Патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 қаңтарда № 37902 болып тіркелді

      "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 3-1-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Патент заңы" Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына, "Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлардың шығарылған жерлерінің атаулары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына, "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Патенттік сенімді өкілдердің қызметі мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Аттестаттау комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 тамыздағы № 1319 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17326 болып тіркелген);

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 736 бұйрығымен бектіліген Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кейбір бұйрықтарына енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29407 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
Е. Сарсембаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2026 жылғы 28 қаңтардағы № 95
бұйрығымен
бекітілген

Патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердің қызметi мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасының Патент Заңы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердің қызметi мәселелерi жөнiндегi комиссия қызметінің тәртібін реттейді.

      2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) апелляциялық комиссия – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жанындағы патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдарды сотқа дейін қарау жөніндегі алқалы орган;

      2) патенттік сенім білдірілген өкіл – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган және сараптама ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкілдігін жүзеге асыру құқығы берілген Қазақстан Республикасының азаматы;

      3) патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті жанынан құрылатын комиссия;

      4) сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      5) тараптар – патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияда шағымдар мен өтініштерді қарауға қатысатын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдер;

      6) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті (бұдан әрі – Комитет).

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ Ережені басшылыққа алады.

      4. Комиссияның міндеттері уәкілетті органға келіп түсетін патенттік сенім білдірілген өкілдердің іс-әрекеттеріне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау, патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұру, патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығару, патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін кері қайтарып алу және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміндегі мәліметтердің күшін жою мәселелері бойынша патенттік сенім білдірілген өкілдердің өтініштерін қарау, сондай-ақ шағымдар мен өтініштерді қарау кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарының сақталуы болып табылады.

2-тарау. Комиссияның өкілеттіктері

      5. Комиссия өз құзыреті шегінде:

      1) тараптардан дәлелдемелерді, скриншоттарды, пікірлерді, сертификаттарды, шарттарды және өзге де материалдарды қоса алғанда, жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратады және алады;

      2) мәселелерді қарау үшін мемлекеттік органдардың тиісті бейіндегі мамандарын, сараптама ұйымының қызметкерлерін, патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының өкілдерін тартады, сондай-ақ қажет болған кезде жұмыс кездесулерін ұйымдастырады;

      3) Комиссия отырыстарына өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тартады;

      4) отырыстарда тараптардың өкілдерін тыңдайды және оларға сұрақтар қояды.

      6. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Комиссияның жұмысын жоспарлайды, отырыстардың кестесін, оларды өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) Комиссия отырыстарын шақырады және оған төрағалық етеді;

      4) материалдарды қараудың регламенттелген рәсімдері мен мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      7. Комиссия мүшелері:

      1) ұсынылған материалдармен және дәлелдемелермен танысады;

      2) Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына сәйкес Комиссия отырысында шешілуге жататын мәселелерді қарайды;

      3) қабылданатын шешімдер бойынша талқылауға және дауыс беруге қатысады;

      4) қажет болған жағдайда істі объективті қарау үшін қосымша материалдар сұратуға құқығы бар.

      8. Комиссия хатшысы:

      1) Комиссия мүшелеріне мен тараптарға Комиссия отырысының өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы хабардар етеді;

      2) құжаттар мен дәлелдемелер жинауды және жүйелеуді қоса алғанда, отырысқа материалдар дайындауды жүзеге асырады;

      3) Комиссия отырыстарының хаттамаларын ресімдейді;

      4) Комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      9. Комиссия құрамы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің не оны алмастыратын адамның бұйрығымен бекітіледі. Комиссия құрамы тақ және Комитеттің және сараптама ұйымының қызметкерлерінен кемінде жеті мүшеден тұрады.

      10. Комиссия құрамына:

      1) Комиссия мүшелерінің немесе тараптардың ерлі-зайыптылары, жақын туыстары (ата-анасы, балалары, бала асырап алушылары, асырап алған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері) немесе туыстары (13) және 36) "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы;

      2) қаралатын іске байланысты рәсімдерге тікелей қатысқан сараптама ұйымының қызметкерлері.

      11. Комиссияның кез келген мүшесін ауыстыру:

      1) мүдделер қақтығысына байланысты Комиссия отырысына қатысушылар мәлімдеген өздігінен бас тартуды немесе бас тартуды;

      2) еңбекке уақытша жарамсыздығына, демалыста немесе іссапарда болуына байланысты болмаған жағдайларда тоқтатылады.

      12. Комитеттің төрағасы Комиссия төрағасы болып табылады. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары атқарады.

      13. Комиссияның функциялары:

      1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін және шағымдарын қабылдау және тіркеу;

      2) дәлелдемелерді жинауды (скриншоттар, пікірлер, сертификаттар, шарттар және т.б.) қоса алғанда, қарау үшін материалдар қалыптастыру;

      3) Комиссия отырыстарын дайындау және өткізу, тараптарды хабардар ету;

      4) патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметіне байланысты мән-жайларды қайта қарау;

      5) Ереженің 15-тармағына сәйкес қарау нәтижелері бойынша шешім шығару.

      14. Комиссияның жеке және (немесе) заңды тұлғаның келіп түскен шағымын қарау кезеңінде патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің қолданылуы тиісті шешім қабылданғанға дейін үш ай ішінде мән-жайларды анықтау мақсатында Комиссияның хаттамалық шешімімен тоқтатыла тұрады, бұл туралы патенттік сенім білдірілген өкілдер тізілімінде белгі қойылады.

      15. Комиссия мынадай мәселелер бойынша хаттамалық шешімдер қабылдайды:

      1) патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұру:

      патенттік сенім білдірілген өкілдің өтініші негізінде;

      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға шектеу қойылған, сондай-ақ уәкілетті органның және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызылған кезде;

      Ереженің 14-тармағына сәйкес патенттік сенім білдірілген өкілдің іс-әрекетіне жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымдарын қарау кезеңінде.

      Негіздер жойылған кезде қызмет он жұмыс күні ішінде хаттамалық шешіммен жаңартылады.

      2) патенттік сенім білдірілген өкілді патенттік сенім білідрілген өкілдердің тізілімнен шығару:

      жеке өтініші негізінде;

      азаматтығы тоқтатылған немесе ҚР шегінен тыс жерге кеткен кезде;

      қызметте бес жылдан астам үзіліс болған кезде;

      қылмыс үшін сот үкімі күшіне енген кезде;

      қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз болған кезде;

      палатаның шағымдарын немесе ұсынымдарын қарау нәтижелері бойынша.

      3) зияткерлік меншік саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда куәлікті кері қайтарып алу және тізілімдегі мәліметтердің күшін жою.

      16. Комиссияның жұмыс органының функциялары Комитетке жүктеледі. Комитет Комиссия мүшелерінің жұмысын үйлестіреді, дәлелдемелерді қоса алғанда, материалдарды жинау мен талдауды қамтамасыз етеді.

      17. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ Комиссия төрағасы бекітетін кестеге сәйкес тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Материалдар Комиссия мүшелеріне отырысқа дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жеткізіледі.

      18. Комиссия отырыстары мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі. Шешім ашық дауыс беру арқылы қатысушылар санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

      19. Комиссияның шешімі жазбаша нысанда жазылады және кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.

      20. Шешімге Комиссияның барлық мүшелері қол қояды және ол Комиссия отырысына қатысқан тараптарға он бес жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      21. Комиссия шағымды немесе өтінішті келтірген тұлғаның өтiнiшхаты бойынша немесе оның қайталама шақыру бойынша келмеген кезде шағымды немесе өтiнiштi қараусыз қалдыра алады.

      Патенттік сенім білдірілген өкілдің келмеуі шағымды қараусыз қалдыруға негіз болып табылмайды.

      22. Комиссия шешіміне апелляциялық комиссияға шағым берілуі мүмкін.