Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 7 маусым N 53-II

Жаңартылған

        Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша "уәкiлеттi мемлекеттiк органның", "уәкiлеттi мемлекеттiк орган", "уәкiлеттi мемлекеттiк органы", "уәкiлеттi мемлекеттiк органнан", "уәкiлеттi мемлекеттiк органды", "уәкiлеттi мемлекеттiк органмен" деген сөздер тиiсiнше "уәкiлеттi органның", "уәкiлеттi орган", "уәкiлеттi органы", "уәкiлеттi органнан", "уәкiлеттi органды", "уәкiлеттi органмен" деген сөздермен ауыстырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

      Осы Заң Қазақстан Республикасында өлшем бірлігін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, мемлекеттік басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың арасындағы метрологиялық қызмет саласындағы қатынастарын реттейді және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, әрі Қазақстан Республикасының экономикасын өлшемнің теріс нәтижелері салдарынан қорғауға бағытталған. 

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

      1) аккредиттеу - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның метрологиялық жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң нақты түрлерiн жүзеге асыруға заңды тұлғаның құқықтылығын ресми тануы; <*>
      1-1) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi - өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында жұмыстарды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын объектiлердiң, мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы; <*>
      2) шама бірлігінің мемлекеттік эталоны - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілетті органның шешімімен Қазақстан Республикасының аумағында негізгі деп танылған шама бірлігінің эталоны; <*>
      3) мемлекеттік метрологиялық қадағалау - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң өлшем құралдары шығарылуын, олардың жай-күйін және қолданылуын, өлшемдерді орындау әдістемелері қолданылуын, метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын, сату кезінде тауарлардың санын, сондай-ақ бума тауарларды ашу, сату және импорттан алу кезінде кез келген түрдегі бума тауарлардың санын қадағалау жөніндегі қызметі; <*>
      4) шама бiрлiгi - 1-ге тең сандық мән шартты түрде берiлген белгіленген мөлшердiң физикалық шамасы; 
      5) өлшем бiрлiгi - нәтижелерi заңдастырылған шама бiрлiктерiнде көрсетiлген және өлшем қателiгi берiлген ықтималдықпен белгiленген шектегi өлшемнiң жай-күйi; 
      6) заңдық метрология - метрологияның стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган атқаратын қызметке жататын және өлшем бiрлiктерiне, әдiстерiне, өлшем құралдары мен өлшемдiк зертханаларына қатысты мемлекеттiк талаптары бар бөлiгi; 
      7) өлшем - арнаулы техникалық құралдардың көмегiмен тәжiрибелiк жолмен физикалық шама мәнiн табу; 
      8) өлшем құралдарын сынау - сынау объектiлерiне түрлi сынау әсерлерiн қолдана отырып өлшем құралдарының белгiленген нормаларға сәйкестiк дәрежесiн анықтау үшiн өткiзiлетiн операциялар жиынтығы; 
      9) өлшем құралын калибрлеу - өлшем құралының метрологиялық сипаттамасының шын мәнiн және (немесе) мемлекеттiк метрологиялық мен қадағалауға жатпайтын өлшем құралының қолдануға жарамдылығын анықтау мақсатында сол өлшем құралының көмегiмен алынған шама мәнi мен эталон арқылы анықталған шаманың тиiстi мәнi арасындағы ара қатынасты белгiлейтiн операциялар жиынтығы; 
      10) өлшемдердi орындау әдiстемесi - орындалуы өлшем жүргiзудiң осы әдiстемесiмен белгiленген дәлдiкпен өлшем нәтижелерiнiң алынуын қамтамасыз ететiн операциялар мен ережелер жиынтығы; 
      10-1) өлшем құралдарын тексеру әдiстемесi - орындалуы өлшем құралдарының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн айқындауға және растауға мүмкiндiк беретiн операциялар мен ережелердiң жиынтығы; <*>
      11) өлшемдердi орындау әдiстемесiн метрологиялық аттестаттау өлшемдердi орындау әдiстемесiнiң оған қойылатын метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн белгiлеу (растау);
      11-1) өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау - бiрен-саран данада шығарылған немесе әкелiнген өлшем құралдарының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн белгiлеу (растау); <*> 
      12) метрологиялық бақылау - мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асыратын қызмет; 
      13) метрологиялық қызмет - қызметi өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған субъектiлер жиынтығы; 
      14) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттар - мемлекеттiк стандарттар, белгiленген тәртiппен қолданылатын халықаралық (аймақтық) стандарттар, ережелер, нұсқаулар және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу талаптары мен тәртiбiн айқындайтын өзге де нормативтiк және әдiстемелiк құжаттар; 
      14-1) өлшем құралдарын салыстырып тексерушi - өлшем құралдарын салыстырып тексеру жүргiзу құқығына стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталған мемлекеттiк метрологиялық қызметтiң немесе аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң маманы;<*>
      15) өлшем құралын салыстырып тексеру - өлшем құралының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн анықтау және растау мақсатында мемлекеттiк метрологиялық қызмет немесе басқа аккредиттелген заңды тұлғалар орындайтын операциялар жиынтығы; <*>
      16) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнің тiзiлiмі - өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы объектілердi, жұмысқа қатысушылар мен құжаттарды тiркеудi есепке алу құжаты;
      16-1) салғастыру - эталондар мен өлшем құралдарының метрологиялық сипаттамаларын зерттеудiң нәтижелерiн салыстыру; <*> 
      17) өлшем құралы - өлшем жүргізуге арналған және нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар техникалық құрал;
      17-1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган - стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган; <*>
      17-2) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудитор - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында жұмыстарды жүргiзу құқығына аттестатталған жеке тұлға; <*>
      18) шама бiрлiгiнiң эталоны - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен бекiтiлген, мөлшерiн осы шаманың басқа өлшем құралдарына беру мақсатында, шама бiрлiгiн (шама бiрлiгiнiң еселiк не үлестiк мәндерiн) жаңғыртуға және (немесе) сақтауға арналған өлшем құралы.
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен

       2-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңдар

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

       3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етуге байланысты қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органдарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. 

       4-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету мақсаттары

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады: 
      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерiн және экономикасын өлшемнiң терiс нәтижелерi салдарынан қорғау; 
      2) отандық және импортталатын өнiмдердiң, процестердiң (жұмыстардың) және көрсетiлетiн қызметтердiң қауiпсiздiгi мен сапасын қамтамасыз ету; 
      3) материалдық және энергетикалық ресурстардың барлық түрлерiнiң дұрыс есебiн қамтамасыз ету; 
      4) iргелi зерттеулерде және ғылыми талдамаларда өлшем дұрыстығын қамтамасыз ету; 
      5) диагностика және сырқаттарды емдеу, адамдардың еңбек және тұрмыс жағдайларының қауiпсiздiгiн бақылау, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау кезiнде сенiмдi өлшем нәтижелерiн қамтамасыз ету. 

       5-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудi мемлекеттiк
             басқару

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы жүзеге асырады. <*>
      2. Стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган: 
      1) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және іске асыруды ұйымдастырады; 
      2) Қазақстан Республикасы метрологиялық қызметiнiң жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады; 
      3) мемлекеттiк шама бiрлiктерiнiң эталондарын бекiтедi;
      3-1) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлуi мүмкiн халықаралық бiрлiктер жүйесiне енбейтiн шамаларды айқындайды;
      4) метрология саласында ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады; <*>
      5) шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарын, шама бiрлiктерiнiң эталондарын жасау, бекiту, сақтау, қолдану және салғастыру ережелерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасының шама бiрлiктерiнiң эталондық базасын жетiлдiредi; <*>
      5-1) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарының сыныптамасын белгiлейдi; <*>
      6) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлеу тәртiбiн белгiлейдi және бекiтедi;
      7) өлшем құралдарына, әдiстерiне және нәтижелерiне, өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерiне қойылатын жалпы метрологиялық талаптарды анықтайды; <*>
      8) өлшем құралдарын қолдану, өндiру және жөндеу тәртiбiн белгiлейдi, өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерiн салғастыруды ұйымдастырады; <*>
      9) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады; <*>
      10) мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды ұйымдастырады және өткізеді;
      11) метрология жөнiндегi халықаралық және аймақтық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiл болады;
      12) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады; <*>
      13) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында аккредиттеудi және лицензиялауды жүзеге асырады, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы аккредиттеуге жататын жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн айқындайды; <*>
      14) өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы сертификаттардың, өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификаттардың, өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификаттардың нысандарын белгiлейдi; <*>
      15) салыстырып тексеру таңбаларын дайындаудың, сақтаудың және қолданудың тәртiбiн белгiлейдi;
      16) техникалық құралдардың өлшем құралдарына қатыстылығын белгiлеудiң тәртiбiн айқындайды.
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  2-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің
мемлекеттік жүйесі

       6-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк
             жүйесiнiң құрылымы

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi құрылымына:
      1) ұйымдық негiздi құратын Қазақстан Республикасының метрологиялық қызметi;
      2) шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары, шама бiрлiктерiнiң эталондары және техникалық негiздi құратын өлшем құралдары; <*>
      3) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды және оларды өткiзу тәртiбiн реттейтiн нормативтiк құжаттар кiредi.
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       7-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк
             жүйесiнiң объектiлерi

      Шама бiрлiктерi, шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары, шама бiрлiктерiнiң эталондары, өлшем құралдары, өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерi, өлшем құралдарына, әдiстерiне және нәтижелерiне қойылатын талаптар, өлшемдердi орындау әдiстемелерi, өлшем бiрлiктерiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк басқару органдарының, жеке, заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң жұмысы өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң объектiлерi болып табылады.
       Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       8-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi
             нормативтiк құжаттар

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттар стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы заңдарға сәйкес әзiрленедi. 
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       9-бап. Шама бiрлiктерi

      1. Өлшемдер және салмақтар жөнiндегi бас конференция қабылдаған және Халықаралық заңдық метрология ұйымы ұсынған Халықаралық бiрлiк жүйесiнiң шама бiрлiктерiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берiледi. 
      Халықаралық бiрлiк жүйесiне кiрмейтiн шама бiрлiктерi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi бойынша қолдануға жiберiлуi мүмкiн. 
      2. Өлшем құралдарын қоса экспортқа шығарылатын өнiмдердiң сипаттамалары мен параметрлерi тапсырыс берушi белгiлеген шама бiрлiктерiнде көрсетiлуi мүмкiн. 

       10-бап. Шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары

      Қазақстан Республикасында өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң техникалық негiзiн шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары құрады, олардың құрылуын және сақталып-ұсталуын мемлекет жүзеге асырады. 
      Шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары шама бiрлiктерiн (шама бiрлiктерiнiң еселiк не үлестiк мәндерiн) жаңғыртуға және (немесе) сақтауға арналған және мөлшерiн Қазақстан Республикасының аумағындағы осы шаманың басқа өлшем құралдарына беру мақсатында негiзгi эталондар ретiнде пайдаланылады. 
       Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       10-1-бап. Шама бiрлiктерiнiң эталондары

      Шама бiрлiктерiнiң эталондары шама бiрлiктерiн (шама бiрлiктерiнiң еселенген не үлестiк мәнiн) олардың көлемдерiн осы шамалардың басқа өлшем құралдарына беру мақсатымен ұдайы шығаруға және (немесе) сақтауға арналған.
      Шама бiрліктерiнiң эталондарын мемлекеттiк метрологиялық қызмет, мемлекеттiк басқару органдарының және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi қолданады.
      Ескерту. 10-1-баппен толықтырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       11-бап. Өлшем құралдары

      Өлшем құралдары бiрлiктерi Қазақстан Республикасында белгiленген тәртiппен қолдануға рұқсат етiлген шамаларды анықтау үшiн пайдаланылады және пайдалану шарттары мен оларға қойылған талаптарға сай болуға тиiс. 
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       11-1-бап. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру
                әдiстемелерi

      1. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерi өлшем құралдарының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн анықтау мен растау үшiн пайдаланылады және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiнде мiндеттi тiркелуге жатады.
      2. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерiн әзiрлеу, бекiту және қолдану тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен

       12-бап. Өлшемдердi орындау әдiстемелерi

      1. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалау жүзеге асырылатын салаларда қолданылатын өлшемдердi орындау әдiстемелерi мiндеттi метрологиялық аттестатталуға және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi тiзiлiмiнде тiркелуге тиiс. <*>
      2. Өлшемдердi орындау әдiстемелерiн әзiрлеу және метрологиялық аттестаттау, сондай-ақ өлшемдердi орындау әдiстемелерiн метрологиялық аттестаттау құқығына заңды тұлғаларды аккредиттеу тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды. <*>
       Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

  3-тарау. Метрологиялық қызмет

       13-бап. Метрологиялық қызметтiң құрылымы

      Қазақстан Республикасының метрологиялық қызметi:
      1) мемлекеттiк метрологиялық қызметтен;
      2) уақыт және жиiлiк мемлекеттiк қызметтерiнен; заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiнен; заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары және қасиеттерi туралы стандарттық анықтама деректерден, сондай-ақ өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң өзге де мемлекеттiк қызметтерiнен; 
      3) мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнен; 
      4) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудиторлардан; <*>
      5) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында консалтингтiк қызметтер көрсететiн заңды тұлғалардан тұрады. <*>
       Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен

       14-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қызмет

      Мемлекеттiк метрологиялық қызмет: 
      1) стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органнан және оның аумақтық бөлiмшелерiнен;<*> 
      2) шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарын жасауды, жетiлдiрудi, сақтауды және қолдануды, шама бiрлiктерiнiң мөлшерлерiн беру жүйелерiн құруды қамтамасыз ететiн, өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлейтiн, шама бiрлiктерiнiң эталондарын, өлшем құралдарын салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерiн салғастыруды, шама бiрлiктерiнiң эталондарын және жоғары дәлдiктi өлшем құралдарын салыстырып тексерудi, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауды жүргiзетiн мемлекеттiк ғылыми метрологиялық орталықтан; <*> 
      3) <*>
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       15-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк
              қызметтерi

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк қызметтерi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органды және оның аумақтық бөлiмшелерiн, мемлекеттiк ғылыми метрологиялық орталықты, мемлекеттiк басқару органдарының метрологиялық қызметтерiн қамтиды.
      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк қызметтерi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелер негiзiнде өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады. <*>
      2. Уақыт пен жиiлiк мемлекеттiк қызметi аймақаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады, уақыт пен жиiлiктiң өлшем бiрлiгін қамтамасыз етуге және Жердiң айналу параметрлерiн анықтауға бағытталған жұмыстарды орындайды. 
      3. Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiнiң мемлекеттiк қызметi аймақаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады, заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiн әзiрлеуге және ендiруге байланысты жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi. 
      4. Заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары мен қасиеттерi туралы стандарттық анықтама деректердiң мемлекеттiк қызметi аймақаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады, заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары мен қасиеттерi туралы стандарттық анықтама деректердi әзiрлеуге және ендiруге байланысты жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi. 
       Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       16-бап. Мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және
              заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi

      1. Мемлекеттiк басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар қажет болған жағдайларда өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды орындау, сондай-ақ метрологиялық бақылауды жүзеге асыру үшiн метрологиялық қызметтер құрады. 
      Осы Заңның 23-бабында көзделген салалардағы жұмыстарды орындау кезiнде метрологиялық қызметтердiң құрылуы немесе ұйымдастыру шараларының жүргiзiлуi мiндеттi болып табылады. 
      2. Мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң жұмысы стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлген нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

       16-1-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы
                сарапшы-аудиторлар

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудиторлар өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы, соның iшiнде жеке және заңды тұлғаларды лицензиялау және аккредиттеу кезiндегi жұмыстарды жүзеге асырады.
      2. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудиторлардың қызметi өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен

       16-2-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында
                консалтингтiк қызметтер көрсететiн заңды
                тұлғалар

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында консалтингтiк қызметтер көрсететiн заңды тұлғалар өз қызметiн өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-2-баппен толықтырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен

  4-тарау. Өлшем құралдарының түрін бекіту, оларды
өндіру, жөндеу, салыстырып тексеру және калибрлеу

       17-бап. Өлшем құралдарының түрiн бекiту және оларды
              метрологиялық аттестаттау

      1. Көптеп өндiруге немесе Қазақстан Республикасының аумағына партиялармен әкелуге арналған өлшем құралдары сынақтан өткiзiлiп, осы өлшем құралдарының түрi кейiннен бекiтiлуге тиiс.
      Өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы шешiмдi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган қабылдайды және ол белгiленген үлгiдегi өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы сертификатпен куәландырылады, сертификаттың қолданылу мерзiмi оны берген кезде белгiленедi.
      2. Бiрен-саран данада жасалынған немесе әкелiнген және мемлекеттiк метрологиялық қадағалауға жататын өлшем құралдары метрологиялық аттестаттаудан өткiзiледi.
      Өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы шешiм белгiленген үлгiдегi өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификатпен куәландырылады, сертификаттың қолданылу мерзiмi оны берген кезде белгiленедi.
      3. Өлшем құралдарының түрiн бекiту мақсаты үшiн және бекiтiлген түрге сәйкестiгiн сынауды, өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттауды мемлекеттiк метрологиялық қызмет жүргiзедi.
      Өлшем құралдарының бекiтiлген түрi және метрологиялық аттестаттаудан өткен өлшем құралдары өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiне енгiзiледi.
      4. Бекiтiлген түрдегi өлшем құралына және (немесе) әрбiр данаға iлестiрiп жiберiлетiн пайдалану құжаттарына өлшем құралдарының стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген түрiн бекiту белгiсi қойылады.
      5. Өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы ақпарат және бекiтiлген түрдiң күшiн жою туралы шешiм стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның ресми басылымдарында жарияланады.
      6. Түрiн бекiту мақсаты үшiн сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан өтпеген өлшем құралдарын айналымға шығаруға, қолдануға, өткiзуге және жарнамалауға тыйым салынады.
      Түрiн бекiту туралы сертификаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн пайдалануда болатын және мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыру саласында қолданылатын өлшем құралдары толық табиғи тозғанға дейiн қолданылады.
       Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .  

       18-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында
             лицензиялау және аккредиттеу

      1. Өлшем құралдарын өндiрудi және жөндеудi, оның iшiнде заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiн, заттардың аттестатталған қоспаларын өндiрудi жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн тиiстi лицензияны алғаннан кейiн жүзеге асыра алады.
      2. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру мен калибрлеудi, өлшемдердi орындау әдiстемелерiн метрологиялық аттестаттауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қызметтiң осы түрiне аккредиттелген заңды тұлғалар жүзеге асырады.
       Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .  

       19-бап. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру

      1. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыру саласында қолданылатын өлшем құралдары өндiрiстен немесе жөндеуден шығару, пайдалану және импорт бойынша әкелу кезiнде түрi бекiтiлгеннен кейiн немесе метрологиялық аттестаттаудан және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелгеннен кейiн салыстырылып тексерiледi.
      Салыстырып тексерудi мемлекеттiк метрологиялық қызмет, сондай-ақ қызметтiң осы түрiне аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi жүзеге асырады.
      2. Өлшем құралдарын салыстырып тексерудiң тiзбесi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ оны жүргiзу тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.
      3. Аккредиттелген заңды тұлғалардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру құқығына аккредиттелген заңды тұлғалар салыстырып тексерiлетiн өлшем құралдары туралы деректердiң электрондық есебiн жүргiзудi және оларды мемлекеттiк ғылыми метрологиялық орталыққа стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берудi жүзеге асыруға тиiс.
      5. Өлшем құралдарын салыстырып тексерудi өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемесiне сәйкес мемлекеттiк метрологиялық қызметтiң немесе аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң салыстырып тексерушiлерi жүзеге асырады. Салыстырып тексерушiлердi аттестаттау тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.
      6. Салыстырып тексерудiң оң нәтижелерi өлшем құралына және (немесе) пайдалану құжаттамасына басылатын салыстырып тексеру таңбасының баспа-таңбасымен және (немесе) салыстырып тексеру туралы сертификатпен куәландырылады.
      7. Физикалық шамалардың өзгерiсiн олардың мәндерiн нормаланған дәлдiкпен шамалар бiрлiктерiнде бағалаусыз байқау үшiн қолданылатын техникалық құралдар салыстырып тексеруге жатпайды.
      Мұндай техникалық құралдардың жарамдылығын бақылауды оларды пайдаланушылар жүзеге асырады.
       Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       20-бап. Өлшем құралдарын калибрлеу

      1. Салыстырып тексеруге жатпайтын өлшем құралдары өндiруден немесе жөндеуден шыққанда импорт бойынша әкелiнгенде, пайдаланылу кезiнде, осы өлшем құралдарының әзiрлеушiсi, иесi немесе тұтынушысы белгiлеген тәртiппен калибрленедi. 
      Өлшем құралдарын калибрлеудi шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарына бағындырылған эталондарды пайдалана отырып, аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi жүргізеді. <*>
      Өлшем құралдарын калибрлеу нәтижелерi өлшем құралдарына басылатын калибрлiк белгiмен, немесе метрологиялық сипаттамалардың шынайы мәндерi мiндеттi түрде көрсетiлетiн калибрлеу туралы сертификатпен, сондай-ақ пайдалану құжаттарындағы жазумен куәландырылады. 
      2. <*>
      3. <*>
       Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

  5-тарау. Мемлекеттік метрологиялық қадағалау

       21-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалаудың мақсаты

      Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды осы Заңның, өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттардың және нормативтік құжаттардың талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын тексеру мақсатында стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады. <*>
       Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       22-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалау объектiлерi

      Мемлекеттiк метрологиялық қадағалау объектiлерi мыналар болып табылады:
      1) шама бiрлiктерiнiң эталондары;
      2) өлшем құралдары;
      3) өлшемдердi орындау әдiстемелерi;
      4) жеке және заңды тұлғалардың өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi;
      5) өлшеп орау, сату және импорттау кезiндегi оралған тауарлардың саны. <*>
       Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       23-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалау аясы

      Осы Заңның 22-бабында аталған объектiлерге қатысты мемлекеттiк метрологиялық қадағалау нәтижелерi:
      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар;
      2) өнiмнiң және көрсетiлетiн қызметтер сапасының нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сәйкестігiн сынау мен бақылау; 
      3) қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау; 
      4) еңбек жағдайларының қауiпсiздiгiн бақылау; 
      5) сатып алушы (тұтынушы) және сатушы (өнiм берушi, өндiрушi, орындаушы) арасындағы, соның iшiнде тұрмыстық және коммуналдық қызметтер көрсету мен байланыс қызметтерiн көрсету салаларындағы сауда-коммерциялық операциялар мен есеп айырысулар;
      6) мемлекеттiк есеп операциялары;
      7) бұйымдардағы, құймалардағы, жартылай фабрикаттардағы, дәнекерлемелер мен қалдықтардағы бағалы металдардың мөлшерiн анықтауға байланысты операциялар;
      8) қару-жарақ, әскери және арнайы техника, арнайы өнiмнiң басқа да түрлерiн өндiру;
      9) геодезиялық, геологиялық және гидрометеорологиялық жұмыстар; <*>
      10) салық, банк, кеден және почта операциялары;
      11) энергетикалық ресурстардың барлық түрлерiн шығару, өндiру, ұқсату, тасымалдау, сақтау және тұтыну; <*>
      12) құрылыс салу;
      13) мемлекеттiк басқару органдарының, соттың және құқық қорғау органдарының тапсырмасы бойынша орындалатын жұмыстар;
      14) ұлттық және халықаралық спорт рекордтарын тiркеу;
      15) өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру, калибрлеу; <*>
      16) ғылыми зерттеулер жүргiзу; <*>
      17) қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; <*>
      18) ойын автоматтарын шығару және қолдану кезiнде пайдаланылатын өлшемдерге қолданылады. <*>
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       24-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалау түрлерi

      1. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалау:
      1) өлшем құралдарының шығарылуын, олардың жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң қолданылуын, шамалар бiрлiктерiнiң эталондарын, метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын қадағалауды; 
      2) сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен шығарылатын тауарлардың санын қадағалауды;
      3) бума тауарларды ашқан, сатқан және импорттан алған кезде олардың санын қадағалауды қамтиды.
      2. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк бақылау:
      жылына бiр реттен жиi болмайтын жоспарлы тексеру;
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ бұрын анықталған бұзушылықтарды жою нысанасындағы жоспардан тыс тексеру түрiнде жүзеге асырылады.
      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарсы, рейдтiк тексерулер түрiнде де жүзеге асырылады.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       25-бап. Өлшем құралдарының шығарылуын, жай-күйiн және
              қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң
              қолданылуын, шама бiрлiктерiнiң эталондарын,
              метрологиялық ережелер мен нормалардың
              сақталуын мемлекеттiк метрологиялық қадағалау

      Өлшем құралдарының (соның iшiнде заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiнiң) шығарылуын, жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң қолданылуын, шамалар бiрлiктерiнiң эталондарын, метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын мемлекеттiк метрологиялық қадағалау белгiленген метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асырылады.

       26-бап. Сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен
              шығарылатын тауарлардың санын мемлекеттiк
              метрологиялық қадағалау

      Сауда операцияларын жасау кезiнде иеліктен шығарылатын тауарлар санын мемлекеттік метрологиялық қағидалау осы тауарлардың санын сипаттайтын салмақты, көлемді, шығысты немесе басқа шамаларды анықтаудың дұрыстығын тексеру мақсатында жүзеге асырылады.

       27-бап. Кез келген түрдегi бума тауарларды ашу, сату
              және импорттан алу кезiнде олардың санын
              мемлекеттiк метрологиялық қадағалау

      Кез келген түрдегi бума тауарларды ашу, сату және импорттан алу кезiнде олардың санын мемлекеттiк метрологиялық қадағалау бума iшiндегi тауар санының буманың бетiнде белгiленген шамаға сәйкестiгiн тексеру мақсатында жүзеге асырылады. 

       28-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге
              асыратын лауазымды адамдардың құқықтары

      1. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары стандарттау және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырады. 
      2. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар атқарып жүрген қызметтерiне сәйкестiгiн анықтау және кәсiби даярлығын бағалау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мiндеттi аттестаттаудан өтуге тиiс. 
      3. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың: 
      1) тексеруге тапсырмасын (жолдамасын) және қызметтiк куәлiгiн көрсеткен кезде заңдарға сәйкес мемлекеттiк метрологиялық қадағалау үшiн белгiленген объектiлерге кедергiсiз кiруге; 
      2) жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттiк метрологиялық қадағалау жүргiзу үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтер сұратуға және алуға; 
      3) техникалық құралдарды пайдалануға және тексерiлетiн объектiлердiң мамандарынан ақпарат алуға; 
      4) сынаудан және түрiн бекiтуден, салыстырып тексеруден, метрологиялық аттестаттаудан өтпеген, бекiтiлген түрге сәйкес келмейтiн өлшем құралдарын қолдануға, өткiзуге, өндiрiстен және жөндеуден шығаруға тыйым салуға; <*>
      5) егер өлшем құралдары жұмысқа жарамсыз болса олардың көрсетулерiнiң қателiгi рұқсат етiлген нормалардан асып кетсе немесе салыстырып тексеру туралы сертификаттың қолданылу мерзiмi бiтсе, салыстырып тексеру таңбаларының баспа-таңбасын өшіруге немесе өлшем құралдарын тексеру туралы сертификаттың күшiн жоюға;<*>
      5-1) өлшем құралдарының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн белгiлеу үшiн оған инспекциялық салыстырып тексеру жүргiзуге; <*>  
      6) метрологиялық нормалар мен ережелердiң бұзылуын жою, қолдануға жарамсыз өлшем құралдарын және заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандарттық үлгілерін пайдаланудан алып тастау туралы орындау үшiн мiндеттi нұсқамалар беруге;
      7) буманың iшiндегi тауардың санын көрсететiн шаманың буманың бетiнде белгiленген шамаға сәйкессiздiгi анықталған жағдайда бума тауарлар партияларын өткiзуге тыйым салуға құқығы бар.
       Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

  6-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы
заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық және дауларды шешу

       29-бап. Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн
             қамтамасыз ету туралы заңдарын бұзғандық үшiн
             жауаптылық

      Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
       Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен .

       30-бап. Осы Заң нормаларының бұзылуына қатысты
              дауларды шешу

      Осы Заң нормаларының және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың бұзылуына байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

  7-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі
жұмыстарды қаржыландыру

       31-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету және мемлекеттiк
              метрологиялық қадағалау жөнiндегi жұмыстарды
              қаржыландыру

      1. Бюджет қаражаты есебiнен:
      1) <*> 
      2) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы бағдарламалар;
      3) Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында өз қызметiн жүзеге асыратын халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы және мүшелiк жарналар төлеуі; <*>
      4) Қазақстан Республикасының шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарын жасауға және ұстауға арналған шығыстар қаржыландырылады.<*>
      2. Осы Заңда көзделген және осы баптың 1-тармағында аталмаған метрологиялық жұмыстар мен қызмет көрсетулер шарттық негiзде немесе заңдарда тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қаржыландырылады.
       Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558   Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       Қазақстан Республикасының
      Президенті