Астық туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы N 143 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында астықты өндiру, сақтау және сату процесiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агент - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған , агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық холдинг жалғыз акционері болып табылатын, өз құзыреті шегінде мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;

      2) азық-түлiктiк астық - тағамдық мақсаттарға пайдаланылатын астық;

      3) азық-түлiктiк қауiпсiздiк - сыртқы және iшкi жағдайларға қарамастан, тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың тамақ өнiмдерiне деген қажеттерiн қанағаттандыратын тиiстi ресурстармен, әлеуетпен және кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген экономиканың, соның iшiнде оның агроөнеркәсiптiк кешенiнiң жай-күйi;

      4) астық - тағамдық, тұқымдық, мал азығы және техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылатын дәндi, дәндi-бұршақ және майлы дақылдардың өнiмдерi;

      5) астық иесi - астық қабылдау кәсiпорнына сақтауға астық берген жеке немесе заңды тұлға;

      6) астық қабылдау кәсiпорны - астық сақтау жүзеге асырылатын меншiк құқығындағы астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға;

      7) астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) - астық сақтауға арнап мамандандырылған техникалық ғимарат;

      8) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қосарлы куәлiк;

      9) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесi - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешенi;

      10) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;

      11) астық қолхатын ұстаушы - астық иесi, астық қолхатымен индоссамент жасаған жағдайларда - индоссат;

      12) астық өндiру - астық өсiруге бағытталған агротехникалық iс-шаралар кешенi;

      13) астық рыногына қатысушылар - астықты өндiруге, сақтауға, тасымалдауға, қайта өңдеуге және өткізуге қатысушы жеке және заңды тұлғалар;

      13-1) астық экспорттаушы - астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;

      14) астықтың өмiрлiк циклi - астықты өндiру, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;

      15) астық рыногының мониторингi - астықты өндiрудi, сақтауды, қайта өңдеудi және сатуды қоса алғанда, астық рыногына қатысушылар жүзеге асыратын астықпен жасалатын операциялар туралы деректердi жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған тұрақты iс-шаралар жиынтығы;

      16) астықты сақтау - астық қоймасында (элеваторда, астық қабылдау пунктiнде) жүзеге асырылатын, астық қабылдауды, өлшеудi, кептiрудi, тазартуды, сақтауды және тиеп жөнелтудi қамтитын қызмет көрсетулердiң технологиялық кешенi;

      17) астықтың сапасы - астықтың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың, санитарлық, ветеринариялық және фитосанитариялық ережелер мен нормалардың, гигиеналық нормативтердiң талаптарына сәйкес келуiн айқындайтын тұтыну қасиеттерiнiң жиынтығы;

      18) астықтың сапасына сараптама жасау - көлiк құралын (қойманы) зерттеудi, сынаманы iрiктеу мен сынақтан өткiзудi, сапа паспортын ресiмдеудi қамтитын астық сапасының нақты көрсеткiштерiн белгiлеу мен растауға бағытталған шаралар кешенi;

      19) астық сапасының паспорты - астық сапасының нақты көрсеткiштерiн және олардың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына және (немесе) келiсiм-шарт талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;

      20) жемдiк астық - жануарлар мен құс азығына арналған астық;

      21) жұмылдыру дайындығы - мемлекеттiк органдардың алуан түрлi дағдарысты жағдайларда ел халқын астық ресурстарымен қамтамасыз ету қабiлетi;

      22) кепiл куәлiгiн ұстаушы - кепiл куәлiгiмен куәландырылған мiндеттемеде астықты кепiлге ұстаушы болып табылатын тұлға;

      23) қойма куәлiгiн ұстаушы - кепiлмен ауыртпалық жасалған астық иесi, қойма куәлiгiмен индоссамент жасалған жағдайларда - индоссат;

      24) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңарту - оның бiр бөлiгiн сату және жаңа егiннiң астығы есебiнен мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң белгiленген көлемiн және қажеттi сапасын ұстап тұру мақсатында жаңа егiннiң астығын сатып алу;

      25) мемлекеттiк астық ресурстары - азық-түлiктiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және мемлекеттiк мiндеттемелердi орындау мақсатында, сондай-ақ астық рыногын қорғау мен реттеу үшiн жасалған мемлекеттiк астық запастары;

      26) мемлекеттiк астық ресурстарын ауыстыру - мемлекеттiк астық ресурстарын бiр астық қабылдау кәсiпорнынан басқасына тасу;

      27) реттеушi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағаны (тарифтердi) мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк орган ;

      28) тұқымдық астық (тұқым) - себу мақсаттарына пайдаланылатын әрi сорттылық және себу сапаларына қарай бөлiнетiн астық;

      29) уәкiлеттi орган - астық рыногы саласындағы мемлекеттiк саясатты іскe асыруды, оған қатысушылардың қызметiн үйлестiру мен реттеудi, сондай-ақ мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган .
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы
ның 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Астық туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының астық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

2-тарау. АСТЫҚ РЫНОГЫН МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ МЕН РЕТТЕУ

      3-бап. Астық рыногындағы мемлекеттiк басқарудың
             мақсаттары

      Астық рыногын мемлекеттiк басқару мен реттеудiң мақсаттары:

      1) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн, техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;

      2) астық бағасының демпингіне жол бермеу;

      3) астық өткiзу рыногын кеңейту;

      4) астық сапасын қамтамасыз ету;

      5) фитосанитариялық жағдайды қауiпсiз деңгейде ұстау; 

      6) табиғи-климаттық жағдайларды және рынок конъюнктурасын ескере отырып, астық өндiру құрылымын оңтайландыру және астықты өндiру, сақтау мен сату технологиясын жетілдiру;

      7) жемдiк астықтың мемлекеттiк ресурстары көлемiнiң шегiнде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығында азықтың ықтимал тапшылығын жою;

      8) астық өндiру iсiнде инвестиция, кредит, салық және кеден саясатын қалыптастыру;

      9) астықтың қауiпсiздiгiне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын әрекеттердiң алдын алу болып табылады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы
ның 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       4-бап. Астық рыногын мемлекеттiк реттеу нысандары

      Астық рыногына қатысушылардың қызметiн мемлекеттiк реттеу:

      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн бiлiктiлiк талаптары негiзiнде астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөнiндегi қызметтi лицензиялау ;

      1-1) астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау ;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық реттеу;

      2-1) астықтың сапасына сараптама жасау жөнiндегi аккредиттелген зертханалардың қызметiн бақылау;

      3) астық қолхаттарының айналысын құқықтық реттеу;

      4) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті, сондай-ақ астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін лицензиялық бақылау ;

      4-1) астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу ; астықты сақтау ; астық қолхаттарын беру, олардың айналысы мен өтелуі жөніндегі ережелердің сақталуын бақылау;

      4-2) астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті бақылау;

      5) мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру және олардың сандық-сапалық жай-күйiн бақылау арқылы;
      6) алып тасталды

      7) өсiмдiктердi қорғау және олардың карантинi жөнiндегi iс-шараларды мемлекеттiк қаржыландыру;
      8) алып тасталды
      9) алып тасталды

      10) заң актiлерiнде көзделген өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) Қазақстан Республикасының астық рыногы мен астық индустриясын дамыту стратегиясы - астық бағдарламасын әзiрлеп, iске асырады;

      2) астық өндiрудi мемлекеттiк қолдау бағдарламасын бекiтедi, инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдай қалыптастырады және астық рыногын дамыту мен оның тұрақтылығын қолдау жөнiнде өзге де шаралар қолданады;

      3) мемлекеттiк астық ресурстарының көлемiн , құрылымын, қалыптастырылу, сақталу және пайдаланылу ережелерiн бекiтедi;

      4) астықпен жасалатын операцияларға байланысты үкiметаралық келiсiмдер жасасады;

      5) астық қабылдау кәсiпорны мен астық иесi арасындағы жария шарттардың үлгi нысанын бекiтедi;

      6) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметке лицензиялау ережелері мен біліктілік талаптарын бекітеді ;

      6-1) астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметке лицензиялау ережелері мен біліктілік талаптарын бекітеді ;

      7) астықтың мемлекеттiк ресурстарымен және агенттiң жеке қаржы-шаруашылық қызметiмен жасалатын операцияларды жеке есепке алу бойынша бухгалтерлiк есептiң ережелерi мен стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi ;

      7-1) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құруға, олардың жұмыс iстеуі мен таратылуына қойылатын талаптарды, астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу шарттарын, астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктер алу тәртiбiн, астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу тәртiбiн белгiлейдi ;
      8) алып тасталды

       9) астыққа және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қатысты техникалық регламенттердi бекiтедi.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкілетті органның құзыретіне мыналар кіреді:

      1) астық нарығы саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, оған қатысушылардың қызметін үйлестіру және реттеу;

      1-1) астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау;

      2) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті лицензиялау ережелерін және оған қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу;

      2-1) астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау ережелерін және оған қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу;

      2-2) астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарының сақталуы және астық нарығы мониторингі бойынша есептіліктің дұрыстығы нысанына уәкілетті орган бекіткен кесте негізінде жыл сайынғы тексеру түріндегі астықты экспортқа шығарушылардың қызметіне лицензиялық бақылау;

      3) астық қабылдау кәсіпорындарының:

      мемлекеттік ресурстар астығы бойынша - тоқсан сайын уәкілетті органның облыстық аумақтық органдарының бастықтары бекіткен мемлекеттік ресурстар астығының сақтауын тексеру кестелері негізінде, сондай-ақ астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) болған кезде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда);

      өзге де иеленушілердің астығы бойынша - астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) негізінде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу , астық сақтау, астық қолхаттарының берілуі, айналымы және өтелуі ережелерін сақтауын бақылау;

      3-1) мемлекеттік органдардың ресми өтініштері негізінде жоспардан тыс тексеру түрінде астықты экспортқа шығарушылардың қызметіне Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы нысанына тексеру;

      3-2) Қазақстан Республикасы астық туралы заңнамасы талаптарының бұзылуын жою туралы нұсқаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулының нысандарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының бұзылуы туралы нұсқамалар беру, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;

      5) астық нарығының мониторингін жүзеге асыру;

      6) астық қауiпсiздiгi мен сапасын мемлекеттік бақылау;

      7) жыл сайын техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен кестелер негізінде, сондай-ақ астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) болған кезде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда), астық сапасының сараптамасы жөнінде аккредиттелген зертханалардың астық сапасын сараптау мен техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, уәкілетті орган белгілеген астық сапасы паспортын беру тәртібін және техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесі талаптарын сақтауы тұрғысынан олардың қызметін бақылау;

      8) осы Заңның 28-бабының 2-тармағында көзделген негіздер болған кезде астық қабылдау кәсіпорнынан астықты көліктің кез келген түрімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу;

      9) ауыл шаруашылығы техникасының және жабдықтарының лизингін ұйымдастыру, селекцияны және тұқым шаруашылығын, дәнді дақылдар өсіру технологиясы, топырақ құнарлылығын сақтау, өсімдіктер қорғау және 1 карантині жөнінде бағдарламалар әзірлеу;

      10) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып астық сапасын сараптау және астық сапасы паспортын беру тәртібіне талаптар әзірлеу;

      11) астыққа және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне қатысты техникалық регламенттердi әзiрлеу;

      12) астықтың сандық-сапалық есепке алынуы, сақталуы; астық қолхаттарының берілуі, айналымы және өтелуі; астық нарығының мониторингін жүргізу; астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу; астық қабылдау кәсіпорындары есептілігінің үлгі нысандары жөнінде нормативтік құқықтық актілер , мемлекеттік астық инспекторлары туралы ереже әзірлеу және бекіту;
      13) алып тасталды - 2007.07.26. N 313

      14) астық өндірушілерді қорғау үшін демпингке қарсы шаралар қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      15) астық қолхаты жазылатын бланкілерге, оларды шығару, алу, сақтау, айналдыру, өтеу және жою тәртібіне талаптар, сондай-ақ астық қолхаттарының үлгілеріне талаптар белгілеу ;

      16) астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу және астық қолхаттары тізілімі мәліметтеріне сәйкес астықтың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау тұрғысынан астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін инспекциялау (тексеру);

      17) осы Заңның 33-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес астық қабылдау кәсіпорнына уақытша басқаруды енгізу туралы, сондай-ақ уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдау;

      18) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өкілеттіктер шегінде мемлекеттік астық ресурстарын басқаруды бақылау;

      19) мемлекеттік астық ресурстарын тиеп жіберуге және тасымалдауға (орнын ауыстыруға) бақылау;

      20) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тоқтата тұру .
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгерту енгізілді - 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      6-1-бап. Облыстың жергілікті атқарушы органының құзыре ті

      Облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне мыналар кіреді:

      1) селекция және тұқым шаруашылығын, дәнді дақылдарды өсіру технологиясын дамыту, топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру;

      2) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті лицензиялау;

      3) астық нарығы мониторингін уәкілетті орган бекітетін ережелерге сәйкес жүзеге асыру;

      4) астықтың (тұқымның) сапасы бойынша стандарттарды, техникалық шарттарды, басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      5) табиғи-климаттық жағдайларды және нарық конъюнктурасын ескере отырып, астық өндірісі құрылымын оңтайландыру, астық өндіру, сақтау және өткізу технологиясын жетілдіру;

      6) астық өндіру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгізу;

      7) астық қолхаттарының тиімді айналымы үшін жағдайлар жасау;

      8) бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге минералдық тыңайтқыштар, тұқым улағыштар мен гербицидтер құнын арзандатуды жүзеге асыру;

      9) ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне қажеттіктерін уақтылы қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қолдану;

      10) өңірлерде техникалық реттеу саласында сәйкестiктi растау жөнiндегi қызметтер көрсету бойынша бәсекелестік орта құру жөнінде шаралар қолдану;

      11) астық қабылдау кәсіпорындарын бақылау, ол мыналарды қамтиды:

      бекітілген кестелерге сәйкес жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындығы тұрғысынан астық қабылдау кәсіпорындарын лицензиядан кейінгі жыл сайынғы тексеру;

      астық қабылдау кәсіпорындарын тексеру актілерін ресімдеу;

      12) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тұтастай немесе жекелеген операцияларды жүзеге асыру бөлігінде алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру.
      Ескерту. 6-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгерту енгізілді - 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      6-2-бап. Мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі
               агенттің функциялары

      Мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі агент :

      1) отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен мемлекеттік астық ресурстарына астықты нарықтық бағамен сатып алу;

      2) мемлекеттік астық ресурстарын сақтау үшін белгіленген тәртіппен астық қабылдау кәсіпорындарын таңдау;

      3) отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік тұқым ресурстарынан және жемдік астықтың мемлекеттік ресурстарынан тұқымдық және жемдік астық несиелерін беру;

      4) мемлекеттік астық ресурстарын ауыстыру функцияларын жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

        7-бап. Астық қауiпсiздiгi мен сапасын мемлекеттiк
            бақылау

      1. Қазақстан Республикасы аумағындағы астық және оның өмiрлiк циклiнiң процестерi осы Заңның талаптарына, техникалық регламенттерге, санитарлық және фитосанитарлық ережелер мен нормаларға және стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес келуге тиiс.

      2. Астық қауiпсiздiгi мен сапасын мемлекеттiк бақылауды уәкiлеттi орган , оның аумақтық органдары жүзеге асырады. 

      3. Астық сапасының мемлекеттік бақылауы мыналарды қамтиды:

      1) астық қабылдау кәсіпорындарына қабылдау және тиеп жіберу кезінде астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) негізінде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) астық сапасының көрсеткіштерін айқындауды бақылау;

      2) астықтың сандық-сапалық жай-күйін бақылау, соның ішінде:

      мемлекеттік ресурстар астығы бойынша - тоқсан сайын уәкілетті органның облыстық аумақтық органдарының бастықтары бекіткен мемлекеттік ресурстар астығының сақталуын тексеру кестелері негізінде, сондай-ақ астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) болған кезде;

      өзге де иеленушілердің астығы бойынша - астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) негізінде.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 231 , 2003.10.13. N 488 , 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      8-бап. Астықтың сапасына сараптама жасау

      1. Астықтың сапасына сараптама жасауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.

      2. Астық сапасының паспортынсыз , сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес талап етiлетiн өзге де құжаттарсыз экспорттау мен импорттау кезiнде астық сатуға жол берiлмейдi.     
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , өзгерту енгізілді - 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       9-бап. Астық тасу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында астық тасу тура және аралас қатынас жүйесi болып табылатын темiр жол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен жүзеге асырылады.

      2. Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк астық ресурстарын тиеп жөнелту мен тасуға(,ауыстыруға) бақылауды жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк астық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк ресурстардың астығын сақтайтын астық қабылдау кәсiпорындары мен аталған астық қабылдау кәсiпорындарынан астық әкетудi жүзеге асыратын көлiк ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен кез келген мөлшерде астық тиеп жөнелтудi уәкiлеттi органмен келiсуге мiндеттi.

      3. Көлiктiң осы түрiмен жүк тасу ережелерiне сәйкес келетiн көлiктiң кез келген түрiмен тасымалдануға тиiс астық партиясына олардың техникалық регламенттер мен стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар iлесiп жүредi.

      4. Астықты тасу және тиеп жөнелту жөнiндегi көлiк қызметiне жеңiлдiктi тарифтер беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

2-1-тарау. Астыққа және оның өмiрлiк циклiнiң процестерiне
қойылатын қауiпсiздiктiң жалпы талаптары

      Ескерту. 2-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      9-1-бап. Техникалық реттеу объектiлерi

      Астық және оның өмiрлiк циклiнiң процестерi техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.

      9-2-бап. Сәйкестiктi растау

      Астықтың техникалық регламенттерде айқындалған талаптарға сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      9-3-бап. Астықтың қауiпсiздiгi мен сапасы туралы
              ақпаратқа қойылатын талаптар

      Тұтынушылардың астықтың қауiпсiздiгi мен сапасына қатысты жаңылысуына әкеп соқтыратын әрекеттердiң алдын алу мақсатында астық нарығына қатысушылар сатып алушыларға және (немесе) тұтынушыларға астықтың қауiпсiздiгi мен сапасының көрсеткiштерi туралы толық және дұрыс ақпарат беруге мiндеттi.

      9-4-бап. Астыққа қойылатын қауiпсiздiк талаптары

      1. Пайдалану мақсатына қарай астық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптардың кешенiне сәйкес келуге тиiс.

      2. Астық құрамындағы ықтимал қауiптi химиялық қосылыстар мен биологиялық объектiлер, пестицидтердiң және агрохимикаттардың қалдық мөлшерi, оның iшiнде фумиганттар, зиянды заттар мен қоспалар, сондай-ақ ылғал техникалық регламенттерде белгiленген мәндерге жол берiлген ең жоғары деңгейден аспауға тиiс.

      9-5-бап. Астықты өндiру кезiндегi қауiпсiздiк талаптары

      Жер учаскелерiнiң иелерi мен пайдаланушылары астық өндiрiсiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердiң құнарлылығын қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ осындай қызметтiң қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуiн жоятын немесе шектейтiн тәсiлдермен жүзеге асыруға мiндеттi.

      9-6-бап. Астықты сақтау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары

      1. Астықты сақтау оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн экологиялық , құрылыс , өрт , санитарлық-эпидемиологиялық және фитосанитариялық талаптарға сай келетiн астық қоймаларында жүзеге асырылады.

      2. Астықты сақтау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары тәуекел түрлерi бойынша техникалық регламенттерде белгiленедi.

      9-7-бап. Астықты тасымалдау кезiндегi қауiпсiздiк
              талаптары

      1. Астықты тасымалдау оның қауiпсiздiгi мен сапалық көрсеткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.

       2. Астық құрғақ, таза, бөгде иiссiз, зиянды ағзалармен залалданбаған көлiк құралдарымен тасымалданады.

      9-8-бап. Астықты кәдеге жарату және жою кезiндегi
               қауiпсiздiк талаптары

      1. Зертханалық зерттеу нәтижелерi бойынша мақсатына қарай пайдалану үшiн жарамсыз деп танылған астыққа техникалық регламенттерде белгiленген тәртiппен одан әрi пайдалануды ( кәдеге жаратуды) немесе жоюды анықтау тұрғысында сараптама жасалуға тиiс.

      2. Сараптама жасауға және оны одан әрi пайдалану (кәдеге жарату) немесе жою ықтималдығы туралы шешiм қабылдау қажет болатын кезеңдегi астық оның партиясының көлемi көрсетiле және астыққа қол жеткiзудi болғызбайтын жағдайлар сақтала отырып, жеке үй-жайларда сақталуға тиiс.

      3. Мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз астықты тасымалдауға, сақтауға, сараптама жасауға, пайдалануға (кәдеге жаратуға) немесе жоюға байланысты шығындарды оның иесi өтейдi.

3-тарау. АСТЫҚ ӨНДIРУ МЕН САТУДЫ МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

      10-бап. Мемлекеттiк қолдаудың нысандары

      Астық рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет астық өндiру мен сатуды қолдаудың мынадай нысандарын жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне элиталық тұқым құнын арзандату;

      2) техника мен жабдықтардың лизингiлiк жеткiзiлiмiн ұйымдастыру;
      3) алып тасталды

      4) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнен мемлекеттiк астық ресурстарына астықты нарықтық бағамен сатып алу ;

      5) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк тұқым ресурстарынан тұқымдық несие беру;
      6) алып тасталды

      7) топырақтың құнарлылығын сақтау жөнiндегi ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру;

      8) астықты өндiру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгiзуге жәрдемдесу;

      9) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарынан жемдiк несие бөлу;

      10) астық қолхаттарының тиiмдi айналысы үшiн жағдай жасау;

      10-1) бюджеттiк бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге минералдық тыңайтқыштар мен жанар-жағар май материалдарының құнын арзандату ;

      11) iшкi рыноктың мұнай өнiмдерiне деген қажеттерiн дер кезiнде қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдану;
      12) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

        13) агроөнеркәсiптiк кешен үшiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кадрлар даярлау;

      14) аймақтарда техникалық реттеу саласында сәйкестiктi растау жөнiнде қызметтер көрсету бойынша бәсекелестiк орта құру үшiн шаралар қолдану;

      15) астық өндiрушiлердi қорғау жөнiнде демпингке қарсы шаралар әзiрлеу;

      16) отандық ауыл шаруашылық машина жасау iсiн жаңғырту жөнiнде шаралар қолдану.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК АСТЫҚ РЕСУРСТАРЫ

      11-бап. Мемлекеттiк астық ресурстарының түрлерi

      1. Мемлекеттiк астық ресурстары:

      1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнен;

      2) мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарынан;

      3) мемлекеттiк тұқым ресурстарынан;

      4) мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарынан тұрады.

      2. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi:

      1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру қажеттерiн;

      2) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған. 

      3. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының азық жөнiндегi қажеттерiн қамтамасыз етуге арналған, сондай-ақ техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылуы мүмкін.

      4. Мемлекеттiк тұқым ресурстары - төтенше жағдайлар болғанда ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге көмек көрсету, Қазақстан Республикасының тұқым материалына деген қажеттерiн тұрақты қамтамасыз ету, сорт жаңартуды, сорт алмастыруды жүргiзу, мемлекетаралық келiсiмдердi орындауды қамтамасыз ету үшiн құрылған және соған арналған мемлекеттiк тұқым запасы.

      5. Мемлекеттік сатылатын астық ресурстары - iшкi рынокты реттеу, астықты экспортқа шығаруды қамтамасыз ету, iшкi рынокта сату, гуманитарлық көмек көрсету және мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк тұқым ресурстарын және мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын жаңарту үшiн құрылған және соған арналған астық запасы. P080507

      6. Мемлекеттiк астық ресурстарын сатып алу жөнiндегi шығыстар:
      1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi, мемлекеттiк сатылатын астық ресурстары үшiн - бюджет қаражаты;

      2) мемлекеттiк тұқым ресурстары, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары үшiн - Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау және ауыстыру жөнiндегi шығыстар:

      1) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi үшiн - бюджет қаражаты;

      2) мемлекеттiк тұқым ресурстары, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары үшiн - Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындаған басқа көздер есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен , 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       12-бап. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқару

      1. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдiк және тұқымдық астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңарту, ауыстыру және пайдалану ережелерiн, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және сату ережелерiн, олардың құрылымы мен мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi .

      2. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi мен уәкiлеттi орган белгiлеген құзыретi шегiнде агент шарт негiзiнде жүзеге асырады.

      3. Агенттiң мемлекеттiк астық ресурстарын басқаруына байланысты операциялардың есепке алынуын ол өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерiн есепке алудан бөлек жүзеге асырады .
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

  4-1-тарау. Астықты экспортқа шығарушылардың қызметін мемлекеттік реттеу

      12-1-бап. Астықты экспортқа шығарушылардың есептілігі
 
       1. Астықты экспортқа шығарушылар уәкілетті органға тізбесі, нысандары бойынша астық нарығы мониторингі жөніндегі және мемлекеттік статистикаға басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның келісімімен уәкілетті орган белгілейтін мерзімде есептілікті ұсынуға міндетті.

      2. Астықты экспортқа шығарушылар уәкілетті органның жазбаша сауалы бойынша астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметке байланысты ақпарат беруге міндетті.

      12-2-бап. Астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті
                жүзеге асыру құқығына лицензияның күшін
                тоқтата тұру, лицензиядан айыру
 
       Астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 4-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының  2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

   5-тарау. АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСIПОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ ҚЫРМАН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

      13-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметi

      1. Астық қабылдау кәсiпорындары жалпы пайдаланылатын тауар қоймасы деп танылады. Олардың астық сақтауға жасалатын шарттары (бұдан әрi - шарт) жария шарттар болып табылады.

      2. Астық сақтау жөнiндегi қызметтi лицензия негiзiнде астық қабылдау кәсiпорындары жүзеге асырады.
      Заңды тұлға Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен бiр немесе бiрнеше астық қоймаларында (элеваторларда, астық қабылдау пункттерiнде) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алуға құқылы.
      Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметтiң осы түрi бойынша бiлiктiлiк талаптарына сәйкес астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөнiндегi өз қызметiн жүзеге асыру едәуiр нашарлап кететiн немесе мүлде мүмкiн болмай қалатын негiзгi құралдарды иелiктен айыруына тыйым салынады.

      3. Тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлға:

      1) қырман шаруашылықтарында жүзеге асырылатын қызметтi қоспағанда, негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде астық сақтау жөнiнде қызмет көрсетуге;

      2) өз атауында, құжаттарында, хабарландырулары мен жарнамаларында "астық қабылдау кәсiпорны", "астық қоймасы", "астық қабылдау пунктi", "элеватор" деген сөздердi немесе ол астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады деп ұйғарылатын, солардан туындайтын сөздердi пайдалануға құқылы емес.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

        14-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының мiндеттерi

      Астық қабылдау кәсiпорны:
      1) астық сақтау тәртiбiн, сондай-ақ олардың саны мен сапасы жағынан белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормативтiк құқықтық актiге сәйкес сақталуын қамтамасыз ететiн iс-шараларды сақтауға;

      2) қажет болған жағдайларда белгiленген тәртiппен астық иелерiне оның сынамаларын iрiктеп алуды қамтамасыз етуге;

      3) астық қолхатын ұстаушының алғашқы талап етуi бойынша астық қолхатына айырбастап, осы Заңның 31 және 40-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ астық қолхатымен қамтамасыз етілген астықты сақтағаны үшiн берешегi болмаса, шарт талаптарына сәйкес сақтаулы астықты толық көлемiнде босатуға мiндеттi.

      15-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау
              жөнiндегi шығындарының орнын толтыру

      1. Астық қабылдау кәсiпорнының астық сақтау жөнiндегi шығындарының орнын толтыру шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Астық қабылдау кәсiпорнының: 
      1) астық қолхатын ұстаушымен келiсе отырып, ақшалай не сақтаулы астықтың тиiстi мөлшерiн ұстап қалу жолымен оны кейiн астық рыногында еркiн өткiзу арқылы сақтау жөнiндегi шығындарын жабуға;

      2) астық қолхатын ұстаушының мүдделерiн көздеп өзге де операциялар бойынша шартта көзделген немесе заң актiлерiнде белгіленген шығындардың орнын толтыруға құқығы бар.

      16-бап. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелердi
             орындауға кепілдiк беру жүйесi және қоры
             (қорлары)

      1. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепілдік беру қорымен (қорларымен) жасалған шарттардың негiзiнде астық қабылдау кәсiпорындары ғана астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы болуы мүмкін.
      Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатыспайтын астық қабылдау кәсіпорындары астық қолхаттарын және олардың бөлiктерiн ұстаушылардың алдындағы шарт бойынша өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін ерiктi сақтандыру ережелерiне сәйкес сақтандыруға мiндеттi.

      2. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушылардың мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауапкершілікте болады.

      3. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құруға, олардың жұмыс iстеуi мен таратылуына қойылатын талаптарды, астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу шарттарын, астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктерiн алу тәртiбiн, астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу тәртiбiн, сондай-ақ мемлекеттiң осындай қорларға қатысу нысаны мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .

      4. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушылар - астық қабылдау кәсiпорындары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өз мүлкін және өзге де мүлiктiк мүдделердi сақтандыра (өзара сақтандыра) алады.

      5. Осы Заңға сәйкес уақытша басқару енгiзiлген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы - астық қабылдау кәсiпорнының астық қолхаттарын ұстаушыларының талаптарын қанағаттандыруды астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бiрiншi кезектегi тәртiппен жүргiзедi.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       16-1-бап. Қырман шаруашылықтары

      Меншiк құқығымен жеке немесе заңды тұлғаға тиесiлi және астықтың тауарлық партиясын қалыптастыру мен оларды лицензияланған астық қабылдау кәсiпорындарында сақтау үшiн кейiннен ауыстыру, сондай-ақ астық дақылдары тұқымдарының партиясын қалыптастыру және оларды сақтау мақсатында бастапқы өңдеуге арналған техникалық құрылыс қырман шаруашылығы деп танылады.
      Қырман шаруашылығында жүзеге асырылатын қызмет лицензиялануға жатпайды. Осы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар астық қолхаттарын беруге құқылы емес.
      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

6-тарау. АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТIН РЕТТЕУ

      17-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн
             реттеу тәсiлдерi

            Астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу, астық иелерінің мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде астық қабылдау кәсіпорындарының саралану талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету мақсатында астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін реттеу:

      1) белгiленген тәртiппен астық қабылдау кәсiпорындары орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығару;

      2) астық қабылдау кәсiпорындары астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөнiндегi қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарын сақтау нысанасындағы қызметiн, сондай-ақ астық қолхаттары тiзiлiмiнiң деректерiне сәйкес астықтың сандық-сапалық есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етудi жүргізу талаптарын инспекциялау (тексеру); <*>

      3) астық қабылдау кәсiпорындарына, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына заңдарға сәйкес санкциялар салу арқылы жүзеге асырылады.
      4) алып тасталды
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      18-бап. Басым жағдайға ие болған астық қабылдау
              кәсiпорындары көрсететiн қызметтердiң
               бағасын (тарифтерiн) мемлекеттiк реттеу

      Рынокта басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындары көрсететiн қызметтердiң бағасын (тарифтерiн) мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен реттеушi орган жүзеге асырады.

      19-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн
              шектеу

      1. Астық қабылдау кәсiпорындары астықты қабылдауға, өлшеуге, кептіруге, тазалауға, сақтауға және тиеп жіберуге жатпайтын қызметтi жүзеге асыруға, оның iшiнде, үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдiк беруге және мүлiктi кепiлге салуға құқылы емес, оған мыналар кiрмейдi:

      1) ұн өнiмдерiн, құрама-жем, нан-бөлке және макарон бұйымдарын өндiру мен сату;

      2) жанар-жағармай материалдарын, қатты отынды сақтау жөнiнде қызмет көрсету.
      Бұл орайда жоғарыда тiзбеленген қызмет түрлерiне байланысты пайдаланылатын құрылыстар астық қоймасымен (элеватормен, астық қабылдау пунктiмен) технологиялық байланыста болуға және (немесе) бір аумақта не оған iргелес жатқан аумақта болуға тиiс. Астық қабылдау кәсiпорындары астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу және астық қабылдауға, өлшеуге, кептіруге, тазалауға, сақтауға және тиеп жіберуге байланысты емес қызмет бойынша операциялардың бөлек есепке алынып жүргiзілуін қамтамасыз етуге мiндеттi.

      2. Рынокта басым жағдайға ие болған астық қабылдау кәсiпорындарының:
      1) көрсетілетiн қызмет үшiн осы Заңның 18-бабына сәйкес реттеушi орган белгiлегеннен артық мөлшерде ақы алуына;

      2) көрсетілетiн қызметтерге қол жеткiзу жағдайларын күштеп таңуына немесе көрсетiлетiн қызметтердiң тұтынушыларын кемсiтушілiкке немесе тұтынушылардан белгiленген тарифтерде ескерілмеген ақы алу есебiнен табыс табуға әкеп соғатын өзге де әрекеттер жасауына тыйым салынады.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       20-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының аудитi

      1. Астық қабылдау кәсiпорнының жылдық қаржылық есебiнiң дұрыстығын, сондай-ақ оның iсiнiң ағымдағы жай-күйiн тексеру және растау үшiн астық қабылдау кәсiпорны жыл сайынғы мiндеттi аудиторлық тексерулер жүргiзiп отырады.

      2. Егер кәсiпорынның басқару органы астық қабылдау кәсіпорнының жылдық қаржылық есебiне, сондай-ақ оның iсiнiң ағымдағы жай-күйiне аудиторлық тексеру жүргiзуден жалтарса, кез келген мүдделi тұлғаның арызы бойынша қабылданған сот шешiмiмен тексеру тағайындалуы мүмкiн.

      3. Тексеру комиссиясының (ревизордың) астық қабылдау кәсiпорны басқару органының қызметiн тексерудi жүзеге асыруы астық қабылдау кәсiпорнын аудит жүргiзу мiндетiнен босатпайды.

      21-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының есеп жүргiзуi
              және есеп беруi

      1. Астық қабылдау кәсiпорындарының астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөнiндегi қызметiне, астық рыногы мониторингiн оның қатысушыларының жүргiзуiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын сақтау мәселелерi бойынша есеп жүргiзудiң және есептiлiк ұсынудың тiзбесiн, нысандары мен мерзiмдерiн мемлекеттiк статистика органдарымен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган белгiлейдi. <*>

      2. Астық қабылдау кәсiпорындары уәкiлеттi органның жазбаша сауалы бойынша, өздерiнiң негiзгi қызметiне байланысты ақпарат беруге мiндеттi.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       22-бап. Астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң негiзгi
              көрсеткiштерiн жариялау

      Астық қабылдау кәсiпорындары жылдық балансты және пайда мен залал туралы есептi, оның салық органдарына тапсырылатын мерзiмi келгеннен кейiн күнтiзбелiк бiр ай iшiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысан бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

      23-бап. Құжаттардың есепке алынуы және сақталуы

      1. Астық қабылдау кәсiпорындары өздерiнiң астықпен жасаған операцияларын көрсететiн құжаттардың қатаң есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

      2. Сақталуға тиiстi құжаттардың тiзбесi және олардың сақталу мерзiмдерi заңдармен белгiленедi .

      24-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн
              инспекциялау (тексеру)

      Ескерту. 24-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      24-1-бап. Мемлекеттiк астық инспекторы және оның
                өкiлеттiктерi

      Ескерту. 24-1-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарының жауапкершiлiгi

      1. Астықты сақтау, сандық-сапалық есепке алу мәселелерi жөнiндегi, сондай-ақ астық қолхаттарын беру, олардың айналымы және оларды өтеу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылғаны байқалған, астық қабылдау кәсiпорындарының лауазымды адамдарының сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiне қатер төндiруi мүмкiн заңсыз әрекеттерi немесе әрекетсiздiгi анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорнына мынадай жауапкершiлiк түрлерiнiң бiрiн қолдануға:

      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға және өндiрiп алуға;
      2) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      3) осы Заңның 28-бабында белгiленген жағдайларда астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзуге құқылы.

      2. Астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөнiндегi қызметтi тиiстi лицензиясыз жүргiзген жағдайда, осы операциялардан (қызметтен) түскен табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиiстi бюджетке алынады.

      3. Астық қабылдау кәсiпорындарына, олардың лауазымды адамдарына айыппұл салу және оны өндiрiп алу Қазақстан Pecпубликасының заң актілерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       26-бап. Астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау,
              сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті
              жүзеге асыру құқығына лицензияның күшін тоқтата
              тұру, лицензиядан айыру
 
       Астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның күшін тоқтата тұру, лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      27-бап. Астық сақтау жөніндегі қызметті жүзеге асыру
               құқығына лицензиядан айыру

      Ескерту. 27-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару

      1. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында олар жөнiнде әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық- техникалық және басқа да iс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлеп жүргiзу болып табылады.

      2. Уәкiлеттi органның дербес қабылдаған шешiмi бойынша не астық қолхаттарын ұстаушылардың жолданымы бойынша астық қабылдау кәсiпорны мынадай негiздемелердiң бiрi бойынша:

      1) астық сақтау жөнiндегi шарттық мiндеттемелердi үнемi тиiсiнше орындамауы;

      2) астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астық мөлшерiнiң астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерiнен асып кетуі бойынша ғана уақытша басқаруға берiлуi мүмкiн.

      3. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды уақытша басқару жөнiндегi комиссия мен уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.

      4. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қабылдау кәсiпорнының қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      5. Уақытша басқару кезеңiнде заңсыз әрекеттермен астық қабылдау кәсiпорнына келтiрген залал үшiн уақытша басқару жөнiндегi комиссияның мүшелерi, уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгендей жауапты болады.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488, 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      29-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша
              басқаруды енгiзу

      1. Уәкiлеттi органның астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмi бұйрықпен ресiмделедi және онда мыналар:

      1) астық қабылдау кәсiпорнының атауы, оның орналасқан жерi мен мекен-жайы;

      2) уақытша басқаруды енгiзу үшiн негiздеме;

      3) уақытша басқарудың қолданыла бастауы және мерзiмi;

      4) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау мақсатында астық қабылдау кәсiпорнының қызметiне қойылатын шектеулердiң тiзбесi;

      5) уақытша басқару жөнiндегi комиссияның адам құрамы;

      6) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару режимiндегi астық қабылдау кәсiпорнының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы жөнiнде есеп дайындап, бұл құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке табыс ету туралы және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушыларға уақытша басқарудың енгiзiлуi жөнiнде мiндеттi түрде хабарлау туралы нұсқама болуға тиiс.

      2. Мүдделi тұлғалар уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым жасау уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмнiң қолданылуын тоқтатып қоймайды.

      3. Уәкiлеттi органның уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмiн уәкiлеттi орган осы Заңның 28-бабының 4-тармағында аталған қаражат есебiнен үш жұмыс күнi iшiнде кемiнде екi газетте мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды.

      30-бап. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия

      1. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уәкiлеттi органның, облыстың жергілікті атқарушы органының, астық қабылдау кәсiпорнының, сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың өкілдерінен тұрады.

      2. Уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiм қабылданғанға дейiн уәкiлеттi орган астық қабылдау кәсiпорнына және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың бәрiне 3 күн мерзiмде уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құрамына кандидатураларын беру туралы ұсыныс жiбередi.

      Кандидатуралар берiлмеген не беруден бас тартылған жағдайда, уәкiлеттi орган уақытша басқару жөнiндегi комиссияны өз бетiмен құруға құқылы.

      3. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құзыретiне:
      1) уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерiн тағайындау (босату);

      2) уақытша әкiмшiлiктiң қызмет нәтижелерi туралы есебiн бекiту;

      3) уақытша әкiмшiлiктiң қызметiне бақылау жасау кiредi.

      4. Шешiмдердi қабылдаған кезде уақытша басқару жөнiндегi
комиссиядағы өкiлдердiң дауыстары проценттiк қатынаста былайша бөлiнедi:

      1) астық қолхаттарын ұстаушылар - елу процент;

      2) астық қабылдау кәсiпорны - жиырма бес процент;

      3) уәкiлеттi орган - жиырма бес процент.

      5. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның жалпы дауыстар санының кемiнде үштен екiсiн иеленетiн өкiлдер қатысқан жағдайда шешiм қабылдауға құқығы бар.
      Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады.

      6. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияны құрудың, оның қызметiн ұйымдастырудың өзге мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      31-бап. Уақытша әкiмшiлiк

      1. Уақытша әкiмшiлiктi уақытша басқару жөнiндегi комиссия тағайындайды.

      2. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
      1) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi барлық өкiлеттiк уақытша әкiмшiлiкке көшедi;

      2) құрылтайшылардың (акционерлердiң) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатыла тұрады;

      3) астық қабылдау кәсiпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерiнің өкілеттiгi тоқтатыла тұрады;

      4) уақытша әкiмшілiкке айтпай және оның жазбаша келiсiмiнсiз астық қабылдау кәсiпорнының атынан және соның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.

      3. Уақытша әкiмшiлiк:

      1) осы Заңда белгiленген құзыретi шегiнде астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша өз бетiмен шешiмдер қабылдауға;

      2) астық қолхаттарында көрсетiлген астық көлемiнiң жиырма процентiне дейiнгi мөлшерiнде солардан туындайтын барлық талаптардың қанағаттандырылуын уақытша басқару кезеңiне тоқтата тұруға;

      3) астық қабылдау кәсiпорнының ол берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттар жасасып, құжаттарға қол қоюға;

      4) астық қабылдау кәсiпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, соның iшiнде сотта да жүзеге асыруға;

      5) астық қабылдау кәсiпорны астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiншi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қоюға;

      6) астықтың сақталуына байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшылар тартуға;

      7) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құзыретi шегiнде бұйрықтар шығаруға құқылы.
      4. алып тасталды
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 200.05.15. N 253 Заңымен.

       32-бап. Уақытша әкiмшiлiктiң қызметiн бақылау

      Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшілiктiң қызметiн бақылауды уақытша басқару жөнiндегi комиссия жүзеге асырады, ол:

      1) уақытша әкiмшiлiкке астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiндегi қызметтiң негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар беруге;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уақытша әкiмшiлiктен оның қызметi және астық қабылдау кәсiпорнының қызметi туралы ақпарат берудi талап етуге;

      3) уақытша әкiмшiлiктiң атқарылған жұмыс туралы есебiн тыңдап, бекiтуге;

      4) уақытша басқару енгiзiлген себептер жойылмаған жағдайда оның мерзiмiн ұзартуға;

      5) уәкiлеттi органға уақытша басқаруды аяқтау туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.

      33-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша
              басқаруды тоқтату

      1. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мынадай негiздемелер:

      1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген уақытша басқару мерзiмiнiң өтуi;

      2) уақытша басқарудың мерзiмiнен бұрын аяқталуы туралы уәкiлеттi органның шешiм қабылдауы;

      3) соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша тоқтатылады.

      2. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себептердiң жойылуына байланысты тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату да) уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк осы астық қабылдау кәсiпорнына қатысты белгiлеген барлық шектеулердiң күшi жойылуына әкеп соғады.

      3. Егер астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау қабiлетiн қалпына келтiруге жеткiзбесе, лицензиат заңнамада белгіленген тәртіппен лицензиясынан айырылады және уәкілетті орган астық қабылдау кәсiпорнының таратылуына бастама жасай алады.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  6-1-тарау. Астықты экспортқа шығарушылардың және астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін тексеру

      Ескерту. 6-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 313 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      33-1-бап. Астықты экспортқа шығарушылардың және астық
                қабылдау кәсіпорындарының қызметін тексеру
 
       1. Астықты экспортқа шығарушылардың және астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін тексеруді уәкілетті орган өз бетімен не басқа да мемлекеттік органдарды тарта отырып жүргізеді.

      2. Астықты экспортқа шығарушылар және астық қабылдау кәсіпорындары тексеруге берілген тапсырмада көрсетілген мәселелер бойынша тексеруді жүргізуге уәкілетті органға жәрдемдесуге, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін қажетті барлық ақпарат көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Уәкілетті органның қызметкерлеріне астықты экспортқа шығарушылардың және астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жария етуге не үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.

      4. Тексеруді жүзеге асыратын тұлғалар астықты экспортқа шығарушылардың және астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін тексеру барысында алынған және коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

      33-2-бап. Мемлекеттік астық инспекторы және оның
               өкілеттігі
 
            1. Уәкілетті органның басшысы мемлекеттік қызметшілердің тиісті лауазымдарына "Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік астық инспекторы" және "Мемлекеттік астық инспекторы" деген қосымша арнайы атауларды беруге құқылы.

      2. Уәкілетті органның мемлекеттік астық инспекторы мынадай
функцияларды:

      1) мыналарды:
      астықтың қауіпсіздігі мен сапасын;
      астықтың мөлшерлік-сапалық, соның ішінде мемлекеттік ресурстар астығының жай-күйін;
      астықтың сапасын сараптау жөніндегі аккредиттелген зертханалардың қызметін;
      астықты экспортқа өткізу және астық нарығы мониторингі бойынша
есептіліктің дұрыстығы жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарын сақтау нысанына уәкілетті орган бекіткен кесте негізінде жыл сайынғы жоспарлы тексеру түрінде астықты экспортқа шығарушылардың қызметін;
      мемлекеттік органдардың ресми өтініштері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы нысанасына жоспардан тыс тексеру түрінде астықты экспортқа шығарушылардың қызметін бақылауды жүзеге асырады;

      2) астық қабылдау кәсіпорындарын олардың біліктілік талаптарына сәйкестігіне жыл сайынғы тексеруді өткізуге қатысуды;

      3) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жіберу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданысын тоқтата тұру және (немесе) лицензиядан айыру туралы облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыныстар енгізуді;

      4) астық қабылдау кәсіпорынына уақытша басқаруды енгізу жөнінде ұсыныстар беруді;

      5) астық қолхаттарын ұстаушыларға астық қабылдау кәсіпорынын
уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына енгізу үшін
кандидатуралар ұсыну туралы хабарлама жіберуді;

      6) Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасын
бұзушылықтар анықталған жағдайда, астықты экспортқа шығарушылар мен
астық қабылдау кәсіпорындарына нұсқама беруді;

      7) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізуді жүзеге асырады.

      3. Уәкілеті органның мемлекеттік астық инспекторы астықты өсіру, сақтау және өңдеу орындарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен (қызметтік куәлігін және құқықтық статистика жөніндегі органда тіркелгені туралы белгісі бар тексеру тағайындалу туралы актіні көрсеткен кезде) кедергісіз баруға және мемлекеттік бақылау мен астық нарығы мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алуға құқылы.

7-тарау. АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСІПОРЫНДАРЫН ТАРАТУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АСТЫҚ ҚОЙМАЛАРЫН(ЭЛЕВАТОРЛАРДЫ, АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ ПУНКТТЕРІН) ИЕЛІКТЕН ШЫҒАРУ ТӘРТІБІ

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       34-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарын таратудың түрлерi
              мен негiздемелерi

      1. Астық қабылдау кәсiпорны:

      1) құрылтайшыларының (акционерлерiнiң) шешiмi бойынша кредиторлық берешегi болмаған жағдайда өз еркiмен таратылуы мүмкiн. Бұл орайда уәкiлеттi органға хабарлама жiберiледi;

      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн (мәжбүрлеп тарату).

      2. Астық қабылдау кәсiпорындары қызметiнiң тоқтатылуы банкроттық туралы заңдар мен осы Заңның талаптары ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      35-бап. Астық қабылдау кәсiпорындарын мәжбүрлеп тарату
              негiздемелерi

      Астық қабылдау кәсiпорындарын таратуды мына жағдайларда:

      1) банкрот болған ;

      2) қызметтi тиiстi рұқсатсыз (лицензиясыз) не заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi, не заңдарды әлденеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған ;

      3) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда сот жүргiзедi.

      36-бап. Астық қабылдау кәсiпорнын банкрот деп тану

      1. Астық қабылдау кәсіпорны белгіленген тәртіппен тек қана сот шешімі бойынша банкрот деп танылуы мүмкін.

      2. Астық қабылдау кәсiпорнының банкроттығы туралы iс бойынша тараптардың бiтiм келiсiмiн жасасу мүмкiндiгiне жол берiлмейдi.
      Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 60-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     37-бап. Астық қабылдау кәсiпорнының астық қоймасын
            (элеваторды, астық қабылдау пунктiн) иелiктен
             шығару ерекшелiктерi

      1. Астық қабылдау кәсiпорнының астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi)  бөлiнбейтiн мүлiк болып табылады және сатып алушының (алушының) оны астық сақтау мақсаты үшiн пайдалану шарты бойынша бiрыңғай кешенмен иелiктен шығарылады.

      2. Астық қоймасын (элеваторды, астық қабылдау пунктiн) сатуға кем дегенде екi ай қалғанға дейiн астық қабылдау кәсiпорны өзiне белгiлi астық қолхаттарын ұстаушыларды мүлiктік кешеннің иелiктен шығарылатыны туралы жазбаша хабардар етуге, сондай-ақ республикалық баспа басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тілінде бұл туралы хабарландыру беруге тиiс.

      3. Астық қабылдау кәсiпорны мүлiктiк кешендi иелiктен шығарған жағдайда астық қолхаттарын ұстаушыда сақтау шартын мерзiмiнен бұрын бұзу және астықты белгiленген тәртiппен алу не астық қоймасының (элеватордың, астық қабылдау пунктiнiң) бұрынғы иесiмен жасасқан шарт талабымен бiрдей астық қоймасының жаңа иесiмен де қайта шарт жасасу құқығы сақталады.

      4. Астық қабылдау кәсiпорнының осы баптың 1-3-тармақтарын бұза отырып жасаған астық қоймаларын (элеваторды, астық қабылдау пунктiн) сату жөнiндегi мәмiлелерiн астық қолхаттарын ұстаушылар мен өзге де мүдделi тұлғалардың талап-арызы бойынша сот заңсыз деп тануы мүмкiн .

      5. Астық қоймасын (элеваторды, астық қабылдау пунктiн) иеленген не оны сот (аралық сот) шешiмiн орындау тәртiбiмен алған тұлға бұрынғы астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхатынан туындайтын мiндеттемелер бойынша астықты қабылдап-өткiзу жөнiндегi комиссия жасаған және уәкiлеттi органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiнiң мемлекеттiк астық инспекторы бекiткен астық қалдықтарын түгендеу актiсiмен белгiленген мөлшерде жауапты болады.
      Егер астық қалдықтарын түгендеу актiсi жасалмаған болса, астық қоймасының (элеватордың, астық қабылдау пунктiнiң) жаңа иесi бұрынғы астық қабылдау кәсiпорны берген барлық астық қолхаттары бойынша жауапты болады.
      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       38-бап. Мәжбүрлеу тәртiбiмен таратылатын астық қабылдау
              кәсiпорны кредиторларының талаптарын
               қанағаттандырудың кезектiлiгi

      1. Мәжбүрлеп таратылатын, соның iшiнде банкроттығына байланысты таратылатын астық қабылдау кәсiпорны кредиторларының талаптары осы бапта белгiленген тәртiппен қанағаттандырылады.

      2. Таратудың жүргiзiлуiне байланысты, соның iшiнде астық қабылдау кәсiпорнын тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шығындар, сондай-ақ таратылатын астық қабылдау кәсiпорнының негiзгi мiндеттерiн қамтамасыз ету қажеттiгiнен туындайтын шығындар кезектен тыс және тұрақты жүргiзiледi.

      3. Кредиторлардың белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезекпен қанағаттандырылуға тиiс:

      1) бiрiншi кезекте өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн таратылушы астық қабылдау кәсiпорны жауап беретiн азаматтардың талаптары қанағаттандырылады;

      2) екiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстеушi адамдармен еңбекке ақы төлеу бойынша есеп айырысу жүргiзiледi;

      3) үшiншi кезекте кепiл туралы мәлiметтерi бар астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылады;

      4) төртiншi кезекте кепiл туралы мәлiметтерi жоқ астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылады;

      5) бесiншi кезекте кредиторлардың таратылатын астық қабылдау кәсiпорнының мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер жөнiндегi талаптары қанағаттандырылады;

      6) алтыншы кезекте бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдер бойынша берешек өтеледi;

      7) жетiншi кезекте заң актiлерiне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргiзiледi.

8-тарау. АСТЫҚ ҚОЛХАТТАРЫ

      39-бап. Астық қолхаты

      1. Астық қабылдау кәсiпорны астықты сақтауға қабылдағанын растайтын астық қолхатын бередi.

      2. Астық қолхаты қажет болған жағдайда бiр-бiрiнен бөлiнуi мүмкiн екi бөлiктен - қойма куәлiгiнен және кепiл куәлiгiнен тұрады. Астық қолхаты және оның бөлiктерiнiң әрқайсысы эмиссиялық емес ордерлiк бағалы қағаз болып табылады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      3-тармақтың 3, 5) тармақшаларына 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.

      3. Астық қолхатының әрбiр бөлiгi мынадай мiндеттi деректемелердi бiрдей қамтуға тиiс:

      1) облыстың жергілікті атқарушы органы берген код;

      2) астық қолхаты бланкiсiнiң сериясы мен нөмiрi;

      3) астықты сақтауға қабылдап алған астық қабылдау кәсiпорны салық төлеушiсiнiң атауы, тұрған жерi мен тiркеу нөмiрi;

      4) астық қабылдау кәсiпорнының тiзiлiмi бойынша астық қолхатының ағымдағы нөмiрi;

      5) салық төлеушi заңды тұлғаның атауы, тұрған жерi, мемлекеттiк тіркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң нөмiрi, тiркеу нөмiрi не аты-жөнi, сондай-ақ салық төлеушiнiң тiлегi бойынша әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi, тiркеу нөмiрi, астықты сақтауға тапсырған жеке адамның жеке басын куәландыратын құжат;

      6) астықтың түрi, оның сандық және сапалық сипаттамалары;

      7) егер ондай белгiленген болса, астықтың сақтауға қабылданған мерзiмi;

      8) сақтау төлемi туралы белгi;

      9) куәлiктiң берiлген күнi;

      10) уәкiлеттi адамның қолы мен астық қабылдау кәсіпорнының мөрi.

      4. Осы баптың талабына сай келмейтiн құжат астық қолхаты болмайды.

      5. Кепіл куәлiгiн қойма куәлiгiнен бөлу кезiнде қойма куәлiгiне мынадай ақпарат бар белгi жасалынады:

      1) жеке тұлғаға қатысты - индоссаттың аты-жөнi, сондай-ақ тiлегi бойынша - әкесiнiң аты мен тұрғылықты жерi, заңды тұлғаларға қатысты - индоссаттың атауы және тұрған жерi;

      2) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мәнi, оның мөлшерi, ол бойынша сыйақының ставкасы, орындалу мерзiмi;

      3) индоссаттың қолы;

      4) кепiл куәлiгiнiң бөлiнген күнi.

      6. Кепiл куәлiгiн қойма куәлiгiнен бөлу кезiнде кепiл куәлiгiне мынадай ақпарат бар белгi жасалынады:

      1) жеке тұлғаға қатысты - индоссаттың аты-жөнi, сондай-ақ тiлегi бойынша әкесiнiң аты мен тұрғылықты жерi, заңды тұлғаларға қатысты - индоссаттың атауы және тұрған жерi;

      2) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мәнi, оның мөлшерi, ол бойынша сыйақының ставкасы, орындалу мерзiмi;

      3) индоссанттың қолы;

      4) кепiл куәлiгiнiң бөлiнген күнi.

      7. Астық қолхаты жазылатын бланкiлерге қойылатын талаптарды, оларды шығару, сатып алу, сақтау, айналымы, өтеу және жою тәртiбiн, сондай-ақ астық қолхаттарының үлгiсiне қойылатын талаптарды уәкілеттi орган белгiлейдi .

      8. Астық қабылдау кәсiпорны облыстың жергілікті атқарушы органына астық қолхатына қол қоюға уәкiлеттi адамдардың аты-жөнi және әкесiнiң аты жазылған карточканы, олардың қолтаңбаларының үлгiлерiн, сондай-ақ астық қолхатына қойылған мөрдiң бедер-таңбасының үлгiсiн табыс етуге мiндеттi.

      9. Астық қолхатындағы қойылған қолдардың, мөр бедер-таңбасының облыстың жергілікті атқарушы органына берген карточкада көрсетiлген қойылған қолдар мен мөр бедерiнiң үлгiсiне сәйкес келмеуi осы астық қолхатын жарамсыз деп тану үшiн негiздеме болып табылады.
      Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 , өзгерту енгізілді - 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      39-1 бап. Астық қолхатын беру тәртiбi

      1. Астық қолхаты сапасы бойынша бiр тектес әрбiр астық партиясына берiледi. Тапсырылған астықтың барлық көлемiне берiлетiн астық қолхатының санын астықтың иесi оған берiлген өтiнiм бойынша айқындайды.

      2. Астық қолхаттары астық иесiне астық қолхаттарының тiзiлiмiне тiркелiп және оның қолы қойылып берiледi, оны астық қабылдау кәсiпорны хронологиялық тәртiппен жүргiзiп отырады.

      3. Жаңа астық қолхатын астық қабылдау кәсiпорны:
      1) онда индоссаменттi жасау үшiн бос орын болмаған;

      2) табиғи тозығы жеткен;

      3) жоғалған жағдайларда беруi мүмкiн.
      Ескерту. 39-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

     40-бап. Астық қолхатын және оның бөлiктерiн
             ұстаушылардың құқықтары

     1. Астық қолхатын ұстаушының астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа астық қолхатында көрсетiлген көлемде билiк етуге құқығы бар.

      2. Қойма куәлiгiн ұстаушы астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астыққа билiк етуге құқылы, бiрақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепiл куәлiгi бойынша борышты өтегенге дейiн астық қабылдау кәсiпорнынан астық берудi талап етуге құқылы емес.

      3. Кепiл куәлiгiн ұстаушының:

      1) кепiл куәлiгiн қойма куәлiгiнен бөлген тұлғадан кепiл куәлiгiмен куәландырылған мiндеттеменiң орындалуын және ол бойынша сыйақы төлеудi талап етуге;

      2) кепiл куәлiгiн және ол бойынша құқықтарды үшiншi тұлғаларға беруге құқығы бар.
      Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       40-1-бап. Астық қолхаты және оның бөлiктерi бойынша
               құқықтарды беру <*>

      1. Астық қолхаты және оның бөлiктерi бойынша құқықтар оларда беру жазбаларын жүргiзу арқылы берiледi.
      Егер кепiл куәлiгi бөлiнбесе, астық қолхатындағы индоссамент қойма куәлiгiнде ғана жасалады.

      2. Кепiл куәлiгiн бөлу осы Заңның 39-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 40-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       41-бап. Астық қолхаты бойынша астық беру <*>

      1. Астық қолхатын ұстаушы немесе қойма куәлiгiн ұстаушы астықты талап ету үшiн астық қабылдау кәсiпорнының тұрған жерiне өзi келуге немесе уәкiлеттi өкiлiн жiберуге мiндеттi.

      2. Астықты беру астық қолхатын ұстаушының өтiнiшi бойынша өтеуге жататын қойма және кепiл куәлiктерiнiң түпнұсқасына айырбастау арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       41-1-бап. Кепiл куәлiгi бойынша құқықтарды жүзеге
               асыру тәртiбi

      1. Қойма куәлiгiн ұстаушы қойма куәлiгiнде көрсетiлген мiндеттеменi орындау мерзiмi басталғанға дейiн кредитор алдындағы мiндеттеме мөлшерiнде борышты өтеген кезде кепiл куәлiгiн ұстаушы кепiл куәлiгiнде индоссамент жасауға және оны қойма куәлiгiн ұстаушыға қайтаруға мiндеттi.

      2. Кепiл куәлiгiмен куәландырылған мiндеттеме орындалмаған немесе дұрыс орындалмаған жағдайда, кепiл куәлiгiн ұстаушы кепiл куәлiгiнде көрсетiлген астықты өндiрiп алуға құқылы.

      3. Егер өндiрiп алу сәтiне дейiн астық қабылдау кәсiпорнынан астықты қойма куәлiгiн ұстаушы талап еткен, ал астық қабылдау кәсiпорнына кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалғанын және ол бойынша сыйақының төленгенiн куәландыратын құжат табыс етiлген болса, онда кепiл куәлiгiн ұстаушы кепiл куәлiгiн өтеу үшiн қайтарып беруге мiндеттi.
      Ескерту. 41-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

       41-2-бап. Кепiлге салынған астықты сату

      1. Кепiл куәлiгiн ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген өзiнiң талабы мерзiмiнде қанағаттандырылмаған жағдайда, кепiлге салынған астықты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатуға және өзiнiң талаптарын басқа кепiл берушi кредиторлар алдында басым жабуға құқылы.
      Кепiл куәлiгiн ұстаушының талабын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер шартта өзгеше белгiленбесе, кепiл куәлiгін ұстаушының сенiм бiлдiрген тұлғасы ұйымдастыратын және өткiзетiн сауда-саттықта кепiлге салынған астықты соттан тыс тәртiппен мәжбүрлеп сату арқылы жүргiзiледi.
      Кепiл куәлiгiн ұстаушының сенiм бiлдiрген тұлғасы кепiл берушiге кепiл беру туралы шартта көзделген мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама жасайды және сонымен бiр мезгiлде бұқаралық ақпарат құралдарында сауда-саттықтың өткiзiлетiн уақыты, орны, сауда-саттық нысанасы, оны өткiзу тәртiбi, сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу туралы және кепiлге салынған астықтың бастапқы бағасы туралы мәлiметтердi қоса алғанда, сауда-саттық өткiзу туралы хабарлама жариялайды.
      Сауда-саттық ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жарияланған күннен бастап он төрт күннен кейiн өткiзiледi.

      2. Сауда-саттықта астық сатудан түскен сома мынадай кезекпен бөлiнедi:

      1) бiрiншi кезекте сауда-саттықты өткiзуге және ұйымдастыруға байланысты шығындар жабылады;

      2) екiншi кезекте астық қабылдау кәсiпорнына сақтау жөнiнде көрсеткен қызметi үшiн сыйақы төленедi;

      3) үшiншi кезекте кепiл куәлiгiн ұстаушының талабы қанағаттандырылады;

      4) төртiншi кезекте астық сатудан қалған сома қойма куәлiгiнiң түпнұсқасына айырбастауға қойма куәлiгiн ұстаушыға қайтарылады.

      3. Әрбiр кезектің талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейiн қанағаттандырылады.
      Ескерту. 41-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

      41-3-бап. Астық қолхатының жоғалуы немесе бүлiнуi

      1. Астық қолхаты, қойма куәлiгi немесе кепiл куәлiгi жоғалған жағдайда тиiстi куәлiктi жоғалтқан тұлға бұл туралы астық қабылдау кәсiпорнына жазбаша нысанда дереу хабарлауға мiндеттi.

      2. Жоғалған астық қолхаты, қойма куәлiгi және (немесе) кепiл куәлiгi бойынша құқықтарды жүзеге асыру сот шешiмiне сәйкес жүргiзiледi.
      Ескерту. 41-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.10.13. N 488 Заңымен .

9-тарау. Қорытынды ережелер

      42-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі

      Осы заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті