Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

1-бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Сот билiгi

      1. Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi.
      Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.
      Соттың ерекше өкiлеттiгiн басқа органдарға берудi көздейтiн заң актiлерiн шығаруға тыйым салады.
      Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
      Сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.

      2. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi.
      Әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi.
      Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.
      Сот билiгi азаматтық, қылмыстық және заңда белгiленген өзге де сот iсiн жүргiзу нысандары арқылы жүзеге асырылады.

      3. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi.
      Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты iстер бойынша есеп бермейдi. Сот iсiн жүргiзудiң белгiленген тәртiбiне қарамастан берiлген сот iстерi бойынша, сондай-ақ соттың құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша өтiнiштердi сот қараусыз қалдырады немесе тиiстi органдарға жiбередi.
      Сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Сот актiлерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптарын барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi. Сот актiлерi мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      2-бап. Мемлекеттiк билiктiң нышандары

      1. Соттар ғимараттарына және сот отырысы залдарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы орнатылады және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

      2. Судьялар сот төрелiгiн судья мантиясын киiп жүзеге асырады, оның нысаны мен сипаттамасын Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бекiтедi .
       Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      3-бап. Сот жүйесi

      1. Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi және басқа соттар құрайды.
      Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берiлмейдi.

      2. Жергiлiктi соттарға мыналар жатады:
      1) облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары);

      2) аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот).

      3. Қазақстан Республикасында басқа соттар, оның ішінде мамандандырылған (әскери, қаржылық , экономикалық , әкiмшiлiк , кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi және басқа) соттар құрылуы мүмкін.

      3-1. Мамандандырылған соттарды облыстық немесе аудандық сот мәртебесімен Қазақстан Республикасының Президенті құрады.

      4. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа соттардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы мен өзiнiң атауы бейнеленген мөрi болады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      4-бап. Сот жүйесiнiң бiрлiгi

      Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң бiрлiгi:

      1) Конституцияда , осы Конституциялық заңда, iс жүргiзу және өзге де заңдарда белгiленген, барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен;

      2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;

      3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;

      4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;

      5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;

      6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.

      5-бап. Қазақстан Республикасындағы соттар қызметiнiң
              тәртiбiн және судьялардың мәртебесiн белгiлейтiн
              заңдар

      Қазақстан Республикасындағы сот құрылысы мен судьялар мәртебесi, сондай-ақ сот төрелiгiн iске асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясымен , осы Конституциялық заңмен және басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

2-бөлiм. СОТ ЖҮЙЕСI

1-тарау. АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР

      6-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды құру

      1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi - аудандық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
      Қазақстан Республикасының Президентi бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық сот құруы мүмкін.

      2. Аудандық соттар үшiн судьялардың жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi .

      3. Әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын осы сот төрағасының Жоғарғы Сот Төрағасымен келісілген ұсынысы негiзiнде Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) белгiлейдi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      7-бап. Аудандық соттың құрамы

      1. Аудандық сот Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалатын төрағадан және судьялардан тұрады.
      Егер аудандық сотта штат бойынша бiр судья (бiрқұрамды сот) көзделсе, ол осы соттың төрағасы өкiлеттiгiн атқарады.
      2. (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11.  N 199 Конституциялық заңымен)
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      8-бап. Аудандық соттың өкiлеттiгi

      1. Аудандық сот бiрiншi инстанциядағы сот болып табылады.

      2. Аудандық сот:

      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;

      2) сот статистикасын жүргiзедi;

      3) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      9-бап. Аудандық соттың төрағасы

      1. Аудандық соттың төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

      1) сот судьяларының сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;

      2) аудандық соттың кеңсесiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      3) азаматтарды қабылдауды жүргiзедi;

      3-1) аудандық соттың жұмыс жоспарын бекітеді;

      4) судья лауазымына кандидаттардың тағылымдамадан өтуiн ұйымдастырады;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;

      6) өкiмдер шығарады;

      7) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Аудандық соттың төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда осы сот төрағасының өкiмi бойынша төраға мiндеттерiн атқару осы сот судьяларының бiрiне жүктеледi.
      Аудандық сотта төраға, сондай-ақ судьялар болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқару облыстық сот төрағасының өкімімен басқа соттың судьяларына жүктеледі.
      Аудандық сот төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда төрағаның міндетін уақытша атқару облыстық сот төрағасының өкімімен осы сот судьяларының біріне жүктеледі.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

2-тарау. ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР

      10-бап. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды
               құру

      1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi - облыстық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

      2. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi .
      Әр облыстық сот үшiн судьялардың санын осы сот төрағасының Жоғарғы Сот Төрағасымен келісілген ұсынысы негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      11-бап. Облыстық соттың құрылымы мен құрамы

      1. Облыстық сот төрағадан және судьялардан тұрады.

      2. Облыстық сотта сот алқалары құрылады және мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін.

      3. Облыстық соттың органдары:

      1) жалпы отырыс;

      2) апелляциялық сот алқасы;

      3) кассациялық сот алқасы болып табылады.

      Сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын төраға басқарады.

      4. Сот алқасының сандық және дербес құрамын облыстық сот төрағасының ұсынуы бойынша облыстық соттың жалпы отырысы белгілейді.

      5. Мамандандырылған құрамдарды облыстық соттың төрағасы жасақтайды.
       Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      12-бап. Облыстық соттың өкiлеттiгi

      Облыстық сот:

      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;
      2) (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 Конституциялық заңымен)

      3) сот тәжiрибесiн зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      4) облыстық сот, Астана және Алматы қалалары соттары кеңсесінің қызметiн бақылауды жүзеге асырады;

      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.11. N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      13-бап. Облыстық сот алқалары

       Ескерту. 13-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      14-бап. Облыстық соттың төрағасы

      1. Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судьяның міндеттерін атқарумен қатар:

      1) судьялардың сот істерін қарауын ұйымдастырады;

      2) сот алқасының және мамандандырылған құрамның отырыстарында төрағалық етуге құқылы;

      3) облыстық соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау және судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді;

      5) соттың жалпы отырысының қорытындысы негізінде Жоғары Сот Кеңесіне судья қызметіне кандидаттың тағылымдамасының нәтижелері туралы қорытынды жібереді;

      6) облыстық соттың жұмыс жоспарын бекітеді;

      7) сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;

      8) өкімдер шығарады;

      9) облыстық соттың, Астана және Алматы қалалары соттарының кеңсесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;

      11) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Облыстық сот төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда Жоғарғы Сот Төрағасы төрағаның міндетін уақытша атқаруды облыстық соттың сот алқасының төрағасына (судьясына) жүктейді. Облыстық соттың төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда міндеттердің атқарылуын жүктеуді облыстық соттың төрағасы жүзеге асырады.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      15-бап. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы

      1. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

      1) сот алқасы судьяларының сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;

      2) сот алқасының отырыстарында төрағалық етедi;

      3) сот төрағасына мамандандырылған құрам жасақтау жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

      4) сот тәжiрибесiн зерделеу әрi жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      5) соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы хабарлама ұсынады;

      6) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Сот алқасының төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда сот төрағасы оның мiндетiн атқаруды алқалар судьяларының бiрiне жүктейдi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      16-бап. Облыстық соттың жалпы отырысы

      1. Облыстық сот қажетiне қарай, бiрақ жылына кемiнде екi рет жалпы отырыстар өткiзедi, оларда:

      1) тиісті сот алқасының сандық және дербес құрамын белгілейді;

      2) (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен);

      3) облыстық сот төрағасы мен сот алқалары төрағаларының ақпаратын тыңдайды;

      4) сот практикасын талқылайды және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      5) уәкiлеттi органға белгiлi бiр адамды облыстық сот, Астана және Алматы қалалары соттары кеңсесінің басшысы қызметiне тағайындауға келiсiмiн бередi;

      6) облыстық сот, Астана және Алматы қалалары соттары кеңсесі басшысының қызметі туралы есепті тыңдайды;

      7) облыстық соттың судьясы, аудандық сот төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураларды қарайды және оның нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындылар жасайды;

      8) уәкiлеттi органға облыстық сот, Астана және Алматы қалалары соттары кеңсесінің басшысын қызметтен босату туралы ұсыныс енгiзедi;

      9) судья қызметiне кандидаттардың тағылымдамадан өту қорытындыларын қарайды және тиiстi қорытынды бередi;

      9-1) сот төрелiгiн iске асыру бойынша төмен көрсеткіштері бар немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;

      10) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады;

      2. Жалпы отырыс облыстық сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болады.

      3. Облыстық соттың жалпы отырысының жұмыс тәртiбi ол бекiткен регламентпен анықталады.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.11. N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ СОТЫ

      17-бап. Жоғарғы Соттың өкiлеттiгi

      1. Жоғарғы Сот жергілікті және басқа соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiндiрмелер бередi.

      2. Жоғарғы Сот:
      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдарын қарайды;

      2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      3) нормативтік қаулылар қабылдайды, сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме береді;

      4) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      18-бап. Жоғарғы Соттың құрылымы мен құрамы

      1. Жоғарғы Сот Төрағадан және судьялардан тұрады.
      Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi .

      2. Жоғарғы Сотта сот алқалары құрылады және мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін.

      3. Жоғарғы Соттың органдары:

      1) жалпы отырыс;

      2) азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы;

      3) қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы болып табылады.
      Сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын төраға басқарады.

      4. Сот алқасының сандық және дербес құрамын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың жалпы отырысы белгілейді.

      5. Мамандандырылған құрамдарды Жоғарғы Соттың Төрағасы жасақтайды.

      6. Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультациялық кеңес және баспа органы құрылады.
       Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      19-бап. Жоғарғы Сот алқалары

       Ескерту. 19-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      20-бап. Жоғарғы Сот Төрағасы

      1. Жоғарғы Соттың Төрағасы судья болып табылады және судья мiндетiн атқарумен қатар:

      1) жоғары сот органы ретінде Жоғарғы Сотты басқарады;

      2) сот алқалары мен мамандандырылған құрамның отырыстарында төрағалық етуге құқылы;

      3) Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етедi;

      4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына сот практикасы және заңда көзделген негiздемелер бойынша қадағалау тәртiбiмен сот актiлерiн қайта қарау туралы ұсыныс жасау мәселелерi бойынша Жоғарғы Соттың нормативтiк қаулыларын қабылдау үшiн материалдар енгiзедi;

      5) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының бекiтуiне Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Хатшысының және ғылыми-консультациялық кеңес мүшелерiнiң кандидатураларын енгiзедi;

      6) қажет болған жағдайларда бір сот алқасының судьяларын басқа сот алқасының құрамында iс қарау үшiн тартады;

      6-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      7) Жоғарғы Соттың жұмыс жоспарын бекiтедi;

      8) алқалардың жұмысын үйлестiредi;

      9) Уәкілетті орган туралы ережені Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізеді;

      9-1) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органның құрылымын және штат кестесін бекітеді;

      9-2) заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органның басшысын және оның орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;

      11) өкiмдер шығарады.

      2. Жоғарғы Соттың Төрағасы Республиканың өзге де мемлекеттiк билiк тармақтары органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасы кезiнде Республика сот жүйесiнiң мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ:

      1) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      2) жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды балама негізде соттардың тиісті жалпы отырыстарының қарауына енгізеді;

      3) жергілікті және басқа соттардың жалпы отырыстарының шешімі негізінде аудандық соттардың төрағалары қызметінің бос орындарына кандидатураларды Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады;

      3-1) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметіне кандидатураларды Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады;

      4) Қазақстан Республикасының Президентiне заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныс енгiзедi;

      5) осы Конституциялық заңмен көзделген негiздер туындаған жағдайда, Жоғары Сот Кеңесiне Республика соттары төрағаларының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының өкiлеттiгiн тоқтату мәселесi бойынша ұсыныс пен материалдар енгiзедi;

      6) Қазақстан Республикасының Президентiне судьяларды және уәкілетті органның қызметкерлерін мемлекеттiк наградалармен марапаттау және оларға құрметтi атақтар беру туралы ұсыныс енгiзедi;

      7) Республика судьяларына "Құрметтi судья" атағын бередi, осы атақты беру тәртiбi туралы ереженi бекiтедi;
      8) алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 Конституциялық заңымен;

      9) заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      3. Жоғарғы Соттың Төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның мiндетi Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен сот алқалары төрағаларының біріне жүктеледi.

      4. Жоғарғы Сот Төрағасы орнынан түскен жағдайда не өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған өзге де жағдайда Төрағаның мiндетiн уақытша атқаруды Қазақстан Республикасының Президентi Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының (судьясының) бiрiне жүктейдi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      21-бап. Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы

      1. Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

      1) сот алқасының отырыстарында төрағалық етеді;

      1-1) судьялардың сот істерін қарауын ұйымдастырады;

      2) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      3) Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшiн судьялардың тиiстi құжаттарды дайындауын қамтамасыз етедi;

      4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы ақпарат бередi;

      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Сот алқасының төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      22-бап. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы

      1. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:

      1) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша тиісті сот алқасының сандық және дербес құрамын белгілейді;

      2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      3) сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрмелер береді, нормативтiк қаулылар қабылдайды және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

      3-1) заңға сәйкес сот iстерiн қадағалау тәртiбiмен қарайды;

      4) Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының және уәкiлеттi орган басшысының хабарламасын тыңдайды;

      5) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды бередi;

      6) облыстық соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды талқылайды және тиісті қорытындылар шығарады;

      7) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыс Хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестiң құрамын бекiтедi, сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриiн сайлайды;

      7-1) сот төрелiгiн iске асыру бойынша төмен көрсеткіштері бар немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;

      7-2) судья мантиясының нысаны мен сипатын бекітеді;

      8) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Жалпы отырыс оған Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болып табылады.

      3. Жоғарғы Сот жалпы отырысының жұмыс тәртiбi өзi бекiтетiн регламентпен белгiленедi.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

3-бөлiм. СУДЬЯЛАР МӘРТЕБЕСI

1-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      23-бап. Судья мәртебесi

      1. Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi.
      Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен судьяға сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiледi, ол өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайды және сот билiгiн жүргiзушi болып табылады.
      Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен , осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi.

      2. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды.

      24-бап. Судьялардың ауыстырылмайтындығы

      1. Судьялар қызметке Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негiзде өкiлеттiктерге ие болады.

      2. Судьяның өкiлеттiгi тек қана осы Конституциялық заңда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкiн.

      25-бап. Судьяның тәуелсiздiгi

      1. Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады.
      Судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.

      2. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға және судья мен алқа заседателiне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланады.

      3. Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс.

      4. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      26-бап. Судья тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi

      1. Судьяның тәуелсiздiгi:

      1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;

      2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен;

      3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен;

      4) Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның орнынан түсу құқығымен;

      5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi.

      2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады.
      Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкiлiктi шаралар қабылдауға мiндеттi.
      Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      27-бап. Судьяларға ешкiмнiң тиiспеуi

      1. Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсiмiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Судьяға тиiспеушiлiк оның жеке басына, меншiгiне, ол тұратын тұрғын үй және қызметтiк үй-жайларға, ол пайдаланатын жеке және қызметтiк көлiк құралдарына, оған тиесiлi құжаттарға, багажына және өзге де мүлiктерiне тиiспеушiлiктi қамтиды.

      2. Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады. Судьяға қатысты арнайы жедел-iздестiру iс-шаралары прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

      3. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      28-бап. Судьяға қойылатын талаптар

      1. Судья:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға;

      2) сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға;

      3) сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға;

      4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.

      2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
      Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Аудандық соттың судьясы болып:
      жиырма бес жасқа толған;
      жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
      біліктілік емтиханын, оның ішінде мамандандырылған магистратурада тапсырған;
      медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растаған;
      сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратураны оқып бiтiрген адамдарға тағылымдамадан өту талап етiлмейдi.

      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он бес жыл жұмыс стажы бар немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс стажы бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.

      3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде жиырма жыл жұмыс стажы бар немесе кемінде он жыл судьялық жұмыс стажы бар және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.

      4. Судьялыққа кандидаттар тұрақты негізде сотта тағылымдамадан өтеді. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.
      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), өзгерту енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      29-1-бап. Судья лауазымына кандидатты медициналық
                 куәландыру

      1. Судья лауазымына кандидаттың судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растау үшiн оған медициналық куәландыру жүргiзiледi.

      2. Судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн аурулардың тiзбесi Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның бiрлескен нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      Ескерту. 29-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      30-бап. Судья қызметіне кандидаттарды iрiктеу

      1. Судья қызметіне кандидаттарға тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, жынысына, саяси көзқарасына, діни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан қызметке орналасуға тең құқық қамтамасыз етіледі.

      2. Жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос орынға орналасуға өтініш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының талаптарына сай келетін адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады.
      Жоғары Сот Кеңесі конкурстың нәтижелері бойынша жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.

      3. Аудандық сот төрағасы қызметінің бос орнына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
      Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
      Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы қызметіне кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
      Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары қызметінің бос орындарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
      Жоғарғы Соттың Төрағасы қызметіне кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
      Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Соттың Төрағасы, судьясы қызметінің бос орындарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсынуы үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
      Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды.

      2. Жергілікті және басқа соттардың судьяларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.

      3. Жергілікті және басқа соттардың сот алқалары төрағаларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

      4. Жоғарғы Соттың Төрағасын Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша бес жыл мерзімге Сенат сайлайды.

      5. Жергілікті және басқа соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.

      6. (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен).

      7. Жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, егер олар бұрынғы қызметтерiне немесе басқа соттағы осындай қызметке тиiсiнше қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
      Тиiстi сотта судьялардың бос орны болмаған жағдайда осындай лауазымға қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.

      8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, судьялардың жалпы саны қысқартылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына тағайындауға конкурссыз ұсынылуы мүмкiн.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      32-бап. Судьяның ант беруi

      1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi:
      "Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретiндегi борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн".

      2. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.

      3. (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен).

      4. Облыстық соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы мен судьясы, аудандық соттың төрағасы мен судьясы қызметіне алғаш рет тағайындалған адамдар облыстық соттың жалпы отырысында ант береді.
      Судья төраға не сот алқасының төрағасы немесе басқа соттың судьясы болып тағайындалған кезде қайтадан ант бермейді.
       Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру

      1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:

      1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;

      2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;

      3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм берiлсе;

      3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабының 2-тармағында көзделген негiздер бойынша судья өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi болса;

      3-2) кәсіби жарамсыздығына байланысты судьяның атқаратын қызметіне сәйкес келмейтіні туралы Сот жюриінің қорытындысы болса.
      Судьяның өкілеттіктері тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметіндегі өкілеттіктері тоқтатыла тұрады;

      4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.

      2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
      Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
      Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.

      3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      34-бап. Судьяны қызметтен босату және оның өкiлеттiгiн
               тоқтату

      1. Судьяның өкiлеттiгi мынадай негiздерде:

      1) судья орнынан түскенде;

      1-1) судья өз тiлегi бойынша қызметiнен босағанда;

      2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы бойынша;

      3) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде;

      4) осы судьяға қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енгенде;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;

      6) судья қайтыс болған немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген жағдайда;

      7) судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және ол басқа жұмысқа ауысқан жағдайда;

      8) соттың таратылуына немесе өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы немесе судья басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келiсiмiн бермесе;

      9) Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша;

      10) судья қызметінде болудың шекті жасына толғанда тоқтатылады.

      2. Судьяның өкiлеттiгi судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының судьяны тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген талаптарды орындамағаны үшiн қызметiнен босату қажеттiгi туралы шешiмiне байланысты тоқтатылуы мүмкiн.

      3. Сот төрағасының не сот алқасы төрағасының өкiлеттiктерi оның өз тілегі бойынша не олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

      4. Судьяны қызметтен босату туралы шешiм:
      1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;

      2) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, жергілікті және басқа соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.

      5. Судьяны қызметiнен босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеп соғады.
      Тиiстi соттың төрағасын немесе сот алқасының төрағасын  олардың өз тілегі бойынша не өкілеттік мерзiмiнiң өтуiне байланысты қызметтен босату оларды осы соттың судьясы қызметiнен босатуға әкеп соқпайды.

      6. Осы баптың 1-тармағының 1-1)-7), 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда, сондай-ақ төрағаның немесе сот алқасы төрағасының өкілеттіктері олардың өз тілегі бойынша тоқтатылған кезде қызметтен босатуға немесе судьяның өкілеттіктерін тоқтатуға Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымдары талап етілмейді.
      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

       34-1-бап. Судья қызметінде болудың шекті жасы

      Судья қызметінде болуға шекті жасқа - 65 жасқа толғанға дейін жол беріледі, оны ерекше жағдайларда Жоғарғы Соттың Төрағасы Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
       Ескерту. 34-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      35-бап. Судьяның орнынан түсуi

      1. Мінсіз беделі, кемінде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, өкілеттіктерін тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.
      Судьяны орнынан түсу нысанында қызметтен босату судьяның орнынан түсу туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      2. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейiн болса, он сегiз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде оның соңғы лауазымы бойынша бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.

      3. Судьяның орнынан түсуі:
      ол қылмыс жасаған немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасаған;
      өз тiлегi бойынша;
      Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
      ол қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген жағдайларда тоқтатылады.
      Судья кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқау кеңесiнiң құрамына кiрген, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрған жағдайларда оның орнынан түсуі тоқтатыла тұрады.
      Судьяның орнынан түсуін тоқтата тұруды Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
      Егер судьяның орнынан түсуін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға негіз болған мән-жайлар жойылса, судьяның орнынан түсуі қалпына келтіріледі.

      4. Судья орнынан түсуi тоқтатылған жағдайда жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен және осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепiлдiктерден айырылады.
      Судьяның орнынан түсуі тоқтатыла тұрған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігі мен осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепілдіктердің қолданылуы да тоқтатыла тұрады.
      Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, өзгерту енгізілді - 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      35-1-бап. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру

      1. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      2. Судья үшiн Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен қосымша мiндеттi зейнетақы жарналары белгiленедi.
      Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде аталған жарналар республикалық бюджетке алынады.
      Ескерту. 35-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      36-бап. Жоғары Сот Кеңесi

      1. Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Төрағадан, хатшыдан және басқа да мүшелерден тұрады.

      2. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және оның жұмысын ұйымдастыру заңмен айқындалады.
       Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      37-бап. Судьялар қоғамдастығы мен оның органдары

      1. Судьялар қоғамдастығының ортақ мүдделерiн iске асыру мен қорғау мақсатында судьялардың қоғамдық бiрлестiктер құруға құқығы бар.

      2. Судьялық бiрлестiктер қажет болған жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды және сот төрелiгiнiң iске асырылуына ықпал етуге құқылы емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемеуге тиiс.

      38-бап. Судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары

      Судьяның орнынан түсу құқығын және оны тоқтатуды растау үшiн, сондай-ақ судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгi мәселелерiн шешу не судьяның өкiлеттiгiн тоқтату үшiн, осы Конституциялық заңмен көзделген жағдайларда, Республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары құрылады.
      Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларын құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртiбi, сондай-ақ тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен анықталады.
      Ескерту. 38-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      38-1-бап. Сот жюриi

      Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау үшiн жетi судьядан тұратын Сот жюриi құрылады.
      Облыстық немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.
      Сот жюриiнде материалдарды қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ережеде айқындалады.
      Ескерту. 38-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

2-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘРТIПТIК ЖАУАПКЕРШIЛIГI

      39-бап. Судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң
               негiздерi

      1. Судья:

      1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн;

      2) судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн;

      3) еңбек тәртiбiн өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.

      2. Сот төрағалары және соттардың сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.

      3. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.
       Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      40-бап. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың
               түрлерi

      1. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:

      1) ескерту;

      2) сөгiс;

      3) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      4) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;

      5) осы Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судья қызметiнен босату.

      2. Әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн тәртiптiк терiс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кiнәсiнiң дәрежесi ескерiле отырып, тек бiр тәртiптiк жаза қолданылады.
       Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы

      Тәртiптiк iс қозғау құқығы:

      1) Республиканың кез келген судьясына қатысты - Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына;

      2) облыстық соттың судьясына, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларына тиесiлі болады.
      Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      42-бап. Тәртiптiк iс қозғау және қарау мерзiмдерi

      1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс қарау, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап - үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.
      Жоғарғы тұрған сот инстанциясының заңдылықтың бұзылу фактiсi анықталған сот актiсi заңды күшiне енгiзiлген күн судьяның сот iсiн қарау кезiнде заңдылықты бұзуына байланысты тәртiптiк терiс қылықтың анықталған күнi болып есептеледi, ал заңсыз сот актiсi шығарылған күн осындай терiс қылықтың жасалған күнi болып есептеледi.

      2. Тәртiптiк iс қозғалған күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс.

      43-бап. Тәртiптiк iстердi қарау жөнiндегi органдар

      1. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларына қатысты тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi, тәртiптiк iстердi, сондай-ақ облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне қатысты шағымдарды қарайды.

      2. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары облыстық соттардың судьяларына, сондай-ақ аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi, тәртiптiк iстердi қарайды.

      3. Тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi және тәртiптiк алқалардың қызметi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен регламенттеледi.
      Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      44-бап. Тәртiптiк iстер бойынша қабылданатын шешiмдер

      Тәртiптiк iс жөнiндегi тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа:

      1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;

      2) тәртiптiк iс жүргiзудi қысқарту туралы;
      3) (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11 N 199 Конституциялық заңымен)

      4) төменгi тұрған тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмiн өзгерту не оның күшiн жою және iстi жаңадан қарауға жiберу туралы не шешiмдi өзгерiссiз қалдыру туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
      Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      45-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi

      1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл бойы жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған деп есептеледi.

      2. Судья мiнсiз тәртiбiмен өз мiндеттерiн адал атқарған жағдайда, тәртiптiк жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алынуы мүмкiн.
      Тәртiптiк жазаны берген тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы оны мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.

      46-бап. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне
               шағымдану

      1. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмiне өзiне қатысты шешiм шығарылған судья Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына шағымдануы мүмкiн.

      2. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.
       Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

3-тарау. СУДЬЯЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

      47-бап. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету

      1. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету оның мәртебесiне сай болуға және сот төрелiгiн толық әрi тәуелсіз жүзеге асыру мүмкiндiгін қамтамасыз етуге тиiс және оны азайтуға болмайды.

      2. Судьялардың еңбегiне ақы төлеудi Конституцияның 44-бабының 9) тармақшасына сәйкес судьяның мәртебесiн, оны тағайындау және сайлау тәртiбiн, сондай-ақ ол жүзеге асыратын функцияларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      48-бап. Судьялардың бiлiктiлiк сыныптары

      Ескерту. Алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары

      Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.

      50-бап. Көшкен кездегi өтемақы

      Қызметi бойынша Қазақстанның бір өңірінен екінші өңіріне судья болып тағайындалған (сайланған) судьяларға, қайта тағайындалған (қайта сайланған) судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне көшуге байланысты шығыстары шыққан шығынының көлемiнде төленедi.
       Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      51-бап. Тұрғын үймен қамтамасыз ету

      1. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.
       Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      2. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Лауазымында он жылдан астам уақыт жұмыс iстеген судьялардың тұрақты тұруға арналған қызметтiк тұрғын үйi оның қалауы бойынша қалдық құны бойынша сатып алынуы мүмкiн.

      3. Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды.

      52-бап. Судьяларды мантиямен қамтамасыз ету

      Барлық соттардың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебiнен судьялық мантиямен қамтамасыз етiледi.

      53-бап. Судьяларға медициналық қызмет көрсету

      1. Судьялар және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетумен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етiледi.

      2. Судьяларға медициналық қызмет көрсетудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi .
       Ескерту. 53-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      54-бап. Судья мертiккен (жарақаттанған, жараланған,
               контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) немесе
               қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақы

      1. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiксе (жарақаттанса, жараланса, контузия алса, кәсiби ауруға шалдықса), оған осы бапта белгiленген мөлшерде бiржолғы өтемақы төленедi.

      2. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгу (жарақаттану, жаралану, контузия алу, кәсiби ауруға шалдығу) салдарынан судья өкiлеттiгiн тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      3. Судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгуiнiң (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының, кәсiби ауруға шалдығуының) нәтижесiнде мүгедек болғаны белгiленген жағдайда, оған:

      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық лауазымдық айлықақы;

      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық лауазымдық айлықақы;

      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      4. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiк белгiлеуге әкеп соқтырмаған ауыр мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) жағдайда оған бiр жарым айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, жеңiл мертiккен жағдайда - жарты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      5. Бiржолғы өтемақы төлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      6. Егер судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес жағдайларда мертiккенi (жарақаттанғаны, жараланғаны, контузия алғаны, кәсiби ауруға шалдыққаны) немесе қаза тапқаны (қайтыс болғаны) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
      Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      55-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстардың өтемақысы

      Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьялар мен судья қызметiнен зейнеткерлiкке шыққан зейнеткерлердi жерлеу үшiн судья қайтыс болған сәттегi тиiстi лауазымы бойынша судьяның үш айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.
      Біржолғы ақшалай өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
       Ескерту. 55-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк
                 қамсыздандыру жөнiндегi кепiлдiктерден айыру

      Судья өзiнiң қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот әдебi талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi бойынша оның өкiлеттiктерi тоқтатылған кезде, сондай-ақ кәсiби жарамсыздығына байланысты Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша:

      1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен;

      2) осы Конституциялық заңның 51, 53, 54 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.
      Ескерту. 55-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

4-бөлiм. СОТТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      56-бап. Соттардың қызметін ұйымдастырушылық және
                материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ сот статистикасын жүргізуді Қазақстан Республикасының Президенті құратын уәкілетті орган жүзеге асырады. .U101039

      2. Уәкілетті органның бірыңғай жүйесін тиісті мемлекеттік орган мен облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы соттардың кеңселері құрайды.

      3. Уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.

      4. Уәкілетті органның құрылымын және штат кестесін Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен бекітеді.

      5. Уәкілетті орган қызметкерлерінің құқықтық жағдайы мен олардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
      Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      57-бап. Соттарды қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын, жергілікті және басқа соттарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың бюджетi соттардың конституциялық өкiлеттiктерiн орындауын толық қамтамасыз етуге тиiс.
       Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

5-бөлiм. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

      58-бап. Күшi жойылды деп танылған заң актiлерi

      Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" 1990 жылғы 23 қарашадағы Қазақ ССР-ның Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 443-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1992 ж., N 8, 206-құжат; N 11-12, 293-құжат; 1993 ж., N 8, 161-құжат; 1995 ж., N 23, 140-құжат).
      2. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң 1990 жылғы 23 қарашадағы қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 444-құжат).
      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметiнiң ұйымдық мәселелерi туралы" 1994 жылғы 7 ақпандағы N 1545 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 6, 62-құжат).
      4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы соттары судьяларының материалдық және әлеуметтiк қамсыздандырылу деңгейiн арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 18 сәуiрдегi N 1670 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 18, 182-құжат).
      5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының төменгi соттарын құру тәртiбi туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2125 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1995 ж., N 10, 113-құжат).
      6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының соттары туралы" 1995 жылғы 20 қазандағы N 2581 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1995 ж., N 21, 128-құжат; N 22, 134-құжат).
      7. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2694 конституциялық заң күшi бар Жарлығы   (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 23, 147-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 78-құжат; N 11, 156-құжат; N 13-14, 194-құжат; 1999 ж., N 4, 100-құжат; N 23, 915-құжат; N 10, 231-құжат).

      59-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгiзу
               және судьялар қызметiнiң онымен байланысты
               ерекшелiктерi

      1. Осы Конституциялық заң тиiстi заңдардың қабылдануына қарай, бiрақ 2001 жылдың 1 шiлдесiнен кешiктiрiлмей қолданысқа енгiзiлетiн 11 баптың 2-тармағын, 13-бапты, 18-баптың 2-тармағын, 19-бапты, 30-бапты және 36-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке тағайындалған немесе сайланған Республика соттарының қызмет етiп жүрген төрағалары мен судьялары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.

      3. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке сайланған немесе тағайындалған сот төрағаларының бесжылдық өкiлеттiк мерзiмi қызметке сайланған немесе тағайындалған сәттен бастап есептеледi.

      4. Қазақстан Республикасы облыстық, оларға теңестірілген соттарының және Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңмен көзделген Қазақстан Республикасы соттарының алқалары құрылғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті