Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық заңы.

Қолданыстағы

  1-бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Сот билiгi

      1. Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ  заңда  көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi. 
      Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. 
      Соттың ерекше өкiлеттiгiн басқа органдарға берудi көздейтiн заң актiлерiн шығаруға тыйым салады. 
      Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ. 
      Сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды. 
      2. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi. 
      Әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi. 
      Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды. 
      Сот билiгi азаматтық, қылмыстық және заңда белгiленген өзге де сот iсiн жүргiзу нысандары арқылы жүзеге асырылады. 
      3. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi. 
      Сот төрелiгiн iске асыруда сот қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және  заң  бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. 
      Сот шешiмдерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптарын барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi. Сот шешiмдерi мен судьяның талаптарын орындамау  заңмен  белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады. 

       2-бап. Мемлекеттiк билiктiң нышандары

      1. Соттар ғимараттарына және сот отырысы залдарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы орнатылады және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының бейнесi қойылады. 
      2. Судьялар сот төрелiгiн судья  мантиясын  киiп жүзеге асырады, оның нысаны мен сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi. 

       3-бап. Сот жүйесi

      1. Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және Қазақстан Республикасының  Конституциясына  және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi соттар құрайды. 
      Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берiлмейдi. 
      2. Жергiлiктi соттарға мыналар жатады: 
      1) облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары, мамандандырылған сот - Қазақстан Республикасы Әскерлерiнiң Әскери соты және басқалар); 
      2) аудандық және оларға теңестiрiлген соттар (қалалық, ауданаралық, мамандандырылған сот - гарнизонның әскери соты және басқалар). 
      3. Қазақстан Республикасында мамандандырылған (әскери, экономикалық, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi және басқа) соттар құрылуы мүмкін. 
      4. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы мен өзiнiң атауы бейнеленген мөрi болады. 

       4-бап. Сот жүйесiнiң бiрлiгi

      Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң бiрлiгi: 
      1)  Конституцияда , осы Конституциялық заңда, iс жүргiзу және өзге де заңдарда белгiленген, барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен; ( Z970206 K990411 )
      2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;
      3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;
      4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;
      5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;
      6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.

       5-бап. Қазақстан Республикасындағы соттар қызметiнiң
               тәртiбiн және судьялардың мәртебесiн белгiлейтiн
               заңдар

      Қазақстан Республикасындағы сот құрылысы мен судьялар мәртебесi, сондай-ақ сот төрелiгiн iске асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының  Конституциясымен , осы Конституциялық заңмен және басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

  2-бөлiм. СОТ ЖҮЙЕСI

  1-тарау. АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР

       6-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды құру

      1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi - аудандық соттар) уәкiлеттi органның Жоғарғы Сот Төрағасымен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады. 
      Қазақстан Республикасының Президентi бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық сот құруы мүмкін. 
      2. Аудандық соттар үшiн судьялардың жалпы санын уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      3. Әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын осы сот төрағасының ұсынысы негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлейдi.

       7-бап. Аудандық соттың құрамы

      1. Аудандық сот Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалатын төрағадан және судьялардан тұрады.
      Егер аудандық сотта штат бойынша бiр судья (бiрқұрамды сот) көзделсе, ол осы соттың төрағасы өкiлеттiгiн атқарады.
      2. Аудандық сотта кеңсе құрылады, оның штат санын сот төрағасымен келiсе отырып, облыс соттарының әкiмшiсi белгiлейдi.

       8-бап. Аудандық соттың өкiлеттiгi

      1. Аудандық сот бiрiншi инстанциядағы сот болып табылады.
      2. Аудандық сот:
      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;
      2) сот статистикасын жүргiзедi;
      3) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

       9-бап. Аудандық соттың төрағасы

      1. Аудандық соттың төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
      1) сот судьяларының сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;
      2) соттың кеңсесiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      3) азаматтарды қабылдауды жүргiзедi;
      4) судья лауазымына кандидаттардың тағылымдамадан өтуiн ұйымдастырады;
      5) сот статистикасын жүргiзу мен талдауды ұйымдастырады;
      6) өкiмдер шығарады;
      7) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Аудандық соттың төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда осы сот төрағасының өкiмi бойынша төраға мiндеттерiн атқару осы сот судьяларының бiрiне жүктеледi.
      Бiрқұрамды сот төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетiн атқару аумақтық уәкiлеттi орган басшысының ұсынысы бойынша облыстық сот төрағасының өкiмiмен басқа соттың судьяларының бiрiне жүктеледi.

  2-тарау. ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР

       10-бап. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды
                құру

      1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi - облыстық соттар) уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасымен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады. 
      2. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Әр облыстық сот үшiн судьялардың санын осы сот төрағасының ұсынысы негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлейдi.

       11-бап. Облыстық соттың құрылымы мен құрамы

      1. Облыстық сот төрағадан, алқалар төрағаларынан және судьялардан тұрады.
      2. Облыстық соттың органдары мыналар:
      1) қадағалау алқасы;
      2) азаматтық iстер жөнiндегi алқа;
      3) қылмыстық iстер жөнiндегi алқа;
      4) соттардың жалпы отырысы.

       12-бап. Облыстық соттың өкiлеттiгi

      Облыстық сот:
      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;
      2) сот статистикасын жүргiзедi;
      3) сот тәжiрибесiн зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;
      4) облыс соттарының әкiмшiсi қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

       13-бап. Облыстық сот алқалары

      1. Облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқасын - алқалар төрағалары, ал қадағалау алқасын сот төрағасы басқарады. 
      2. Әрбiр алқадағы судьялар саны сот төрағасының ұсынысы бойынша жалпы отырыста белгiленедi. 
      3. Қадағалау алқасы осы соттың жалпы отырысында жасырын дауыс беру арқылы судьялардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен жыл сайын сайланатын судьяларынан тұрады. 
      Азаматтық iстер жөнiндегi алқа мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқа жалпы отырыста талқылағаннан кейiн дербес құрамын сот төрағасы белгiлейтiн судьялардан тұрады. 
      4. Сот төрағасы азаматтық iстер жөнiндегi алқа мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқада мамандандырылған құрам түзуi мүмкiн. 

       14-бап. Облыстық сот төрағасы

      1. Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судьяның мiндеттерiн атқарумен қатар: 
      1) судьялардың сот iстерiн қарауын ұйымдастырады; 
      2) қадағалау алқасын басқарады, алқаларда сот iстерiн қараған кезде төрағалық етуге құқылы; 
      3) қажет болған жағдайларда бiр алқаның (қадағалау алқасынан басқа) судьяларын басқа алқаның құрамында iс қарау үшiн тартады;
      4) облыстық соттың жалпы отырысын шақырады және оған төрағалық етедi;
      5) алқа төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның мiндетiн атқаруды алқа судьяларының бiрiне жүктейдi;
      6) облыстық соттың алқа төрағалары мен судьяларына, аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртiптiк iс қозғайды;
      7) соттың жалпы отырысының ұсынысы негiзiнде Әдiлет бiлiктiлiк алқасына судья қызметiне кандидаттың тағылымдамадан өту нәтижелерi туралы қорытынды жiбередi;
      8) сот статистикасын жүргiзудi, сот тәжiрибесiн зерделеудi ұйымдастырады;
      9) өкiмдер шығарады;
      10) соттың кеңсесiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      11) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;
      12) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Облыстық сот төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетi өзiнiң өкiмi бойынша сот алқалары төрағаларының бiрiне жүктеледi.
      3. Облыстық сот төрағасы орнынан түскен не өкiлеттiктерiн мерзiмнен бұрын өзгедей тоқтатқан жағдайда, оның мiндеттерi уәкiлеттi органның шешiмi бойынша сот алқалары төрағаларының бiрiне жүктеледi.

       15-бап. Облыстық сот алқасының төрағасы

      1. Облыстық сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
      1) алқа судьяларының сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;
      2) алқа отырыстарында төрағалық етедi;
      3) сот төрағасына алқа құрамында мамандандырылған құрам жасақтау жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      4) сот тәжiрибесiн зерделеу әрi жинақтау және сот статистикасын талдау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      5) соттың жалпы отырысына алқа қызметi туралы хабарлама ұсынады;
      6) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Алқа төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда сот төрағасы оның мiндетiн атқаруды алқалар судьяларының бiрiне жүктейдi.

       16-бап. Облыстық соттың жалпы отырысы

      1. Облыстық сот қажетiне қарай, бiрақ жылына кемiнде екi рет жалпы отырыстар өткiзедi, оларда:
      1) алқа құрамының санын белгiлейдi және қадағалау алқасының құрамына судьялар сайлайды;
      2) сот жұмысының жоспарын талқылайды;
      3) алқалар төрағаларының хабарламаларын тыңдайды;
      4) сот практикасын талқылайды және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды; 
      5) уәкiлеттi органға белгiлi бiр адамды облыс соттарының әкiмшiсi қызметiне тағайындауға келiсiмiн бередi; 
      6) облыс соттары әкiмшiсiнiң өз қызметi туралы есебiн тыңдайды; 
      7) аудандық сот төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураларды қарайды және оның нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындылар жасайды;
      8) уәкiлеттi органға облыс соттары әкiмшiсiн қызметтен босату туралы ұсыныс енгiзедi;
      9) судья қызметiне кандидаттардың тағылымдамадан өту қорытындыларын қарайды және Әдiлет бiлiктiлiк алқасына тиiстi қорытынды бередi;
      10) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
      2. Жалпы отырыс облыстық сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болады.
      3. Облыстық соттың жалпы отырысының жұмыс тәртiбi ол бекiткен регламентпен анықталады.

  3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ СОТЫ

       17-бап. Жоғарғы Соттың өкiлеттiгi

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жалпы юрисдикция соттарының қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiндiрмелер бередi. 
      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты: 
      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдарын қарайды; 
      2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;
      3) сот практикасында заңдарды қолдану мәселелерi бойынша түсiндiрмелер беретiн нормативтiк қаулылар қабылдайды;
      4) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

       18-бап. Жоғарғы Соттың құрылымы мен құрамы

      1. Жоғарғы Сот Төрағадан, алқа төрағаларынан және судьялардан тұрады.
      Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
      2. Жоғарғы Соттың органдары мыналар:
      1) қадағалау алқасы;
      2) азаматтық iстер жөнiндегi алқа;
      3) қылмыстық iстер жөнiндегi алқа;
      4) соттың жалпы отырысы.
      3. Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультациялық кеңес және баспа органы құрылады.

       19-бап. Жоғарғы Сот алқалары

      1. Жоғарғы Соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқасын - алқа төрағалары, ал қадағалау алқасын Жоғарғы Соттың Төрағасы басқарады. 
      2. Әр алқадағы судьялар саны Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысымен соттың жалпы отырысында белгiленедi. 
      3. Қадағалау алқасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысында жасырын дауыс беру арқылы судьялардың жалпы санының көпшiлiк даусымен жыл сайын сайланатын судьяларынан тұрады.
      Азаматтық iстер жөнiндегi алқа және қылмыстық iстер жөнiндегi алқа соттың жалпы отырысында талқылағаннан кейiн дербес құрамын Жоғарғы Сот Төрағасы белгiлейтiн судьялардан тұрады.
      4. Жоғарғы Соттың Төрағасы азаматтық iстер жөнiндегi алқада және қылмыстық iстер жөнiндегi алқада мамандандырылған құрам түзуi мүмкiн.

       20-бап. Жоғарғы Сот Төрағасы

      1. Жоғарғы Соттың Төрағасы судья болып табылады және судья мiндетiн атқарумен қатар:
      1) судьялардың сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;
      2) қадағалау алқасын басқарады, алқада сот iсiн қараған кезде төрағалық етуге құқылы;
      3) Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етедi;
      4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына сот практикасында заңдарды қолдану мәселелерi бойынша Жоғарғы Соттың нормативтiк қаулыларын қабылдау үшiн материалдар енгiзедi; 
      5) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының бекiтуiне Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Хатшысының және ғылыми-консультациялық кеңес мүшелерiнiң кандидатураларын енгiзедi; 
      6) қажет болған жағдайларда бiр алқаның (қадағалау алқасынан басқа) судьяларын басқа алқаның құрамында iс қарау үшiн тартады; 
      7) Жоғарғы Соттың жұмыс жоспарын бекiтедi; 
      8) алқалардың жұмысын үйлестiредi; 
      9) Жоғарғы Соттың Аппаратына жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның құрылымы мен штатын бекiтедi; 
      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi; 
      11) өкiмдер шығарады. 
      2. Жоғарғы Соттың Төрағасы Республиканың өзге де мемлекеттiк билiк тармақтары органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасы кезiнде Республика сот жүйесiнiң мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ: 
      1) Қазақстан Республикасының Президентiне уәкiлеттi орган басшысының кандидатурасын ұсынады; 
      2) соттардың тиiстi жалпы отырыстарының қарауына аудандық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасы және облыстық сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметiнiң бос орнына балама негiзде кандидатуралар енгiзедi; 
      3) соттардың жалпы отырыстарының қорытындылары негiзiнде соттардың жалпы отырыстарында қаралған барлық кандидаттардың материалдарын қоса тiркей отырып, тиiсiнше Жоғары Сот Кеңесiне немесе Әдiлет бiлiктiлiк алқасына аудандық сот төрағасы, облыстық сот төрағасы және облыстық сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметтерiнiң бос орындарына балама негiзде кандидатуралар ұсынады; 
      4) Қазақстан Республикасының Президентiне заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныс енгiзедi; 
      5) осы Конституциялық заңмен көзделген негiздер туындаған жағдайда, тиiсiнше Жоғары Сот Кеңесiне және Әдiлет бiлiктiлiк алқасына Республика соттары төрағаларының, алқа төрағалары мен судьяларының өкiлеттiгiн тоқтату мәселесi бойынша ұсыныс енгiзедi; 
      6) Қазақстан Республикасының Президентiне судьяларды мемлекеттiк наградалармен марапаттау және оларға құрметтi атақтар беру туралы ұсыныс енгiзедi; 
      7) Республика судьяларына "Құрметтi судья" атағын бередi, осы атақты беру тәртiбi туралы ереженi бекiтедi; 
      8) Республиканың судьяларына қатысты тәртiптiк iс қозғайды; 
      9) заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 
      3. Жоғарғы Соттың Төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның мiндетi Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқалардың бiрiнiң төрағасына жүктеледi. 
      4. Жоғарғы Сот Төрағасы орнынан түскен жағдайда не өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған өзге де жағдайда Төрағаның мiндетiн уақытша атқаруды Қазақстан Республикасының Президентi Жоғарғы Сот алқалары төрағаларының бiрiне жүктейдi. 

       21-бап. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы

      1. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
      1) алқаның сот отырыстарында төрағалық етедi;
      2) сот статистикасын жүргiзу, заңдарды қолданудағы сот практикасын зерделеу мен жинақтау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
      3) Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшiн судьялардың тиiстi құжаттарды дайындауын қамтамасыз етедi;
      4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына алқа қызметi туралы ақпарат бередi;
      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Алқа төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.

       22-бап. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы

      1. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:
      1) алқа құрамының санын белгiлейдi және қадағалау алқасының құрамына судьялар сайлайды;
      2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды; 
      3) сот практикасында заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша түсiндiрмелер беретiн нормативтiк қаулылар қабылдайды; 
      4) Жоғарғы Сот алқалары төрағаларының және уәкiлеттi орган басшысының хабарламасын тыңдайды; 
      5) Қазақстан Республикасы  Конституциясының  47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды бередi; 
      6) облыстық сот төрағасы мен облыстық сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураларды талқылайды және тиiсiнше қорытындылар бередi;
      7) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыс Хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестiң құрамын бекiтедi;
      8) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Жалпы отырыс оған Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болып табылады.
      3. Жоғарғы Сот жалпы отырысының жұмыс тәртiбi өзi бекiтетiн регламентпен белгiленедi.

  3-бөлiм. СУДЬЯЛАР МӘРТЕБЕСI

  1-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

       23-бап. Судья мәртебесi

      1. Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi. 
      Қазақстан Республикасының  Конституциясында  және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен судьяға сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiледi, ол өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайды және сот билiгiн жүргiзушi болып табылады. 
      Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi. 
      2. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды. 

       24-бап. Судьялардың ауыстырылмайтындығы

      1. Судьялар қызметке Қазақстан Республикасының  Конституциясына  және осы Конституциялық заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негiзде өкiлеттiктерге ие болады. 
      2. Судьяның өкiлеттiгi тек қана осы Конституциялық заңда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкiн. 

       25-бап. Судьяның тәуелсiздiгi

      1. Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. 
      Судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. 
      2. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға және судья мен алқа заседателiне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер  заңмен  қудаланады.
      3. Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс.
      4. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.

       26-бап. Судья тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi

      1. Судьяның тәуелсiздiгi:
      1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;
      2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен; 
      3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен; 
      4)  Конституцияда  және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның орнынан түсу құқығымен; 
      5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi. 
      2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады, оның тиiстi органдары судьялар мен олардың отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, оларға тиесiлi мүлiктi сақтауға, егер судьядан немесе оның отбасы мүшелерiнен тиiстi өтiнiш түскен жағдайда, дер кезiнде және барлық шараларды қолдануға мiндеттi. 
      Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi. 

       27-бап. Судьяларға ешкiмнiң тиiспеуi

      1. Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз, ал  Конституцияның  55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсiмiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
      2. Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады.
      3. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.

       28-бап. Судьяға қойылатын талаптар

      1. Судья:
      1) Қазақстан Республикасының  Конституциясын  және заңдарын бұлжытпай сақтауға;
      2) сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның әдiлдiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға; 
      3) сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласудың кез келген әрекеттерiне қарсы тұруға;
      4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.
      2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
      Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.

       29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Аудандық соттың судьясы болып:
      жиырма бес жасқа толған;
      жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
      бiлiктiлiк емтиханын тапсырған;
      сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. 
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар, соның iшiнде, әдетте, кемiнде екi жыл судья болған азамат жоғары тұрған соттың судьясы бола алады. 
      3. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн  Ережемен  белгiленедi. 

       30-бап. Судья лауазымына кандидаттарды iрiктеу

      1. Судья қызметiне кандидаттарға тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, саяси көзқарасына, дiни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан тең құқық қамтамасыз етiледi. 
      2. Аудандық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидат iрiктеудi осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар, сондай-ақ судья қызметiнiң бос орнына орналасуға өтiнiш берген, қызмет iстеп жүрген судьялардың арасынан конкурстық негiзде Әдiлет бiлiктiлiк алқасы жүзеге асырады. 
      Аудандық сот төрағасы лауазымының бос орнына кандидатураларды Жоғарғы Сот Төрағасы тиiстi облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Әдiлет бiлiктiлiк алқасы қарайды. 
      Әдiлет бiлiктiлiк алқасы аудандық сот төрағасы немесе судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатты Әдiлет министрiне ұсынады, ол заңда белгiленген тәртiппен оны қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады. 
      3. Облыстық сот судьясы қызметiне кандидат iрiктеудi бос қызмет орнында жұмыс iстеуге өтiнiш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының 2-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар арасынан конкурстық негiзде Жоғары Сот Кеңесi жүзеге асырады. 
      Жоғары Сот Кеңесi конкурстың қорытындысы бойынша облыстық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатты қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады. 
      4. Облыстық сот төрағасы және оның алқасының төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Жоғарғы Сот Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Жоғары Сот Кеңесi қарайды. 
      Жоғары Сот Кеңесi облыстық сот төрағасы және оның алқасының төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатты қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады. 
      5. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Жоғарғы Соттың Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Жоғары Сот Кеңесi қарайды. 
      Жоғарғы Сот Төрағасы қызметiне кандидатураны Жоғары Сот Кеңесi қарайды. 
      Жоғары Сот Кеңесi Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқа төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсынуы үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады. 

       31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды. 
      2. Облыстық соттың судьясын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды. 
      3. Аудандық соттың судьясын Әдiлет министрiнiң Әдiлет бiлiктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды. 
      4. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен осы соттың алқаларының төрағаларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуы бойынша тиiстi қызметтерге бес жыл мерзiмге Сенат сайлайды. 
      5. Облыстық соттардың төрағалары мен алқаларының төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды. 
      6. Аудандық соттардың төрағаларын Әдiлет бiлiктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген Әдiлет министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды. 
      7. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен алқаларының төрағалары, облыстық соттың төрағасы мен алқаларының төрағалары, аудандық соттың төрағасы өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, егер олар бұрынғы қызметтерiне немесе басқа соттағы осындай қызметке тиiсiнше қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады. 

       32-бап. Судьяның ант беруi

      1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi: 
      "Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретiндегi борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн". 
      2. Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.
      3. Облыстық соттардың төрағалары Жоғарғы Соттың жалпы отырысында ант бередi.
      4. Облыстық соттар алқаларының төрағалары мен судьялары, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары тиiстi облыстық соттардың жалпы отырысында ант бередi.

       33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру

      1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:
      1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;
      2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;
      3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм берiлсе;
      4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.
      2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
      Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
      Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
      3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.

       34-бап. Судьяны қызметтен босату және оның өкiлеттiгiн
                тоқтату

      1. Судьяның өкiлеттiгi мынадай негiздерде:
      1) орнынан түскенде немесе өз тiлегi бойынша судья қызметiнен босағанда;
      2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы бойынша; 
      3) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде; 
      4) осы судьяға қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енгенде; 
      5) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғанда; 
      6) судья қайтыс болған немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген жағдайда; 
      7) судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және ол басқа жұмысқа ауысқан жағдайда; 
      8) соттың таратылуына немесе өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты, егер судья басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келiсiмiн бермесе, тоқтатылады. 
      2. Судьяның өкiлеттiгi судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының судьяны тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген талаптарды орындамағаны үшiн қызметiнен босату қажеттiгi туралы шешiмiне байланысты тоқтатылуы мүмкiн. 
      3. Сот төрағасының не алқа төрағасының өкiлеттiктерi олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. 
      4. Судьяны қызметтен босату туралы шешiм: 
      1) Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқа төрағалары мен судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен; 
      2) облыстық соттың төрағасы, алқа төрағалары мен судьялары, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен қабылданады. 
      5. Судьяны қызметiнен босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе алқа төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеп соғады. 
      Тиiстi соттың төрағасын немесе алқа төрағасын өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты қызметтен босату оларды осы соттың судьясы қызметiнен босатуға әкеп соқпайды. 
      6. Осы баптың 1-тармағының 3) - 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда, судьялық қызметтен босатуға және судьяның өкiлеттiгiн тоқтатуға Жоғары Сот Кеңесiнiң немесе Әдiлет бiлiктiлiк алқасының ұсыныстары талап етiлмейдi. 

       35-бап. Судьяның орнынан түсуi

      1. Судьяны орнынан түсуi нысанында қызметiнен босату осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 8) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жүзеге асырылады. 
      2. Бұл ретте орнынан түскен судьяның: 
      1) судьялар қоғамдастығында болуы және жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiктерi сақталады; 
      2) судья ретiндегi жұмыс стажы он бес жылдан кем болмаған жағдайда осы Конституциялық заңның 51, 55-баптарында көзделген жеңiлдiктер сақталады; 
      3) екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi. 
      Зейнеткер жасына жеткенде және тиiстi стажы мен еңбек сiңiрген жылдары болған жағдайда судьяға Қазақстан Республикасының  заңдарында  көзделген шарттармен зейнетақы тағайындалады. 
      3. Судьяның орнынан түсуi: 
      судья қызметiне тағайындалғанда немесе оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрғанда; 
      ол қылмыс жасағанда немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасағанда; 
      өз тiлегi бойынша; 
      Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғанда; 
      ол қайтыс болғанда тоқтатылады. 

       36-бап. Жоғары Сот Кеңесi және Әдiлет бiлiктiлiк алқасы

      1. Жоғары Сот Кеңесiне Республика Президентi қызметке тағайындайтын Төраға басшылық жасайды және Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан, Жоғарғы Соттың Төрағасынан, Бас Прокурордан, Әдiлет министрiнен, Парламент Сенатының депутаттарынан, судьялардан және Республика Президентi тағайындайтын басқа да адамдардан тұрады. 
      2. Әдiлет бiлiктiлiк алқасы Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарынан, судьялардан, прокурорлардан, құқық пәнiнiң оқытушыларынан және заңгер ғалымдардан, әдiлет органдарының қызметкерлерiнен құрылатын дербес, тәуелсiз мекеме болып табылады. Әдiлет бiлiктiлiк алқасының төрағасын Республика Президентi тағайындайды. 
      Жоғары Сот Кеңесi мен Әдiлет бiлiктiлiк алқасының мәртебесi, құрылу тәртiбi мен жұмысын ұйымдастыру заңмен анықталады. ( Z010203 Z010234 )

       37-бап. Судьялар қоғамдастығы мен оның органдары

      1. Судьялар қоғамдастығының ортақ мүдделерiн iске асыру мен қорғау мақсатында судьялардың қоғамдық бiрлестiктер құруға құқығы бар. 
      2. Судьялық бiрлестiктер қажет болған жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды және сот төрелiгiнiң iске асырылуына ықпал етуге құқылы емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемеуге тиiс. 

       38-бап. Судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары

      Судьяларға бiлiктiлiк сыныптарын беру үшiн, сондай-ақ судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгi мәселелерiн шешу не судьяның өкiлеттiгiн тоқтату үшiн, осы Конституциялық заңмен көзделген жағдайларда, Республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары құрылады.
      Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларын құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртiбi, сондай-ақ тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн  Ережемен  анықталады.

  2-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘРТIПТIК ЖАУАПКЕРШIЛIГI

       39-бап. Судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң
                негiздерi

      1. Судья:
      1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн;
      2) судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн;
      3) еңбек тәртiбiн өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.
      2. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
      3. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.

       40-бап. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың
                түрлерi

      1. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:
      1) ескерту;
      2) сөгiс;
      3) бiлiктiлiк сыныбын төмендету;
      4) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;
      5) осы Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судья қызметiнен босату.
      2. Әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн тәртiптiк терiс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кiнәсiнiң дәрежесi ескерiле отырып, тек бiр тәртiптiк жаза қолданылады.

       41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы

      Тәртiптiк iс қозғау құқығы:
      1) Республиканың кез келген судьясына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасына;
      2) облыстық соттың алқа төрағасы мен судьяларына, аудандық соттың төрағасы мен судьяларына қатысты - облыстық сот төрағасына тиесiлi болады. 

       42-бап. Тәртiптiк iс қозғау және қарау мерзiмдерi

      1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс қарау, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап - үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн. 
      Жоғарғы тұрған сот инстанциясының заңдылықтың бұзылу фактiсi анықталған сот актiсi заңды күшiне енгiзiлген күн судьяның сот iсiн қарау кезiнде заңдылықты бұзуына байланысты тәртiптiк терiс қылықтың анықталған күнi болып есептеледi, ал заңсыз сот актiсi шығарылған күн осындай терiс қылықтың жасалған күнi болып есептеледi. 
      2. Тәртiптiк iс қозғалған күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс. 

       43-бап. Тәртiптiк iстердi қарау жөнiндегi органдар

      1. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен алқа төрағаларына қатысты тәртiптiк iстердi, сондай-ақ облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне қатысты шағымдарды қарайды. 
      2. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары облыстық соттардың судьяларына, сондай-ақ аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртiптiк iстердi қарайды. 
      3. Тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi және тәртiптiк алқалардың қызметi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен регламенттеледi. 

       44-бап. Тәртiптiк iстер бойынша қабылданатын шешiмдер

      Тәртiптiк iс жөнiндегi тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа: 
      1) ескерту және сөгiс түрiнде тәртiптiк жаза қолдану туралы; 
      2) тәртiптiк iс жүргiзудi қысқарту туралы; 
      3) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн судьяның бiлiктiлiк сыныбын төмендету сот төрағасын немесе алқа төрағасын қызметiнен босату және судьяның өкiлеттiгiн тоқтату жөнiнде тиiстi органдарға немесе лауазымды тұлғаға ұсыныс жiберу туралы; 
      4) төменгi тұрған тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмiн өзгерту не оның күшiн жою және iстi жаңадан қарауға жiберу туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады. 

       45-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi

      1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл бойы жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған деп есептеледi. 
      2. Судья мiнсiз тәртiбiмен өз мiндеттерiн адал атқарған жағдайда, тәртiптiк жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алынуы мүмкiн.
      Тәртiптiк жазаны берген тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы оны мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.

       46-бап. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне
                шағымдану

      1. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмiне өзiне қатысты шешiм шығарылған судья, сондай-ақ тәртiптiк iс қозғаған тұлға Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына шағымдануы мүмкiн.
      2. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.

  3-тарау. СУДЬЯЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

       47-бап. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету

      1. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету оның мәртебесiне сай болуға және сот төрелiгiн толық әрi тәуелсіз жүзеге асыру мүмкiндiгін қамтамасыз етуге тиiс және оны азайтуға болмайды.
      2. Судьялардың еңбегiне ақы төлеудi Конституцияның  44-бабының  9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

       48-бап. Судьялардың бiлiктiлiк сыныптары

      1. Судьяларға атқарып жүрген қызметiне, кәсiби даярлығының деңгейiне, еңбек сiңiрген жылдарына және өзге де мән-жайларға байланысты бiлiктiлiк сыныптары берiледi.
      2. Судьяларға бiлiктiлiк сыныптарын беру мен олардан айыру тәртiбi осы Конституциялық заңмен және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн  Ережемен  белгiленедi.

       49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары

      Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.

       50-бап. Ауысқан кездегi өтемақы

      Қызметi бойынша Қазақстанның бiр аймағынан екiншi аймағына ауысқан судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне көшуге байланысты шығыстары шыққан шығынының көлемiнде төленедi. 

       51-бап. Тұрғын үй жеңiлдiктерi

      1. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi. 
      2. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Лауазымында он жылдан астам уақыт жұмыс iстеген судьялардың тұрақты тұруға арналған қызметтiк тұрғын үйi оның қалауы бойынша қалдық құны бойынша сатып алынуы мүмкiн.
      3. Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды.

       52-бап. Судьяларды мантиямен қамтамасыз ету

      Барлық соттардың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебiнен судьялық мантиямен қамтамасыз етiледi.

       53-бап. Судьяларға медициналық қызмет көрсету

      1. Судьялар және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетумен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етiледi.
      2. Судьяларға медициналық қызмет көрсетудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық  актiлерiмен  белгiленедi.

       54-бап. Судьяларды сақтандыру

      Судьялар  заңдарға  сәйкес республикалық бюджет қаражатының есебінен мiндеттi сақтандырылуға тиiс.

       55-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстардың өтемақысы

      Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьялар мен судья қызметiнен зейнеткерлiкке шыққан зейнеткерлердi жерлеу үшiн судья қайтыс болған сәттегi тиiстi лауазымы бойынша судьяның үш айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.

  4-бөлiм. СОТТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

       56-бап. Соттардың қызметiн ұйымдық және
             материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi Жоғарғы Соттың Аппараты жүзеге асырады. 
      Жергiлiктi соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Президентi құратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады. 
      2. Уәкiлеттi органдардың бiрыңғай жүйесiн тиiстi орталық мемлекеттiк орган және облыстардағы, астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы соттардың әкiмшiлерi құрайды. 
      3. Уәкiлеттi органның қызметi соттың тәуелсiздiгi мен судьялардың қызметiне араласпау принциптерiн сақтау жағдайында жүзеге асырылады. 
      4. Уәкiлеттi органның құзыретi мен қызметiнiң ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн  Ережемен  айқындалады. 
      5. Соттарда сот кеңсесi құрылады, ол судьялардың сот төрелiгiн жүзеге асыру, сот тәжiрибесiн жинақтау және сот статистикасын жүргiзу, сондай-ақ соттың басқа да функцияларын орындау жөнiндегi жұмысын қамтамасыз етедi. 
      6. Сот кеңсесi қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы мен еңбегiне ақы төлеу мемлекеттiк қызмет туралы  заңдармен  реттеледi. 
      7. Жоғарғы Сот Аппаратының құрылымы мен штат санын - оның Төрағасы, ал жергiлiктi соттар кеңселерiнiң құрылымы мен штат санын тиiстi сот төрағасының ұсынуы бойынша уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн штат санының лимитi шегiнде бекiтедi. 

       57-бап. Соттарды қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын және жергiлiктi соттарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Жоғарғы Соттың және жергiлiктi соттардың бюджетi соттардың конституциялық өкiлеттiктерiн орындауын толық қамтамасыз етуге тиiс.

  5-бөлiм. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

       58-бап. Күшi жойылды деп танылған заң актiлерi

      Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" 1990 жылғы 23 қарашадағы Қазақ ССР-ның Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 443-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1992 ж., N 8, 206-құжат; N 11-12, 293-құжат; 1993 ж., N 8, 161-құжат; 1995 ж., N 23, 140-құжат). 
      2. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң 1990 жылғы 23 қарашадағы қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 444-құжат). 
      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметiнiң ұйымдық мәселелерi туралы" 1994 жылғы 7 ақпандағы N 1545 заң күшi бар  Жарлығы  (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 6, 62-құжат). 
      4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы соттары судьяларының материалдық және әлеуметтiк қамсыздандырылу деңгейiн арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 18 сәуiрдегi N 1670 заң күшi бар  Жарлығы  (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 18, 182-құжат). 
      5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының төменгi соттарын құру тәртiбi туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2125 заң күшi бар  Жарлығы  (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1995 ж., N 10, 113-құжат). 
      6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының соттары туралы" 1995 жылғы 20 қазандағы N 2581 заң күшi бар  Жарлығы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1995 ж., N 21, 128-құжат; N 22, 134-құжат). 
      7. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2694 конституциялық заң күшi бар  Жарлығы   (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 23, 147-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 78-құжат; N 11, 156-құжат; N 13-14, 194-құжат; 1999 ж., N 4, 100-құжат; N 23, 915-құжат; N 10, 231-құжат). 

       59-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгiзу
                және судьялар қызметiнiң онымен байланысты
                ерекшелiктерi

      1. Осы Конституциялық заң тиiстi заңдардың қабылдануына қарай, бiрақ 2001 жылдың 1 шiлдесiнен кешiктiрiлмей қолданысқа енгiзiлетiн 11 баптың 2-тармағын, 13-бапты, 18-баптың 2-тармағын, 19-бапты, 30-бапты және 36-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi. 
      2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке тағайындалған немесе сайланған Республика соттарының қызмет етiп жүрген төрағалары мен судьялары өз өкiлеттiктерiн сақтайды. 
      3. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке сайланған немесе тағайындалған сот төрағаларының бесжылдық өкiлеттiк мерзiмi қызметке сайланған немесе тағайындалған сәттен бастап есептеледi.
      4. Қазақстан Республикасы облыстық, оларға теңестірілген соттарының және Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңмен көзделген Қазақстан Республикасы соттарының алқалары құрылғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті