Астық туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 2001 жылғы 19 қаңтар N 143-II.

Қолданыстағы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында астықты өндiру, сақтау және сату процесiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент - мемлекет жүз процент қатысатын, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылатын және өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын басқару жөнiндегi өкiлеттiктi жүзеге асыратын ұйым;
      2) аттестаттау - жеке және заңды тұлғалардың сортты жаңарту мен сортты ауыстыру үшiн ауыл шаруашылық дақылдарының элиталық тұқымдарын өндiру және сату жөнiндегi элиталық-тұқым өсiру ұйымдарының мәртебесiне сәйкестiгiн анықтау (растау);
      3)
      4) тұқым аттестаты - элиталық тұқымның сорттылық және себу сапасын растайтын құжат;
      5) мемлекеттiк астық ресурстары - азық-түлiктiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және мемлекеттiк мiндеттемелердi орындау мақсатында, сондай-ақ астық рыногын қорғау мен реттеу үшiн жасалған мемлекеттiк астық запастары;
      6) астық иесi - астық қабылдау кәсiпорнына сақтауға астық берген жеке (немесе) заңды тұлға;
      7) астық қолхатын ұстаушы - астық қолхатының меншiк иесi және (немесе) оны нақты ұстаушы;
      8) астық - тағамдық, тұқымдық, мал азығы және техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылатын дәндi, дәндi-бұршақ және майлы дақылдардың өнiмдерi;
      9) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қос куәлiк;
      10) астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) - астық сақтауға арнап мамандандырылған техникалық ғимарат;
      11) астықтың сапасы - астықтың мемлекеттiк стандарттардың, техникалық жағдайлардың, санитариялық және мал дәрiгерлiк-санитариялық ережелер мен нормалардың, гигиеналық нормативтер мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн тұтыну қасиеттерiнiң жиынтығы;
      12) астық рыногының мониторингi - астықты өндiрудi, сақтауды және сатуды қоса алғанда, астықпен жасалатын операциялар туралы деректердi жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған тұрақты iс-шаралар жиынтығы;
      13) жұмылдырушы дайындық - мемлекеттiк органдардың алуан түрлi дағдарысты жағдайларда ел халқын астық ресурстарымен қамтамасыз ету қабiлетi;
      14) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңарту - ол үшiн белгiленген сақтау мерзiмiнiң өтуiне байланысты, оның бiр бөлiгiн кейiннен оны мiндеттi түрде салатын болып сату;
      15) азық-түлiктiк қауiпсiздiк - сыртқы және iшкi жағдайларға қарамастан, тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың тамақ өнiмдерiне деген қажеттерiн қанағаттандыратын тиiстi ресурстармен, әлеуетпен және кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген экономиканың, соның iшiнде оның агроөнеркәсiптiк кешенiнiң жай-күйi;
      16) азық-түлiктiк астық - тағамдық мақсаттарға пайдаланылатын астық;
      17) астық өндiру - астық өсiруге бағытталған агротехникалық iс-шаралар кешенi;
      18) реттеушi орган - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаны (тарифтердi) мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
      19) тұқымдық астық (тұқым) - себу мақсаттарына пайдаланылатын әрi сорттылық және себу сапаларына қарай бөлiнетiн астық;
      20) тұқым сараптамасы - тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарының сақталуына тұқымның сорттылық және себу сапаларының сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi iс-шаралар кешенi;
      21) тұқым шаруашылығы - сортты тұқымдарды өсiру, дайындау, сақтау және сату жөнiндегi iс-шаралар кешенiн қамтитын қызмет;
      22) сертификаттау - тауар өндiрушiге (сатушыға) және тұтынушыға (сатып алушыға) тәуелсiз органның нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға астықтың сәйкестiгiн жазбаша растауы;
      23) сорттылықты бақылау - егiс сапасын анықтау, топыраққа бақылау және зертхананың сорттылыққа бақылауын жүргiзу арқылы сорттың тазалығын анықтау және тұқымның белгiлi бiр сортқа жататындығын белгiлеу жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау;
      24) тұқымдық бақылау - тұқымның себу сапасын анықтау жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын, тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттар талаптарының сақталуын бақылау;
      25) тұқым куәлiгi - бiрiншi және кейiнгi репродукциялы тұқымның сорттылық және себу сапасын растайтын құжат;
      26) уәкiлеттi орган - астық рыногы саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, оған қатысушылардың қызметiн үйлестіру мен реттеуді, сондай-ақ мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      27) астық рыногына қатысушылар - астықты өндiруге, сақтауға, тасымалдауға және онымен сауда жасауға қатысушы жеке және заңды тұлғалар;
      28) астық қолхатын орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхатын ұстаушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында астық қабылдау кәсiпорындары өз ерiктерiмен мемлекеттiң қатысуымен құратын заңды тұлға;
      29) жемдiк астық - жануарлар мен құс азығына арналған астық;
      30) астық қабылдау кәсiпорны - қызметтiң айрықша түрi құқығымен астық сақтау жүзеге асырылатын меншiк құқығындағы астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға;
      31) астықты сақтау - астық қоймасы жүзеге асыратын, астық қабылдауды, өңдеудi, сақтауды және тиеп жөнелтудi қамтитын шаралардың технологиялық кешенi.
      Ескерту. 1-баптың 3-тармақшасы алып тасталды - Қазақстан Республикасының  2001.07.11. N 231 Заңымен.

      2-бап. Астық туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының астық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына  негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң  нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

2-тарау. АСТЫҚ РЫНОГЫН МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ
МЕН РЕТТЕУ

      3-бап. Астық рыногындағы мемлекеттiк басқарудың
             мақсаттары

      Астық рыногын мемлекеттiк басқару мен реттеудiң мақсаттары:
      1) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгi мен жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;
      2) астық бағасының демпингіне жол бермеу;
      3) астық өткiзу рыногын кеңейту;
      4) астық сапасын қамтамасыз ету;
      5) фитосанитариялық жағдайды қауiпсiз деңгейде ұстау; 
      6) табиғи-климаттық жағдайларды және рынок конъюнктурасын ескере отырып, астық өндiру құрылымын оңтайландыру және астықты өндiру, сақтау мен сату технологиясын жетілдiру;
      7) жемдiк астықтың мемлекеттiк ресурстары көлемiнiң шегiнде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығында азықтың ықтимал тапшылығын жою;
      8) астық өндiру iсiнде инвестиция, кредит, салық және кеден саясатын қалыптастыру болып табылады.

      4-бап. Астық рыногын мемлекеттiк реттеу нысандары

      Астық рыногына қатысушылардың қызметiн мемлекеттiк реттеу:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн бiлiктiлiк талаптары негiзiнде астық сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау; (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз .)
      2) астық сапасын мiндеттi түрде сертификаттау;
      3) астық қолхаттарының айналысын құқықтық реттеу;
      4) астық қабылдау кәсiпорындары қызметiнiң астық сақтау жөнiндегi бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн бақылау;
      5) мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру және олардың сандық-сапалық жай-күйiн бақылау;
      6) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк субсидия нысанында элиталық тұқымдардың құнын арзандату;
      7) өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды мемлекеттiк қаржыландыру;
      8) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне бюджеттiк бағдарламаларға сәйкес минералдық тыңайтқыштардың және жанар-жағар материалдардың құнын арзандату;
      9) элиталық тұқым өндiрумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау;
      10) заң актiлерiнде көзделген өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасының астық рыногы мен астық индустриясын дамыту стратегиясы - мемлекеттiк астық бағдарламасын әзiрлеп, iске асырады;
      2) астық өндiрудi мемлекеттiк қолдау бағдарламасын бекiтедi, инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдай қалыптастырады және астық рыногын дамыту мен оның тұрақтылығын қолдау жөнiнде өзге де шаралар қолданады;
      3) мемлекеттiк астық ресурстарының көлемiн, құрылымын, қалыптастырылу, сақталу және пайдаланылу ережелерiн бекiтедi;
      4) астықпен жасалатын операцияларға байланысты үкiметаралық келiсiмдер жасасады;
      5) астық қабылдау кәсiпорны мен астық иесi арасындағы жария шарттардың үлгi нысанын бекiтедi;
      6) астықты сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
      7) астықтың мемлекеттiк ресурстарымен және агенттiң жеке қаржы-шаруашылық қызметiмен жасалатын операцияларды жеке есепке алу бойынша бухгалтерлiк есептiң ережелерi мен стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi;
      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерi мен Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де мiндеттердi орындайды.

      6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар кiредi:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өкiлеттiк шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын басқару;
      2) тиiстi бюджеттiк бағдарламаларды әзiрлеу және оларға әкiмшiлiк ету;
      3) астықты сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау, қызметтiң осы түрi бойынша бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу;
      4) мемлекеттiк ресурстардың астығын сақтау үшiн астық қабылдау кәсiпорындарын белгiленген тәртiппен таңдап алу;
      5) астық рыногының мониторингiн жүзеге асыру; 
      6) ауыл шаруашылық техникасының лизингiн ұйымдастыру, селекция және тұқым шаруашылығын, дәндi дақылдарды өсiру мен өсiмдiктердi қорғаудың технологиясын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
      7) астықты сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiнде астық қабылдау кәсiпорындарының бiлiктiлiк талаптарын сақтауын белгiленген тәртiппен бақылау;
      8) элиталық тұқым өндiрумен және оны сатумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау;
      9) астық сапасын мемлекеттiк бақылау;
      10) астықтың (тұқымның) сапасы бойынша стандарттарды, техникалық жағдайларды жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды, басқа да нормативтiк құжаттарды енгiзу;
      11) астықтың сандық-сапалық есепке алынуы жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту;
      12) тұқым шаруашылығында сорттылық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру;
      13) тұқым сараптамасы (сертификатталуы) мен оның сорттылық және себу сапасын куәландыратын тиiстi құжаттар беру тәртiбiн белгiлеу;
      14) тұқымға сорт үстемесiнiң нормаларын белгiлеу;
      15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де өкiлеттiктi жүзеге асыру.

      7-бап. Астық сапасын мемлекеттiк бақылау

      1. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн астық қолданылып жүрген мемлекеттiк стандарттардың, техникалық жағдайлардың, санитариялық нормалардың талаптарына сәйкес болуға тиiс. Астық сапасының стандарттарын уәкiлеттi органның ұсынуымен стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекеттiк орган бекiтедi.
      2. Астық сапасын мемлекеттiк бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      3. Астық сапасын мемлекеттiк бақылау:
      1) астық сапасы бойынша мемлекеттiк стандарттар, нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеудi, сондай-ақ техникалық жағдайларды бекiтудi;
      2) астық қабылдау кәсiпорындары есеп беруiнiң, нұсқаулықтардың және басқа да нормативтiк актiлердiң үлгi нысандарын әзiрлеу мен бекiтудi;
      3) астықтың, соның iшiнде астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астықтың сандық-сапалық жай-күйiн бақылауды;
      4) <*>
      5) <*>
      6) сорттылық және тұқымдық бақылауды қамтиды.
      Ескерту. 7-баптың 3-тармағының 4,5-тармақшасы алып тасталды - Қазақстан Республикасының  2001.07.11. N 231 Заңымен.

      8-бап. Астықты сертификаттау

      1. Iшкi рынокта, экспорт және импорт кезiнде астықты тиiстi сапа сертификаттарынсыз сатуға жол берiлмейдi. 
      2. Мемлекеттiк ресурстардың астығын сертификаттауды белгiленген тәртiппен тiркелген ұйымдар (зертханалар) жүзеге асырады.
      3. Сатуға арналған тұқымның сорттылық және себу сапасына сараптама жасалуға тиiс.
      4. Карантиндi зиянкестермен және өсiмдiк ауруларымен зақымданған тұқымның себiлуiне жол берген тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделгендей жауапты болады.

      9-бап. Астық тасу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында астық тасу тура және аралас қатынас жүйесi болып табылатын темiр жол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен жүзеге асырылады.
      2. Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын тиеп жөнелту мен тасуға бақылауды жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк астық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк ресурстардың астығын сақтайтын астық қабылдау кәсiпорындары мен аталған астық қабылдау кәсiпорындарынан астық әкетудi жүзеге асыратын көлiк ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен кез келген мөлшерде астық тиеп жөнелтудi уәкiлеттi органмен келiсуге мiндеттi.
      3. Көлiктiң кез келген түрiмен тасылуға тиiстi астық партиясына көлiктiң сол түрiмен жүк тасу ережелерiне сәйкес мынадай құжаттар:
      азық-түлiктiк және жемдiк астыққа - сапа сертификаты;
      бiрiншi және кейiнгi репродукциялы тұқымға - тұқым куәлiгi;
      элиталық тұқымға - тұқым аттестаты қоса берiледi.
      4. Астықты тасу және тиеп жөнелту жөнiндегi көлiк қызметiне жеңiлдiктi тарифтер беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

3-тарау. АСТЫҚ ӨНДIРУ МЕН САТУДЫ МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

      10-бап. Мемлекеттiк қолдаудың нысандары

      Астық рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет астық өндiру мен сатуды қолдаудың мынадай нысандарын жүзеге асырады:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне элиталық тұқым құнын арзандату;
      2) техника мен жабдықтардың лизингiлiк жеткiзiлiмiн ұйымдастыру;
      3) мемлекеттiк бюджеттен өсiмдiк қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзуге қаражат бөлу;
      4) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнен мемлекеттiк астық ресурстарына астықты нарықтық бағамен сатып алу;
      5) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк тұқым ресурстарынан тұқымдық несие беру;
      6) мемлекеттiк бағдарламалар шеңберiнде мелиорация жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру;
      7) селекция, тұқым шаруашылығы және топырақтың құнарлылығын сақтау жөнiндегi ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру;
      8) астықты өндiру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгiзуге жәрдемдесу;
      9) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарынан жемдiк несие бөлу;
      10) астық қолхаттарының тиiмдi айналысы үшiн жағдай жасау;
      11) iшкi рыноктың мұнай өнiмдерiне деген қажеттерiн дер кезiнде қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдану;
      12) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне республикалық және жергiлiктi бюджеттерде көзделген мөлшерде кредит беру жөнiндегi бiрлесiп қаржыландыру бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
      13) агроөнеркәсiптiк кешен үшiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кадрлар даярлау;
      14) аймақтарда астық өндiрушiлерге сертификаттық қызмет көрсету жөнiнде бәсекелестiк орта құру үшiн шаралар қолдану;
      15) астық өндiрушiлердi қорғау жөнiнде демпингке қарсы шаралар әзiрлеу;
      16) отандық ауыл шаруашылық машина жасау iсiн жаңғырту жөнiнде шаралар қолдану.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК АСТЫҚ РЕСУРСТАРЫ

      11-бап. Мемлекеттiк астық ресурстарының түрлерi

      1. Мемлекеттiк астық ресурстары:
      1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнен;
      2) мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарынан;
      3) мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарынан;
      4) мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарынан тұрады.
      2. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi:
      1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру қажеттерiн;
      2) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған. 
      3. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының негiзге алынған көлем шегiнде азық жөнiндегi қажеттерiн қамтамасыз етуге арналған.
      4. Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстары - Қазақстан Республикасының тұқым материалына деген қажеттерiн тұрақты қамтамасыз ету үшiн құрылған және соған арналған тұқымдық астық запасы.
      5. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстары - астық рыногын iшкi реттеу, мемлекетаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервін, мемлекеттік тұқымдық және жемдiк астық ресурстарын толықтыру мен жаңарту үшiн құрылған және соған арналған астық запасы.
      6. Мемлекеттiк астық ресурстарын сатып алу мен сақтау жөнiндегi шығыстар:
      1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi үшiн - республикалық бюджет;
      2) мемлекеттiк жемдiк, сатылатын және тұқымдық астық ресурстары үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      12-бап. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқару

      1. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдiк және тұқымдық астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңарту және пайдалану ережелерiн, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және сату ережелерiн, олардың құрылымы мен мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз .)
      2. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi мен уәкiлеттi орган белгiлеген құзыретi шегiнде агент шарт негiзiнде жүзеге асырады.
      3. Агенттiң мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруына байланысты операциялардың есепке алынуын ол өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерiн есепке алудан бөлек жүзеге асырады.

5-тарау. АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСIПОРЫНДАРЫ

      13-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметi

      1. Астық қабылдау кәсiпорындары жалпы пайдаланылатын тауар қоймасы деп танылады. Олардың астық сақтауға жасалатын шарттары (бұдан әрi - шарт) жария шарттар болып табылады.
      2. Астық сақтау жөнiндегi қызметтi лицензия негiзiнде тек қана астық қабылдау кәсiпорындары жүзеге асырады.
      Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметтiң осы түрi бойынша бiлiктiлiк талаптарына сәйкес астық сақтау жөнiндегi өз қызметiн жүзеге асыру едәуiр нашарлап кететiн немесе мүлде мүмкiн болмай қалатын негiзгi құралдарды иелiктен айыруына тыйым салынады.

      14-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының мiндеттерi

      Астық қабылдау кәсiпорны:
      1) астық сақтау тәртiбiн, сондай-ақ олардың саны мен сапасы жағынан белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормативтiк құқықтық актiге сәйкес сақталуын қамтамасыз ететiн iс-шараларды сақтауға;
      2) қажет болған жағдайларда белгiленген тәртiппен астық иелерiне оның сынамаларын iрiктеп алуды қамтамасыз етуге;
      3) астық қолхатын ұстаушының алғашқы талап етуi бойынша астық қолхатына айырбастап, осы Заңның 31 және 40-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ астық қолхатымен қамтамасыз етілген астықты сақтағаны үшiн берешегi болмаса, шарт талаптарына сәйкес сақтаулы астықты толық көлемiнде босатуға мiндеттi.

      15-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау
              жөнiндегi шығындарының орнын толтыру

      1. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау жөнiндегi шығындарының орнын толтыру шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Астық қабылдау кәсiпорнының: 
      1) астық қолхатын ұстаушымен келiсе отырып, ақшалай не сақтаулы астықтың тиiстi мөлшерiн ұстап қалу жолымен оны кейiн астық рыногында еркiн өткiзу арқылы сақтау жөнiндегi шығындарын жабуға;
      2) астық қолхатын ұстаушының мүдделерiн көздеп өзге де операциялар бойынша шартта көзделген немесе заң актiлерiнде белгіленген шығындардың орнын толтыруға құқығы бар.

      16-бап. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру
             қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындары

      1. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындары ең төмен жарғылық капитал талаптарына сай келуге және өз мүлкi мен өзге де мүлiктiк мүдделердi заңдарда белгiленген тәртiппен сақтандыруға (өзара сақтандыруға) тиiс.
      2. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындарының осы астық қабылдау кәсiпорындары берген астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын орындамау салдарынан туындаған мiндеттемелерiн астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қоры берiлген астық қолхаттары бойынша төленуге тиiстi берешектiң бүкiл сомасының сексен процентiнен аспайтын мөлшерде өтейдi.
      3. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысушы, осы Заңға сәйкес уақытша басқару енгiзiлген астық қабылдау кәсiпорнының астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қоры бiрiншi кезектегi тәртiппен қанағаттандырады.
      4. Астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорын құру тәртiбiн және астық қолхаттарын орындауға кепілдiк беру қорына қатысушы астық қабылдау кәсiпорындарының ең төмен жарғылық капиталының мөлшерiн, сондай-ақ олардың берiлген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн өтеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз .)

6-тарау. АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ
ҚЫЗМЕТIН РЕТТЕУ

      17-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн
             реттеу тәсiлдерi      

      Астықты сақтау жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде астық қабылдау кәсiпорындарының бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн, астық иелерiнiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттеудi:
      1) белгiленген тәртiппен астық қабылдау кәсiпорындары орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығару;
      2) астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуi жөнiнде инспекциялау (тексеру);
      3) астық қабылдау кәсiпорындарына, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына заңдарға сәйкес санкциялар салу;
      4) осы Заңға және басқа заң актiлерiне сәйкес өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады.

      18-бап. Басым жағдайға ие болған астық қабылдау
              кәсiпорындары көрсететiн қызметтердiң
               бағасын (тарифтерiн) мемлекеттiк реттеу

      Рынокта басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындары көрсететiн қызметтердiң бағасын (тарифтерiн) мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен реттеушi орган жүзеге асырады.

      19-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн
              шектеу

      Рынокта басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындарының:
      1) көрсетiлетiн қызмет үшiн осы Заңның 18-бабына сәйкес реттеушi орган белгiлегеннен артық мөлшерде ақы алуына;
      2) көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзу жағдайларын күштеп таңуына немесе көрсетiлетiн қызметтердiң тұтынушыларын кемсiтушiлiкке немесе тұтынушылардан белгiленген тарифтерде ескерiлмеген ақы алу есебiнен табыс табуға бастайтын өзге де әрекеттер жасауына тыйым салынады.

      20-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының аудитi

      1. Астық қабылдау кәсiпорнының жылдық қаржылық есебiнiң дұрыстығын, сондай-ақ оның iсiнiң ағымдағы жай-күйiн тексеру және растау үшiн астық қабылдау кәсiпорны жыл сайынғы мiндеттi аудиторлық тексерулер жүргiзiп отырады.
      2. Егер кәсiпорынның басқару органы астық қабылдау кәсіпорнының жылдық қаржылық есебiне, сондай-ақ оның iсiнiң ағымдағы жай-күйiне аудиторлық тексеру жүргiзуден жалтарса, кез келген мүдделi тұлғаның арызы бойынша қабылданған сот шешiмiмен тексеру тағайындалуы мүмкiн.
      3. Тексеру комиссиясының (ревизордың) астық қабылдау кәсiпорны басқару органының қызметiн тексерудi жүзеге асыруы астық қабылдау кәсiпорнын аудит жүргiзу мiндетiнен босатпайды.

      21-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының есеп жүргiзуi
              және есеп беруi

      1. Астық қабылдау кәсiпорындарының астық сақтау жөнiндегi қызметiнiң бiлiктiлiк талаптарын сақтау мәселелерi бойынша есеп жүргiзу мен есеп берудiң тiзбесiн, нысаны мен мерзiмдерiн мемлекеттiк статистика органдарымен келiсе отырып, заңдарға сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      2. Астық қабылдау кәсiпорындары уәкiлеттi органның жазбаша сауалы бойынша, өздерiнiң негiзгi қызметiне байланысты ақпарат беруге мiндеттi.

      22-бап. Астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң негiзгi
              көрсеткiштерiн жариялау

      Астық қабылдау кәсiпорындары жылдық балансты және пайда мен залал туралы есептi, оның салық органдарына тапсырылатын мерзiмi келгеннен кейiн күнтiзбелiк бiр ай iшiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысан бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

      23-бап. Құжаттардың есепке алынуы және сақталуы

      1. Астық қабылдау кәсiпорындары өздерiнiң астықпен жасаған операцияларын көрсететiн құжаттардың қатаң есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2. Сақталуға тиiстi құжаттардың тiзбесi және олардың сақталу мерзiмдерi заңдармен белгiленедi.

      24-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн
              инспекциялау (тексеру)

      1. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн білiктiлiк талаптарына сәйкестiгi жөнiнде инспекциялауды уәкiлеттi орган дербес не басқа мемлекеттiк органдарды қатыстыра отырып жүргiзедi.
      2. Астық қабылдау кәсiпорындары уәкiлеттi органның тексеру тапсырмасында аталған мәселелер бойынша инспекциялаушы органға көмек көрсетуге, сондай-ақ тексерудi орындау үшiн барлық ақпарат көздерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң астық қабылдау кәсiпорнының қызметiн инспекциялау барысында алынған мәлiметтердi жария етуiне не үшiншi адамдарға беруiне тыйым салынады.
      4. Инспекциялауды жүзеге асырушы адамдар астық қабылдау кәсiпорнының қызметiн тексеру барысында алынған және коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауапты болады.

      25-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының жауапкершiлiгi

      1. Астық рыногын реттеу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылғаны байқалған, астық қабылдау кәсiпорындарының лауазымды адамдарының сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiне қатер төндiруi мүмкiн заңсыз әрекеттерi немесе әрекетсiздiгi анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорнына мынадай жауапкершiлiк түрлерiнiң бiрiн қолдануға:
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға және өндiрiп алуға;
      2) осы Заңның 26 және 27-баптарында белгiленген негiздер бойынша астықты сақтау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге лицензияны тоқтата тұруға немесе қайтып алуға;
      3) осы Заңның 28-бабында белгiленген жағдайларда астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзуге құқылы.
      2. Астық сақтау жөнiндегi қызметтi уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясынсыз жүргiзген жағдайда, осы операциялардан (қызметтен) түскен табыстар заңдарда белгiленген тәртiппен тиiстi бюджетке алынады.
      3. Астық қабылдау кәсiпорындарына немесе олардың лауазымды адамдарына айыппұл салуды және оны өндiрiп алуды уәкiлеттi органның немесе мүдделi тұлғалардың арызы бойынша сот жүргiзедi.

      26-бап. Лицензияны тоқтата тұрудың негiздемелерi

      1. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүргiзуге лицензиясын алты айға дейiнгi мерзімге тоқтата тұру:
      1) астықты сақтау мен тиеп жөнелту жөнiндегi шарттық мiндеттемелерiн үнемi (күнтiзбелiк алты ай iшiнде екi немесе одан да көп рет) тиiсiнше орындамағаны;
      2) заңдарда көзделген фитосанитариялық нормаларды бұзғаны;
      3) нормативтiк құқықтық актiлердi бұзу не уәкiлеттi органның бiлiктiлiк талаптарға қатысты жазбаша нұсқамаларын орындамағаны;
      4) астық қабылдау кәсiпорындарына шектелген қызметтi жүзеге асырғаны үшiн жүргiзiледi.
      2. Лицензиат лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы. Сот лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды заңды деп шешкен жағдайда, оның тоқтатыла тұру мерзiмi лицензиардың осындай шешiм қабылдаған күнiнен бастап есептеледi.
      3. Лицензияның тоқтатыла тұру себептерi жойылғаннан кейiн лицензия қайта қолданыла бастайды.

      27-бап. Лицензияны қайтып алудың негiздемелерi

      Лицензия:
      1) лицензиат бiлiктiлiк талаптарын бұзған;
      2) лицензиаттың өзi жүзеге асыруға лицензия алған қызмет түрiмен айналысуына сот тыйым салған;
      3) лицензиар лицензияның қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған;
      4) лицензия алған кезде лицензиат көрiнеу жалған ақпарат берген жағдайларда, сот тәртiбiмен қайтып алынуы мүмкiн.

      28-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару

      1. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында олар жөнiнде әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық- техникалық және басқа да iс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлеп жүргiзу болып табылады.
      2. Уәкiлеттi органның дербес қабылдаған шешiмi бойынша не астық қолхаттарын ұстаушылардың жолданымы бойынша астық қабылдау кәсiпорны мынадай негiздемелердiң бiрi бойынша:
      1) астық қолхатынан туындайтын мiндеттемелердi орындамау;
      2) сақтаулы астықтың көлемi елу мың тоннаға дейiн болған жағдайда, астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астық мөлшерiнiң астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерiнен жиырма проценттен астам және сақтаулы астықтың көлемi елу мың тоннадан астам болған жағдайда, он проценттен астам артық болуы бойынша ғана уақытша басқаруға берiлуi мүмкiн.
      3. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды уақытша басқару жөнiндегi комиссия мен уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
      4. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қабылдау кәсiпорнының қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      5. Уақытша басқару кезеңiнде заңсыз әрекеттермен астық қабылдау кәсiпорнына келтiрген залал үшiн уақытша басқару жөнiндегi комиссияның мүшелерi, уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленгендей жауапты болады.

      29-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша
              басқаруды енгiзу

      1. Уәкiлеттi органның астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмi бұйрықпен ресiмделедi және онда мыналар:
      1) астық қабылдау кәсiпорнының атауы, оның орналасқан жерi мен мекен-жайы;
      2) уақытша басқаруды енгiзу үшiн негiздеме;
      3) уақытша басқарудың қолданыла бастауы және мерзiмi;
      4) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау мақсатында астық қабылдау кәсiпорнының қызметiне қойылатын шектеулердiң тiзбесi;
      5) уақытша басқару жөнiндегi комиссияның адам құрамы;
      6) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару режимiндегi астық қабылдау кәсiпорнының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы жөнiнде есеп дайындап, бұл құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке табыс ету туралы және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушыларға уақытша басқарудың енгiзiлуi жөнiнде мiндеттi түрде хабарлау туралы нұсқама болуға тиiс.
      2. Мүдделi тұлғалар уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым жасау уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмнiң қолданылуын тоқтатып қоймайды.
      3. Уәкiлеттi органның уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмiн уәкiлеттi орган осы Заңның 28-бабының 4-тармағында аталған қаражат есебiнен үш жұмыс күнi iшiнде кемiнде екi газетте мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды.

      30-бап. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия

      1. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уәкiлеттi органның, астық қабылдау кәсiпорнының, сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың өкілдерінен тұрады.
      2. Уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiм қабылданғанға дейiн уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорнына және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың бәрiне 3 күн мерзiмде уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құрамына кандидатураларын беру туралы ұсыныс жiбередi.
      Кандидатуралар берiлмеген не беруден бас тартылған жағдайда, уәкiлеттi орган уақытша басқару жөнiндегi комиссияны өз бетiмен құруға құқылы.
      3. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құзыретiне:
      1) уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерiн тағайындау (босату);
      2) уақытша әкiмшiлiктiң қызмет нәтижелерi туралы есебiн бекiту;
      3) уақытша әкiмшiлiктiң қызметiне бақылау жасау кiредi.
      4. Шешiмдердi қабылдаған кезде уақытша басқару жөнiндегi
комиссиядағы өкiлдердiң дауыстары проценттiк қатынаста былайша бөлiнедi:
      1) астық қолхаттарын ұстаушылар - елу процент;
      2) астық қабылдау кәсiпорны - жиырма бес процент;
      3) уәкiлеттi орган - жиырма бес процент.
      5. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның жалпы дауыстар санының кемiнде үштен екiсiн иеленетiн өкiлдер қатысқан жағдайда шешiм қабылдауға құқығы бар.
      Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады.
      6. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияны құрудың, оның қызметiн ұйымдастырудың өзге мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз .)

      31-бап. Уақытша әкiмшiлiк

      1. Уақытша әкiмшiлiктi уақытша басқару жөнiндегi комиссия тағайындайды.
      2. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
      1) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi барлық өкiлеттiк уақытша әкiмшiлiкке көшедi;
      2) құрылтайшылардың (акционерлердiң) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатыла тұрады;
      3) астық қабылдау кәсiпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерiнің өкілеттiгi тоқтатыла тұрады;
      4) уақытша әкiмшілiкке айтпай және оның жазбаша келiсiмiнсiз астық қабылдау кәсiпорнының атынан және соның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
      3. Уақытша әкiмшiлiк:
      1) осы Заңда белгiленген құзыретi шегiнде астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша өз бетiмен шешiмдер қабылдауға;
      2) астық қолхаттарында көрсетiлген астық көлемiнiң жиырма процентiне дейiнгi мөлшерiнде солардан туындайтын барлық талаптардың қанағаттандырылуын уақытша басқару кезеңiне тоқтата тұруға;
      3) астық қабылдау кәсiпорнының ол берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттар жасасып, құжаттарға қол қоюға;
      4) астық қабылдау кәсiпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, соның iшiнде сотта да жүзеге асыруға;
      5) астық қабылдау кәсiпорны астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiншi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қоюға;
      6) астықтың сақталуына байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшылар тартуға;
      7) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құзыретi шегiнде бұйрықтар шығаруға құқылы.
      4. Уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерi мен астық қабылдау кәсiпорындары қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңдарымен реттеледi.

      32-бап. Уақытша әкiмшiлiктiң қызметiн бақылау

      Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшілiктiң қызметiн бақылауды уақытша басқару жөнiндегi комиссия жүзеге асырады, ол:
      1) уақытша әкiмшiлiкке астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiндегi қызметтiң негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар беруге;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уақытша әкiмшiлiктен оның қызметi және астық қабылдау кәсiпорнының қызметi туралы ақпарат берудi талап етуге;
      3) уақытша әкiмшiлiктiң атқарылған жұмыс туралы есебiн тыңдап, бекiтуге;
      4) уақытша басқару енгiзiлген себептер жойылмаған жағдайда оның мерзiмiн ұзартуға;
      5) уәкiлеттi органға уақытша басқаруды аяқтау туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.

      33-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша
              басқаруды тоқтату

      1. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мынадай негiздемелер:
      1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген уақытша басқару мерзiмiнiң өтуi;
      2) уақытша басқарудың мерзiмiнен бұрын аяқталуы туралы уәкiлеттi органның шешiм қабылдауы;
      3) соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша тоқтатылады.
      2. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себептердiң жойылуына байланысты тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату да) уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк осы астық қабылдау кәсiпорнына қатысты белгiлеген барлық шектеулердiң күшi жойылуына әкеп соғады.
      3. Егер астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау қабiлетiн қалпына келтiруге жеткiзбесе, уәкiлеттi орган заңдарда белгiленген тәртiппен лицензияны қайтарып алады және астық қабылдау кәсiпорнының таратылуына бастама жасай алады.

7-тарау. АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСІПОРЫНДАРЫН ТАРАТУ

      34-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарын таратудың түрлерi
              мен негiздемелерi

      1. Астық қабылдау кәсiпорны:
      1) құрылтайшыларының (акционерлерiнiң) шешiмi бойынша кредиторлық берешегi болмаған жағдайда өз еркiмен таратылуы мүмкiн. Бұл орайда уәкiлеттi органға хабарлама жiберiледi;
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн (мәжбүрлеп тарату).
      2. Астық қабылдау кәсiпорындары қызметiнiң тоқтатылуы банкроттық туралы заңдар мен осы Заңның талаптары ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      35-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарын мәжбүрлеп тарату
              негiздемелерi

      Астық қабылдау кәсiпорындарын таратуды мына жағдайларда:
      1) банкрот болған;
      2) қызметтi тиiстi рұқсатсыз (лицензиясыз) не заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi, не заңдарды әлденеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
      3) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда сот жүргiзедi.

      36-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын банкрот деп тану

      1. Астық қабылдау кәсiпорны белгiленген тәртiппен сот шешiмi бойынша ғана банкрот деп танылуы мүмкiн. Дәрменсiз астық қабылдау кәсiпорнын оның кредиторларының және астық қабылдау кәсiпорнының өз шешiмi бойынша соттан тыс тарату рәсiмiне жол берiлмейдi.
      2. Астық қабылдау кәсiпорнының банкроттығы туралы iс бойынша тараптардың бiтiм келiсiмiн жасасу мүмкiндiгiне жол берiлмейдi.

     37-бап. Тарату кезiнде астық қоймасын сату ерекшелiктерi

      Осы қызмет түрiне қойылатын білiктiлiк талаптарына сәйкес, астық қоймасы сатып алушының оны астық сақтау мақсаттары үшiн пайдалануы шартымен бiрыңғай лот арқылы сатылады.

      38-бап. Мәжбүрлеу тәртiбiмен таратылатын астық қабылдау
              кәсiпорны кредиторларының талаптарын
               қанағаттандырудың кезектiлiгi

      1. Мәжбүрлеп таратылатын, соның iшiнде банкроттығына байланысты таратылатын астық қабылдау кәсiпорны кредиторларының талаптары осы бапта белгiленген тәртiппен қанағаттандырылады.
      2. Таратудың жүргiзiлуiне байланысты, соның iшiнде астық қабылдау кәсiпорнын тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шығындар, сондай-ақ таратылатын астық қабылдау кәсiпорнының негiзгi мiндеттерiн қамтамасыз ету қажеттiгiнен туындайтын шығындар кезектен тыс және тұрақты жүргiзiледi.
      3. Кредиторлардың белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезекпен қанағаттандырылуға тиiс:
      1) бiрiншi кезекте өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн таратылушы астық қабылдау кәсiпорны жауап беретiн азаматтардың талаптары қанағаттандырылады;
      2) екiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстеушi адамдармен еңбекке ақы төлеу бойынша есеп айырысу жүргiзiледi;
      3) үшiншi кезекте кепiл туралы мәлiметтерi бар астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылады;
      4) төртiншi кезекте кепiл туралы мәлiметтерi жоқ астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылады;
      5) бесiншi кезекте кредиторлардың таратылатын астық қабылдау кәсiпорнының мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер жөнiндегi талаптары қанағаттандырылады;
      6) алтыншы кезекте бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдер бойынша берешек өтеледi;
      7) жетiншi кезекте заң актiлерiне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргiзiледi.

8-тарау. АСТЫҚ ҚОЛХАТТАРЫ

      39-бап. Астық қолхаттарының айналысы

      1. Астық қабылдау кәсiпорны сақтауға астық алған кезде иесiне астық қолхатын беруге мiндеттi, онда:
      1) астыққа меншiк құқығы;
      2) астық қолхатында көрсетiлген астықты астық иесiнiң алғаш талап етуi бойынша немесе болашақта белгiлi бiр уақытта беруге астық қабылдау кәсiпорнының шүбәсiз мiндеттемесi;
      3) астық кепiлге берiлген жағдайда астыққа кепiл ұстаушының құқығы расталады.
      2. Астық қолхаты екi бөлiктен тұрады, әр бөлiгiнiң өз атауы болады және мiндеттi түрде мыналарды қамтиды:
      1) бiрiншi бөлiгiнде:
      астықты сақтауға қабылдаған астық қабылдау кәсiпорны салық төлеушiсiнiң атауы, орналасқан жерi және тiркелу нөмiрi;
      астық қабылдау кәсiпорнының тiзiлiмi бойынша астық қолхатының ағымдағы нөмiрi;
      астық иесiнiң атауы, оның толық заңды мекен-жайы, салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрi, жеке тұлғаның кiм екенiн куәландыратын құжаттар;
      астықтың түрi, оның сан және сапа жағынан сипаттамалары;
      егер мерзiмi белгiленсе, астықтың сақтауға қабылданған мерзiмi;
      берiлген күнi;
      уәкiлеттi адамның қолы және астық қабылдау кәсiпорнының мөрi;
      2) астық қолхатының екiншi бөлiгi сақтаулы астық кепiлге берiлген жағдайда толтырылады және мыналарды қамтиды:
      салық төлеушiнiң, кепiл ұстаушының атауы, орналасқан жерi және тiркелу нөмiрi;
      кепiл шартының нөмiрi және жасалған күнi;
      астық кепiл нысанасы болатын мерзiмi;
      кепiлмен қамтамасыз етiлген ақшалай мiндеттемелердiң сомасы.
      3. Астық қолхатының нысанын уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      40-бап. Астық қолхатын ұстаушының құқықтары

      1. Астық қолхатын ұстаушының астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа астық қолхатында көрсетiлген көлемде билiк етуге құқығы бар.
      2. Кепiл туралы мәлiметтерi бар астық қолхатын ұстаушы кепiл шартында көзделген мiндеттемелер толық орындалғанға дейiн оны астық қабылдау кәсiпорнынан алмай, астыққа билiк етуге құқылы.
      3. Астық қолхатын ұстаушы өткiзу жазбасын жасау және астық қолхатының өзiн тапсыру арқылы, бiрақ астықтың орнын ауыстырмай, астыққа меншiк құқығын берудi жүзеге асыра алады.
      4. Кепiл туралы мәлiметтерi жоқ астық қолхатын өткiзу жазбасы бойынша алған сатып алушы кепiлге салынбаған астықтың меншiк иесiне айналады. Кепiл шарттары туралы (тауарға кепiл құқығын белгiлеудiң сомасы мен бағасы туралы) мәлiметтердi астық қабылдау кәсiпорнының мүдделi адамдардың көруi үшiн ашық тiзiлiмiнен алуға болады.
      5. Астық кепiлден босатылған жағдайда, кепiл туралы мәлiметi бар астық қолхатын ұстаушы оны күнтiзбелiк үш күн iшiнде астық қабылдау кәсiпорнына хабарлауға мiндеттi.
      6. Астық қолхатын ұстаушы өзiнiң кепiлмен қамтамасыз етiлген талап ету мерзiмiнде қанағаттандырылмаған жағдайда, өзiне астық қолхаты бойынша кепiлге берiлген астықты заң актілерiнде белгiленген тәртiппен сатуға және өзiнiң талабын кепiл берушiнiң басқа кредиторларының алдында басымдықпен қанағаттандыруға құқылы. Алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда, астық қолхатын ұстаушы алынбай қалған бөлiктi астық қолхаты бойынша құқық берген барлық тұлғалардан заңдарға сәйкес өндiрiп алуы мүмкін.
      7. Астық қолхатын ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi орындау мерзiмi өткен кезден бастап, кепiл нысанасы болып табылатын астықты соттан тыс мәжбүрлеу тәртiбiмен сатуды, бұл ретте сенiм бiлдiрiлген адамға ашық аукцион өткiзу туралы тиiстi тапсырма берiп, жүзеге асыруға құқылы.
      8. Сенiм бiлдiрiлген адам мынадай рәсiмдердi орындайды:
      1) кепiл берушiге кепiл туралы шартта көзделген мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарлама жасайды және сонымен бiрге жергiлiктi баспасөзде сауда-саттық туралы хабарландыру жариялайды;
      2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, жергiлiктi баспасөзде сауда-саттық туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап, 14 күн мерзiмде сауда-саттық өткiзiледi.
      9. Ашық аукционда алынған ақша қаражаты мынадай тәртiппен:
      1) астық қолхатындағы жазбаға сәйкес, астық қабылдау кәсiпорнында астықтың сақталуына төленетiн ақыға;
      2) астық қолхатында көрсетiлген мерзiмi өткен соманы өтеуге бөлiнедi;
      3) қалған ақша сомасы астық қолхатын ұстаушыға аударылады.
      10. Әрбiр кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейiн қанағаттандырылады.
      11. Астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа рұқсатты мерзiмi өткiзiлiп алынған жағдайларда ғана кепiлге салынған астыққа тек астық қолхатын ұсыну арқылы алуға болады. Өзге жағдайлардың бәрiнде де астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа, рұқсатты астыққа, кепiлге салынған астыққа да меншiк иесінің құқығы туралы астық қолхатын көрсету арқылы ғана алуға болады.
      12. Астық қабылдау кәсiпорындары астық қолхаты бойынша астықты тиеп жөнелткен жағдайда, қойылған қолдардың, астық қолхатын ұстаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттардың болуын және олардың түпнұсқа екенiн тексеруге мiндеттi.

      41-бап. Астық қолхаты бойынша астық беру

      1. Астық қабылдау кәсiпорны астық қолхатын ұстаушыға астықты сол қолхатқа айырбастап бередi.
      2. Астық қолхатын ұстаушы астықты бөлiп-бөлiп берудi талап етуге құқылы. Бұл орайда бастапқы астық қолхатының орнына оған астық қабылдау кәсiпорнында қалған астықтың мөлшерiне жаңа астық қолхаттары берiледi.

9-тарау. Қорытынды ережелер

      42-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі

      Осы заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті