Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі № 184 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 сәуірде № 38470 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 46) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректер базасында тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің 2014 жылғы 16 маусымдағы № 172/НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9603 болып тіркелген).

      2) "Жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректер базасында тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің 2014 жылғы 16 маусымдағы № 172/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 1 шілдедегі № 479 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33020 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы 17 сәуірдегі
№ 184 Бұйрыққа
қосымша
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы __ _________
№ __ бұйрығымен
бекітілді

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 46) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде (бұдан әрі – МҚҚК АЦЖ) қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу тәртібін айқындайды.

      2. Тіркеудің мақсаты қолданыстағы, салынып жатқан және жобаланатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін есепке алу болып табылады.

      3. Жеке және заңды тұлғалардың жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын тіркеуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған, мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – Кәсіпорын) ақылы негізде МҚҚК АЦЖ арқылы жүзеге асырады.

      4. МҚҚК АЦЖ-да тіркеуге (есепке алуға) мыналар жатады:

      1) елді мекендердің бас жоспарлары, елді мекендердің дамыту және құрылысын салу схемалары (оңайлатылған бас жоспар), оларды түзету;

      2) егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, оларды түзету;

      3) елді мекендердің бас жоспарларының, елді мекендердің дамыту және құрылысын салу схемаларының (оңайлатылған бас жоспар) топографиялық түсірілімдері;

      4) егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының топографиялық түсірілімдері;

      5) құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдары (жобалау сатысындағы топографиялық түсірілім және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау сатысындағы атқарушылық геодезиялық түсірілім);

      6) сметалық бөлімсіз жобалау-сметалық құжаттама;

      7) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісі;

      8) құрылыс объектісін тапсырыс берушінің (меншік иесінің, инвестордың) пайдалануға өз бетінше қабылдау актісі;

      9) құрылыс объектісін бұзу актісі.

      5. МҚҚК АЦЖ есепке алу және тіркеу жөніндегі шарттар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалады.

      6. Құпиялылық таңбасы немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар ақпарат және (немесе) мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып, есепке алу және тіркеу үшін МҚҚК АЦЖ-ға жіберіледі.

      7. МҚҚК АЦЖ-да жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдарын (құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау сатысында жобалау құжаттамасының топографиялық түсірілімдерін және атқарушылық геодезиялық түсірілімдерін) тіркеуге жұмсалатын шығындар Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 65-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларына сәйкес айқындалады.

2-тарау. МҚҚК АЦЖ-да қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу тәртібі

1-параграф. МҚҚК АЦЖ-ға елді мекендердің бас жоспарларын, елді мекендердің дамыту және құрылысын салу схемаларын (оңайлатылған бас жоспар), егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын және олардың түзетулерін енгізу

      8. МҚҚК АЦЖ-ға елді мекендердің бас жоспарларын, елді мекендердің дамыту және құрылысын салу схемаларын (оңайлатылған бас жоспар), егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (бұдан әрі – қала құрылысы жобалары) және олардың түзетулерін енгізу үшін жергілікті атқарушы орган мыналарды ұсынады:

      1) қала құрылысы жобасын бекіту туралы құжатты – * jpg, * jpeg, *pdf форматында;

      2) мәтіндік материалдарды (түсіндірме жазба, техникалық-экономикалық көрсеткіштер) – *pdf, *docx форматында;

      3) координаталық байланыстыруы бар қала құрылысы жобасының схемаларын, векторлық форматта – *mpk, растрлық форматта – * jpg, * jpeg, *pdf;

      4) координаталық байланыстыруы бар нормативтік құрылымдағы цифрлық базаны цифрлық форматта – *gdb.

      9. Қала құрылысы жобаларын қарау қала құрылысы жобаларының цифрлық базаларының (координаталық байланыстырумен) нормативтік құрылымға және бастапқы схемаларға сәйкестігі бөлігінде Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 39) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларында айқындалған, сондай-ақ мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан жүзеге асырылады.

      10. Кәсіпорынның қала құрылысы жобаларын қарау мерзімі олар келіп түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды.

      Қала құрылысы жобасын қарау қорытындылары бойынша ескертулер болған кезде жергілікті атқарушы органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген талаптарға сәйкессіздік туралы тиісті хат жолданады.

      Анықталған ескертулер жойылғаннан кейін қала құрылысы жобасы МҚҚК АЦЖ-ға енгізу үшін Кәсіпорынға қайта жіберіледі.

      Қарау қорытындылары бойынша және деректер форматы мен құрылымына сәйкестік расталғаннан кейін бекітілген қала құрылысы жобасының цифрлық базасы МҚҚК АЦЖ-ға енгізіледі.

2-параграф. МҚҚК АЦЖ-да қала құрылысы жобаларының топографиялық түсірілімдерін тіркеу

      11. МҚҚК АЦЖ-да қала құрылысы жобаларының топографиялық түсірілімдерін тіркеу үшін тапсырыс беруші не оның уәкілетті өкілі инженерлік желілердің теңгерім ұстаушыларының келісуімен техникалық есеппен бірге қала құрылысы жобасының топографиялық түсірілімін қоса бере отырып, Кәсіпорынға өтініш береді.

      Қала құрылысы жобаларының топографиялық түсірілімдері *.dwg, *.gdb, *.mpk, *.tab цифрлық векторлық форматтарының бірінде ұсынылады.

      12. Қала құрылысы жобасының топографиялық түсірілімін қарау мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына, техникалық есепке сәйкестігі, инженерлік желілердің теңгерім ұстаушыларының келісуінің болуы тұрғысынан жүзеге асырылады.

      13. Қала құрылысы жобаларының топографиялық түсірілімдерін қарау және тіркеу мерзімі олар келіп түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды.

      Қарау қорытындысы бойынша ескертулер болмаған кезде қала құрылысы жобасының топографиялық түсірілімі тіркеу нөмірі беріліп және тапсырыс берушіге хабарлана отырып, МҚҚК АЦЖ-да тіркеледі.

      Қала құрылысы жобаларының топографиялық түсірілімдерін қарау қорытындысы бойынша ескертулер болған кезде тапсырыс берушіге осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген талаптарға сәйкессіздік туралы тиісті хабарлама жіберіледі.

      Ескертулер жойылғаннан кейін қала құрылысы жобасының топографиялық түсірілімін тіркеуге арналған өтініш қайта беріледі.

3-параграф. МҚҚК АЦЖ-да құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдарын тіркеу

      14. МҚҚК АЦЖ-да құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдарын тіркеу үшін тапсырыс беруші не оның уәкілетті өкілі инженерлік желілердің теңгерім ұстаушыларының келісумен техникалық есеппен бірге жобалау сатысындағы топографиялық түсірілімді немесе құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау сатысындағы атқарушылық геодезиялық түсірілімді қоса бере отырып, Кәсіпорынға өтініш береді.

      МҚҚК АЦЖ-да жеке тұрғын үйлердің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдарын тіркеу кезінде инженерлік желілердің теңгерім ұстаушыларының келісуі талап етілмейді.

      Құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдары векторлық форматта жіберіледі (*.dwg).

      15. Құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестірулерін қарау (камералдық тексеру) мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына, техникалық есепке сәйкестігі, инженерлік желілердің теңгерім ұстаушыларының келісуінің болуы тұрғысынан жүргізіледі.

      16. Инженерлік-геодезиялық іздестіру деректерін нақтылау қажет болған кезде Кәсіпорынның немесе оның филиалдарының қызметкерлері далалық бақылау актілерін жасай отырып, далалық зерттеуді жүзеге асырады, ол мыналарды қамтиды:

      жоспарлы-биіктік негіздемесін тексеру;

      нүктелік объектілерді бақылау өлшемдері – ішінара.

      Далалық зерттеу республика қалалары бойынша жүзеге асырылады.

      17. Құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдарын қарау және тіркеу мерзімі олар келіп түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды.

      Қарау қорытындысы бойынша ескертулер болмаған кезде құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдары тіркеу нөмірі беріліп және тапсырыс берушіге хабарлана отырып, МҚҚК АЦЖ-да тіркеледі.

      Құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестірулерін қарау қорытындысы бойынша ескертулер болған кезде тапсырыс берушіге осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген талаптарға сәйкессіздік туралы тиісті хабарлама жіберіледі.

      Ескертулер жойылғаннан кейін құрылыс объектілерінің инженерлік-геодезиялық іздестіру материалдарын тіркеуге арналған өтініш қайта беріледі.

4-параграф. МҚҚК АЦЖ-да жобалау-сметалық құжаттаманы, құрылыс объектілерін бұзу актілерін тіркеу

      18. МҚҚК АЦЖ-да сметалық бөлімсіз бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы тіркеу үшін тапсырыс беруші не оның уәкілетті өкілі көрсетілген құжаттаманы қоса бере отырып, өтініш береді. Сметалық бөлімсіз жобалау-сметалық құжаттама 3 (үш) жұмыс күні ішінде тіркеу нөмірі беріле отырып және тапсырыс берушіге хабарлана отырып, МҚҚК АЦЖ-да тіркеледі.

      19. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісін және құрылыс объектісін тапсырыс берушінің (меншік иесінің, инвестордың) пайдалануға өз бетінше қабылдау актісін есепке алуды сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар тіркеу нөмірін бере отырып, МҚҚК АЦЖ арқылы жүргізеді.

      20. Құрылыс объектісін бұзу актісін тіркеуді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар тіркеу нөмірін бере отырып, МҚҚК АЦЖ арқылы жүргізеді.