"Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 10 желтоқсандағы № 489 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 4 тамыздағы № 259 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 тамызда № 29032 болып тіркелді

Қолданыстағы

      1. "Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 10 желтоқсандағы № 489 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17923 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 70-32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларында:

      2, 3 және 4-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Тұлғалар тобының тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында қалыптастырылатын және орналастырылатын, Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес бақылау болған кезде бір тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдар мен тұтынушылардың тізбесі;

      2) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдарды бақылайтын заңды тұлға (бұдан әрі – Өтініш беруші) тұлғалар тобын Тізілімге енгізу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) тұлғалар тобын Тізілімге енгізуге арналған өтінішті;

      2) тұлғалар тобының мүдделерін білдіретін Өтініш берушінің құрылтай құжаттарын;

      3) заңды тұлғаның жарғысын, шетелдік заңды тұлға үшін сауда тізілімінен үзінді көшірмені немесе тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдар бір тұлғалар тобының құрамына кіретінін растайтын басқа құжатты;

      4) Өтініш берушінің тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдардың мүдделерін білдіру құқығын растайтын сенімхатты немесе шартты.

      4. Өтініш берушінің өтініші мыналарды қамтиды:

      1) осы Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес айқындалған бақылау болған жағдайда, өздерімен бірге бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушыларды өз есебінен электр қуатымен қамтамасыз ететін энергия өндіруші ұйымдардың тізбесі;

      2) осы Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес айқындалған бақылау болған жағдайда, өздерімен бірге бір тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдар есебінен қуатпен қамтамасыз етілетін тұтынушылардың тізбесі.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Б. Акчулаков