"Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 330 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2023 жылғы 20 шiлдедегi № 529 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 24 шiлдеде № 33138 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 330 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16970 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы ережесінде:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 141-бабының 5-тармағына сәйкес көрсетілген Кодекстің 277-бабының 6-тармағына сәйкес редакцияда әзірленген және Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) қызметін ұйымдастыру мәселелерін, олардың құрамын, жұмыс регламентін және іс жүргізуін айқындайды.

      2. Комиссия жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның ведомствосының жанынан құрылады және көмірсутектері және кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын мемлекеттік сараптаманы (бұдан әрі - сараптама) жүзеге асыратын алқалы орган болып табылады.";

      "5-тармақтың:

      2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) пайдалы қазбаларды өндіру жағдайлары үшін геологиялық, тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, экологиялық және техникалық-экономикалық деректердің толықтығы мен дұрыстығын;";

      4 және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:".

      "4) бағалау, барлау және пайдалану жұмыстарының, сондай-ақ жер қойнауын геологиялық зерттеу және бағалау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері мен сапасын;

      5) пайдалы қазбалар кен орындарын жоюдың немесе консервациялаудың, өнеркәсіптік маңызын жоғалтқан, техникалық-экономикалық немесе тау-кен техникалық себептер бойынша өңдеуге жарамсыз, кейінгі геологиялық барлау жұмыстары мен өңдеу кезінде растамаудың нормативтік қателіктерінен асатын пайдалы қазбалар қорларын есептен шығарудың негізділігін айқындайды.";

      6-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) нарықтық экономика мен минералдық шикізат конъюнктурасын есепке алуға сәйкес пайдалы қазбалардың қорлары мен болжамды ресурстарына геологиялық-экономикалық баға береді;";

      7-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 278-бабының 34-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті орган қолданыстағы келісімшартқа тиісті өзгерістер енгізгенге дейін келісімшарттық талаптарда айтылған жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу мерзімдер бұзған жағдайда, сараптамаға ұсынылған есептерді кері қайтарады;";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитеті (бұдан әрі – Комитет) болып табылады.";

      18, 19, 20 және 21-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Комиссия төрағасы Комитет төрағасы болып табылады. Комиссия төрағасының комиссия төрағасы болмаған кезеңде Комиссия құзыреті шегінде құжаттарға қол қоюға құқығы бар орынбасары болады.

      19. Комиссия төрағасының орынбасары Комитет төрағасының орынбасары болып табылады.

      20. Комитеттің салалық басқармаларының басшылары мен бас сарапшылары хатшы және Комиссия мүшелері болып табылады.

      21. Комиссияның жеке құрамы Комитет төрағасымен бекітіледі.";

      29- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Жер қойнауын пайдаланушы сараптамаға мыналарды жібереді:

      есеп қағаз және электрондық жеткізгіштерде бір данада;

      есепке авторлық анықтамалар-бір дана санында.";

      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Сараптама геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізіледі. Тәуелсіз сарапшылардың тізімін Комитет төрағасы бекітеді.".

      22, 23, 24, 25, 27, 28-тармақтар алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
Д. Щеглова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі