Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 350-бабының 16-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Полигон операторының тарату қорын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. "Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 125 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10015 болып тіркелген).
3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаменті заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында ресми жарияланғаннан кейін орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі |
С. Брекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 2022 жылғы 22 тамыздағы № 579 бұйрығымен бекітілген |
Полигон операторының тарату қорын қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Полигондарды тарату қорын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 350-бабының 16-тармағына сәйкес әзірленді және қалдықтарды көму полигонының тарату қорын (бұдан әрі – тарату қоры) қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қалдықтарды көму полигоны (бұдан әрі – полигон) – экологиялық, құрылыс және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін, қалдықтар алу ниетінсіз тұрақты орналастырылатын арнайы жабдықталған орын түсініледі;
2) полигон операторы – заңды пайдалануында полигон бар жеке немесе заңды тұлға;
3) эскроу-шот – клиент айқындаған шарттардың басталуына немесе орындалуына дейін банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасауға үшінші тұлғаның құқығын шектей отырып, клиент осы тұлғаның атына ашатын ағымдағы шот немесе жинақ шоты;
3. Тарату қорын полигон операторы оны жабу, жерді рекультивациялау, полигон жабылғаннан кейін қоршаған ортаға әсер ету мониторингін жүргізу және ластануды бақылау үшін қалыптастырады.
2-тарау. Тарату қорын қалыптастыру тәртібі
4. Жою қорын қалыптастыру үшін полигон операторы полигон жобасында жерді жабу, рекультивациялау, қоршаған ортаға әсер ету мониторингін жүргізу және полигон жабылғаннан кейін ластануды бақылау жөніндегі жұмыстардың көлемін, сондай-ақ осы жұмыстарды орындау үшін қажетті құралдарды айқындайды. Сондай-ақ, полигон жобасында жұмыс жоспарына түзетулер енгізуді және оларды іске асыру шығындарының сомасын көздеу қажет.
5. Полигон жобасының негізінде полигон операторы жалпы сметалық құнын әзірлейді, ол полигон жобасында көрсетілген жұмыстарға байланысты барлық шығыстарды қамтуы тиіс. Көрсетілген шығындар инфляция индексін ескере отырып, жою жөніндегі жұмыстардың басталуының болжамды күніне есептеледі.
6. Тарату қоры полигонды пайдалану басталған күннен бастап полигон операторы жүзеге асыратын жыл сайынғы аударымдар есебінен қалыптастырылады. Тарату қорына жыл сайынғы аударымдарды полигон операторы полигон жойылатын кезеңге (жылдар санына) есептегенде полигонды таратуға арналған шығындардың жалпы сметалық құнына тікелей пропорционалды түрде айқындайды.
7. Тарату қорына жыл сайынғы аударымдарды полигон операторы Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі арнайы эскроу-шотқа жүргізеді. Мемлекеттік учаскесі бар полигонның операторы үшін тарату қорын қалыптастыру үшін қазынашылықта жеке эскроу-шот ашылады.
8. Полигон операторы жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсаны ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды тарату қорына өздері жүргізетін аударымдар туралы қосымшаға сәйкес хабардар етеді.
Полигон операторының тарату қорын қалыптастыру қағидалары қосымша |
Нысан
Полигон операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынатын тарату қорына аударымдар туралы мәліметтер
1-кесте
1 | Полигон операторының атауы | |
2 | Бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) / жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) | |
3 | Полигонның орналасқан жері | |
4 | Полигон жер учаскесінің кадастрлық нөмірі |
2-кесте
№ р/с | Полигон операторының атауы | Екінші деңгейдегі банктің немесе қазынашылық органының атауы | Екінші деңгейдегі банктегі немесе қазынашылық органдарындағы эскроу-шот нөмірі | Шоттың жай-күйі (сомасы) |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |