Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 57/12-7 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 20 сәуірде № 27670 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Қосшы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес, Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қосшы қаласы мәслихатының хатшысы Б.Ибраев


  Қосшы қаласы мәслихатының
2022 жылғы 14 сәуірдегі
№ 57/12-7 шешіміне
қосымша

Ақмола облысының Қосшы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

      Ескерту. Қағидаларға өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 23.11.2022 № 115/23-7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Ақмола облысының Қосшы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және Ақмола облысының Қосшы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының филиалы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қосшы қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департамені" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Қосшы қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – Алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіпте көрсетіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 23.11.2022 № 115/23-7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2-бөлім. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін анықтау және әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне арналған әлеуметтік көмек азаматтардың мына санаттарына:

      1) 7-мамыр – Отан қорғаушы күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі – КСР Одағы) Қорғаныс министірлігінің, ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери міндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көріністерге байланысты төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілерінің, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне, 76 (жетпіс алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге, 76 (жетпіс алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), 76 (жетпіс алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 30 - тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдарға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      саяси қуғын-сүргін құрбандарына, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген тәртіппен ақталған, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      ең төмен зейнетақы алатын және ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Алушылардың жекелеген санаттары үшін мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың жергілікті атқарушы органының келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 23.11.2022 № 115/23-7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      7. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын), жан басына шаққандағы табысын есепке алмай, өтініштері бойынша:

      1) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға растайтын құжаттың негізінде, бір рет, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) табиғи зілзала немесе өрт болған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей, бір рет, 70 (жетпіс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) өмірлік қиын жағдайдағы, соның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың салдарынан тұрмыс-тіршілігі шектеулі тұлғаларға (отбасыларға):

      диспансерлік есепте тұрған және амбулаторлық ем алып жүрген туберкулезбен ауыратын тұлғаларға, 6 (алты) ай бойы ай сайын, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      қатерлі ісіктер бойынша медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған адамдарға денсаулық сақтау мекемесінің растау анықтамасының негізінде, бір рет, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарының есебінде тұрған, қатерлі ісіктермен байланысты аурулары бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне денсаулық сақтау мекемесінің растау анықтамасының негізінде, бір рет, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарының есебінде тұрған, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) тудыратын жұқпасы бар адамдарға денсаулық сақтау мекемесінің растау анықтамасының негізінде, бір рет, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарының есебінде тұрған, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) тудыратын аурулары бар балаларға, соның ішінде адамның иммунитет тапшылығы вирусын (АИТВ) тасымалдаушы балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне, медицина мекемесінің растау анықтамасының негізінде, ай сайын, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселік мөлшерінде;

      4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға, бір рет, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, бір рет, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға, бір рет, жолдама құнының 35%-ы мөлшерінде, медициналық мекеме берген санаторлық-курорттық картаның, қызметтерді көрсету туралы шарттың, орындалған жұмыстар актісінің, шот-фактура мен төлем туралы түбіртектің негізінде Қазақстан Республикасының шегінде санаторий-курорттық емделуге;

      6) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасылардың медициналық мамандықтар бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарында ақы төлеу негізінде күндізгі оқу формасы бойынша оқитын студенттеріне уәкілетті орган, оқу орны мен алушының арасында жасасқан үшжақты келісімшарттың, оқу орнынан берілген анықтаманың, көпбалалы отбасы мәртебесін растайтын құжаттың негізінде, бір рет, бір жылдық оқу құны мөлшерінде;

      7) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының күші қолданылатын басқа да тұлғаларға, ең төмен және ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, барлық топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған тұлғаларға, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Мать-героиня" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Материнская слава" медальдарымен наградталған көп балалы аналарға және төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға, 53 жасқа толған, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге қала маңындағы жолаушылар көлігі маршруттарында жол жүру шығындарын ай сайын, жол жүру құны мөлшерінде, өтініш бермей өтеу түрінде көрсетіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 23.11.2022 № 115/23-7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның немесе басқа да ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      9. Әлеуметтік көмек көрсетуге шығыстарды қаржыландыру Қосшы қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      10. Ақша түріндегі әлеуметтік көмек банктік операциялардың тиісті түрлеріне сәйкес лицензиясы бар екінші деңгейіндегі банктер немесе ұйымдар арқылы алушының шотына ақша аудару жолымен көрсетіледі.

      11. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      12. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтарылуға жатады.

3-бөлім. Қорытынды ереже

      13. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.