Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

1-бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Сот билiгi

      1. Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi.
      Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.
      Соттың ерекше өкiлеттiгiн басқа органдарға берудi көздейтiн заң актiлерiн шығаруға тыйым салады.
      Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
      Сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.

      2. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi.
      Әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi.
      Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.
      Сот билiгi азаматтық, қылмыстық және заңда белгiленген өзге де сот iсiн жүргiзу нысандары арқылы жүзеге асырылады.

      3. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi.
      Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты iстер бойынша есеп бермейдi. Сот iсiн жүргiзудiң белгiленген тәртiбiне қарамастан берiлген сот iстерi бойынша, сондай-ақ соттың құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша өтiнiштердi сот қараусыз қалдырады немесе тиiстi органдарға жiбередi.
      Сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Сот актiлерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптарын барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi. Сот актiлерi мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      2-бап. Мемлекеттiк билiктiң нышандары

      1. Соттар ғимараттарына және сот отырысы залдарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы орнатылады және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

      2. Судьялар сот төрелiгiн судья мантиясын киiп жүзеге асырады, оның нысаны мен сипаттамасын Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бекiтедi .
       Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      3-бап. Сот жүйесi

      1. Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi және басқа соттар құрайды.
      Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берiлмейдi.

      2. Жергiлiктi соттарға мыналар жатады:
      1) облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары);

      2) аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот).

      3. Қазақстан Республикасында басқа соттар, оның ішінде мамандандырылған (әскери, қаржылық экономикалық әкiмшiлiк кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi және басқа) соттар құрылуы мүмкін.

      3-1. Мамандандырылған соттарды облыстық немесе аудандық сот мәртебесімен Қазақстан Республикасының Президенті құрады.

      4. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа соттардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы мен өзiнiң атауы бейнеленген мөрi болады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

      4-бап. Сот жүйесiнiң бiрлiгi

      Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң бiрлiгi:

      1) Конституцияда , осы Конституциялық заңда, iс жүргiзу және өзге де заңдарда белгiленген, барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен;

      2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;

      3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;

      4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;

      5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;

      6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.

      5-бап. Қазақстан Республикасындағы соттар қызметiнiң
              тәртiбiн және судьялардың мәртебесiн белгiлейтiн
              заңдар

      Қазақстан Республикасындағы сот құрылысы мен судьялар мәртебесi, сондай-ақ сот төрелiгiн iске асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясымен , осы Конституциялық заңмен және басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

2-бөлiм. СОТ ЖҮЙЕСI

1-тарау. АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР

      6-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды құру

      1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi – аудандық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады, қайта атайды және таратады.
      Қазақстан Республикасының Президенті бірнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық сот құруы мүмкін.
      2. Аудандық соттар үшiн судьялардың жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      3. Әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынуы негiзiнде Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы белгiлейдi.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      7-бап. Аудандық соттың құрамы

      1. Аудандық сот Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалатын төрағадан және судьялардан тұрады.
      Егер аудандық сотта штат бойынша бiр судья (бiрқұрамды сот) көзделсе, ол осы соттың төрағасы өкiлеттiгiн атқарады.
      2. Алып тасталды - ҚР 2006.12.11 N 199 Конституциялық заңымен.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      8-бап. Аудандық соттың өкiлеттiгi

      1. Аудандық сот бiрiншi инстанциядағы сот болып табылады.

      2. Аудандық сот:

      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;

      2) сот статистикасын жүргiзедi;

      3) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      9-бап. Аудандық соттың төрағасы

      1. Аудандық соттың төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

      1) сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;

      2) аудандық соттың кеңсесiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      3) азаматтарды қабылдауды жүргiзедi;

      3-1) аудандық соттың жұмыс жоспарын бекітеді;

      4) судья лауазымына кандидаттардың тағылымдамадан өтуiн ұйымдастырады;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;

      6) өкiмдер шығарады;

      7) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Аудандық соттың төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда осы сот төрағасының өкiмi бойынша төраға мiндеттерiн атқару осы сот судьяларының бiрiне жүктеледi.
      Аудандық сотта төраға, сондай-ақ судьялар болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқару облыстық сот төрағасының өкімімен басқа соттың судьяларына жүктеледі.
      Аудандық сот төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда төрағаның міндетін уақытша атқару облыстық сот төрағасының өкімімен осы сот судьяларының біріне жүктеледі.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

2-тарау. ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР

      10-бап. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды
               құру

      1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi – облыстық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады, қайта атайды және таратады.
      2. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Әрбір облыстық сот үшiн судьялардың санын уәкiлеттi органның ұсынуы негізінде Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша Жоғарғы Соттың Төрағасы белгiлейдi.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      11-бап. Облыстық соттың құрылымы мен құрамы

      1. Облыстық сот төрағадан және судьялардан тұрады.

      2. Облыстық сотта сот алқалары құрылады және мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Облыстық соттың органдары:

      1) жалпы отырыс;

      2) апелляциялық сот алқасы;

      3) кассациялық сот алқасы болып табылады.

      Сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын төраға басқарады.

      4. Сот алқасының сандық және дербес құрамын облыстық сот төрағасының ұсынуы бойынша облыстық соттың жалпы отырысы белгілейді.

      5. Мамандандырылған құрамдарды облыстық соттың төрағасы жасақтайды.
       Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      12-бап. Облыстық соттың өкiлеттiгi

      Облыстық сот:

      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;
      2) Алып тасталды - ҚР 2006.12.11 N 199 Конституциялық заңымен.

      3) сот тәжiрибесiн зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      4) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;

      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11. N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      13-бап. Облыстық сот алқалары

       Ескерту. 13-бап алынып тасталды - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      14-бап. Облыстық соттың төрағасы

      1. Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судья міндеттерін атқарумен қатар:
      1) сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақша 2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
      2) кассациялық сот алқасының отырыстарында төрағалық етеді;
      3) облыстық соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау және судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді;
      5) соттың жалпы отырысының қорытындысы негізінде Жоғары Сот Кеңесіне судья лауазымына кандидаттың тағылымдамасының нәтижелері туралы қорытынды жібереді;
      6) облыстық соттың жұмыс жоспарын бекітеді;
      7) сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;
      8) өкімдер шығарады;
      9) облыстық соттың, Астана және Алматы қалалары соттарының кеңсесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
      11) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ 2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Облыстық сот төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда Жоғарғы Сот Төрағасы төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың апелляциялық сот алқалары төрағаларының біріне жүктейді. Бұл ретте кассациялық сот алқасы отырыстарында төрағалық ету облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктеледі.
      Апелляциялық сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда Жоғарғы Сот Төрағасы төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктейді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ 2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
      3. Облыстық соттың төрағасы уақытша болмаған жағдайда міндеттердің атқарылуын облыстық соттың төрағасы облыстық соттың апелляциялық сот алқалары төрағаларының біріне жүктеуді жүзеге асырады. Апелляциялық сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда облыстық соттың төрағасы төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктейді.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      15-бап. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы

      1. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
      1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
      2) сот алқасының отырыстарында төрағалық етедi;
      3) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      4) соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы ақпаратты ұсынады;
      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Апелляциялық сот алқасының төрағасы облыстық сот төрағасына апелляциялық сот алқасында мамандандырылған құрамдарды жасақтау жөнінде ұсыныстар енгізеді.
      3. Сот алқасының төрағасы уақытша болмаған жағдайда сот төрағасы оның мiндетiн атқаруды алқа судьяларының бiрiне жүктейдi.
      Облыстық соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда облыстық соттың төрағасы оның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктейді.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      16-бап. Облыстық соттың жалпы отырысы

      1. Облыстық сот қажетiне қарай, бiрақ жылына кемiнде екi рет жалпы отырыстар өткiзедi, оларда:

      1) тиісті сот алқасының сандық және дербес құрамын белгілейді;

      2) алынып тасталды - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен);

      3) облыстық сот төрағасы мен сот алқалары төрағаларының ақпаратын тыңдайды;

      4) сот практикасын талқылайды және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      5) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесінің басшысы лауазымына адамды тағайындауға уәкiлеттi органға келiсiм бередi;

      6) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесі басшысының қызметі туралы есепті тыңдайды;

      7) облыстық соттың судьясы, аудандық сот төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураларды қарайды және оның нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындылар жасайды;

      8) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесінің басшысын қызметтен босату туралы уәкiлеттi органға ұсыну енгiзедi;

      9) судья қызметiне кандидаттардың тағылымдамадан өту қорытындыларын қарайды және тиiстi қорытынды бередi;

      9-1) сот төрелiгiн iске асыруының сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;

      10) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады;

      2. Жалпы отырыс облыстық сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болады.

      3. Облыстық соттың жалпы отырысының жұмыс тәртiбi ол бекiткен регламентпен анықталады.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11. N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ СОТЫ

      17-бап. Жоғарғы Соттың өкiлеттiгi

      1. Жоғарғы Сот жергілікті және басқа соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiндiрмелер бередi.

      2. Жоғарғы Сот:
      1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдарын қарайды;

      2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      3) нормативтік қаулылар қабылдайды, сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме береді;

      3-1) жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың судьялары мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервін (бұдан әрі – кадр резерві) жасақтайды;

      4) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      3. Кадр резервін жасақтау және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      18-бап. Жоғарғы Соттың құрылымы мен құрамы

      1. Жоғарғы Сот Төрағадан және судьялардан тұрады.
      Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi .

      2. Жоғарғы Сотта сот алқалары құрылады және мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін.

      3. Жоғарғы Соттың органдары:

      1) жалпы отырыс;

      2) азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы;

      3) қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы болып табылады.
      Сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын төраға басқарады.

      4. Сот алқасының сандық және дербес құрамын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың жалпы отырысы белгілейді.

      5. Мамандандырылған құрамдарды Жоғарғы Соттың Төрағасы жасақтайды.

      6. Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультациялық кеңес және баспа органы құрылады.
       Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      19-бап. Жоғарғы Сот алқалары

       Ескерту. 19-бап алынып тасталды - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      20-бап. Жоғарғы Сот Төрағасы

      1. Жоғарғы Соттың Төрағасы судья болып табылады және судья мiндетiн атқарумен қатар:

      1) жоғары сот органы ретінде Жоғарғы Сотты басқарады;

      2) сот алқалары мен мамандандырылған құрамның отырыстарында төрағалық етуге құқылы;

      3) Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етедi;

      4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына сот практикасы және заңда көзделген негiздемелер бойынша қадағалау тәртiбiмен сот актiлерiн қайта қарау туралы ұсыныс жасау мәселелерi бойынша Жоғарғы Соттың нормативтiк қаулыларын қабылдау үшiн материалдар енгiзедi;

      5) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының бекiтуiне Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Хатшысының және ғылыми-консультациялық кеңес мүшелерiнiң кандидатураларын енгiзедi;

      6) қажет болған жағдайларда бір сот алқасының судьяларын басқа сот алқасының құрамында iс қарау үшiн тартады;

      6-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      7) Жоғарғы Соттың жұмыс жоспарын бекiтедi;

      8) алқалардың жұмысын үйлестiредi;

      8-1) Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша әрбір жергілікті және басқа да сот судьяларының санын бекітеді;

      9) Уәкілетті орган туралы ережені Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізеді;

      9-1) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органның құрылымын және штат кестесін бекітеді;

      9-2) заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органның басшысын және оның орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;

      11) өкiмдер шығарады.

      2. Жоғарғы Соттың Төрағасы Республиканың өзге де мемлекеттiк билiк тармақтары органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасы кезiнде Республика сот жүйесiнiң мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ:

      1) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      2) жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды балама негізде соттардың тиісті жалпы отырыстарының қарауына енгізеді;

      3) облыстық соттардың жалпы отырыстарының шешімдері негізінде Жоғары Сот Кеңесіне аудандық соттар төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды баламалы негізде ұсынады;

      3-1) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесіне облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары лауазымдарына кандидатураларды баламалы негізде ұсынады;

      4) Қазақстан Республикасының Президентiне заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныс енгiзедi;

      5) осы Конституциялық заңмен көзделген негiздер туындаған жағдайда, Жоғары Сот Кеңесiне Республика соттары төрағаларының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының өкiлеттiгiн тоқтату мәселесi бойынша ұсыныс пен материалдар енгiзедi;

      6) Қазақстан Республикасының Президентiне судьяларды және уәкілетті органның қызметкерлерін мемлекеттiк наградалармен марапаттау және оларға құрметтi атақтар беру туралы ұсыныс енгiзедi;

      7) Республика судьяларына "Құрметтi судья" атағын бередi, осы атақты беру тәртiбi туралы ереженi бекiтедi;
      8) алып тасталды - ҚР 2006.12.11 N 199 Конституциялық заңымен;

      9) заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      3. Жоғарғы Соттың Төрағасы уақытша болмаған кезде оның мiндеттерi Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен сот алқалары төрағаларының біріне жүктеледi.
      Сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда Төрағаның міндеттерін уақытша атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен Жоғарғы Сот судьяларының біріне жүктеледі.

      4. Жоғарғы Сот Төрағасы орнынан түскен жағдайда не өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған өзге де жағдайда Төрағаның мiндетiн уақытша атқаруды Қазақстан Республикасының Президентi Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының (судьясының) бiрiне жүктейдi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      21-бап. Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы

      1. Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

      1) сот алқасының отырыстарында төрағалық етеді;

      1-1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;

      2) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      3) Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшiн судьялардың тиiстi құжаттарды дайындауын қамтамасыз етедi;

      4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы ақпарат бередi;

      4-1) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;

      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Сот алқасының төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның мiндеттерiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.
      Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда оның міндеттерін уақытша атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкімі бойынша Жоғарғы Соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктеледі.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      22-бап. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы

      1. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:

      1) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша тиісті сот алқасының сандық және дербес құрамын белгілейді;

      2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

      3) сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрмелер береді, нормативтiк қаулылар қабылдайды және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

      3-1) заңға сәйкес сот iстерiн қадағалау тәртiбiмен қарайды;

      4) Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының және уәкiлеттi орган басшысының хабарламасын тыңдайды;

      5) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды бередi;

      6) облыстық соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды талқылайды және тиісті қорытындылар шығарады;

      7) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыс Хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестiң құрамын бекiтедi, сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриiн сайлайды;

      7-1) сот төрелiгiн iске асыруының сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;

      7-2) судья мантиясының нысаны мен сипатын бекітеді;

      8) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Жалпы отырыс оған Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болып табылады.

      3. Жоғарғы Сот жалпы отырысының жұмыс тәртiбi өзi бекiтетiн регламентпен белгiленедi.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

3-бөлiм. СУДЬЯЛАР МӘРТЕБЕСI

1-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      23-бап. Судья мәртебесi

      1. Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi.
      Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады.
      Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен , осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi.

      2. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      24-бап. Судьялардың ауыстырылмайтындығы

      1. Судьялар қызметке Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негiзде өкiлеттiктерге ие болады.

      2. Судьялардың өкiлеттіктері тек қана осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      25-бап. Судьяның тәуелсiздiгi

      1. Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады.
      Судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.

      2. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға және судья мен алқа заседателiне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланады.

      3. Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс.

      4. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      26-бап. Судья тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi

      1. Судьяның тәуелсiздiгi:

      1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;

      2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен;

      3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен;

      4) Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның орнынан түсу құқығымен;

      5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi.

      2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады.
      Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкiлiктi шаралар қабылдауға мiндеттi.
      Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      27-бап. Судьяларға ешкiмнiң тиiспеуi

      1. Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсiмiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Судьяға тиiспеушiлiк оның жеке басына, меншiгiне, ол тұратын тұрғын үй және қызметтiк үй-жайларға, ол пайдаланатын жеке және қызметтiк көлiк құралдарына, оған тиесiлi құжаттарға, багажына және өзге де мүлiктерiне тиiспеушiлiктi қамтиды.

      2. Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады. Судьяға қатысты арнайы жедел-iздестiру iс-шаралары прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

      3. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.
      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      28-бап. Судьяға қойылатын талаптар

      1. Судья:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға;

      2) сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға;

      3) сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға;

      4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.

      2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
      Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.
      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Аудандық соттың судьясы болып:
      жиырма бес жасқа толған;
      жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
      біліктілік емтиханын тапсырған. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген адамдар оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады;
      медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растаған;
      сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бiтiрген адамдардың оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етiлмейдi.

      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс стажы немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс стажы бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
      Жұмыс iстеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді.
      Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасалуы мүмкін.
      Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады.

      3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде жиырма жыл жұмыс стажы бар немесе кемінде он жыл судьялық жұмыс стажы бар және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.

      4. Судьялыққа кандидаттар тұрақты негізде сотта тағылымдамадан өтеді. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.
      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      29-1-бап. Судья лауазымына кандидатты медициналық
                 куәландыру

      1. Судья лауазымына кандидаттың судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растау үшiн оған медициналық куәландыру жүргiзiледi.

      2. Судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн аурулардың тiзбесi Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның бiрлескен нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      Ескерту. 29-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      30-бап. Соттың судьясы, төрағасы, сот алқасының төрағасы
               лауазымына кандидаттарды іріктеу

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      1. Судья қызметіне кандидаттарға тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, жынысына, саяси көзқарасына, діни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан қызметке орналасуға тең құқық қамтамасыз етіледі.

      2. Жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос орынға орналасуға өтініш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының талаптарына сай келетін адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады.
      Жоғары Сот Кеңесі конкурстың нәтижелері бойынша жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.

      3. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
      Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
      Аудандық сот төрағасының, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар адамдардың арасынан ұсынылады.
      Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
      Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа соттардың төрағаларының, сот алқаларының төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
      Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
      Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсынуы үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.
      Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды.

      2. Жергілікті және басқа соттардың судьяларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.

      3. Жергілікті және басқа соттардың сот алқалары төрағаларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

      4. Жоғарғы Соттың Төрағасын Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша бес жыл мерзімге Сенат сайлайды.

      5. Жергілікті және басқа соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.

      6. Алынып тасталды - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      7. Жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн, егер олар тиісінше басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған немесе сайланбаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
      Тиiстi сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
      Жоғарғы Сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда осындай лауазымға тағайындалмаған Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.

      8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылуы мүмкiн.
      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      32-бап. Судьяның ант беруi

      1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi:
      "Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретiндегi борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн".

      2. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.

      3. Алынып тасталды - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      4. Облыстық соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы мен судьясы, аудандық соттың төрағасы мен судьясы қызметіне алғаш рет тағайындалған адамдар облыстық соттың жалпы отырысында ант береді.
      Судья төраға не сот алқасының төрағасы немесе басқа соттың судьясы болып тағайындалған кезде қайтадан ант бермейді.
       Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру

      1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:

      1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;

      2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;

      3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм берiлсе;

      3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген негiздер бойынша судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот жюриінің шешiмi болса;

      3-2) алып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.

      2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
      Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
      Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.

      2-1. Судьяның өкілеттігі тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымындағы өкілеттігі тоқтатыла тұрады.

      3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      34-бап. Төрағаны, сот алқасы төрағасын және судьяны
               лауазымынан босату және олардың өкiлеттiктерiн
               тоқтату

      1. Төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкiлеттiктерін тоқтату негiздері:
      1) судьяның орнынан түсуі;
      2) судьяның өз тілегі бойынша лауазымынан босауы;
      3) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы;
      4) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмiнің заңды күшiне енуі;
      5) осы судьяға қатысты айыптау үкімінің заңды күшiне енуі;
      6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
      7) судьяның қайтыс болуы немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмiнің заңды күшiне енуі;
      8) судьяның басқа лауазымға тағайындалуы, сайлануы және оның басқа жұмысқа ауысуы;
      9) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, егер судья басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
      10) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, өкiлеттiк мерзiмiнің аяқталуы, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
      11) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы, судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін оны лауазымынан босату қажеттігі туралы Сот жюриінің шешімі;
      12) зейнеткерлік жасқа немесе судья лауазымында болудың шекті жасына толуы.
      2. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының өкiлеттiктерi оның өз тілегі бойынша, не олар осы Конституциялық заңның 914152021 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған кезде мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      3. Судья лауазымынан босату туралы шешiм:
      1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;
      2) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, жергілікті және басқа соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.
      4. Судья лауазымынан босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеледі.
      Осы Конституциялық заңның 31-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымынан олардың өз тілегі бойынша не өкілеттік мерзiмiнiң аяқталуына байланысты босату оларды осы соттың судьясы лауазымынан босатуға әкеп соқпайды.
      5. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың осы баптың 1-тармағының 5) және 11) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер болып танылады.
      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

       34-1-бап. Судья лауазымында болудың шекті жасы

      1. Судья Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде оның шекті жасқа толғанға дейін судья лауазымында одан әрі болуына Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы рұқсат етеді.
      2. Судья лауазымында болуға оның шекті жасқа – 65 жасқа толуына дейін жол беріледі, бұл айрықша жағдайларда осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
       Ескерту. 34-1-баппен толықтырылды - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      35-бап. Судьяның орнынан түсуi

      1. Мінсіз беделі, кемінде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, өкілеттіктерін тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.
      Судьяны орнынан түсу нысанында қызметтен босату судьяның орнынан түсу туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      2. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейiн болса, он сегiз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде оның соңғы лауазымы бойынша бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.

      3. Судьяның орнынан түсуі:
      ол қылмыс жасаған немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасаған;
      өз тiлегi бойынша;
      Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
      ол қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген жағдайларда тоқтатылады.
      Судья кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқау кеңесiнiң құрамына кiрген, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрған жағдайларда оның орнынан түсуі тоқтатыла тұрады.
      Судьяның орнынан түсуін тоқтата тұруды Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.
      Егер судьяның орнынан түсуін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға негіз болған мән-жайлар жойылса, судьяның орнынан түсуі қалпына келтіріледі.

      4. Судья орнынан түсуi тоқтатылған жағдайда жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен және осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепiлдiктерден айырылады.
      Судьяның орнынан түсуі тоқтатыла тұрған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігі мен осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепілдіктердің қолданылуы да тоқтатыла тұрады.
      5. Орнынан түсуді тоқтату судьяны орнынан түсуіне байланысты лауазымнан босатудың сол тәртібімен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, өзгеріс енгізілді - 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      35-1-бап. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру

      1. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      2. Судья үшiн Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен қосымша мiндеттi зейнетақы жарналары белгiленедi.
      Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде аталған жарналар республикалық бюджетке алынады.
      Ескерту. 35-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      36-бап. Жоғары Сот Кеңесi

      1. Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Төрағадан, хатшыдан және басқа да мүшелерден тұрады.

      2. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және оның жұмысын ұйымдастыру заңмен айқындалады.
       Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      37-бап. Судьялар қоғамдастығы мен оның органдары

      1. Судьялар қоғамдастығының ортақ мүдделерiн iске асыру мен қорғау мақсатында судьялардың қоғамдық бiрлестiктер құруға құқығы бар.

      2. Судьялық бiрлестiктер қажет болған жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды және сот төрелiгiнiң iске асырылуына ықпал етуге құқылы емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемеуге тиiс.

      38-бап. Судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары

      Ескерту. 38-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      38-1-бап. Сот жюриi

      1. Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау, судьяның орнынан түсу және оны тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін Сот жюриi құрылады.
      Сот жюриі он бір мүшеден – аудандық соттардың үш судьясынан, облыстық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың бес судьясынан тұрады.
      2. Облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi немесе облыстық сот төрағасының немесе Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.
      Сот жюриiн қалыптастыру тәртібі және оның жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ Сот жюриінде материалдарды, тәртіптік істерді қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін Ережемен айқындалады.
      Ескерту. 38-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

2-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘРТIПТIК ЖАУАПКЕРШIЛIГI

      39-бап. Судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң
               негiздерi

      1. Судья:

      1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн;

      2) судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн;

      3) еңбек тәртiбiн өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.

      2. Сот төрағалары және соттардың сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.

      3. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.
       Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      40-бап. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың
               түрлерi

      1. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:

      1) ескерту;

      2) сөгiс;

      3) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;

      4) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;

      5) осы Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судья қызметiнен босату.

      2. Әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн тәртiптiк терiс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кiнәсiнiң дәрежесi ескерiле отырып, тек бiр тәртiптiк жаза қолданылады.
       Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

      41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы

      Ескерту. 41-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      42-бап. Тәртiптiк iс қозғау және қарау мерзiмдерi

      1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс қарау, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап - үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.
      Жоғарғы тұрған сот инстанциясының заңдылықтың бұзылу фактiсi анықталған сот актiсi заңды күшiне енгiзiлген күн судьяның сот iсiн қарау кезiнде заңдылықты бұзуына байланысты тәртiптiк терiс қылықтың анықталған күнi болып есептеледi, ал заңсыз сот актiсi шығарылған күн осындай терiс қылықтың жасалған күнi болып есептеледi.

      2. Тәртiптiк iс қозғалған күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс.

      43-бап. Тәртiптiк iстердi қарау жөнiндегi органдар

      Ескерту. 43-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      44-бап. Сот жюриінің шешiмдері

      1. Сот жюриі тәртiптiк iс бойынша, сондай-ақ кәсіби біліктілігіне күмән келтірілген судьяға қатысты материалдарды қарау кезінде:
      1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;
      2) тәртiптiк iс жүргiзудi тоқтату туралы;
      3) судьяның атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы;
      4) судьяның кәсіби біліктілігін арттыру бойынша қажетті шаралар қабылдау (судьяны оқуға жіберу, судьяға тәлімгерлік белгілеу, жоғары тұрған сотта тағылымдама ұйымдастыру және басқа) туралы;
      5) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
      2. Сот жюриінің шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымнан босату туралы тиісті ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.
      3. Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымнан босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриі шығарған шешімнің күшін жоюға және оны қайта қарауға негіз болып табылады.
      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      45-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi

      1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл бойы жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған деп есептеледi.

      2. Судьяның тәртібі мiнсiз болған және ол өз мiндеттерiн адал атқарған кезде, Сот жюриі тәртіптік жазаны ол қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.
      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      46-бап. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне
               шағымдану

      Ескерту. 46-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

3-тарау. СУДЬЯЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

      47-бап. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету

      1. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету оның мәртебесiне сай болуға және сот төрелiгiн толық әрi тәуелсіз жүзеге асыру мүмкiндiгін қамтамасыз етуге тиiс және оны азайтуға болмайды.

      2. Судьялардың еңбегiне ақы төлеудi Конституцияның 44-бабының 9) тармақшасына сәйкес судьяның мәртебесiн, оны тағайындау және сайлау тәртiбiн, сондай-ақ ол жүзеге асыратын функцияларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      48-бап. Судьялардың бiлiктiлiк сыныптары

      Ескерту. Алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары

      Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.

      50-бап. Көшкен кездегi өтемақы

      Қызметi бойынша Қазақстанның бір өңірінен екінші өңіріне судья болып тағайындалған (сайланған) судьяларға, қайта тағайындалған (қайта сайланған) судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне көшуге байланысты шығыстары шыққан шығынының көлемiнде төленедi.
       Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      51-бап. Тұрғын үймен қамтамасыз ету

      1. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.
       Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      2. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Лауазымында он жылдан астам уақыт жұмыс iстеген судьялардың тұрақты тұруға арналған қызметтiк тұрғын үйi оның қалауы бойынша қалдық құны бойынша сатып алынуы мүмкiн.

      3. Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды.

      52-бап. Судьяларды мантиямен қамтамасыз ету

      Барлық соттардың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебiнен судьялық мантиямен қамтамасыз етiледi.

      53-бап. Судьяларға медициналық қызмет көрсету

      1. Судьялар және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетумен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етiледi.

      2. Судьяларға медициналық қызмет көрсетудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi .
       Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      54-бап. Судья мертiккен (жарақаттанған, жараланған,
               контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) немесе
               қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақы

      1. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiксе (жарақаттанса, жараланса, контузия алса, кәсiби ауруға шалдықса), оған осы бапта белгiленген мөлшерде бiржолғы өтемақы төленедi.

      2. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгу (жарақаттану, жаралану, контузия алу, кәсiби ауруға шалдығу) салдарынан судья өкiлеттiгiн тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      3. Судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгуiнiң (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының, кәсiби ауруға шалдығуының) нәтижесiнде мүгедек болғаны белгiленген жағдайда, оған:

      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық лауазымдық айлықақы;

      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық лауазымдық айлықақы;

      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      4. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiк белгiлеуге әкеп соқтырмаған ауыр мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) жағдайда оған бiр жарым айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, жеңiл мертiккен жағдайда - жарты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      5. Бiржолғы өтемақы төлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      6. Егер судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес жағдайларда мертiккенi (жарақаттанғаны, жараланғаны, контузия алғаны, кәсiби ауруға шалдыққаны) немесе қаза тапқаны (қайтыс болғаны) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
      Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      55-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстардың өтемақысы

      Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьялар мен судья қызметiнен зейнеткерлiкке шыққан зейнеткерлердi жерлеу үшiн судья қайтыс болған сәттегi тиiстi лауазымы бойынша судьяның үш айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.
      Біржолғы ақшалай өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
       Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

      55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк
                 қамсыздандыру кепiлдiктерінен айыру

      Судьяның өкілеттіктері оның қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот әдебi талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты Сот жюриінің шешiмi бойынша, сондай-ақ кәсiби жарамсыздығы туралы шешім бойынша тоқтатылған кезде, ол:
      1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына қол сұғылмаушылық кепілдігінен;
      2) осы Конституциялық заңның 515354 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.
      Ескерту. 55-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.11 N 199 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

4-бөлiм. СОТТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      56-бап. Соттардың қызметін ұйымдастырушылық және
                материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға құқықтық статистикалық құжатталған ақпаратты ұсынуды Қазақстан Республикасының Президенті құратын уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті органның бірыңғай жүйесін тиісті мемлекеттік орган және уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелері құрайды.

      3. Уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.

      4. Уәкілетті органның құрылымын және штат кестесін Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен бекітеді.

      5. Уәкілетті орган қызметкерлерінің құқықтық жағдайы мен олардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
      Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.29 N 370-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      57-бап. Соттарды қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын, жергілікті және басқа соттарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың бюджетi соттардың конституциялық өкiлеттiктерiн орындауын толық қамтамасыз етуге тиiс.
       Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.17 N 80-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

5-бөлiм. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

      58-бап. Күшi жойылды деп танылған заң актiлерi

      Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" 1990 жылғы 23 қарашадағы Қазақ ССР-ның Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 443-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1992 ж., N 8, 206-құжат; N 11-12, 293-құжат; 1993 ж., N 8, 161-құжат; 1995 ж., N 23, 140-құжат).
      2. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң 1990 жылғы 23 қарашадағы қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 444-құжат).
      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметiнiң ұйымдық мәселелерi туралы" 1994 жылғы 7 ақпандағы N 1545 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 6, 62-құжат).
      4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы соттары судьяларының материалдық және әлеуметтiк қамсыздандырылу деңгейiн арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 18 сәуiрдегi N 1670 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 18, 182-құжат).
      5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының төменгi соттарын құру тәртiбi туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2125 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1995 ж., N 10, 113-құжат).
      6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының соттары туралы" 1995 жылғы 20 қазандағы N 2581 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1995 ж., N 21, 128-құжат; N 22, 134-құжат).
      7. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2694 конституциялық заң күшi бар Жарлығы   (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 23, 147-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 78-құжат; N 11, 156-құжат; N 13-14, 194-құжат; 1999 ж., N 4, 100-құжат; N 23, 915-құжат; N 10, 231-құжат).

      59-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгiзу
               және судьялар қызметiнiң онымен байланысты
               ерекшелiктерi

      1. Осы Конституциялық заң тиiстi заңдардың қабылдануына қарай, бiрақ 2001 жылдың 1 шiлдесiнен кешiктiрiлмей қолданысқа енгiзiлетiн 11 баптың 2-тармағын, 13-бапты, 18-баптың 2-тармағын, 19-бапты, 30-бапты және 36-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке тағайындалған немесе сайланған Республика соттарының қызмет етiп жүрген төрағалары мен судьялары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.

      3. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке сайланған немесе тағайындалған сот төрағаларының бесжылдық өкiлеттiк мерзiмi қызметке сайланған немесе тағайындалған сәттен бастап есептеледi.

      4. Қазақстан Республикасы облыстық, оларға теңестірілген соттарының және Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңмен көзделген Қазақстан Республикасы соттарының алқалары құрылғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті