Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 25 қаңтарда № 31762 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмек ұйымдастыру стандарты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1 және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Ғиният

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2023 жылғы 24 қаңтардағы
№ 12 бұйрығына
қосымша

Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі – Стандарт) Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 7-бабының 32) тармақшасына сәйкес әзірленді және он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Осы Стандартта қолданылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру;

      2) жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі азаматтары;

      3) ЖЖБИ – жыныстық қатынас арқылы неғұрлым жиі жұғатын инфекциялық аурулар;

      4) консультация беру – даярланған маман жеке немесе топтық жұмыста басқа адамға қолдау көрсететін немесе басшылықты жүзеге асыратын процесс;

      5) клиникалық хаттама – пациенттің белгілі бір ауруы немесе жай-күйі кезіндегі профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдар;

      6) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер – аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;

      7) репродуктивтік денсаулығы – адамның толымды ұрпақты өмiрге әкелу қабiлетiн көрсететін денсаулығы;

      8) мінез-құлықтың қауіпті түрлері – денсаулыққа, физикалық немесе әлеуметтік әл-ауқатқа жоғары дәрежеде қауіп төндіретін мінез-құлық.

      3. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарға медициналық, психологиялық-әлеуметтік және заңгерлік қызметтерді қамтитын репродуктивті және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері жастар денсаулық орталықтары болып табылады.

2-тарау. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмекті көрсететін ұйымдардың құрылымы

      4. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмек:

      1) он жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі халқының саны кемінде 40 000 адам болатын облыстық, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада құрылатын жастар денсаулық орталықтарында (бұдан әрі – ЖДО);

      2) он жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі халқының саны 40 000 адамнан аз медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымының құрылымдық бөлімшелерінде (жастар денсаулығы кабинетінде) көрсетіледі.

      5. ЖДО-да:

      1) тіркеу орны;

      2) емдеу-диагностикалық қызметі (қарап-тексеру кабинеті, мамандардың қабылдауға арналған кабинеттері, тренингтер (оқыту) өткізуге арналған зал) қарастырылған.

      ЖДО-дағы репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде көрсетіледі.

3-тарау. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмекті көрсететін ұйымдардың қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттары

      6. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмек:

      1) жастардың саламатты өмір салтын ұстану, жауапты және саналы мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру;

      2) консультациялық, емдеу-диагностикалық, психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша психологиялық-әлеуметтік және заң қызметтерін көрсету;

      3) он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастар, олардың ата-аналары мен педагогтар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау, оның ішінде ерте жыныстық өмірдің профилактикасы, отбасын жоспарлау, контрацептивтік құралдарды пайдалану, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, суицид профилактикасы мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      4) еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу;

      5) дәрігерге дейінгі және шұғыл медициналық көмек көрсету;

      6) қатыгез қарым-қатынас, сондай-ақ сексуалдық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық құрбандарына медициналық көмек көрсету;

      7) медициналық көмек көрсетуді психологиялық сүйемелдеу, әртүрлі өмірлік жағдайлардағы пациенттерді жеке және әлеуметтік бейімдеу;

      8) медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау саласындағы құқықтар мәселелері бойынша, сондай-ақ сексуалдық зорлық-зомбылық жағдайларында құқықтық сауаттандыру, ақпараттық-құқықтық көмек көрсету, консультация беру және әлеуметтік-құқықтық қорғау;

      9) қауіпті мінез-құлық түрлері бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу және консультация беру;

      10) психологиялық көмек көрсету және ұйымдастыру;

      11) тұлғаның толыққанды дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жас факторларын, қауіпті мінез-құлықтың профилактикасын ескере отырып, өзгеретін жағдайларға әлеуметтену және бейімделу деңгейін арттыру мақсатында психологиялық әдістермен түзету көмегін (топтық және жеке) көрсету;

      12) бейімделудің бұзылуы, әртүрлі стресстік факторлар, өмірлік қиын жағдай және өзге де қолайсыз факторларға негізделген бұзылулар, сондай-ақ қауіп факторлары және қауіпті мінез-құлық болған жағдайда психологиялық-терапиялық көмекті (жеке және топтық) ұйымдастыру және/немесе көрсету;

      13) психикасы, мінез-құлқы бұзылған адамдар анықталған кезде психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсету және медициналық көрсеткіштер бойынша оларды психикалық денсаулық кабинеттеріне, қалалық емханалардағы бастапқы психикалық денсаулық орталықтарына немесе Психикалық денсаулық орталықтарына жіберу;

      14) ұйымдастырушылық, оқу-әдістемелік, профилактикалық іс-шараларды үйлестіру, мониторингілеу, талдау және ЖДО-ның желісін дамыту.

      7. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға репродуктивті және психикалық денсаулық сақтау бойынша қызметтер көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары:

      1) меншік түріне қарамастан өз қызметін "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес "Ересектерге және (немесе) балаларға мына мамандықтар бойынша амбулаториялық емханалық көмек: алғашқы медициналық-санитариялық көмек: дәрігерге дейінгі, білікті көмек; консультациялық диагностикалық көмек: акушерия және гинекология, терапия, педиатрия, урология, дерматовенерология" мемлекеттік лицензиясы негізінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміттенетін денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына енгізілген денсаулық сақтау субъектілері, сондай-ақ зертханалық диагностика қызметтерін қоспағанда, медициналық, психологиялық-әлеуметтік және заң қызметтерін басқа медициналық ұйымдарға аутсорсингке беру құқығынсыз;

      2) пациенттерді диагностикалық мақсатта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін басқа медициналық қызметтерді және (немесе) МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті алуға жіберген жағдайда жүргізіледі;

      3) мамандардың біліктілік деңгейін үнемі көтеріп отырады, онда ЖДО мамандарының жалпы санының кемінде 50% - ы он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығы мәселелері бойынша оқытылып, сертификатталған.

4-тарау. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмек көрсету тәртібі

      8. Репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша кешенді медициналық көмек алу үшін он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастар ЖДО тіркеу бөліміне жүгінеді, онда:

      1) тіркеу бөлімінің қызметкері мен пациентті басқа адамдардан физикалық бөлу;

      2) әңгімелесудің құпиялылығы;

      3) жеке басын куәландыратын құжаттардың (Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігі және туу туралы куәлігі) бірінің негізінде жеке тұлғаның жеке басын сәйкестендіру;

      4) МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын растау;

      5) ЖДО-ның жұмыс уақыты, мамандардың қабылдау кестесі және ЖДО көрсететін негізгі қызметтер туралы анықтамалық ақпаратты орналастыру;

      6) мамандардың қабылдау кестесіндегі өзгерістер туралы хабардар ету үшін пациенттермен "кері байланыс" қамтамасыз етіледі.

      9. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға және жастарға медициналық көмек улану, дозасын шектен тыс тұтыну, қауіпті суицидтік мінез-құлық және жарақаттар кезінде дәрігерге дейін медициналық көмек көрсетуді талап ететін кезек күттірмейтін жағдайларды қоспағанда медициналық көмек, он жастан және толық он алты жасқа толмаған кәмелет жасқа толмағандар үшін медициналық көмек алып жүретін ата-анасының (ата-аналарының) немесе заңды өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

      10. Кәмелетке толмаған баланы алып жүретін адамның мәртебесі мен оның жеке басын медициналық тіркеуші ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ кәмелетке толмаған баламен ата-аналық байланыстың болуын анықтау үшін оның туу туралы куәлігінің негізінде анықтайды.

      11. Заңды өкілдің статусы мен жеке басы заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды ұсыну үшін құқықтық негіздерді белгілейтін құжаттардың негізінде анықталады.

      12. ЖДО-да он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға медициналық көмек "Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27833 болып тіркелген) және "Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-285/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21846 болып тіркелген) бұйрықтарға сәйкес көрсетіледі.

      13. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға медициналық көмек көрсету кезінде ЖДО-да алдын ала және түпкілікті диагноздарды қою үшін қолданыстағы Аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемаларды халықаралық статистикалық сыныптамасының (бұдан әрі – ХАС) кодтарын пайдаланады.

      14. Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін "Қашықтықтан медициналық қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 1 ақпандағы № ҚР ДСМ-12 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22151 тіркелген) сәйкес телефон байланысы, цифрлық және мобильді технологиялар құралдарын пайдалана отырып, қашықтықтан медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері пайдаланылады.

      Қашықтықтан көрсетілетін қызметтер түрінде алғашқы онлайн-консультацияны "Терапия" (бұдан әрі – терапевт дәрігері), "Педиатрия" (бұдан әрі – педиатр дәрігері) мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар және "Психология" (бұдан әрі – психолог) мамандығы бойынша медициналық білімі жоқ жоғары және жоғары оқудан кейінгі мамандар жүргізеді.

      Алғашқы консультация нәтижелерінің қорытындысы бойынша маман-консультант пациентті бейінді мамандарға, атап айтқанда:

      1) мінез-құлықтың қауіпті түрлері, оның ішінде өзіне-өзі зиян келтіру, суицидтік мінез-құлық, темекі бұйымдарын тұтынумен, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйелерге және электрондық тұтыну жүйелеріне, нашақорлық, уытқұмарлық, сондай-ақ құмар ойындарға патологиялық елігумен байланысты тәуелділік анықталған кезде психологқа, терапевтке, педиатрға жіберіледі;

      2) сыртартқы және шағымдар негізінде медициналық көрсеткіштер бойынша "Акушерия және гинекология ересектердің, балалардың" (бұдан әрі – акушер-гинеколог дәрігері), "Урология ересектердің, балалардың" (бұдан әрі – уролог дәрігері) және "Дерматовенерология ересектердің, балалардың" (бұдан әрі – дерматовенеролог дәрігері) мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарға жіберіледі.

      Адамда суицид жасау қаупінің болуы "Психиатрия ересектердің, балалардың" (бұдан әрі – психиатр дәрігері) мамандығы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар маманның консультациясын алуға көрсеткіш болып табылады.

      15. ЖДО-да он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың психологиялық хал-жағдайын сақтау мақсатында психологиялық консультация беруді және психологиялық көмек көрсетуді "Клиникалық психология", "Психология", "Педагогика және психология" мамандықтары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар жүзеге асырады.

      16. Психологиялық көмек, оның ішінде психологиялық консультация беру, психологиялық түзету:

      1) жеке қабылдау;

      2) телефон немесе бейне байланыс арқылы жеке қабылдау;

      3) ерлі-зайыптыларға психологиялық көмек беру;

      4) ата-ананың (ата-аналарының) немесе заңды өкілдерінің қатысуымен;

      5) топтық түрде жүзеге асырылады.

      17. ЖДО-да медициналық-әлеуметтік қызметтерді он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға "Әлеуметтік жұмыс" мамандығы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) техникалық кәсіптік білімі бар әлеуметтік қызметкерлер көрсетеді.

      18. ЖДО-да он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға психологиялық кеңес беру, медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету жеке немесе топтық жұмыс жүргізу үшін табиғи жарықпен жарықтандырылған оқшауланған бөлмелерде, кеңес беру және /(немесе) қабылдау барысының көріну және дыбыстық құпиялығын сақтай отырып көрсетіледі. Үшінші тұлғалардың бір мезгілде қатысуына жол берілмейді.

      19. ЖДО заңгері он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға ақпараттандыру мен құқықтық консультацияны:

      1) он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың және жастардың денсаулық сақтау, оның ішінде репродуктивтік және психикалық денсаулық саласындағы құқықтары мен міндеттері;

      2) еңбек қатынастарын, әлеуметтік төлемдерді алу құқықтарын, жүктілік, босану кезіндегі алименттік міндеттемелерді реттеу;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусымен ауыратын адамдардың құқықтық жағдайы;

      4) жыныстық қол сұғылмаушылыққа нұқсан келтіретін қылмыстар;

      5) жасөспірімнің жыныстық жетілуіне нұқсан келтіретін қылмыстар бойынша көрсетеді.

5-тарау. ЖДО-ның медициналық бұйымдарымен ең төменгі жабдықталуы және қызметкерлердің ең төменгі штаты

      20. Он жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мен жастарға медициналық көмек көрсететiн ЖДО қызметкерлерінің ең төменгі штат саны осы Стандарттың қосымшасында қарастырылған.

      21. Он жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мен жастарға медициналық көмек көрсететiн ЖДО-ны медициналық мақсаттағы бұйымдармен жабдықтау "Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ- 167/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21560 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

1-параграф. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмек көрсетудi ұйымдастыру

      22. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға акушерлік-гинекологиялық көмек:

      1) жыныстық жетілу, репродуктивтік денсаулық және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша консультация беру және қызметтер көрсету;

      2) гинекологиялық науқастарды, оның ішінде стационарды алмастыратын жағдайларда тексеру және емдеу;

      3) мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымдарына емдеуге жатқызуға дайындау үшін гинекологиялық науқастарды анықтау және тексеру;

      4) жүкті әйелдерді анықтау, оларды есепке қою және одан әрі диспансерлік бақылау үшін акушерлік-гинекологиялық көмек ұйымдарына жіберу;

      5) жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды (бұдан әрі – ЖЖБИ) профилактикасы және диагностикасы; ЖДО-да дерматовенеролог болмаған жағдайда мерез, гонококкты инфекция, шанкроидті (жұмсақ шанкрды), шап гранулемасын (донованоз), АИТВ инфекциясын қоспағанда, ЖЖБИ-ды емдеу;

      6) мерез, гонококк инфекциясы, шанкроид (жұмсақ шанкра), шап гранулемасы (донованоз), АИТВ инфекциясына күдіктенген жағдайда он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарды мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымдарына жіберу.

      23. Он алты жасқа толмаған қыздарды гинекологиялық қарап-тексеруді (екі қолмен ректоабдоминальды тексеру) акушер-гинеколог дәрігер медициналық көрсетімдер бойынша қасындағы ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуінің келісімімен жүргізеді.

      24. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға андрологиялық көмек:

      1) жыныстық жетілу, репродуктивтік денсаулық және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша консультация беру және қызметтер көрсету;

      2) урологиялық және андрологиялық науқастарды, оның ішінде стационарды алмастыратын жағдайларда тексеру және емдеу;

      3) мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымдарына емдеуге жатқызуға дайындау үшін урологиялық және андрологиялық науқастарды анықтау және тексеру;

      4) ЖЖБИ-дің профилактикасы және диагностикасы; ЖДО-да дерматовенеролог болмаған жағдайда мерез, гонококкты инфекция, шанкроидті (жұмсақ шанкрды), шап гранулемасын (донованоз), АИТВ инфекциясын қоспағанда, ЖЖБИ-ды емдеу арқылы көрсетеді.

      25. ЖДО-да дерматовенерологиялық көмек келесі ЖЖБИ-ге (жыныстық мүшелердің кандидозы, трихомониаз, урео-микоплазмоз, хламидиоз, жыныстық мүшелердің герпесі, папилломавирусты инфекция (аногенитальды сүйелдер), В және С вирустық гепатиттер, гонорея, мерез (жедел тест), АИТВ инфекциясы (жедел тест) және тері ауруларына зерттеп-қарау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      26. ЖЖБИ-ге зерттеп-қарау жүргізу алдында жасөспірімдер мен жастарға тестілеуге дейінгі консультация жүргізіледі.

      27. ЖЖБИ-ге тексеру жүргізілгеннен кейін ЖДО:

      1) тексерудің нәтижелері теріс болған жағдайда ЖЖБИ-дің профилактикасы мәселелері бойынша тестілеуден кейінгі консультация беруді;

      2) мерез, гонококк инфекциясы, шанкроид, шап гранулемасын, АИТВ инфекциясын қоспағанда, ЖЖБИ-ді емдеуді;

      3) мерез, гонококк инфекциясы, шанкроид, шап гранулемасына күдікті он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарды әрі қарай диагностикалау, емдеу және бақылау үшін дерматовенерологиялық көмек көрсететін мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымына жіберуді;

      4) АИТВ-инфекциясына күдікті он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарды әрі қарай диагностикалау, бақылау, емдеу үшін АИТВ-ның алдын алу саласында қызмет көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына жіберуді;

      5) дерматовенерологиялық аурулардың еңбекке уақытша жарамсыздығына сараптама жүргізуді;

      6) "Арнайы тексеру анықталмаған" Z01.9 ХАК сәйкес осы Стандарттың 27-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген ауруларға шалдыққан жағдайда мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымдарына жіберу. "Басқа айдарларда жіктелмеген, басқа консультациялар мен медициналық кеңестер алу үшін денсаулық сақтау мекемесіне қаралу" Z71 ХАК кодын пайдалана отырып, құқық қорғау органдарына жіберген жағдайда жүзеге асырады.

      28. ЖДО-да он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру дағдыларын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар дұрыс және үйлесімді тамақтану, дене шынықтыру және спортпен айналысу, жыныстық жетілу физиологиясы мен гигиенасы, сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың профилактика мен диагностикасы, сондай-ақ мінез-құлық қауіп факторларының, оның ішінде құмар ойындарға патологиялық құмартудың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру және гигиеналық ағарту арқылы жүзеге асырылады.

      29. Репродуктивтік және психикалық денсаулық мәселелері бойынша консультация кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, жұбайларына, еріктілеріне мінез-құлық қауіп факторларының алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру дағдыларын қалыптастыру, жасөспірімдік кезеңде психологиялық-физикалық, психологиялық-әлеуметтік даму, әлеуметтік мінез-құлық, жауапты серіктестікті қалыптастыру, отбасылық өмірге, ата-ана болуға дайындау, ерлі-зайыптылардағы, отбасындағы қарым-қатынасқа, тұлғааралық қарым-қатынасқа қатысты мәселелер бойынша, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды диагностикалау және емдеу, ерте жыныстық (жыныстық) өмірдің алдын алу, жасөспірімдік шақтағы ағзаның физиологиялық жетілмеу, жасөспірімдік жүктілік кезіндегі ерекшеліктері, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің, жүктілікті жасанды үзу мен босанудың ықтимал асқынулары мен салдары, отбасын жоспарлау және контрацепция әдістері мәселелері бойынша көрсетіледі.

      30. Сексуалдық және физикалық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер жүгінген жағдайда:

      1) клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті медициналық көмек көрсетеді;

      2) психологтармен, әлеуметтік қызметкерлермен, заңгерлер және бейінді мамандармен бірлесіп кешенді көмек көрсетеді;

      3) кәмелетке толмағандардың ата-анасын немесе өзге де заңды өкілдерін хабардар етеді;

      4) жәбірленушілердің өтініш жасау және оларға медициналық көмек көрсету фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлайды;

      5) тиісті мәліметтерді құзыреті бойынша білім беруді басқару, әлеуметтік қорғау органдарына береді.

      6) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) сәйкес медициналық есепке алу құжаттамасының нысандарын толтырады.

      31. Мультитәртіптік топ медициналық, психологиялық-әлеуметтік қызметтер кешенін көрсету және құқықтық кеңес беру арқылы жыныстық және физикалық зорлық-зомбылық құрбандарының өтініштерінің әрбір жеке жағдайын қарап-жүргізуді жүзеге асырады.

      32. Мультитәртіптік топ мүшелері:

      1) ЖДО басшысы:

      білім мен этикалық қағидаттар негізінде мультитәртіптік топты басқарады;

      ЖДО мамандарын оқытуды және консультация беруді ұйымдастырады;

      ЖДО-ның мүдделі органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

      2) әлеуметтік қызметкер:

      кәмелетке толмағандар мен жастардың жағдайы мен қажеттіліктерін, оның ішінде медициналық құжаттарды зерделеу, кәмелетке толмағандар мен жастармен, оның ата-анасымен, заңды өкілімен немесе мүдделі тұлғалармен әңгімелесу арқылы бағалау жүргізеді;

      кәмелетке толмағандар мен жастарға, олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жеке және топтық консультация беруді ұйымдастырады;

      ЖДО мамандандырылған мамандарының алдында кәмелетке толмағандар мен жастардың, оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің мүдделерін білдіреді;

      3) психолог – психологиялық консультация берудiң түрлерiн және ұзақтығын айқындайды, психологиялық консультация берудi жүзеге асырады, сондай-ақ көрсетімдер бар болған жағдайда психиатр дәрігерге (психотерапевт) консультация алуға жiбередi;

      4) акушер-гинеколог, уролог-андролог дәрігерлері медициналық ақпараттық жүйеге тексеру деректерін енгізе отырып, кәмелетке толмағандар мен жастарды дәрігерлік тексеруден өткізеді;

      5) заңгер кәмелетке толмағандар мен жастарға, оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне заңгерлік консультация береді.

      33. Кәмелетке толмағандарға және жастарға психикалық денсаулық саласында көмек көрсету кезінде:

      барлық ата-аналарды (заңды өкілдерді) қолдауды қамтитын және отбасылық дағдыларды, кәмелетке толмағандардың проблемалық мінез-құлқын төмендетуге бағытталған тәрбие стратегияларын, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты және отбасында психологиялық қорғау ортасын қамтамасыз етуге арналған тренингтерден тұратын әмбебап;

      қауіпті топқа жатқызылған кәмелетке толмағандарда қолайсыз психологиялық-әлеуметтік факторлары мен қауіпті проблемалық мінез-құлқы бар ата-аналарға (заңды өкілдерге) бағытталған мақсатты;

      эмоционалды немесе өзге де ауруға шалдыққан балалары бар ата-аналарға (заңды өкілдерге) бағытталған индикативті (кәмелетке толмағандардың осы тобына күтім жасау дағдыларын оқыту бойынша мектептер ұйымдастыру) әдістер қолданылады.

      34. Психологиялық-әлеуметтік шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру:

      барлық кәмелетке толмағандар мен жастарға бағытталған көңіл-күйді реттеу және проблемаларды шешу, өзін-өзі растау және стрессті басқару бойынша тренингтерді, тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуды, жеке өсуді қамтитын әмбебап араласуларға;

      қауіпті факторлары және/немесе қауіпті проблемалық мінез-құлқы бар және қауіпті топқа кіретін кәмелетке толмағандар мен жастарға бағытталған мақсатты араласуларға;

      эмоционалды немесе басқа бұзылулар анықталған кәмелетке толмағандар үшін индикативті араласулар белгілі бір көріністерге байланысты таңдалатын психологиялық-коррекциялық және психотерапиялық араласуларға бөлінеді. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес олар тиісті маманнан кеңес алуға жіберіледі.

  Он жастан он сегіз жасқа дейінгі
кәмелетке толмағандар мен жастардың
репродуктивтік және психикалық
денсаулығын сақтау бойынша
медициналық көмекті ұйымдастыру
стандартына қосымша

Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмекті көрсететiн ЖДО қызметкерлерiнiң ең төменгi штат саны

Қызмет атауы

Штат бірлігінің саны

1.

Жастар денсаулық орталығының басшысы (менеджер)

1

2.

Медициналық тіркеуші

1

3.

Терапевт

1

4.

Педиатр

1

5.

Акушер-гинеколог

1

6.

Уролог-андролог

1

7.

Медбике

1

8.

Психолог

1

9.

Әлеуметтік қызметкер

1

10.

Заңгер

1

11.

Санитар

1


Барлығы:

11