Қазақстан Республикасының халқына протездік-ортопедиялық көмек беру тәртібі туралы Нұсқаулық

Бұйрық Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1998 жылғы 2 сәуір N 88-П. Қазақстан Республикасының Әділет минстрлігінде 1999 жылғы 19 мамырда N 763 тіркелді.

Жаңартылған

  Қазақстан Республикасының халқына
протездік-ортопедиялық көмек беру тәртібі туралы
Нұсқаулық

І. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасында протездік-ортопедиялық көмекті ұйымдастыру "Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы" Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 21 маусымдағы N 692-ХІІ заңына, "Ұлы Отан соғысына қатысушыларды, мүгедектерді және оларға теңестірілген адамдарды әлеуметтік қорғау және жеңілдіктер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар, 1995 жылғы 28 сәуірдегі N 2247  Жарлығына , Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілеріне және халықаралық шарттарға (келісімдерге) сәйкес жүзеге асырылады. 

      2. Протездік-ортопедиялық көмек азаматтарды белгіленген тәртіппен қол және аяқ, көкірек бездері протездерімен (бұдан әрі - протездер), оларға қажетті тетіктермен, ортопедиялық аяқ киіммен және аппараттарға аяқ киімдермен, тростармен, балдақтармен, емдеу-профилактикалық протездік-ортопедиялық бұйымдармен: бандаждармен, корсеттермен, туторлармен, реклинаторлармен, бас ұстағыштармен, супинаторлармен, емдік белдіктермен, балалардың профилактикалық шалбарларымен және басқаларымен, сондай-ақ протездеу жөнiнде медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз етуден тұрады. <*> 
       Ескерту: 2-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө  бұйрығымен 2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .  

      3. Протездік, ортопедиялық аяқкиімдерді, сондай-ақ басқа да протезортопедиялық бұйымдарды дайындауды, протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, күрделi ортопедиялық аяқкиiмдердi алуға, өлшеп көруге және жөндетуге келген мүгедектердi госпитальге жатқызуды, түрлі нысандардағы протез-ортопедия кәсіпорындары (бұдан әрі - Кәсіпорын) осы бұйымдарды шығаруға мамандандырылған және тиісті материалдық-техникалық базасы мен қажетті мамандары бар өндірістерде жүргізеді. <*> 
       Ескерту: 3-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө   бұйрығымен

      4. Азаматтардың жекелеген санаттарын протез-ортопедиялық бұйымдармен тегін немесе жеңілдікті негізде қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жеткізушілерге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі конкурстық негізде жеткізеді. 

      5. Еңбек жарақаты немесе кәсіптік сырқаттың салдарынан мүгедек болған қызметкерлер протездік-ортопедиялық бұйымдармен олар еңбек қатынастарында тұратын немесе тұрған ұйымдардың қаражаттары есебінен олардың меншік нысанына қарамастан қамтамасыз етіледі. Ұйымдар жол ақысын, стационарда емделу және протездік-ортопедиялық кәсіпорындар белгілеген бағалар бойынша протездік-ортопедиялық бұйымдардың құнын төлейді. 

      6. Мүгедектік өз абайсыздығының салдарынан не зардап шегушінің заңсыз әрекеттеріне байланысты болған кезде азаматтарға протез-ортопедиялық көмек өз қаражаттары есебінен қамтамасыз етіледі.

  2. Протездермен қамтамасыз ету 

      7. Сауықтырудың жеке бағдарламасына, сондай-ақ медициналық айғақтамаларға сәйкес мүгедектерге протездер, оларға қосалқы құралдар, келтелерге жүн құндақтар, ортопедиялық аппараттар, тізе астына салғыштар, қосымша кебістер, протездер-тіреулер, былғары отырғыштар, былғары шалбарлар, сырғымалар, сырғымаларға қолғаптар, биялайлар, қолғаптар, жіңішке таяқтар, балдақтар, жетек арбалар беріледі.
       Ескерту: 7-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .   

      8. Негізгі протез берілгенге дейін, мүгедектер медициналық көрсеткіштері бойынша пайдалану мерзімі 6 айдан аспайтын үйрену-жаттығу протездерімен қамтамасыз етіледі.
      Мүгедектер негізгі протездермен осы нұсқаулықтың 10, 12-тармақтарында белгіленген пайдалану мерзіміне қамтамасыз етіледі.
      Жұмыс протездері мүгедектерге, олардың тілектері бойынша қосалқы құралдарымен бұйымның негізгі түрін алумен бір мезгілде беріледі.
       Ескерту: 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .

      9. Қол және аяқ буындарын протездеуге мұқтаж мүгедектер медициналық айғақтама бойынша қазiргi технология бойынша жасалған протездермен құрастырмалы және таңғыш-былғары протездермен қамтамасыз етiледi. 
      Осы Нұсқаулықтың 7-тармағында көрсетілген протездік-ортопедиялық бұйымдарды медициналық айғақтамалар бойынша беру, сондай-ақ оларды жөндеу тегін жүргізіледі: 
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша соларға теңестiрiлген адамдарға; 
      2) Мүгедектiгi Қазақстан Республикасының Қарулы күштерiнде әскери қызмет мiндеттерiн атқарумен байланысты туындаған әскери қызметшiлерге; 
      3) Мүгедектiгi қызмет мiндеттерiн атқарумен байланысты туындаған ішкі істер органдары басқару және қатардағы құрамының, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң адамдарына; 
      4) әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң ұйымдарында тұратын, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес толығынан мемлекет қарауындағы адамдарға; 
      5) жалпы аурулардан және бала кезден мүгедектерге; 
      6) 16 жасқа дейiнгi мүгедек балаларға тегiн жүргiзiледi. 
      Қазiргi технология бойынша жасалған протездермен 9-тармақтың 1)-6) тармақшаларында көрсетiлген мүгедектер, алғаш рет протезделу кезiнде және бұдан бұрын осы технология бойынша протезделген мүгедектер республикалық бюджеттен бөлiнген қаражат шегiнде қамтамасыз етiледi. <*> 
       Ескерту: 9-тармақ жаңа редакцияда жазылды, өзгерту енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө  бұйрығымен 2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .

      10. Таңғыш қалақты былғары протездер олар жарамсыз болғаннан кейін, бірақ оларды алған күннен бір жылдан ерте емес мерзімде ауыстырылады. 

      11. Республикадан тыс жерлерде сатып алынған протездердің құрастырушы тетіктерін ауыстыру дайындаушы зауыт белгілеген олардың кепілдік мерзіміне сәйкес жүргізіледі және әдетте мынадай мерзімдерде жүргізіледі: 
      құрастырылған протездердің құрастырушы тетіктері - үш жылға дейін; 
      косметикалық қаптау, құтылар - бір жылға дейін; 
      синтетикалық шайырлар негізінде дайындалған қабылдау гильзалары - екі жылға дейін. 

      12. Қазіргі заманғы технология бойынша жасалған модульдер мен бөлшектер негізіндегі қол және аяқ протездерін ауыстыру оларды алған күннен бастап үш жылдан кейін, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін - екі жылдан кейін жүргізіледі.
      Көкірек бездері протездерін ауыстыру оларды алған күннен бастап екі жылдан кейін жүргізіледі.
      Қазіргі заманғы технологиямен жасалған табан модулінің, косметикалық қаптауларды, протез тысқаптарын пайдаланудың кепілді мерзімі - бір жылға дейін.
       Ескерту: 12-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .

      13. <*> 
       Ескерту: 13-тармақ алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .

      14. Бір мезгілде қолдың немесе аяқтың екі протезін (негізгі және запастағы немесе негізгі және жұмысқа арналған) алатын азаматтарға оларды ауыстыру екі кепілдік мерзім өткеннен ерте емес уақытта жүргізіледі. 

      15. Аяқтардың протездерін бергенде әрбір протезге жыл сайын келтеге 3 жүн құндақтан беріледі. Көкірек бездерінің протездері ішкиімнің (бюстгалтер) екі жиынтығымен беріледі.
       Ескерту: 15-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен

      16. Егер пайдалану мерзімі өткенде протез жарамды күйде болса және пайдаланудың екінші мерзімі өткенге дейін мүгедек жаңа протезге тапсырыс бергісі келмесе, оған осы мерзімге бір протезді пайдалану есебінен белгіленген жүн құндақтар саны беріледі. 

      17. Мерзімінен бұрын ауыстыру, сондай-ақ пайдалану мерзімін ұзарту туралы шешім, протездерді, оның ішінде жаңа үлгілерін жөндеу мүгедектің еңбекке жарамды жасын назарға ала отырып, протез-ортопедиялық кәсіпорынның дәрігерлік-техникалық комиссиясының актісі негізінде ғана жүргізіледі. Комиссия Кәсіпорынның өнімдерді сапасыз дайындау фактісін анықтағанда, ақауды жою протез-ортопедиялық кәсіпорынның кінәлі қызметкерлерінің есебінен жүзеге асырылады.

  3. Ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету  

      18. Қажетсінген азаматтар ортопедиялық аяқ киімнің мынадай түрлерімен қамтамасыз етіледі: күрделі, шағын күрделі және ортопедиялық аппараттарға аяқ киімдер. 
      Күрделі ортопедиялық аяқ киім аяқтары 3 см қысқарған және жоғары, сал болушылық, варустық, эквиноварустық, вальгустық, жалпақ вальгустық және қуыс табандылық жағдайында, қисық аяқтық, шораяқтық, Шопар, Гритти, Лисфранк және Пирогов бойынша кесілген келте табанды азаматтарға жасалады. 
      Шағын күрделі - аяқтар 3 сантиметрге дейін қысқарғанда, табан сүйектерінің бастары ұлғайғанда, ұзын бойына және көлденең тобан аяқтылық жағдайында, саусақтар шүріппен және балға тәрізді болғанда, өкше сүйегіне темір орнатқанда және табандардың өзге патологиясы болған жағдайда. 

      19. Күрделі ортопедиялық аяқ киім медициналық көрсеткіштер бойынша: 
      - Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға бір пары (жазғы немесе қысқы) тапсырыс алынған кезден есептегенде бір жыл пайдалану мерзіміне. Екінші пары өз тілегі бойынша қолма-қол ақша төлеу арқылы 50 проценттік жеңілдікпен жасалады; 
      - Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға - жылытылған астарсыз бір пары тапсырыс алынған кезден есептегенде бір жыл пайдалану мерзіміне. Екінші пары өз тілегі бойынша меншікті қаражаттарына 50 проценттік жеңілдікпен жасалады; 
      - 9 тармақта (2, 3, 4, 5) көрсетілген 1, П мүгедектерге жылына бір пары (жазғы немесе қысқы). Өз тілегі бойынша екінші пары меншікті қаражаттарына жасалады; 
      - 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға жылына екі пары (жазғы және қысқы) тегін беріледі. 

      20. Ұлы Отан соғысының 1 топтағы мүгедектеріне және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға екі қолы кесілгенде не екі білезігінің қызметі шұғыл төмендегенде, не омыртқасы зақымдағанда, сондай- ақ жамбас сан буындарының анкилозасы кезінде бүйірлік резеңкелері бар аяқ киім тегін беріледі. 

      21. Жалпы аурулар бойынша 3 топтағы және бала кезден мүгедектерге ортопедиялық аяқ киім құнының 50 проценттік жеңілдігімен беріледі. 

      22. Жоғарыда аталмаған адамдарға күрделі, шағын күрделі ортопедиялық аяқ киім және ортопедиялық аппараттарға аяқ киім тапсырыс берілген сәттегі қолданыстағы бағалар бойынша өз қаражаттарына беріледі. 

      23. Күрделі, шағын күрделі ортопедиялық аяқ киім және аппараттар мен протездерге аяқ киім қара немесе түсті хромнан мақта матамен астарланып жасалады. 

      24. Қызметтер мен жұмыстарды, ортопедиялық аяқ киімді жасауға технологиямен көзделгеннен артық жұмсалған материалдардың құнындағы айырмашылықты (өрнекті жол, шағын саңылаулы ұлтан, сыздықты әшекейлеу, тері жылытқыш не басқа жақсартылған әшекейлеу), дайындаудың шұғылдығын Ұлы Отан соғысының қатысушыларын, мүгедектерін, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соларға теңестірілген адамдарды және 16 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды қоспағанда, тапсырыс беруші төлейді.
       Ескерту: 24-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .

  4. Протездерге аяқ киіммен қамтамасыз ету 

      25. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға медициналық айғақтамалар бойынша тапсырыс берілген кезден есептегенде бір жылға пайдалану мерзімімен протездерге бір пар аяқ киім тегін беріледі. 
      16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға тапсырыс берілген кезден бір жылға пайдалану мерзімімен екі пар аяқ киім (жазғы және шұғамен тысталған қысқы) тапсырыс бойынша тегін беріледі. 

      26. Осы Нұсқаулықтың 9-тармағында (2, 3, 4, 5) көрсетілген 1, 2-топтағы мүгедектерге медициналық көрсетулер бойынша протездерге құнының 50 проценттік жеңілдігімен бір пар аяқ киім беріледі. 
      ІІІ топтағы мүгедектерге мұндай аяқ киім қолданыстағы бағалар бойынша өз қаражаттарына жасалады. 

      27. Протездерге аяқ киімдер терінің орнына қолданылатындарды пайдаланып жылытылған астарсыз жасалады. 

      28. Жоғарыда аталғандарға жатпайтын адамдарға протездерге аяқ киім қолданыстағы бағалар бойынша өз қаражаттарына жасалады. 

      29. Бір аяқты кескенде және тек жұмыс протезімен пайдаланғанда тегін не жеңілдікпен протездеу құқықтары бар мүгедектер белгіленген тәртіппен сақталған аяғына екі жарты пар аяқ киіммен қамтамасыз етіледі. 

      30. Мүгедектер ортопедиялық немесе протездік ботинкалардың орнына олардың тілектері бойынша өз қаражаттарына етік тіктіре алады. Бұл жағдайда тапсырыс берушілерге ботинкалар тігуге көзделген сомада етіктердің құнына жеңілдік жасалады. 

  5. Емдеу-профилактикалық протез-ортопедиялық
бұйымдармен қамтамасыз ету  

      31. Бандаждармен, корсеттермен, туторлармен, реклинаторлармен, бас ұстағыштармен, супинаторлармен, емдік белдіктермен, балалардың профилактикалық шалбарларымен және басқа емдеу- профилактикалық бұйымдармен қажетсінген азаматтар өз қаражаттарына қамтамасыз етіледі.
       Ескерту: 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен

      32. <*> 
       Ескерту: 32-тармақ алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен

      33. Бандаждық және корсеттік бұйымдармен медициналық көрсетулер бойынша: 
      Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар; 
      олардың мүгедектігі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде әскери қызметтің міндеттерін атқаруға байланысты пайда болған әскери қызметшілер; 
      еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдары жүйесінің толығынан мемлекет қамқорлығындағы интернат-үйлерінде тұратын адамдар тегін қамтамасыз етіледі. 

      34. Жалпы аурулар бойынша және бала кезден І, ІІ-топтардағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар егер осы бұйымдар осы азаматтарды мүгедектікке әкелген ауруларды не жарақаттарды емдеу үшін арналса, медициналық көрсетулер бойынша емдеу-профилактикалық бұйымдармен бір жыл пайдалану мерзіміне құнының 50 проценттік жеңілдігімен қамтамасыз етіледі. 

  6. Протездік-ортопедиялық бұйымдарды есепке алудың,
тапсырыстарды ресімдеудің және берудің тәртібі 

      35. Облыстық, Астана, Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармалары протез-ортопедиялық көмекті қажет ететін және осы көмекті мемлекеттік тапсырыс есебінен алған мүгедектердің есебін жүргізеді, облыстық, Астана, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, осы көмекті қажет ететіндерді протездік-ортопедиялық кәсіпорындарға жіберу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады. 
      Протез-ортопедиялық бұйымдарына, қайта протез салғызуға не протез-ортопедиялық аяқкиімдерге мұқтаж азаматтарды жіберу осы Нұсқаулықта белгіленген протезді немесе өзге де протез-ортопедия бұйымдарын ауыстыру мерзімдерінде жүргізіледі. 

      36. Протез-ортопедиялық көмекті қажет ететін адамдардан тапсырыс қабылдауды Кәсіпорын жүзеге асырады. 
      Тапсырыстың сипаты мен нысанына байланысты протез-ортопедиялық кәсіпорындардың мамандары мүгедекті жатқызып протездеу үшін шақыру не тапсырысты оның қатысуынсыз орындау туралы шешім қабылдайды. Кәсіпорын шақыруды күні бұрын жібереді. 

      37. Жүре алмайтын мүгедектерден қажетті жағдайда тапсырыс қабылдауды протез-ортопедиялық кәсіпорынның үйде қызмет көрсететін көшпелі дәрігерлік- техникалық бригадасы жүзеге асырады. Шақыру ақылы. 

      38. Протез жасатуға келгендер Кәсіпорынға: 
      1) облыстық, Астана, Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының алған жарақатының түріне қарай протездік- ортопедиялық бұйымның төлем көзі ("мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебінен төлеу", "ұйым есебінен төлеу (еңбек жарақаты бойынша)", "өз қаражаттарынан төлеу") көрсетілетін жолдамасын; 
      2) емдейтін дәрігердің жолдама-кепілдемесін, алғаш рет протездегенде сырқат тарихының көшірмесін; 
      3) рентгенге түсірілген суретін; 
      4) мүгедектік куәлігін; 
      5) жеке басының куәлігін (тұрақты тұрған жерінен анықтаманы, балалар үшін тууы туралы куәлігін); 
      6) сол жерде жарақатқа немесе кәсіби сырқатқа кез болған ұйымның алдын ала төлемін растайтын құжатты; 
      7) жеңілдікпен пайдаланушының мәртебесін растайтын құжатты ұсынады. 

      39. Протез-ортопедиялық бұйымдарды және протез-ортопедиялық аяқ киімді жасатуға 50 проценттік жеңілдік құқығы бар немесе өз қаражаттары есебінен олардың толық құнын төлейтін азаматтарға тапсырыс ашу алдын ала ақы төлеген жағдайда жүргізіледі. 

      40. Кәсіпорындар барлық протез-ортопедиялық бұйымдарға протездеу картасын ашады. Толтырылған протездеу картасы және тапсырыс протез- ортопедиялық бұйымдарды дайындаудың және тапсырыс берушілерге берудің тәртібін реттейтін есептік құжаттар болып табылады. Протездеу картасы тұрақты, тапсырыс бланкісі 5 жыл сақталады. 

      41. Протездеу картасында осының алдында протез-ортопедиялық бұйымдарды, протез-ортопедиялық аяқ киімді берген және оларды жөндеген уақыты туралы деректер, сондай-ақ мүгедекке көзделген жеңілдіктердің мөлшері көрсетіледі. 

      42. Тапсырыс бланкісінде бұйымдардың құны туралы деректер енгізіледі, куәлігінің, жеңілдікпен пайдаланушының мәртебесін растайтын құжаттың нөмірі, кім бергені және қашан берілгені, сондай-ақ бұйымды жеңілдікпен не тегін беру үшін негіздер жазылады. 

      43. Өлшеусіз жасау мүмкін емес күрделі протез-ортопедиялық бұйымдарды дайындау үшін тапсырыстар қабылдау, әдетте кәсіпорындарда жүргізіледі. 
      Күрделі протез-ортопедиялық бұйымдарға мыналар жатады: корсеттер, аппараттар, туторлар, обтураторлар, бүйірді сылығандағы, қол мен аяқтардың қысқа және ұзын келтелеріндегі протездер, қатаң белгілеулі күрделі ортопедиялық аяқ киімді қоса алғанда басқа да протез-ортопедиялық бұйымдар. 

      44. Кәсіпорынға емдеу мекемелерінен, жұмыс немесе оқу орнынан анықтамалармен келген, белгіленген мүгедектік тобы жоқ адамдар үшін осы Нұсқаулықтың 38-тармағымен көзделген құжаттар болғанда, медициналық қызметтер мен протез-ортопедиялық көмек өз қаражаттары есебінен беріледі. 

      45. <*> 
       Ескерту: 45-тармақ алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің   2004 жылғы 17 мамырдағы N 140-ө  бұйрығымен .

      46. Дайын протез-ортопедиялық бұйым міндетті түрде шақтап көру арқылы тапсырыс берушінің өзіне беріледі. Жекелеген жағдайларда шақтап көруді талап етпейтін бұйымды алуға сенімхаты болғанда басқа адамға беруге рұқсат етіледі не азаматтардың тұрғылықты жері бойынша пошта арқылы жіберіледі. 

      47. Кәсіпорындар бюджеттен қаржы бөлу есебінен дайындалатын протез- ортопедиялық бұйымдарға және протез-ортопедиялық аяқ киімдерге ай сайын есеп жүргізіп, белгіленген нысанда тізілім, сондай-ақ есеп берілетін айдан кейінгі айдың 10-ыншы жұлдызына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілетін орындалған қызметтердің қабылдап алу-өткізу актісін жасайды. 

  7. Протездік-ортопедиялық бұйымдарды дайындаудың
мерзімдері және оларды жөндеудің тәртібі 

      48. Протез-ортопедиялық бұйымдар және протез-ортопедиялық аяқ киімдер дәрігерлік бөлімнің тапсырысты өндіріске өткізген күнінен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде кезектілік тәртібімен дайындалады. 

      49. Ұсақ протез-ортопедиялық бұйымдар (обтураторлар, бандаждар, білезік ұстайтындар, супинаторлар, пронаторлар, балалардың емдік бұйымдары) сол тәртіппен 7 жұмыс күні ішінде дайындалады. 

      50. Бұйымдарды ақырғы рет шақтап көргенде тапсырыс берушілерге дайын бұйымды келіп алатын күні хабарланады. 

      51. Протез-ортопедиялық бұйымдарды кезектен тыс дайындау құқығы Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, сондай-ақ госпитальдарда, ауруханаларда, санаторийлерде және медициналық стационарларда емделіп жатқан адамдарға беріледі. 

      52. Бұйымның жасалу мерзіміне бұйымның тапсырыс берушінің шақтап өлшеуге келуін тосып жатқан уақыты кірмейді. 

      53. Бұйымдарды дайындау мерзіміне: 
      екінші рет өлшеп көруді тағайындағанда - 5 жұмыс күні; 
      арнаулы жартылай фабрикаттар дайындағанда - 10 жұмыс күніне дейін; 
      аяқ-қолдар екі жақты кесілгенде немесе зақымданғанда, көшірме бедерлерді дайындау уақытын қоса алғанда - 10 жұмыс күні қосылады. Дайындаудың жалпы мерзімі 45 жұмыс күнінен аспауы тиіс. 

      54. Мүгедектердің протез-ортопедиялық аяқ киімдерін жөндеу кезектілік тәртібімен олардың өз қаражаттарына жүргізіледі. 

  8. Протез жасатуға барумен байланысты шығындарды
төлеудің тәртібі 

      55. Стационарлық протездеуге мұқтаж азаматтар медициналық айғақтамалар бойынша консервативтi емдеу жүргiзiлуi үшiн Кәсiпорынның медициналық стационарына жатқызылады. Госпитальға жату кезеңiнiң бәрiне, Кәсiпорынның медициналық стационарына бару және керi қайту жолына, заңнамада белгiленген мерзiмге еңбекке жарамсыздық парағы берiледi. <*> 
       Ескерту: 55-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө  бұйрығымен

      56. Тегін немесе жеңілдікпен протездеуге (тапсырыс ашу, шақтап көру, протездерді немесе күрделі ортопедиялық аяқ киімді алу үшін) құқығы бар азаматтардың жол жүруімен және оларды протездеу кезінде бағып күтумен байланысты шығындарды мемлекеттік тапсырыс қаражаттары есебінен Кәсiпорындар төлейді. <*> 
       Ескерту: 56-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө  бұйрығымен

      57. Жолақы темір жол бойынша плацкартты қатты вагонның тарифі бойынша, су жолы бойынша екінші класты тариф бойынша, тас немесе қара жолдар бойынша - белгіленген тарифтер бойынша төленеді. Шапшаң пойызбен жүргенде жылдамдық үшін төлем жасалады. Жол ақысының құны протез-ортопедиялық кәсіпорынға және тұратын жеріне дейін тапсырылған билеттің немесе темір жол вокзалы, автовокзал, кемежай берген анықтама негізінде төленеді. 

      58. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының ол жерлерден протез-ортопедиялық кәсіпорынға дейін жолда түспейтін тура қатынас жоқ шалғайдағы елді мекендерінде тұратын мүгедектерге ерекше жағдайларда, министрліктің рұқсатымен жолақы екі жаққа да самолетпен төленеді. 

      59. Жол ақыларын төлеу барлық жағдайларда оларға жол қаражаттарын төлеу жыл ішінде бір сапар үшін ғана жүргізілетін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының мекемелерінде тұратын және жатып протез жасататын азаматтарды қоспағанда, жылына екі сапардан артық емес (бір сапар үшін тұратын жерінен протездеу пунктіне дейін және кері есептегенде) мөлшерде жүргізіледі. 

      60. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының мекемелерінде тұратын және жатып протездеуді қажет ететін азаматтарға Кәсіпорынға дейін жолда болатын уақытына жоғарыда аталған мекемелер құрғақ паек береді, ал протездеу аяқталғанда қайтар жолға Кәсіпорындары жолда болатын уақыты үшін бюджет қаражаттары есебінен стационарда 1 адамның күндік тағамының қалыптасқан құнымен сөткеліктер төлейді. <*> 
       Ескерту: 60-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө  бұйрығымен

      61. Ертіп жүруді қажет ететін 1-топтағы мүгедектерге және 16 жасқа дейінгі балаларға ертіп жүрушінің жолақы шығындары протездеуге барғанда жылына бір рет екі жаққа ертіп жүрушінің тікелей өзіне төлқұжатын көрсеткенде төленеді. 

      62. Алғашқы мүгедектерге және 16 жасқа дейінгі балаларға протездерді ауыстырумен байланысты жолақыларын төлеу кесілген келтелердің қалыптасу шамасына қарай жылына екі рет жүргізіледі.

      63. Тегін немесе жеңілдікпен протездеу құқығын пайдаланбайтын 
азаматтар Кәсіпорындардың медициналық стационарларына тұру және тамақтану құнын алдын ала төлеген жағдайда орналастырылады. Жолақылары төленбейді. <*>
       Ескерту: 63-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2002 жылғы 17 мамырдағы N 106-ө  бұйрығымен .

      64. Бандаждарды тегін алуға құқығы бар азаматтарға бір сапар үшін ғана шығындар төленеді.