"Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 445 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2024 жылғы 26 шілдедегі № 290 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 шілдеде № 34821 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 445 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24401 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнына оқуға қабылдау қағидаларында:

      4-тармақ:

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      ""Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 50-1-бабының 1) тармақшасына сәйкес мерзімді әскери қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет өткерген кезеңде өткізілетін конкурстық іріктеуден өткен (бұдан әрі – мерзімді әскери қызмет өткерген және конкурстық іріктеуден өткен тұлғалар) және ТЖМ арнаулы оқу орнына түсуге ниет білдірген азаматтар қатарындағы тұлғалар мерзімді әскери қызметтен босатылған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей тіркелген жері бойынша ТЖД кадр қызметіне еркін нысанда өтініш жасайды.";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мерзімді әскери қызмет өткерген және конкурстық іріктеуден өткен тұлғаларды қоспағанда, осы Қағидалардың 32-тармағында көзделген артықшылықтардың болуын растайтын құжаттар (олар болған кезде);";

      мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) мерзімді әскери қызмет өткерген және конкурстық іріктеуден өткен тұлғаларды қоспағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) сертификаты.";

      10-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мерзімді әскери қызмет өткерген және конкурстық іріктеуден өткен тұлғаларды қоспағанда, ҰБТ сертификаты;";

      13-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мерзімді әскери қызмет өткерген және конкурстық іріктеуден өткен азаматтар қатарынан оқуға кандидаттар дене шынықтыру даярлығын тексеруден босатылады.";

      23-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жиынтық ведомосте белгілі бір кандидаттың дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсырғаны-тапсырмағаны туралы қорытынды қамтылады және бір сағат ішінде бұл мәліметтер кандидаттардың назарына жеткізіледі және ТЖМ арнаулы оқу орнының ақпараттық стендінде ілінеді, сондай-ақ ТЖМ арнаулы оқу орнының интернет-ресурсында орналастырылады.";

      мынадай мазмұндағы 32-1-тармақпен толықтырылсын:

      "32-1. Мерзімді әскери қызмет өткерген және конкурстық іріктеуден өткен және алдын ала және түпкілікті медициналық куәландыру кезінде оқуға жарамды деп танылған, сондай-ақ міндетті арнайы тексеруден өткен азаматтар қатарынан оқуға кандидаттар ТЖМ арнаулы оқу орнына конкурстан тыс, бірақ "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызмет қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 13 тамыздағы № 394 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23991 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызмет қағидаларының 14-тармағына сәйкес айқындалатын ТЖМ арнаулы оқу орнында білім алушылардың жыл сайынғы санының 5 %-нан аспайтын мөлшерде қабылданады.".

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр және тәрбие жұмысы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мыналарды:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ч. Аринов