туризмнiң ұйымдық нысандары болып танылады.

      2. Халықаралық туризм:

      1) келу туризмiн - Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын адамдардың Қазақстан Республикасы шегiндегi саяхатын;

      2) шығу туризмiн - Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардың басқа елге саяхатын қамтиды.

      3. Ішкi туризм - Қазақстан Республикасының азаматтары мен оның аумағында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының шегiндегi саяхаты.

      4. Туризмнiң түрлерi - әлеуметтiк, экологиялық, шытырман оқиғалы, спорттық, iскерлiк, конгрестiк, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, дiни және басқа туризм.

      7-бап. Туристiк индустриядағы көрсетiлетiн қызметтер
             экспорты мен импорты

      1. Қазақстан Республикасының аумағына келу туризмiн ұйымдастырумен байланысты туристiк қызмет көрсету туристiк қызмет көрсету экспорты болып табылады.

      2. Басқа елге шығуға байланысты туристiк қызмет көрсету туристiк қызмет көрсету импорты болып табылады.

2-тарау. ТУРИСТIК ҚЫЗМЕТТI МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

      8-бап. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң
             принциптерi

      Қазақстан Республикасында туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:

      1) туристiк қызметке жәрдемдесу және оның дамуы үшiн қолайлы жағдайлар жасау;

      2) туристiк қызметтiң басым бағыттарын айқындау және қолдау;

      3) Қазақстан Республикасы туралы туризм үшiн қолайлы ел деген түсiнiктi қалыптастыру;

      4) Қазақстан Республикасының туристерi мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларының және олардың бiрлестiктерiнiң қауiпсiздiгiн, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың мүдделерi мен мүлкiн қорғау.

      9-бап. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң
             мақсаттары, басым бағыттары және тәсiлдерi

      1. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаттары:

      1) азаматтардың туристiк қызмет саласында демалу, еркiн жүрiп-тұру құқықтарын қамтамасыз ету;

      2) қоршаған ортаны қорғау;

      3) туристерге тәрбие, бiлiм беруге және оларды сауықтыруға бағытталған қызмет үшiн жағдайлар жасау;

      4) саяхат жасау кезiнде азаматтардың қажеттерiн қамтамасыз ететiн туристiк индустрияны дамыту;

      5) туристік индустрияны дамыту есебiнен жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттiң және Қазақстан Республикасы азаматтарының табыстарын молайту;

      6) халықаралық туристiк байланыстарды дамыту болып табылады.

      2. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң басым бағыттары:

      1) туризмдi Қазақстан Республикасы экономикасының жоғары рентабельдi саласы ретiнде қалыптастыру;

      2) туристiк ресурстарды пайдаланған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерiн ескеру, табиғи және тарихи-мәдени мұраларын қорғау;

      3) балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың, мүгедектер мен халықтың күнкөрiсi төмен топтарының арасында туристiк және экскурсиялық жұмысты ұйымдастыру үшін жеңілдікті жағдайлар енгiзу;

      4) туристiк индустрияны инвестициялау үшiн қолайлы жағдайлар жасау;

      5) ішкі, келу, әлеуметтік және өз бетінше туризмді қолдау және дамыту;

      6) iшкi және халықаралық туризм қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн туристiк қызметтiң тиiмдi жүйесiн құру болып табылады.

      3. Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеу:

      1) туризм индустриясын, туризмге инвестицияларды дамыту жөнiндегi саясатты айқындау;

      2) туристiк қызмет саласындағы қатынастарды жетiлдiруге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау;

      3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы және техникалық реттеу туралы  заңнамасына  сәйкес туристiк қызметтi лицензиялау, туристік қызмет саласындағы стандарттау;

      4) бюджеттiк заңдарға сәйкес туризмдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеуге және iске асыруға бюджет қаржыларын бөлу;

      5) туристiк қызметтi кадрмен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      6) отандық туристердiң, туроператорлар мен турагенттердiң және олардың бiрлестiктерiнiң халықаралық туристiк бағдарламаларға қатысуына жәрдемдесу;

      7) iшкi және дүниежүзiлiк туристiк рыноктарда туристiк өнiмдi ұсынуға жәрдемдесу;

      8) елдiң туристiк ресурстарын ұтымды және тиiмдi пайдалануды, есепке алу мен қорғауды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.21. N 307,  2008.07.05.  N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен .

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі: 

      1) туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты айқындайды және іске асырады; 

      2) өз құзыреті шегінде туристік қызмет саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді шығарады; 

      3) туристік қызмет саласындағы ғылыми қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін құрады; 

      4) туристік қызметті лицензиялау ережелерін және туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді; 

      5) туристік қызмет көрсетудің үлгі шартын бекітеді; 

      6) уәкілетті органның ұсынуы бойынша туризм жөніндегі кеңестің дербес құрамын және ол туралы ережені бекітеді; 

      7) шет мемлекеттермен туризм саласындағы ынтымақтастықты және өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады; 

      8) туристік қызмет көрсету ережелерін бекітеді; 

      9) туристік ақпарат орталықтарын құрады; 

      10) туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды айқындайды.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05.  N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       11-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) Қазақстан Республикасында туристік саланы дамыту бағдарламасын әзірлейді;

      2) туристік салаға инвестициялар тарту жөніндегі бірыңғай саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;

      3) туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты, туризм мен туристік индустрияны дамытудың стратегиясын, мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларын іске асырады;

      4) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді, заңнаманы қолдану тәжірибесін жинақтайды және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;        

      5) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес турагенттік және туроператорлық қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

      6) туристік қызмет саласындағы салааралық және өңіраралық үйлестіруді, оның ішінде облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдіктерінің туризмді дамыту бағдарламалары мен жоспарларын үйлестіруді, туристік қызмет саласындағы меншік нысандарына қарамастан, отандық, шетелдік және халықаралық туристік, қоғамдық және басқа да ұйымдар мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады;

      7) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар береді;

      8) Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      9) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің туристік қызметті лицензиялау ережелерін туризм нұсқаушысы көрсететін қызметтерді лицензиялау бөлігінде сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      10) өз құзыреті шегінде туристік қызмет саласындағы халықаралық шарттарды әзірлейді, жасасады және орындайды, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және халықаралық іс-шараларда мемлекеттің туризм саласындағы мүдделерін білдіреді және олардың жұмысына қатысады;

      11) туристерді орналастыру орындарын сыныптау ережелерін бекітеді;

      12) туристік қызмет саласындағы мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ережелерін бекітеді;

      13) туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мемлекеттік тізілімін және туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу ережелерін бекітеді; 

      14) техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып, туристік қызмет саласындағы стандарттау аясындағы қызметті реттейді; 

      15) Қазақстан мен оның туристік мүмкіндіктері туралы ақпаратты халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде, оның ішінде туристік қызмет саласындағы республикалық және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу жолымен таратады;

      16) туризм мен туристік индустрияны дамытудың стратегиялық бағыттарын кешендік талдауды, болжауды жүзеге асырады және туристік саланы дамытудың жай-күйіне мониторинг жүргізеді;

      17) туристік нарықты зерттеуге, туристік қызмет саласындағы баспа, жарнамалық және картографиялық өнімге мемлекеттік тапсырысты орналастырады;

      18) туристік саланы дамытуға үлес қосқан тұлғаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттауға және құрметті атақтарын беруге ұсынады;

      19) жеке құрамды және туризм жөніндегі кеңес туралы ережені әзірлейді және бекітуге ұсынады;

      20) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      12-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) жергілікті атқарушы органдарының
             (әкімдіктерінің) құзыреті

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі: 

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады; 

      2) туризмді және туристік индустрияны дамыту стратегиясы, мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламалары аясында туризмді дамытудың өңірлік бағдарламалары мен жоспарларын әзірлейді; 

      3) өңірлік туризмді дамыту бағдарламаларын орындауға бағытталған іс-шаралардың атқарылуын жүзеге асырады;       

      4) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес туризм нұсқаушысы көрсететін қызметтерді лицензиялауды жүзеге асырады;

      5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында:
       туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мемлекеттік тізіліміне;
       туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізіліміне енгізу үшін қажетті ақпаратты қалыптастырады және уәкілетті органға тоқсан сайын береді; 

      6) туристік қызметтер көрсету нарығына талдау жасайды және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында туризмнің дамуы туралы қажетті мәліметтерді уәкілетті органға табыс етеді; 

      7) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлейді және енгізеді; 

      8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында туристік индустрия объектілерін жоспарлау және салу жөніндегі қызметті үйлестіреді; 

      9) балалар мен жастар лагерьлерінің, туристер бірлестіктерінің қызметіне және өз бетінше туризмді дамытуға жәрдем көрсетеді; 

      10) туристік қызмет субъектілеріне туристік қызметті ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді; 

      11) халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту шарасы ретінде туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлікті дамытады және қолдайды; 

      12) туристік ақпаратты, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпаратты береді; 

      13) туристік ақпарат орталығын құрады.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      13-бап. Туризм жөнiндегi кеңес

      1. Туризм жөнiндегi кеңес консультациялық-кеңесшi орган ретiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi жанынан құрылады. P990247

      2. Туризм жөніндегі кеңестің құрамына уәкілетті органның және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ туристік қызмет саласындағы қауымдастықтар мен өзге де бірлестіктердің өкілдері кіреді.

      3. Туризм жөнiндегi кеңес:

      1) Туризмді дамыту, экономиканың осы саласына инвестициялар тарту, Қазақстан Республикасына келудiң қолайлы режимiн қамтамасыз ету және туристердiң шетелге шығуы үшiн жағдайлар жасау, республиканың туристiк имиджін қалыптастыру, туристік қызмет саласында мамандар даярлау мәселелері бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;

      2) туристiк қызмет көрсетудi тұтынушыларды қызмет көрсету сапасы туралы хабардар ету мақсатында өзi бекiткен тәртiп бойынша туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың рейтингін жүргізеді.

      4. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Туристік ақпарат орталығы

      Туристік ақпарат орталығы Үкімет және (немесе) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі құратын, Қазақстан мен оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру және тарату, туристік өнімді халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде ұсыну үшін, сондай-ақ туристік қызмет саласында жаңа кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға жағдай жасау және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында құрылатын ұйым болып табылады.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. ТУРИСТIК ҚЫЗМЕТТI ҰЙЫМДАСТЫРУ

       15-бап. Туристік қызметті лицензиялау

      1. Қазақстан Республикасындағы лицензиялау туралы заңнамаға  сәйкес туроператорлық, турагенттік қызмет, туризм нұсқаушысының қызметі лицензияланады.
      Туроператорлар мен турагенттер туристік қызметке берілетін лицензияны алу үшін туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуы қажет. Сақтандыру тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
      2. Туристік қызметке берілетін лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, бұрын жасалған шарттардан туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, туристік қызмет көрсетуге тыйым салуға әкеп соғады.
      3. Туристік қызметке берілетін лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, туристік қызметке берілетін лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Туристік қызметке берілетін лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ақпарат және (немесе) оған қосымшалар мүдделі мемлекеттік органдардың назарына жеткізіледі және уәкілетті орган белгілеген республикалық мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жарияланады.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-1-бап. Туристерді орналастыру орындарының сыныптамасы

      1. Туристерді орналастыру орындары туристер легін және барлық туризм түрлерінен түсетін кірістерді арттыруға жәрдемдесу мақсатында сыныпталуға тиіс. 

      2. Сыныптама жүргізу кезінде туристерді орналастыру орындарын сыныптау ережелерінің негізінде санаттардың біріне аттестаттауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін туристерді орналастыру орындарының сипаттамалары қаралады. 

      3. Туристерді орналастыру орындарын сыныптау ережелері негізгі мақсаттарды, ұйымдық құрылымды, ең төменгі талаптарды айқындайды және туристерді орналастыру орындарына санаттар беру тәртібін реттейді.
      Ескерту. 15-1-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-2-бап. Туристік өнімді қалыптастыру

      1. Туристік өнімді қалыптастыру - туроператордың туристік өнімге кіретін жекелеген туристік қызметтер көрсететін үшінші тұлғалармен шарттарды жасасу және орындау жөніндегі қызметі. 

      2. Туроператор туристік өнімді өз қалауы бойынша туристік нарықтың конъюнктурасын негізге ала отырып немесе нақты тапсырыс бойынша қалыптастырады. 

      3. Туроператор кіретін қызметтер көрсетуге құқықты жекелеген туристік қызметтер көрсетуді ұсынатын тұлғалармен жасалатын шарттар негізінде алады.
       Ескерту. 15-2-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      16-бап. Туристік қызмет саласындағы стандарттау

      Туристік қызметті стандарттау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      17-бап. Туристiк қызмет көрсету шарты

      1. Туристік қызметтер көрсету шарт негізінде жүзеге асырылады. Туристік қызмет көрсету шарты, гидпен (гид-аудармашымен) және экскурсоводпен жасалатын шарттарды қоспағанда, жазбаша нысанда жасалады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес болуға тиіс.
      Туристік қызметтер көрсету шартының елеулі талаптары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен үлгі шартта белгіленеді.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       3. Шартты жасасу кезiнде басшылыққа алынған мән-жайдың елеулi түрде өзгеруiне байланысты тараптардың әрқайсысы шартты өзгертудi немесе бұзуды талап етуге құқылы.

      4. Мән-жайлардың елеулi түрде өзгеруiне мыналар жатады:

      1) саяхат жағдайларының нашарлауы, саяхат мерзiмiнiң өзгеруi;

      2) көлiк тарифтерiнiң ойламаған жерден өсуi;

      3) салықтар мен алымдардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жаңа ставкаларын енгiзу немесе олардың қолданыстағы ставкаларының артуы;

      4) тараптардың келiсiмi бойынша белгiленетiн өзге де негiздер.

      5. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға шартты орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте турист Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртiппен шартты бұзуға құқылы.

      6. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаға шартты орындаудан бас тарту туралы хабардар етiлгенге дейiн көрсетiлген қызметтерi үшiн олардың iс жүзiнде шығарған шығындарын төлеген жағдайда, саяхат басталғанға дейiн шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

      7. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       8. Турдың құрамына кiретiн туристiк қызметтер көрсетiлуiн сатып алған жағдайда туристiк ваучер туристiң тиiстi қызмет көрсетудi пайдалану құқығын растайтын құжат болып табылады.

      9. Туристiң кiнәсiнен туристiк қызмет көрсету шартын орындау мүмкiн болмайтын жағдай туындаған ретте, егер заң актiлерiнде немесе өтелмелi қызметтер көрсету шартында өзгеше көзделмесе, көрсетiлген қызметтерге толық көлемде ақы төленуi тиiс.

      10. Туристiк қызмет көрсету шартын орындаудың мүмкiн болмауы тараптардың бiр де бiрi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша туындаған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, турист туристiк ұйымға iс жүзiнде шығарған шығындарын өтейдi.

      11. Туристiң кiнәсiнен болған жағдайды қоспағанда, туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға тапсырыс берушiге шартты бұзудан келтiрiлген залалдарды толық өтеген жағдайда ғана шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

      12. Басқа елге келген жерi бойынша не жүру барысындағы маршруты бойынша шарт талаптарына сәйкес келмеген жағдайда туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға шарт талаптарының тиiсiнше орындалмағаны үшiн жауапты болады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      18-бап. Залалдар мен моральдық зиянды өтеу, туристiк
              қызмет көрсету шартын өзгерту жағдайлары

      1. Туристерге келтiрiлетiн залалдар мен моральдық зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

      2. Туристiк ұйым саяхат жасау кезiнде дүлей күштiң ықпалы салдарынан туристке келтiрiлген залал үшiн жауап бермейдi.

      3. Жолаушыларды көлiктiң кез келген түрiмен тасымалдаған кезде туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға туристке жөнелтiлетiн және баратын пункттер атаулары, жолаушылардың негiзгi құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлген жеке немесе топтық (туристер тобына қызмет көрсету кезiнде) тасымалдау құжатын (билетiн) беруге мiндеттi.

      4. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға туристің төтенше жағдайға тап болғаны туралы туристің отбасын өз есебінен жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5. Өлшеуге берiлмеген жүктi тасымалдау, оның сақталу жауапкершiлiгi туристке жүктеледi. Егер туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға билет, жүк квитанциясын немесе тасымалдауға қабылданған жүктiң жөнелтпе құжатын берсе, бiрақ олар дұрыс ресiмделмеген болса немесе жоғалса, немесе оларды қандай да бiр басқа себептермен ұсыну мүмкiн болмаса, тасымалдау шарты күшiнде қалады.

      6. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға шартпен көзделген мән-жайлар өзгерген жағдайда және шарттың талаптарын елеулi түрде өзгерту қажет болған жағдайда туристке жазбаша нысанда осындай өзгерiстердiң сипаты және ықтимал салдарлары туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      19-бап. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар

      1. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      3. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар өз филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға құқылы.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және турагенттiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлғалар мен олардың филиалдары, өкiлдiктерi, Қазақстан Республикасының туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалары сияқты жағдайда және сондай тәртiппен лицензиялануға жатады.

      5. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар әдiлет органдарында тiркелген басқа туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың атауларын пайдалана алмайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      20-бап. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың
               бірлестіктері

      Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және туристік индустрияның өзге де тұлғалары өздерiнiң кәсiптiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделердi бiлдiру және қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қауымдастықтар (одақтар) нысанында бiрлестiктер құра алады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      21-бап. Туристердiң бiрлестiктерi

      Қазақстан Республикасының азаматтары туристердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау, туризмді дамытуға жәрдемдесу мақсатында қоғамдық бiрлестiктер құра алады.

      22-бап. Туристiк қызмет саласындағы мамандарды
              кәсiптiк даярлау

      1. Туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды бiлiм беру саласында тиiстi лицензиялары бар бiлiм беру ұйымдары жүзеге асырады.

      2. Туристік қызмет саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен. 

      23-бап. Гид (гид-аудармашы), туризм нұсқаушысы,
              экскурсовод

      Қазақстан Республикасының азаматы ғана гид (гид-аудармашы), туризм нұсқаушысы, экскурсовод бола алады.

4-тарау. ТУРИСТIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI,
ТУРИСТIҢ ҚАУIПСIЗДIГIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      24-бап. Туристiң құқықтары

      Транзитті қоса алғанда, саяхатқа әзірленген, саяхат жасаған кезде туристiң:

      1) өзiнiң жеке басына немесе мүлкiнiң қауiпсiздiгiне қол сұғылған жағдайда консулдық, дипломатиялық, өзге де мемлекеттiк, сондай-ақ туристiк өкiлдiктерге өтiнiшпен жүгiнуге;

      2) уақытша болатын елге (жерге) бару, сондай-ақ уақытша болған елден (жерден) шығу және сонда болу ережелерi туралы, уақытша болатын ел (жер) заңнамасының ерекшеліктері туралы, жергiлiктi халықтың әдет-ғұрпы туралы, дiни салт, қасиеттi орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткiштер және туристерге көрсетiлетiн, ерекше қорғаудағы басқа да объектiлер, қоршаған ортаның жай-күйi туралы қажеттi және дұрыс ақпарат алуға;

      3) еркiн жүрiп-тұруға, уақытша болатын елде (жерде) қабылданған шектеу шараларын ескере отырып, туристiк ресурстарға еркiн қол жеткiзуге;

      4) туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға туристiк қызмет көрсету шартын орындамаған жағдайда келтiрiлген залал мен моральдық зиянның Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтелуiне;

      5) шұғыл медициналық жәрдем алуға;

      6) шетелдік туристердiң құқықтық көмек және көмектiң өзге де түрiн алуына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiк органдарының жәрдемдесуiне;

      7) туристердiң қолда бар байланыс құралдарына кедергiсiз қол жеткiзуiне құқығы бар.
      Туристердiң өзге құқықтары болатын елдiң (жердiң) заңдарымен айқындалады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Туристiң мiндеттерi

      Саяхат жасаған кезде, транзиттi қоса алғанда, турист:

      1) уақытша болатын елдiң (жердiң) заңдарын сақтауға;

      2) уақытша болатын елдегi (жердегi) қоршаған ортаны сақтауға, табиғи, тарихи және мәдени ескерткiштерге ұқыпты қарауға;

      3) уақытша болатын елге (жерге) келу және онда болу, сондай-ақ уақытша болатын елден (жерден) кету ережелерiн және транзиттiк жүрiп өтетiн елдердегi ережелердi сақтауға;

      4) саяхат кезiнде жеке өзiнiң қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға мiндеттi.
      Туристiң өзге мiндеттерi болатын елдiң (жердiң) заңдарымен айқындалады.

      26-бап. Туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының аумағында туристердiң қауiпсiздiгiне Қазақстан Республикасы кепiлдiк бередi. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының турист-азаматтарына оның шегiнен тыс жерлерде қорғау және оларға қамқорлық жасау кепiлдiгiн бередi.

      2. Туристердiң қауiпсiздiгi деп туристердiң жеке қауiпсiздiгi, олардың мүлкiнiң сақталуы және саяхат кезiнде қоршаған ортаға залал келтірмеуі, сондай-ақ туризмді заңсыз көші-қон мен үшiншi елдерге транзит, азаматтарды сексуалдық, еңбек және өзге де мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге бағытталған шаралар кешенi түсiнiледi.

      3. Уәкiлеттi орган туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды және туристердi уақытша болатын елдегi (жердегi) ықтимал қауiптер туралы хабардар етедi.

      4. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туристерге саяхат басталудан үш күн бұрын жазбаша түрде уақытша болатын елге (жерге) бару, уақытша болған елден (жерден) шығу және сонда болу ережелері туралы, заңнамасы туралы, жергілікті халықтың салт-дәстүрлері туралы, діни әдет-ғұрпы, қасиетті орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштер және туристерге көрсетілетін, ерекше қорғаудағы басқа да объектілер, қоршаған ортаның жай-күйі туралы, сондай-ақ саяхат жасаған кезде тап болуы мүмкін қауіптер туралы қажетті және дұрыс ақпаратты қамтитын саяхаттың ерекшеліктері туралы мәліметтер беруге және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асыруға міндетті.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті орган мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға, сондай-ақ туристің отбасына саяхат кезінде туристің төтенше жағдайға ұшырағаны туралы білген немесе білуге тиіс кезден бастап дереу хабарлауға міндетті.
      Егер шетелдік туристер - Қазақстан Республикасының аумағында немесе Қазақстан Республикасының турист азаматтары Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төтенше жағдайға ұшыраған болса, туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар дипломатиялық қызмет органдарына да хабарлауға міндетті.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6. Өзi уақытша болатын елге (жерге) саяхат жасағысы келетiн туристер халықаралық медицина талаптарына сәйкес профилактикадан өтуге мiндеттi.

      7. Қазақстан Республикасының аумағында қасiретке душар болған туристерге қажеттi көмектi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мамандандырылған қызметтер жүзеге асырады.

      8. Уәкiлеттi орган мүдделi министрлiктермен және басқа да атқарушы органдармен бiрлесiп, туристердi қорғау және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бағдарламасын әзiрлеп, оның орындалуын ұйымдастырады.

      9. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі туристердi қорғаудың және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң аймақтық бағдарламасын әзiрлеп, оның орындалуын ұйымдастырады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13, (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      27-бап. Туристiк қызметтi жүзеге асыру кезiндегi
              сақтандыру

      1. Халықаралық шарттарда, уақытша болатын елдiң (жердiң) заңдарында көзделген реттерде, туроператор немесе турагент, турист өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiктi табыс еткен жағдайда шетелге шығу көзделетiн туристiк жолдаманы сатады.

      2. Сақтандыру шартында туристке медициналық көмек көрсету ақысы және сақтандыру жағдайы тiкелей уақытша болатын елде (жерде) туындаған кезде олардың шығынының орнын толтыру көзделуге тиiс.

      3. Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасының аумағына келетiн туристерге өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiгi болуы жөнiнде талап белгiлеуге құқылы.

      4. Туроператор мен турагент туристiк қызмет көрсетуге жасалған шарттардан туындайтын азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруға мiндеттi.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      28-бап. Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-1-бап. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік
                бақылау

      1. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 28-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      29-бап. Өтпелi ережелер

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезде туристiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай мерзiм iшiнде өз қызметiн осы Заңға сәйкес келтiруге мiндеттi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті